Ресей империясының мұсылмандары Жапонияда

1916 жылғы көтерілістің жапон газетіндегі жаңғырығы

1930 жылдардың басы. Жапон ұлтшылдары мен елдегі түркі қауымдастықтарының көшбасшылары. Мұхаммед Ғабаллахи Құрбанғали артқы қатарда сол жақтан екінші тұр/Wikimedia Commons

19-ғасырдың екінші жартысынан бастап Дала және Түркістан өлкесінде газет-журнал шығару ісі қолға алынды. Әрине, қазақ тіліндегі басылымдар да жарық көре бастады. Оның бір бөлігі алдымен патшалық, кейін кеңестік биліктің ресми идеологиясын жеткізетін һәм тарататын құралдың рөлін атқарды. Дегенмен осы кезеңнің қазақтан шыққан зиялы қауым ағартушылық қызметті белсене жүргізген уақыт екенін атай кету керек. Бұл түрлі қоғамдық-саяси, көркем және әзіл-оспақ басылымдардың пайда болуына түрткі болды.

Qalam сіздерге қазақ баспасөзі түрлі дәуірде таратқан ақпарат үзінділерімен танысып, өткеннің өзекті тақырыптарын қайта бір елеп-екшеп көруді ұсынады.

Орталық Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстың басты оқиғасына айналған 1916 жылғы көтерілістің қатаң басып-жаншылуы және одан кейін жүрген Қазан революциясы мен Азаматтық соғыс Ресей империясының жүздеген мың мұсылманын құтқару іздеп туған жерден кетуге мәжбүрледі. Орталық Азия тұрғындарынан бөлек, Ресей империясының өзге аймақтарындағы, атап айтқан Еділ мен Жайық төңірегіндегі, Қырым мен Кавказдағы мұсылмандар да бұл миграция толқынына қосылды. Көштің бір бөлігі Шыңжаң мен Шығыс Түркістанда тұрақтап қалды, кейбір топ тоқтамай ары кетті. Мұндай жандардың ауыр тағдыры «Япон Мөхбире» журналында (қазақша оны «Жапон тілшісі» деп атаған) сөз болған екен. 1931 жылдың сәуір айында бұл басылымда ресейлік езгіден қашып, Жапонияның түрлі қаласында қоныс тепкен 500 мұсылман туралы шағын мақала жарық көреді. Журналдың ашылуына башқұрт саясаткері, ағартушы, Ресей империясынан эмиграцияға кеткен Мұхаммед Құрбанғали (1889–1972) себепші болыпты. Материалды 1931 жылдың маусым айында атақты Мұстафа Шоқай ұйымдастырған тағы бір эмигранттар басылымы — «Жас Түркістан» (Yaş Türkistan) көшіріп басыпты.

Жас Түркістан журналының мұқабасы/Ашық дереккөздерден

Жас Түркістан журналының мұқабасы/Ашық дереккөздерден

Жапонияда тұрушы мұсылмандар және Токиодағы ислам шағын ауданы

Жапонияда тұрушы мұсылмандардың саны 500 шамалы, бұлардың барлығы — Россия отарлығынан кейін Манжурияға эмиграцияға кетіп, одан әрі Жапонияға өткен, Россиядан келген түркілер.

Бұлар қазір Жапонияның түрлі қалаларында тұрады: Токиода — 150, Кобиде — 100, Нагояда — 40 және Кореядағы Кванжу қаласында 70–80 кісі бар. Бұл қалаларда діни бірлестік пен шағын аудандар бар. Токио, Коби және Кижудағы ислам балаларына бастауыштық білім де беріледі. Жапонияның оңтүстігіндегі Кюсюда, солтүстігіндегі Хоккайдо мен Сахалинде, сондай-ақ Жапонияның түрлі қалаларында біршама мұсылмандар бар. 

Мұхаммед Құрбанғали 1938 жылы негізін қалаған Токио мешіті. Ол осы мешітте имам болған/Alamy

Мұхаммед Құрбанғали 1938 жылы негізін қалаған Токио мешіті. Ол осы мешітте имам болған/Alamy

1928 жылы 3, 4 және 5 октябрьде Токиода Жапонияда тұрушы бүкіл мұсылмандардың құрылтайы болды. Онда тұрушы мұсылмандардың «Жапониядағы мұсылмандар одағы» атында бір қауымдастығы бар. Бұл одақтың мақсаты — ұлттық және діни мәселелерде Жапонияда тұрушы мұсылмандарға жолбасшылық жасау.

Жас Түркістан журналы/Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

Жас Түркістан журналы/Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

Білім беру мен ағартушылық — басқару тобына Ресей империясының түрлі аймағынан шыққан тұлғалар кіретін «Жапониядағы мұсылмандар одағының» маңызды мақсаты болған:

Жапонияда тұрушы мұсылмандардың ең үлкен бірлестігі — Жапония орталығындағы «Токиодағы ислам ауданы». Бұл ислам ауданында 1927 жылы Жапония үкіметінің ресми рұқсаты мен шешімі арқылы ашқан «Токиодағы ислам мектебі» атында мұсылман балаларын оқыту үшін бір бастауыш мектебі бар. Алты сыныптық бес мұғалімі бар бұл мектеп Жапониядағы ресми мектептермен бір құқықта, оқу-ағарту басқармасының карамағында. Дін мен ана тілі дәрістері тұрақты түрде оқытылады. Оған қоса 3-сыныптан бастап орысша және 4-сыныптан ағылшынша үйретіледі. Бұл мектепті бітірушілер орыс гимназиясының 4-сыныбына және Жапониядағы Америка, Француз колледждерінің 6-сыныбына емтихансыз кіре алады. 

Мектеп жанында Қиыр Шығыстағы мұсылмандар үшін араб қаріптерімен мектеп кітаптары әрі басқа да ұлттық хикая, романдар мен өлеңдер басып таратып жатқан «Токиода ислам баспасы» атты шағын баспа да бар. Журналымыз «Жапон тілшісі» де сонда басылады. Бұл баспа Токиодағы ислам шағын ауданында және Жапонияның басқа жерлерінде тұрушы мұсылмандардың ат салысуымен 1929 жылы Түркиядан алдырылған қаріптермен ашылған еді. 

Бұдан басқа Токиода тұрушы мұсылмандарға қала әкімшілігі жағынан жеке берілген көркем бір орында мұсылман қабірстаны бар.

«Жас Түркістан» — Мұстафа Шоқай 1929 жылдың желтоқсанында Парижда ашқан журнал. Басылым Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі идеясын насихаттаған. Оны поляк маршалы Пилсудскийдің қолдауымен «Прометей» қоры қаржыландырып отырған. 1939 жылдың тамызындағы жағдай бойынша журналдың 117 нөмірі жарық көрген. Мұстафа Шоқайдың және Ахмет Наим, Тәуекел Батыр, Ахметжан Оқай секілді жас авторлардың мақалалары жарияланып отырған. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталған соң журнал шығуын тоқтатты.

Польшадағы түркі және Кавказ халықтарының саяси эмиграция көшбасшылары, 1930 ж. Солдан оңға қарай (отырғандар): Магомет Гирай Сунш, Джафер Сейдамет Кырымер, Гаяз Исхаки, Мамед Эмин Расулзаде. (Тұрғандар): Мұстафа Шоқай, Мұстафа Векилли, Таусұлтан Шакман/Wikimedia Commons

Польшадағы түркі және Кавказ халықтарының саяси эмиграция көшбасшылары, 1930 ж. Солдан оңға қарай (отырғандар): Магомет Гирай Сунш, Джафер Сейдамет Кырымер, Гаяз Исхаки, Мамед Эмин Расулзаде. (Тұрғандар): Мұстафа Шоқай, Мұстафа Векилли, Таусұлтан Шакман/Wikimedia Commons

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы