АЛЫС ҚАЛҒАН ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖАРЫҒЫ

Қытай актрисасы Анна Мэй Уоңның хикаясы

Анна Мэй Уоң (1905 - 1961)/John Kobal Foundation/Getty Images

Дэмьен Шазеллдің «Вавилон» (2022) фильмінде Голливудтың көңілді кештерінің бірінде түтінге быққан жарықтың арасынан смокинг пен ақ қолғап киген әрі бейәдеп ән шырқайтын қытай қызы пайда болады. Бұл фильмдегі басқа да кейіпкерлер сияқты қытайлық қыздың лақап есімі бар, алайда оның прототипі өмірде болған Анна Мэй Уоң есімді (бұл есім де ойдан шығарылған) актриса. Оған жиырмасыншы жылдары Қытайдан шыққан тұңғыш Голливуд жұлдызы болу бұйырған.

Мазмұны

Вавилондық жеңілтек әйел

Ал оның бейәдеп әндеріне келер болсақ, ол өзінің Еуропадағы кабаре турында сондай образда өнер көрсеткен. Бірақ бұл 1933 жылы еді, ал «Вавилондағы» дәл сондай көрініс 1926 жылы жарық көрген. Дегенмен бұл қиял-ғажайып фильмнің тарихи негізі жоқ, ал сол жердегі сұмдықтың бәрі 26 жылдары болуы да ықтимал. Өйткені сол кезде-ақ Анна Мэй Уоңның әлемге аты мәшһүр атағы бар еді.

Анна Мэй Уоң. 1930 жыл/Getty Images

Ол 1924 жылы наурызда араб ертегілерінен шабыт алған қиял-ғажайып «Бағдаттан шыққан ұры» дыбыссыз фильмінен кейін таныла бастады. Басты рөлде дыбыссыз кино жұлдызы, Мэри Пикфордтың жолдасы, Д'Артаньян, Зорро және Робин Гуд образын жасаған Дуглас Фербенкс ойнады. Ал Америка киноөнер академиясының болашақ негізін қалаушылардың бірі, Хэмфри Богарт, Эррол Флинн, Джеймс Кэгни және Марлен Дитрихпен бірге көптеген классикалық фильм түсірген және осы мақалада да сөз болатын Рауль Уолш аталған фильмнің режиссері болды.

Режиссер Рауль Уолштың «Бағдат ұрысы» фильмі. Шниц Эдуардс және Анна Мэй Уоң. 1924 жыл/Getty Images

Фербенкс жобаның негізгі қозғаушы күші ретінде фильмде қасақана кино жұлдызсыз (өзінен басқа әрине) түсуге ниет етті. Бағдат шаһарының декорациясы айрықша өрнекті ертегі дерсің, ал ол бұл ертегіні экзотикалық жаратылыс иелерімен толтырғысы келді. Ал Анна Мэй Уоң есімді бойжеткен бұл мақсатқа сайма-сай келе қалды. Оның сол кездегі жанкүйерлері сипаттағандай, оның көзі қытай қыздарына ұқсамайтын үлкен еді, құлағы мен мұрны да ерекше еді. Ал беті мандаринге ұқсайтын.

Режиссер Рауль Уолштың «Бағдат ұрысы» фильмі. Дуглас Фербенкс және Анна Мэй Уоң. 1924 жыл/Getty Images

Сондай-ақ небәрі 18 жаста болғанына қарамастан қай салада да жас дебютант емес еді. Ол төрт толыққанды кинофильмде ойнады. Анна Мэй мектеп кезінде-ақ қосалқы рөлдерді сомдады, ал 14 жасында «Қырмызы шырақ» фильмінде ойнады, алайда титрда оның есімі жазылған жоқ. 1921 жылы Голливудтың әйгілі плейбойларының бірі, атақты маскүнем болған режиссер әрі актер Микки лақап атымен танылған Маршалл Нилан оны түсірілім алаңына шығарып, жақын қатынаста болуға азғырды. Калифорния заңына сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспіріммен қарым-қатынас құру зорлаумен тең саналатын («Bits of Love» фильм-альманахында Аннаның жасы 15-те еді), бірақ Голливудтың өз ішкі ережелері болды. Кинорежиссер Кеннет Энгер «Голливуд Вавилоны» кітабында сол дәуірдің болмысы туралы жақсы жазған, алайда онда да АМВ есімі аталмаған. Ниланның бұл фильмінің сюжеті де анау айтқандай тартымды емес, оның кейіпкері қытайлық апиын сатушыға ғашық болып қалады. Аталған рөлді дыбыссыз киноның атақты драмалық актерлерінің бірі «мың жүзді адам» лақап атымен танылған Лон Чейни сомдады. Анна бұл актермен 1927 жылы «Мистер У» фильмінің түсірілім алаңында қайта қауышады. Онда Чейни Қытай патриархының рөлінде ойнайды.

Лон Чейни мен Анна Мэй Уоң «Bits of Life» (1921) фильмі/Alamy

1922 жылы ол «Мадам Баттерфлайдың» қытайлық өзгертілген нұсқасы саналатын «Теңіз құрбандары» фильмінде негізгі рөлді сомдады (оқиға кейін жарық көрген травестиялық қытай тыңшысына емес, Пуччини операсына сілтеме жасайды). Алайда бұл кино емес, ғылыми эксперимент болды десек артық айтқандық емес. Себебі фильмді түсірушілер екі түсті таспаның мүмкіндіктерін зерттеді, бокс-офис пен актерлерге аса мән берген жоқ, сондықтан басты рөлге ешкім танымайтын қытайлық бойжеткенді алды. Анна түскен төртінші «Drifting» (1923) фильмінің режиссері ұлы Тод Браунингтің болатын («Дракула» және «Ұсқынсыздар» сынды дыбыстық классиканың авторлары). Фильм апиын саудасы туралы баяндайды, Браунинг де бойжеткеннің көңілдесіне айналды деген қауесеттер тарады. Десе де оған нақты дәлел жоқ, алайда Браунингтің әйелі фильм түсірілімі аяқталғаннан кейін белгілі бір себептермен ажырасуға арыз берген екен.

«Теңіз ақысы» (1922). Анна Мэй Уоң, режиссері Честер М. Франклин (1969)/Alamy

Браунинг, Чейни, Фербенкс, Голливудтағы кішігірім актер-жолаушыларды есепке алмағанда аталған альянстардың өзімен әріптестік орнату арқылы бойжеткен кинематография тарихында төл орнын алар еді. Алайда «Бағдаттан шыққан ұры» оны өз алдына бөлек танымал тұлғаға айналдырды. Фербенкс фильмнің басынан аяғына дейін кеудесін жалаңаштап жүгіріп жүрді, ал моңғол күңін ойнаған АМВ экранда әрі кіршіксіз, әрі ашық бикиниде көрінді. Сегіз санының пішініндегі шаш қыстырғыш оны ұзын құлақты инелікке ұқсатты. Ал қытай қызының моңғол күңінің рөлін сомдауы ол кездері ешкімді алаңдатпаған еді. Мысалы, бұл фильмде моңғол ханзадасының рөлін жапондық жігіт ойнады. Өзінің мансабында АМВ моңғол, эскимос әйелдің, үнділік биші қыздың рөлдерін сомдады (тіпті екі рет). Ал ақ цисгендер Голливудта мұндайға ешкім баса назар аудармайтын.

Есесіне Қытай бұған сын көзбен қарап, қытай актерлерінің бейәдеп образдары үшін «Бағдаттан шыққан ұрының» көрсетіліміне тыйым саламыз деп қорқытты. Фербенкс фильмді аспан асты еліне апарған кезде америкалық сценаристер расында Қытай тарихын жетік білмейтінін, алайда бұл фильмде қытайлар емес, моңғолдар ойнаған еді деп ақталды.

Анна Мэй Уоң. «Бағдат ұрысы» фильмі/Alamy

Кір жуатын үйден шыққан ару

Оның шын есімі — Wong Liu Tsong. Ол өзінің бүркеншік есімін қытайлық және еуропалық есімдерді қосып жасаған, өзінің сүйікті айы — мәңгілік көктемнің құрметіне ортасына Мэй деген есімді қосқан. Ол Лос-Анджелесте дүниеге келіп, жеті ағасы және әпкесімен бірге отбасылық кір жуу үйінде жұмыс істеген. Әкесі Уоң бұл бизнесті 19 ғасырдың екінші жартысында бастаған, ол кезде ер адамдар көп тұратын жабайы Батыста бәрінің кір жуатын адамға мұқтаж болғаны сонша, кеншілер лас киім-кешектерін Гонконгқа жіберген. Бұл кір киімдердің барып-келуін есепке алғанда төрт айды құрайды әрі он екі көйлек үшін тарифі 12 долларға шығады. 1880 жылға қарай Калифорниядағы барлық кір жуатын кәсіпорындардың төрттен үшін қытайлар басқарды әрі қуанышқа орай оны бастау үшін анау айтқандай қомақты соманы қажет етпейтін кәсіп түрі болды.

Анна Мэй Уоңның (1905-1961) балалық шағы/Photo by General Photographic Agency/Getty Images

Алғашқы қытайлықтар АҚШ-қа сонау 1820 жылы келді. Шамамен 1853 жылға қарай мексикалықтар және чилиліктермен қатар ең үлкен диаспоралардың бірі болды. 1880 жылға қарай олардың саны жүз мыңнан асты және олар негізінен батыс жағалауда өмір сүрді. Қарқынды жүрген алтын өндірісі темір жол салуға жұмысшылар талап етті әрі соған орайлас кәсіп түрлеріне де қажеттілік артты. Қытай халқы ірі жолдар салумен қатар ауыл шаруашылығымен де айналысты. Алайда қытайлықтар азаматтық алуға құқылы болмады. 1882 жылы АҚШ-та Қытай жұмысшыларын АҚШ-қа әкелуге тыйым салатын «Қытайды шеттету туралы» деп аталатын заң қабылданған кезде жағдай нашарлай түсті (бірақ бұл заңның саудагерлерге қатысы болмады).

Бірде Анна Канадаға эскимостың рөлін ойнауға аттанған кезде шеттету актісімен бетпе-бет келді. Ванкувердегі кеденде оны бірнеше сағат ұстап, оның АҚШ-та туғанына қарамастан, Калифорнияға қайта жібермеу қаупі басым еді.

Шеттету актісіне байланысты 1920 жылға қарай америкалық қытайлардың популяциясы 62 мыңға дейін қысқарды (елдегі 106 жарым миллион халықты есепке алғанда). Әйелдер одан да аз болды, өйткені одан ерте шыққан 1875 жылғы заңда қытай, жапон және моңғол әйелдері әлеуетті секс-күңдер ретінде қарастырылғандықтан, олардың көші-қонына тыйым салынды.

Анна Мэй Уоң. Фото: Карл Ван Вехтен/Alamy

Сары қауіп деп аталатын үрей Голливуд экрандарында да өздігінен орын тапты. Шығыс киносындағы кейіпкердің бәрі нашақұмар, құмар ойыншы, алаяқ, өтірікші, мақтаншақ, сутенер кейпіне енді.

Бұдан бөлек экранға қытайлық актрисаның шығуының өзі дау тудырды. Дебюттік фильмінде есімі титрден жойылса да, өзі бейнетаспада сомдаған образында қалды, кейде ол түскен сахналар алынып тасталды. Мысалы, Анна Мэйдің әріптесі болған әрі болашақ комедиялық дуэтті сомдаған Стэн Лорел мен Оливер Харди ойнаған «Қыздар неге теңізшілерді сүйеді» (1927) деген фильмде қытай бойжеткенінің образы алынып тасталған.

Сол жылдардағы америкалық стандартқа сәйкес ақ нәсілді емес әйел ақ адамға тұрмысқа шыға алмайтын, ал фильмдердің басым көбі хэппи-ендпен және тұтас көгілдір экрандағы сүйісумен аяқталатынын есепке алсақ, ақ нәсілді емес әйелдердің фильмге түсуге бір мысқал мүмкіндіктері жоқ екенін байқаймыз. «Питер Пэнде» (1924) Жолбарыс Лили рөлін сомдаған Анна бас кейіпкермен сүйіседі, бірақ Питер Пэнді ер адам емес, актриса Бетти Бронсон ойнағандықтан, бұған жол берілді.

Соған қарамастан ол 18 жасында Голливудтағы бірде-бір ақ нәсілді емес әйел қол жеткізе алмаған жетістік шыңынан көріне білді. Ал афроамерикалық кейіпкерлердің рөлін мұнда беттеріне грим жаққан ақ адамдар ойнады, осыдан blackface деген термин пайда болған. Мысалы алғашқы «Том ағайдың үйі» фильмінде (1903) Томның рөлін ақ адам ойнады, тек 1914 жылы «Том ағайдың үйі» қайта экранизацияланғанда басты рөлді қара нәсілді адам сомдады. Бұл сенсация еді. Yellowface тәсілі де өзінше жұмыс істеді, яғни сол жылдардағы голливудтық дивалардың барлығы дерлік Оңтүстік-Шығыс Азияның әйелдерін ойнады. Ол қатарда Мэри Пикфорд, Пола Негри, Алла Назимова және т.б. бар. Мысалы «Қанға бөккен қала» фильмінде (1928) Анна қосалқы рөлді сомдады, Оното есімді негізгі рөлдегі азиялық қызды америкалық Мирна Лой есімді ару ойнады. Оларға сәйкесінше аз ақы төленді — төл рөлін сомдайтын қытай қызы қытай қызын сомдайтын америкалық арудан қарағанда аз ақы алды. Ал Анна Мэй Уоң түсірілім алаңында өзіне бәсекелес санайтын ақ аруларды таяқпен тамақ жеуді үйретті.

Анна Мэй Уоң (1905-1961) «Лаймхаус блюз» фильмінің жарнама суреті. Режиссері Александр Холл. 1934/John Kobal Foundation/Getty Images

Осылайша Голливуд көрерменге экрандағы экзотиканың қажетті бөлігін берді, бірақ ондағы мораль өзгермейтін еді. Шығыс қыздарында экранда ажал құшудан басқа амал қалмады. Сөйтіп Анна экранда ажал құшатын өлім ханшайымына айналды. Оны тұншықтырып өлтірді, тірідей жерге көмді, мұхитқа батырды, улады, кеудесіне семсер тақады. Бірде Harper’s Bazaar журналы актрисаның суицид сахнасы қойылымнан қарағанда әлдеқайда әсер қалдыратынын жазған еді. «Менің киномансабым осындай, – деп миығынан күлген еді Анна кейінірек. – Ешкім маған не істеу керегін білмейтін, ақыр соңында өліп тынудан басқа амал қалмайтын», – деді ол.

Анна Мэй Уоң. 1920 жыл/Getty Images

Еуропадағы бронтозавр

1928 жылы ол UFA неміс кинокомпаниясымен келісімшартқа отырып, үш ай Берлинде тұрды. Берлин ол дәуірде декадент шаһар еді, онда керектінің бәрі табылатын. Алайда қытайлықтарды, соның ішінде қытай аруларын кездестіру өте сирек жағдай еді. Америкалықтардан қарағанда немістер Қытайдан келгендерге шектеу қоймады, өйткені олардың саны өте аз еді — тұтас Германияда мыңнан аз қытайлық өмір сүрді.

Анна Мэй Уоң (1905-1961) UFA студиясының түсірілім алаңы, Берлин, 1928 жыл/Getty Images

Анна Мэй Еуропаны аяғынан тік тұрғызды. Мысалы Венада Tschun Tschi опереттасында ойнағанда (әрі неміс тілінде) оның жанкүйерлерін тарату үшін полиция шақыруға тура келді. Атап айтқанда бәрін оның глицеринмен емес, өзінің көз жасын төгіп-төгіп жылайтыны таң қалдырды. Голливуд жұлдыздарының басым көбінен айырмашылығы — ол оқыған қыз еді әрі тілі де өткір (биографтар оның Конфуцийдің ағылшын тіліндегі кітабын жиі алып жүретінін және Байронның өлеңдерін жатқа айтатынын атап өтті). Берлиндегі кештердің бірінде ол сол кездегі терең философтардың бірі — Вальтер Беньяминмен түні бойы әңгіме-дүкен құрып, оны толықтай баурап алған деседі.

Парижде ол Дягилевтің орыс балеттерін тамашалайды және сахнаның артындағы сауық-сайранға қатысады. Бұл қалада оны ең қарапайым адамдардың көшеде емін еркін сүйісетін әдеті қатты таңғалдырды. Ал Лос-Анджелесте мұны тек атышулы богемалар жасайтын.

Анна Мэй Уоң Париждегі De Crillon қонақүйінің жанында/Getty Images

Лондонда ол өзінің соңғы дыбыссыз фильмі «Пикадиллиге» (1929) түсіп, ыдыс жуушы және биші Шошоның рөлін сомдайды. Фильмде сүйісу сахналары болған, бірақ ол алынып тасталды.

Цензураның айла-шарғыларына қарамастан, Еуропа нәсілге қатысты анау айтқандай қастасқан жоқ. Лондонда Анна негізінен театр қойылымындағы америкалық акценті үшін сынға қалды. Оған жауап ретінде кештердің бірінде ол: «Егер қажет болса мен сендер сынай алмайтын тілде де сөйлей аламын», – деп кантон тіліне ауысып, тағы үлкен қошеметке ие болды. Сондай жиындардың бірінен кейін Ивлин Уо1i1Ивлин Уо (1903–1966)ағылшын жазушысы, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы күнделікті өмірді үздік суреттегендердің біріАнна Мэй Уоң бронтозаврға ұқсайды деп жазды. Оған бұлай жазуға не түрткі болғаны белгісіз, қытайлық арудың өте ұзын бойы ма, әлде бұл елге деген жаттығы ма — тарих та бұл туралы жақ ашқан емес.

Британдық заңнамада нәсіларалық некелер жазаланады деп жазылмаған, көп дегенде қоғамнан шеттетілу қаупі ғана төнетін. Осыған байланысты Анна кейінірек Лондонда өткізген бірнеше ай ішінде ол ешқашан мейрамханада ақша төлемегенін сөз етеді, себебі ол үшін ақы төлеуге даяр адамдардың санында шек жоқ еді. Ол стиль иконасы саналған, қала берді лондондықтар үшін оның мінез-құлқы таза экзотика болғаны сөзсіз. Бір шетінен, ол — қытайлық ару, бір шетінен — кәдімгі джаз дәуіріндегі америкалық флэппер.22Флэппер жиырмасыншы жылдардағы америкалық эмансипацияланған, сейіл құратын, ішімдікті жаны сүйетін, еркін болмысымен ерекшенелетін қыздардың лақап аты, Фрэнсис Скотт Фитцджеральдтың әдеттегі кейіпкерлерОлар қысқа көйлек киеді, лезде аралас-құралас болады әрі шашын қысқа қылып қияды.

Осы кешкі астардың және басқа да кездесулердің нәтижесі жаппай жүйке ауруына түрткі болды, кейін ол жан-жарасын Кенттегі санаторийде емдеді.

Анна Мэй Уоң, шамамен 1938 жыл/Legion-Media

1930 жылы Анна Марлен Дитрих және Лени Рифенштальмен бірге фотоға түседі, бұл еуропалық шабуылдың символы еді. Дитрих «Көк періште» фильмінде әлі жұлдызы жарық жанған жоқ, ал Рифеншталь Үшінші рейхтің бас режиссеріне айналмаған тұсы. Сондықтан Анна бұл үштіктегі ең үздігі еді. Осы фотосуреттен шабыт алған жазушы Аманда Ли Куи «Алыс қалған жұлдыздың жарығы» («Delayed Rays Of a Star») деген роман жазып шығады.

Марлен Дитрих, Анна Мэй Уоң және Лени фон Рифеншталь, 1930 жыл/Harvard Art Museums

Анна Мэй Уоң Еуропада жарқын болашағын елестетті, сондықтан Америкаға тек бір чемоданмен қайтып оралды. Ал оның қалған заттары өз иесін күтіп Еуропа қалаларында шашылып жатты.

Анасының қаза тапқаны туралы (оны үйдің жанында көлік қағып кеткен) қаралы хабарды Анна Нью-Йоркте естіді. «Арындаған жиырмасыншы жылдар» мәресіне жетіп, ұлы депрессия басталды. Актриса не Лос-Анджелеске оралып, жерлеу рәсіміне қатысуы керек, не Бродвейде спектакльде өнер көрсетуге тиіс. Қытай талабына сәйкес қыз баланың анасының жерлеуінде болмауы ақылға кіріп шықпайды әрі актер мамандығының өзі анау айтқандай ізгі таңдау болып саналмайтын. Қытайлықтар актерлерді негізінен қаңғыбастар мен жеңіл жүрістілерге телитін, ал дәстүрлі қытай операсында әйелдің рөлін ер адам сомдайтын.

Анна Мэй Уоң анасымен. Сол жақта — әпкесі, шамамен 1905 жыл/The Wisconsin Center for Film and Theater Research/Wikimedia Commons

Нью-Йорктен пойызбен барып-келу екі аптаға созылды. Оның қатысуымен спектакль енді ғана басталды, сондықтан оның орнына ойнайтын актриса табу керек, не қойылымды жабу керек еді. Анна спектакльді таңдады. Кейіннен ол өз шешімін анасы Конфуций ілімімен қоса христиандық сенімді де бойына сіңіргенін және өлімге көндігуге тура келетінін айтып түсіндірді. Мүмкін оның жанына осы дүние тыныштық сыйлаған шығар.

Лос-Анджелеске оралу

1931 жылғы маусымда Анна Лос-Анджелеске оралады. Жасы — 26-да, әлі тұрмыс құрмаған. Ол тілшілерге отбасылы болу бақыты бұйырмаған шығар деп ашық айтады. Себебі еуропалықтар, не америкалықтар оған үйленіп, өз беделдеріне нұқсан келтіретінін, ал өзіне тең келетін қытайлық азаматты АҚШ-тан табу қиын екенін сөз етеді. Әрі өзінің әкесінің бойындағы қасиеттерді кез келген ер адамның бойынан табудың оңай еместігін алға тартады. Қайткен күнде Анна тарихи Отанына қайтып оралып, мұнда ешқашан аяқ баспау үшін қытайлық ғалым жігітке тұрмысқа шығуды қалайтын.

Анна Мэй Уоң, 1932 жыл/Carl Van Vechten Collection/Library of Congress, Washington, D.C

Сол жылы негізінен b-movie саналатын «Айдаһардың қызы» фильмі жарыққа шықты әрі жақсы ақша жинады. Анна Фу Манчудың (британдықтар ойлап тапқан жиырмасыншы ғасырдың поп-мәдениетіндегі мұртты азиялық зұлым адамның бейнесі) қызының рөлін сомдап, оқ тиіп, әдеттегідей фильмнің соңында қаза табады.

1932 жылы ол жарық жанған жұлдыздың көлеңкесіндегі тағы бір жұлдызды шақты бастан өткереді. Экранға «Шанхай экспрессі» жол тартып, Анна Марлен Дитрихпен құшақтасып ойнайды. Құдды сол Берлиндегі фотосуретке жан біткендей еді (бірақ мұнда Лени Рифеншталь болмады, себебі ол Гитлермен танысып үлгерген еді). Сол фотосуреттен бері Марлен Дитрихтің танымалдығы арта түсті. Ол абсолютті примаға айналып, оның қытайлық құрбысы фильмнің сюжетінде де екінші орынға ысырылды. Мұнда нәсілдік теңдіктің де рөл ойнағанын атап өткен жөн, екі актриса да әртүрлі калибрден шықса да жеңіл мінезді әйелдің рөлін сомдады.

Анна Мэй Уоң «Айдаһар қызы» фильмінде (1931 жыл, режиссері Ллойд Корриган, Paramount Pictures/Alamy

«Мұндай әйелдерді бірінші класқа жіберу барып тұрған бетсіздік», – деп ашуланады «Шанхай экспрессінде» діндар-жолаушы: «Әр пойыз өз күнәсін көтереді, бірақ бұл пойыздың салмағы асып кетті!», – дейді ол.

Шамадан тыс салмаққа қатысты оның айтқаны шындыққа жанасады, себебі патефоны бар купедегі бұл екеуі сол кездегі экранның әдеп жосығына жат бейәдеп әрі бұлдыр көрінген еді. Оның үстіне аталған фильмде Уоң Дитрихтің экранда көріну жиілігін есепке алмағанда одан бір мысқал кем түспейді.

Aнна фильмнің режиссері Джозеф фон Штернбергті Дитрихтен әлдеқайда бұрын танитын. Бірақ Марлен мен Джозеф сияқты екеуі көңілдес болған жоқ. Штернберг Калифорнияның Сан Бернардиносында өзінің абыр-сабырға түскен жаңа Қытай елінің нұсқасын жасады. Түсірілім алаңына қаңғыбас иттерді, тауық пен басқа да жануарларды айдап әкеліп барлығын қағаз шамдармен жауып, иероглифтермен таңбалап тастады. Вокзалдың күйбең тіршілігін бейнелеу үшін жүздеген жергілікті қытайға қосалқы рөл берілді. Алайда жергілікті қытайлар кантон тілінде сөйлесе (Анна өзі де), Пекинде мандарин тілінде сөйлейтін. Штенберг жалпы тарихты декоратив тұрғыда қайта өңдеудің шебері еді. «Азған патшайым» фильмінде (1934) Екатерина Екіншінің рөлін сомдаған Дитрих болса, режиссер орыстың патша сарайын сондай жабайы әрі көз тартарлық пішінде қайта құрастырады.

Актриса Марлен Дитрих және кинорежиссер Йозеф фон Штернберг «Періште емеспін» фильмнің премьерасында/Corbis via Getty Images

Бірақ орыстың патша сарайының құрылысына мемлекетаралық деңгейде реніш танытатын адам кемде кем болса, Қытай тағы да «Шанхай экспрессіне» дау айтты. Оның деліқұлы декорациясы да, жалпы саяси қисынсыз үндеуі де дау тудырды (фильм ұлтшылдар мен коммунистер арасындағы азаматтық соғыс кезін бейнелейді). Дегенмен олар фильмнің режиссері, австриялық Штернбергті емес, өз отандастарын айыптады. Газеттердің бірінде «Paramount Қытайды қаралайтын фильмге Анна Мей Уоңды пайдаланды» деп жазылды. Актрисаның бұрынғы шалыс әрекеттерінің бәрі қайтадан еске түсіп, «Бағдаттан шыққан ұрыдағы» жартылай жалаңаш образы да отқа май құйды. «Жартылай жалаңаш қызметшіні Қытайда көріп пе едіңдер?» деп жазылды мақалада. Фильм АҚШ-та жарық көрмей тұрып, Қытайда тыйым салынды. Бірақ атышулы Айн РэндiiАйн Рэнд (1905–1982) — америкалық жазушы, «адам эгоизмінің басымдылығын растайтын және либертариандық құндылықтарға жол ашқан объективизм теориясын» жасаушы осыған дейін бірде-бір фильмнің дәл осылай өзін таңғалдырмағанын жазды. Рэндтің бұл сөзінің салмағы бар еді, себебі кезінде өзі де Голливудта қосалқы әртіс, артынша костюмші болып жұмыс істеген.

Джуланна Джонстон, Анна Мэй Уоң және Дуглас Фербенкс «Бағдадтан шыққан ұры» фильмі (1924). Режиссері Рауль Уолш/Alamy

1933 жылы Анна Лондонға қайта келді. Бұл жолы жеке кабаре-бағдарламасымен оралды («Вавилон» фильмінде бейнелеуге тырысқан сол бағдарлама). Мүмкін Марлен Дитрихпен бірлесе сомдаған рөл оған сәйкес образды қалыптастыруға көмектессе керек (олардың араларында әлбетте сезім болған деген әңгіме таралса да, бұл туралы актрисалар жақ ашқан емес). Қайткен күнде Анна Мэй Уоң сахнада мұндай зұлымдықты бастан кешірмеген еді. Қытай өрнектері бар алтын көйлек, ескі лондондық ​​Asprey зергерлік компаниясының саусаққа арналған жапсырмасы әрі «Street Girl» деген елітетін атауға ие әнді шырқау.

Анна Мэй Уоң, 1935 жылғы 22 қыркүйек, Нью-Йорк, АҚШ/CARL VAN VECHTEN/Alamy

Егер оның сыртқы келбетіне Дитрихпен дуэті әсер еткен болса, онда ол өзінің музыкалық қабілетін аты аңызға айналған Гарлем Cotton Club мекемесінде алған болуы мүмкін, онда ол жазушы және фотограф Карл Ван Вехтен мен оның әйелі, шығу тегі одессалық актриса Фани Мариноффпен бірге жиі баратын. Анна Мэй Уоң биге шыққан кезде оның құрметіне ең танымал америкалық джаз әншісі саналатын Кэб КэллоуэйдіңiiКэб Кэллоуэй (1907–1994) — ең танымал америкалық джаз әншілерінің бірі оркестрі арнайы қытай ырғағында музыка ойнайтын.

Оның сахнада ән айтуы бұл жолы да көпті таңғалдырды әрі Лондонға барған бұл сапарында цензура бастиондарының бірі құлап, «Java Head» тарихи драмасында Анна алғаш рет экранда әріптесімен ашық сүйісті. Мұндай эротикалық нәзіктікке қарамастан, оқиғаның соңы өзгеріссіз қалды — оның басты кейіпкері болған бойжеткен сол апиыннан уланып, дәстүрлі түрде өз-өзіне қол салды.

Анна Мэй Уоң. «Яваның басы» фильмі, 1934 жылы/ашық дереккөзден

Қытай синдромы

1931 жылы америкалық жазушы Перл Бак «Жер» деген кітап жазып, қытайлық фермерлердің өмірі туралы күшті архаикалық эпопеясы үшін Пулитсер сыйлығын жеңіп алды. Солтүстік Қытайдағы егін үшін шайқас туралы шынайы оқиға Ұлы депрессия тұсында америкалық оқырманға айрықша әсер етіп, 1934 жылы оны экранизациялау туралы сөз болды. 1935 жылы киножоба «Берекелі өлке» деген атаумен бекітіліп, кастинг басталды.

Анна Голливудтың әр бұрышында «Жер» шығармасын Қытай туралы жазылған ең үздік туынды екенін айтудан танбады және бас кейіпкер О-Лан образы расында оның құрметіне жасалған еді. Оған шынымен осы рөлді ұсынғылары келді, бірақ жақында қабылданған Хейс кодексініңiiХейс Кодексі — Голливудта 1930 жылы Өндірушілер мен прокатқа шығарушылар ассоциациясы қабылдаған этикалық шектеулер жиынтығы, немесе цензура жинағы арнайы бөлімінде нәсіларалық жыныстық қатынасқа тыйым салынды, сондықтан актриса ақ нәсілді болуға міндетті. Бұл расында тағдыршешті мискастинг болды. Егер Анна бұл рөлді иеленгенінде біз тереңнен толғайтын мұндай мәтін жазбайтын едік, себебі оның есімі онсыз да барша жұртқа әйгілі болар еді. Дегенмен ол тағы да отқа түскен көбелектің күйін кешті, себебі тынбайтын Қытай билігі де актрисаның бұрынғы жағымсыз образдары үшін кек алып, Уоңның бұл фильмде бой көрсетуіне қарсы шықты.

Нәтижесінде оның рөлі тағы да еуропалық актрисаға бұйырды (ал қытайлық бас кейіпкер ер адамның рөлін Пол Муни сомдады). Аннаға екі жұптың ортасына түсетін шайханадағы қытай бишісінің қосалқы рөлін ойнау ұсынылды. Ұя бұзушы бишінің рөлінен ол бас тартты (оны нәтижесінде австриялық актриса сомдады). Сайып келгенде 1938 жылы Перл Бак әдебиет бойынша Нобель сыйлығын жеңіп алды, ал «Берекелі жер» фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса «Оскар» жүлдесіне* (Уоңнан бар-жоғы бес жасқа кіші Луиза Райнер біздің уақытқа дейін өмір сүріп, 2014 жылы 104 жасында көз жұмды) ие болды. Ал Анна Мэй бұл тұста «Шанхай қызы» деген фильмге түсіп үлгерген еді. Бұл жолы ол басты рөлді сомдады, бірақ фильм сол кезде өте кең таралған қылмыстық боевик жанрында еді. Ол мылтық тарс ете қалғанда жан ұшыра шыңғырып, қасын кекіліне дейін көтеріп, шляпаларын желп-желп еткізіп қағып тұрған еркектердің алдында арқасын жалаңаштап билейтін.

Луиза Райнер және Марселла Уоң Пол Мунимен бірге (1896-1967) «Киелі өлке» фильмі, 1937 жыл/Hulton Archive/Getty Images

1936 жылы «Берекелі өлкенің» түсірілімі жүріп жатқан тұста Анна New York Herald Tribune басылымымен бес репортаж жасаймыз деп келісіп, Қытайға көптен күткен сапарын жасады. Ол репортажды расымен жазады әрі сол замандағы эмансипацияланған Қытай әйелін мадақтайды (қол-аяғы байлаулы жапон әйелінен қарағанда). Дегенмен жапон әйелдері үшін алысқа барудың керегі жоқ, ол Шанхай әйелдері еуропалық әйелдерден қарағанда еркін екенін баса айтқан еді. Шанхай әлемінің сұлуларына қарап тұрып, «Берекелі өлкеде» бейнеленген карикатуралық тұрғыда езгіге ұшыраған қытай әйеліне миығынан қарайсың, себебі олардың өмірі мүлдем басқаша, – деп кектене жазған еді ол. Қытайда жүргенде Чарли Чан мәнерінде бірақ әйел кейіпкер қатысатын шығыс детективті фильмдер сериясын түсіру идеясы пайда болды.iiЧарли Чан — Конфуцийдің қанатты сөздерін жатқа білетін, қытайлық ойдан шығарылған тыңшы

«Берекелі өлке» фильмінің тұсаукесері 1937 жылы 27 қаңтарда кесілді, ал сол жылы жазда жапон-қытай соғысы басталды.

Нью-Йорктегі «Астор» театры алдындағы жұрт. «Киелі өлке» фильмінің тұсаукесері, 1937 жыл 2 ақпан. Режиссері Сидни Франклин/Alamy

Соңғы титр

Анна бұған дейін де Гоминданды қолдайтынын ашық білдіріп жүр еді, ал соғыс басталған кезде нағыз саяси энтузиастқа айналды — ол митингтерге қатысады, қытайлық босқындар үшін қаражат жинайды және Қытайдың рухын көтеруге жан-жақты ықпал етеді. 1941 жылғы желтоқсанда жапондықтар Перл-Харберде Америкаға оқ жаудырады, ал ол өзінің Жапонияға қатысты бұрынғы көзқарасының дұрыстығына ғана іштей иланып қалады. Бойын үрей билеген Калифорнияда жапондықты Қытайдан қалай ажырату керек деген сұрақ туындайды. Time журналы дәл осындай атаумен мақала жарияласа, қытайлар соққыдан аман қалу үшін «Мен қытаймын» деген лента таға бастайды. Сол дәуірдің ең танымал актерлерінің бірі — Джеймс Кэгни өзінің асыл тұқымды америкалық гангстер келбетіне қарамастан, қолдау ретінде сондай төсбелгі тағып жүреді.

Анна Мэй Уоң 1940 жыд/Carl Van Vechten Collection/Getty Images

Қырқыншы жылдары Анна Мэй Уоң бірнеше әскери үгіт-насихат фильмдерін қоспағанда басы артық фильмде бой көрсетпеді. Атап айтқанда актрисаны қатты ұқсас болғаны үшін Перл Бактың кезекті «Айдаһардың ұрпағы» (1944) романына орай түсірілетін фильмдегі басты рөлге бекітпейді. Ол қытай өмірі туралы фильмдерде техникалық кеңесші болып жұмыс істейді, Қытайдың сұлулық индустриясы туралы дәріс оқиды, аспаздық кітаптарға кіріспе жазады және «Шанхай» иіссуларын жарнамалайды. 1948 жылы оған цирроз диагнозы қойылады. Джин-физз коктейліне тоятын «арынды жиырмасыншы жылдар» өз ізін қалдырып кеткен екен. Бір жылдан кейін әкесі қайтыс болады, Анна соның салдарынан жүйке ауруына ұшырап, бірнеше апта емханада жатады.

Цирроз оның баршаға аян күн жүзді жүзін сарғайтып, ісінген yellowface-ке айналдырады. 1953 жылғы желтоқсанда ол қайтадан ауруханаға жатады, содан кейін ұзақ уақыт бойы сауықтыру мекемесіне ауысады, бірақ ішімдікке әуестігін сол бойы қоймайды.

Голливудқа деген үміт сөнді, сондықтан ол өзі соңғы рет 1937 жылы болған әрі өзін бірнеше мәрте құтқарған Еуропаға аттанады. Он сегіз жыл бойы аяқ баспай кеткен Лондонда халқы оны ұмытпаған екен. Анна ағылшын және қытай тілінде оңды-солды қолтаңба беріп, «Дорчестерде» Сомерсет Моэммен түскі ас ішеді. Оның сөзінше британ халқы америкалықтарға қарағанда бұрынғы идолдарға әлдеқайда адал екен. Дегенмен Лондонға жасаған саяхаты оған тәтті естеліктерден басқа ештеңе де берген жоқ.

Лос-Анджелеске оралған ол үйін сатып, телевидениеде жаңа өмір бастауға талпынады. Әртүрлі телехикаялар оны расымен құтқарды (тіпті оның 36 жылы Қытайға сапары туралы деректі фильм). Басты рөлдер енді бұйырмайтыны айдан анық, десе де «Жұмақтағы шытырман оқиғалар» фильміндегідей тісінде темекі тұтқышы бар іскер қытай матроны, «Майк Хаммер» (1957–59) детектив сериалындағы мадам Чу есімді қылмыскер іспетті әдеттегі рөлдерді сомдайды. Ол әлі күнге дейін экраннан әртүрлі шығыс құндылықтарын насихаттайды. «Майк Хаммерде» Инь және Ян туралы толық түсіндіріп береді. Бірақ оның көзіндегі жарық сөнген еді.

1959 жылы ол үлкен Голливудпен соңғы рет «Қара түсті портрет» мелодрамасында кездеседі. Онда ол даңқ шыңындағы Лана Тернермен бірге ойнайды. Дәл сол жылы Анна Голливуд даңқ аллеясында онсыз да көп болмаған өзінің соңғы марапаты — төл жұлдызын иеленеді.

Анна Мэй Уоңның Голливуд Аллеясындағы жұлдызы, 2023 жылғы 27 мамыр. Лос-Анджеле, Калифорния, АҚШ/Barry King/Alamy

1961 жылы 3 ақпанда Анна Мэй Уоң түстен кейін ұйықтап кетіп, ақыры оянбады. Эпитафия сақадай сай еді, себебі өз сұхбаттарының бірінде ол журналиске өзі өмірден өткен соң экранда онсыз да мың рет ажал құшқанын жазуды өтінген болатын.

Бір француз романында жазылғандай, «ол өлді, оның өлімі қынагүлдің гүліндей айналасына тұқымын шашып жіберді». Оның таңғажайып тұқымдары — кейіннен Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген жүздеген актерлерге Америка экранына жол ашқан жүздеген бейнелер еді. Оның есімі тиындарда жазылған, ол туралы деректі және көркем фильмдер түсіріледі («Вавилонды» еске алайық), тіпті оның құрметіне Барби қуыршағы да жасалды. Бір қызығы бұл өткен шақтан қарағанда болашақ туралы әңгіме, оның өмірбаянының қортындысында болжанғандай, Анна Мей Уоң ақыры «Оскарын» ала алмай кетті, бірақ ерте ме, кеш пе оның рөлін сомдаған біреуге «Оскар» бұйырары анық.

АҚШ-тың 25 центтік жаңа монетасында Анна Мэй Уоңның бейнесі. АҚШ теңге сарайы 2025 жылға дейін таңдаулы америкалық әйелдерге арналған 20 монетаның біріншісін соға бастады/the U.S. Mint/ Getty Images

Көшірілді