КӨРГЕН-БІЛГЕН БАР МА?

Ашаршылық және жоғалған баласын іздеген қазақтар

~ 4 мин оқу
КӨРГЕН-БІЛГЕН БАР МА?

Коллаж / Qalam

Ашаршылық қазақ қоғамының демографиялық құрылымын ғана емес, отбасылық және әлеуметтік тұтастығын күйретіп жіберді. 1930 жылдардың басындағы тұтас қазақ даласын жалмаған нәубеттен бөлек, оған дейінгі 1917–1919 және 1921–1922 жылдардағы аштықтан аман қалғаны босқынға айналып, ата-ана мен бала, ажырамас ағайын бір-бірінен көз жазып қалған еді. 

 

Алайда ел басына туған зобалаңды сол  кездегі қазақ баспасөзі назардан тыс қалдырмады. Соның ішінде «Ақ жол» және «Еңбекшіл қазақ» газеттеріне жолданған хабарландыру арқылы ел-жұрт ашаршылықта ажырап қалған баласын, туысқанын іздеп жатты. Qalam үшін тарихшы Абай Мырзағали сол жылдардағы хабарландыруларға үңіліп көрді.

Мазмұны

Хабарсыз кеткен төрт бала

1920 жылдары қазақ баспасөзінде жарық көрген хабарландырулар бір сыдыртып оқып өтетін ақпарат қана емес. Онда ашаршылық жылдары жоғалған ұл-қызын іздеген ата-ананың жанайқайы, тағдыр тәлкегіне түскен әр отбасы мен жан-жаққа бас сауғалап кеткен халықтың соңғы үміті жатыр. Мәселен, 1922 жылы «Ақ жол» газетіндеi«Ақ жол» газеті, №198. 26 шілде, 1922 жарияланған хабарландыру сол заманның қасіретін айқын көрсетеді:

«Өзіміз де ашаршылыққа ұшырап жүргенімізде балаларымызды қазына жәрдемімен бағуға алып кеткен еді. Осы күнге дейін сол балаларымыздың қайда тұрып, қайда жүргенін білмейміз...»

«Ақ жол» газеті, №198. 26 шілде, 1922. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

«Ақ жол» газеті, №198. 26 шілде, 1922. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

Шарасыздық пен үмітсіздік торлаған бұл хабарландыруда Ақтөбе уезінің 2-ші Бөрте болысынан шыққан Дәулетқали Алмұханбетұлы мен жары Ғазиза төрт баласының тағдырын әлі күнге дейін білмейтінін жазады. Газет арқылы іздеу салып, жұрттан көмек сұрайды. Үлкені Сәлімгерей — 13, Бақтыкерей — 11, Задакерей — 8, ал кенжесі Ахметкерей небәрі 6 жаста екен.

Амалы таусылған ата-ана: «Осы балаларды көрген-білген болса, «Ақ жол» арқылы хабарын білдірулерін өтінеміз» дейді.

«Балаларымды басқа жаққа көшіріпті...»

Бір ғана құлақтандырудан аштықтың тек экономикалық емес, орасан зор әлеуметтік апат әкелгенін көреміз. Кей ата-аналар ұрпағының амандығы үшін шарасыздықтан балаларын өкімет үйлеріне өткізді. Кейін солардың көбі түрлі аймаққа көшіріліп, балаларынан біржола айырылып қалады. Олардың қайда кеткені, қай жерге орналасқаны көп жағдайда белгісіз еді. Ол кезде хабарласу, ақпарат алмасу жүйесі шектеулі болғандықтан, газет беті жоғалғандарды іздейтін жалғыз мүмкіндікке айналды, ел мен елді, адам мен адамды байланыстыратын жалғыз көпір болды.

1925 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетіндеi«Еңбекшіл қазақ» газеті, №323. 1 мамыр, 1925 жарияланған тағы бір хабарландыруда Дашекеп Домаланов есімді азамат аштық жылдары Ақтөбедегі балалар үйіне тапсырған төрт баласын іздейді:

«Аштық жылы бір қыз, үш еркек баламды Ақтөбенің балалар үйіне беріп едім. Сол балаларды осы күні басқа жаққа көшіріпті. Бұлардың қай жерде екенін біле алмадым...»

«Еңбекшіл қазақ» газеті, №323. 1 мамыр, 1925.  Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

«Еңбекшіл қазақ» газеті, №323. 1 мамыр, 1925. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

Нәубет кезінде көз жазып қалған кішкентайларының арасында Мадқия есімді қыз бала бар. Өзгелерінің есімі Қанапия, Есенбай және Қайшыбай екен.

Бұл кісі де жазбасының соңында: «білген кісі болса мына адрес бойынша хабарландыруын өтінемін» деп, «Ст. Жалагаш т. Ж. Д. Дашекепу Домаланову» деген мекенжайын көрсетеді.

Жоғалғандарды қалай сипаттаған?

Газетке жолданған хаттардың дені ресми мазмұнда жазылған және суретсіз берілген. Сондықтан бәрі іздеген адамдарын сипаттағанда олардың түр-түсін, бетіндегі шешек дағын, мұрнының пішінін, тіпті денесіндегі жараның орнын жазған. Жоғалған адамның сол айырма белгілері олардың жадында жатталып қалса керек. Сондай ең ауыр деректің бірі — 1921 жылы балалар үйімен бірге Ташкентке кеткен бес баланы іздеу туралы хабарландыру. Мұнда балалардың аты-жөні, жасы, түр-түсі түгел көрсетілген:

«Мұқан Бұққұлұлы — 12 жаста, сары, бетінде шешек дағы бар; Сейсенғали Өмірбекұлы — 13 жаста, қара торы; Бақтыбай Алпысбайұлы — 12 жаста; Әмір Жалмағамбетұлы — 13 жаста; Түсім Дәрібайұлы — 20 жаста, қызыл шырайлы, орақ мұрынды, тамағының астында жара ізі бар».

 «Еңбекшіл қазақ» газеті, №19 (747). 25 қаңтар, 1927. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

«Еңбекшіл қазақ» газеті, №19 (747). 25 қаңтар, 1927. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

1927 жылғы хабарландырулардың бірінде «Қайыстай үлкен мұрынды, қара жігіт...» деген жолдар бар. Бұл — туған інісін сипаттаған адамның сөзі. Хабарландыру әрі қарай былай деп берілген:

«Қазір 36 жаста, өзіммен бірге туған інім 1917–1918 жылғы ашаршылықта Пішпек, Тоқмақ қалаларына қаңғырып кеткен еді. Содан бері жоқ. Ақмоладан 90 шақырым Қызылжар-Омский жолының айырылатын жерінде Яков деген орыстың қолында малай деп естігенмін. Білгендер болса хабарын айтсын. Дәулет Қаттаубайұлы».

«Еңбекшіл қазақ» газеті, №119 (847). 29 мамыр, 1927. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

«Еңбекшіл қазақ» газеті, №119 (847). 29 мамыр, 1927. Суретті ұсынған — Абай Мырзағали

Арада он жылға жуық уақыт өтсе де бауырын іздеуін тоқтатпаған жанның сөзі кімді болса да бейжай қалдырмайды. Алайда осы хабарландырудан ашаршылықтың тағы бір қырын — халықтың босқынға ұшырағанын куәгерлердің өз сөзінен көңілге тоқимыз. Аштықтан әлсіреген жұрттың кейбірі жан сақтау үшін Қырғызстан мен Ресей қалаларына асып кетсе, қалғандары ел ішінде сергелдеңге түсті. Мына хаттан сондай жағдайдың біріне куә боламыз: 1927 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетіндеi«Еңбекшіл қазақ» газеті, №19 (747). 25 қаңтар, 1927 жарияланған кезекті хабарландыруда Мақамбет Бексақалұлы 1917 жылғы аштықта Қостанай жаққа кетіп, содан оралмаған інісі Жүністі іздейді. Әрі қарай газет бетінде:

«Түсі қоңырлау, бетінде шешек дағы бар. Көрген-білген адам болса, мына адреске білдірсін: Қызылорда үйезі, Қараөзек болысы, 1-ауыл азаматы Мақамбет Бексақалұлы» деп жазылған.

Ашаршылық жылдарындағы қазақ даласы

Бұл — 1917–1919 және 1921–1922 жылдары қазақ даласын шарпыған ашаршылықтан кейін бірін-бірі іздеген қазақтардың бар үмітін арқалаған хабарландырулар. Өйткені 1917–1919 жылдар Түркістан өлкесі, оның ішінде Жетісу мен Сырдария өңірін ашаршылық жалмап, тіпті нәубет асқынған 1918 жылы өлім-жітім ересек адамдар арасында 30 пайызға, кейбір аудандарда 75 пайызға дейін жетеді. Ал 1921–1922 жылдардағы ашаршылық кеңестік Ресейдің 30-дан астам аймағынан бөлек, Қазақ АКСР-іне қарасты Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губерниялары мен Адай уезін жайпап өтті. Тарихшылар бүгінге дейін осы ашаршылықтан, оның салдарынан өршіген жұқпалы аурулар мен індеттерден опат болған адамдардың саны нақтыланбағанын айтады.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

Қазақ жеріндегі ашаршылық

Жұт пен қуаңшылықтан — кеңестік солақай саясатқа дейін

Ал газет беттеріндегі шағын хабарландырулар жеке отбасының ғана емес, бүтін бір дәуір трагедиясының куәсіндей.

Ең қиыны, шарқ ұрып перзентіне іздеу салған ата-аналардың газетке шыққан құлақтандырудан соң балаларын тапқан-таппағаны белгісіз. Бірі балалар үйінде жат жұртқа сіңіп кетсе, бірі тағдыр тауқыметімен із-түссіз жоғалды. Тек газет бетінде қалған осы қысқа хабарландырулар сол үнсіз кеткен ұрпақтың соңғы ізі тәрізді.