Қазақстандағы антиваксерлермен күрес
1894 жылы қандай болған еді?
19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды. Дегенмен осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.
Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.
Шешекке қарсы екпе (инокуляция), яғни адам ағзасына инфекцияланған материалды енгізу вакциналар пайда болғанға дейін ғасырлар бұрын жүргізілді. Бұл туралы трактаттар Қытайда 16-ғасырда пайда болды, ал Осман империясындағы британ елшісінің әйелі Мэри Монтегю бұл тәжірибені Британияға әкеліп, 1722 жылы болашақ король Георг II-нің қыздары да екпе салдырды. 18- ғасырдың соңында ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер белсенді иммунитетті ынталандыру үшін әлсіреген патогендерге негізделген қауіпсіз препарат — сиыр шешегі вирусына негізделген вакцина жасады. Дәл сол кезде антиваксерлер қозғалысы пайда болды. Көптеген елдер шешек ауруына қарсы жаппай вакцинациялау науқандарын өткізуге тырысты, бірақ жиі қарсылыққа, кейде зорлық-зомбылыққа тап болды. Ресей империясында 19-ғасырдың басынан бастап екпе егу үшін шешек үйлері құрылды. Десе де империя тұрғындары екпе алуға асықпай, тіпті соңғы ғасырларға қарай шешек ауруынан өле берді. Дәл осы кезде екпе қазақ даласына да келді. Әрине мұнда да жергілікті халық екпе алуды қаламады, ал 1894 жылы қаңтарда «Дала уәлаятының газетінде» колледж регистраторы әрі болашақ губерниялық хатшы Бақия Чалымбековтің авторлығымен шешек ауруына қарсы екпенің пайдасы туралы мақалалар топтамасы жарияланды.
Шешек еккеннің пайдасы
Баршаға белгілі жабайы шешектің бек жұғымтал ауру екендігі мұнан кісілер көп өледі. Сол жерде қай жерде күні бұрын сақтайтұғын бұзау шешек егілмеген болса, жабайы шешектің кісінің көп өлетінін біліп, қазақтар мұнан бек қатты қорқады. Уа ләкин шешек шығып жатқан аурудың үйінің есігінен қарауға да қорқады.
Бұрынғы уақытта қазақтар шешек шыққан ауруларын далаға тастап һәм опат болғанын көмбестен қашып, көшіп кетуші еді. Осы уақытта шешек жұғып шыққан уа мұнан опат болған кісілерге қазақ араларында қаттылық қылған көрінбейді. Уа ләкин мұндай ауруларды сау кісіден бөлек сақтап бек жаһат қылады һәм бұл аурулардың артынан қарап күтіп тұруға шешек шыққан кісіден күтуші қояды.
Егерше қазақтар жабайы шешектің бек қатты жұғымтал екенін білсе де уа ләкин күні бұрын сақтайтын екпе шешектің анық пайдасын бек аз біледі және һәм ұқпайды. Ауыл-ауылды жаздыгүні аралап жүріп егетін қазақ шешекшілерінен байқап сұрап, қазақтардың шешек еккеннің пайдасын білмейтұғын кейінгі сөздерден уа қазақтың қараойынан байқап білуге мүмкін дүр қазақтар шешек егуге шешекші ауылға келеді деп айтсаңдар балаларын қазан астына яки төсек астына жасырып қояды. Иә болмаса таудың яки ағаштың ішіне алып барып жасырып қояды. Қазақтар өзінің не қылғанын өзі де білмейді. Өздерінің мұндай қылғандарыменен өзінің тұқым, үрім бұтағына бек көп зиян келтіреді. Уа ләкин оқуларда һәм әртүрлі қылған айла амалда көрініп білген дүр. Жабайы шешектен амал қылып құтылмақ үшін жалғыз-ақ күні бұрын сақтайтұғын шешектің суын ексе жарай дүр.
«Дала уәлаятының газеті» — Ақмола (1888–1905), Семей (1894–1905) және Жетісу (1894–1901) облыстық ведомостволардың қосымшасы болған. Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген.