А. Л. Ж. И. Р. — тұтқындар қазақ даласының орталығында орналасқан Отанға сатқындық жасағандардың жұбайларына арналған Ақмола лагерін осылай атаған. Мұнда 1937 жылы Ұлы террор кезінде атылғандардың жесірлері мен балалары жазасын өтеген. Арнайы Qalam үшін журналист Сергей Николаевич КСРО-дағы ең үлкен әйелдер түрмесіндегі өмір салты туралы куәгерлердің жазбаларын жинақтады.
Көзі тірі соңғы куәгер осы кісі болар. Өзі де мұңайған күйі жымиып қойып:
«АЛЖИР-дің аман жүрген соңғы тұтқыны менмін», – дейді.
Азарий Михайлович Плисецкий — танымал биші, балет ұстазы, аты әлемге әйгілі Майя Плисецкаяның інісі, биыл 86 жасқа келді. Ол Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагеріне (орыс. АЛЖИР) түскенде бір жасқа толмаған сәби еді. Темір тордың арғы жағында қаз тұрып, тәй-тәй басып, тілі шыққан, алғашқы есті сөзі:
«Зонаға барғым келеді», – болған деседі.
Бүгінде сол шағы туралы естеліктерінің көмескі тартқаны да ғажап емес. Сол естеліктердің басым бөлігі ұлым жайсыз күйге түспесін деп, оған барынша қамқор болған жанашыр анасы — Рахиль Михайловна Мессерер-Плисецкаядан естіп-білгендері болса керек. Анасының сондағы көздегені — балам қатыгез болып өспесін, совет өкіметін (өзін кезінде әкесінен айырған, шешесінен айыра жаздаған совет билігін) жек көріп кетпесін, кек сақтамасын деген шын ниет еді.
Қуғын-сүргін көргендер үшін үнсіздік — күн көрудің басты шартына, аман қалудың жалғыз кепіліне айналғандай. Осы шартты елемей күнелткен ГУЛАГ құрбандары жоқтың қасы. Көбінің демі таусылғанша сырын іште сақтап, ашылып әңгіме айтпағаны да содан. Көз көргендердің ағынан жарылып, жаппай естеліктерін жариялаған кезеңі — Горбачев бастаған «қайта құрудың» нағыз қызған шағы.
АЛЖИР деген бір бөлек атаудың, сонау Африкадағы мемлекетке еш қатысы жоқ сөздің көпшілік құлағына алғаш шалынғаны да сол кезде.
Кеңес өкіметі құрған АЛЖИР бас қала — Мәскеуден шалғайда, басқа ендік бойында жатқан. Қақаған аяз, айнала селеу басқан өлке, қазақ даласы. Қыста ауа температурасы минус қырық градусқа дейін түседі. Жазда аспан аптап, күн шыжиды. Мұрағат құжаттарында Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагерінің (орыс. Акмолинский лагерь жен изменников родины, қысқ. АЛЖИР) ресми түрде 1937 жылы 3 желтоқсанда ашылғаны туралы дерек сақталған.
ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫ
Әйелдер мен балаларды қамайтын концлагерьлерді (Мордовиядағы Темников лагері, Қырғызстандағы Джангижир лагері, Горький облысындағы Темляков лагері) күні бұрын, ГУЛАГ басшысы М. Берманның бұйрығына сай құра бастаған:
«Атылған троцкистер мен оңшылдардың... (негізінен әйелдер) отбасылары жуырда сотталып, аса қатаң режим жағдайында оқшаулануы тиіс. Олармен бірге мектеп жасына дейінгі балалары да аттандырылады».
Билік жаппай тұтқындау мен депортация науқанын жүргізуге алдын ала дайындалған. Бәрі ойластырылған. Әзірленген нұсқаулық бойынша:
«Тұтқындалған әрбір әйел мен қоғамға қауіпті деп танылған 15 жастан асқан әрбір баланың үстінен іс қозғалады. Емшектегі балалар сотталған аналарымен бірге лагерьге түсіп, 1–1,5 жасқа толғанда жетімдер үйіне не бөбекжайға жіберіледі. ЖетімiiБаланы шешесінің көзі тірісінде, күні бұрын «жетім» деп отырғаны да бекер емес қой, – С.Н. баланы туысқандары (репрессияға ұшырамаған) асырап алуға өтініш білдірсе, бұған кедергі жасалмайды».
«Халық жауларының балаларын [ата-анасынан] айыру» туралы деректер де сақталған: 1939 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде барлығы 25 342 адам болған. Солардың ішіндегі 22 427 баланы Халық ағарту комиссариатына қарасты жетімдер үйлеріне және жергілікті бөбекжайларға орналастырған. Анасына қайтарылған және асырауға берген балалар саны — 2915. Бұл алғашқы 17 айдың ғана дерегі (1937 жылғы 15 тамыз бен 1939 жылғы қаңтар аралығы).
25 342 адам — 1939 жылдың қаңтарындағы дерекке сай, «ата-анасынан ажыратылған халық жауларының балалары»
Бұл тізімдерге «қоғамға қауіпті» деп танылған, жасы 15-тен асқан балалар енбеген. Террор жылдары анасымен бірге лагерьге түскен немесе лагерьде дүниеге келген сәбилердің нақты саны да көрсетілмеген. Адам осы қасіреттің ауқымын бұрын «лагпункт № 26» болған жерге келгенде ғана аңғарады, бұл жерде ГУЛАГiiГУЛАГ — Еңбекпен түзеу лагерьлерінің бас басқармасы. КСРО-да 1930–1956 жылдары айыпталушылардың жазасын өтеу орындарына басшылық еткен Ішкі істер халық комиссариатының (кейін Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің) бөлімі. құрбандарына, осында азап шегіп, қаза тапқан әйелдер мен балаларға (халық арасында азап көрген «алжирлықтар» атанып кеткендерге) арналған айрықша мемориал ашылған.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР
АЛЖИР-ге қамалған белгілі лауазымды тұлғалар да болған, солардың бірі — есімі бүкіл Одаққа танымал Калинин ақсақалдың жұбайы Екатерина Ивановна Калинина (1917 жылдан бері РСДЖПiРесей социал-демократиялық жұмысшы партиясы. Кейінгі КОКП. мүшесі, РКФСР Жоғарғы сотының мүшесі). Оның үстінен қозғалған іс күрмеулі де күрделі еді. Бір жағынан, ол «Отанына опасыздық жасаған сатқынның отбасынан шыққан». Бұған қоса, оған кінәлілер ату жазасына кесілетін «Тыңшылық» (58-6-бап) және «Террористік әрекеттер жасау» (58-8-бап) деген екі бап бойынша айып тағылды. Ал күйеуі Михаил Иванович Калинин болса, тұтқындалмағаны былай тұрсын, әйелі бас бостандығынан айырылған соң да КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының номиналды төрағасы қызметін ойдағыдай атқарып жүрді, ешқайда жоғалып кетпеді — мереке күндері Мавзолей трибунасына шығып, социализм жолында елеулі еңбек сіңірген қайраткерлерді марапаттап, орден табыстап тұратын. Сталин өзіне жақын серіктерін осылайша уысынан шығармай, бақылауда ұстаған деген («маған қарсы шығып көр — әйеліңнің түрмеде отырғанын естен шығарма» дегендей) тұжырым айтылады. Ұзақ жылдар бойы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Вячеслав Молотов та «қожайынға кіріптар қылатын» осындай айланың құрбанына айналды. Оның жұбайы, басшылық қызметте жүрген көрнекті мемлекет қайраткері Полина Жемчужина соғыстан кейін істі болып, ГУЛАГ-қа қамалған әйелдер қатарына қосылды.
Есімі аңызға айналған маршал, атты әскер қолбасшысы Семен Буденныйдың әйелі, опера әншісі Ольга Михайлова да тыңшылық жасады деген күдікке ілініп, тұтқындалған. К. Ворошиловтың әйелі Екатерина ДавидовнаныңiАзан шақырып қойған аты Гитля Горбма да үстінен іс қозғалғаны туралы деректер бар. Алайда маршал батылдық танытқан: қолында тұтқындау туралы қаулысы бар НКВД қызметкерлері Ворошиловтың үйіне әйелін алып кетуге келгенде, ол қызметтік тапаншасын шығарып алып, оқ атамын деп дес бермеген екен. Энкавэдэшниктер үркіп, кері шегініп, көп ұзамай Екатерина Ворошиловаға қарсы іс тоқтатылған.
Ал оның аттасы Екатерина Калининаның жолы бұлай болмады. Оны Лубянкада жауап алған кезде азаптағаны жайлы мәліметтер бар. Іс хаттамаларында оның тергеуге жүріп баруға шамасы жоқ, қызметкерлер көтеріп алып келетін деген дерек тіркелген. Оны соншалық қинап, азаптаған соң кінәсін мойындағанына кім таңғалар екен... Айыбын растайтын дәлелдер мен айғақтар болған жоқ. Қолында билігі бар күйеуі де араша түсе алмады. Оның өтініп, әйелі үшін сұрап алған бар жеңілдігі — Екатеринаны ауыр жұмысқа салмасын дегені.
Ол үкім бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған, соның жеті жылын лагерьде отырып шықты. Лагерьде кастелянша болып істеген, міндеті — тұтқындардың киім-кешегіне түскен сіркені кетіру. Өзі кір жаятын бөлмеге іргелес шоланда тұрған, сол жер көпшілік жататын барактар мен сәкілерге қарағанда әлдеқайда жайлы саналатын. Калинин қайтыс болардың алдында Сталиннен әйелін бостауды өтінген.
Алайда Екатерина Ивановна өзіне жоғарыдағылардың «рақымшылық жасайтынына» еш қуанбады. Ол бостандыққа шығудан үзілді-кесілді бас тартып, қалыптасқан тәртіпке сай Сталиннің атына өтініш жазбайтынын айтқан. Ақыры болмаған соң, лагерьден алып кетуге сіңлісі келіп, бірбеткей Екатерина Ивановнаны бостандыққа шығуға қажетті ресми талаптардың бәрін орындауға көндіреді. Ол Мәскеуге оралған соң Калининмен көп жүздеспеген де екен. Күйеуінің халі нашар еді, бір жылға жетпей қайтыс болды. «Қаласа, мені бұрын-ақ шығарып алуға мүмкіндігі бар-тын» деген ойға бекіген Екатерина Ивановна күйеуіне өкпелі еді, онымен көрісуге асық емес-тін. Шығарып алуға шынымен мүмкіндігі бар ма еді? Бұл сұраққа қазірдің өзінде дөп басып жауап беру мүмкін емес.
«...АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН СОНДА АНЫҚТАР»
Тұтас алғанда, АЛЖИР-ге қамалып, тауқымет тартқандар саны — 20 мың әйел. Көбісі әртүрлі дәрежедегі үкімет пен партия шенділерінің, әскерилердің, НКВДiІшкі істер халық комиссариаты қызметкерлерінің, ірі кәсіпорын басшылары мен жауапты мамандардың, танымал ғылым және мәдениет қайраткерлерінің әйелдері болған. Оларды күн демей, түн демей ұстап, қамауға алатын. Әдетте жұмыс істеп отырған жерінен алып кететін. Тіпті театрда антракт кезінде ұстап әкеткен жайттар да болған. Ес жиып, дұрыстап жиналып алуға мұрша бермейтін. Лагерьге үстіне кешкі көйлек, аяғына жеңіл туфли киген күйі аттанған әйелдер де болған-ды.
Ел арасында сол кезде ештеңе етпейді, «анық-қанығын сонда анықтап алар», социалистік әділдік міндетті түрде орнайды деген жаңсақ пікір кең тараған. Осындай иллюзия жетегінде жүріп, алданған күйі су сепкендей басылып, көз ашылғанша біраз уақыт өтетін. Тыным таптырмай тергеуге сүйреп, сасық, қараңғы қапасқа қамап, көп ұзамай үкім шығарған шақта абақтыдағы бейшара жан ешкімнің келіп араласпайтынын, құтқарып алмайтынын аңғаратын.
АЛЖИР-ге қамалып, тауқымет тартқандардың жалпы саны — 20 мың әйел
Майя Плисецкая әкесінің тұтқындалған сәті жайлы мынадай естелік қалдырған:
«Бейтаныс біреулер. Дөрекі. Тінту жүргізді. Үйдің астан-кестенін шығарды. Еңіреп жылап, жібермей ұмтылып тұрған, құрсақты — аяғы ауыр, ұсқыны кеткен анам. Түн ұйқысы бұзылып, шошып, шыңғырып жылаған інім. Қолы қалтырап, киініп жатқан, өңі қашқан аппақ қудай әкем. Өзі ыңғайсызданып тұр. Жүзі салқын көршілер де тұр. Арасында куә болып келген Варвара есімді әдепсіздеу әйел бар, есік алдын сыпырады, тұтанған темекісін тістеп алған күйі билік өкілдеріне жағымпазданып қалу мүмкіндігін қалт жібермейді («қараң қалғырлар, осы халық жауларының бәрін тезірек атып, көзін құртса ғой!») ...Сонда үйден шығып бара жатқан әкемнің соңғы айтқан сөзі: «Құдайға шүкір, ақыры анық-қанығын анықтап, бір жағына шығаратын болды...»
Тыңшы деген айып тағылып, 1939 жылы 8 қаңтарда атылған Михаил Эммануилович Плисецкийдің тағдыры туралы деректер 1956 жылға дейін ашылмады. Ұрпақтарына әкесі хабар-ошарсыз кеткен деп айтатын. Рахиль Михайловна болса, қолына прокуратура берген анықтама түскенге дейін үміт үзбей, күйеуім міндетті түрде қайтып келеді деп күткен екен. Осы бір үміті жанына медеу, көңіліне демеу болғандай. Ұлы Азарийдің айтуынша, ол кісі күйеуінің әлі тірі екенін білдіретін белгілер іздеп, ұдайы ырым етіп жүретін. Бір күні Мәскеуден келген сәлемдеме ішінен шыққан «Мишка на севере» атты шоколад кәмпиттеріне қарап, мұнысы бекер емес: сүйікті Мишасы қазір солтүстік жақтағы лагерьде болса керек деген жорамал жасайды.
«Әкемді 1937 жылы сәуірде алып кетті, ал мен сол жылы шілдеде тудым, – дейді Азарий Михайлович Плисецкий. – Мен туғаннан кейін көп ұзамай, ол кезде біз тұйық келген Гагарин көшесінде тұратынбыз, анама біреу телефон шалып: «Бұл кім екен деп сұрамаңыз, кім туғаныңызды айтсаңыз болды», – депті. Мамам «ұл» деп еді, байланыс үзіліп кетті. Болған жайттардың хронологиясын қалпына келтіріп, бағамдап қарасам, сол кез — тергеушілер әкемнен жауап алып, одан әлденені мойындауды талап еткен кез болса керек. Әкемді көндіру үшін үйге бір хабарласып алуына рұқсат берген көрінеді».
Араға жарты жыл салып, анасы Рахиль Мессерерді де алып кетеді. Дәлірек айтқанда, анасын алты айлық баласымен бірге қамауға алған. Әуелі БутыркағаiБутырка тергеу изоляторы (Мәскеу қ., №2 тергеу изоляторы), Бутырка түрмесі немесе қысқаша «Бутырка» деген атпен мәлім — Мәскеу қаласында орналасқан тергеу изоляторы, бас қаланың ең үлкен түрмесі, Ресейдегі ең көне әрі ең танымал абақтылардың бірі. апарды. Онда әйелге: күйеуіңе қарсы куәгерлік етіп, одан бас тартсаң — босатамыз, болмаса балаларыңды тартып алып, репрессияға ұшырағандардың балалары тәрбиеленетін үйге, ал өзіңді лагерьге жібереміз деп талап қояды. Рахиль күйеуін қаралап арыз жазуға келіспеді. Сөйтіп, бірнеше ай қамауда отырған оны «Отанға сатқындық жасағанның әйелі» деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады.
АҚМОЛАҒА АПАРАТЫН ЖОЛ
Лагерьге іші қараңғы, ауа кіретін алақандай жалғыз терезесі бар мал таситын вагондарға мінгізіп аттандыратын. Тұтқындарды іріктеп алатын. Рахиль өзі сияқты «сатқындармен» — емшектегі баласы бар әйелдермен бірге барды. Вагон лық толған — не отыруға, не бұрылып қарауға мұрша жоқ. Дәретті вагон еденіндегі тесікке сындыратын. Пойыз баяу жүрді. Жол бойындағы бекеттің бәріне тоқтап, аялдайды. Күзетшілер барынша қырағы: абайсызда жолда ешкім шығып, қашып кетпесін деп, бәрін бақылап, аңдып отыр.
Сондай «бұзау қоралардың» (тұтқындарды тасымалдайтын вагондарды осылай атаған, орыс. телятник) бірі АЛЖИР мұражайында тұр. Ысталған тақтай жапқан, тар сәкілер, құлыптарын тот басқан...
«Замандастарымнан сұра,
Итжеккенге айдалғандардан, еріксіздерден,
Сұрасаң, айтармыз саған,
Үрей басқан күйі күнелткенімізді,
Мәпелеп өсірген балаларымыздың құрбан болғанын,
Темір торға қамалғанын»
Жолда сәті түсіп еді, Рахиль Мессерер лезде жыртық газет бетіне сіңлісінің мекенжайын көрсетіп, мынадай бірер сөз хабарлама жазып жібереді:
«Қарағандыға, лагерьге бет алдық. Балам қасымда».
Майя Плисецкаяның айтуына қарағанда, пойыз иен даладағы бір өткелге келіп тоқтаған кезде, анам мақталы кеудеше киіп, қолына темір жол жалаушасын ұстаған әйелді көреді. Әлгі әйелдің де анама көзі түседі. Сол кезде анам умаждап, бүктеп алған қағазды жаңағы әйелдің аяғына таяу лақтырып жібереді. Жол бұрушы әйел ештеңе байқамағандай болды. Пойыз жол жүріп кетті..
ЛАГЕРЬДЕ
Тұтқындардың алғашқы легі АЛЖИР-ге 1938 жылы қаңтарда келіп жетті — Мәскеу, Орынбор, Иркутск, Ростов, Калуга, Оршадан шыққан пойыздар қырық градус аязда айдалада тоқтаған. Саман кірпіштенiсабан араластыра илеген балшық соғылған алты баракқа 250–300 адамдайiекі-үш қабатты сәкілер, сыймағандарға жерде жататын орын болған сыятын. ВОХР (әскери күзет) сарбаздары мен басшылыққа арнап бірнеше шағын үй тұрғызған. Баракта жоғарғы жақтағы сәкілерден қол созым жерге терезе ойып салған, әйнегі жоқ, оны жел кірмесін деп, шүберек тығындап, бітеп қоятын. Шығар есік жақта — оқшауланған жуынатын бөлме. Кір жууға, жуынып алуға аптасына бір рет бір-ақ шелек су беретін. Зона аумағында су көзі — Жалаңаш көлі бар, сонда да қара суды аяйтын.
«Қас қарайды. Бізді күзет қосып, тікенді сыммен қоршалған зонаға апара жатыр. Екі жақтан және сонау алыстан қарауыл мұнаралары көрінеді, зонаны күзеткен иттердің үргені естіледі», – деп жазады, АЛЖИР-ге түскен бойдағы алғашқы әсерін суреттеген Мария Анцис (компартияның Краснолуганск облыстық комитеті хатшысының жесірі).
«Көзімізді жұмып алып, бір қатарда төрт адам бара жатырмыз, бізге қосқандары — мылтықтарын сайлап алған күшейтілген конвой... Тұтқындардың артында ит жетектеген біраз күзетші келе жатыр. Арамызда ешкім артқа қарамады (күзеттің ескерткені сол)».
Ақмоладағы арнаулы бөлімде қамауда отырған әйелдерді құжаттарда «аса қауіпті» деп көрсеткендіктен, оларды қатаң жағдайда ұстаған: бірінші жылы сырттан хат, сәлемдеме алдырмайтын, жақын-жуық адамдармен жолығуға рұқсат бермейтін. Қатаң изоляция режимі. Зона аумағы үш қатар тікенді сыммен қоршалған, әр тұтқынды тәулігіне кемінде екі рет жеке тексеретін. Ештеңе оқытпайтын, жаздырмайтын. Әйелдерге қатысты осындай қатаң тәртіпті Сталиннің берген арнаулы бұйрығы мен нұсқауына сай енгізген, сол нұсқауға сәйкес №00486 бұйрық бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің бәрі — «халық жауларының» әйелдері ғана емес, бұлар сондай-ақ елдің «ең үлкен жаулары» — «оңшыл троцкист» қаскөйлердің әйелдері болған-ды.
Қазіргі заман тілімен айтқанда, бұлар — кеңес өкіметі орнаған алғашқы жиырма жылда қалыптасқан элита өкілдерінің әйелдері еді. Сталин 30 жылдардың ортасына таман дәл осы элитаны іштегі оппозиция әрі жеке басына қауіп төндіре алатын күш деп білген. Астыртын әрекет еткен революционерлердің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болған ол «әйел әрдайым күйеуін жақтайды» деген пайымға келген. Олардың жұбайы жүргізген «контрреволюциялық іс-қимылынан» бейхабар болғаны мүмкін емес. Олай болса, яғни білсе, ниеттестік білдірсе, біз жазықсыз деп жүрген әйелді — қылмысқа барған күйеуінің сыбайласы деп тану қажет.
Әйелдердің (Отанға опасыздық жасады делінгендердің басқа да туыстарының) үстінен қозғалған істер бойынша сот процестері болмаған: жаза мерзімдері № 00486iкемінде 5–8 жылға бас бостандығынан айыру бұйрықта айқындалған еді, айыпты деп танылған әйелге НКВД жанындағы Төтенше кеңестің шешімі туралы хабарлама ғана берілетін.
Өкінішке қарай, «отан сатқындарының отбасы мүшелері» (құжаттарда қолданылған қысқарту: орыс. ЧСИР — члены семей изменников родины) санатында жалпы қанша әйелдің репрессияға ұшырағаны туралы нақты дерек жоқ: қажет статистиканы НКВД жанындағы Төтенше кеңес хаттамаларынан табуға болатын еді, алайда бұл құжаттар әлі құпия. Тарихшылардың қолына түскен дереккөздердің арасында Ежов пен оның сол кездегі орынбасары Берияның 1938 жылы 5 қазанда Сталинге жолдаған қызметтік жазбасы бар, онда былай делінген:
Әзірге бар толық емес деректерге сай, тұтқындалған сатқындардың 18 000 астам әйелі, соның ішінде Мәскеу бойынша 3000-нан астам және Ленинград бойынша шамамен 1500 әйел репрессияға ұшырады
ҚАПАСТА ӨТКЕН ӨМІР
АЛЖИР хроникасына еніп, тарихта қалған айтулы репликалардың бірі:
«Шіркін, осындай ортаны басқа қай жерден табатын едім!»
Бұл сөзді жазушы Борис ПильняктыңiiБорис Пильняк (1894–1938) — орыс, совет жазушысы, прозаик. жұбайы, асқан сұлу Кира Андроникашвили айтқан деседі. Кира Рахиль Мессерер және Ашхен Налбандянмен (ақын Булат Окуджаваның шешесі) бір баракта жатқан, сәкісі солардікіне жақын еді. Ортасы шынымен-ақ керемет, шетінен бетке ұстар әйелдер. Асханада тамақ салып беруші қызметін Елизавета Арватова-Тухачевская (атылған маршалдың сіңлісі) атқарған екен. Солармен бір баракта күнелткендердің арасында Евгения Лурье-Трифонова (жазушы Юрий Трифоновтың анасы), Лидия Багрицкая (ақын Багрицкийдің әйелі), жазушы Галина Серебрякова, Анна Бухарина-Ларина да (Лениннің сүйікті серігі Николай Бухариннің жесірі) болған. Осы орайда кеудесін мақтаныш сезімі кернегендей күйдегі лагерьдің бір күзетшісі айтпақшы:
«Пианист әйелдерді ғана санаған күннің өзінде 250 адам шығады».
Дегенмен осы әйелдер бойындағы білімін, мамандығына сай дағдыларын лагерьде кәдеге жарата алмады. Лагерь тұрмысына агрономдар, сызбашылар, смета жасаушылар мен тігіншілер қажет-тін. Қалғандарын қамыс дайындауға жіберетін. Суық барактарды қамыс жағып жылытатын.
Мария Анцистің естеліктерінен:
«Елсіз дала, қамысты басып қалған мұзға соғылып, шақырлап жатқан күрек дыбысы естіледі... Бастапқыда мына тірлігімізден түк шықпайды деп күдер үзе бастадық. Алайда иен далада жалғыз емеспін, қасымда жолдастарым жүр деген ойға жұбанып, тоқтамай жұмыс істедік, содан бір кезде қамысты икемге келтіріп, буып жинап алдық. Көтертпейді, ауыр. Сонда жұмысты бөліп істейік деген ой келді: мықтыларымыз қамыс жинасын, басқалары керме жасасын, енді біреуі буып байлап, қалғандары бумаларды бір жерге үйіп отырсын деп келістік. Қамыс дайындау барысында ретін тауып, еңбек бөлінісін осылай ойлап таптық... Көл бойында жүргендерге қарата айтылған «Сапқа тұр!» деген команданы естідік. Әрқайсымыз төрт бумадан артып алып, қатарға тұрып, тапталып қалған даңғыл жолмен жүріп, лагерьге бет алдық... Көл жақта күні бойы жүрдік. Он сағаттық жұмыс шаршатты, қарлы жарық жерде көп жүргеннен көзге де салмақ түсті. Сірә, рұқсат берсе, қамыс бумалардың үстіне жантая кетіп, көзді тарс жұмып, жатып алатын едік».
Карлагқа арнап шығарған бұйрыққа сай, ауа температурасы отыз градустан төмен болған кезде тұтқындар даладағы жұмыстан босатылуы керек еді. Бұған қоса, оларға беті-қолына жағатын карбол вазелині де берілуге тиіс еді. Бірақ сол бұйрық талаптары орындалмады. 1938 жылғы ақпан айының өзінде лагерьде 89 адамның қатты үсіп қалғаны туралы дерек тіркелген.
Көктем шығып, жаз келгенде де жағдайдың тәуір болғаны шамалы. Тұтқындалған әйелдерге тігін фабрикасына цехтер, сондай-ақ этаппен келгендерге жаңа барактар жобасын әзірлеп, соларды салу тапсырылды. Күніне 12 сағат жұмыс істейтін. Жұмыстан босатсын деп сұранған ешкім болмады. Бірде-бір адам қашпады. Қайда қашады? Айнала құлан түз. Басшылық қарамағындағы ерен еңбек екпінділер 8 Наурыз мерекесі немесе Ұлы Қазан социалистік революциясыныңi7 қараша кезекті мерейтойына орай социалистік жарысқа атсалысып жүр деп рапорт берумен болды.
Шын мәнінде, мереке күндері еңбек екпінділері митинг немесе демонстрация ұйымдастырып жібермесін деп, әйелдерді баракқа қамап, күшейтілген күзет қоятын. Тамақтануға да конвоймен апаратын.
Барактар, цехтар құрылысына араласпаған әйелдерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына салатын. Бейнетті жұмыс. Әйелдер арық қазып, су жүргізіп, жеміс ағаштарын еккен. Сынақ алаңына айналған станцияда жаңа дән сұрыптарын шығарып, далада қияр, қызанақ, қырыққабат пен пияз өсіретін болды. Білікті агроном Галина Руденконың жетекшілігімен еңбек еткендердің арқасында қу дала гүлденген жазираға айналды.
Ксения Мальцеваның естеліктерінен:
«Әуелі 18 гектар жерді қопарып, жеміс егуге дайындады, бәрін күрек алып, қолмен істеді. Мен суаруға жауапты бригадир болдым, таңғы төртте, қалғандары әлі ұйықтап жатқанда, тұрып, әбден кеш батқанда қайтатынмын. Демалмай 14–15 сағат жұмыс істейтінбіз. Сәбіз, қызанақ, жеміс өсірдік».
Өсіріп-өндіргені өздеріне азық болды десеңіз — қателесесіз: көргені жұпыны тұрмыс, ішкені жұтаң тамақ, баракқа байқатпай пияз алып кіргенін біліп қойса, бірнеше тәулікке карцерге қамап қояды. Тігін цехтерінен шыққан өнімді де, әйелдер өсірген жеміс-жидектерді де түк қалдырмай лагерьден сыртқа таситын.
Осы ретте АЛЖИР-де қамауда болған үнсіз кино актрисасы Лидия Френкельдің мына бір естелігі тосын әсер қалдырады:
«Арба итеріп не саман тасып, я болмаса бақшада жұмыс істегенімде күшімді аямайтынмын. Сонда әлі есімде, тұрмыстық қылмыстар үшін сотталған әйелдер (орыс. женщины-бытовички) маған қарап: «Сонша зорығып не қыласың? Осы мемлекет сені жарылқап па еді? Таста, демал», – деп күлетін. Осылай беріліп істегенбіз, не сыры бар екен, түсінсем бұйырмас. Әдет болып кеткен ғой».
ХАЛЫҚ ЖАУЛАРЫНЫҢ БАЛАЛАРЫН ӘЛДИЛЕТКЕН БЕСІК ЖЫРЫ
Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, АЛЖИР-ге қамалған әйелдердің басты уайымы — өздерінің ит байласа тұрғысыз жағдайда күнелтіп, азапты жұмысқа жегілгені емес-тін. Олар балаларының тағдыры (үйде қалған, өзімен бірге лагерьге түскен балалары) не болар екен деп уайым жеген. Бірен-сараны ғана балаларын туысқандарына беріп үлгерді. Мысалы, Пильнякті абақтыға жапқан соң, Кира Андроникашвили Борис есімді үш жасар ұлын Грузияға — апайы, әйгілі актриса Нато Вачнадзенің қолына жіберді. Ал Рахиль Мессерер-Плисецкаяның үлкен балаларын — Майя мен Александрды — тәтесі Суламифь (Үлкен театр балеринасы) пен ағасы Асаф Мессерер қолына алды. Жиендерін жетімдер үйіне алып кетпесін деп, оларды ресми түрде асырап алған. Әйтпесе бұл балалардың құқықтары «елеусіз қалып», орташа білім алуға да мүмкіндігі болмайтын еді. Алайда осы сияқты мысалдарды көп кездесе бермейтін ерекше жағдайлар деп қарастырған жөн. Көп жағдайда «халық жауының» балаларын жетімдер үйіне орналастырып, тегін өзгертіп жаздыратын. Тегін, ата-анасын ұмытсын деген пиғыл.
АЛЖИР-де туған балалардың тағдыры тіпті қайғылы. Ресми мәлімет бойынша, мұнда 1938–1953 жж. аралығында 1507 сәби дүниеге келген. Бұл статистикаға шетінемей, аман қалғандары ғана енген. Шетінеп кеткендері тіпті көп. Ай сайын шамамен елу сәби көз жұматын. Оларды қыстыгүні жерлемейтін. Қатқан мұзды ойып, зират қазудың өзі оңай шаруа емес. Мәйіттерді бөшкеге салып, көктем шыққанша сақтайтын. Сол жерде санитарка болып істеген НКВД қызметкері Валентинаның жан түршігерлік естелігі бар: жаңағы бөшкелердің жанынан өтіп бара жатқанда біреудің қолын жыбырлатқанын байқайды. Шынашақтай сәби — қазақ қызын бөшкеден шығарып алып, үйге апарып күтеді. Сегіз жыл өз қызындай қарап, бағып-қаққан, лагерьдегі мерзімі аяқталған соң қызды туған анасына қайтарып береді.
Заңға сай, үш жасқа толған балаларды анасынан ажыратып, балалар үйіне беретін. «Дольше жизни»i«Өмірден де ұзақ» реж. Дарья Виолина және Сергей Павловский атты деректі фильмде Майя Кляшторная (1937 жылы қазанда атылып кеткен белорус ақыны Тодор Кляштарныйдың қызы) алғаш рет осы тақырыптағы естеліктерін айтқан.
Ол да АЛЖИР-ге, Азарий Плисецкий сияқты, төрт айлық сәби кезінде түскен екен. Лагерьде өскен, кейін оны Карлагтағы балалар үйіне орналастырған.
«Бізді жүк көлігіне тией бастады, айғайлап жаттық. Көлік жүріп кетті, аналарымыз артымыздан жүгіріп келеді. Біз шыңғырып жатырмыз. Бір кезде машина тоқтады: директор айтса керек, аналарымыз көлікке мініп, бірге кеттік. Әр әйел баласына бірдеңе айтып, сыйлық беруі тиіс еді, содан аналар өздері тіккен ойыншықтарын шығарып, беріп жатты. Есімде, мамам маған қолдан жасаған қоян мен кішкентай теңізшіні сыйлап тұрып: «Ол сені қорғап жүреді», – деді. Осындай ойыншықтарым болғанына қатты қуандым. Сөйтіп, Осакаровкағаiбалалар үйі орналасқан елді мекен дейін ұзақ жол жүрдік, содан ендігәрі жалғыз тұратынымызды, аналарымыздың қасымызда болмайтынын түсіндік... Балалармен достасып кеттік, қол ұстасып бірге жүретінбіз. Бәрінен көп есімде қалғаны — Рида Рысқұлова.iҚазақ революционері, РКФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары (1937 жылы ақпанда атылған) Тұрар Рысқұловтың қызы Балалық шақтың есімнен кетпейтін ең бақытты сәттерінің бірі еді. Бірде Рида Рыскулованың анасы Осакаровкаға келіп, бізбен бірге баракта үш күн тұрды, күнде жатарда бәрімізге бесік жырын айтып беретін. Қандай тамаша. Адам дегеніміз — бойындағы сезімдері, сезінгені емес пе. Бізге бұрын ешкім бесік жырын айтпаған. Сол бір тәтті әуенге жұбанып ұзақты жатқың келеді, ұйқыңды қимайсың, ұйықтап кетсем, бақыттан құр қалатындай сезінесің».
ЕКІНІҢ БІРІНЕ БҰЙЫРА БЕРМЕГЕН МҮМКІНДІК
Шын мәнінде, Рида Рысқұлованың анасына балалар үйіне келуге рұқсат берілгені, тұтқындарды ұстау режимінің біршама жеңілдетілгені — КСРО ІІХК-нің (НКВД) 1939 жылғы 21 мамырда шыққан, «аса құпия» таңбасы қойылған «ЕТЛ-дердегі арнаулы бөлімдерді жою туралы»iЕТЛ — еңбекпен түзеу лагері (орыс. ИТЛ) № 00577 бұйрығына сай қолға алынған шаралар еді. Бұйрықта «жоғарыда аталған лагерьлердің арнаулы бөлімдеріндегі тұтқындар контингентінің бәрі жалпы лагерьлік режимге ауыстырылсын» делінген.
АЛЖИР-де қамауда отырған әйелдерге хат-хабар алып тұруға, жақын-жуықтарымен кездесуге рұқсат берді. Режимдегі өзгерістерді Галина Степанова-Ключникова былай сипаттаған:
«Қатаң режимде өткен жыл — хат-хабар, сәлемдеме алмай, сыртта не болып жатқанын білмей күнелткен жыл артта қалды. Өйстіп отырғанда болған бір күтпеген жайтқа лагерьдегілердің бәрі таңғалды. Бір «алжирлық» әйелге хат келіпті. Пошта маркасы жабыстырылып, штемпель басылған нағыз хат. Конверт сыртына баланың қолымен жазған жазу: «Ақмола қаласы. Аналар отырған түрме». Сегіз жасар қыз әкесі мен анасын ұстап әкеткен соң, өзін де тұтқындап, балалар үйіне қамағанын жазыпты. Мамасы қашан келіп, өзімен бірге алып кетер екен деп сұрап жатыр. Балалар үйін жатырқап, жайы болмай, мамасын сағынғанын, көп жылайтынын айтқан».
Сырттан алғаш келген бұл хат, мазмұны мардымсыз болғанына қарамастан, тұтқындалған әйелдердің кеудесінде үміт отын тұтатқандай болды. Ал лагерьг