АЛЖИР

АБАҚТЫҒА ҚАМАЛҒАН АНАЛАР

АЛЖИР

Алжир мемориалының орнатымы / Равкат Мұхтаров

А. Л. Ж. И. Р. — тұтқындар қазақ даласының орталығында орналасқан Отанға сатқындық жасағандардың жұбайларына арналған Ақмола лагерін осылай атаған. Мұнда 1937 жылы Ұлы террор кезінде атылғандардың жесірлері мен балалары жазасын өтеген. Арнайы Qalam үшін журналист Сергей Николаевич КСРО-дағы ең үлкен әйелдер түрмесіндегі өмір салты туралы куәгерлердің жазбаларын жинақтады.

Көзі тірі соңғы куәгер осы кісі болар. Өзі де мұңайған күйі жымиып қойып:

«АЛЖИР-дің аман жүрген соңғы тұтқыны менмін», – дейді.

Азарий Михайлович Плисецкий — танымал биші, балет ұстазы, аты әлемге әйгілі Майя Плисецкаяның інісі, биыл 86 жасқа келді. Ол Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріне (орыс. АЛЖИР) түскенде бір жасқа толмаған сәби еді. Темір тордың арғы жағында қаз тұрып, тәй-тәй басып, тілі шыққан, алғашқы есті сөзі:

«Зонаға барғым келеді», – болған деседі.

Бүгінде сол шағы туралы естеліктерінің көмескі тартқаны да ғажап емес. Сол естеліктердің басым бөлігі ұлым жайсыз күйге түспесін деп, оған барынша қамқор болған жанашыр анасы — Рахиль Михайловна Мессерер-Плисецкаядан естіп-білгендері болса керек. Анасының сондағы көздегені — балам қатыгез болып өспесін, совет өкіметін (өзін кезінде әкесінен айырған, шешесінен айыра жаздаған совет билігін) жек көріп кетпесін, кек сақтамасын деген шын ниет еді.

Қуғын-сүргін көргендер үшін үнсіздік — күн көрудің басты шартына, аман қалудың жалғыз кепіліне айналғандай. Осы шартты елемей күнелткен ГУЛАГ құрбандары жоқтың қасы. Көбінің демі таусылғанша сырын іште сақтап, ашылып әңгіме айтпағаны да содан. Көз көргендердің ағынан жарылып, жаппай естеліктерін жариялаған кезеңі — Горбачев бастаған «қайта құрудың» нағыз қызған шағы.

АЛЖИР деген бір бөлек атаудың, сонау Африкадағы мемлекетке еш қатысы жоқ сөздің көпшілік құлағына алғаш шалынғаны да сол кезде.

Кеңес өкіметі құрған АЛЖИР бас қала — Мәскеуден шалғайда, басқа ендік бойында жатқан. Қақаған аяз, айнала селеу басқан өлке, қазақ даласы. Қыста ауа температурасы минус қырық градусқа дейін түседі. Жазда аспан аптап, күн шыжиды. Мұрағат құжаттарында Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагерінің (орыс. Акмолинский лагерь жен изменников родины, қысқ. АЛЖИР) ресми түрде 1937 жылы 3 желтоқсанда ашылғаны туралы дерек сақталған.

1 / 2

ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫ

Әйелдер мен балаларды қамайтын концлагерьлерді (Мордовиядағы Темников лагері, Қырғызстандағы Джангижир лагері, Горький облысындағы Темляков лагері) күні бұрын, ГУЛАГ басшысы М. Берманның бұйрығына сай құра бастаған:

«Атылған троцкистер мен оңшылдардың... (негізінен әйелдер) отбасылары жуырда сотталып, аса қатаң режим жағдайында оқшаулануы тиіс. Олармен бірге мектеп жасына дейінгі балалары да аттандырылады».

Билік жаппай тұтқындау мен депортация науқанын жүргізуге алдын ала дайындалған. Бәрі ойластырылған. Әзірленген нұсқаулық бойынша:

«Тұтқындалған әрбір әйел мен қоғамға қауіпті деп танылған 15 жастан асқан әрбір баланың үстінен іс қозғалады. Емшектегі балалар сотталған аналарымен бірге лагерьге түсіп, 1–1,5 жасқа толғанда жетімдер үйіне не бөбекжайға жіберіледі. ЖетімiiБаланы шешесінің көзі тірісінде, күні бұрын «жетім» деп отырғаны да бекер емес қой, – С.Н. баланы туысқандары (репрессияға ұшырамаған) асырап алуға өтініш білдірсе, бұған кедергі жасалмайды».

«Халық жауларының балаларын [ата-анасынан] айыру» туралы деректер де сақталған: 1939 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде барлығы 25 342 адам болған. Солардың ішіндегі 22 427 баланы Халық ағарту комиссариатына қарасты жетімдер үйлеріне және жергілікті бөбекжайларға орналастырған. Анасына қайтарылған және асырауға берген балалар саны — 2915. Бұл алғашқы 17 айдың ғана дерегі (1937 жылғы 15 тамыз бен 1939 жылғы қаңтар аралығы).

25 342 адам — 1939 жылдың қаңтарындағы дерекке сай, «ата-анасынан ажыратылған халық жауларының балалары»

Бұл тізімдерге «қоғамға қауіпті» деп танылған, жасы 15-тен асқан балалар енбеген. Террор жылдары анасымен бірге лагерьге түскен немесе лагерьде дүниеге келген сәбилердің нақты саны да көрсетілмеген. Адам осы қасіреттің ауқымын бұрын «лагпункт № 26» болған жерге келгенде ғана аңғарады, бұл жерде ГУЛАГiiГУЛАГ — Еңбекпен түзеу лагерьлерінің бас басқармасы. КСРО-да 1930–1956 жылдары айыпталушылардың жазасын өтеу орындарына басшылық еткен Ішкі істер халық комиссариатының (кейін Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің) бөлімі. құрбандарына, осында азап шегіп, қаза тапқан әйелдер мен балаларға (халық арасында азап көрген «алжирлықтар» атанып кеткендерге) арналған айрықша мемориал ашылған.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР

АЛЖИР-ге қамалған белгілі лауазымды тұлғалар да болған, солардың бірі — есімі бүкіл Одаққа танымал Калинин ақсақалдың жұбайы Екатерина Ивановна Калинина (1917 жылдан бері РСДЖПiРесей социал-демократиялық жұмысшы партиясы. Кейінгі КОКП. мүшесі, РКФСР Жоғарғы сотының мүшесі). Оның үстінен қозғалған іс күрмеулі де күрделі еді. Бір жағынан, ол «Отанына опасыздық жасаған сатқынның отбасынан шыққан». Бұған қоса, оған кінәлілер ату жазасына кесілетін «Тыңшылық» (58-6-бап) және «Террористік әрекеттер жасау» (58-8-бап) деген екі бап бойынша айып тағылды. Ал күйеуі Михаил Иванович Калинин болса, тұтқындалмағаны былай тұрсын, әйелі бас бостандығынан айырылған соң да КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының номиналды төрағасы қызметін ойдағыдай атқарып жүрді, ешқайда жоғалып кетпеді — мереке күндері Мавзолей трибунасына шығып, социализм жолында елеулі еңбек сіңірген қайраткерлерді марапаттап, орден табыстап тұратын. Сталин өзіне жақын серіктерін осылайша уысынан шығармай, бақылауда ұстаған деген («маған қарсы шығып көр — әйеліңнің түрмеде отырғанын естен шығарма» дегендей) тұжырым айтылады. Ұзақ жылдар бойы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Вячеслав Молотов та «қожайынға кіріптар қылатын» осындай айланың құрбанына айналды. Оның жұбайы, басшылық қызметте жүрген көрнекті мемлекет қайраткері Полина Жемчужина соғыстан кейін істі болып, ГУЛАГ-қа қамалған әйелдер қатарына қосылды.

Есімі аңызға айналған маршал, атты әскер қолбасшысы Семен Буденныйдың әйелі, опера әншісі Ольга Михайлова да тыңшылық жасады деген күдікке ілініп, тұтқындалған. К. Ворошиловтың әйелі Екатерина ДавидовнаныңiАзан шақырып қойған аты Гитля Горбма да үстінен іс қозғалғаны туралы деректер бар. Алайда маршал батылдық танытқан: қолында тұтқындау туралы қаулысы бар НКВД қызметкерлері Ворошиловтың үйіне әйелін алып кетуге келгенде, ол қызметтік тапаншасын шығарып алып, оқ атамын деп дес бермеген екен. Энкавэдэшниктер үркіп, кері шегініп, көп ұзамай Екатерина Ворошиловаға қарсы іс тоқтатылған.

1 / 3

Ал оның аттасы Екатерина Калининаның жолы бұлай болмады. Оны Лубянкада жауап алған кезде азаптағаны жайлы мәліметтер бар. Іс хаттамаларында оның тергеуге жүріп баруға шамасы жоқ, қызметкерлер көтеріп алып келетін деген дерек тіркелген. Оны соншалық қинап, азаптаған соң кінәсін мойындағанына кім таңғалар екен... Айыбын растайтын дәлелдер мен айғақтар болған жоқ. Қолында билігі бар күйеуі де араша түсе алмады. Оның өтініп, әйелі үшін сұрап алған бар жеңілдігі — Екатеринаны ауыр жұмысқа салмасын дегені.

Ол үкім бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған, соның жеті жылын лагерьде отырып шықты. Лагерьде кастелянша болып істеген, міндеті — тұтқындардың киім-кешегіне түскен сіркені кетіру. Өзі кір жаятын бөлмеге іргелес шоланда тұрған, сол жер көпшілік жататын барактар мен сәкілерге қарағанда әлдеқайда жайлы саналатын. Калинин қайтыс болардың алдында Сталиннен әйелін бостауды өтінген.

Иосиф Сталин, Владимир Ленин және Михаил Калинин. Ресей коммунистік партиясының съезі / Hulton Archive / Getty Images

Иосиф Сталин, Владимир Ленин және Михаил Калинин. Ресей коммунистік партиясының съезі / Hulton Archive / Getty Images

Алайда Екатерина Ивановна өзіне жоғарыдағылардың «рақымшылық жасайтынына» еш қуанбады. Ол бостандыққа шығудан үзілді-кесілді бас тартып, қалыптасқан тәртіпке сай Сталиннің атына өтініш жазбайтынын айтқан. Ақыры болмаған соң, лагерьден алып кетуге сіңлісі келіп, бірбеткей Екатерина Ивановнаны бостандыққа шығуға қажетті ресми талаптардың бәрін орындауға көндіреді. Ол Мәскеуге оралған соң Калининмен көп жүздеспеген де екен. Күйеуінің халі нашар еді, бір жылға жетпей қайтыс болды. «Қаласа, мені бұрын-ақ шығарып алуға мүмкіндігі бар-тын» деген ойға бекіген Екатерина Ивановна күйеуіне өкпелі еді, онымен көрісуге асық емес-тін. Шығарып алуға шынымен мүмкіндігі бар ма еді? Бұл сұраққа қазірдің өзінде дөп басып жауап беру мүмкін емес.

«...АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН СОНДА АНЫҚТАР»

Тұтас алғанда, АЛЖИР-ге қамалып, тауқымет тартқандар саны — 20 мың әйел. Көбісі әртүрлі дәрежедегі үкімет пен партия шенділерінің, әскерилердің, НКВДiІшкі істер халық комиссариаты қызметкерлерінің, ірі кәсіпорын басшылары мен жауапты мамандардың, танымал ғылым және мәдениет қайраткерлерінің әйелдері болған. Оларды күн демей, түн демей ұстап, қамауға алатын. Әдетте жұмыс істеп отырған жерінен алып кететін. Тіпті театрда антракт кезінде ұстап әкеткен жайттар да болған. Ес жиып, дұрыстап жиналып алуға мұрша бермейтін. Лагерьге үстіне кешкі көйлек, аяғына жеңіл туфли киген күйі аттанған әйелдер де болған-ды.

Ел арасында сол кезде ештеңе етпейді, «анық-қанығын сонда анықтап алар», социалистік әділдік міндетті түрде орнайды деген жаңсақ пікір кең тараған. Осындай иллюзия жетегінде жүріп, алданған күйі су сепкендей басылып, көз ашылғанша біраз уақыт өтетін. Тыным таптырмай тергеуге сүйреп, сасық, қараңғы қапасқа қамап, көп ұзамай үкім шығарған шақта абақтыдағы бейшара жан ешкімнің келіп араласпайтынын, құтқарып алмайтынын аңғаратын.

АЛЖИР-ге қамалып, тауқымет тартқандардың жалпы саны — 20 мың әйел

Майя Плисецкая әкесінің тұтқындалған сәті жайлы мынадай естелік қалдырған:

«Бейтаныс біреулер. Дөрекі. Тінту жүргізді. Үйдің астан-кестенін шығарды. Еңіреп жылап, жібермей ұмтылып тұрған, құрсақты — аяғы ауыр, ұсқыны кеткен анам. Түн ұйқысы бұзылып, шошып, шыңғырып жылаған інім. Қолы қалтырап, киініп жатқан, өңі қашқан аппақ қудай әкем. Өзі ыңғайсызданып тұр. Жүзі салқын көршілер де тұр. Арасында куә болып келген Варвара есімді әдепсіздеу әйел бар, есік алдын сыпырады, тұтанған темекісін тістеп алған күйі билік өкілдеріне жағымпазданып қалу мүмкіндігін қалт жібермейді («қараң қалғырлар, осы халық жауларының бәрін тезірек атып, көзін құртса ғой!») ...Сонда үйден шығып бара жатқан әкемнің соңғы айтқан сөзі: «Құдайға шүкір, ақыры анық-қанығын анықтап, бір жағына шығаратын болды...»

Тыңшы деген айып тағылып, 1939 жылы 8 қаңтарда атылған Михаил Эммануилович Плисецкийдің тағдыры туралы деректер 1956 жылға дейін ашылмады. Ұрпақтарына әкесі хабар-ошарсыз кеткен деп айтатын. Рахиль Михайловна болса, қолына прокуратура берген анықтама түскенге дейін үміт үзбей, күйеуім міндетті түрде қайтып келеді деп күткен екен. Осы бір үміті жанына медеу, көңіліне демеу болғандай. Ұлы Азарийдің айтуынша, ол кісі күйеуінің әлі тірі екенін білдіретін белгілер іздеп, ұдайы ырым етіп жүретін. Бір күні Мәскеуден келген сәлемдеме ішінен шыққан «Мишка на севере» атты шоколад кәмпиттеріне қарап, мұнысы бекер емес: сүйікті Мишасы қазір солтүстік жақтағы лагерьде болса керек деген жорамал жасайды.

«Әкемді 1937 жылы сәуірде алып кетті, ал мен сол жылы шілдеде тудым, – дейді Азарий Михайлович Плисецкий. – Мен туғаннан кейін көп ұзамай, ол кезде біз тұйық келген Гагарин көшесінде тұратынбыз, анама біреу телефон шалып: «Бұл кім екен деп сұрамаңыз, кім туғаныңызды айтсаңыз болды», – депті. Мамам «ұл» деп еді, байланыс үзіліп кетті. Болған жайттардың хронологиясын қалпына келтіріп, бағамдап қарасам, сол кез — тергеушілер әкемнен жауап алып, одан әлденені мойындауды талап еткен кез болса керек. Әкемді көндіру үшін үйге бір хабарласып алуына рұқсат берген көрінеді».

Араға жарты жыл салып, анасы Рахиль Мессерерді де алып кетеді. Дәлірек айтқанда, анасын алты айлық баласымен бірге қамауға алған. Әуелі БутыркағаiБутырка тергеу изоляторы (Мәскеу қ., №2 тергеу изоляторы), Бутырка түрмесі немесе қысқаша «Бутырка» деген атпен мәлім — Мәскеу қаласында орналасқан тергеу изоляторы, бас қаланың ең үлкен түрмесі, Ресейдегі ең көне әрі ең танымал абақтылардың бірі. апарды. Онда әйелге: күйеуіңе қарсы куәгерлік етіп, одан бас тартсаң — босатамыз, болмаса балаларыңды тартып алып, репрессияға ұшырағандардың балалары тәрбиеленетін үйге, ал өзіңді лагерьге жібереміз деп талап қояды. Рахиль күйеуін қаралап арыз жазуға келіспеді. Сөйтіп, бірнеше ай қамауда отырған оны «Отанға сатқындық жасағанның әйелі» деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады.

АЛЖИР лагерінде жазасын өтеген әйелдердің есімдері жазылған еске алу қабырғасы. Астана, Қазақстан / CTK Photo / Alamy Live News

АЛЖИР лагерінде жазасын өтеген әйелдердің есімдері жазылған еске алу қабырғасы. Астана, Қазақстан / CTK Photo / Alamy Live News

АҚМОЛАҒА АПАРАТЫН ЖОЛ

Лагерьге іші қараңғы, ауа кіретін алақандай жалғыз терезесі бар мал таситын вагондарға мінгізіп аттандыратын. Тұтқындарды іріктеп алатын. Рахиль өзі сияқты «сатқындармен» — емшектегі баласы бар әйелдермен бірге барды. Вагон лық толған — не отыруға, не бұрылып қарауға мұрша жоқ. Дәретті вагон еденіндегі тесікке сындыратын. Пойыз баяу жүрді. Жол бойындағы бекеттің бәріне тоқтап, аялдайды. Күзетшілер барынша қырағы: абайсызда жолда ешкім шығып, қашып кетпесін деп, бәрін бақылап, аңдып отыр.

Сондай «бұзау қоралардың» (тұтқындарды тасымалдайтын вагондарды осылай атаған, орыс. телятник) бірі АЛЖИР мұражайында тұр. Ысталған тақтай жапқан, тар сәкілер, құлыптарын тот басқан...

Сталин уақытындағы тұтқындарды тасымалдауға арналған арба/Mikolaskova Lucie/CTK Photo/Alamy Live News

Сталин уақытындағы тұтқындарды тасымалдауға арналған арба/Mikolaskova Lucie/CTK Photo/Alamy Live News

«Замандастарымнан сұра,

Итжеккенге айдалғандардан, еріксіздерден,

Сұрасаң, айтармыз саған,

Үрей басқан күйі күнелткенімізді,

Мәпелеп өсірген балаларымыздың құрбан болғанын,

Темір торға қамалғанын»

Жолда сәті түсіп еді, Рахиль Мессерер лезде жыртық газет бетіне сіңлісінің мекенжайын көрсетіп, мынадай бірер сөз хабарлама жазып жібереді:

«Қарағандыға, лагерьге бет алдық. Балам қасымда».

Майя Плисецкаяның айтуына қарағанда, пойыз иен даладағы бір өткелге келіп тоқтаған кезде, анам мақталы кеудеше киіп, қолына темір жол жалаушасын ұстаған әйелді көреді. Әлгі әйелдің де анама көзі түседі. Сол кезде анам умаждап, бүктеп алған қағазды жаңағы әйелдің аяғына таяу лақтырып жібереді. Жол бұрушы әйел ештеңе байқамағандай болды. Пойыз жол жүріп кетті..

ЛАГЕРЬДЕ

Тұтқындардың алғашқы легі АЛЖИР-ге 1938 жылы қаңтарда келіп жетті — Мәскеу, Орынбор, Иркутск, Ростов, Калуга, Оршадан шыққан пойыздар қырық градус аязда айдалада тоқтаған. Саман кірпіштенiсабан араластыра илеген балшық соғылған алты баракқа 250–300 адамдайiекі-үш қабатты сәкілер, сыймағандарға жерде жататын орын болған сыятын. ВОХР (әскери күзет) сарбаздары мен басшылыққа арнап бірнеше шағын үй тұрғызған. Баракта жоғарғы жақтағы сәкілерден қол созым жерге терезе ойып салған, әйнегі жоқ, оны жел кірмесін деп, шүберек тығындап, бітеп қоятын. Шығар есік жақта — оқшауланған жуынатын бөлме. Кір жууға, жуынып алуға аптасына бір рет бір-ақ шелек су беретін. Зона аумағында су көзі — Жалаңаш көлі бар, сонда да қара суды аяйтын.

Тұтқындалған әйелдер өмір сүрген барак/Mikolaskova Lucie/CTK Photo/Alamy Live News

Тұтқындалған әйелдер өмір сүрген барак/Mikolaskova Lucie/CTK Photo/Alamy Live News

«Қас қарайды. Бізді күзет қосып, тікенді сыммен қоршалған зонаға апара жатыр. Екі жақтан және сонау алыстан қарауыл мұнаралары көрінеді, зонаны күзеткен иттердің үргені естіледі», – деп жазады, АЛЖИР-ге түскен бойдағы алғашқы әсерін суреттеген Мария Анцис (компартияның Краснолуганск облыстық комитеті хатшысының жесірі).

«Көзімізді жұмып алып, бір қатарда төрт адам бара жатырмыз, бізге қосқандары — мылтықтарын сайлап алған күшейтілген конвой... Тұтқындардың артында ит жетектеген біраз күзетші келе жатыр. Арамызда ешкім артқа қарамады (күзеттің ескерткені сол)».

Ақмоладағы арнаулы бөлімде қамауда отырған әйелдерді құжаттарда «аса қауіпті» деп көрсеткендіктен, оларды қатаң жағдайда ұстаған: бірінші жылы сырттан хат, сәлемдеме алдырмайтын, жақын-жуық адамдармен жолығуға рұқсат бермейтін. Қатаң изоляция режимі. Зона аумағы үш қатар тікенді сыммен қоршалған, әр тұтқынды тәулігіне кемінде екі рет жеке тексеретін. Ештеңе оқытпайтын, жаздырмайтын. Әйелдерге қатысты осындай қатаң тәртіпті Сталиннің берген арнаулы бұйрығы мен нұсқауына сай енгізген, сол нұсқауға сәйкес №00486 бұйрық бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің бәрі — «халық жауларының» әйелдері ғана емес, бұлар сондай-ақ елдің «ең үлкен жаулары» — «оңшыл троцкист» қаскөйлердің әйелдері болған-ды.

АЛЖИР мұражайының жәдігерлері / Ашық дереккөзден алынған

АЛЖИР мұражайының жәдігерлері / Ашық дереккөзден алынған

Қазіргі заман тілімен айтқанда, бұлар — кеңес өкіметі орнаған алғашқы жиырма жылда қалыптасқан элита өкілдерінің әйелдері еді. Сталин 30 жылдардың ортасына таман дәл осы элитаны іштегі оппозиция әрі жеке басына қауіп төндіре алатын күш деп білген. Астыртын әрекет еткен революционерлердің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болған ол «әйел әрдайым күйеуін жақтайды» деген пайымға келген. Олардың жұбайы жүргізген «контрреволюциялық іс-қимылынан» бейхабар болғаны мүмкін емес. Олай болса, яғни білсе, ниеттестік білдірсе, біз жазықсыз деп жүрген әйелді — қылмысқа барған күйеуінің сыбайласы деп тану қажет.

Әйелдердің (Отанға опасыздық жасады делінгендердің басқа да туыстарының) үстінен қозғалған істер бойынша сот процестері болмаған: жаза мерзімдері № 00486iкемінде 5–8 жылға бас бостандығынан айыру бұйрықта айқындалған еді, айыпты деп танылған әйелге НКВД жанындағы Төтенше кеңестің шешімі туралы хабарлама ғана берілетін.

Өкінішке қарай, «отан сатқындарының отбасы мүшелері» (құжаттарда қолданылған қысқарту: орыс. ЧСИР — члены семей изменников родины) санатында жалпы қанша әйелдің репрессияға ұшырағаны туралы нақты дерек жоқ: қажет статистиканы НКВД жанындағы Төтенше кеңес хаттамаларынан табуға болатын еді, алайда бұл құжаттар әлі құпия. Тарихшылардың қолына түскен дереккөздердің арасында Ежов пен оның сол кездегі орынбасары Берияның 1938 жылы 5 қазанда Сталинге жолдаған қызметтік жазбасы бар, онда былай делінген:

Әзірге бар толық емес деректерге сай, тұтқындалған сатқындардың 18 000 астам әйелі, соның ішінде Мәскеу бойынша 3000-нан астам және Ленинград бойынша шамамен 1500 әйел репрессияға ұшырады

ҚАПАСТА ӨТКЕН ӨМІР

АЛЖИР хроникасына еніп, тарихта қалған айтулы репликалардың бірі:

«Шіркін, осындай ортаны басқа қай жерден табатын едім!»

Бұл сөзді жазушы Борис ПильняктыңiiБорис Пильняк (1894–1938) — орыс, совет жазушысы, прозаик. жұбайы, асқан сұлу Кира Андроникашвили айтқан деседі. Кира Рахиль Мессерер және Ашхен Налбандянмен (ақын Булат Окуджаваның шешесі) бір баракта жатқан, сәкісі солардікіне жақын еді. Ортасы шынымен-ақ керемет, шетінен бетке ұстар әйелдер. Асханада тамақ салып беруші қызметін Елизавета Арватова-Тухачевская (атылған маршалдың сіңлісі) атқарған екен. Солармен бір баракта күнелткендердің арасында Евгения Лурье-Трифонова (жазушы Юрий Трифоновтың анасы), Лидия Багрицкая (ақын Багрицкийдің әйелі), жазушы Галина Серебрякова, Анна Бухарина-Ларина да (Лениннің сүйікті серігі Николай Бухариннің жесірі) болған. Осы орайда кеудесін мақтаныш сезімі кернегендей күйдегі лагерьдің бір күзетшісі айтпақшы:

«Пианист әйелдерді ғана санаған күннің өзінде 250 адам шығады».

Дегенмен осы әйелдер бойындағы білімін, мамандығына сай дағдыларын лагерьде кәдеге жарата алмады. Лагерь тұрмысына агрономдар, сызбашылар, смета жасаушылар мен тігіншілер қажет-тін. Қалғандарын қамыс дайындауға жіберетін. Суық барактарды қамыс жағып жылытатын.

Мария Анцистің естеліктерінен:

«Елсіз дала, қамысты басып қалған мұзға соғылып, шақырлап жатқан күрек дыбысы естіледі... Бастапқыда мына тірлігімізден түк шықпайды деп күдер үзе бастадық. Алайда иен далада жалғыз емеспін, қасымда жолдастарым жүр деген ойға жұбанып, тоқтамай жұмыс істедік, содан бір кезде қамысты икемге келтіріп, буып жинап алдық. Көтертпейді, ауыр. Сонда жұмысты бөліп істейік деген ой келді: мықтыларымыз қамыс жинасын, басқалары керме жасасын, енді біреуі буып байлап, қалғандары бумаларды бір жерге үйіп отырсын деп келістік. Қамыс дайындау барысында ретін тауып, еңбек бөлінісін осылай ойлап таптық... Көл бойында жүргендерге қарата айтылған «Сапқа тұр!» деген команданы естідік. Әрқайсымыз төрт бумадан артып алып, қатарға тұрып, тапталып қалған даңғыл жолмен жүріп, лагерьге бет алдық... Көл жақта күні бойы жүрдік. Он сағаттық жұмыс шаршатты, қарлы жарық жерде көп жүргеннен көзге де салмақ түсті. Сірә, рұқсат берсе, қамыс бумалардың үстіне жантая кетіп, көзді тарс жұмып, жатып алатын едік».

Карлагқа арнап шығарған бұйрыққа сай, ауа температурасы отыз градустан төмен болған кезде тұтқындар даладағы жұмыстан босатылуы керек еді. Бұған қоса, оларға беті-қолына жағатын карбол вазелині де берілуге тиіс еді. Бірақ сол бұйрық талаптары орындалмады. 1938 жылғы ақпан айының өзінде лагерьде 89 адамның қатты үсіп қалғаны туралы дерек тіркелген.

Көктем шығып, жаз келгенде де жағдайдың тәуір болғаны шамалы. Тұтқындалған әйелдерге тігін фабрикасына цехтер, сондай-ақ этаппен келгендерге жаңа барактар жобасын әзірлеп, соларды салу тапсырылды. Күніне 12 сағат жұмыс істейтін. Жұмыстан босатсын деп сұранған ешкім болмады. Бірде-бір адам қашпады. Қайда қашады? Айнала құлан түз. Басшылық қарамағындағы ерен еңбек екпінділер 8 Наурыз мерекесі немесе Ұлы Қазан социалистік революциясыныңi7 қараша кезекті мерейтойына орай социалистік жарысқа атсалысып жүр деп рапорт берумен болды.

Лагерьдегі өмір көрінісі. АЛЖИР мұражайы / Ашық дереккөзден алынған

Лагерьдегі өмір көрінісі. АЛЖИР мұражайы / Ашық дереккөзден алынған

Шын мәнінде, мереке күндері еңбек екпінділері митинг немесе демонстрация ұйымдастырып жібермесін деп, әйелдерді баракқа қамап, күшейтілген күзет қоятын. Тамақтануға да конвоймен апаратын.

Барактар, цехтар құрылысына араласпаған әйелдерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына салатын. Бейнетті жұмыс. Әйелдер арық қазып, су жүргізіп, жеміс ағаштарын еккен. Сынақ алаңына айналған станцияда жаңа дән сұрыптарын шығарып, далада қияр, қызанақ, қырыққабат пен пияз өсіретін болды. Білікті агроном Галина Руденконың жетекшілігімен еңбек еткендердің арқасында қу дала гүлденген жазираға айналды.

Ксения Мальцеваның естеліктерінен:

«Әуелі 18 гектар жерді қопарып, жеміс егуге дайындады, бәрін күрек алып, қолмен істеді. Мен суаруға жауапты бригадир болдым, таңғы төртте, қалғандары әлі ұйықтап жатқанда, тұрып, әбден кеш батқанда қайтатынмын. Демалмай 14–15 сағат жұмыс істейтінбіз. Сәбіз, қызанақ, жеміс өсірдік».

Өсіріп-өндіргені өздеріне азық болды десеңіз — қателесесіз: көргені жұпыны тұрмыс, ішкені жұтаң тамақ, баракқа байқатпай пияз алып кіргенін біліп қойса, бірнеше тәулікке карцерге қамап қояды. Тігін цехтерінен шыққан өнімді де, әйелдер өсірген жеміс-жидектерді де түк қалдырмай лагерьден сыртқа таситын.

Осы ретте АЛЖИР-де қамауда болған үнсіз кино актрисасы Лидия Френкельдің мына бір естелігі тосын әсер қалдырады:

«Арба итеріп не саман тасып, я болмаса бақшада жұмыс істегенімде күшімді аямайтынмын. Сонда әлі есімде, тұрмыстық қылмыстар үшін сотталған әйелдер (орыс. женщины-бытовички) маған қарап: «Сонша зорығып не қыласың? Осы мемлекет сені жарылқап па еді? Таста, демал», – деп күлетін. Осылай беріліп істегенбіз, не сыры бар екен, түсінсем бұйырмас. Әдет болып кеткен ғой».

ХАЛЫҚ ЖАУЛАРЫНЫҢ БАЛАЛАРЫН ӘЛДИЛЕТКЕН БЕСІК ЖЫРЫ

Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, АЛЖИР-ге қамалған әйелдердің басты уайымы — өздерінің ит байласа тұрғысыз жағдайда күнелтіп, азапты жұмысқа жегілгені емес-тін. Олар балаларының тағдыры (үйде қалған, өзімен бірге лагерьге түскен балалары) не болар екен деп уайым жеген. Бірен-сараны ғана балаларын туысқандарына беріп үлгерді. Мысалы, Пильнякті абақтыға жапқан соң, Кира Андроникашвили Борис есімді үш жасар ұлын Грузияға — апайы, әйгілі актриса Нато Вачнадзенің қолына жіберді. Ал Рахиль Мессерер-Плисецкаяның үлкен балаларын — Майя мен Александрды — тәтесі Суламифь (Үлкен театр балеринасы) пен ағасы Асаф Мессерер қолына алды. Жиендерін жетімдер үйіне алып кетпесін деп, оларды ресми түрде асырап алған. Әйтпесе бұл балалардың құқықтары «елеусіз қалып», орташа білім алуға да мүмкіндігі болмайтын еді. Алайда осы сияқты мысалдарды көп кездесе бермейтін ерекше жағдайлар деп қарастырған жөн. Көп жағдайда «халық жауының» балаларын жетімдер үйіне орналастырып, тегін өзгертіп жаздыратын. Тегін, ата-анасын ұмытсын деген пиғыл.

Инсталляция, баланы анасынан күштеп алу. АЛЖИР мұражайы / Ашық дереккөзден алынған

Инсталляция, баланы анасынан күштеп алу. АЛЖИР мұражайы / Ашық дереккөзден алынған

АЛЖИР-де туған балалардың тағдыры тіпті қайғылы. Ресми мәлімет бойынша, мұнда 1938–1953 жж. аралығында 1507 сәби дүниеге келген. Бұл статистикаға шетінемей, аман қалғандары ғана енген. Шетінеп кеткендері тіпті көп. Ай сайын шамамен елу сәби көз жұматын. Оларды қыстыгүні жерлемейтін. Қатқан мұзды ойып, зират қазудың өзі оңай шаруа емес. Мәйіттерді бөшкеге салып, көктем шыққанша сақтайтын. Сол жерде санитарка болып істеген НКВД қызметкері Валентинаның жан түршігерлік естелігі бар: жаңағы бөшкелердің жанынан өтіп бара жатқанда біреудің қолын жыбырлатқанын байқайды. Шынашақтай сәби — қазақ қызын бөшкеден шығарып алып, үйге апарып күтеді. Сегіз жыл өз қызындай қарап, бағып-қаққан, лагерьдегі мерзімі аяқталған соң қызды туған анасына қайтарып береді.

Заңға сай, үш жасқа толған балаларды анасынан ажыратып, балалар үйіне беретін. «Дольше жизни»i«Өмірден де ұзақ» реж. Дарья Виолина және Сергей Павловский атты деректі фильмде Майя Кляшторная (1937 жылы қазанда атылып кеткен белорус ақыны Тодор Кляштарныйдың қызы) алғаш рет осы тақырыптағы естеліктерін айтқан.

Ол да АЛЖИР-ге, Азарий Плисецкий сияқты, төрт айлық сәби кезінде түскен екен. Лагерьде өскен, кейін оны Карлагтағы балалар үйіне орналастырған.

«Бізді жүк көлігіне тией бастады, айғайлап жаттық. Көлік жүріп кетті, аналарымыз артымыздан жүгіріп келеді. Біз шыңғырып жатырмыз. Бір кезде машина тоқтады: директор айтса керек, аналарымыз көлікке мініп, бірге кеттік. Әр әйел баласына бірдеңе айтып, сыйлық беруі тиіс еді, содан аналар өздері тіккен ойыншықтарын шығарып, беріп жатты. Есімде, мамам маған қолдан жасаған қоян мен кішкентай теңізшіні сыйлап тұрып: «Ол сені қорғап жүреді», – деді. Осындай ойыншықтарым болғанына қатты қуандым. Сөйтіп, Осакаровкағаiбалалар үйі орналасқан елді мекен дейін ұзақ жол жүрдік, содан ендігәрі жалғыз тұратынымызды, аналарымыздың қасымызда болмайтынын түсіндік... Балалармен достасып кеттік, қол ұстасып бірге жүретінбіз. Бәрінен көп есімде қалғаны — Рида Рысқұлова.iҚазақ революционері, РКФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары (1937 жылы ақпанда атылған) Тұрар Рысқұловтың қызы Балалық шақтың есімнен кетпейтін ең бақытты сәттерінің бірі еді. Бірде Рида Рыскулованың анасы Осакаровкаға келіп, бізбен бірге баракта үш күн тұрды, күнде жатарда бәрімізге бесік жырын айтып беретін. Қандай тамаша. Адам дегеніміз — бойындағы сезімдері, сезінгені емес пе. Бізге бұрын ешкім бесік жырын айтпаған. Сол бір тәтті әуенге жұбанып ұзақты жатқың келеді, ұйқыңды қимайсың, ұйықтап кетсем, бақыттан құр қалатындай сезінесің».

1 / 2

ЕКІНІҢ БІРІНЕ БҰЙЫРА БЕРМЕГЕН МҮМКІНДІК

Шын мәнінде, Рида Рысқұлованың анасына балалар үйіне келуге рұқсат берілгені, тұтқындарды ұстау режимінің біршама жеңілдетілгені — КСРО ІІХК-нің (НКВД) 1939 жылғы 21 мамырда шыққан, «аса құпия» таңбасы қойылған «ЕТЛ-дердегі арнаулы бөлімдерді жою туралы»iЕТЛ — еңбекпен түзеу лагері (орыс. ИТЛ) № 00577 бұйрығына сай қолға алынған шаралар еді. Бұйрықта «жоғарыда аталған лагерьлердің арнаулы бөлімдеріндегі тұтқындар контингентінің бәрі жалпы лагерьлік режимге ауыстырылсын» делінген.

АЛЖИР-де қамауда отырған әйелдерге хат-хабар алып тұруға, жақын-жуықтарымен кездесуге рұқсат берді. Режимдегі өзгерістерді Галина Степанова-Ключникова былай сипаттаған:

«Қатаң режимде өткен жыл — хат-хабар, сәлемдеме алмай, сыртта не болып жатқанын білмей күнелткен жыл артта қалды. Өйстіп отырғанда болған бір күтпеген жайтқа лагерьдегілердің бәрі таңғалды. Бір «алжирлық» әйелге хат келіпті. Пошта маркасы жабыстырылып, штемпель басылған нағыз хат. Конверт сыртына баланың қолымен жазған жазу: «Ақмола қаласы. Аналар отырған түрме». Сегіз жасар қыз әкесі мен анасын ұстап әкеткен соң, өзін де тұтқындап, балалар үйіне қамағанын жазыпты. Мамасы қашан келіп, өзімен бірге алып кетер екен деп сұрап жатыр. Балалар үйін жатырқап, жайы болмай, мамасын сағынғанын, көп жылайтынын айтқан».

Сырттан алғаш келген бұл хат, мазмұны мардымсыз болғанына қарамастан, тұтқындалған әйелдердің кеудесінде үміт отын тұтатқандай болды. Ал лагерьге Үлкен театрдың орден таққан солисі Суламифь Мессерердің келіп-кеткені тіпті сенсацияға айналды. Оның апайы Рахильмен кездесуін күзет бақылап-қадағалап тұрды, соның өзінде бостандықта жүрген адаммен жүздесіп, әңгімелесіп қалу мүмкіндігін сол шақта — тағдырдың бір үлкен сыйы деп бағалаған. Азарий Плисецкийдің сөзінше, тәтесі АЛЖИР-ге нақты жоспарды іске асырмақ оймен барған. Апайын бостандыққа шығармаса да, ең болмаса лагерьден жер аударылғандар тұратын мекенге ауыстырсын деген ойы болды. Бәрі ойдағыдай болса, басты мақсаты — әйелдің ұлымен бірге Мәскеуге оралуына жағдай жасау. Бұған қол жеткізе алмаса, Азарий үшке толғанда оны асырап алады да, апайын бостандыққа шығару үшін әрекет етуін жалғастыра береді деген ойға бекіген. Рахильдің туған інісі Асаф Михайлович те қол қусырып отырмады. Ол Кремльде үкімет мүшелеріне арнап ұйымдастырылған жабық концерттерде де, НКВД клубының сахнасында да өнер көрсетті. Бірде оны Сталиннің өзі: «Жақсы билейді екенсің. Секіргенің де ұнады!» – деп мақтаған деседі. Басшылықтың қолдауы бар, жуырда алған Еңбек Қызыл Ту ордені бар, осыларды пайдаланып, Асаф ішкі істер халық комиссарының орынбасарының қабылдауына сұранып барады. Ал Лаврентий Берияның өзімен кездесуге ол емес, Суламифь барған екен. Есептері дұрыс шықты. Сіңлісінің өтінішіне көнген басшылар апайын ұлымен бірге Шымкентке ауыстыруға, яғни лагерьден шығарып, жазасын жер аудару шартында өтеуге рұқсат берген.

АЛЖИР-де осы бір жайт бәріне бұйыра бермейтін үлкен жетістік, ғажап санатында бағаланып, біразға дейін әңгіме болған. Кейін белгілі болғандай, анау айтқандай «ғажап» емес, билік өкілдерінің қолға алған жүйелі шарасы, Ежовты кетірген Берияның қысқа мерзімге болса да репрессияны жеңілдету бағытына бет бұрғанының көрінісі еді. Жаңа наркомiхалық комиссары бұрын басталып, аяқталмай қалған тергеу істеріне іліккен бірнеше тұтқынды босатып, «Отанға сатқындық жасаған» деп танылғандардың әйелдерінің туысқандары берген өтініштерді қабыл алып, қамауда жүргендердің мәртебесін тұтқындалғандардан — жер аударылғандар деп өзгертеді. Сіңлісі мен інісінің арқасында, жазасын өтеу шарты өзгертілгендер тізіміне Рахиль Мессерер-Плисецкая мен оның кенже баласы да іліккен.

Николай Иванович Ежов. КСРО ішкі істер комиссары / РИА Новости

Николай Иванович Ежов. КСРО ішкі істер комиссары / РИА Новости

Азарий Михайлович Шымкентке көшуге көмектесіп, тиісті құжаттарды рәсімдеу үшін АЛЖИР-ге келген тәтесін көріп, соған жүгіріп шыққаны әлі күнге дейін есінде екенін айтады. Осы көрініске куә болған әйелдердің дауыстап жылағаны да есінен кетпеген. Сол әйелдердің дәл сол мезетте өз балаларын еске алғаны, солармен қауышуды аңсағаны айтпаса да түсінікті ғой.

«Тәтем мені бауырына басты. Мен болсам, бірдеңе қырт ете түскенін сездім. Сөйтсем, күртемнің іші толған қағаз — АЛЖИР-дің бейшара әйелдері кетіп бара жатқан анама «жақындарыма жолда» деп тапсырған жазбалары мен хаттары екен. Зонадан сыртқа ештеңе алып шығуға болмайды. Сондықтан анам хаттарды күртемнің ішіне жасырып, тігіп тастаған екен. Өз басын осылайша тәуекелге тікті. Бірақ қатарластарының өтінішін жерге тастауға дәті бармады».

АҚТАЛМАҒАНДАР

Анасынан күштеп ажыратылып, жетімдер үйіне аттандырған балалардың тағдыры да қайғылы. Әйелдің лагерьдегі мерзімі аяқталып, баласын жетімдер үйінен алып кеткен күннің өзінде, баласы анасына жатырқай қарап, бөтенсінетін. Ана мен бала арасындағы көзге көрінбейтін байланыс үзілгендей болатын. Бала тірі жетім қалып, айналасындағыларға жексұрын көрінгені үшін бейсаналы түрде анасын кінәлап, кешіре алмады. Өйткені балалар үйінде бұларды «Отанға опасыздық жасағандарды» жек көруге баулыған, ағайындары — сүйікті көсеміміз Сталиннің дұшпандары дегенге сендіріп бақты. Біразы өмірінің соңына дейін басына түскен ауыртпалыққа ата-анасы кінәлі деген пайымнан арыла алмады.

Храпковский Михаил. "Оңбаған сатқындарға өлім!». 1937 жыл/Wikimedia Commons

Храпковский Михаил. "Оңбаған сатқындарға өлім!». 1937 жыл/Wikimedia Commons

Сәуле Рысқұлова сіңлісі Рида туралы мынадай естелік қалдырған:

«Кішкентай Риданы үш жасында анасынан ажыратып, өзі сияқты басқа балалармен бірге Осакаровкадағы жетімдер үйіне жіберген. Бостандыққа шыққан анасы қызын алып кетуге келгенде — әлі тілі шықпаған, адам көрсе үркіп, жоламай, жабайыланып кеткен балаға тап болады. Кішкентай бала меңгеріп алуға тиіс ең қарапайым сөздерді де білмеген. Адамдар арасында өскен балаға ұқсамайды. Тірі жетім күйге түскен сол шақ маған да ауыр тиді. Балалар үйіндегі жадап-жүдеген тірлікті тәптіштеп айтпай-ақ қояйын, не көрмедік: безгек шалып, өкпем қабынып, өлесі халге түстім, экзема шығып, кетпей қойды, бит-сіркеден де арыла алмадық, шашымызды мезгіл-мезгіл тақырлатып алып тастағаны да көмектеспеді. Анам мен сіңлімді 1948 жылы бірақ-ақ көрдім. Ана мейірімінсіз, ана махаббатынсыз өткен балалық шақтың зардабын толтыруға, болмаған балалық шақты жаңғыртуға бола ма? Біразға дейін «мама» деген сөзді айта алмай, анамызға «сіз» деп сөйлейтінбіз. Анамызбен бірге көпшілік жүрген жерге шыққанда, қоғамдық көлікке мінгенде оның ыңғайсызданғанын көріп қиналғанымыз тағы бар. Бастапқыда трамвайда бос орын болса да, айтқанымызға көнбей тұрып баратын. Отыра қалса, «саған болмайды, сен отырып шыққансың» деп, қуып жібере ме деп сескенетін. Анам маған әлі күнге дейін артымнан біреу мылтық тақап тұрғандай сезінемін деп сыбырлап айтатын».

ЖОЛДАС БАСТЫҚ

АЛЖИР істеген он бес жыл ішінде (1938–1953) лагерьде үш рет басшылық ауысты: әуелі Александр Бредихин басшы болды, ал 1939 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақмола бөлімінің бастығы лауазымына Сергей Баринов тағайындалды. 1940 жылы лагерь бөлімін Михаил Юзипенко басқарған, бірақ көп отырмады, Ұлы Отан соғысы басталғанда қызметі төмендеп, 17-арнаулы бөлімге қайтадан жетекшілік еткен Бариновтың орынбасары болды.

Бариновтың жас кезінде түскен фотосы сақталған: жүзі жылы, ашық, маңдайы кең, шашы қайратты азамат. Осы адам қазақ даласына қамаудағы бірнеше мың әйелге, жазықсыз балаларға қараушы, түрме бастығы болып қалай келді екен? Ол Сталинге тым батыл хат жазып, жер-жердегі жауапты қызметкерлердің шамадан тыс белсенділік танытып, артық кетіп жатқанын әшкерелегені үшін осында «қуылған» деген сыбыс шыққан. Рас па, жоқ па, белгісіз. Естеліктерден түйгеніміз — Баринов кең пейіл азамат болған-ды. Тұтқындар өз арасында оны Валерьян Валерьянович деп атаған. Қажет болса, адамды жұбатып, көңілін таба алатын қабілеті де бар. Ынтасы түссе, жақсылық жасаудан, мейірім танытудан тартынбайтын. Мысалы, Майя Кляшторная Бариновтың оны қолына алып, басынан сипап:

«Қарлығашым сол», – деп еркелететінін еске алатын. – «Содан Қарлығаш атанып кеттім ғой».

Ал АЛЖИР тұтқыны Лидия Френкель болса, Баринов, өзге әріптестеріне қарағанда, қарамағындағы азаматтардың кім екенін жақсы түсінген, әйелдердің шынтуайтында «Отанға сатқындық жасағанына» сенбеген дейді. Көпшіліктің осылай екеніне АЛЖИР-ге қысқа мерзімге Михаил Юзипенко бастық болып келгенде көзі жетті. Антұрған осы бір садист тұсында тұтқындар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші күрт артқан. Сондықтан оны бұл қызметтен алып тастап, Бариновты қайта қояды. Қандай жайдары адам десек те, Баринов басшы ретінде лагерьде қатаң тәртіп сақталуын, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап, әскерге амуниция тігудің белгіленген жоспарын орындауды қамтамасыз етуі тиіс еді. Дәл осы Баринов тұсында лагерь мол табыс түсіретін көп бейінді шаруашылық нысанына айналып, өндірістік көрсеткіштері бойынша Карлагтың осы іспетті өзге мекемелерін басып озған.

Сергей Баринов/Ашық дереккөзден алынған

Сергей Баринов/Ашық дереккөзден алынған

Осы бір табыстың өзі — тұтқындардың азапты еңбегінің арқасы. Көрші ауылда тұрған Қазақстанның еңбек ардагері Мәриям-Қажы Нұржанованың естеліктерінен:

«Қамыс арасынан бір топ ересек бала атып шығып, тас лақтыра бастап еді, онсыз да әбден шаршап-шалдыққан әйелдер шыдас бермей, жерге құлап жатты. Күзеттегі еркектер қарқылдап күлді кеп: көрдіңдер ме, сендерді ауылдағылар да жақтырмайды. Гертруда есімді бір тұтқын шалынып құлап, беті әлгіндей бір тасқа тиді. Иіскеп қалып еді, тастан сүт пен ірімшіктің иісі шығып тұр. Осы жердің ұлттық тағамы: арнайы кептірілген сүзбенің бір түрі. Әйел «тастың»iқұрт туралы мақалаға сілтеме біреуін аузына салып еді — дәмді екен. Маңайдағы ауыл тұрғындарының қамаудағы әйелдерге жаны ашитын, дегенмен оларға ашық қолдау білдіруге қорқатын. Қауіптенетін. Соған қарамастан, газет беттеріне «халық жауларын» қарғап-сілеген мақалалардың шығып тұрғанына қарамастан, ауыл балалары лақтырған жаңағы кесек-кесек кепкен сүзбе қазақ жұртының АЛЖИР тұтқындарына шын мәнінде қалай қарағанын айтпаса да аңғартып тұр емес пе.

Тағы бір қызықты дерек: 1960–70 жылдары Мәскеуге жұмыс бабымен іссапарға барған Сергей Баринов әдетте бұрын қарамағында болған тұтқындардың, кезінде өзін «жолдас бастық» деп қана атап үйренгендердің үйіне тоқтайтын. 1990 жылы, қайта құру қарқын алып, ескі билік өкілдерін әшкерелеу науқаны қызып тұрған шақта, Бариновқа «Сталиннің қолшоқпары» деген айдар тағуға шақ қалған кезде АЛЖИР-дің бұрынғы тұтқындары оған араша түсіп, өздері танитын Валерьян Валерьяновичті қолдап, хат жазған екен. Қарттық дендеп, ауыр халде жатқан Баринов сол хатты оқып үлгерген, оқып болған соң көзіне жас алған деседі. Алайда оған лагерь орнында 2007 жылы мемориалдық кешеннің ашылу салтанатын көру бұйырмады.

ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

Ақмола лагерь бөлімі ресми түрде 1953 жылғыi1953 жылы 5 наурызда Сталин қайтыс болған соң кезінде репрессияға ұшырағандарды жаппай ақтау басталды. маусымға дейін істеп, КСРО Әділет министрлігінің бұйрығына сай жойылған — Карлагтың бірнеше бөлімі Ауыл шаруашылығы және дайындау министрлігі қарамағына өтті. Лагерь орнында «Акмолинский» совхозы құрылып, маңайда бой көтерген кентті Малиновка деп атап кетті. «Изменницы»iРежиссері Евгения Головня, 1990 («Сатқын әйелдер») атты деректі фильмде бас кейіпкер, АЛЖИР-дің бұрынғы тұтқыны Ксения Казьминаның осы өлкеге қайтып келіп аралағаны көрсетіледі. Көңіл көншітетін көрініс деуге келмейді. Бұрын барактар болған жерде бір үлгіде салынған бес қабатты үйлер тұр. Лагерь заманынан қалған нысандар да бар. Оларды Казьмина бірден таныды. Ешқайда көшпей, осында қалып қалған бұрынғы күзетшіні де таныды. Арада өшпенділік жоқ, кек сақтамаған. Ескі жараның бетін тырнап не бар. Екі тараптың да қазір құқықтары тең, екеуі де кәрілік пен кедейлік құрсауында.

Ол кезде Малиновканың орталық алаңында АЛЖИР құрбандарына арналған ескерткішiтемір тор мен тікенді сым, қақ жарылған қызыл жұлдыз әлі жоқ-тын. Бертін келе, ауылдастар кеңесі шешімімен қорған салып, қаза тапқандардың тегі жазылған стендтер орнатып, мәдениет үйінің ішінен шағын мұражай ашты. Ксения Кузьмина мұның бәрін көріп үлгермеді. Оның көріп кеткені — қурап қалған шөпте жатқан қолдан жасалған ағаш крест. Азап шеккен, ажал құшқан, қаза болғандардың аруағына бағыштап жасалған жалғыз белгі... Соған келіп тағзым етті.

1 / 2

Араға он сегіз жыл салып, 2007 жылы Қазақстанда бұрынғы АЛЖИР орнында, елдің қазіргі бас қаласы Астанадан (бұрынғы Ақмола, Акмолинск) қырық шақырым жерде үлкен мемлекеттік Мемориал және Саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарының музейі ашылды. Бұл кешенді жоба аумағында «Қасірет қақпасы» тұр, арка — киелі жерге жол ашатын қақпа, екі дүние тоғысатын портал іспетті. Шет мемлекеттерінің елшіліктері орнатқан естелік тастар да бар.i«Алжирде» қамауда болған 62 ұлт өкілін білдіріп тұр. Мұнда «Көз жасы» деген стелаға да көз түседі, онда ГУЛАГ картасы бейнеленіп, Қазақстан аумағында орналасқан 11 лагерьдің атауы жазылған.

Софья Солунованың қамауда отырғанда жазған жан тебірентерлік өлеңін де келтірген.

Бізге ел сенбейді. Жолай ұшырасқандар көзін күлімсіретпейдіБізге ел сенбейді, Сүйіктім, амал нешік деп елеңдеймін! Арым таза екенін қалай дәлелдеймін!i«Нам не верит страна Ни единый прохожий нам навстречу ответной улыбки не шлет Нам не верит страна! Что же делать, мой любимый! Как же ей доказать, что мы сердцем чисты!»

«Дәлел» іздеп, ақталуға ұмтылудың өзі бірнеше буынның өмірін қамтыған үрдіс. Сондықтан да АЛЖИР-де жазасын өтеген жеті мыңнан астам әйелдің аты жазылған «Зерде» естелік қабырғасының орнатылғаны құптарлық қадам. Қара мәрмәрдан жасалған ескерткіш, бетіне әліпби ретімен жазылған сансыз көп құрбандар тізімін түсірген.

Мұражай ғимараты да бірден көзге түседі: саз балшықтан тұрғызып, ұшын қиып тастаған пирамидаға ұқсас. Музейге туннельмен жүріп кіреміз, кірген бойда терезесі жоқ кеңістікке тап боламыз. Жоғары жақтан түсіп тұрған жарық ғайыпта жүргендегідей әсер қалдырады. Осындағы мұражай витриналарында Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіргеннен бергі тарихы баяндалған. Кеңес заманындағы азалы жайттар да сөз болады. Депортациялар, атылғандар, тұтас бір халықты қуғын-сүргінге салу. Қазақстанға 1,3 миллионнан астам адам депортацияланған, еріксіз жер аударылғандар арасында немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, Қырым татарлары болған. Бұлар Қазақстанға өз қалауымен келмесе де, осында қалғандары бұл өлкені өз Отаны деп біледі.

1 / 3

Мемориалдың ашылу салтанатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мынадай жалынды сөз сөйледі:

«Гитлер...жауласқан өзге халықтардың көзін жойса... Біздің өкімет өз халқын қырғынға ұшыратты! Аналар мен балаларын иен далаға айдап, аштыққа, ауыр дертке, азапқа, өлімге душар етті. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ешқашан ұмытылмайды».

…Біз түнек басқан музей ішінен сыртқа, күн нұрына шомылған жарқыраған жазық алаңға шықтық, алаң ортасында «Қасірет қақпасы» тұр. Осы сәтте Азарий Михайлович Плисецкийдің Мәскеудегі Тверская көшесі бойындағы үйінде қонақта болғанда әуезді қоңыр дауысқа салып, өзіне шамасы келгенше пианинода сүйемелдеп, анасы лагерьде үйреткен бесік жырын айтып бергені еске оралды.

Темір тордың арғы жағында, қамауда

Өткен күндер жылдарға татиды.

Жылаған бала, анда-санда

Көзіне жас алған ана.

Қиындыққа мойымай,

Сені тәрбиелеп-өсірген.

Әкең сатқын болған дегенге

Сен сенуші болма.

Сергей Николаевич

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ