Әл-Фараби – философ, математик, музыка теоретигі, Шығыстың ұлы ғұламаларының бірі және Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ежелгі Отырар қаласының тумасы. 9–10 ғасырларда ол орасан зор әрі күрделі мақсатты жүзеге асырды. Батыс пен Шығыс ойларын тоғыстырды.
Бүгінге дейін, жаһандық әлем дәуірінде, біз адам жаратылысының, қағидаларының, жалпы алғанда «жақсы дегеніміз не, жаман дегеніміз не?» ұғымдарының біртұтастығы туралы сөз қозғағанда, аяғымыздың астында қақ жарылатын мәдени тұңғиықтарға қайран қаламыз. Саяси әдептілікке және жаңа этиканың басқа да нормаларына қойылатын қазіргі талаптар іс жүзіндегі жағдайдың жай-күйіне тыныштық пен тасалық пердесін бүркеп, жағдайды тек ушықтыра түседі. Несі бар, мүмкін іске асатын да шығар. Айталық, кәрістер мен америкалықтар екі бөлек әлемнің адамдары бола тұра, ойлау мен дүниетанымы мүлдем ұқсамайтынына қарамастан небәрі екі жүз-үш жүз жылды есепке алмағанда, интернет пен әлемдік жаһандық мәдениет оларды әйтеуір, шамалап болса да салыстырмалы түрде бір ортақ дүниеге алып келеді... Олай болса, қайталап айталық, бұл тәсілдің келешегі бар екені де ғажап емес.
Ал, бірақ Аристотельдің ілімін Шығыстың мәнерінде қайта қалыптастыруға кіріскен, бұл орайда грек ойшылының ойлау құрылымын да, өз менталитетін де қайткенде де өзгертуге мәжбүр болған бағдадтық ғалым 9–10 ғасырда не нәрсеге үміт артты? Жауап: ештеңеге. Ол асыл тас тауып алды да, оған тәнті болды және оны өзінің мәнеріне сәйкес бедерледі. Бұл әрекеттің салдарын біз біле алмаймыз, себебі тарихтың шартты райға көнбейтіні белгілі, егер әл-Фараби болмаса, бәлкім, оның орнын басқа бір талапты кітапқұмар басар ма еді, бәлкім, өркениеттер арасындағы шыңырау қазіргіден де тереңірек болар ма еді. Тек күмән тудырмайтын бір жайт — қазіргі заманғы ислам дінінің негізіне, мейлі, бөлек бір түрде болса да, Аристотельдің ой елегінен қайта өткізілген логикасының алынғаны және осы логиканы жеткізуші әрі таратушы дәл сол әл-Фарабидің өзі болғаны. Әрине, кейін оның соңынан, оның соқпағымен ойшылдардың тұтас бір шоғыры ерді, теңдесіз ибн-Синаны еске алсақ та жеткілікті.
Бірақ алғашқылардың бірі — әл-Фараби болғаны даусыз.
Қайдан шыққаны белгісіз бейтаныс
«Негізінде Илиада мен Одиссейді Гомер емес, мүлдем басқа зағип қария жазған», дейтін бір әзіл бар. Бұл әзілдің түбі — біздің ежелгі поэмаларды жазған адам туралы оның зағип болғанынан және тек қартайған шағында ғана атағы шыққанынан басқа ештеңе білмейтініміз. Сондықтан ол соқыр шал ма, емес па бізге одан келіп кетері не?
Міне, әл-Фараби туралы хикая да соған ұқсайды. Дегенмен де, бізге белгілі біршама жайт бар. Ол жазды деген 150-ге жуық трактат қалған, олардың басым бөлігінің бір қаламнан шыққаны даусыз деуге болады: автордың ой құрылымы мен сөз саптауы әрқашан да бірегей болады, бірақ көптеген еліктеушілер авторлықты тануды қиындатады. Сондықтан ғылыми құбылыс ретінде, таза ой ретінде, автор әрі жасампаз, әрі сөзсіз тірі, жарқын және танымал болды және солай болып қала береді. Шын мәнінде солай болғаны даусыз.
Алайда оның туған жері мен шыққан ұлтынан бастап қандай адам болғанын анықтау әлдеқайда қиынырақ. Әл-Фарабитанушылар (оның өмірін зерттеушілер аз болған жоқ, тіпті алғашқы зерттеушілер өз еңбектерін тек 12–13 ғасырда ғана жазғаны өкінішті, яғни олар бала кезінде философты кемінде бір көруге мүмкіндігі болған адамды білетін ешбір жан баласын танымаған, яғни ізін суытпай іздеу тұрғысынан олардың бізден айырмашылығы аса көп емес) әл-Фарабиді түркілерге, парсыларға, соғдыларға, кейде тіпті арабтарға (бұл ең даулы жайт) теліп жатады. Бір қуанарлығы, философтың есімі өмірбаяншыларды оның шыққан тегі еврей, қытай немесе еуропалық болуы мүмкін деген күдік ұялатпайды, әйтпесе бізде ондай нұсқалар да болуы мүмкін еді. Әл-Фарабидің есімі — ол туралы даулардың басты негізі, бақытымызға орай, шығыс адамының есімінде ол туралы көптеген мәлімет қамтылады.
Оның есімі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фараби ат-Түркі деп толық айтылуы ықтимал, бұл орайда осы тіркестің бір бөлігі — даулы мәселе. Осы атаудың арқасында біз оның Насыр есімді баласы болған деп болжай аламыз (әйтсе де, біз ойшылдың отбасы мен ұрпақтары туралы ештеңе де білмейміз, оның қашан да болмасын үйлі-жаранды болған-болмағаны туралы ешқандай мәлімет жоқ, сондықтан бұл жерде бәрі де тылсым құпия). Ғалымның өз есімі Мұхаммед болуы әбден мүмкін. Оның әкесінің аты да Мұхаммед болған, ал атасының аты Тархан, әйтсе де «тархан» дегеніміз — «ақсүйек» дегенді де білдіреді, сондықтан бұл қосымша оның едәуір атақты руға жататынын білдіруі мүмкін. Узлаг — ұлы атасының аты немесе руының аты. Ал философ өзін «Фарабтанмын» деп көрсеткендіктен, оның Фарабта дүниеге келгеніне ешкім дау айтпайды. Ал енді дәл қай Фарабтан екенін нақты біле алмаймыз. «Фараб» атауымен бірнеше аймақ аталған, бұған таңғалатын ештеңе жоқ: көптеген жергілікті топонимдерді соғды тілінен аударғанда, бұл «өзеннің арғы беті, өткел, өзен маңы» дегенді білдіреді. Бірақ зерттеушілердің көпшілігі бұл атаумен қазіргі оңтүстік Қазақстанда орналасқан және бір кездері Отырарда астана болған ірі экономикалық Фараб орталығы аталған деп ұғынады.
Ол кезде әл-Фарабидің қаны жағынан кім болғаны маңызды емес, себебі ол кезде ұлт деген ұғым әлі болмаған еді, еуропалықтар өздерін француздар немесе немістер деп сезіне қоймаған, ал Саманидтер империясының тұрғынына алдында кім тұрғаны — араб па, түркі ме, парсы ма немесе тіпті әзірге аман қалған бактрий ма, бәрібір болатын. Әрине, діни, тайпалық, саяси, рулық қарама-қайшылықтар болатын, бірақ қала тұрғынының шыққан тегінің маңызы оның қандай саяси партияға немесе ғылыми мектепке жататыны туралы жайтқа қарағанда әлдеқайда азырақ еді.
Біз тіпті араб тілінің оның ана тілі болмағанын да нақты білмейміз, себебі ол Бағдадта араб филологиясын оқыды, бірақ араб тілінің жазбаша, жоғары түрін арабтар да оқуы мүмкін еді. Тілдерге келгенде бәрі де өте күрделі, себебі әл-Фараби туа бітті қабылеті полиглот болған, оның ғұмырбаянын зерттеушілердің айтуынша, ол жетпіс тілді меңгерген. Дегенмен бұл жерде не асыра сілтеушілік бар немесе өмірбаяншылар диалектілерді ескерген. Ол кезде ғаламшарда жазбаша тілдер одан көбірек болған, әрине, бірақ әл-Фараби, айталық, иероглификаны немесе грек тілінен басқа қандайда бір еуропалық тілдерді білген деп санауға негіз жоқ. Бірақ аударма еңбектеріне берген түсіндірмелерінде ол көбінесе қандай да бір сөйленіске сілтеме жасай отырып, сөздердің дәл аудармасына көп көңіл бөлетіндіктен, біз оның бірнеше түркі тілін, соғды, парсы, араб, грек және бәлкім, сирия тілдерін оңай меңгергенін білеміз. Ол сол кездегі халықаралық қарым-қатынас тілі саналған араб тілінде жазған.
Сондықтан, айталық, біз әл-Фарабидің балалық шағының 870 (немесе 872) жылы, сірә, Отырарда немесе одан алыс емес жерде басталғанынан және оған бесік жырын айтқан дауыс иесінің түркі тілінде айтуы ықтимал екенінен басқа ештеңе білмейміз. Одан кейінгісі — бұлыңғыр әрі күңгірт.
Ғалым сот
Кейінірек біз ересек әл-Фарабиді «Дөңгелек Қаланың»,11Дөңгелек қала8 ғасырдың ортасында Аббас әулеті халифының резиденциясы ретінде салынған, Бағдадтың бастапқы орталығы. Бүгінде ол қаланың батыс бөлігінде. сол дәуірдегі ғылыми және мәдени ой орталығы Бағдадтың тұрғыны ретінде көреміз. Әл-Фарабитанушыларға сүйенсек, ол сол кезде туған жерінде медресені тәмамдап, өзінің бірегей зейіні мен зеректігінің арқасында көпшілікті таңдай қақтырған, кейін оқуын жалғастыруға Бағдатқа аттанған, жолда Бұхараға, ШашiҚазіргі Ташкент. пен Самарқанда аялдаған. Әл-Фарабитанушылар бізге оның өмірі туралы әртүрлі мәліметтер береді, атап айтқанда, Бағдадта ол сот лауазымын атқарған, табиғатты және өсімдіктерді өте жақсы көрген, музыкадан ләззат алған, өте қарапайым киінген, шынайы аскет әрі өнегелі адам болған. Музыкаға қатысты мәліметтер өте нақты, себебі әл-Фараби өзінің «Ғылымның шығуы туралы трактатында» музыкаға құрметті орындардың бірін беріп және оның маңыздылығын сипаттап, музыка туралы ғылымды қалыптастыруға көп күш жұмсаған.
«…ол тәннің денсаулығына да пайдалы, өйткені тән ауырған кезде, жан да күйзеледі... Сондықтан жанның күші дыбыстың арқасында жұмсарып, оның субстанциясына бейімделе отырып жан сауыққан кезде, тән де жазылады», яғни музыка жан азабын сейілте отырып, тіпті тәнді де емдей алады, міне, солай. Мұндайды тек музыканы шын мәнінде сүйетін адам ғана жазуы мүмкін.
Бағдадта әл-Фарабидің сот қызметінде ұзаққа созылмады, өйткені көп ұзамай біз оның мүлде басқа іспен айналысып жүргеніне көз жеткіземіз. Ол әрі оқып білім алады, әрі оқытады және өте көп жазады. Өйткені ол жасырын жатқан қайнар бұлаққа, елеусіз қалған қазынаға, ешкім түсінбеген киелі орынға, атап айтқанда, Бағдат мектептерінде негізінен аудармашы-несториандықтар22НесториандықХристиан дініндегі антиохиялық дін қайраткері Несторийдың Иса Мәсіхтің екі табиғаты мен екі тұрғысы бар екендігі туралы ілімінен бастау алған ағым. үздіксіз аударып отырған, грек авторлары қалдырған классикалық мәтіндердің қорына тап болды. Бұл жердегі кітапханалар Платон, Аристотель, Эвклид, Гален, Птолемейдің мәтіндері жазылған папирустарға толы болды, бірақ Шығыс ғалымдары тұтастай алғанда бұл күмәнді дереккөзге кірісуге асыққан емес еді. Әрине, кейбір еңбектерді кейбір ғалымдар білген, бірақ бар білгені сол ғана. Оның себебі, айтулы аударма өнері бұл жерде айтарлықтай ауытқып кеткен болатын.
Біріншіден, араб тіліне жасалған аудармалар, жұмсартып айтқанда, онша тұшымды емес еді. Иә, олар қазіргі заманғы көзқарас үшін өте дәл болатын, бірақ тек қазіргі заманғы көзқарас үшін ғана. Себебі араб тілінің тазалығына қойылатын талаптар басқа тілден кірме сөздерді алуға жол бермейтін. Сөзге, тіпті хатқа да енгізілген кез келген жаңалық «лахн» — айтылған сөздің мәнін нөлге балайтын тіл қатесі деп қабылдануы мүмкін еді. Тілдің «тазалығы» қайткенде де оның «кедейлігінің» синонимі екендігін «кірме сөздерге» тыйым салуға тырысатын қазіргі заманғы саясатшыл зияткерлер де түсінбейді, ал 10 ғасырдағы Бағдадта бәрі де қатаң болатын, сондықтан Құранның қасиетті тілін қорлағаны үшін расында да қиындыққа тап болу әбден мүмкін еді. Сондықтан аудармашылар әдетте мағынасы жағынан аз да болса жақын немесе тіпті мүлдем сай келмейтін сөздерді араб тілінен таңдап, қолынан келгенше қиындықтан шығатын жол іздейтін. Адам осы уақытқа дейін өз мәдениетінде баламасы жоқ ұғымды сипаттаған кезде, оны дәл суреттейтін сөзді қайдан табар еді?
Осы мәселені 17–18 ғасырларда еуропалық кітаптарды орыс тіліне аударған аудармашылар тапқырлықпен шешетін. Олар сөздерден жәй ғана калька жасайтын. Мысалы, неміс тілінде «Vorstellung» деген сөз бар делік, орысша ой-санада оның ешқандай баламасы жоқ. Мұндай сөздің тіпті идеясы да жоқ, сонда не істеу керек? Демек бөліктерге бөліп аударамыз! «Vor» қосымшасын орысша «пред», «stellen» түбірін — «ставить», ал «ung» жалғауын «ение» деп өзгертеміз. Сонда «представление» деген сөз шығады. Ештеңе етпейді, оқырмандар мұның нені білдіретінін өздері-ақ ұғады, ал ұқпаса — өздерінен көрсін.
Араб тіліндегі «лахнға» қарсы қатаң заңдар мұндай айла-шарғыға жол бермейтін. Міне, сондықтан неше түрлі метафизиканы, болмысты, мәністер мен акциденцияларды ұғыну әсіресе қиын болатын. Мысалы, сол «акциденция» сөзі — «болмысқа тән болуы мүлде міндетті емес өзгермелі сипат» «арад» (عارض) деп аударылатын, оның мағыналарының бірі «кездейсоқтық» немесе «аурудың белгісі» болып табылады. Ұқсайды ма? Жарайды!
Нәтижесінде мәтіндер мүлде ғажайып болып шығатын. Көптеген араб тілді оқырмандардың осындай тамаша әдіспен жазылған еңбектерді әдеппен аздап оқып шыққаннан кейін оларды бұрама қағаздарға арналған ең қараңғы шкафтың ең алыс сөресіне салып, Жаратушы миына осындай ботқаны салып берген франктардың тағдырына жанашырлық танытқаны ғажап емес.
Әл-Фараби өзі араб тілді болмаса да, тілге деген керемет қабілеті болғандықтан, бұл жерде мәселе түпнұсқада емес, аудармада екенін түсінді. Бір жолы шатпақ аударманың мән-жайының неде жатқанын байқайды. Бәлкім, өзінің христиан және еврей достарының Аристотельдің басы жақсы жұмыс істейді деген сөзіне үлкен сеніммен қараған болар!
Сөйтіп ол бар ынтасымен грек тілін, сонымен бірге араб тілін және логиканы, медицинаны, жаратылыстану ғылымдарын, физиканы да үйренуге кірісті. Ол Харранда христиан-философы Юханна ибн Хайланнан (Иоганн Жийлон) оқып тәлім алады. Ал грек тілі мен онтологияны екінші христиан, несториан Әбу Башыр Матта бен Юнустан үйренеді.
Сонымен бір мезгілде ол ежелгі гректердің — әуелі Аристотельдің, содан кейін Платонның, Галеннің еңбектеріне түсіндірме жаза бастайды... Бұл түсіндірмелерде ол тек аударманың қиындықтары және мәтінді дұрыс түсіну туралы айтып қана қоймайды. Ол ыждағатты кілем тоқушы шебер секілді батыстық ойды шығыстық оймен ұштастырады. Кейбір бастапқы дереккөздердегі пікірлерді басқа жағына оңай аударса, кейбір дүниелерді қарапайым тілге жеңіл етіп, кейбір дүниелерді күрделі етеді. Мәдениеттердің осы қоспасында ол іс жүзінде жаңа, өзіндік ой мектебін қалыптастырады. Онда формалық логика тылсым құбылыстармен, тіпті логикадан тыс нәрселермен тоғысады.
Айта кетелік, бұл жаратылыс ғылымдары туралы сөз болғанның өзінде де талқылау қателіктеріне жиі әкеліп соғады. Мысалы, әл-Фарабидің жанкүйерлері оның «вакууммен жасаған тәжірибесі» туралы айтқанды жақсы көреді, кейде тіпті вакуумды әл-Фарабидің ашқанын айтады. Иә, вакуум туралы ол шынында да кішігірім эссе жазды. Бірақ ол жазбасында ешқандай да вакуум жоқ, мұның бәрі сандырақ екенін дәлелдеді.
«Жоғарыда айтылғандардан вакуум туралы пікірдің қажетті қорытынды емес екені анық. Абсолютті бос жер деп саналатын нәрсе шын мәнінде ауа толған кеңістік болады... Біз вакуум туралы пайымдауымызды осымен аяқтаймыз. Ақыл-ойды шексіз мадақтаймыз!» Әл-Фараби, «Вакуум туралы».
Қуғындалушы
Әл-Фараби өз еңбектерімен аралар ұясын бұзды. Өйткені Бағдадтың ғылыми ортасы сол кезде онсыз да аса ызалы күй мен астан-кестен сезімдерді бастан кешіп жүрген. «Жергілікті араб» ғылымы мен «шетелдік» ғылым мектептерінің қарама-қарсы тұруы өте екпінді болды. Құран мен араб жазуының білгірлері грек, рим, үнді және иран мәдениеттерінің өкілдері «Даналық үйіне»33Даналық үйі820 жылдары халиф әл-Мамун негізін қалаған Бағдадтағы Ислам академиясы. Даналық үйінде үлкен кітапхана болды. Сүйреген барлық логиканы, риториканы, химия мен математиканы өшпенділікпен қарсы алатын. Әрине, «жергілікті» ғалымдарға ғылымның дамуына қарсы тұрған өресі тар кертартпалар деген атақ таңуға бой беру оңай, бірақ іс жүзінде мұндай қақтығыстар — жалпы ғылыми ой үшін пайдалы нәрсе. Ол бірдей догмалардың тоқырауы мен шексіз жаңғыртылуына, сондай-ақ көп ғасырлық тәжірибе мен салт-дәстүрлердің немқұрайлы жойылуына жол берместен, тепе-теңдікті табуға жағдай жасайды. Ал осындай бір-біріне қарсы тәсілдемелердің синтезі ретінде жаңа мектептер, жаңа бағыттар пайда болады, бұл тіпті дәстүрлі әдістердің маңызды әрі құнды элементтерін түгелдей революциялық идеялармен де біріктіруге мүмкіндік береді.
Аңыз бойынша, әл-Фараби қуырылған қой етінің жүрегін ең жақсы көретін. Алеппо әмірінен зейнетақы алғаннан кейін ол кейде бұл сыйға шамасы келетінін ойлау керек.
Ал осындай жарқын әрі маңызды оқиғалардың ортасында жүру кейде адамның денсаулығы үшін аса пайдалы болмауы мүмкін. Иә, әл-Фараби көзқарастар мен идеялардың мүлдем жаңа жүйесін құрды, ол «әл-Фараби мектебі» деген атауға ие болды. Кейіннен дәл осы мектеп ислам өркениетінің даму жолын айтарлықтай айқындаған еді.
Бірақ халифатта сапасы жағынан жаңа ғылымды қалыптастырғаны үшін әл-Фараби көресіні әбден көрді. Оған қастық ойлағандар ол үшін талай кедергілер жасауға тырысты, сондықтан өмірі мен бостандығын сақтап қалу үшін ол елуден асқан шағында Бағдадтан кетіп, тіршілігіне қажетті қаражаты аз бола тұра, Парсы елінен Мысырға дейінгі аумақты ұзақ уақыт бойы кезіп жүруге мәжбүр болды. Бір жерлерде ол дәріс оқыды, бір жерлерде шамалы уақыт мұғалім болды, бір жерлерде жаңа еңбек жазып, оны әріптестеріне таратты.
Ақыр соңында ұлы ғалым Дамаскіге қоныс аударып, бақ күзетшісі болып жұмысқа орналасуға мәжбүр болды. Оған төленетін ақының аз болғаны соншалық, ол түнде шам жағу үшін майды бір-ақ рет құя алатын еді, ал бұл бұрынғысынша көп жазатын және көп оқитын адам үшін жеткіліксіз. Оның бақытына орай, жақын жердегі Алеппода сол кезде әмір болған көзі ашық Сейф ад-Давлы, оны ойшылдар мен ғалымдардың айтулы тобына қосады. Дамаскіде бағбандық етіп жүрген жарлы адамның кім екенін білген әмір әл-Фарабиге сарай ғалымының орнын ұсынған жоқ, себебі өзі қарапайым әрі өмірден қажыған философ үшін сарайдың қарбалас тіршілігінің өзі азап болар еді. Әмір оған күніне 4 дирхамдық жақсы зейнетақы тағайындады. Бұл аз емес еді. Ол кезде 30 литрлік үлкен құмыра толы құрма бір дирхам тұратын, сондай-ақ бір дирхамға отбасына екі апта бойы шелпек пісіруге жететін ұн сатып алуға болатын. Сол кезде қой да бір дирхам, ал қозы жарты дирхам тұратын (аңызға сүйенсек, әл-Фараби барлық тағамдардың ішінде қозының қуырылған жүрегін жақсы көрген, зейнетақы алғаннан кейін ол кейде осы тағамды қорек етіп жүру мүмкіндігіне ие болды деп болжауға болады). Дамаскінің жасыл желегі, суы мол өзендері, оның туған жері Отырарға көбірек ұқсайтын көркем көне қала болатын. Шырағданға арналған май жетіп артылатын. Саны жағынан аз болса да адал шәкірттері, пікірлес әріптестері болды. Сондықтан әл-Фарабидің жазуын жалғастыруы әбден мүмкін. Оның көптеген еңбектерінің нақты жазылған мерзімін білмесек те, оларды Дамаскіде тұрғанда жазғаны әбден ықтимал. Өзінің «Қайырымды қала тұрғындарыны туралы трактат» атты педагогикалық-әлеуметтану еңбегін сол жерде жазып бітіргені анық.
Әл-Фараби бізге тарихи және әлеуметтік-экономикалық трактаттар, музыка, астрономия, физика мен медицина туралы еңбектер, математикалық және философиялық туындылармен үлкен мұра қалдырды. Бірақ ол қалдырған ең басты нәрсе — кемінде екі өркениеттің ой-санасының өзгерген парадигмасы. Ол осы мәдени ғаламды бір-біріне жақындатқан алғашқы дәнекерлердің бірі болды.
Ол шамамен сексен жасында 950 немесе 951 жылдың қысында Дамаскіде қайтыс болды (бір нұсқа бойынша оны Ашкелонға кезекті ғылыми пікірталасқа бара жатқан жолында тонаушылар өлтірген, бірақ бұл да нақты мәлімет емес). Оны жерлеуге Алеппо әмірінің өзі келіп, папирустың төрт бұрама қағазына жазылған дұғаны оқығаны белгілі.
Кез келген өмірбаянның соңы әрқашан да қайғылы. Хош, өмір сондай, бірақ әл-Фарабидің өмірі соңғы сағаттарына дейін жеңіл, іс-әрекетке және қуанышқа толы болғанына сенгің келеді. Сексен жасында қыста алыс Ашкелонға аттанғаны оның соңғы кезге дейін тән саулығын жақсы сақтағанын дәледейді және оның күндерінің сондай тыныштық пен берекеге толы мамыражай өткеніне үміт артқың келеді. Жүзім бағының жасыл желегі, өзін түсінетін адамдар мен шам жарығының түбінде құрған кешкі әңгіме-дүкен, үлкен қаланың шалғайдағы шуылы, кітаптары мен сүйікті музыкасы.
Әл-Фарабидің ұлағатты сөздері
Қайырымды қала
«Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала — қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам — қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық — қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ.»
Жанның байланысы
«Адамзаттың бір ұрпағы өмірден өтіп, тәндері жойылып, тәннен босаған жаны бақытқа қол жеткізсе, басқа адамдар олардың соңынан еріп, олардың орнын басып, дәл сол адамдар істеген тірлікке араласады. Бұл адамдар өлген соң, олардың жаны өзінен бұрынғы адамдар сияқты бақыт дәрежесіне жетеді және олардың әрқайсысы саны және сапасы жағынан өзіне ұқсас біреумен байланысады. Олар тәнсіз болғандықтан, олардың байланысы қаншалықты ауқымды болса да, өзара кеңістіктік шектеулер тудырмайды; себебі олар ешқандай кеңістіктен орын алмайды әрі олардың бір-бірімен кездесуі әрі байланысуы дене байланысына мүлдем ұқсамайды». Бұл адамдар арасындағы айырмашылық салыстырмалы дегенді білдіреді.
«Әртүрлі қайырымды қалалар мен халықта әртүрлі дін болуы мүмкін, бұлардың бәрі дінге сеніп мақсатына жетуге ұмтылады».
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Әл-Фараби. Философсиялық трактаттар. Алматы, 1972.
2. А.Х. Қасымжанов. Абу-Наср әл-Фараби. М., 1982.