Саңлақтардың сара жолын жалғастырып, өзі де шыңға біткен шынардай дараланған Асанәлі Әшімов — ұлттық өнердің тағдыр-тарихына айналған заңғар тұлға. Ұлы актердің алып жүрегі 90 жасқа таяған шағында мәңгілікке тоқтағанымен, оның өресі биік, талғамы терең болмыс-бітімі қазақтың жадында жаңғырып тұратыны сөзсіз. Алайда ауылдан шыққан қарапайым қара сирақ баланың Халық әртісіне дейін көтерілген әрі қазақ өнерінің басына бақ болып орнаған тағдыры талай соқтықпалы соқпақты басып өтті. Ол кинода Бекежан болып ғасырлар қойнауында көмескі тартқан ұлттың асқақ рухын оятты. Оның әрбір рөлі дәуір даусына, ал есімі кәсіби биіктік пен рух мықтылығының символына айналды. Осы ретте Qalam актердің шығармашылық жолын еске алады.
Абыз
Қазақ театры мен киносының абызы, КСРО Халық әртісі (1980), Қазақстанның Еңбек Ері (2017) Асанәлі Әшімов — ұлт аманатын арқалап өткен тұлға. Алайда өнер әлемінде толағай табысқа жетіп, қазақ өнерінің абызына айналған оны тағдыр талай сынады. 1999 жылы актердің екі бірдей ұлы, сәулетші Мәди Әшімов пен актер Сағи Әшімов дүние салды. Сол жылы «Шоқан Уәлиханов» фильмінде басты рөлді сомдаған Сағи бақилық болғанда:
«Қайтейін-ай… Жан бөлек, өмір сүреміз ғой. Шоқан өмірден отыз жасында өтсе де, әкесі Шыңғыс тоқсан жыл ғұмыр кешті. Тәңірден сол кісінің жасын бер деп тілеу күпірлік бола қоймас» деп жазған еді. Сол өзі айтқан 90-ға жетеқабыл шағында ұлы жүрек тоқтады.
«Шоқан Уәлиханов» (1984). Режиссерлері — Асанәлі Әшімов, Цой Гук Ин / Ашық дереккөздерден
Асанәлі Әшімовтің кинодағы алғашқы қадамы театр факультетін бітірген жылдардан басталып кеткен болатын. Ол 1960 жылдары Ефим Аронның «Асау Ертіс жағасында» (1959) фильмінде Жанай, Шәкен Аймановтың «Торапта» (1963) фильмінде Ескендір, Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізінде» (1964) Тұрар сияқты қызықты рөлдерді сомдағанымен, 1964 жылдан қазақтың бас сахнасы — М.Әуезов атындағы драма театры арқылы танылып жүрген еді. Ал оның 1970 жылдардағы экрандағы рөлдерімен жұлдызы жанды десек болады.
Қасымхан Шадияров
Атаманның ақыры (1970)
Республика басшысы Д.Қонаевтың тапсырмасымен түсірілген фильм сценарийі Әшімовке арналып жазылады. Бірақ ол кезде актер «Қыз Жібекке» түсе бастаған. Сол кезде режиссер Шәкен Айманов:
«Екі рөлді қатал алып жүретініңе сенемін. Бірақ Бекежанға сақал керек, ал чекист Шадияровта ерекше белгі болмауы тиіс. Сондықтан қиын болады: бір күнде сақал өсіре алмайсың ғой, сахнаға жасанды сақал жарасады, ал кинода табиғилық қымбат» деген екен.
«Атаманның ақыры» (1970). Режиссері — Шәкен Айманов / Ашық дереккөздерден
Бұл сөзден кейін актер Қасымхан рөлінен бас тартпақ болғанымен, қос режиссер — Қожықов пен Айманов мәселені бірлесіп шешіп, Әшімовтің екі фильмге де қатысуына жағдай жасайды. «Қыз Жібекті» түсіру ерте басталғанымен, дайындық көп уақыт алып, «Атаманның ақырынан» кештеу аяқталады.
«Дегенмен сенің сақалыңды жұртқа Сұлтаннан бұрын мен таныстыратын болдым. Кейін жұрт Бекежанды көрсе де: «Әй, мынау Шадияровтың сақалы ғой» деп айтып отыратын болады» деп әзілдейді Айманов.
Атаман Дутовты атып өлтірген Шадияровтың зиялы, ұстамды, психологиялық дәл рөлі 1970 жылдардың жаңа кейіпкерінің символына айналып, Асанәлі Әшімовті күллі совет киносының жұлдызы етті.
Бекежан
Қыз Жібек (1971)
Бекежан — Әшімовтің жан-тәнімен қалаған рөлі еді, кинопробаға барынша дайындалған оның жарқ етіп шыққанын көргенде сценарий авторы Ғабит Мүсірепов «Міне, Бекежан!» деп қуанған екен. Киностудияның Көркемдік кеңесі Әшімовті Бекежан рөліне мақұлдайды, бірақ Көркемдік кеңес жетекшісі Айманов бұл шешімге қарсы болады (өйткені Әшімовті «Атаманның ақырына» көздеп жүрген). Тіпті «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан-Ахмет Қожықов та Әшімовті «карьерист» деп ұнатпай, Бекежан рөліне бекіткісі келмейді. Алайда сценарийді талқылаған күндердің бірінде актер:
«Ғайыптан тайып Төлеген сап ете қалмаса, Қыз Жібек Бекежанға ғашық болар еді ғой. Өйткені өз ортасында Бекежанға жететін жігіт жоқ еді» дейді.
Осы трактовканы естігеннен кейін ғана Қожықовтың көзі жарқ етіп, Әшімовке жылы шырай таныта бастайды.
«Қыз Жібек» (1971). Режиссері — Сұлтан-Ахмет Қожықов / Ашық дереккөздерден
Әшімов өзінің Бекежан рөліне ынтықтығы туралы:
«Қыз Жібек» сценарийі газетте басылған соң «Қазақфильмнің» еңсе тіктейтін шағы ретінде жұрт осы фильмді үлкен үмітпен күтті. Бекежан бейнесіне менің де ойым кете беретін. Бұрыннан-ақ бұл образ маған күрделілігімен ұнайтын... Құдайым аспаннан сұрап жүргенімді жерден беріп, аса беделді сарапшылар тобы осы бейнені жасауға мені лайық деп таныған сәтте қуанышымда шек болмады. Шыдамай, үйге телефон шалып, Майрадан сүйінші сұрадым» деп еске алады.
Түсіру барысы туралы былай дейді:
«Түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндер де болды. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан рөлі «оңайлау» берілетін. Ыстық қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсірсем, Қасымханның мінезін дәл ұстай алатынмын».
Солайша, Әшімов актер атаулыға арман болар үлкен белесті бір жыл ішінде еңсерді деуге болады.
Шадияровтың оралуы
Транссібір экспресі (1977)
«Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің табысынан кейін Әшімов біраз жыл сол деңгейлес рөл күтіп жүріп қалады. Ол туралы актердің былай еске алатыны бар:
«Мұқаң марқұм «Абай жолы» атты ұлы шығармасын аяқтаған соң, біраз уақыт ештеңеге зауқы соқпай, бос жүрген екен. Орынсыздау болса да айтайын, мен де Бекежан мен Қасымхан бейнелерінен кейін, яғни өз бойыма шақ ірі шығармашылық белесті еңсерген соң, белгілі бір кезеңде киноға түсе алмай, көп қиналып жүргенмін. Түрлі ұсыныстар болғанымен, осы екі фильм арқылы жеткен биіктен төмендегім келмегені рас».
«Транссібір экспресі» (1977). Режиссері — Эльдор Оразбаев / Ашық дереккөздерден
Сондай кезеңде ол режиссер Эльдор Оразбаевпен бірлесіп, «Атаманның ақыры» фильмінің заңды жалғасы — «Транссібір экспресін» түсіре бастайды. Бұл фильмде Әшімов Шадияров, қытай сайқымазағы Фан мен етікші Ерден сияқты үш бірдей образда жарқырап көрінеді. Қаратау мен Жаңатастың арасындағы тар ғана теміржолда түсірілген туынды 1978 жылы Ереванда өткен бүкілодақтық кинофестивальде жүлде алып, Карловы Вары кинофестивалінде Гран-приге ие болады. Асанәлі Әшімов бұл фильм арқылы өзін үлкен масштабтағы актер ретінде бекіте түсті.
«Мен чекистерді өз мамандықтары бойынша жоғары класты актер дер едім. Тапқырлықтары, әртүрлі қимыл-әрекеттері зор шеберлікті қажет етеді. Олардың осы қасиеттерінің өзі фильмге түскен актерді өсіреді» деп толғайды актер.
Асанәлі Әшімов чекист образына бұдан кейін де оралып, «Манчжурлық нұсқада» (1989) сол желіні жалғастырса, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2009) картинасында шау тартып, туған жерін аңсаған бас кейіпкерді Сұлтан Бейбарысқа парапар бейне ретінде сомдады.
Әрі режиссер, әрі «Шыңғыс Уәлиханов»
Шоқан Уәлиханов (1984)
Бұл телехикаяда Әшімов режиссер болып, басты рөлдердің бірі — Шыңғыс Уәлиханов бейнесін сомдады. Шоқан рөліне өз ұлы, актер Сағи Әшімовті бекітеді.
«Әкем өте қатал режиссер еді. Бірде кезекті эпизодтан кейін: «Осындай қиын қойылымға сені бас рөлге алып, тәуекелге барып едім. Бекер болған екен» деп қатты ашуланып кетіп қалды. Мен киіз үйде жалғыз қалдым. Жанымды қоярға жер таппай, түні бойы намыстан өртеніп, жылап шықтым. Таңертең әкемнің «Сағи!» деп айқайлаған даусынан ояндым. Әбден қалжырап, қарным аш, екі көзім қып-қызыл еді. Сол сәтте ол: «Түсіру алаңын дайындаңдар! Науқас Шоқанды түсіреміз!» деп бұйырды. Кеуде ауруымен ауыр халде жүрген Шоқанның күйін шынайы беру үшін сол күні мені бірнеше рет тауға жүгіртіп шығарды. Сол кезде әбден шаршаған, үрейлі жүзімді көрген бір бөгде адам: «Асеке, мынау шынымен сіздің балаңыз ба?» деп таңғалғаны да бар. Ол күндері әкеме қатты ренжитінмін. Алайда фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін көрерменнің бәрі қаумалап келіп құттықтағанда, жетістігімнің тоқсан пайызы әкемнің еңбегі екенін түсіндім» деп еске алды Сағи.
«Шоқан Уәлиханов» (1984). Режиссерлері — Асанәлі Әшімов, Цой Гук Ин / Ашық дереккөздерден
Сағи фильмдегі ең табысты сәттердің бәрі әкесінің еңбегінің арқасында келгенін айтады. Осылайша, Шоқанның Шыңғыспен далада кездесетін сәтте ер басына қойып қамшы сабын сындыруы, сонымен қатар Шоқан ауылына келгенде шешесінің бір тостаған қымыз ұсынып, «алдымен әжеңмен амандас» деуі, ал әжесінің «алдымен халыққа сәлем бер, сонан соң әкең мен шешеңе бар» дейтін көріністер режиссер тарапынан қосылғанын, Әшімов-режиссер қашанда ұлттық болмыстан хабар беретін детальдарға аса мән бергенін еске алады.
Режиссер ретінде Әшімов «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге), «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» (1995) фильмдерін де түсірді.
Шыңғыс хан
Көне бұлғарлар сагасы (аяқталмаған)
Режиссер Болат Мансұров 2011 жылы өмірден өтіп, бұл ауқымды тарихи жобасын аяқтап үлгере алмады. «Қазақфильм» үшін 1989 жылы «Сұлтан Бейбарыс» фильмін түсірген суреткер бұл туындыны «татар халқының тарихына арнаған». Ресейлік жобада Әшімовке Шыңғыс хан рөлі беріліп, түсірілімдер Қазақстан, Қырғызстан жерінде жүргенімен, алдымен екі, кейін алты серия болып жоспарланған жоба аяқсыз қалған.
Асанәлі Әшімов / Ашық дереккөздерден
Бұл фильмге Әшімовтің тұңғыш ұлы Мәдидің қызы Нұрила да түсіп, Шыңғыс ханның қызының рөлін сомдайды. Ол туралы «Майраның әні» деген кітабында актер былай деп еске алады:
«Болат Мансұровтың «Булгар туралы сага» фильмінде Шыңғыс ханның рөліне бекітілген едім. Мәди өзі қайтатын жылы Нұриланы ертіп келіп: «Тағы бір актрисаны сізге тапсырамын» деп қалжыңдады. Сөйтіп, Нұриланы да өзімізбен ала кеттік. Шыңғыс ханның қызының рөлін Мансұровтың өз қызы ойнап жүрген екен. Ол түсірілімге кешігіп келгендіктен, Нұриланы дублер етіп түсірді де, кейін оған кіші қыздың рөлін тауып берді.
Сол сәтте Нұриланың бой жетіп қалғанын көріп, түсіру алаңында өз-өзімнен көңілім босап кеткені бар. Алдымен Меркеде, одан кейін Ыстықкөлде болдық. Нұриланың костюмге талғаммен қарауы, тәп-тәуір таланты мен актрисалық сезімінің бар екені мені қатты қуантты. Ол өз міндетін мінсіз орындап шықты. Алғашқы табысын да шашау шығармай, әке-шешесіне тапсырып, бәріміз бір арқа-жарқа болып қуанған едік.
Осының бәрін Құдай көп көрді ме, көп ұзамай Мәди де өмірден өтті. Қазір Нұрила «актриса боламын» деген ойынан айнып, басқа институтқа дайындалып, ағылшын тілін үйреніп жүр... Міне, Мәди кеткеніне он ай, Сағи кеткеніне он бес күн болды. Екеуі қос төмпешікке айналып, қатар жатыр. Рухың қандай күшті еді, Майра, ақыры бауырыңа алдың...»
Жалпы, Әшімовтің экранға шыққан фильмдерінің саны 50-ге жуық.
Театр саңлағы
М.Әуезов атындағы драма театрында Әшімов классикалық репертуардың маңызды, күрделі бейнелерін сомдады. Ұлттық драмалардағы Айдар, Кебек, Қозы, сияқты бозбала рөлдерден бастап, театрдың «алтын дәуірі» саналатын Әзірбайжан Мәмбетов кезінде де сахна төрінен түспеді. Мәмбетов сахналаған М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» Дон Жуаны, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламаны, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуындағы» Қодары, «Болашаққа аманатындағы» Сырымы сияқты сүйекті образдар сомдап, әрқайсысы құбылыс болған қойылымдарда қолтаңбасын қалдырды.
Асанәлі Әшімов / Ашық дереккөздерден
Әшімов театрда да актер ғана емес, режиссер ретінде де еңбек етті: Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» (1986), И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» (1987), Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі» (1989) секілді он шақты шығарманы сахналады.
Тәуелсіздік жылдарында үлкен құбылыс болған туындысы — режиссер Рубен Андриасян ерекше мәдениетпен, тереңдікпен қойған Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббаты». Андриасян алғашқыда Әшімовті орыс театрының сахнасында «Лир патшаны» сомдауға шақырған екен. Актер қазақ сахнасына адалдығын айтып, Гауптман шығармасындағы басты рөлге келісім береді. Өз естеліктерінде:
«Ымырттағы махаббатқа» біз 2002 жылы ақпан мен қазан аралығында ұзақ дайындалдық. Мұндай ұзақ репетиция Әуезов театрында Әзірбайжан Мәмбетовтен кейін болып көрген емес» деп еске алады.
Есесіне, спектакль өміршең болып, сағынған көрерменнің Әшімовті көруге келетін, ең табысты қойылымдардың бірі ретінде жылдар бойы сахнадан түспеді.
Бұл рөлдердің қай-қайсысы да қазіргі қазақ театр мектебінің қалыптасуына зор ықпал етті. Асанәлі Әшімов — актер, режиссер ғана емес, театр мен кино өнерінде өнерпаздардың бірнеше буынына ұлағатты ұстаз әрі рухани бағдар болған алып тұлға.
Материалда А.Әшімовтің «Жан бөлек», «Майраның әні» кітаптарынан естеліктер пайдаланылды.