Ресейге Түркістан не үшін керек?
«Түркістан уәлаятының газеті» жауабы
19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды. Дегенмен осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.
Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.
19-ғасырдың екінші жартысы мен 20-ғасырдың басында Ресей мен Британия арасында Орталық Азия мен Ауғанстанды бақылауға алуда ушыққан геосаяси текетірес туды. Британия империясы Ресейдің оңтүстікке жылжуынан қауіптеніп, Үндістандағы иелігін қорғауға тырысты, ал Ресей Империясы оңтүстіктегі шегарасын нығайтып, маңызды сауда жолдарына қол жеткізу үшін Орталық Азиядағы ықпалын арттыра түсті. Әрине, аймақтың бұратана халқына Ресей өз мақсатын алуан түрлі тәсілмен түр-түсін өзгертіп жеткізіп, өркениет тарату миссиясы бар екенін және жергілікті халықтың өсіп-дамуы үшін жағдай тудыратынын айтып бақты. Бұл істе баспасөз де құрал ретінде қолданылды. Соның бірі — «Түркістан уәлаятының газеті». 1871 жылғы №1 санында осы басылымда ресейлік әскери экспансиядан Самарқан мен оның төңірегіндегі ел үшін қандай пайда бар екені «жақсылап» сипатталған мақала жарияланды. Ашығын айту керек, автор жауланған жерлердің бірінші кезекте метрополия үшін экономикалық пайда әкелетінін білер-білместен атап өткен.
Өзіңіз білетіндей, өткен жылдың тамыз айында Заравшан округына Самарқанның оңтүстігінде жатқан, біздің жермен шегаралас тау елінің бір бөлігі, атап айтқанда Фараб, Мағиан, Кштут бектіктері қосылды. Орталық Азиядағы орыс иеліктері, әсіресе, Мианқала алабындағы (Самарқан және Қатты-Қорған бөлімдері) қалалар мен қышлақтар үшін бұл жаңа аймақтар біршама маңызға ие. Осы жылы біз, әрине, ол жақтан бәлендей табыс таба қойған жоқпыз, себебі салық пен хараж алымыныңiХараж — ақшалай немесе заттай алынатын жер салығы, көбін бектер жинап қойған еді.
Кштут, Мағиан һәм Фараб жерлерінен үлкен сомада табыс түседі демесек те, бұл өңірлерді қосып алудың басқа да пайдасы бар екенін анық көруге болады. Шегара маңындағы қышлақтарымызға қайта-қайта маза бермей, тұрғындардың тыныштығын алған бектер кеткен соң оңтүстік-шығыстағы шегарамыз саябыр табады, бұл тіпті осы аз уақыттың ішіндегі шаруа. Жеке қауіпсіздігін һәм орыс билігінің қамқорлығын қолдана келе еліміздің табиғат байлығыны өз пайдасы үшін жаратудың қазіргі мүмкіншілігінен Заравшан округы халқы көп ұтады.
Әлбетте, іле-шала табысты жаңа кәсіп түрлеріне көшу ұсынылды:
Кштут пен Мағиан тауларының орман байлығы келуімен, отын жеткілікті болмақ, бағасы да қазіргіден көп төмен түседі. Заравшандағы ормандарды отап, өзенмен жеткізу — тау халқына тән кәсіп. Ал бектер кетіп, бұл істің кеңеюіне бөгет жойылған соң, тау ағашын ағызып әкелу кәсібі табысты, кірісі мол болады.
Генерал-майор Абрамов Самарқан бөлімінің бастығына Мағиан мен Кштут жерлерін тағы бір аралап өтіп, сол жерде Самарқанды һәм оның айналасын отынмен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырып қойды. Ағаш өртеп көмір жасап, онымен Заравшан елін қамдау да өңірдегі халық шаруашылығында ең маңызды дүниенің қатарында болмақ.
Жаңа қосылған жерлермен жақынырақ танысқан соң, біз үшін пайдасы анық тағы басқа істердің көзі ашылуы бек мүмкін.
«Түркістан уәлаятының газеті» — Түркістанда орыс тілінде жарық көрген тұңғыш ресейлік апталық газет. Оның қазақ және өзбек тілдерінде қосымшасы да болды. Түркістан генерал-губернаторы кеңсесі жанында ашылған газет Ташкентте 1870 жылдан шыға бастады және 1917 жылдың желтоқсанына дейін басылып тұрды.