ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ИМПЕРИЯДАН КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕ ӨТКЕН АЙМАҚ

Тарихшы Адиб Халид отарлаушылар мұрасы мен мифтер Орталық Азияға деген көзқарасты бұрмалап жатқаны жөнінде не дейді?

~ 8 мин оқу
 ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ИМПЕРИЯДАН КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕ ӨТКЕН АЙМАҚ

Арк бекінісі. Бұхара, Өзбекстан / Alamy

Орталық Азия жылдар бойы империя басқыншылығы мен кеңес әлеуметтік инженериясы призмасы арқылы қарастырылып келді. Бұл сұхбатта «Making Uzbekistan» және «Central Asia: A New History from the Imperial Conquests to the Present» еңбектерінің авторы, тарихшы Адиб Халид аймақтағы патша және кеңес өкіметінен қалған мұра туралы айтып, отарлау, ел құру және геосаясаттағы интригалар туралы нарративтер бұрынғыдай Орталық Азияға деген  көзқарасқа қалай әсер етіп келе жатқаны туралы ой толғайды.

Мазмұны

Орталық Азия отар болып па еді?

Маған салсаң, патша заманы мен Дала өлкесі жайлы айтсақ, еш шүбәсіз, сол кезеңде Дала өлкесі11генерал-губернаторлығыяғни орталығы Омбыда орналасқан, құрамына Ақмола, Семей және 1899 жылға дейін Жетісу облыстары кірген Дала генерал-губернаторлығы. Бұл аумаққа қазіргі Қазақстан, Қырғызстан мен Ресейдің біраз бөлігі кірген мен Түркістан22Түркістан генералорталығы Ташкент болған Түркістан генерал-губернаторлығы. Бастапқыда құрамында Сырдария мен Жетісу облыстары болса, кейіннен Самарқан мен Ферғана да қосылған — отар болған. Өз басым отар елдерге келгенде «классикалық» не «типтік» деген эпитеттерді қолданудан аулақпын. Өйткені тіпті Еуропа империяларының теңіз асып жатқан отарларындағы басқару тәсілдері де уақыт өте өзгеріп отырған. Мәселен, Британ империясын алсақ: Үндістанды басқару жүйесі Кения немесе Кариб аралдарындағыдан мүлде бөлек.

Алайда Ресей империясының Орталық Азияға — соның ішінде Түркістан мен Далаға деген көзқарасы мен ұстанымын қарастырсақ, ол британдардың теңіз асып жатқан иеліктерге деген көзқарасына айтарлықтай жақын болған. Ресей элитасы бұл аймақтарға әлдеқашан империяның бір бөлігі болып кеткен Еділ бойы немесе өзге өңірлермен салыстырғанда басқаша қарайтын. Сондықтан Ресей империясы туралы сөз қозғасақ, менің жауабым анық: иә, ол — отаршыл империя болатын.

Кеңес Одағы империя ма, басқа нәрсе ме?

Кеңес кезеңіне келгенде бәрі тіпті қиындап кетеді. Жұрттың көбі кеңес модернизациясы өз алдына империализм формасын киіп, КСРО кәдімгі отаршыл империя болған дейді. Осы тұста әлдебір күмәнім бар.

Кеңес Одағы бар жоғы патша өкіметінің отарлау жобасының жалғасы ғана болды деген идея, қазір, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін (негізінен Ресейден тыс жерде) қайта айтылып жүр. Сол кезде Ресейді зерттеп жүрген шетелдік тарихшылар оның отарлау тарихы қаншалықты үлкен екенін аяқ астынан байқағандай бола қалды. 2022 жылға дейін оған, әсіресе патша заманы кезіндегісіне жете баға берілмеген сияқты.

Яков Завьялов. «Күллі әлем біздікі болар!». 1935  / Wikimedia Commons

Яков Завьялов. «Күллі әлем біздікі болар!». 1935 / Wikimedia Commons

Шын мәнінде КСРО құлағаннан кейін америкалық тарихнамада Ресей империясына қатысты біртүрлі ұстаным шыққандай. Кейбіреу тіпті: «Ресейдің отары болмаған» — ол басқа болған-мыс деп жүрді. Сол көзқарас 2022 жылы, жұрттың көбі түсінігін қайта ой елегінен өткізіп, қайта түйсінуге талпынған кезде өзгере бастады.

Сондықтан патша заманынан әлдебір сабақтастық болғанын мойындай отырып, кеңес өкіметінің теңдік, аумақ автономиясы деген ресми декларацияларын, әсіресе кей мәдени жобаларын ескермеске болмайды. Ондай нәрселерді «классик» отаршыл империялардан көп байқай бермейсің.

Орталық Азияны басып алудың астары не? Экономика ма, стратегия ма?

Бұл екеуі, әрине, бір-бірін жоққа шығармайтын сұрақтар. Иә, Ресей Орталық Азияны, — Қазақ даласы не Түркістан болсын, жаулап алғанына түрткі болған экономикалық мүдде ғана емес.

Василий Верещагин. «Қамалдың қабырғасында. "Кіре берсін"». 1871 / Третьяков галереясы

Василий Верещагин. «Қамалдың қабырғасында. "Кіре берсін"». 1871 / Третьяков галереясы

Кейде әлдебір экспансияның артында әлдебір алапат стратегия тұрған деп елестеткен оңай, алайда шындығында көп шешім табан астында қабылданып, көп нәрсе тосыннан істелетін. Еуразия даласының табиғи, қорғауға келетін шекарасы жоқтығының өзі үнемі экспансияға сеп болып отырса керек. 1840–1850 жылдардың өзінде Ресей империясы Қазақ даласын қоршап алып, көп ұзамай Түркістанға қарай жылжығанда, бір мақсаты — ол жақтан нық шекара шегендеп алу еді.

Ресей АҚШ-тағы азамат соғысы кезінде мақтадан таршылық көріп, соның орнын толтыруды көздеді деген бір ой бар. Әйтсе де оны осал аргумент дер едім: хронологиясы сәйкес келмейді, ал Ресей буржуазиясы сол кездегі бар күйінде мұздай қаруланған әскері бар мемлекетті мақта үшін соғыс бастауға көндіретіндей ықпалды болмаған.

Патша дәуіріндегі мақта өндіру процесі. Сырдария облысы, Ташкент.  1865 / Library of Congress

Патша дәуіріндегі мақта өндіру процесі. Сырдария облысы, Ташкент. 1865 / Library of Congress

Мақта өсіру тек кеңес кезеңінде шынымен маңызды нәрсеге айналды. Оған дейін оны тек майда жер иеленушілер (плантация деген әлі болмаған) тауар дақыл есебінде өсіріп келген, яғни экономикалық мүдденің рөлі екінші кезекте тұратын.

Орталық Азия елдері шынымен кеңес кезеңінде «жасалды» ма?

Бір жағынан кеңес саясаты — жергіліктендіру ғана емес, одан да бұрын кеңес құндылықтарын енгізу мен басқару үшін саясат пен тіл шекаралары бірдей болуға тиіс деген ұстанымның маңызы артқаны даусыз. Алайда ол 1917–1918 жылдары жүрген ұлттық қозғалыстар қаншалық қуатты болғанына деген реакция да еді. Көп жағынан ол нағыз автономияның орнына кеңес үлгісімен автономия беру деген превентив қадам да болған.

Басмашылардың көшбасшыларымен келіссөз. Ферғана, 1921 жыл /  Wikimedia Commons

Басмашылардың көшбасшыларымен келіссөз. Ферғана, 1921 жыл / Wikimedia Commons

«Making Uzbekistan» деген кітабымда 1924 жылы «жеңген» өзбек ұлттық жобасы кеңес өкіметінің өнімі ғана емес еді деймін. Ұлттық бірегейлік идеялары революцияға дейін де кезігетін, 1917 жылдан кейін олар тек күшейіп, нақты сипат ала түсті. Біртүрлі, кереғар сипатта болса да, сол идеялар түбінде үстемдік танытты.

Сондықтан Кеңес Одағы бұрын болмаған елдерді «қолдан жасады» деген толғам, әлбетте, қате. Әлбетте, 1924 жылға дейін де «қазақтық» сезімі, ұғымы болған. Алайда батыстағылар сол әңгімені тым қарабайырлатып, ол елдердің бәрін Орталық Азияны бөліп алып билей беруді мақсат еткен Сталин қолдан құрды дегендей етіп қарастырады. Менің күресіп жүргенім дәл осы нәрсе. Айталық, кейін Өзбекстан атанған елді қалыптастырған ұлт ұғымы 1917 жылға дейін-ақ бар еді. Өзге елдерде де сол.

Орталық Азияда шекаралар қалай бөлінген?

Ел аумағын бөліп, шекараны шегендеуге қатысты сұрақтың бір қарапайым жауабы жоқ. 1919 жылы-ақ партияiРесей коммунистік (большевиктер) партиясы РКП(б) жаңа кеңес мемлекеттілігінің негізі — аумақ автономиясы болады деп ұйғарып, әкімшілік шекаралар тіл шектеріне сәйкес келуге тиіс деген ұстаным да сол тұста бекіді. Орталық Азия осы принцип іске асқан соңғы аймақ болды.

Кеңес өкіметі аймақтағы шекаралар революцияға дейінгі әкімшілік бөлініске қарай шегенделіп тұрғанын әжептәуір қиындық санады. Жалпы одақ принциптерін Орталық Азияға да қолданбақ болған талпыныс сол шекара бөлуден көрінді. Оған дейін аймақты қадағалауға күші жетпей отырғандықтан, осы қадамға бел буа алмай жүрген. Әйтсе де 1920 жылғы маусымда Ленин Орталық Азияның жаңа шекаралары мәселесін қарастыру керек дегенді ұсынып ақпархат жазады.

Ақыр аяғында шешім Мәскеуде қабылданды: сол кездегі үш — Бұхара, Хорезм және Түркістан республикаларын құртып, олардың орнына жаңа ұлттық республикалар құрылсын деді. Тек шешім жария етілгеннен кейін негізгі талқылау Ташкентте, Орталық Азия кадрлары арасында жүрді.

В.Садков. «Социализм жолындағы күресте Шығыстың езілген еңбекшілерінің бүкіл дүние жүзінің жұмысшыларымен бірлігі мәңгі жасай берсін!» Мәскеу, 1924 / Wikimedia Commons

В.Садков. «Социализм жолындағы күресте Шығыстың езілген еңбекшілерінің бүкіл дүние жүзінің жұмысшыларымен бірлігі мәңгі жасай берсін!» Мәскеу, 1924 / Wikimedia Commons

Ол кезде Ташкенттегі өкілетті орган — БКП(б) Орталық Комитетінің Орталық Азия бюросы болатын, оның мүшелерін Мәскеу тағайындайтын. Пікірталастың бәрі сонда өтті. Біздің қолымызда сол мәжілістердің хаттамалары бар. Әріптестерім де, өзім де соларды әбден зерттедім. Талқылауға тек үш республиканың компартия мүшелері ғана қатысқан. Бұл аймақтағы интеллигенцияның диалогы болмағаны анық, ал жалпы қоғамды қатыстыру деген тіпті де аталмайтын.

Мәселе көп еді: аймақта неше ұлт бар, Орталық Азиядағы тағы қай топтарды ұлт деуге болады? Әуелде Мәскеу үш: Қазақ (ол кезде орысшалап Қырғыз аталатын), Түрікмен және Өзбек республикасын бөліп шығарайық дейді. Онда да өзбектер аймақтағы негізгі отырықшы мұсылман халық деп қарастырылатын.

Түркістан қазақтары, әсіресе Жетісу мен Сырдария облысында — арасында өзбекке ұқсамайтын қазақ бірегейлігі бұрыннан айқындалып тұратын. Түрікмен элитасында да дәл солай болған. Ал «қосалқы» топтардың қайсысын қайда жібереміз, мысалы, қарақалпақтар мен қырғыздарды өзбектерге қосамыз ба, қазақтарға қосамыз ба дегенге қатысты қызу талас жүрген.

Әлбетте, қырғыз бен қарақалпақ — бөлек елдер, өз республикалары болуға тиіс дегендер де табылды. Ақырында солар Орталық Азия бюросын да, кейіннен Мәскеудегі Саяси бюроны да, қырғыз бен қарақалпақ бөлек ел деп көндіре алды.

Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі. 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуірі аралығы / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан

Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі. 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуірі аралығы / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан

Айта кетер маңызды нәрсе: әуелде елдер саны туралы да, одан бұрын олар қай аумақта тұруға тиіс екені туралы да алдын ала келісіп алған ортақ бір пікір болмаған. Ондай шешімдердің бәрі көбіне төменнен — жергілікті коммунист-мұсылмандардан шығатын. Ақыр аяғында Орталық Азия бюросы жоспарды бекітті, Мәскеудегілер оны түзетті. Сөйтіп, аймаққа қатысты аса маңызды мәселелерді Мәскеуден шыққан бір жарлықпен шеше салды.

Сонда шекараны кім жүргізді? Ресми деректе Мәскеу делінеді, алайда бұл процесс жоғарыдан түскен біржақты бұйрықпен ғана жүрген жоқ.

Аймақта бөлек-бөлек республикалар құру идеясына қатысы бар адамның бәрі қолдады. Оған қарсы шыққандар болған жоқ дер едім. Дау-таластың бәрі шекаралар қай жерден өтеді дегенде басталатын. Жергілікті партия жетекшілері бірден қолдау топтарын іске қосып жіберді: тіпті 1924 жылы белгіленген шекараны өзгертсін деп талап етіп, ауылдардан петиция жаздырып, қол жинауға кірісті.

Ташкентке талас

Аяқ астынан негізгі талас өзбектер мен қазақтар арасында туды. Осыған дейін түрлі мәселелерде бірлесіп әрекет етіп келген екі ел енді баррикаданың екі жағында қалды. Айталық, қазақ өкілі Сұлтанбек Қожанов Ташкентті Қазақ республикасының астанасы болуға тиіс деді. Ташкенттің іргесіндегі аудандардың халқының көбі қазақтар болатын, оның үстіне қаланың өзі мәдени және әкімшілік жағынан аса маңызды еді. Оның ұсынысы аумаққа қосудың сәл басқаша ұстанымына сүйенетін, соның өзінде өткір пікір қайшылығын тудырды.

Дәл сол тұста, өзбек өкілдері мен кейіннен тәжік ұлтшылдарының басына айналатындар 1924 жылы біртұтас майданға бірікті. Дау-талас қызу жүргенімен, түптеп келгенде Орталық Азия бюросы өзбек жағының ұстанымын қолдаған қарар қабылдады: Ташкент Өзбекстан құрамында қалуға тиіс деп ұйғарылды.

Ташкент маңындағы қазақ (қырғыз) ауылы.  19-ғасыр соңы – 20-ғасыр басы / Қоғам игілігі

Ташкент маңындағы қазақ (қырғыз) ауылы. 19-ғасыр соңы – 20-ғасыр басы / Қоғам игілігі

Содан көп ұзамай-ақ, 1924 жылғы маусым болса керек, Орталық Азия бюросының алдында қазақтар жиналып, Ташкентті Қазақстанға берсін деген талап жаппай демонстрацияға ұласып кетті. Бұл бүкіл процесс ресми құпия, партия ішіндегі ғана шаруа болуға тиіс кезде халықтың жұмылып, орталықтың шешіміне қарсы шыққанына бір жарқын мысал болса керек.

Сол тұста өзге де петиция науқандары жүріп, қысым жасауға талпыныс болған, соның артынан тамызда партия мұсылман коммунистерге жұрттың пікірін жұмылдырып жатыр, олай істеуге болмайды деп сөгіс шығара бастайды.

Шекаралар жөніндегі түпкілікті шешім 1924 жылғы қазанда шықты: бұрынғы үш республика жойылып, орнына жаңа республикалар құрылды.

Бұрынғы Түркістанның қазақтар мекендеп отырған аудандардың бірқатары мен Бұхараның бір бөлігі бұрынғы Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасының құрамына кірді. Демек, біреуі Түркістанда (басым бөлігі Жетісуда), өзгесі солтүстікте болған екі қазақ саяси бірлігі бір өкімет болып бірікті деген сөз. Мәскеу сол кезде Қазақстанға Түрікменстан не Өзбекстан секілді одақтас республика (КСР) мәртебесін бермейміз деп ұйғарғанына да бір себеп — сол екі күштің біріккені деген пікір бар.

Шекара қандай негізбен межеленді?

Әуелде ол республикалар ұлттық болады делінбеген. Маңызды өлшем — бір республика ішінде шаруашылық байланыстар, соның ішінде суару жүйелері мен инфрақұрылым сақталғаны болды. Тек ол ұстанымдар сәйкеспейтін, кейде тіпті бір-біріне кереғар келетін.

Орталық Азияда да сол қисын қолданылған. Сондықтан халқының құрамында өзбектер көп бола тұра, төңірегінде тұратын халық негізінен қырғыздар болғаны себепті, Ош және Жалалабад қалалары Қырғызстанның құрамына кіріп кетті.

Орталық Азия республикалары мен облыстарының ұлттық межелеуге дейін және одан кейінгі картасы. К. Рамзиннің «Орталық Азиядағы революция» кітабынан. 1928/Wikimedia Commons

Орталық Азия республикалары мен облыстарының ұлттық межелеуге дейін және одан кейінгі картасы. К. Рамзиннің «Орталық Азиядағы революция» кітабынан. 1928/Wikimedia Commons

Сол қисынға салса, Ташкент Қазақстан қаласы болып кетсе керек еді. Тек олай болған жоқ. Оған бір себеп — Ташкент кеңес өкіметінің тым маңызды орталығы саналған соң, оны шектеулі автономиясы бар республикаға беруге болмайды деген шығар. Ол тұста Қазақстан одақтас республика емес, РСФСР құрамындағы автономия ғана болатын. Ташкентті Қазақстанға берсе, Мәскеу қаланы тікелей бақылай алмай қалатын. Оның үстіне Ташкентте (Ескі қалада да) өз партия ұйымы болған, сондықтан Сталин жергілікті жерде партия фракцияға бөлініп кетеді деп қауіптенген дейді.

Сөйте тұра, Өзбекстан Кеңестерінің бірінші съезі Ташкентте емес, Бұхарада өтті. Одан да бөлек, Кеңестік Өзбекстанның тұңғыш астанасы Ташкент емес, Самарқан болған. 1930 жылы ғана астанасы Ташкентке көшті.

«Үлкен ойынның» астарында не жатыр? Қайсысы миф, қайсысы шындық?

Жұрт айтатын «Үлкен ойынға» келсек, оның маңызы тым асыра көрсетілген. Осы тақырыптағы әдебиеттің бәрі — көп жағынан Британ империясы шығарған мифтердің жемісі. Оның бәрі — даланы аралап Британияға оралған генералдар мен саяхатшылардың Орталық Азиядағы «басынан кешкендерін» мақтана, бадырайта жазған естеліктерінен туған.

Ауған әмірі Шер Әлі Ресей мен Англияның ортасында. «Мені менің достарымнан құтқарыңдар». «Punch» журналында жарияланған, Үлкен ойын кезіндегі карикатура. 1878 жылдың 30 қарашасы / Wikimedia Commons

Ауған әмірі Шер Әлі Ресей мен Англияның ортасында. «Мені менің достарымнан құтқарыңдар». «Punch» журналында жарияланған, Үлкен ойын кезіндегі карикатура. 1878 жылдың 30 қарашасы / Wikimedia Commons

Британдар ең әуелі Үндістанның қауіпсіздігіне алаңдап, тау сілемдерінің әр жағындағы аумақты жаулап алудан бұрын, доспейіл мемлекеттерден айналдыра буфер салып тастауды ойлайтын. Өз басым, Ресей әскери басшылығы аймақты британдардың алдын орап, олардан бұрынырақ басып алу керек дегенге сенді деп ойламаймын.

Әттең, Жібек жолы, «Үлкен ойын» немесе Орталық Азияның картасын Сталин жасапты дегендей кейбір тақырыптар елітіп тұратыны бар. Олар қарапайым, әсерлі, драмаға толы, сондықтан архивтен соның бәрі өтірік екенін көрсететін қаншама дәлел шығып жатса да, аймаққа деген жалпы жұрттың көзқарасында дәл сол сюжеттер әлі де үстем болып келеді.