Қазақ жеріндегі ашаршылық

Жұт пен қуаңшылықтан — кеңестік солақай саясатқа дейін

~ 13 мин оқу
Қазақ жеріндегі ашаршылық

Байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезіндегі митинг. Қазақ АССР / РИА

19-ғасырдан бастап қазақ даласында әр он жыл сайын ашаршылық жүріп отырған. Зұлматтан қанша адам қырылғаны жайында әлі күнге дейін нақты дерек жоқ. Әсіресе кеңестік билік орнаған тұста әр жылдары болған ашаршылықтың ауқымы мен зардабы өте үлкен еді. Себебі халық жұт пен қуаңшылықтан ғана емес, сол кездегі биліктің солақай саясатының кесірінен ашаршылыққа ұшырады. Тарихшы Сәбит Шілдебай алапат нәубеттің қазақ қоғамына қалай әсер еткенін және оның себептерін жан-жақты талдап көрсетеді.

Ашаршылықтың себептері

Қазақ халқы Кеңес өкіметі тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешірді. Атап айтсақ, 1917–1919 жылдары Түркістан Республикасына қарасты Жетісу және Сырдария облысының қазақтары аштыққа ұшыраса, 1921–1923 жылдардағы ашаршылық Қазақ АКСР-іне қарасты Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губерниялары мен Адай уезін қамтыды. Ал 1927–1934 жылдар аралағында сол кездегі КСРО-ны, соның ішінде бүкіл қазақ жерін жайлаған зұлмат қазақ халқының жартысын жер жастандырды.

Мал жаппай қырылды және бұл жағдай аштық жайлаған барлық өңірде байқалды / Bridgeman images

Мал жаппай қырылды және бұл жағдай аштық жайлаған барлық өңірде байқалды / Bridgeman images

Ашаршылық жылдары қазақ даласындағы сұмдықты, қынадай қырылған халықтың ауыр халін көз алдыңа елестеу өте ауыр. Бірақ кеңес билігіне дейін қазақ даласында ашаршылықтар болды ма? Тарихи кезеңдерді сараласақ, әр уақытта халықтың зұлмат пен жұттан зардап шеккенін көреміз. 1921–1922 жылдары ҚАКСР ОАК жанындағы Ашыққандарға көмектесетін төтенше комиссияның төрағасы болған Сейітқали Меңдешев 1922 жылы 19–27 ақпан аралығында Орынбор қаласында өткен ІІ РК(б)П Қырғыз облыстық конференциясында жасаған «Қазақ даласындағы аштық және онымен күрес туралы» баяндамасында:

«Қырреспубликада аштық жылдары қайталанып тұрады. Тарихи анықтамалар Қырреспубликаға кіретін губернияларда 1802, 1810, 1833, 1840, 1859, 1864, 1876, 1880, 1891, 1896, 1911, 1921 жылдары аштық болғанын айғақтайды. Көріп отырғаныңыздай, аштық мезгіл-мезгіл, әр онжылдықта бір рет болып отырған. Тарихи жазбадан көрініп тұрғандай, әрбір аштық жылы қарсаңындағы бір жылда құрғақшылық болады, сосын, аштықтан кейінгі келесі екі жылда қатарынан егістік көлемінің аздығынан қиындық көреді»iСейітқали Меңдешев: құжаттары мен материалдар жинағы = Сейткали Мендешев: сборник документов и материалов / Құраст.-автор: С.Қ. Шілдебай; құраст.: А.Б. Ордаханова. Алматы: «Полиграфия-сервис и К°», 2021. 104-105-б. , – деп қазақ халқының әрбір онжылда бір рет аштыққа ұшырағанын айтады. 

Ал ашаршылық тақырыбында екі бірдей монографиялық еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова 19-ғасыр мен 20-ғасырда халықты баудай түсірген бірнеше нәубеттің қайталану жиілігін саралап:

«Оның бірі — табиғи апаттан (қуаңшылықтан шөптің күйіп кетуі, қыс кезіндегі қиындықтардан астықтың шықпай қалуы және т.б.) туындаған жұттан малдың қырылуы ел арасында аштықтың өршуіне алып келсе, екіншісі — екі апат тұсындағы өлкені билеуші үкіметтің солақай саясатының салдары»iСмағұлова С. Ашаршылық қасіреті. 1-кітап. Алматы: «Елтаным баспасы», 2019. 6-б. , – дейді. 

Сол кездегі кеңес билігінің солақай саясаты, жұт пен қуаңшылықтан басқа ашаршылыққа себеп болған тағы бір жағдай бар. Оған көшпенді өмір салтында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуін жатқыза аламыз.

1917–1919 жылдардағы Түркістандағы ашаршылық

Түркістан Республикасының мұсылман халықтары, соның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде жазалауға ұшыраған Жетісу және Сырдария облысының жергілікті тұрғындары 1917 жылдың соңында басталған ашаршылық шеңгеліне бірінші болып ілікті. 1918 жылы ашаршылық одан бетер асқынып, көшпелі халық арасындағы өлім-жітім ересек адамдар арасында 30 %, ал кейбір аудандарда 75 % жеткенi Қоңыратбаев О.М., Жүнісбаев А.Ә. Мұсылман Бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919–1920 жылдар). — Алматы: ИП «Уатханов» баспасы, 2011. 65-б..

Бұл фотоны Ресей Қызыл Крест қоғамы түсірген болуы мүмкін / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан

Бұл фотоны Ресей Қызыл Крест қоғамы түсірген болуы мүмкін / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан

Түркістандағы ашаршылыққа бірнеше жағдай қатарынан әсер етті. Егістікке жарамды жерлердің барлығына дерлік мақта егіліп, астық дақылдарын егуге тыйым салынды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі алым-салықтардың күрт өсуі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейінгі жазалау мен тонау халықты титықтатып жіберді. Сонымен қатар 1917 жылғы Ақпан және Қазан революциялары, азамат соғысының ауыр зардаптары, 1917–1918 жылдардағы екі жылға созылған қуаңшылық және Түркістан АКСР-ін басқарған басшылардың солақай саясаты халықты аштыққа алып келді.

Алғашында РК(б)П Ташкент қалалық комитетін, кейін ТАКСР Орталық атқару комитетін басқарған Иван Тоболин:

«Қырғыздар (қазақтар) экономикалық жағынан әлжуаз, марксистердің көзқарасы бойынша бәрібір құрып бітуі тиіс. Революцияға қажетті қаржыны аштықпен күреске шығындағаннан гөрі, майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды», – деп, жергілікті халықтың аштан қырылуына жол беріп, қарап отырды.

Бұл жөнінде Түркістанның өкілетті өкілі У. Шакиров 1919 жылы РСФСР Ұлттар істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары Станислав Пестковскийге жазған хатында:

«Түркістанның қазіргі үкіметі өзінің қыр халықтарына қарсы жасаған қылмысты саясатының нәтижесінде оларды толық қайыршылыққа ұшыратты және халықтың 60 % қырылуына әкелді», – деп ашына мәлімдейді.

Тұрар Рысқұловтың саясатқа араласуы

1918 жылдың көктемінде Ташкенттегі оқуын тоқтатып, Әулиеата уезіне келген Тұрар Рысқұлов пен «Бұқара» ұйымының басқа мүшелері саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған кеңес үкіметіне кіріп, аштан қырыла бастаған қазақ жұртын арашалап алу мақсатында большевиктер партиясына мүшелікке өтеді. Рысқұлов бастаған қазақ қайраткерлері тез арада ықпалды саяси топқа айналып үлгереді. Соның арқасында ол 1918 жылы 21 сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің мүшелігіне қабылданса, жаз айында Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады.

Тұрар Рысқұлов / Wikimedia Commons

Тұрар Рысқұлов / Wikimedia Commons

1918 жылы сұрапыл ашаршылық Әулиеата уезін ғана емес, Түркістан өлкесін тұтастай шарпиды. Сол жылдың күз айларында Түркістандағы ашыққан халықтың саны екі миллион адамға жуықтайды. Тіпті аштықтан әбден қалжырап, иммунитеті төмендеген адамдар жұқпалы аурулар мен індеттерден қырыла бастайды. Тұрар Рысқұлов халықты аштықтан құтқарып, қырғынды тоқтатудың жалғыз жолы өлкелік билікке бару екенін жақсы түсінеді. Сөйтіп ол 1918 жылы күзде Ташкенттегі Түркістан кеңестерінің VI съезінде ТАКСР ОАК мүшелігіне өтіп, республиканың Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалады.

Тұрар Рысқұлов 1918 жылы 28 қарашада комиссарлық қызметтен бас тартып, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрады. Ол кезде небәрі 24 жаста болатын. Жастығына қарамастан қысқа уақыт аралығында үкімет құрамында үлкен бедел жинап, Түркістанға танымал қайраткерге айналады. Оның ұйымдастырушылық талантының арқасында орыс большевиктері мұсылман жұртшылығы ортасындағы сұрапыл ашаршылықты мойындап, азық-түлік пен ақша бөлуге мәжбүр болады. Аштықпен күрес комиссиясының республикалық, облыстық, уездік, болыстық және қалалық бөлімшелері ашылып, республика бойынша 1200-ге жуық қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйі мен жұқпалы ауруларға арналған емханалар ашылады. Әсіресе Тұрар Рысқұлов Түркістан өлкесінің 11 000 ерікті жасын аштыққа қарсы күреске шақырып, олар комиссия бөлімшелеріне тартылды, яғни бүгінгі тілмен айтқанда ол Түркістан Республикасындағы волонтерлық қозғалысты ұйымдастырушы болды. Бес-алты айға созылған арпалыстан кейін, 1919 жылдың көктеміне қарай Түркістанда ашаршылықтың беті қайтты. Төніп тұрған ажал тырнағынан бір миллион адам құтқарылды. Шыны керек, бұл күрес ұлтты сақтап қалу жолындағы арпалыс еді.

Дәрігерлер Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде тұрғындарды тексеріп жатыр. Қазақ АССР. 1928 / РИА

Дәрігерлер Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде тұрғындарды тексеріп жатыр. Қазақ АССР. 1928 / РИА

Өкінішке қарай, 1917–1919 жылдары Түркістан Республикасын жайлаған ашаршылықтан қанша адам құрбан болғанына ғалымдар әлі күнге дейін нақты жауап берген жоқ. Бірақ бұл турасында Мұстафа Шоқай 1 114 000 адам аштықтан өлді деген дерек келтіреді.

«Қазақ» газетінің мәліметіне сенсек, 1917 жылдың шілдесінде Сырдария облысында 1 272 290 қазақ, Жетісу облысында 857 982 қазақ, барлығы 2 130 272 қазақ өмір сүрген. Ал 1926 жылғы санақ бойынша Қазақ АКСР-іне қосылған осы аймақта 1 428 989 қазақ болған.

Яғни арада өткен 9 жылдағы табиғи өсімді есептегеннің өзінде бұл аймақтағы қазақтардың саны 701 283 адамға азайған.

1921–1923 жылдардағы ашаршылық

1921–1922 жылдардағы ашаршылық Қазақстанның 5 губерниясы мен 1 уезіннен бөлек, кеңестік Ресейдің 30-дан астам губерниясын жайпап өтті. Әсіресе Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары аштықтан қатты зардап шекті. Ашаршылық жайлаған 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 40 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның бес миллионнан астамы ажал шеңгелінен құтыла алмады. Бірақ қазірге дейін 1921–1922 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өршіген жұқпалы аурулар және індеттерден опат болған адамдардың санын нақты анықтаған бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ.

«La Famine en Russie» иллюстрациялар альбомы. Женева, 1922 жыл / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан

«La Famine en Russie» иллюстрациялар альбомы. Женева, 1922 жыл / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан

Сол жылдардағы ашаршылықтың Қазақстанға тигізген зардабының қаншалықты екенін 1920 жылы және 1926 жылы жүргізілген халық санағының мәліметтері арқылы анықтауға мүмкіндік бар. 1920 жылғы 28 тамызға дейін жүргізілген демографиялық санақ бойынша Қазақстанда (сол кездегі ТАКСР құрамындағы жерлерді қоспағанда) барлығы — 4 781 263 адам (қалалар мен қала типтес поселкелерде — 402 751 адам; темір жол жолағына алынған жерлерде — 18 695 адам; ауылдық жерлерде — 4 359 817 адам.) болдыiСтатистико-экономический обзор Киргизской Советской Социалистической Республики. Оренбург: ЦСУ КССР, 1923. С. 62. . Ал 1920 жылы қазан айының соңына дейін жүргізілген ауыл-шаруашылық санағы бойынша ҚАКСР аумағында 4 369 650 адам ауылдық жерлерде есепке алынған. Демек, демографиялық санақ пен ауыл-шаруашылық санағындағы айырмашылық — 9 833 адамға тең. Сол сияқты 1920 жылы екі санаққа кірмей қалған, яғни санақ кезінде уақытша жоқ болған көшпелі ауыл халқының саны 157 120 адамға жеткен. Міне, осы айырмашылықтардың барлығын қоса есептегенде, ҚАКСР Статбасқармасының мәліметі бойынша 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4 938 383 адам есепке алынғанiБұл да сонда, 62-65-б. . Әртүрлі себептермен есепке алынбай қалғандар және ҚАКСР аумағындағы әскери бөлімдердегі (оның саны бізге белгісіз) адам санын қоса есептесек, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР территориясында шамамен 5 миллионнан астам адам тұрған деген қорытынды жасаймыз.

«Ашыққандарды ұмытпа» атты кеңестік плакат. 1921 жыл / Wikimedia Commons

«Ашыққандарды ұмытпа» атты кеңестік плакат. 1921 жыл / Wikimedia Commons

1923 жылы ҚАКСР-дегі халық саны 3 786 910 адам болғанiҚазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 638-б. . Енді біздің есебіміз бойынша, 1920–1923 жылдар аралығында ҚАКСР-де халық саны 1 151 473 адамға кемігенi5 томдық академиялық «Қазақстан тарихының» 4-томында «1920 жылдан 1923 жылға дейінгі аралықта Қазақстан халқының саны 892 885 адамға кеміді» деген мәлімет берілген (Қараңыз: 638-б.). . Осы мәліметке қарай отырып, шамамен алғанда азайған 1 151 000 халықтың қаншасы аштықтан, жұқпалы аурулар мен індеттерден қайтыс болғанын және көршілес республикаларға босып кеткенін терең зерттеп, нақтылау қажет.

1921-1923 жылдардағы ашаршылықтың себептері

Қазақ даласында басталған ашаршылықтың бірнеше себебі болғанын бұған дейін де айттық. Мәселен, 1921 жылдың көктемінен бастап ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан астық пен шөп күйіп кетті. Қазақ Республикасы аумағын қамтыған 1918–1920 жылдардағы азамат соғысы, 1920 жылы астық пен шөптің шықпай қалуы, 1920–1921 жылдары малдың жұтқа ұшырауы ауыл шаруашылығын толық құлдыратып, ашаршылықтың басталуына алғышарттар жасады.

Көтерем жылқы. КСРО, 1932 немесе 1933 жыл / Alamy

Көтерем жылқы. КСРО, 1932 немесе 1933 жыл / Alamy

Сонымен қатар Кеңес өкіметі жүргізген әскери коммунизм саясаты шаруалардың еңбекке деген ынтасын төмендетіп, егістік көлемі мен мал басын азайтып жіберді. Мысалы, 1917 жылы Қазақстандағы егістік көлемі 5 840 000 десятина болса, 1920 жылы — 3 075 000 десятинаға, 1921 жылы — 2 098 000 десятинаға дейін кеміген. Демек, 1917 жылдан 1920 жылға дейін егіс алқабы 20 %, одан кейін 47 % қысқарған. Сондай-ақ 1917 жылы 29 700 000 бас мал болса, 1920 жылы — 9 700 000 бас малға, 1921 жылы — 6 200 000 бас малға дейін азайғанiҚРПА, 139-қ., 1-т., 252-іс, 126-127-п. .

«La Famine en Russie» иллюстрациялар альбомы. Женева, 1922 жыл / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан Альбом иллюстраций

«La Famine en Russie» иллюстрациялар альбомы. Женева, 1922 жыл / Сәбит Шілдебайдың жеке коллекциясынан Альбом иллюстраций

Бұл деректер ауылшаруашылығындағы апатты жағдайды айқын әрі терең сипаттап береді. 1921 жылы ҚАКСР-дегі 2 098 000 десятина егіс алқабынан орташа есеппен әрбір десятинадан 32 пұт алғанның өзінде астық көлемі 70 миллион пұттан аспайтын. Ал азық-түлік пен тұқымға 100 миллион қажет едіiБұл да сонда, 127-п. . Соның өзінде құрғақшылық күйдіріп, шегіртке жайпаған алқаптардан ешқандай астық түсімі болмады. Осындай азық-түлік тапшылығы 1921 жылғы жаз айының өзінде-ақ халыққа ашаршылықтың қамытын кигізді.

1921-1923 жылдардағы ашаршылық қалай тоқтады?

Аштық басталған соң-ақ, Ленин бастаған большевиктер партиясы шұғыл дабыл қағып, ашаршылыққа қарсы күрес жұмыстарына кірісті. Сол жұмыстың аясында, 1921 жылы 18 маусымда Бүкілресейлік ОАК декреті бойынша Ашыққандарға көмектесетін Орталық комиссия (ЦК Помгол) құрылып, оны БОАК төрағасы Михаил Калинин басқардыiИтоги борьбы с голодом в 1921-22 гг. Сборник статей и отчетов. Москва: Кремль, 1922. С. 11. . Мұндай комиссиялар РКФСР-ға қарасты барлық автономиялы ұлттық республикалар мен облыстарда, губерниялар мен уездерде құрылды. Соның бірі — 1921 жылы 8 шілдеде құрылған ҚАКСР Орталық атқару комитеті жанындағы Ашыққандарға көмектесетін төтенше комиссия (одан әрі – АКТК).

Михаил Михайлович Черемных. Плакат. “Азаматтар! Ашаршылықтың әбден күшейіп, масқара жағдайға жеткенін түсінсеңіз етті”. 1922 жыл / Heritage Art / Heritage Images / Getty Images

Михаил Михайлович Черемных. Плакат. “Азаматтар! Ашаршылықтың әбден күшейіп, масқара жағдайға жеткенін түсінсеңіз етті”. 1922 жыл / Heritage Art / Heritage Images / Getty Images

Комиссияға ҚазОАК төрағасы Сейітқали Меңдешев жетекшілік жасаса, оның алғашқы құрамына мүше болып Азық-түлік (Илья Шлейфер), Жер-су (Василий Харлов), Әлеуметтік қамсыздандыру (Әліби Жангелдин) халкомдары және Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариатының өкілі кірдіiСтенографический отчет 2-го съезда Советов Киргизской Социалистической Советской Республики. 4-10 октября 1921 года. / Под редакцией Агитпропа Киробкома РКП. Б.м.: б.и., б.г. С. 76..

Қазақ даласында басталған ашаршылықты Сейітқали Меңдешев:

«1921 жылы мамырда егіcтік түрі қолайлы болды және астық түсімі орташа немесе орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілді. Бірақ шілдеде басталып, ұзаққа созылған құрғақшылық, содан кейін көптеген жерлерде қара бұлттай қаптаған шегіртке толқыны егінді толығымен жойды. Қырреспубликадағы аштықтың алғашқы сәтінде шаруалар жаппай қоныс аударып, мұқтаждыққа ұрынған аш босқындар қалаларға шоғырланды. Олардың арасында ауру мен өлім етек алды. Көшеде қараусыз қалған көптеген киімсіз балалар босып жүрді»iҚРПА, 139-қ., 1-т., 252-іс, 129-п. , – деп сипаттайды. 

1921 жылы 6 қазанда өткен ҚАКСР Кеңестері ІІ съезінің 4-ші мәжілісінде Азық-түлік халкомының міндетін атқарушы Илья Шлейфер «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасап, сол жердегі талқылау негізінде «Аштықпен күрес туралы мәселе жөніндегі қарар» қабылдандыiРезолюция и постановления ІІ Съезда Советов КССР. 4-10 октября 1921 г. Оренбург, Киргосиздат, 1922. С. 14-17. . Қарардың қорытынды пунктіне сәйкес, 1921 жылы 25 қазанда ҚАКСР ОАК Президиумы АКТК құрамын кеңейтіп, оны Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссияға (АКОК) айналдырдыiКомиссия 1922 жылдың 26 қыркүйегінде таратылып, оның орнына Аштық салдарымен күресетін орталық комиссия құрылды. . АКОК құрамына ашыққандарға көмектесуге ықпал жасай алатын барлық мемлекеттік билік органдарының өкілдері енгізілді. 1921 жылдың қарашасына қарай республика көлемінде бір үзім нанға зар болған адамдардың саны 1 558 927 адамға жеттіiҚазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. 185-б.. Ал 1922 жылдың қаңтарына дейінгі аймақтардың мәліметтері бойынша аштыққа ұшырағандардың жалпы саны 1 476 985 адамға (ересектер — 927 593, балалар — 549 392) жетті.

Сергей Чехонин. Ашыққандарға көмектес! “Өнер қызметкерлері одағы ашыққандарға жәрдемдеседі”. Кеңес агитациялық плакаты, 1921 жыл / Alamy

Сергей Чехонин. Ашыққандарға көмектес! “Өнер қызметкерлері одағы ашыққандарға жәрдемдеседі”. Кеңес агитациялық плакаты, 1921 жыл / Alamy

1922 жылдың 12–17 ақпан аралығында аштыққа ұшыраған губерниялар өкілдерінің қатысуымен Орынборда өткен Ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың І бүкілқырғыздық (бүкілқазақтық) съезінде АКОК төрағасының орынбасары Сергей Сергеев аштықпен күрес туралы баяндама жасады. Ол өзі ұсынған деректер арқылы Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезінде 2 653 300 адамның аштық құрсауында қалғанын жеткіздіiРФМА, 1064-қ., 2-т., 123-іс, 204-а.п. .

Бұл деректі арада екі күн өткен соң Орынборда болған Екінші облыстық партконференцияда Сейітқали Меңдешев те келтіріп, баяндама жасайдыiҚРПА, 139-қ., 1-т., 252-іс, 126-п. . Оның айтуынша, құрғақшылық кесірінен туған апат Қырреспублика халқының көп бөлігіне аштан өлу қаупін төндірген. Бұдан әрі ол көз алдыңа сұмдық көріністерді жіпке тізгендей етіп көрсетеді:

«Аймақтардан келген хабарларға қарағанда, адамдар шөптердің тамыры және өсімдіктердің жапырағымен қоректенуде. Кейбір аудандарда адамдар иттерді, мысықтарды және басқа да ұсақ жануарларды жеп, қоймалардан терілерді сүйреп шығарып, қоректенуге көшкен. Орал губерниясында және басқа да кейбір жерлерде адам етін жеу дерегі бар. Ашыққан аудандарда ұрлық, тонау, кісі өлтіру жиілеп кетті, аштық салдарынан ақылынан адасу жағдайлары кездесуде. Әсіресе даладағы көшпелі халық, жұт кезінде бар малынан айрылған қырғыз кедейлері ауыр азапты бастан кешуде. Аймақтардан келген қысқа хабарламаларда ешқандай көмек көрмеген қырғыздар отбасымен бірге қыстауларында ешқайдан көмек күтпей үнсіз өліп жатқаны айтылады. Бұл хабарламалар Қырреспублика еңбекшілеріне жеткен апат мөлшерінің нақты көрсеткіші саналады»iҚРПА, 139-қ., 1-т., 252-іс, 131-п. .

1922 жылы 8 шілдеде ҚазОАК төрағасы Сейітқали Меңдешев 2-сайланған Қазаткомның 3-сессиясындаi3-Сессия жұмысы 14 шілдеде аяқталды. аштық пен оған қарсы жүргізілген жұмыстар туралы мол мәлімет беретін тарихи сөз сөйлейді. Ол сол кезде ашаршылық шарықтау шегіне жеткен 1922 жылдың наурыз-мамыр айларында зұлматтан зардап шеккендердің саны 2 832 000 адамға жеткенін айтып бердіiІІІ Сессия Киргизского Центрального Исполнительного Комитета 2-го созыва (Полный Стенографический Отчет: Бюллетени № 1-6). 8-16 июля 1922 года. Оренбург: Типография Губсовнархоза № 8, 1922. С. 2. .

Осы аралықта халықты тентіретіп жіберген нәубет Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссия мен жергілікті комиссиялардың жұмысы нәтижесінде ауыздықталды. Соның арқасында 1923 жылдан бастап Қазақстанның барлық аумағындағы ашаршылық тоқтады.

Күштеп ұжымдастыру, 1932–1933 жылдардағы аштық және  ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуі салдарынан туындаған әлеуметтік күйзелістен қорыққан кеңес билігі 1930 жылдан бастап қуғын-сүргін саясатын жүргізе бастады. 1930–1939 жылдар аралығында жүздеген мың адам өлді / Alamy

Күштеп ұжымдастыру, 1932–1933 жылдардағы аштық және ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуі салдарынан туындаған әлеуметтік күйзелістен қорыққан кеңес билігі 1930 жылдан бастап қуғын-сүргін саясатын жүргізе бастады. 1930–1939 жылдар аралығында жүздеген мың адам өлді / Alamy

Алайда «жұт жеті ағайынды» демекші, 1921 жылы маусымның соңында ҚАКСР аумағын Самарадан келген тырысқақ індеті шарпып, онсыз да аштықтан титықтаған халықты тамыздың соңына дейін әлекке салды. Осы індетпен 13 789 адам ауырып, оның 5 706-ы ажал құшадыiОтчет народного комиссариата здравоохранения КССР 2-му всекиргизскому съезду советов. Оренбург: Тип. Губсовнархоза № 7, 1921. С. 30-31. . Айта кетейік, 1920–1921 жылдары Қазақстанда ең көп таралған қырқұлақ (діңгене), шешек, жәншау (скарлатина), сібір жарасы, тышқақ, безгек, көкжөтел, тырысқақ, бөртпе сүзек, іш сүзегі, қайтпа сүзек, белгісіз сүзек, туберкулез, бруцеллез, мерез (теңге қотыр немесе сифилис) және т.б. індеттер мен жұқпалы ауруларға қарсы шұғыл шараларды қолға алу қажет болды. Өйткені 1921 жылдың өзінде ҚАКСР бойынша 350 005 адам жұқпалы аурулармен ауырған.

1927–1934 жылдардағы зұлмат

Біз осы жылдар аралығындағы ашаршылықты бекер 1927 жылдан бастаған жоқпыз. Тарихи құжаттар сол жылғы жұттан кейін қазақ даласында астық тапшылығы басталып, келер жылы ішінара ашаршылық деректері болғанын айғақтайды. Себебі 1928 жылдың қаңтарынан 1930 жылдың ортасына дейінгі кезеңде Қазақстандағы халық санының 794 400 адамға (толық дерек емес – С.Ш.) кемігені осы сөзімізге айқын дәлел. Әрине, халық санының азаюына ашаршылықтан бөлек жағдайлар да әсер еткені түсінікті. Бірақ жұттан басқа тағы бір дерек келтірсек, 1928 жылы қыркүйекте аяқталған жаңа әкімшілік-территориялық бөлініс нәтижесінде пайда болған 193 ауданды басқаруға (оның ішінде ҚАО қарасты 10 аудан бар) негізінен сауаты мен тәжірибесі аз адамдар жіберілді. Олардың ұрда-жық саясаты мен бассыз әрекеттері 1931 жылдан 1934 жылға дейін созылған алапат ашаршылықтың алғышартын бастап берді.

Сейітқали Меңдешев / Wikimedia Commons

Сейітқали Меңдешев / Wikimedia Commons

Бұл жылдардағы нәубеттің адам айтқысыз жылдам өршіп, бақылаусыз жайылуына алып келген өзге де себептер көп. Өкіметтік 3 қаулы негізінде жүзеге асырылған солақай саясат, сондай-ақ ет, мал және астық даярлау науқандары, жаппай күштеп ұжымдастыру нәтижесіндегі қарсылық пен наразылық салдарынан мал басы күрт кеміді. Тарихшы Қ. Алдажұмановтың дерегінше Қазақстанның барлық аумағында 1929 жылғы 44 723 200 мал басынан 1931 жылы барлығы 8 612 800 мал басы қалған. Ал 1932 жылы мал басы тағы 3 676 682-ге қысқарып, 4 936 000-ға түскен. Бұл көрсеткіштер жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Қазақ байлары мен Кеңес өкіметіне қарсы топтардың шаруаларға қатысты «малды колхозға бергенше өздерің жеңдер» деген арандатушылық үгіт-насихаты, өкіметтің солақай саясатына қарсы шаруалар көтерілісі, 1931–1932 жылдардағы қуаңшылық пен төрт жылда 3 мәрте өзгерген әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде құрылған жаңа аудандарға кедей шаруалар мен жұмысшы-батырақтардан шыққан дайындығы жоқ басшылардың тағайындалуы ашаршылық зардабын еселей түсті.

Ашаршылық тақырыбы қалай зерттелді?

1931–1933 жылдардағы ашарлық зардаптарын анықтау мақсатында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1991 жылдың 14 қарашасындағы «Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің «Байлардың шаруашылықтарын конфискелеу туралы» 1928 ж. 27 тамыздағы, «Аса ірі және жартылай феодал байларды конфискелеу мен көшіруге қарсы шыққаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» 1928 жылғы 13 қыркүйектегі, «Жаппай коллективтендіру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» 1930 жылғы 19 ақпандағы қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының комиссиясын құру туралы» қаулысыiҚССР Жоғарғы Кеңесінің ведомостары, 1991. 26 қараша. болды. Зерттеу жұмыстары арнайы Мемлекеттік комиссияның қызметі аясында жүзеге асырылды.

Манаш Қозыбаев / Kazgazeta.kz

Манаш Қозыбаев / Kazgazeta.kz

Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен жұмыс істеген Комиссия бұрын жабық болған ОГПУ–НКВД–КГБ архивін, басқа да архив мекемелерінің құжаттарын қарап, ауқымды ғылыми баяндама әзірледі. Соның негізінде жасалған қорытындығаiҚараңыз: Қолдан жасалған қасірет // Егеменді Қазақстан, 1992. 22-желтоқсан. 1,2-б. сәйкес, сол кездегі ОГПУ–НКВД органдары анықтаған 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде 2 200 00 адамынан, яғни қазақ халқының 49 % айырылғаны жарияланды. Сондай-ақ бұл алапат қасірет 20-ғасырдағы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған трагедия деп көрсетіліп, қазақ халқына жасалған «геноцид саясатының көрінісі» деген баға берілді.

Тарихи деректер негізінде 1928–1936 жылдар аралығында Қазақстандағы халық саны 2 308 000 адамға кеміді деп айта аламыз. Бұл табиғи өсімді есептемегендегі сан. Әзірге барлық деректерді сараптап, қазақ даласын жайпаған алапат ашаршылық кезінде 2 200 000 адам (оның ішінде 1,750 мыңы қазақ) құрбан болды деген Жоғарғы Кеңес Президиумы комиссиясының қорытындысы шындыққа жақындайтынын көреміз. Бірақ мұның өзі әлі толық емес. Сондықтан тарихи шындыққа қол жеткізу үшін қазақ тарихшылары әлі де машақатқа толы ғылыми зерттеулерді жүргізуі тиіс.