Афина — классикалық өнер мен философияның тал бесігі саналған әлемдегі ең көне қаланың бірі. Қала саяхатшылардың бір уақытта таңданысын да тудырып, көңілін де қалдыра алады. Бәрі де сіздің Элефтериоса Венезелоса деп аталатын Афина әуежайының қақпасынан нені күтіп аяқ басқаныңызға байланысты.
«Афинаға жапалақтарды сырттан әкеледі». Көне эллиндіктер аталған шығыны көп әрі пайдасыз ермек жөнінде қу тілді Аристофан1i1Аристофан (б.д.д. 446–386 жж.) өз заманындағы сән мен саясатты, қоғамдық кемшіліктерді күлкіге айналдырған көптеген комедияны жазған атақты афиналық драматург. арқылы жеткізіп отыр. Афина құдайдың атымен аталған қалада басқа-басқа оның серігі саналған жапалақтың бейнесі жетерлік. Бірақ ғасырлар сырғып, Грецияның жүрегіне өз жапалақтарын көтеріп келген туристер ағылып келетін болды: Афинаның қандай болуы керегіне қатысты олардың өз мифтері бар. Сондықтан қалаға келген көптеген келгіншінің көңілі қалып, тіптен наразылығы туу қалыпты жағдай. Афиналықтар қаладан көп дүниені күтіп келген келгіншілердің әрекеттерін құптамайды, ал күн ілгері байлам жасамаған қонақтарға жомарттық танытады: Афинаның кәрі кемпірлері өзінің ауласында отырып картасын сапырылыстырғаны секілді, қала да терең қатпарларында сапырылысып жатқан ғаламат тарихын мұнда жапалақсыз, артық ойсыз және жүрегін ашып келген адамдарға ұсынады.
Афинада көнеліктің иісі Акрополь немесе Жел мұнарасы секілді айбыны асқақ және тарихы айқын жерлерден ғана аңқымайды (және тірілмейді). Турасын айтқанда қаланың әрбір көшесінде көнеліктің сарқыншағы сақталған. Айталық Монастираки алаңында орналасқан диздар Мұстафа аға22«Диздаракис мешіті»Грек тілінде «Диздаракис мешіті» деген атау орнығып қалған, бірақ бұл ғимаратты тұрғызуға демеушілік жасаған адамның тегінің атауы емес. Осман империясында қамалды басқарушы адамды диздар деп атайтын болған. мешітінің мәрмәрдан қапталған сырт қабаты үшін Олимптегі Зевс ғибадатханасының мұнараларын пайдаланғанын афиналықтардың бәрі біледі. Мешітті салдырған адам бағаналарды жарып, ұсақтап тастауға бұйырған көрінеді (және айтуларға қарағанда, сол түні Зевс ғибадатханасында жер астынан келіп жеткен құлақ тұндырар айқай естілген деседі). Қаладағы антикалық нысандардың бертінде салынған ғимараттарға құрылыс материалдары ретінде қолданылғаны рас.
Сондай-ақ жаңа ғимараттарды көне ескерткіштер мен онымен байланысты дәстүрлерді қорғау үшін де тұрғызған сәттер кездеседі. Мәселен Эврипид көшесіндегі жаңа ғимараттар арасынан бой көтерген әулие Иоанның кішігірім шіркеуін алайық. Жаңа ғимарат шатырынан шығып тұрған ескі ғибадатхананың жалғыз аман қалған бір бағанасын қорғау үшін салынған. Ғибадатхана афиналықтар дертке шалдыққанда саулық сұрап жалбарынған емші-құдай Асклепийге арнап салынған деген аңыз бар. Сондай-ақ өзге баяндарда аталған ғимарат афиналықтарға Спартамен соғыс барысында өршіп кеткен эпидемияны ауыздықтауға атсалысқан сақ дәрігері Анақарыстың (Тоқсары) құрметіне тұрғызылған делінеді. Шараптың бактерияларды өлтіретін қасиетін жақсы білген Анақарыс, қала көшелерін шараппен шаюды ұсынады. Осы бір ерлігінен кейін афиналықтар оны қаһарман санаған.33Антикалық дінде өзінің әділдігі мен ғаламат ісі арқылы Құдіретті күйге жақындай алған өлім алдында жатқан адамды ғана қаһарман дейді. Олар қаһармандардың құрметіне ғибадатханаларды тұрғызып, діни мерекелерді өткізген. Әрмен қарай қаһармандық культтен христиан әулиелерінің культі өрістеп шыққан. Аталмыш екі нұсқаның қайсысы шындыққа жанасатыны белгісіз, бірақ антикалық қасиетті ғимараттың медицинаға қатысы бар және жаңа тұрғызылған христиан шіркеуі де сонымен байланысты. 19 ғасырдың өзінде афиналық әйелдер әулие Иоаннан саулық сұрап, ниетінің оң екенін көрсету үшін мәрмәр бағанаға түрлі түсті маталарды байлайтын болған.
Афинаның шынайы келбеті классикаға еліткен еуропалық саяхатшы армандаған қаланың ақ тастардан тұрғызылған ғимараттарынан, сондай-ақ бәріне үстіртін қарайтын әрі асығыс саяхатшы бас сұғатын «шығыс базарынан» емес, дәл осындай жерлерде ашыла түседі. Бұл қала — Гераклиттің (Эфестік Гераклит — көне Грек философы, шамамен, б.з.д. 544 жылы туып, б.з.д. 483 жылы қайтыс болған): «өмір-өлім, өң мен түс, жас пен кәрі бірдей нәрсе. Кейінгісі өзгерсе алдыңғысына ауысады, алдыңғысы кейінгісіне қайтады» деген нақтылы айқын көрініс тапқан жер. Лас бетон мен қара әйнектен тұрғызылған кеңсе ғимараттары, мәрмәр сынықтары, османдық жекежайлардың сұр тастары мен неоклассикалық жапсырмалар бастапқыда бейберекет тұрған үйінділер секілді көрінуі мүмкін. Содан кейін олар оғаш көрінетін кескін түзіп, одан мағынасыздық көрінсе, бұл қала көрінісіне үйлесімділік дарытады. Бәлкім, осы бір қуыста Афинаның жапалағы жасырынып жатқан да болар: арамшөп жапқан тарихтың ақтаңдақтарында, жегілер шырылдап, балдың иісі шыққан кішігірім ен жер мен қараусыз қалған алаңқайда.
Зәйтүн тамыры
«Иллиада» мен «Одиссей» шығармаларында Афина қаласы бірнеше мәрте айтылады. Гомер өмір сүрген кезеңде де қала жебеуші-құдай «Афинаның» (Ἀθήνη) атымен аталғаны қызықты. Қала атына (Ἀθῆναι) көптік жалғау бірнеше ғасырдан кейін қосылып (бәлкім, Микеналар немесе Дельфалар секілді гректің басқа қалаларына ұқсатып қосылған болса керек), 1976 жылы тілдік реформа жасалғанға дейін сақталып келген. Заманауи грек тілінде жекеше түр қайтадан ортақ ережеге айналды. Сомен, Афина атауы — грек әдебиетімен замандас. Бірақ қаланың өзі қандай тарихи оқиғалармен замандас екенін дөп басып айту мүмкін емес. Тек қаланың тарихы үш мың тіпті, төрт мың жылдан да әріге кететіні анық.
Бүкіл Грек әлемінің символына айналған Акропольдіңi«жоғарғы қала» деп аударылады құзды дөңіне адамдар неолит кезеңінде (5000–6000 жыл бұрын) қоныстанған. Неолит кезеңінде салынған нысандардан аман жеткені жоқ, бірақ тастан жасалған қарулар және етжеңді әйел бедерленген өмір мен өлімнің иесі Құдай-ана бейнесі бар керамикалық бұйымдардың сынықтары сақталып қалған. Құдай-анаға табыну адамзат дінді ұстануды бастаған палеолит кезеңінен тамыр тартады. Дегенмен дәл неолит кезеңінде ұлы Құдай-ана культі айрықша өркендеген еді. Афина қаласы сол шақтың өзінде діни орталыққа айнала алды ма? Бұл сауалдың әзірге жауабы жоқ. Бірақ Парфеонның құрылысына дейін үш мың жыл бұрын осы бір аймақта жұрт қала тарихы үшін символдық реңке ие Құдай әйелге табынған.
Ерте және орта қола дәуірінде (б.з.д. 3200–1600 жылдар аралығы) аталған аймақта шоғырланған қала халқының саны артып, келешек Афинаның аудандары ақырындап қалыптаса бастады. Кейінірек әдемі әрі бай мазар КерамикiiКерамик — қаланың бір ауданы. Аталған атау мазарға жақын маңнан қоныс тепкен көзешілерге байланысты қойылған. Антикалық кезеңде бұл аудан аттикалық керамика бұйымдарын өндіретін үлкен орталық саналған бой көтерген территорияда алғашқы обалар пайда болды. Бір дөңнен келесі дөң аралығына жол салынды және олардың кейбірі бертін келе қаланың көшелеріне айналды. Дегенмен ол шақта бұның бәрі біртұтас тұраққа айнала қоймаған: әр дөңнің үстінде орналасқан жеке қыстақтар деген жөн болар.
Б.з.д. 18 ғасырда Грек басқыншыларының алғашқы толқыны Балқан түбегіне басып кірді. Олар өздерін ахейліктер деп атаған, бірақ тарихи әдебиеттерде аталған халық салған ең атақты қалаға байланысты қойылған микендіктер деген өзге бір атау жиі кездеседі. Жаужүрек, батыр және билік сүйгіш ахейліктер, нәзік эстетикалық сезімге және дамыған өркениеттердің жетістіктерін иемденіп кетер ұлы талантқа ие. Минейлік Крит, Мысыр және Хет империясымен байланысы бар ахейліктер өз мәдениетін байытып, қабырғасы биік қалалар, сұлулығы көз тартар мазарлар, сарайлар мен ғибадатханаларды салуды үйренген.
Ахейліктердің Аттика территориясына қоныс тебуі өлкедегі өмірді түбегейлі өзгертті. Акрополь тауы патша қоныстанған орталыққа айналды. Пропилейдің (салтанатты кіреберіс) оңтүстік-шығысынан қазіргі кезде де үлкен тастардан тұрғызылған қамалдың қалдықтарын көруге болады. Қала орталығының маңайында шеберханалар, қоймалар, саудагерлердің дүңгіршектері мен қала тұрғындарының үйлері орналасты. Микендік өркениет Афинаға толыққанды қала дәрежесі мен құрылымды дарытты және содан бері қаланың ауқымды мәдени және экономикалық орталық ретіндегі тарихи рөлі айқындала түсті.
Жебеушілер мен патшалар
Афинаның қалыптасуы жөніндегі миф, қаланың тарихы секілді шытырманға толы әрі күрделі. Қаланың негізін кім қалады? Аттика аймағы құрметіне қойылған Актея патша ма? Әлде жартылай жылан, жартылай адам бейнесіндегі (аңыз бойынша, ол афиналықтарды оқу мен жазуға, сондай-ақ той және жерлеу рәсімдерін жасауға үйреткен) патшаның күйеу баласы Кекроп па? Бәлкім, қаланың негізін жер құдайы Гея мен от құдайы Гефестен туған Эрихтония қалаған болар? Аталған сауалдардың жауабын афиналықтардың өздері де бере алмайды. Олардың қабылдауында қаланың бір ізді және кесіліп-пішілген қасиетті тарихы жоқ.
Аймаққа қоныс ауып келген жергілікті грек тайпаларының қалдықтары секілді, бұл қалада түрлі діни сенімдер бейбіт түрде бірге өмір сүрді. Бірақ барлық миф бір бейнеден тамыр тартты: Құдай-ана бейнесінен. Афина мен Посейдон «қаланың жебеушісі болуға» таласады. Келісім бойынша қала тұрғындарына ең пайдалы сыйды кім жасайды, сол жеңіске жетпек. Посейдон таудан тұщы қайнар көзін ашса, Афина жерге найзасын қадайды. Найза өз кезегінде, зәйтүн ағашына айналады. Әлбетте, ел патшасы Афина құдайды мойындап, зәйтүн ағашын таңдайды. Аңыз осылай дейді. Аталған аңызда ақылға қонымды қисын бар: зәйтүн культі Афина экономикасының негізі саналады. Дегенмен мағынасы қатаң аллегориямен шектелетін мифтер жоқ. Афинаның жеңіске жетуі сондай-ақ әйелдік бастаудың еркектік бастаудан, қираудан өмірдің, бейберекетсіздіктен үйлесімнің мистикалық тұрғыдан үстем болғанын символдайды.
Таң атар алдындағы түн
Микендіктер Афинаға дамыған мәдениет, фортификация, сауда-саттық байланыстарын, жазу, атау мен негізгі бірегейліктерді сыйлады. Бірақ б.з.д. 13 ғасырда Жерорта теңізінің шығысында ахейліктер өркениетін құлдыратқан процестер басталды. Аталған процестердің сипаттамасына қатысты таластар әлі де толастар емес. Археологтар салдары ауыр болды дегенімен (қалалар қирап, керек-жарақтардың сапасы төмендеді, сондай-ақ керамика мен қару-жарақтың жаңа түрлері пайда болды), нақты себебін анықтау қиынға соғып отыр. Соған қарағанда бірнеше себебі болған тәрізді: солтүстіктен грек-дорийлық басқыншылардың жаңа толқыны келсе, оңтүстіктен «теңіз халқы» (жағалаудағы бақуатты мемлекеттерді тонаған жабайы тайпалар) шабуыл жасады. Ал ахейлік қалалар басқыншыларға қарсы тұра алмады.
Осындай дағдарыс жағдайында афиналықтардың басқа мекендерге қарағанда жолы болды: қала күйреп, толықтай қирап қалмады, дейтұрғанмен б.д.д. 1250–900 жылдар аралығына тиесілі археологиялық қазбалар жұтаңдығымен айрықшаланатынын атап өткен жөн. Аталған дәуірді кейде грек тарихының «қараңғы ғасыры» деп те атайды. Бірақ б.д.д. 8 ғасырда монументалдық құрылыс жұмыстары қайта жандана бастады. Айталық, Акропольде (Микендік иесіз қалған сарайдың орны) Афинаның құрметіне кішігірім ғибадатхана бой көтерді. Осылайша қала ақырындап гүлденіп, оны атақты еткен бейнесі қалыптаса бастады.
7 ғасырда Афинада патшалық билік жойылды. Түрлі реформалар мен төңкерістердің уақыты туды. Бастапқыда қала құдды бір демократияға қарай бағыт алғандай көрінген. Афина қаласын тоғыз архонт (билеушілер десе де болады) пен мемлекеттік кеңес (булэ) басқарды. Бірақ 560 жылы Афинада қайтадан монархия орнады — қаланы Писистрат есімді тиран басып алды: «шоқпаршылар»44ПисистраттыңҚарулы күзет жөнінде сөз болып тұр. Писистраттың таққан қалай тайғаны жөнінде Аристотель өзінің «Афина саясаты» деп аталатын еңбегінде баян еткен және аталған дәйексөз сол туындыдан алынған. деп аталатын әскердің көмегімен ол қала халқына қарсы тұрып, Акропольді жаулады». Басып алғаннан кейін, жалғыз билеуші өз тұғырын (қазіргі тілмен айтқанда, рейтингін арттыру үшін) бекіте түсу мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізді. Афинаның ескі ғибадатханасы қайта соғылды, оған таяу маңда Артемида бағы тұрғызылды, ал грек пантеонындағы бас құдай Зевске тиран іргетасы Акропольдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі тегіс алқапқа қаланған монументалдық ғибадатхананы арнамақ болды. Дегенмен Писистрат та және оның мұрагерлері де аталған ғимараттың құрылысын аяқтай алмады. Жобаға қалада жоқ қомақты қаржы мен көп адам ресурстары қажет болғандықтан, ғибадатхана римдік басқыншылар келіп, б.д. 2 ғасырында Адриан император құрылысты аяқтауға бұйрық бергенге дейін сол қалпында тұрды.
Писистрат қайтыс болған соң билік басына оның ұлдары Гиппарх пен Гиппий келді. Гиппарх 514 жылы демократия орнату үшін күрескен топтың қолынан қаза болса, Гиппийді төрт жылдан кейін Спартак патшасы Клеоменнің қолдауымен тақтан тайды. Осыдан кейін Афина қайтадан республикаға айналып, олардың мәдениеті ұлы өрлеу кезеңіне аяқ басты.
Күлден шыққан гүл
Әрбір өркениеттің тарихында таңданарлық тұтастық орнаған кезеңдер болады: мәдениетке өз әлеуетін барлық салада аршуға мүмкіндік беретін кезең. Қысқа уақыт аралығында ғылым, дін, саясат пен өнер аралығындағы шегаралар жойылады. Ұлы тұлғалар ойға алған істерін жүзеге асыра алатын мүмкіндікке ие болып, қоғам олардың тірліктеріне оң қарайды. Дегенмен мұндай кезеңдерде бәрі де керемет бола бермейді: керісінше, әдетте соғыстар мен ішкі қақтығыстар жиі орнайды. Бірақ от пен түтіннің арасынан бүр жарған мәдениет гүлі, кез келген дүрбелеңнен қуатты болып шығады. Афина демократиясының мәдениетіне қатысты солай дей аламыз (бұл құрлықтағы Грецияға б.д.д. 492 жылы әскері басып кірген Парсы империясымен арадағы соғысқа қарамастан (немесе соның арқасында) өніп шыққан гүл). Соғыс алаңындағы Парсыларға қарсы күрес, Афина қоғамы үшін өз әлеуетін жүзеге асыру үшін жетпей келген «қаһармандық ғасыр» жөніндегі қажетті мифке айналды. Сондықтан трагедияның ұлы шебері Эсхил өлім алдындағы сөзінде әдеби туындысын, театрдан алған сыйлықтарын емес, парсыларға қарсы Марафон майданына қатысқанын еске алуы көп дүниені аңғартады:iОсы және басқа да өлең жолдары автордың еркін аудармасымен берілген.
Құнарлы өлке Гелдің, осы бір жерінде,
Эвфорионның ұлы, Афиналық Эсхилдің мәңгі мекені.
Оның Марафон майданындағы ерлігі жөнінде,
Қылды мидиялықтарды жеген аузы сөз етеді.55Мидяндар немесе мидиялықтарпарсылардың екінші атауы. Парсы әскерлерінің мұқият буылған ұзын шашы болғандықтан, ақын «қылды» деп айтып тұр.
Қазіргі Марафон — жасыл желекке оранған Афина маңындағы көрікті жер. Б.д.д 490 жылы, қыркүйек айында афиналықтар өздерінің көршілері-платейліктермен одақ құрып, парсылардың қалың әскерін талқандаған, гидтер бауырлас грек жауынгерлерінің мазары деп атайтын осы бір аймақ, музейге ұқсас қорғанды еске салады. Шынтуайтында аталмыш қорған — римдік кезеңде салынған құрылыс. Б.д. 2 ғасырында Афина мен оның айналасындағы аймақты гүлдендіру үшін байлығын сарп еткен атақты оратор Герод Аттик Марафонда туған. Ол жерлестерінің ерлігін ескеріп, олардың құрметіне монумент тұрғызуды парызы ретінде санаған болса керек. Дегенмен аталған құрылыс барысында жауынгерлер жерленген қорған аман қалған; ал нағыз қорғандарға келер болсақ, онда Марафон майданында қаза болған сарбаздар бауырлас қорғандарда емес, жеке-жеке жерленген.
Марафон шайқасынан кейін 10 жыл өткен соң б.д.д. 480 жылы парсы патшасы I Ксеркс Грек жеріне жаңа жорық бастап көрді. Фермопил түбінде спарта әскерінің тас-талқан еткен парсылықтар Афинаға таяу маңға келіп орнықты. Қала тұрғындарын жедел арада көшіру қажет болғанымен, жұрттың басым бөлігі үйін тастап кеткісі келмеді. Сонда афиналық стратег ФемистоклiБас қолбасшы қулыққа жүгінді: ол Афина ғибадатханасындағы қасиетті жылан жоғалып кетті, сондықтан Құдай-ананың өзі афиналықтардың қаланы тастап кеткенін қалап тұр деп мәлімдеді. Парсылар бос қалған қаланы тонап, өртке орады. Аңыз бойынша Афина жерге қадаған найзадан өсіп шыққан көне зәйтүн ағашын да парсылар аман қалдырмаған. Сарбаздардың жабайы мінез-құлқынан Ксеркстің өзі де шошынып қалған деседі. Құдайдың қаһарынан қорыққан ол бірнеше афиналықты өртке оранған ағаштың жанына барып, құрбандық шалуға жөнелткенімен, күлге айналған ағаш діңгегінен жасыл өскін бүр жарып шығып үлгерген екен.
Аталған соғыс тағы бірнеше жылға созылған. Афиналықтардың бастауымен гректер парсыларды өз жерінен қуып шыққан. Бейбіт келісім орнағанға дейін Афина қоғамы шығармашылық өрлеу кезеңіне аяқ басып үлгерді. Бостандық үшін күрес афиналықтарды әбден шынықтырып, азаматтық сезімін одан әрмен күшейте түскендіктен, жұрт дін және атадан мирас болған жоралғылар хақында ой жүгірте бастаған. Драматургтар, философтар, суретшілер, мүсіншілер мен ақындар — өткен оқиғаларды қайта ой елегін өткізіп, намыс, әділдік пен адамгершілік сынды асқақ ұғымдар төңірегіндегі мәңгілік сауалдарға жауап табуға тырысқан. Қалада тек ең қиын әрі күрделі саналатын құрылыс саласы ғана кенже қалды.
Афина қиранды астында қалды. Қаланы қайтадан қалпына келтіру үшін нақты жоспар мен көл-көсір қаржы қажет болды. Б.д.д. 472 жылы Афина көрерменіне жоғарыда аты аталған Эсхилдің қаламынан туған «Парсылар» деп аталатын трагедия ұсынылды. Аталған қойылымға Ксантиптің баласы, қалталы Афиналық Перикл есімді болашағынан көп үміт күттіретін жас саясаткер әрі өнер білгірі демеушілік етті. Бірнеше жыл өткен соң, б.д.д. 464 жылы ол бас стратег лауазымына сайланып, қаланы қалпына келтіру басты міндеттерінің бірі саналған ғаламат реформаларын жүзеге асыруға кірісті. Жұмысқа ең дарынды деген шеберлер тартылып, олардың басшысы болып Фидия (қала құрылысына қатысты барлық саланы мінсіз меңгерген теңдессіз мүсінші) тағайындалды. Ұзақ тарихында Акрополь алғаш рет барлық бөліктері үйлесімді түрде біріккен біртұтас құрылымға айналды. Осы бір құрылыстың композициясы афиналық діннен сәуле тартты.
Қалада негізінен Панафинеи (жыл сайынғы Афина құдайының құрметіне ұйымдастырылған мейрам) мерекесі тойланды. Мерекенің алғашқы күндері шығармашылық және спорттық сайыстарға арналса, соңғы күнінде Керамикадан қаланың орталығы арқылы Акропольге, сосын тау басындағы ғибадатханаға қаланың бірде-бір тұрғыны қалыс қалмай (ерлер мен әйелдер, балалар мен қарттар) шеру жасап көтерілетін болған.
Құдайдың мүсінін афиналық қыз-келіншектер тіккен қасиетті киімдермен безендіріп, сосын абыздар алтарь алдында құрбан шалған соң, жалпы халықтық той басталған. Перикл арнайы шақырған сәулетшілер аталған жоралғыны тасқа қашап салған. Ендігі жерде Пропилеи (адамдар мен құрбандыққа шалынатын малдар66ПропилейПропилей дорийлық және иондық екі ордерді сәтті қабыстыра алған алғашқы грек архитекторы саналады. кіретін монумент ретінде тұрғызылған портал) Акропольдің бас қақпасына айналды. Дорилықтардың Пропилей бағанасы Акропольдегі ең қасиетті ғимарат саналатын Афина Құдайдың ғибадатханасына бастайтын увертюра қызметін атқарды. Ал иондық бағаналарға келер болсақ, олар өз кезегінде, Афина мен Посейдонға арнап салынған Эрехтейон деп аталатын кішігірім ғибадатханаға жол ашып тұрды. Пропилейдің жалпы композициясы қала тұрғындарын тақуа кейпіне енуге баптанып, қақпа артында жасырын жатқан ғибадатханаларды еске салып тұратындай ойластырылған.
Аталған ғибадатханалардың арасында Иктин мен Калликрат есімді сәулетшілер тұрғызған Афина ғибадатханасының шоқтығы биік. Бұл ғибадатхана қалың көпшілікке Парфенон, яғни «Бикештің сарайы» ретінде белгілі, бірақ бастапқыда аталмыш ат нысанның тек бір бөлмесіне ғана қойылған болса керек (бәлкім, Құдайдың мүсіні тұрған бөлменің атауы). Құдіретті әрі жеңіл, бір уақытта нәзіктік пен қаһармандық оқшаулықты паш ететін Парфеон шынтуайтында дорийлық ордердің (бұл ғимаратпен Иктиннің салған Бассадағы Аполлон ғибадатханасы ғана теңесе алар еді, бірақ ол ғимарат нашар сақталған) мінсіз туындысы саналады. Антикалық сәулет дәстүріне сай, дорийлық ордер — еркектің символы және аталған ғимарат жауынгер-әйел-құдай бейнесіне дәл келеді.
Ал алшақтау маңда орналасқан Эрехтейон, өз кезегінде, әйелдік нәзіктіктің символы саналған иондық ордердің бар тамашасын паш етеді. Ғимараттың оңтүстік портигін тіреп тұрған жас абыз-кариатидтердің мүсіні аталған символизмге адамдық келбет дарытып тұр. Парфенон Афинаның құдіретті болмысын ашуға бағытталса, Эрехтейон әйел-құдайдың, сондай-ақ «жерді қозғаушы» Посейдон, жер астындағы оты мен аңыз болған ата-бабасы Кекроп пен Эрехтеймен қатар Гефестің жыртқыштық, осы әлемдік болмысын дәріптеді. Аталған діни маңызы бар тезистерді сәулетшілер ордердің көмегімен беруге тырысса, ал афиналықтар есте ұстауға тиіс болған теологиялық және жоралғылық ұсақ-түйектер фронтондар мен көлбеу жатқан өрнектерде бейнеленді.
Перикл билік құрған жылдары өзге де ғаламат ғимараттар бой көтерді. Қаланың күн санап көркі ашылды. Перикл қысқа уақыт ішінде сансыз көп ғимаратты тұрғызды. Дегенмен салынған нысанның саны емес, аталған ғимараттардың қатаң антикалық өлшем бойынша үйлесімді әрі әсем шыққаны таңданыс тудырады. «Олардың түсі ұдайы жарқырап, жаңа қалпын сақтап тұрады және уақыт желі мүжімеген тұнық бейнесі құдды бір мәңгіліктің жастықтың суымен суарылғандай әсер қалдырады».iПлутарх. Салыстырмалы өмірбаян. Перикл.
Қол жетпейтін еркіндік
Ертеден бері Спартамен алауыз болған афиналықтардың арасы одан әрмен ашылып, ақырында 431 жылы соғыс басталды. Пелопоннесск соғысы жиырма жеті жылға созылып, екі тараптан да кісі шығыны көп болды. 430 жылы өршіген эпидемия тұсында Перикл қаза тапты.iКейде бұл эпидемияны жаңылысып оба деп жатады, бірақ шынтуайтында, тифе жөнінде сөз болып отыр. Афиналықтар аталған соғыста жеңіліс тауып, саналарында бұған қатысты терең жарақат қалды. Бұл жарақат қазірге дейін жазылмады десек те жаңылыспаймыз. Айталық, спарталықтар құлға айналдырып, кендегі жұмысқа жеккен афиналық тұтқындардың бейнесі, заманауи тарихи оқиғалармен сабақтастырылып 20 ғасырдағы грек әдебиетінде де көрініс тауып отыр. Б.д.д. 4 ғасырдың басына қарай жалпы гректік үстем күш ретінде тарих сахнасына македондықтар көтерілді. 338 жылы Хероней майданында жеңіліс тапқан соң, афиналықтар Македон патшалығына бағынып, олар құрған әскери одаққа мүше болуға мәжбүр болып, кіріптар күйге түсті. Аталған одақ аясында афиналық әскер Ескендір Зұлқарнайынның парсыларға қарсы жасаған жорығына қатысты. Сол кезден бастап, Афинада римдіктер билік құрған уақытқа дейін афиналықтар тәуелсіздігін қайтаруға барын салды, тіптен ата жауы спарталықтармен бірікті. Алайда барлық ұмтылыстары сәтсіз аяқталды.
Қала саяси бостандығынан айырылғанымен, демократия үстемдік құрған кезеңде қалыптасқан мәдени әлеует өз жемісін беруін жалғастыра берді. Философиялық және ораторлық мектептер, теңдессіз театрлар мен ойын алаңдары, өнер туындыларының ұлы жауһарлары, діни қасиетті мекендер — осының бәрі грек әлемінің әр тарапындағы жұрттың қызығушылығын тудырды. Афинаға македондық патша әулетінің тұқымдары оқуға келді және ақсүйектер қауымы жиналып, келгендердің көбі қалада қандай да бір ғимаратты тұрғызуға атсалысуды парыз деп санады. Эллиндік кезеңге тиесілі ескерткіштердің арасынан, он жылға жетер-жетпес уақытта (б.д.д. 160 және 150 жылдары) бой көтерген пергамдық патшалар II Эвон мен II Аттал салдырған екі ғимарат (галерея) айрықша әсер қалдырады. Бүгінгі күнге жақсы күйінде жетпеген Эвмен стоясы, Кіші Азиялық мәрмәрдан тұрғызылып, азиялық грек сәулет стильінде салынды. Ал 1950 жылы қайта қалпына келтірілген Аттала стоясының келбеті «жергілікті» сән өлшеміне сай тұрғызылған. Дейтұрғанмен археологиялық тұрғыдан қарағанда аталған ғимарат «жаңашылдық» ретінде қабылданған және афиналық нысандардың арасындағы ең әсерлі монумент саналады: көне сәулет өнеріне қарап тамсанып қана қоймай, ғимараттың сұлулығын ақ мәрмәрдан тұрғызылған бағаналар арасымен жүріп, олар тудырған оптикалық иллюзияға зер сала отырып, физикалық тұрғыдан сезінуге мүмкіндік береді.
Б.д.д. 146 жылы Афина қаласы Рим иелігіне өткенде ғимараттар бұзылмай аман қалды. Бірақ еркіндікті көксеп, қандай жолмен болмасын егемендігін қайтаруға барын салған қала халқы аңдамай жүріп от басты. Б.д.д. 87 жылы Римдіктер құдіретті понтий патшасы IV Митридатпен соғысып жатқан мезетте, афиналықтар IV Митридаттан еркіндік алып беруін өтініп, байланысқа шықты. Осыдан кейін бүкіл Греция бойынша ұрыстар басталды: грек қалалары бірінен кейін бірі Рим билігіне қарсы көтерілді. Луция Корнелия Сулла бастаған Рим әскері асау Афина халқын бір кездері аяусыз қырған Ксеркс секілді қанға бөктірді. Аталған оқиғалар жөнінде Плутарх өз еңбегінде: «... Алаң маңайындағы қырғыннан кейін Керамиктен Қос қақпаға дейінгі аралық қанға бөкті. Жұрттың айтуынша, қан қала сыртына сел боп ағып, шеткері аудандарды басып қалды» жеп жазған.iПлутарх. Салыстырмалы өмірбаян. Сулла.
Аталған қанды қырғын афина-римдік қатынас үшін қалыпты жағдай саналмады. Қалаға билігін жүргізген патшалардың басым бөлігі Афинаға Ескендір Зұлқарнайынның ізбасарлары секілді асқан мейріммен қарап, көркеюі үшін көл-көсір қаржы құйып отырған. Көзі ашық әрі діндар император Адриан (б.д. 76–138 жж.) Афинаның басты жарылқаушысына айналды. Ол билік құрған дәуірден Афинада арка («Адриан қақпасы»,iКейде оны салтанат қақпасы деп те атайды, бірақ бұл мүлдем дұрыс емес. Салтанат қақпасы әскери жеңістердің құрметіне салынатын болса, Адриан қақпасы бейбіт өмірдің жаршысы ретінде тұрғызылған. кітапхана мен 500 жылға жуық уақыт бітпей тұрған, Адрианның демеушілігімен аяқталған Зевстің ғибадатханасы бізге дейін сақталып, аман жетті.
Кірпіш ғасыры
Грек ақыны Йоргос Сеферистің тілдік қолданысында, көне Эллада бейнесін қайта тірілтуге септескен мағынасы өте терең бір сөз болған: «мәрмәрлар» (μάρμαρα). Аталған символ көне грек қалаларының философтар, математиктер мен астрономдар арқылы ұлғайтылған бейнесі мен мұқалмас жігерін паш етеді. Дегенмен кейінгі Рим тұсында тастан ғимарат салу мәдениеті ақырындап бәсеңдеп, оның орына арзан тұратын кірпіш келді (сол шақта кең таралған жалпақ кірпіштерді плинфа деп атау белең алған). Өнер, ғылым мен технология сынды антикалық өркениеттің өзге де жетістіктері қолданыстан шыға бастады. Рим империясындағы ішкі дағдарыс, жабайы тайпалардың миграциясы, христиан дінінің бекітілуі және аталған дінді ұстанушылардың «пұтқа табынушылар» соққан ескерткіштерді қирату барысында қандай құндылықты талқандап жатқанын ұқпауы сынды дүниелердің бәрі мәрмәрдан тұрғызылған әлемді ақырындап бұзып, олардың қирандысының үстінен кірпіштен соғылған ғимараттар бой көтерді.
Рим империясы екіге бөлінген соң, Афина оның шығыс бөлігі Византияға қарады. Көне мәдениеттің тамырына балта шабуға бар күшін жұмсаған Византиялық императорлар, еріксіз түрде бір кездері қаланың атын әлемге мәшһүр еткен сәулет өнерінің жауһарлары мен ғылыми дәстүрді құлдыратты. 527–565 жылдары билік еткен Юстиниан император қалада сақталып қалған философиялық мектептерді жауып тастаса, II Феодосий (408–450 жж.) көне қасиетті ғибадатханаларды шіркеу етіп өзгертуге бұйырған. Осылайша Акрополь ғибадатханасы да шіркеуге айналды: Парфенон Құдай-ана шіркеуі болып өзгертілсе, Эрехтейон — Әулие Үштік шіркеуіне айналды. Дейтұрғанмен осы бір реформалардан мирасқорлықтың ізін байқауға болады: Афина Бикештің ғибадатханасы Әулие Мариям шіркеуіне өзгерді. Бәлкім, қала халқын жаңа үстем дінге жақындастырудың жалғыз жолы осы болған шығар, бірақ аталған ғибадатханалардың ішкі келбеті түбегейлі өзгеріске түсті. Антикалық кезеңнен қалған ғибадатханалардың басым бөлігі осы іспеттес өзгерісті бастан кешірді. Өйткені жаңа шіркеулер мен соборларды салу ісі кейінірек басталды — 9 ғасырдың соңына қарай.
Византия архитектурасымен танысуды қаласаңыз, Афина жақсы нұсқа емес: бұл қалада ол, айталық, Салоникке қарағанда нашар сақталған. Дегенмен Монастиракидегі Әйел-құдай Патшайымның шіркеуі және Барлық Әулиелердің кішігірім ғибадатханасы (Цоха көшесі, 39), сондай-ақ Плакадаға әулие Діндар Иоанның шіркеуі Ортағасырлық грек стильіне сай әсемдікті жақсы сақтап қалған. Афина шіркеулерінің арасында ескілікті бағалайтын саяхатшылар үшін шынтуайтында ғаламат әсер сыйлай алатын бір ғимараттың шоқтығы биік. Бұл Митрополия алаңында орналасқан Кіші Митрополия немесе Мариям мен әулие Елевтерия шіркеуі. Шіркеу негізінен антика және ортағасырлық өзге ғимараттардың түрлі бөлшектерінен құрастырылған. Шіркеудің қабырғасынан қабір тастарын, саркофагтар мен рельеф сынықтарын көруге болады; сондай-ақ ғимараттың тас блоктары да ертеректе соғылған нысандардан алынған. Құбыла түскен мәдениет жаңа форма дарытқан көне сынықтар ортағасырлық Афинаның бейнесіне айналды.
1205 жылы қаланы крестшілерiIV Крестшілер жорығына (1202-1204 жж.) басып алып қатысқан Грек крестшілері, Венецияның түрпектеуімен Византиямен қақтығысқа түсіп, Константинопольді жаулап алды. Аталған жорықтың нәтижесінде Латин империясы, Фессалоник корольдігі, Афина герцогтығы, Ахей князьдігі және т.б. мемлекеттер құрылды, Аттика территориясы Афина герцогтығының құрамына қосылды. Герцогтықтың екі жүз елу жылға созылған тарихында түрлі соғыстар мен таққа талас кезінде санқилы қастандықтар орын алғанымен, оның мәдени мұрасы тым жұтаң. Франктық рыцарлардың тұрғызған қамалдары 19 ғасырдың өзінде қирап қалған, және ол нысандардың бейнесін тек суреттерден ғана көруге болады. Батыс Еуропалық архитектураның ықпалы қазіргі Хайдари ауданында орналасқан Дафнийлік монастырда көрініс бергенімен, оның бағасын тек маман ғана бере алады. Өкінішімізге орай ма әлде бағымызға қарай ма белгісіз, «латинократия» кезеңінің елеулі ізі қалада сақталып қалмаған. Оның орнына латиндардан кейін билікке келген османдықтар қаланың келбетімен қатар, тұрғындарының жоралғыларын түбегейлі түрлендіріп жіберген.
Сәлдеден тәжге дейін
1453 жылы мамыр айында Осман сұлтаны II Мехмет Фатих Византия империясының астанасы Константинопольге басып кірді. Ал үш жылдан кейін, яғни 1456 жылы түркілер ешқандай да ұрыссыз Афинаны жаулап алды: герцог Акропольде бас сауғалап, бірақ 2 жыл өткен соң берілген. 1458 жылы жеңімпаз-сұлтанның өзі Афинаға бас сұқты: жаулаушы ретінде емес, ол шақта қайта өзгертіліп салынған (бұл жолы мешітке айналды) Парфеномды көріп, тәу ету үшін келген. Грек тарихшыларының айтуынша, аталған өзгеріс жұмыстары ол шақтағы жағдаят пен уақыт рухына сай барынша сақтық танытып жүргізілген.
Афина тұрғындарын ислам дініне енгізу жай және қан төгіссіз жүрді. 16 ғасырдың 20-жылдарына қарай қаладағы мұсылмандар он шақты үй ғана болды. Османдықтардың ақсүйек әулеттер қаланың раввин бөлігі Акропольге қоныс теуіп, шаруа адамдармен бірге өмір сүрді. Бірақ 16 ғасырдың орта тұсы мен соңына қарай қаладағы осман қауымының саны айтарлықтай өсіп, жалғыз мешіт мұсылмандардың қажетін өтеуге жетпеді. Бірнеше жыл ішінде Афинадағы османдықтар 8 мешітті соғып аяқтады (Парфеонды қоса алғанда), бірақ олардың екеуі ғана бүгінге дейін аман жетті: 1670 жылы Рим форумының солтүстік бөлігінде бой көтерген Фетихе-джами және Зевс ғибадатханасының бағаналары қиратылып, орнына тұрғызылған диздара Мұстафа аға мешіті.
Мұсылмандар да, христиандар да «құдіретті күшті» байқаған аталған көне бағаналарға байланысты қаладағы этносаралық қарым-қатынасты айқын көрсететін қызықты жағдай орын алған. «Наурыз айында... жауын түспей, құрғақшылық орнағандықтан, афиналықтар егін шықпай қала ма деп қауіптенеді; олар осы жерге келіп тоғыз күн бойына дұға етіп, қасиетті жоралғыларын орындады (үш күн мұсылмандар, үш күн христиандар, қалған үшін күнде құлдар мен өзге өлкелерден көшіп келгендер тәу етті). Жұрттар тау аңғарына, жүгері даласына және бағана астына (яғни Зевс ғибадатханасына – Qalam) жиналды. Священник-мұсылман бәрі үшін дұға жасап, қандай дінді ұстанғанына қарамастан қалған халық аталған жоралғыларға қатысуға міндеттелді».iHobhouse J. C. A journey through Albania and other provinces of Turkey in Europe in Asia. 12 London, 1817. P. 268
Шынтуайтында: османдықтар мен афиналық гректердің қарым-қатынасы латиндармен қарағанда айтарлықтай жақсы өрбіді. Дегенмен өзара шарпысып қалған сәттер (кейде тым қатыгез болған) Осман империясының өзге бөліктерінде ара-тұра орнап тұрғанымен, Афинада христиандар мен мұсылмандар көрші болып бейбіт жағдайда өмір сүрді. Бәлкім жайлы өмірге саяси ойындардан алшақ тұрған қала халқының өзі септескен болар. Сондай-ақ Афинаға қырын қарамайтын Осман сұлтанының оң көзқарасы да маңызды рөл ойнауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Қалай болғанда да, қала Осман империясының иелігінде болған аралықта түріктерден емес, еуропалық көршілерінен көп зәбір көрді.
1683–1699 жылдар аралығында Осман империясы мен еуропалық христиан мемлекеттер одағы (Қасиетті лига) арасында бірнеше ұрыс болып өтті. 1687 жылы қыркүйек айында өткен ұрыстардың бірінде, одақ әскері Афинаға кірер теңіз жолын бітеп тастап, жағалауға орнығып қала қамалын (бірінші кезекте, Акропольді) атқылай бастаған. Парфеонның қалың қабырғасына және құдайдың қорғауына сүйенген (өйткені аталған ғибадатхана мешітке айналып үлгерген) түріктер болса, ғимарат ішіне оқ-дәрі қорын, балалар мен әйелдерді жайғастырады. Зымыран оқтары ғимараттың қабырғасын тесіп өтіп, оқ-дәрі сақталған бөшке жарылып кеткен. Парфенонда жасырынып жатқан адамның бәрі қаза болды. Аталған жарылыстың салдарынан ғибадатхана қирап қалды. Одақтас әскердің қолбасшысы, венециялық азамат Франческо Морозини аталған оқиғаны нағыз қасірет ретінде емес, Парфенонды тонауға берілген керемет мүмкіндік ретінде қабылдаған. Батыс майданнан сау қалған ғибадатханадағы мүсіндерді қайта қалпына келтіруге тырысқан сарбаздар оларды құлатып алып, одан әрмен күл-талқан еткен.
Көп өтпей көне мұраларды бейбіт түрде тасып алып кету басталды. 18–20 ғасырда Еуропалық ақсүйектер көне тарихқа қызығушылық танытып, осы бір ермек ұлы археологтарды ғана емес, сондай-ақ қандай да бір гүлсауыт немесе мүсінді ұрлап кетіп, қымбат бағада сатуды ойлаған қарақшылардың да Афинаға ағылуына жол ашты. Шені жоғары шенеуніктерде осындай қарақшылықпен айналысуды арсынбады. 1808 жылы британдық дипломат Томас Брюс (граф Элгин) қулыққа басып, Акропольдің «көне тастарының» бір бөлігін Англияға алып кетуге рұқсат еткен Осман сұлтанының фирманына (бұйрығына) ие болды. Осылайша дипломат ең құнды мүсіндер мен рельефтерге қол жеткізді. Әлбетте, Брюстың өзі аталған жауһарларды түбінде міндетті түрде қирататын «жабайылардан» құтқарып қалғысы келгенін айтып ақталды. Грецияның шексіз сүйген әрі шынтуайтында дипломаттың түпкі ойынан хабардар болған Джорж Байрон бұл оқиға жөнінде «Минерва қарғысы» деп аталатын өлең жазған. Ол өлеңде:
«Қасиетті Афина тұрағын,
Тонаған тойымсыздарың кім?
Баға жетпес тастарды ұрлаған,
Ең төмен адам арамызда жүр!
Оның кім екенін бүкіл Англия білсін дүр!» деген жолдар кездеседі.
Дегенмен Грецияда ақырындап болсын халықтық-азат етуші қозғалыстар шарпыды. Бастапқыда аяқ-асты туындаған партизандық қозғалыс ретінде басталған оқиға, 19 ғасырдың 20-жылдары толыққанды революциялық қозғалысқа ұласты. 1821 жылы наурыз айында жалпы халықтық көтеріліс жарияланып, Афина христиандық ақ-көк түсті ту көтерілген алғашқы қала атанды: 28 сәуірге қарай қаланың басым бөлігін көтерілісшілер азат етіп, тек Акропольге бекінген османдықтар қарсылық танытуын жалғастыра берді. Аталған жеңістің тек символдық құндылығы болған тәрізді: тағы да үш жылға созылған соғыс барысында, қала кезекпе-кезек екі тараптың қолына өтіп отырды, дейтұрғанмен афиналықтар алғашқы жеңістің дәмін татқан күнді жоғары бағалайды. 1834 жылы Афина ресми түрде Грек корольдігінің астанасы ретінде жарияланды.
Жаңа мифтер
19 ғасырда Афина бар күшін салып османдық өткенінен құтылып, Еуропаға ұқсауға тырысты. Түріктер салған ғимараттардың басым бөлігі қиратылды. Олардың орнына неміс, француз және италиялық стильдегі неоклассикалық ғимараттар салынды. Дегенмен аталған Еуропаның алқауы жүз жылдан әріге аспады. 20 ғасыр Афинаны қатаң түрде еліктеушіліктен айырды (қала дәуірлер мен стильдердің ессіз қойыртпағын мақтан етіп стихиялық және бейберекет түрде ұлғайды). Константинос Караманлистің (1955–1963 жж.) билік еткені жылдары ескі ғимараттар жаппай талқандалып, қала архитектурасы үйлесімділігінен айырылды. Енді қала арасынан қандай да бір жалғыз жекежай қылаң беретін көп қабатты «панель» үйлердің жиынтығы іспеттес көрінеді. Афина қаласы вандалдардың шабуылынан қашып құтыла алмады, дегенмен, айталық, Салоник немесе Патраға қарағанда қатты жапа шеккен емес. Сонымен қатар аман қалған тарихи маңызы бар ғимараттардың көпшілігінің күйі нашар және олардың шым-шытырық құқықтық статусы нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қолбайлау болып келеді.
Дегенмен гректердің астанасында іргесі берік ғимараттардың саны көп болғаны соншалық, панелді үйлердің өзі қаланың көркінен айыра алмады. Шығыс бөлік Гиметтегі жасыл желек, оңтүстік-батыс бөлігіндегі тастақты Пентеликон, орталықтағы Акрополь тауы (біресе биік үйлерден көрінбей қалатын, біресе таңғажайып әуе кемесі іспеттес қала көшелерінен ашыла түсетін), сан жетпейтін дөңдер мен құздар қалаға салтанатты сымбат дарытып тұр. Сондай-ақ: қаланың шау тартқан тұрғындарымен тілдесер болсаңыз, ескі афиналық тұрмыстың жойылып кетпегенін, антика секілді, ғажайыптар еліне сіңіп кеткенін түсінесіз. Афиналықтар әлі күнге дейін бұзылған үйлердің қасбеттерін, трамвайлардың жолын (60-жылдары рельстер шамадан тыс көп болған), көше саудагерлерінің есімдерін, ескі заманда жабылып қалған дәмханалардың ас мәзірін ұмытпаған.
Сымдардың ұшқыны шашыраған,
Кариатидтер тұрған көшенің бұрышынан
Дабыл қаққан трамваймен бірге бұрылдық,
Алаңқайда өскен қалақай мен итмұрынның өскіндері,
Тікендерімен күннің бетін сырғандай көрінді – бұл Одиссеас Элитистің өлең жолдары.
Сірә, ол Қасиетті Тылсым күштер (Агион Асоматон) деп аталған византиялық ғибадатханаға байланысты осылай аталып кеткен көшені меңзеп тұрған болар. Атақты сәулетші Эрнст Циллер тұрғызған кариатид-бикештердің мүсіні бедерленген жекежай осы күнге дейін жетіп отыр. Қалада осы бір әлеммен қатар ностальгияға айналған өзге әлем де өмір сүреді (қала тарихының ең күңгірт оқиғалары көрініс тапқан үрейді ұшырар әңгімелер әлемі). Парнефтегі қараусыз қалған құрт ауруы ауруханасында елестер кезіп жүреді және мәйітхана ғимаратынан түнде есірген ібілістің айқайы естіледі. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде СС-тің басқару пункті болған Казулис сарайында, гестаполықтар қинап өлтірген қала тұрғындарының елесі кезіп жүреді. Пентеликон тауының оңтүстік-шығыс бөктерінде орналасқан Давел үңгірінде ұдайы қандай да бір мистикалық жағдай орнап тұрады: біреулер оның ішінен шар пішіндес найзағайды, әлдебіреулер — елестерді, ал басқалары — құйынды көрген... Сондай-ақ аталған үңгірде жергілікті ібіліс әскері өздерінің нас жоралғыларын өткізеді-мыс.
Өз бастауын мифтерден алған және әлі де болсын жаңа мифтерге мұқтаж халық, қолда бар дүниелерге қарап жаңа аңыздарды құрап келеді. Жұрт иен қалған қоныстарды дәл аңғарып, ол нысандарға тылсым жаратылыстарды теліп қояды. Афина халқының аталған аңыздарына қаншалық сенетінін дөп басып айту қиын, дегенмен олар бұл әңгімелерді көнеден жеткен ғимараттары секілді жоғары бағалайды.
Той
Симпосий немесе жай ғана той, көне афиналықтардың жеке және қоғамдық өмірінің өзегіне айналған. Той үстіне жұрт құдайға құрбандық шалып, достар жетістіктері мен жүзеге асырмақ болған ойларын ортаға салған, саясат пен ғылымды талқылаған. Тойда ән айтылып, еркектер жезөкшелерді құшағына алып, түрлі әңгімелер мен анекдоттарды айтқан, есінен адасқанша шарап ішкен (аттикалық кубоктардың сыртына дәл осындай сахналар салынған). Дәл осындай той үстінде ғаламат өлеңдер оқылып, түрлі философиялық теориялар талқыланған. Ең төмен әрекет пен асқақ ойлар тұрмыстың осы бір бұлқынысында бір арнаға тоғысқан. Аталған жоралғылардың кейбір жарқыншақтарын заманауи афиналықтар сақтап қалған. Айталық, қаланың кей аудандарында тұрғындар дәстүрлі түрде бас қосып, Дионистің құрметіне бір бокал шарап немесе бір стақан ракы көтереді.
Монастираки мен Плакаға орта жастағы және егде тартқан адамдар жиі жиналады. Мұнда қала қонақтарына арналған туристік таверналар (қымбат бағалар мен дыбыс зорайтқыштардан шығып тұрған әуендер соны айғақтап тұр) жетерлік, дегенмен жергілікті тұрғындарға бағдарланған ғимараттар да бар. Мұндағы кейбір дәмханалардың тарихы қызықты. Мәселен, Old Psarros тавернасынан Вивьен Ли мен Грэм Грин ас ішкен немесе «Платанос» тавернасы афиналық әдебиетшілердің сүйікті мекеніне айналған.
Еуропалық атмосфераны ұнататын жандар көше бұрыштарында орналасқан коктейль-барларды жөн көреді. Кейде мұндай барлар сізге тосын сый ұсынуы мүмкін: Норман галереясында орналасқан Couleur Locale бары бір қарағанда жұпынылау және қарапайым ғимарат болып көрінуі мүмкін, бірақ бардың террасасынан Акропольдің таңғажайып көрінісі ашылады.
Қалада жастарға арналған өзгеше «сауық залы» бар. Бұл — бейберекет әрі ластау, дегенмен жайлы әрі қызылды-жасылды сәнді қонақ үйлерімен және қымбат дүкендерімен айрықшаланатын Эксархия ауданы. Политехникалық университет жақын маңда орналасқандықтан, аталған ауданның сауық алаңына айналуы заңды құбылыс: 20 ғасырдың өзінде. Эксархия бүлікшілік қозғалысы мен радикалды өнердің орталығына айналды. 1973 жылы қара полковниктердің хунтасына қарсы көтеріліс дәл осы ауданда басталған еді. Бұл ауданда грек рок музыкасының жұлдыздары Павлос Сидиропулос пен Николас Асимос, атақты ақын Катерина Гогу (гректердің бейресми ортасында аталған адамдарды, әдетте, топтап «Эксархия әулиелері» деп те атайды), белгілі актер Димитрис Хорн мен өзге де оғаш әрі жұмбақ тұлғалар тұрған. Эксархиядан салтанат пен жылтырақты іздеудің қажеті жоқ, бірақ ауданның тар барларынан металлдан нойзға дейінгі экстремальды музыканы тыңдай аласыз және мұнда жас суретшілер мен фотографтардың көрмелері де өтіп тұрады. Кейде ол жерден көрші үстелде отырған атақты композитор немесе әншіні көріп қалуыңыз да ғажап емес.
Саяхатшы нені таңдағанына қарамастан (Плакадағы дәстүрлі тавернаны, Эксархиядағы жастарға арналған кофехананы, бес жұлдызды қонақ үйлер орналасқан ауданды немесе йод пен талгүлінің иісі аңқыған жағалаудағы мейрамхананы), оның ас үстіндегі басты серігі қаланың өзі болады. Түстер мен бітім палитрасына дәм мен иістер палитрасы қосылады. Осылайша, көнеден жеткен нақылда айтылғандай, «Афинаның қайшылықтары мен кемшіліктері — адам табиғатының соқырлығы, ал адам — барлық дүниенің өлшемі» екені айқын бола түседі. Сол сәтте ғана ландшафты я үсті-үстіне үймелеген ғимараттарды емес, «мәрмәр тастардың өзегінен жарып шыққан адамға айналған»iiЙоргос Сеферистің «Акропольдегі алты түн» (20 ғасырдың 20-жылдарында Афина жөніндегі 13 фантасмагориялық баян) деп аталатын романы дәл осы сөздермен аяқталады. қаланың сәулетін көруге мүмкіндік туады.