ӘБУ-Л-АББАС

Ұлы Карлдың пілі

ӘБУ-Л-АББАС

Мерлант Джейкоб ван. Миниатюра. Піл/Wikimedia Commons

Бұған сену қиын, бірақ пілдер ұзақ уақыт бойы ортағасырда өмір сүрген Еуропаның қарапайым тұрғыны үшін жабайы әрі таңғаларлық жануар болды. Ежелгі дәуірде адамдар пілдермен қарым-қатынас орнатқанына қарамастан, кейінгі дәуірде пілдер туралы бар білік жоққа шығарылып, қауесеттер мен болжамдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай самсап шыға келді. Орта ғасырда жазылған бестиарийлерге көз салсақ, авторлардың басым көбі пілдің сыртқы түр-сипатының өзін жақсы білмейді. Тек дәулетті еуропалықтар Шығыстан келетін піл сүйектерінің арқасында олардың азу тістерін жақсы танитын.

Фреска. Піл және қамал. 12 ғасыр/Wikimedia Commons

Фреска. Піл және қамал. 12 ғасыр/Wikimedia Commons

Аңызға сенсек, бұл мәтіннің бас кейіпкері — 9 ғасырдың басында франктардың билеушісі болған Ұлы Карлдың (768–814) сарайынан бір-ақ шығып, еуропалықтарға экзотикалық жаратылыстың шынайы сыртқы тұрқын танытқан піл Әбу-л-Аббастың Еуропаға саяхаты дәл осы азу тістерден басталған екен. Франктардың короліне көпестердің бірі пілдің азуын тарту етеді, оның үлкендігіне таңғалған билеуші пілді сарайына алдыртқысы келеді.

Әбу-л-Аббасты Ұлы Карлға Бағдадтың атақты халифасы Харун ар-Рашид (786–809) тарту еткен деген деректер өте көп. Алайда, бұл сый туралы ақпар тек франк деректерінде кездеседі, ал араб дереккөздері халифтың Карлдың державасымен байланысы болғаны туралы жақ ашқан емес. Мүмкін, сол тұста араб билеушісі корольді дәрежесі бойынша өзімен тең көрмеген болар, сондықтан шығыс қолжазбаларында ол туралы айтылмайды. Әбу-л-Аббастың шығу тегі әрі түр-сипаты туралы бірде-бір дереккөз оқырманға нақты ақпарат бере алмайды. Жануардың альбинос болғаны туралы танымал болжамдар да бар, тіпті суреттері де салынған, бірақ беделді дереккөздер оны растамады.

Әбу-л-Аббас кездесетін франктердің ең әйгілі дереккөзі — «Франк корольдігінің жылнамасы». Әйгілі пілдің Ұлы Карлдың Аахен резиденциясына келгенге дейін жасаған сапарын олар 801 жыл деп көрсетеді. Жануарды бірнеше жыл бұрын Шығысқа жіберілген франк еврейі Исаак алып келеді. Исаак араб халифінің сарайында дипломатиялық миссия орындаған үш франк елшісінен тірі қалған жалғыз адам болса керек. Әбу-л-Аббас пен оның серігі Синай түбегі, Мысыр, Ифрикия (қазіргі Тунис) арқылы ұзақ және қиын жолды еңсеріп, болжам бойынша Карфаген портынан кемемен Еуропаға бет алды. Аахендегі Ұлы Карлдың сүйікті сарайына жету бір жылдан астам уақытқа созылды, құрамына Исаак кірген Харун-ар-Рашидке жіберілген елшілік қызметтің сарайдан аттанғанына шамамен бес жылдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Карл жаңа мәртебеге ие болып, 800 жылы Батыста қайта жанданған Рим империясының императоры ретінде тәж киді.

Өкінішке орай, Әбу-л-Аббастың император сарайындағы өмірі туралы бізде толық мәлімет жоқ. Дегенмен, үзіндімен келтірілген кейбір ақпараттарда пілдің сарайда қарапайым қонақ болмағаны жазылады. Карлдың жабайы жануарға мейірімі түсіп, тіпті кейбір әскери жорықтарда билеушімен қатар жүріпті. Каролинг дәуіріндегі Франк мемлекеті жаулап алу саясатын белсенді жүргізді, ал Карлдың өзі соғысқа жиі қатысатын. Сондықтан Бағдадтан келген қонақтың саяхат ауқымы кең болуы ықтимал. Бірқатар авторлар тереңнен қаузап франк императоры пілді жауынгерлік мақсатта қолданған болуы мүмкін деп жазады, алайда бұл болжамдар расталмаған.

810 жылы император кезекті соғысқа аттанды. Төл жерлерімен шектесетін Фрисландияны жиі алаңдатқан Дания королі Гудферд Карлдың жаңа қарсыласы еді. Алайда император әскерлері Рейн өзенінен өткеннен кейін көп ұзамай Әбу-л-Аббас ауырып, кенеттен көз жұмды. Орта ғасырдағы Еуропада өмір сүрген пілдің неден қайтыс болғанын зерттеушілердің анықтауы неғайбыл, бірақ ол кезде континентте мал індеті таралған еді. Жылнамалар пілдің қазіргі Веселге жақын жерде Липпе өзенінің сағасымен тоғысатын «Липпехамда» қайтыс болғанын жазады. Біздің қызығушылығымызды оятқан дәуірге жататын піл сүйектерінің бірнеше рет табылуы бұл нұсқаны растайды. Десе де бұл қалдықтар әйгілі Әбу-л-Аббасқа тиесілі деп кесіп айту қиын.

Әбу-л-Аббастың Ұлы Карл сарайында пайда болуы Еуропаға жаппай піл әкелуге түрткі болған жоқ. Аталған түрдің кезекті өкілі бұл континентке араға төрт ғасыр салып бір-ақ табан тірейді. Париждік Матвейдің «Ұлы шежіресінде» пілдің Қасиетті Рим императоры Фредерик II (1212–1250) Кремонадағы салтанатына қатысқаны туралы жазады. Бұл жолы піл Мысыр сұлтаны әл-Кәмилдің дипломатиялық тартуы болған сыңайлы. Еуропа бұл айбынды жануармен Ұлы географиялық ашылулар дәуірінің басында ғана шындап танысты.

«Олифант» піл мүйізі. 1000 жыл/Аламы

«Олифант» піл мүйізі. 1000 жыл/Аламы

Сергей Никольский

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ