АЛТЫН ОРДАНЫҢ ҚҰПИЯ ҚАРУЫ

Тарихшы Айболат Көшкімбаевпен Жошы ұлысының әскери айласы туралы әңгіме

~ 9 мин оқу
АЛТЫН ОРДАНЫҢ ҚҰПИЯ ҚАРУЫ

14-ғасырдағы моңғолдың сауыт-сайманы бейнеленген гравюра / Getty Images

Жошы ұлысы немесе Алтын Орда — Моңғол империясының Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға тиген бөлігі. Ғасырлар бойы көршілес елдердің тынышын ұрлап, үнемі жаңа жерлерді жаулап алып отыру үшін Шыңғыс ұрпақтары әскери техникасын үнемі жетілдіріп отырды. Олар мұндай жүйелілікке қалай қол жеткізді? Дала майдангерлері ақпараттық соғыс пен биологиялық қаруға дейінгі заманауи техникаларды қалай ойлап тапты? Әскердегі жауынгер әйелдердің рөлі қандай еді? Осы сұрақтарға әскер тарихын және Ортағасырдағы Еуразия көшпенділерінің этносаяси үдерістерін зерттеуші мамандардың бірі Айболат Көшкімбаев жауап береді. 

Айболат Көшкімбаев / Qalam

Айболат Көшкімбаев / Qalam

Шыңғыс хан әскерінен қалған мұра

Шыңғыс хан державасы пайда болған сәттен бастап-ақ қатаң, тіпті мінсіз деуге боларлық тәртіп орната білді. Бұл — әскери операцияларды әлемнің түкпір-түкпірінде: Азияда, Шығыс Еуропада және Қиыр Шығыста бір уақытта бастауға, жүргізуге мүмкіндік беретін қатаң орталықтандырылған әскери жүйе еді. Осындай масштабтағы әскер біртұтас жүйе ретінде, синхронды түрде жұмыс істеді.

Мұндай тәртіптің тамыры тереңде жатыр. Сонау Ғұн көшпелі империясының кезіндегі қытай деректерінде өте қызық ақпарат көрсетіледі. Моңғолдар әуелі шекара маңына аңға шығады, кейін бұл аңшылық жорыққа ұласып кетеді. Яғни көшпенділер аң аулаған болып Қытай шекарасына жақын келеді, ет, басқа да азық-түлігін қамдап алады да, дайындығы тастай болғанда Қытай жеріне басып кіреді.

Қабан аулау көрінісі бар алтын белдік қапсырмасы, б.з.б. 2–1-ғасырлар, Тәжікстан. Тәжікстанның ежелгі мұралар ұлттық музейі / Wikimedia Commons

Қабан аулау көрінісі бар алтын белдік қапсырмасы, б.з.б. 2–1-ғасырлар, Тәжікстан. Тәжікстанның ежелгі мұралар ұлттық музейі / Wikimedia Commons

Аңшылық олар үшін көңіл көтеру, серілік емес, кәдімгі толыққанды әскери дайындық еді. Онда жау жеріне басып кірудің жоспары жасалған. Отрядтар ондаған шақырымдарға шашырай орналасып алады да, қос қапталдап келіп, әскердің екі қанаты белгілі бір мезетте бір нүктеде тоқайласады.

Бұл аңшылық кезінде ату шеберлігі де ұшталады. Жауынгерлер ат үстінде шауып келе жатып, ең азы үш-төрт бағытқа садақ ата алуы керек, сондықтан бұл қабілетті шыңдауға аңшылық — таптырмас құрал. Осылайша, аңшылық әскери жүйенің бір бөлігіне айналды, жорықтардың арасындағы кідіріс кезінде әскердің бабында тұруына мүмкіндік берді.

Әскердің құрылымы

Шыңғыс хан құрған әскери жүйе қатаң түрде бір орталыққа бағынатын. Яса заңдар жинағында әскерді ұйымдастыру мен оны басқарудың принциптері тәптіштей жазылған.

Моңғол империясына дейін де көшпелілер қоғамында қалыптасқан әскери доктрина болды. Оған сәйкес, әскер үш негізгі бөлікке: оң қанат, сол қанат, орталық болып бөлінген. Осы үлгі Шыңғыс хан әскерінде де сақталды. Қалың қол ішінде әр бөлімнің, әр жауынгердің өзіне белгіленген орны болды.

Самурай Такэдзаки Суэнаганың 1274 жылғы Бунъэй шайқасы кезінде моңғол жауынгерлерімен майдандасуы. «Жапонияға моңғол шапқыншылығы туралы иллюстрацияланған баяндау» шиыршығынан алынған иллюстрация, шамамен 1293 жыл / Wikimedia Commons

Самурай Такэдзаки Суэнаганың 1274 жылғы Бунъэй шайқасы кезінде моңғол жауынгерлерімен майдандасуы. «Жапонияға моңғол шапқыншылығы туралы иллюстрацияланған баяндау» шиыршығынан алынған иллюстрация, шамамен 1293 жыл / Wikimedia Commons

Әскерге жарамды халықтың барлығы әскери тіркеудің бір түрі — «ондықтарға» бөлінді. Әскерге алған кезде бұл ондықтардың бәрін бірден емес, олардың арасынан екі-үш дайындығы мықты жауынгерді таңдап алған. Бұл «көшпелілердің бәрі бірден соғысқа аттанған» деген кең тараған қауесетті жоққа шығарады. Деректерде жорыққа алдымен отбасындағы естияр, тәжірибесі де көбірек үлкен ұлдар аттанғаны айтылады. Олар бұйрық келген бойда арнайы пунктке жиналып, сол жерде жүздіктер мен мыңдықтарға біріккен.

Иерархия қатаң сақталған: ондықтарды онбасы, жүздікті жүзбасы, мыңдықты мыңбасы басқарды. Мыңбасылар ең негізгі рөлге ие болды, өйткені бірнеше мыңдықтан өз бетінше әрекет ете алатын ірі құрылым пайда болатын. Онмыңдықтардан түмен құралады, бұлар айтарлықтай аумақтарда тәуелсіз операциялар жүргізе алатын еді.

Осы жағынан алғанда, Шыңғыс хан әскерінің кейініректегі еуропалық әскери жүйеге ұқсастығы таңғалдырады. 19-ғасырдағы Наполеон Бонапарт құрған корпус моделі тура осы принципке негізделген: құрылымдардың әрқайсысы бөлек, бірақ біртұтас стратегиялық жоспар аясында әрекет етті.

Жорыққа қалай дайындалды?

Моңғол империясы әскерінің әскери жорықтары жолға шықпай тұрып басталып кететін. Әуелі алдағы әрекеттің жолы салынады. Бұл, әрине, қазіргі мағынадағы даңғыл жол емес. Бойында су, бұлақтары бар, мініс көліктерін жайып алатын жайылымы бар жолдар таңдалып, жорық жоспары жасалды. Яғни 50–60 мың адам бірге қозғалып отырмайды, өйткені ондай жағдайда әскер ас-сусыз қалуы мүмкін.

Әрі қарайғы дайындық әскердің қозғалысын ғана емес, қаруының сай болуын да қарастырады. Әскерді үздік қару-жарақпен жабдықтау үшін ең озық технологиялар мен білікті шеберлер керек болды. Әскер ісі орталықтандырыла ұйымдастырылды және мемлекеттік деңгейде жүзеге асты.

Юань дәуіріндегі моңғолдардың көбе сауыты / Wikimedia Commons

Юань дәуіріндегі моңғолдардың көбе сауыты / Wikimedia Commons

Сондықтан жаугершілік кезінде әсіресе Солтүстік Қытай мен Орталық Азия, Мәуренахр аумағында қолөнершілерді сақтап қалуға тырысып отырды. Ұсталар мен қару-жарақ жасайтын шеберлерді, басқа да қолынан іс келетін адамдарды басқа тұтқындардан бөлек ұстады. Оларды не Моңғолия мен Орталық Азияға әкетті, не жаңа мемлекеттің бодандары ретінде қалдырып, әскерге қару-жарақ пен қорғаныс құралдарын жасау міндетін жүктеді.

Моңғолдың әскери маскасы, 12–14-ғасырлар / Wikimedia Commons

Моңғолдың әскери маскасы, 12–14-ғасырлар / Wikimedia Commons

Жошының Қазақстан аумағына жорығы

Моңғол империясы тарихындағы ең қиын жорықтардың бірі болған Цзинь жорығынан кейін басқа жерді басып алу үшін тек алапат күш қана емес, тәжірибелі қолбасшылар да керек екені айқындалды. Шыңғыс хан батыс бағытын Жошыға сеніп тапсырды, оны орталықтан алыста, автономды түрде әрекет ете алатын қолбасшы ретінде көрді.

Осындай алғашқы әрі маңызды миссиялардың бірі Шыңғыс ханның ежелгі жауы болып келген меркіттерге қарсы шабуыл еді. Олар бас сауғалап Моңғолиядан қазіргі Қазақстан жеріндегі шығыс Дешті Қыпшаққа қашып, қыпшақ тайпаларының арасынан пана тапты. Шыңғыс хан меркіттерді өз дәргейіне тапсыруды талап етіп, қыпшақтарға елші жіберді, бірақ ешқандай жауап алмады. Содан кейін меркітті қалай да бағындыру керек деп шешті. Жошы әскері Қазақстанның аумағын түгел дерлік кесіп өтіп, батыстағы Мұғалжар тауының маңында қарсыласын талқандады.

Моңғолиядағы Жошы хан мүсіні / Wikimedia Commons

Моңғолиядағы Жошы хан мүсіні / Wikimedia Commons

Алайда жағдай күрт өзгеріп, жеңіске жеткеннен кейін бір-екі күннің ішінде Жошы әскері оңтүстіктен келе жатқан Хорезм әскеріне тап болды. Хорезмдіктер бұл уақта қыпшақ топтарына қарсы әскери операциялар жүргізіп жатқан. Бұл көктем мезгілі, жылдың басы болатын, тура осы уақта екі әскер қазіргі Қазақстан аумағында алғаш рет кездесті. Жошы соғыстың алдын алуға тырысып, бейбіт келісімге келуді ұсынды, алайда Хорезмшах Мұхаммед бұған келіспеді. Қырғын қантөгіс бірнеше күнге созылғанымен, екі жақ та шешуші жеңіске жете алмады.

Жошы әскері түн ішінде от жағып, жақын маңда жүргендей кейіп көрсетті де, мысықтабандап біраз жер қашықтап кетті. Солайша, келесі күні хорезмдіктер жауды таппай қалады.

Көбе сауытын киген моңғол жауынгерлері. «Диц альбомынан» алынған миниатюра, 14-ғасыр. Берлин Мемлекеттік кітапханасы / Wikimedia Commons

Көбе сауытын киген моңғол жауынгерлері. «Диц альбомынан» алынған миниатюра, 14-ғасыр. Берлин Мемлекеттік кітапханасы / Wikimedia Commons

Олардың соңынан қуа жөнелуге қанқұйлы қақтығыстан діңкелеген әскердің құлқы да, күші де жоқ еді. Мұсылман шежірешілері бұл қақтығыстың хорезмдіктерге орасан әсері болғанын айтады. Жошының Қазақстан аумағына жасаған алғашқы жорығының салдары тарихи тұрғыдан маңызды болды. Кейін тура осы жерлер оның ұлысына кірді.

Қоршай басып алу айласы

Си-Ся (Таңғұттар мемлекеті) елінеiҚытайдың, Моңғолияның солтүстік-шығысындағы немесе солтүстік-батысындағы тайпалық конфедерация жорығы мен Цзин жорығы аяқталған соң, Шыңғыс әулеті алғаш рет қоршап алу сияқты әскери әдіспен бетпе-бет келді. Солайша, ірі мемлекеттермен шайқасқанда үйреншікті тактикалардың аз екені анықталды. Қазіргі Қытай аумағындағы шайқастарда моңғолдар үшін ірі қалалар мен бекіністерді басып алу оңай болған жоқ, оларды «жолай қиратып өте шығу» мүмкін емес еді.

Бұл шамамен 1209–1215 жылдар аралығы, алғашқы ірі ішкі жорықтар уақыты еді. Сол кезде моңғолдар ірі қалаларды басып алу үшін арнайы қамал алатын техникалар, катапульталар керек екенін түсінді. Мұндай техниканы жасау үшін мамандар мен технологтар керек болды. Сондықтан олар жаулап алынған халықтар арасынан түрлі маманды, Солтүстік Қытайдың таңғұт, цзинь, қидан инженерлерін тарта бастады.

Моңғолдардың өзімен бірге дайын техника алып жүрмегенін түсіну маңызды. Есесіне олар білімді болды. Соның арқасында олар түрлі жағдайға бейімделіп, өз әскери базасынан алшақ жерлерде де соғыс жүргізе алды.

Моңғолдардың қоршау қаруы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған миниатюра. Эдинбург университетінің кітапханасы, 14-ғасыр / Wikimedia Commons

Моңғолдардың қоршау қаруы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған миниатюра. Эдинбург университетінің кітапханасы, 14-ғасыр / Wikimedia Commons

Кейбір қалаларға жасалған шабуылдар әсіре қантөгісті болды. Дереккөздерде халық шығыны тым көп болған бекіністер туралы айтылады: археологиялық дәлелдерге сүйенсек, қаза тапқандар санын жүздеп, тіпті мыңдап санауға болады. Алайда басып алуға арналған арнайы техниканың барына қарамастан, кейбір бекіністерді бағындыру оңай болмады. Еуропада, әсіресе Орталық және Батыс Еуропада ол дәуірдегі қалалар биік, қалың қабырғалармен қоршалған еді. Моңғолдар оларды басып алуға көп күш жұмсамау үшін кейбірін айналып өтіп кете берді. Кей жағдайда әскери айлаға жүгінді.

Ең көп таралған әдістің бірі — жалған ақпарат тарату болды. Моңғолдар өз әскері туралы «аттың басын тартып, кері шегінді» деген қауесет таратып, бұл кезде өздері торуылдап отырды. Бұлардың шегінгеніне сенген қорғаушылар қақпаны аша салысымен әскер қалаға қайта лап қоятын.

Моңғолдардың Бағдатты қоршауы, 1258 жыл. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған иллюстрация, шамамен 1430–1434 жылдар. Франция ұлттық кітапханасы / Wikimedia Commons

Моңғолдардың Бағдатты қоршауы, 1258 жыл. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған иллюстрация, шамамен 1430–1434 жылдар. Франция ұлттық кітапханасы / Wikimedia Commons

Беріректегі болса да тағы бір ақпараттық тактиканы көрсететін деректер, мысалы, Қырым түбегіндегі Қырық Ер бекінісін басып алуға қатысты айтылады. Бұл бекініс қырға қарай орналасқан, тас қабырғалары, оны айналдыра терең оры болғандықтан, алынуы қиын болды. Сондықтан моңғолдар психологиялық қысым жасауға көшті.

Олар түн сайын шабуылға дайындалып жатқандай сес көрсетіп, соғыс дабылдарын соғып, жауынгерлерін сапқа тұрғызып, әне-міне соққы жасайтын кейіп танытты. Алайда шабуылды бастай қоймады. Уақыт өте келе қорғаушылардың бұған еті үйреніп, қырағылығын жоғалтты-ау деген кезде қабырға астынан ұңғи қазылған шұңқырлар арқылы бахадүрлер жасағы қалаға қаптап кірді.

Тағы бір кең таралған тәсілдің бірі — жергілікті жансыздар мен одақтастарды пайдалану. Оларды қарсыластың дұшпан ниеті жоқ екеніне сендіріп, қақпа ашылысымен күтпеген жерден шабуылдайтын болған.

Алғашқы биологиялық қару

Қамал алу үшін болған соғыстардың ішінде ең көп талқыланған екі оқиға — Каффа қаласын алу және, бүгінгі тілмен айтқанда, биологиялық қаруды пайдалану болды. Дереккөздерде, мәселен, Каффа қаласын қоршап алу кезінде қала тұрғындарын атқылауға обадан өлген адамдардың денесін пайдаланғаны туралы ақпарат бар. Бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатыны — даулы мәселе, бірақ оның өзіндік тарихи контексі бар.

Мұндағы әңгіме 15-ғасырдағы Алтын Орданың ең беделді хандарының бірі және Өзбек ханның ұлы Жәнібектің билігі кезіндегі оқиғалар туралы болып отыр. Оның шамамен он жылға созылған билігі Орданың экономикалық жағынан дамыған кезеңіне тұспа-тұс келді. Қазына табысының айтарлықтай бөлігі халықаралық транзиттік саудадан түсті. Батыс Еуропа халқының — генуялықтар мен венециялықтардың сауда бекеттері орналасқан Қырым түбегі бұл жүйеде маңызды рөл атқарды.

Каталан атласының фрагментіндегі Жәнібек хан, 14-ғасырдың соңы / Wikimedia Commons

Каталан атласының фрагментіндегі Жәнібек хан, 14-ғасырдың соңы / Wikimedia Commons

Каффаны басып алуға жетелеген негізгі себеп — экономикалық мүдде болатын. Мәселе сауда салықтарының үш пайыздан төрт, тіпті бес пайызға артуында еді. Ортағасырлық сауда үшін осындай бір қарағанда шағын өсімнің өзі кәдімгідей маңызды-тын. Генуялықтардың жаңа шарттарды қабылдаудан бас тартуы бұл мәселені ушықтырып, саяси және әскери қақтығысқа жетеледі. Нәтижесінде, Алтын Орда әскері Каффаға таяп келіп, қаланы басып алмақ болды. Ұзаққа созылған текетіресте шаһарды күшпен ғана алу оңай емес еді. Осы кезде моңғол әскері обадан өлгендерді қоршау машиналары арқылы дуалдан асырып қалаға тастаған деген деректер бар.

Бұл Еуразияны «Қара өлім» аталған індеттің жайлаған кезі-тін. Індет 1330 жылдары Шағатай ұлысы — қазіргі Қырғызстан жерінен бастап өршіді. Халықаралық сауда жолдарының бойымен жылдам тараған ауруға қарсы ешқандай тиімді шара қолданылған жоқ. Ол дәуірдегі жалғыз белгілі шара — аурудан өлгендердің денесін өртеу еді.

Үлкен Питер Брейгель. «Өлім салтанаты», 1562 жыл / Wikimedia Commons

Үлкен Питер Брейгель. «Өлім салтанаты», 1562 жыл / Wikimedia Commons

Каффа қаласын басып алу кезінде Алтын Орда әскерінің індет жұқтырған денелерді пайдаланғаны рас болса, оның салдары ауыр болғаны анық. Қала тұрғындары індеттен қорғанамыз деп кемемен Еуропаға қашып, еріксіз инфекция таратушыларға айналған болуы мүмкін. Бұл індет ондаған жылдар бойы Еуропа халқын баудай түсіріп отырды және тарихтағы ең ауыр демографиялық дағдарысқа әкеліп соқты.

Каффаны алу оқиғасы туралы деректер шындыққа жанасса да, жанаспаса да, бұл оқиға сол кезеңдегі соғыс логикасын көрсетеді. Қоршауға алынған қала ішінде ауру жұқтырған адаммен байланыс болмауы мүмкін емес еді, ал індетті қысым жасаудың факторы ретінде пайдалану — жауды берілуге мәжбүрлеудің қолайлы, бірақ тым шектен шыққан құралы ретінде қабылданды.

Жауынгер әйелдер

Моңғол ақсүйектерінің арасында жауынгерлігімен танылған әйелдер де аз болмады. Сондай ақсүйектердің ең танымалдарының бірі — Қайду ханның қызы Хутулун. Ол — Шыңғыс ханның ұрпағы, Үгедей ханның немересі еді. Қайду ұлысы оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағына қоныс тепті, оның шартты орталығы ретінде зерттеушілер қазіргі Алматы аумағын атайды. Дереккөздер мен кейінгі жазбаларға қарағанда, Қайдудың даңқты жауынгер қызы дәл осы жерде тұрған. Ол туралы тіпті Марко Поло да жазады, демек, жауынгер қыздың есімі елге кең таралғаны анық.

Марко Поло кітабындағы Хутулун бейнеленген миниатюра, 15-ғасыр, Франция / Wikimedia Commons

Марко Поло кітабындағы Хутулун бейнеленген миниатюра, 15-ғасыр, Франция / Wikimedia Commons

Қайдудың жиырмаға тарта ұлы болғанымен, осы қызы жауынгерлік рухымен әйгілі болған. Аңызға сәйкес, Хутулун «жекпе-жекте жеңген жігітке тұрмысқа шығамын» деп жария еткен. Бақ сынағандар табылып та жатыпты, бірақ бір де бірі қызды жеңе алмапты. Ол жігіттерді жекпе-жекке шақырып, өзінің мықтылығын, ептілігін, жауынгер ретінде шеберлігін қайта-қайта дәлелдеп, көшпелі елдің әскер мәдениетіндегі әйел рөлі туралы дәстүрлі түсінігін біржола өзгертеді. Аңыздарда оның әкесі о дүниелік болған соң да тұрмысқа шықпағаны айтылады. Қалған өмірінде осы әулеттің марқұмдары жерленген зиратты күзеткен. Ол, сөйтіп, жауынгерге тән қайсарлықпен әулеттің киелі тарихы мен aруағын қастерлейтін тыныштық сақшысына айналған.

Бұл мысал аңыз-әңгімемен көмкерілген болса да, дала империясындағы әскер мәдениетіне әйелдердің де белсенді араласқанын көрсетеді.

Бұл — тарихшы Айболат Көшкімбаевпен болған сұхбаттың үзіндісі. Алтын Орда әскерінің орыс кінәздіктерін қалай басып алып, әскер құрғаны және қуатты Жошы ұлысының күйреуіне не себеп болғаны туралы білгіңіз келсе, Qalam History арнасын көріңіз.