
Қалмақтардың үйлену тойы. 19-ғасыр / Bildagentur-online / Universal Images Group / Getty Images арқылы
Қазіргі Қазақстан аумағында ғасырлар бойы көші-қон, сауда жолдары мен әскери қақтығыстар тоғысып келген. Ол процестердің бәрімен қатар түрлі елдер қыз алысып, қыз берісіп жатпаса болмас еді. Онда некесі қиылатын екеудің еркі бірде ескерілсе, бірде ескерілмейтін. Империялар бой көтеріп, күйреп жатқан әлемде неке жүректің қалауы ғана емес, үлкен саясаттың бір бөлшегіне айналды. Қытай ханшалары түркі қағандарына ұзатылып, мәмлүк сұлтандары Алтын Орда билеушілерінің қыздарын алып жатса, қазақ хандары өздері соғысып жатқан елдердің қыздарын әйел қылған. Тарихшы Қалыш Аманжол сол одақтар тарихты қалай өзгерткені туралы ой толғайды.
Прототүркілер мен қытай ханшалары
Б.з.д. 3-ғасыр – б.з. 2-ғасырларда Еуразияны, оның ішінде қазіргі Қазақстан аумағын ғұн, үйсін және қаңлы сынды прототүркі тайпалар мекендеген. Олар мемлекет құрып, көршілерімен, ең алдымен қытай әулеттерімен алыс-беріс жасап, бейбіт тұрғыда сауда-экономикалық және әскери-саяси қарым-қатынас ұстанды.
Тарихта қытайлар мен ғұндар бірнеше рет соғысқанымен, сол халық өкілдері өзара қыз алысып, қыз беріскен жағдайлар да белгілі. Айталық, ғұн империясының негізін қалаушы Мөде шаньюйдіңiб.з.д. 234–174 жж. әйелдерінің бірнешеуі қытай болған. Солардың біреуі — хань императоры Гаоцзу үйінің бір ханшасы шаньюйге б.з.д. 198 жылы жасалған «бейбітшілік пен туыстық келісімі» аясында тиген. Мөденің ұлы Лаошан шаньюй деi
б.з.д. 174–161 жж. соған ұқсас дипломатиялық келісім аясында қытай ханшасын алған.

Го Хоңжоң. «Хань Сидзәйдің түнгі көңіл көтеруі» (үзінді). Түпнұсқа 10-ғасырда жазылған, ал мына нұсқа — Суң әулетінің 12-ғасырдағы көшірмесі / Pictures from History / Universal Images Group / Getty Images
Қытай императорлары әулетінен қыз алған ғұндар ғана емес. Қытай ханшалары үйсін билеушілері — гуньмоларға тиген бірнеше мысал бар. Бәрінің көздегені — көршілермен тату-тәтті, құдандалы қатынас құру болса керек.
Қазіргі Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан мен Үндістанның солтүстік бөліктерін қамтитын аумақты алып жатқан қаңлылар мемлекеті де қыз алысып, қыз берісіп жүріп көршілермен тату күн кешкенді жөн көрген. Айталық, б.з.д. 85 жылы Кушан (ежелгі иран әулеті) патша үйінің ханшасы қаңлы билеушісіне ұзатылады.
Мұндай ұстаным кейін де болған. Ерте моңғол мемлекеті Жужан қағанатының билеушілері де әулеттер арасында қыз алысып, қыз беріскенді құп көріп, оны одақтарды нығайту тәсілі ғана емес, соғысты кейінге шегерудің әбден сенімді тәсілі деп білген.
Неке — геосаясат ойыны
Түркі қағанатында әулеттер өзара қыз алысып, қыз беріскені сыртқы саясаттың маңызды бір бөлігі еді. Мысалы, 551 жылы Түркі қағанатының негізін қалаушы әрі тұңғыш қағаны Бумын болса, Батыс Вэй мемлекетінің императоры Вэнь-дидің қызы, қытай ханшасы Чань-лэні алып, екі әулеттің құдаласуына қол жеткізеді. Оның ұлы мен ізбасарлары да сол одақтарды жалғап, Солтүстік Чжоу, Суй, Таң әулеттерінің ханшаларын алған.
Әмеңгерлік салтымен бір әйел бірнеше билеушіге жар болған жағдайлар да бар.

«Той және концерт» суретінің фрагменті. Таң әулетінің ақсүйек ханымдары той мен музыкадан ләззат алып отыр. Қытай, 10-ғасыр / Werner Forman / Universal Images Group / Getty Images
Бұл орайда Суй әулетінен шыққан Ичжэн-хатун есімді ханшаның әңгімесі қызық. Ол 599 жылы Циминь-қағанға тиіп, қаған өлген соң оның үш ізбасарына кезек әйел болған. Сөйтіп төрт күйеуінің де артында қалып, тұтас бір саяси дәуірдің бел ортасында жүрген.
Тарихшылар жақыннан ғана емес, алыстан да қыз алысқан жағдайлар болғанын растайтын құжаттар бар дейді. Мысалы, түркі қағаны Иллиг Византия императоры Ираклийдің (610–641) қызы Августа Епифаниямен атастырылған. Бұл Түркі қағанатының құдандалық қанатын Шығыс Азиядан тысқары жерлерге де жаймақ ниетін көрсетсе керек.
Сөйте тұра, Түркі қағанатының билеушілері өздері қыз алысып, қыз берісіп қана қоймай, өз ақсүйектер элитасының өкілдеріне де шетелден қыз әперіп, олардың қыздарын алысқа ұзатып отырған.
Екінші Шығыс Түркі қағанатының тең билеушісі Күлтегінге (685–731) арналған руна жазуы ескерткішінде Күлтегін мен оның бауыры Білге қаған екеуі қарындасын Енисей қырғыздарының билеушісі Барысбек қағанға (637–710) ұзатқаны айтылатын жолдар бар.

Тақта отырған Хосров Ануширван патша. Фирдоусидің «Шахнама» (Патшалар кітабы) қолжазбасының бір беті, шамамен 1341 ж., Иран, Шираз / Лос-Анджелес округінің өнер мұражайы (LACMA) / Wikimedia Commons
Түркілер батыс державалармен де қыз алысып, қыз беріскен. Айталық, шамамен 562 жылы Батыс Түркі қағанатының билеушісі Естеми қаған қызын Сасани Иран шахиншахы Ануширванға (501–579) береді. Бұл некенің міндеті — Түркі қағанаты мен Иранның Эфтали мемлекетіне қарсы соғыстағы әскери одағын нығайту болатын. Сол сияқты түркілер 6–8-ғасырларда Соғды билеушілерімен қыз алысып, қыз беріскені екі ел арасында тұрақты саяси-мәдени байланыс болғанын көрсетеді.
Түркілердің элитасы іргелес көршілерден бөлек алыстан да қыз алысқан. Мысалы, Түркеш қағанаты (704–756) тұсында Сүлік қаған 715 жылы Тибет патшасының қызын алған.
Даладан Еуропаға барған қалыңдықтар
Аралас неке дәстүрі Ортағасырда да жалғасын тапты. Қарлұқтар, қарахандар, қимақтар, оғыздар мен қыпшақтар — сол замандағы әр дерлік ірі түркі мемлекеті көршілерімен қыз алып, қыз беріп, құда болып отырған.
Қарлұқтардың жабғулары мен ұлыс бектері (756–940) Соғды қоғамының билеуші тап өкілдерімен қыз алысып, қыз берісіп, саяси және мәдени байланысын нығайтқан. Қарахандар қытайдың Ляо әулетімен дипломатиялық қатынасын жолға қойып, елші алмасып отырған: тарихшылар екі арада қырық шақты дипломатиялық миссия жүрген дейді. Солардың бірінде қарахан тағының мұрагері қытай ханшасын алады.
Ираннан Византияға дейінгі аумақты бақылап ұстаған оғыздар да түрлі халықтармен құдаласып, олардан кейін селжұқтар мен османдар сынды әулеттер тараған.
Қыпшақтардың патша әулеттерімен қыз алысып, қыз беріскені туралы бәрінен көп дерек сақталған. Алғаш рет ондай неке 8-ғасырда қиылған деп аталып, татарлармен одақ құрылғаны айтылады.

Радзивилл шежіресінен алынған миниатюра: сол жақта — новгородтық Владимирдің құдалары Полоцк князі Рогволод қабылдауында; оң жақта — Рогволод қызы Рогнедамен сөйлесіп отыр, ол Владимирге тұрмысқа шығудан бас тартқан. Рогнеда — 10-ғасырда Полоцкіні билеген князь Рогволодтың қызы. Кей мәліметке сәйкес, оның отбасы варяг-славян, тіпті, славян-хазардан болуы мүмкін. Оның князь Владимир Святославичке еркінен тыс тұрмысқа шығуы — Еуразия аумағындағы саяси және ұлтаралық аралас некенің ең ежелгі мысалдарының бірі. Бұл кейінгі ұлтаралық екен дәстүрімен үндеседі/ Wikimedia Commons
Кейінірек 11–12-ғасырларда қыпшақ хандары қыздарын Киев Русінің князьдеріне, одан кейін — Ұлы Владимир князьдігінің билеушілеріне берген. Бұл одақтардың дала елі мен славян әлемі арасындағы әскери-дипломатиялық қатынасты нығайтудағы маңызы зор еді.
Переяслав князьдерінен алғашқылардың бірі болып Дешті-Қыпшақ билеушілерінің қыздарын жар еткен Всеволод Ярославич пен Владимир Всеволодович еді. Бірнеше жылдан кейін, 1094 жылы Киевтің ұлы князі Святополк II Изяславич Тұғырханның қызын әйел қылып алады. Кейін сондай некелер саяси дәстүрге жалғасып бара жатты.

Михаил Сабинин. IV Давид Құрылысшы Әулие патша. 1882 жыл / Wikimedia Commons
Ежелгі Русь князьдері қыпшақтан әйел алған жалғыз христиандар емес. 1103 жылы қыпшақ ханы Отроктың (Атырақ) қызы Гурандохта гүржі патшасы IV Давид Құрылысшыға тұрмысқа шығады. Ханшаның артынан Гүржістанға қырық мың қыпшақ әскері барып, Давид солардың көмегімен селжұқтарға қарсы соғыста ең бір маңызды жеңістерінің біріне жетеді. Сол құдалық Гүржі патшалығын аман алып қалды деген пікір бар.
Неке — аман қалу амалы
11–14-ғасырларда аралас некелер кең тараған құбылысқа айналады әрі әулеттер өзара қыз алысып, қыз берісуіне саяси мақсат не одақ құруды көздегені себеп бола бермейтін. Сол кездегі ұзаққа созылған қақтығыстар көбіне тұтқындарды айдап әкетуге, ауа көшуге және жауласқан елдермен қатар тіршілік ету амалын табуға әкелді. Сондайда, әсіресе Шыңғыс ұрпақтары, сұлтандар мен батырлар арасында өзге елдерден қыз алып, оларға қыз беру жағдайы көп кезігетін.
Сол кезеңде Алтын Орда едәуір қуатты елдердің, соның ішінде Бахрилер (Мысырды билеген түркі текті тұңғыш мәмлүк әулеті) әулетінің Мәмлүктер сұлтанаты да бар, билеуші ақсүйектерімен тұрақты дипломатиялық және саяси қатынас орнатып алған. Ара-арасында сол қатынасты нығайтып тұру үшін қыз алысып, қыз берісуге жүгінетін. Мысалы, Алтын Орданың атақшы билеушісі Өзбек хан (1282–1341) Мысыр сұлтаны Ән-Насыр Мұхаммадқа (1285–1341) немере қарындасы Тұлынбайды берген.

Мәмлүк сұлтаны әл-Насыр Мұхаммедтің дәуіріндегі сарай көрінісі. «Макамат әл-Харири» қолжазбасынан иллюстрация. Мысыр, шамамен 1334 ж. / Wikimedia Commons
Әйелдердің осы алыс-берістегі рөлі туралы Qalam порталына берген сұхбатында тарихшы Мари Фаверо айтып берді. Зерттеушінің сөзіне сүйенсек, ханшаларын тұрмысқа беруді саясаттың бір бөлшегі қылып алған Византиядағыдай емес, Алтын Ордада әйелдердің субъектілігі көбірек болатын:
«Византияда ханшаларды тұрмысқа беру саяси машинаның бір тетігі ретінде есептеліп, әйелдің еркі мен қалауы көбіне ескерусіз қалатын. Ал моңғолдарда, әсіресе Шыңғыс ұрпағынан тараған ақсүйектер арасында жағдай мүлде басқаша өрбіді. Оларда әйелдер маңызды тұлға болатын, оларды еркінен тыс күштеп күйеуге беру деген болмағанын көрсететін дерек көп. Қалыңдық ықпалды атадан болса, оның некесіне қатысты келіссөз тіпті ұзаққа созылатын. Бұл ретте сол некенің саяси маңызы ғана емес, әйелдің өзінің келісімі де маңызды болған сияқты».
Бұл — тарихшы Қалыш Аманжолдың қазіргі Қазақстан аумағын ерте кезде мекендеген этностар арасында қыз алысып, қыз беріскен одақтар туралы зерттеуінің бірінші бөлімі. Екінші бөлімінде 15-ғасырдан 20-ғасырдың бірінші жартысына дейінгі аралықта, яғни Қазақ хандығынан бастап 1917 жылға дейінгі кезеңде аралас неке қаншалық жиі кездескені жайында айтамыз.

Витторе Карпаччо. Екі әйел, бірі мамлюк киімінде / Princeton University Art Museum / Wikimedia Commons
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
- Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғ. басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап / Т.О. Омарбеков, Г.Б. Хабижанова, Н.Д. Нұртазина [және т.б.]. — Алматы: Қазақ университеті, 2016.
- История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Т. 1. — Алматы: Атамұра, 2010.
- Мухамадеев А.Р. Основы престолонаследия и династические браки в Жужаньском государстве. Народы и религии Евразии. 2020. № 22 (1).
- Бичурин И.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Том 1. — М.-Л.: АН СССР, 1950.
- Аманова М.И. Традиция 和亲 (Хэцинь): династические браки между Китаем и тюркскими государствами в период правления династии Суй // Отан тарихы ꞊ Отечественная история. 2024. Том 27. № 2.
- Камалов А.К. Тюрки и иранцы танской империи / Отв. ред. Б.Е. Кумеков. — Алматы: ИД «МИР», 2017.
- Чичуров И.С. Византийские исторические сочинения: «Хронография» Феофана, «Бревиарий» Никифор. Тексты, перевод, комментарий. — М.: Наука, 1980.
- Артамонов М.И. История хазар. — Л.: Изд-во Гос. Эрмитажа, 1962.
- Панкова С.В., Торгоев А.И. Кочевники Евразии на пути к империи. — М.: Славия, 2012.
- Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические надписи как источник по истории Средней Азии. — М.: Наука, 1964.
- Элита в истории древних и средневековых народов Евразии / отв. ред. П.К. Дашковский. — Барнаул: Изд-во Алт. ун-та, 2015.
- Cыздықов С.М. Қарлық мемлекетінің тарихы. — Алматы: Қазақпарат, 2000.
- Biran M. Unearthing the Liao Dynasty’s Relations with the Muslim World: Migrations, Diplomacy, Commerce, and Mutual Perceptions / Journal of Song-Yuan Studies. 2013. Vol. 43.
- Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен ІХ–ХІІІ вв. — Ашхабад: Ылым, 1969.
- Кумеков Б., Кузембаев Н. Кипчакский фактор в Золотой Орде // Вестник КазНУ. Серия историческая. 2022. № 3 (106).
- Черемин А.А. Брест. История приграничного города (Х–ХХІ века). — М.: Первый том, 2017.
- Ахинжанов С.М. Кыпчаки в средневековой истории Казахстана. — Алматы: Ғылым, 1995.