Қазақтың шежіре дәстүрі түрлі жолдан өтіп, Шыңғыс хан дәуірінде өзгеше реңкке енді. Бірақ араб мәдениетінің ықпалы осы бір ұлттың жадына баланған үрдіске қалай әсер етті және қазақ арасындағы «төре» ұғымы қандай да бір өзгеріске түсті ме? Тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес Qalam-ға берген сұхбатында қазақтың ру-шежіре тарқату дәстүрінің өткені мен бүгініне қатысты қызықты деректер айтып берді.
Қазақта қанша ру бар?
Зерттеушілер қазіргі қазақ арасында «200-ден астам ірі ру бар» деп жүр. Кейбірі бұл тізімді 250, тіпті 300-ге дейін жеткізеді. Олардың арасында ірі және кіші рулардың саны әрқилы. Кейінгі бір деректерде көрсетілгендей, үлкен арыс елі деп арғынды, одан кейін үйсін ішіндегі дулатты айтамыз. Жан санына қатысты әрі қарай өрбітіп кете беруге болады. Бірақ барлығы біртұтас қазақ ұлтын құрайтындықтан, оған аса бір көңіл бөлудің қажеті шамалы. Өйткені Қазақ хандығы құрылған тұста сол одақтың уығын шаншысқан белгілі он тайпа бар — үйсін, жалайыр, алшын, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, уақ. Солардың бәрі қазақ ұранын ортақ етіп ұстаған.
Мақсат Алпысбес / Qalam
Шежіре және араб ықпалы
«Шежіре» дәстүрі арабтың мәдениеті, әдебиеті мен Ислам дінінің ықпалымен тумаған. Қазақтың шежіре тарқатуы мыңдаған жыл бұрын қалыптасқан мәдени дәстүр. Сондықтан зерттеу барысында әуел бастан «шежіре» сөзі араб мәдениетінің әсерінен туған деген тұжырымға күмәнмен қарадым. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «шежіре» туралы анықтамасында «шаджарат» араб сөзі деп жазған. Негізінде «шежіре» деген «сежі» сөзінен келіп шығады. Бұл — түркі-моңғол халықтарына тән нәрсе. Оларда «санжра, шажара, седжре» деп түрліше аталады.
Дулат шежіресі / Tumalas.kz
Тіл маманы Әбілбек Нұрмағамбетов өзінің этимологиялық сөздігінде «шежіре» — «жады» сөзінен шыққан ұғым» дейді. Араб-парсы, моңғол және ежелгі түркі сөздіктерін салыстырғанда бұған нақты көз жеткіздім. Мысалы, Махмұд Қашқаридің «Диуани Лұғат ат-түрік» атты еңбегінің алғы сөзінде кітап жазу барысында ертегілер, риуаяттар, қиссалар және сежілер қолданғаны айтылады. Демек «сежі» деген түркінің төл сөзі, оны қазақ тілінде «жады» деп атаймыз.
Патшалық Ресей мен Кеңес Үкіметіндегі тыйым
Совет уақытында шежірені ғылыми тақырып ретінде зерттеуге тосқауыл қойылды. Тарихшы Болат Көмековтің айтуынша, сол кездері аспирантурада шежіре тақырыбын бекітіп, мамандар әзірлеуге коммунистік партия тарапынан рұқсат берілмеген. Татарстан мен Башқұртстанға жіберілген мамандар тез арада кері қайтарылып, тақырыптары қолдау таппаған.
Қазақтың болыс басқарушылары. 1909 жыл / Wikimedia commons
Бір қызығы, Патшалық Ресей 18-ғасырдан бастап қазақ халқының шежіресін жинауға, түркі халықтарының рулық құрылымын зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Бірақ қазақтың тарихи санасын, өткен-кеткенін тәптіштеп жазып берейін деген ниет болған жоқ. Олар түптеп келгенде отаршылдық саясатын тереңдетуді, халықтың тамырына балта шабуды көздеді. Патшалық Ресей қазақ қоғамында ішкі алауыздық тұтануына барын салып, барымташылықты ушықтыруға, соны шиеленістіруге көп күш жұмсаған. Тіпті кейбір ұсақ-түйек руаралық келіспеушіліктерге одан сайын от қойып, «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанды.
Шыңғыс хан және қазақ ру-тайпасы
Шыңғыс әулеті қазақтың ру-тайпалық құрылымында маңызды рөл атқарды. Ұлы билеуші әулетінің басты тарихи дерегі — «Моңғолдың құпия шежіресі». Борис Понкратовтың зерттеулерінде де көрсетілгендей, бірінші жолда «Шыңғыс-Қаған құзауыры» деп жазылып тұр. «Құзауыр» деген ата-тегі, оның шығу тегі дегенді білдіреді. Деректер шежіре дәстүрі ислам келгенге дейін басталғанын көрсетеді. Сол себепті қазақтар Шыңғыс ханның тұқымын шежіре бойынша «төре» деп атайды. Бұл өз кезегінде «төр», «ие» деген мағынада айтылады. Қазақ танымында «төр» деген бағзыдан құрметті орын саналған.
Бұл ретте Шоқан Уәлихановтың «Қазақ шежіресі» атты зерттеуіне зер салсақ, «шежіре — үлкендік жолын көрсететін бір құрал» деп айтады.
Қазақта «аға баласы деген ұғым бар» деп жазады. Ортағасырлардағы Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» жазбасында «аға» ұғымы маңызды әлеуметтік және саяси термин ретінде беріледі. Қандай ата ежелгі саналатынын сол ұғым көрсетіп тұрады. Мәселен, үйсін десек соның ішіндегі Сарыүйсін ежелгі ата болғанын айғақтайды.
Төре билігі қазақта ғана сақталған
Қазақтар төре билігін сақтап қалған халық. Бұл институт ноғай, өзбек, қырғыз, башқұрт, тіпті ешбір түркі халықтарында жоқ. Өзбектердің ішінде тек қожалар бар. Оларды Қожа Ахмет Ясауи немесе Нақшбани әулие ілімін жалғастырушы сопылар мектебінің өкілі ретінде таниды.
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» шығармасынан миниатюра. Бүкіл моңғол құрылтайында Темучиннің ұлы хан жарияланып, Шыңғыс хан атануы. 14-ғасыр / Wikimedia Commons / Wikimedia commons
Сондай-ақ, қазақ халқы ежелден жеті ата институтын сақтап келді. Керек десеңіз, дәстүрге сай жеті атадан қыз алыспау маңызды құқықтық нормаға айналды. Сондықтан осы бір дәстүрді сақтап келген қазақтар Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысының мәдени, саяси-әлеуметтік институттарының тікелей мирасқоры болғанын дәлелдей алады.
Таңба мен ұран
Шежіре тарқатуды, оның жүйесін бүге-шегесіне дейін білуді руға бөліну деп ойламаймын. Біз әрқашан қай ру-тайпаға кіретінімізді ашып айта білуіміз керек. Өйткені бұл дәстүр «этногенетикалық төлқұжат» іспетті асыл қазынамыз. Сондықтан әр ру бір-бірінен қатты ерекшеленіп тұрады дегеннен гөрі, ұлттық деңгейде ұйымдасу барысында біртұтас болуды ниет етті деген көңілге қонымды. Енді әр рудың айырмашылығын білдіретін «ұран», «таңба» дегенге тоқталсақ, бұл халықтың әдеттегі өмір салтымен астасып жатыр.
Таңба — малшаруашылығының бірден бір белгісі. Жылқыға ру таңбасы басылады, қойға ен салынады, әйтпесе даладағы мыңғырған малды ажырату қиын ғой. Бір қарағанда, жекеменшікті анықтауға қатысты тәсіл деуге келіңкірейді.
Сарыүйсін таңбасы / Ақзел Бейсембай / Qalam
Ұран — әскери мағынада қолданылады. Жау шауып, «аттан» дегенде сарбаздар атқа қонады. Сол кезде ұрысқа қай атаның балалары бір бүйірден қосылғанын, әр ру қалыспай атқа қонғанын көресің. Демек, әр рудың ұраны тұтастыққа, бірлікке үндейді.
Руаралық дау қалай шешілген?
Ел болғасын дау-дамай, кикілжің мен қақтығыс болып тұратыны заңдылық. Алайда екі ортадағы дауды бірден шоқпармен шешпеген, бәрін би-шешендер институты реттеп отыратын. Би-шешендер бас қосқан жиында әр тайпаның ру басы өз тайпасының мүддесін ортаға салып сөйлейтін, сөз жарыстыратын. Кімде-кім шешендік өнерін асырып, қарсыласын сөзге тоқтатса, сол жеңіске жететін. Кейбір жағдайда бейбіт келісімге келу қиындық тудыратын. Сонда өршіген дауды қыз беру арқылы тоқтататын. Қазақта «су түбін — шым бітейді, дау түбін — қыз бітейді» деген бар. Тығырыққа тірелгенде, қыз алысып-берісіп, дауға нүкте қойып, құдандасады. Қыз алған жақ жеңген жақ болып есептеледі де, қыз берген жақ жеңілген есепті болады. Қай кезеңде болмасын, қыз беру, қыз алу, дала дипломатиясының маңызды тәсілі еді.
«Қатаған қырғыны» қалай болған?
Тарихтағы ең үлкен дау — Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы оқиға. Ол кезде қатаған қазақтың бір бөлігі, үлкен рулы қауым еді. Оның басында тұрған Тұрсынхан еді. Сол Тұрсынхан өз ағайыны, «еңсегей бойлы Ер Есімге» опасыздық жасап, ақырында Есім хан оның басын алып, елін ыдыратып жібереді. Қазақ шежерісінде мынадай дерек бар:
Ақсақалдар отырғанда төрт жігіт кіріп келіпті. Содан олар: «Қайсыңыз бізді бала қылсаңыздар, соған бала болуға бармыз», – дейді. Ақсақалдың бірі «Сендер өзі кім боласыңдар?» деп сұраған екен. «Қатаған едік» деп жауап береді. Қариялар сонда: «Қазір қазаққа қатаған қатты жау, сондықтан өздеріңді қатаған деп атамаңдар. Шанышқылының бірі боласыңдар», – депті. Сол заманнан қазақ қауымында «қатаған» деп атауға тыйым салынған. Сөйтіп қатағандардың бір бөлігі Ош, Ташкент төңірегіндегі шанышқылылардың құрамына кіріп, соның ішіндегі рудың біріне айналған.
Бұл — қазақ ру-шежіресі жайында тарихшы Мақсат Алпысбеспен болған сұхбаттың бір үзігі. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан көре аласыз.