
Бейсембай Ақзел/Qalam редакциясы
Курстың бірінші бөлімінде тарихшы Сұлтан Әкімбеков Жошы ұлысының қалай ыдырағанын, одан кейін Шыңғыс хан ұрпақтарының билікке таласы нәтижесінде Қазақ хандығының қалай құрылғанын және кейін бұл үдеріс жаңа мемлекеттер мен бірегей құрылымның қалыптасуына қалай ықпал еткені туралы баяндайды.
Империяның ыдырауы және билік үшін күрес
Қазақ хандығы 15-ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Оның нақты құрылу мерзімі тарихшылар арасында әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Әдетте 1465-67 жылдар деседі. Дегенмен Қазақ хандығының қазіргі Қазақстан аумағында жеке мемлекет ретінде қалыптасуына себеп болған жағдайлар белгілі. Бұл — Шыңғыс хан әулетінен шыққан сұлтандар Керей мен Жәнібектің өз ұлысымен Әбілқайыр хан басқарған мемлекеттің құрамынан бөліну туралы шешім қабылдауы еді. Әбілқайыр хан басқарған мемлекет тарихта «Көшпелі өзбек мемлекеті» деп аталады.
Бұл мемлекет дала төсінде салыстырмалы түрде аз уақыт, яғни 1428 жылдан шамамен 1471 жылға дейінгі аралықта өмір сүрді. Бірақ бұл кезең Жошы ұлысының, орыс дереккөздерінде Алтын Орда деп аталған мемлекеттің ыдырауымен тұспа-тұс келді. Негізінен, Көшпелі өзбек мемлекеті осы күрделі үдеріс нәтижесінде Жошы ұлысының аумағында пайда болған мемлекеттердің бірі еді.
Осылайша, 1437 жылы дербес Қазан хандығыi Беспалов Р. А. Хан Улу-Мухаммед и государства Восточной Европы: от Белёва до Казани (1437–1445) // Золотоордынская цивилизация. Сборник статей. Вып. 5. — Казань, 2012. С. 53–70. құрылды. Шамамен 1442 жылдан бастап Қырым хандығыi
Гулевич В.П. От ордынского Улуса к ханству Гиреев: Крым в 1399–1502 гг. — Казань, 2018. С. 196. өмір сүрді. Ал 1459 жылдан кейін Астрахан хандығыi
Зайцев И. В. Астраханское ханство. 2-е изд, испр. — Москва, 2006. С. 31–35. пайда болды.

Алтын Орда және оның мұрагері болған хандықтар. 1444 жыл/Wikimedia commons
1440 жылдардан бастап әйгілі қолбасшы Едігеніңi Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. / Отв. ред. М. А. Усманов. 2-е изд., испр. и доп. — Казань, 2016. С. 87. ұрпақтары күш алды. Бастапқыда олар Солтүстік Кавказдан Сырдарияға дейінгі кең далада түрлі мемлекеттің саяси өміріне белсенді араласты. Атап айтқанда, 1428 жылы 16 жастағы Әбілқайырдың билікке келуіне Едіге әулеті тікелей ықпал еткен. Ақыры олардың табанды күресінің арқасында көп ұзамай Ноғай ұлысы немесе Ноғай Ордасы деген мемлекет құрылды.
Аталған мемлекеттердің құрылу үдерісі билікке тартыстың күшеюімен қатар жүрді. Алдымен Жошы ұлысының билігіне талас басталды, кейін оның жекелеген аймақтарын бақылауға алу мақсатында тартыс өрбіді. Мәселен, 1437 жылы Қазан хандығының құрылуы Жошы ұлысының ханы Ұлық-Мұхаммедтің қызметімен байланысты еді.

Тұтқынға түскен Василий Темныйдың Ұлық Мұхаммед ханның алдында құн өтеймін деп айқыш ұстап ант беруі. Лицевой жылнама жинағынан миниатюра. 1568-1576 жылдар/«Руниверс» кітапханасы
Ол мемлекет орталығындағы билікке күресте жеңіліп, өзіне жеке иелік табуға ұмтылды. Негізінде бұлар Жошы ұлысының билеуші әулеті — Шыңғыс әулетінің өкілдері болатын. Дегенмен ол қатарда Едіге ұрпақтары сияқты Шыңғыс хан әулетіне жатпайтын ақсүйектер де болды. Жаңа мемлекеттердің пайда болуы Жошы ұлысының ыдырауы кезінде өз алдына бөлек Шыңғыс хан әулетінің өкілдері мемлекет билігін толық өз қолына алу мүмкіндігінен шет қалса да, оның белгілі бір аумағын өзіне тиесілі етуді көздеді. Мәселен, Көшпелі өзбек мемлекетінің құрылуы 1428 жылы Жошы ұлысының Қазақ даласында орналасқан бөлігінде Шайбани әулетінен шыққан жаңа әулеттің билікке келуімен байланысты. Жошы ұлысының әскери-саяси құрылымында бұл аймақ сол қанат деп танылды.

Мұхаммед Шайбани болуы мүмкін адамның портреті. Шамамен 1510 жыл/Metropolitan Museum of Art
Жошы ұлысының сол қанатында жеке билеуші әулет болған. Оның шығу тегі Қазақстан тарихшылары арасында пікірталас көп. Бұл мәселе мамандандырылған ғылыми пікірталас ретінде көрінгенімен, Қазақ хандығының құрылу тарихын түсіну үшін өте маңызды саналады. Себебі Жошы ұлысының ыдырау үдерісі Шыңғыс хан әулеті арасындағы ішінара түрлі династиялық соғыс түрінде жүрді. Демек, Қазақ хандығының құрылу кезеңі де осы тарихи оқиғалармен тікелей байланысты болды. Әрине, Қазақ хандығы үшін де оның билеуші әулеттен шығу тегі маңызды еді, өйткені бұл мемлекеттің негізі дәл осы әулеттен бастау алды.

Qalam редакциясы
Әулеттер арасындағы соғыс және легитимділік
Жалпы алғанда, негізгі пікірталас қазақтың алғашқы хандары Шыңғыс әулетінің қай тармағынан шыққанына қатысты өрбиді. Бір гипотезаға сәйкес, олар Батудың және Жошыi Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингисхана. — Алматы, 2001. С. 140–144. Ускенбай К. Восточный Дашт-и Кыпчак в XIII – начале XV века. Проблемы этнополитической истории Улуса Джучи. — Казань, 2013. С. 178-184. ұлысының негізін қалаған Орда-Еженнің ұрпағы. Тағы бір нұсқада олар Батудың және Орданыңi
Абусеитова М. Казахстан и Центральная Азия в XV–XVII вв.: история, политика, дипломатия. — Алматы, 1998. С. 76–77. Сабитов Ж. Улусы Тукай-Тимура и Тукай-Тимуридов в 1227–1359 годах // Золотоордынская цивилизация. 2017. № 10. С. 256-260. Сабитов Ж. М. Ак-Ордынская и Золотоордынская парадигмы в медиевистике Казахстана // Сборник материалов 1 Конгресса "История Тюркской государственности" — Астана, 2024. С. 400–420. бір бауыры — Тоқа-Темірдің ұрпақтарынан тарайды.
Бұл мәселе неге өзекті? Егер қазақ хандары Орда-Ежен әулетінен шыққан болса, онда олар Жошы ұлысының сол қанатын басқарған билеуші әулеттің өкілі болады. Бұл жағдайда олардың билік ету құқығы ертеден мойындалып, ал олардың қарсыластары — Шайбани әулетінен шыққан Әбілқайыр хан немесе Тоқа-Темір әулетінің өкілі Тоқтамыс хан, — олардың далалық аймақтағы билігін даулаған тұлғалар болып саналады.

Тоқтамыс (сол жақта) пен Әмір Темір арасындағы 1391 жылғы шайқас/«Жеңіс кітабынан» миниатюра. 1485 жыл/Wikimedia Commons
Егер қазақ хандары Тоқа-Темірдің ұрпақтары болса, онда олар Орда әулетін сол қанаттағы билеушілер орнынан ығыстырған Шыңғыс әулетінің жаңа тармағы ретінде қарастырылады. Бұл оқиға Жошы ұлысының гүлденген кезеңінде шоқтай тұтанар еді, себебі 1360-1380 жылдардағы «Ұлы дүрбелең»ii Сорогин Е. Причины «Великой замятни» как общего кризиса высокоразвитого кочевого общества. // Северный регион: Наука, Образование, Культура. 2007, № 2. Стр. 91–100. кезеңіне дейін мемлекетте үлкен сілкіністер болмаған. Осы кезеңде сол қанатты Ұрұс хан басқарды. Ол Тоқтамыс ханмен және оны қолдаған Әмір Темірмен күресті. Ұрұс хан — Керей мен Жәнібектің арғы атасы. Ал Тоқа-Темірдің ұрпағы Тоқтамыс сыртқы күштердің көмегімен Ұрұс ханнан билікті тартып алуға ұмтылды. Оның бұл әрекетке бару себебі де айқын: Ұрұс хан Тоқтамыстың әкесі Түй-Қожа оғланды, яғни Маңғыстау әмірін жазалауға бұйрық берген еді. Мұнда ең үлкен тарихи шиеленіс — Жошы ұлысының батыс бөлігінде пайда болған Астрахан, Қырым және Қазан хандықтарын билеуші әулеттерінің Тоқтамыс ханның ұрпақтарынан тарағандығы еді. Тоқтамыстан бастап Жошы ұлысында Тоқа-Темір әулетінің ықпалы арта бастады. Бірақ Тоқтамыстың әкесі хан болмаған. Оның есіміне «оғлан» мәртебесі ғана қосылған, бұл оның Шыңғыс ұрпағы болғанымен, билеуші әулетке жатпағанын білдіреді.

Рашид әд-Диннің Жылнамалар жинағындағы сурет. Моңғолдардың өлім жазасын орындау сәті. 14-ғасырдың бірінші ширегі/Берлин мемлекеттік кітапханасы/Wikimedia Commons
Белгілі тарихи фактілерге сүйенсек, 14-ғасырдың соңынан 15-ғасырдың ортасына дейін Жошы ұлысының сол қанатындағы билік талас негізінен Ұрұс хан әулеті мен Тоқтамыс арасында жүрді. Тоқтамыс Тоқа-Темірден тарағаны анық, ал Ұрұс ханның шығу тегі әлі күнге дейін талас тудырып отыр. Кейбір зерттеушілер Ұрұс ханды Тоқа-Темір әулетіне жатқызады. Олар «Муизз әл-ансаб», «Нусрат-наме», Әбілғазының еңбектері, «Шыңғыс-наме» және «Бахр әл-Ансар» сияқты тарихи дереккөздерге сүйенеді. Бұл еңбектерде Ұрұс хан Тоқа-Темірден тараған Бадақ немесе Бадақұл оғланның ұрпағы деп көрсетілген. Алайда басқа дереккөздер — «Мунтахаб ат-таварих-и Муини» («Ескендір анонимінде»), «Нусах-джаханара», «Тарих-и Хайдары», «Жәми ад-дувал» еңбектері Ұрұс ханның әкесі Шымтай, атасы Ерзен, арғы атасы Сасы-Бұқа болғанын жазады.

Орыс ханның күміс тиыны. Сығанақ. Қызылорда облысы. 14-ғасыр/www.zeno.ru
Бұл жерде маңызды жайт — Шымтай, Ерзен және Сасы-Бұқа Шыңғыс әулетінің айтулы өкілдері. Олар Жошы ұлысының сол қанатында кезекпен хан болған. Сондықтан егер Ұрұс хан осы әулеттен шықса, онда оның билікті мұрагерлік жолмен иеленуі табиғи әрі заңды құбылыс. Керісінше, Бадақ немесе Бадақұл оғлан туралы тарихи деректерде жоғарыда аталған бірен-саран еңбектерден басқа ешқандай дерек кездеспейді. Егер Бадақ (Бадақұл) расында Тоқа-Темір әулетінен шығып, Орда-Ежен әулетін биліктен ығыстырған болса, бұл тарихи оқиға неге басқа маңызды дереккөздерде тіркелмеген деген сұрақ туындайды. Қала берді Ұрұс хан Тоқа-Темір әулетінен болса, онда Түй-Қожа оғлан неге хандық биліктен шетін қалған? Егер Тоқа-Темір әулеті расымен сол қанатта үстемдік еткен болса, онда Тоқтамыс Ұрұс ханмен не үшін күресті? Бұл сұрақтарға жауап беру әлі күнге дейін зерттеушілер үшін күрмеуі шешілмеген мәселе. Бұл жағдайда Ұрұс ханның шығу тегі туралы алғашқы деректердің 15-ғасырдың басында жазылғаны маңызды рөл атқарады. 1413-1414 жылдары Ширазда «Ескендір анонимі» құрастырылды, ал 1426 жылы «Муизз әл-ансаб» еңбегі жазылды. Біріншісінде Ұрұс хан Шымтайдың ұлы, яғни Орда-Ежен әулетінен шыққан деп көрсетіледі.

Шахрух болуы мүмкін адамның портреті. Британия музейі топтамасындағы моңғол қолжазбасы. MS Add. 7468 f.44/Wikipedia Commons
Ал екіншісінде оның әкесі Бадақтың (немесе Бадақұл) Тоқа-Темірден тарағаны айтылған. Бұл деректердің ерекшелігі — екеуі де Әмір Темірдің ұлы Шахрухтың билігі тұсында Әмір Темірге арнап жазылған. Темір мен оның мұрагерлері өз биліктерін заңдастыру үшін тарихтың әртүрлі нұсқаларын жазды. Өйткені Шыңғыс хан әулетінің билігі заңды деп танылған дәуірде, өздерінің билік ету құқығын дәлелдеу үшін олар да аталған дәстүрге сай шежірелер жасауы керек болатын.
Джастин Мароцци бұл туралы былай деп жазады:
«Темір өзінің шығу тегіне қатысты екі қарама-қайшы нұсқа жасай білді. Нефрит тақтасында шындықты егжей-тегжейлі, ал генеалогияны мифологиялық тұрғыда баяндайтын ұзақ мәтін қашалып жазылған. Ол өз әкесін Шыңғыс ханмен байланыстыратын бірнеше жалған ата-баба ойлап тапты. Бұл тізбек әрі қарай жалғаса береді де, соңында былай дейді: «Бұл даңқты адамның әкесі белгісіз, бірақ анасы — Алан-Құба болған. Ол — тура мінезді, қатал әрі пәк әйел еді. Аңыз бойынша, оған есік саңылауынан түскен жарықтан, әдемі ер адамның кейпіне енген сәуледен бала біткен. Бұл адам мұсылмандардың әмірі, Әбу Тәліптің ұлы Әлидің ұрпағы болған деседі». Бұл — насихаттың керемет үлгісі. Темір өзін Шыңғыс хан мен халифа Әлидің ұрпағы етіп көрсетіп, осылайша моңғол мен ислам мұрасын біріктіреді»i Мароцци Дж. Тамерлан. Завоеватель мира. — М.: Астрель, АСТ, 2011. С. 403. .
Кейіннен Гератта Темір әулетінің сарай тарихшыларының бірі Хондемир барластар тайпасының шығу тегіне қатысты жаңа нұсқа ұсынды. Ол Темір шыққан барлас тайпасы бір кездері Қажылай-баһадүр деген тұлғадан тарады деп мәлімдеді. Бұл адам алғаш моңғол ханы Хабул ханның (Шыңғыс ханның арғы атасы) кіші інісі болған-мыс. Тіпті олардың арасындағы келісімге сәйкес, үлкені хан болса, кішісі әскери қолбасшы болуы керек деген аңыз тарады. Осылайша, Хондамир Темір әулетінің билігін заңдастыру үшін оларды Шыңғыс ханi Почекаев Р.Ю. Легитимация власти, узурпаторство и самозванство в государствах Евразии. Тюрко-монгольский мир XIII–начала XX в. — М., 2024. С. 83. әулетімен тікелей байланыстыруға тырысты.

Сұлтан сарайы. Ғияс әд-дин Хондемирдің Өмір сипаты досынан (Хабиб әс-сийар) миниатюра. Исфаһан. 1625 жыл. Los Angeles County Museum of Art /Wikimedia Commons
Бұл тарихи манипуляция белгілі бір саяси мақсаттарға бағытталғаны түсінікті. Сол сияқты, Ұрұс ханның шығу тегіне қатысты кереғар нұсқалардың пайда болуы да белгілі бір кезеңдегі саяси жағдаймен байланысты болуы мүмкін.
Әртүрлі тарихи деректерде Ұрұс ханның шығу тегі туралы кереғар нұсқалардың болуы, әсіресе олардың бір Тимурид билеушісі Шахрухтың кезінде жазылуы, мұндай деректердің саяси манипуляция нәтижесінде өзгеріске ұшырағанын ой елегінен өткізуге түрткі болады. «Тоқа-Темір әулетінен тарайды» деген кейін пайда болған нұсқа да қасақана өзгертілген болуы мүмкін. Дәл осы еңбекте, яғни «Муизз әл-ансаб» шығармасында алғаш рет Бадақ (Бадақұл) тұлғасы Ұрұс ханның арғы атасы ретінде көрсетілген.
1420 жылдары Жошы ұлысының сол қанатында билік жолындағы күрес күшейіп, оған Шайбани әулеті мен Ұрұс хан ұрпақтары қатысты. Тимуридтер үшін бұл күрес ерекше мәнге ие болды, өйткені Ұрұс хан ұрпақтарының билікке қайта оралуы Шахрухтың әкесі Әмір Темірдің кезінде басталған соғысты еске түсіретін. 1370 жылдары Темірге Қазақ даласындағы көшпелі күштермен күресуге тура келді.
Осы тұрғыдан алғанда, 1428 жылы Жошы ұлысының сол қанатында Шайбан әулетінен шыққан Әбілқайыр ханның 16 жасында билікке келуі Тимуридтерге тиімді болды. Себебі оның билігі әлсіз болғандықтан, Темір ұрпақтарына қауіп төндірмеді. Бірақ өз билігін күшейту үшін оған легитимділік қажет болды. Егер Шахрухтың тарихи деректерді бұрмалау себебін іздесек, ол Ұрұс хан ұрпақтарының легитимділігін төмендету арқылы өз әулетінің мәртебесін көтеруді көздеген болуы ықтимал. Осылайша, 1426 жылы жазылған «Муизз әл-ансаб» шығармасында Ұрұс ханның шығу тегі өзгертіліп, оның билікке қатысты легитимділігін оны Тоқа-Темір әулетіне жатқызу арқылы әлсіреткен. Ал 1414 жылы жазылған «Ескендір анонимінде» мұндай саяси мақсат болмағандықтан, Ұрұс ханның Орда-Ежен әулетінен тарағаны көрсетілді.

Әбілқайыр ханның әйелі Рәбиға Сұлтан Бегімнің кесенесі. Түркістан, Қазақстан/Wikimedia Commons
Тарихи тұрғыдан қарасақ, Жошы ұлысының ыдырауы барысында Қазақ хандығы, Қырым, Қазан, Астрахан хандықтары, Өзбек хандығы және Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер пайда болды. Бұл үдеріс династиялық соғыстармен тығыз байланысты болғандықтан, билеуші әулеттің шығу тегі әрдайым басты мәселе болды.
Шамамен 1465 жылы (нақты датасы белгісіз) Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек Шайбани әулетінен шыққан Әбілқайыр ханға қарсы шықты. Оларды Көшпелі өзбек мемлекетінің кейбір тайпалары қолдады, бірақ негізгі бөлігі әлі де Әбілқайырға адал болып қалды. Осыған орай Керей мен Жәнібек өз жақтастарымен бірге Моғолстан жеріне (Жетісу-Алатау таулары мен Балқаш көлі арасындағы аймақ) көшіп кетуге мәжбүр болды. Бұл аймақ ол кезде Моғолстан мемлекетінің құрамында болған.
Жаңа этникалық кімдіктің қалыптасуы: қазақ, өзбек және ноғай
Мұнда өзбек, моғол, қазақ, шағатай, ноғай, Қырым татарлары және басқа да жалпылама атаулардың пайда болу заңдылығы туралы бірнеше сөз айту қажет. Бұл атаудың бәрі Шыңғыс хан империясы құрған мемлекеттік дәстүрдің дағдарысқа ұшырау кезеңінде қалыптасты. Бұған дейін түрлі моңғол мемлекеттерінің негізгі құрылымдық бірлігі Шыңғыс әулетінің белгілі бір өкілі басқарған ұлыс еді. Ұлыс өз кезегінде «мыңдық» әскерден тұрды, ал олар моңғол, түркі және шыққан тегі әртүрлі басқа да тайпалардан құралған.
Бұл Моңғол империясының ерекше ұйымдастыру тәсілі болатын. Шыңғыс хан «мыңдықтарды» әскери қажеттіліктерге қарай еркін түрде жасақтаған, бірақ олардың басына әрдайым өзіне адал қолбасшыларды қойған. Бұл қолбасшылардың көпшілігі Моңғолияның ұсақ тайпаларынан шыққан, олар билік үшін болған бастапқы күресте оны қолдаған едіi Акимбеков С.М. История степей. Феномен государства Чингисхана в истории Евразии. — Алматы, 2021. С. 182–184. .

Шыңғыс хан және Уан хан. Тарих-и Рашиди жылнамалары жинағы. Иран, 1430/Bibliothèque nationale de France. Département des Manuscrits. Division orientale/Wikimedia Commons
Түркі тайпалары Қазақстан даласында, Солтүстік Кавказда, Қара теңіз маңында, Қытаймен шекаралас аймақтарда және Орталық Азияда басымдыққа ие болды. Олар сондай-ақ Мысырдан Үндістанға дейінгі мұсылман билеушілері жасағының маңызды бөлігін құрады. Сондықтан Моңғол империясында, әсіресе Жошы, Шағатай және Хулагу ұлыстарында түркілер «мыңдықтардың» көп бөлігін құрады.
Нәтижесінде бұл жерде бірнеше буыннан кейін әскер мен билеуші әулеттер әртүрлі түркі тілдерінде сөйледі. Хулагу ұлысы (Иран) оғыз тіліне, Жошы ұлысы қыпшақ тіліне, Шағатай ұлысында қарлұқ тіліне ойысты. Сонымен қатар аталған ұлыстың бәрі әкімшілік іс жүргізуде Орта Азиялық түркі тілін қолданды, ол негізінен қарлұқ тілінің сөйлеу үлгісіне жақын болды.
Бірақ бұл мемлекеттердің саяси жүйесі 14-ғасырдың ортасына дейін әлі де Шыңғыс хан немесе моңғол дәстүріне негізделген едіi Там же. С. 189. . Бұл кезде тайпалар дербес саяси субъект ретінде төбе көрсеткен жоқ.

Әлішер Науаидің өлеңдері шағатай тілінде. Герат, Ауғанстан, 15-ғасырдың соңы. Цинциннати өнер музейінің (АҚШ) топтамасынан/Wikimedia Commons
Алайда Шыңғыс ханның саяси дәстүрі дағдарысқа ұшыраған сайын, оның құрамындағы тайпалар күшейе бастады. Олар бастапқыда мемлекеттік жүйенің әскери құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрсе, уақыт өте келе дербес саяси күшке айналды.
Мысалы, Темір барлас тайпасынан шыққан. Ол басқа да түркі тайпаларымен бірігіп, Шағатайлар деп аталған саяси бірлестікті құрды. Бұл Шағатай ұлысының дәстүрін сақтауға деген ұмтылысты білдірді. Сол тұста бұрынғы Шағатай ұлысының шығыс бөлігінде басқа да түркіленген тайпалар моғолдар деп аталатын этносаяси бірлестікке айналды. Олар құрған мемлекет Моғолстанi Robinson D. Eurasia after the Fall // In the Shadow of the Mongol Empire. Ming China and Eurasia. Published online by Cambridge University Press 17 October 2019. https://doi.org/10.1017/9781108687645.003 деп аталды. Бұл атау «моңғол» сөзінен шыққанымен, өзгертілген нұсқасы бұл халықтың енді түркіленгенін білдірді.
Дәл осындай үдеріс Жошы ұлысын да айналып өтпеді. Шыңғыс хан орнатқан мемлекеттік жүйенің дағдарысы әскери жүйеден шыққан көшпелі тайпалардың ықпалының артуына мүмкіндік берді. Осылайша, Көшпелі өзбек мемлекеті деген жаңа атау пайда болды, бұл Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі көшпелілердің жаңа саяси құрылымын сипаттады.
Алайда бұл атау берік этникалық кімдік ретінде қалыптасқан жоқ. Әбілқайыр хан билік құрған кездегі «көшпелі өзбектер» атауы кейіннен әртүрлі этносаяси топтарға бөлінді. Олардың ішінде өзбек, қазақ және ноғай бөлініп шықты.
1460 жылдардағы Көшпелі өзбек мемлекетіндегі дағдарыс Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек бастаған тайпалар тобының бөлінуіне алып келді. Олар үшін Шайбани Әбілқайыр жеткілікті дәрежеде легитимді билеуші болып саналмады, яғни бұл саяси шешім еді.
Керей мен Жәнібекке адал мойынсұнған тайпалар Моғолстанға көшіп кеткендіктен, оларға «қазақ» атауы тарады. Бұл олардың Көшпелі өзбектер мемлекетінен бөлінуімен және осыған байланысты айырмашылықтарды атап көрсетумен тікелей байланысты болды.
«Қазақ» сөзінің түп төркіні
15-ғасырдың бірінші жартысынан бастап «қазақ» сөзі Шыңғыс хан әулетінің билігі жайлаған бүкіл аумақта белсенді қолданылды. Ол Керей мен Жәнібекті көшіп кетуінен бұрын да, кейін де қолданыста болды. «Қазақ» немесе «қазақтану» (казакование) деген ұғым, жалпы мағынасында, адамның немесе адамдар тобының әлеуметтік мәртебесінің өзгеруін, көбінесе уақытша сипаттағы өзгерісті білдірді. Бұл құбылыс моңғол мемлекеттерінің әртүрлі кезеңдерінде кездесетін.
Мұхаммед Хайдар Дулати Тимурид Әбу-Саид (1424-1469) «жеңіліске ұшырап, Мәуереннахр мен Түркістан шекараларында ұзақ уақыт қазақтанғанын» жаздыi Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. — М., 1965. С. 129. .
Моғолстанда Уәйіс хан (1428 жылы қаза тапты), «өзінің ағасы Шир Мұхаммед ханнан бөлініп, қазақтанғанын» баяндайдыi Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. — Алматы, 1999. С. 94. .
Тимурид тарихшысы Абд ар-Раззақ Самарқанди 1440-1441 жылдары «кейбір өзбек сарбаздары қазаққа айналып, Мазандеранға қарай кеткенін» жазадыiiТизенгаузен В. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. I. — СПб., 1884. С. 199. .
Темурид Бабыр 15-ғасырдың соңында «Хұдайберді Тұқшы Танбала қазақтарына екі-үш рет шабуыл жасағанын», сондай-ақ «Ош маңында қазақ сарбаздары жау жылқыларын айдап кетіп, оларға үлкен шығын келтіргенін» баяндайдыiБабур-наме. Записки Бабура. — Ташкент, 1993. С. 92. .
Бұл жерде маңыздысы — Орталық Азияның әскери элитасы және Шағатайлар (Әбу-Саид, Бабыр, Танбала) мен Моғолдар (Уәйіс хан) соғыс немесе саяси мәртебесінің өзгеруі кезінде уақытша «қазақ» мәртебесіне өтетін.

Бабыр сарбаздары. Бабырнамадан миниатюра. 16-ғасыр/Wikimedia Commons
1481 жылғы оқиғалар да бұл үрдістің айқын көрінісіне айналды. Шайбани Ибақ (Түменнен), Едіге ұрпақтары Мұса мен Ямгурчи «өздерімен бірге он бес мың қазақпен»iТрепавлов В.В. История Ногайской Орды. — М., 2001. С. 491. Ұлы Орда ханы, Тоқа-Темір ұрпағы Ахметтің лагеріне шабуыл жасап, оны өлтіреді.
Олардың ішінде Мұса мен Ямгурчидің жақтастары кейінірек «ноғайлар» деп аталды, ал Түмен даласындағы көшпенділер «Сібір татарлары» ретінде танылды, яғни «қазақ» анықтамасы Шыңғыс хан әулеті мемлекеттерінің сарбаздары мен элитасы не соғыс жағдайында, не әскери жеңіліс немесе белгілі бір маңызды оқиғаларға арнайы дайындық себебінен уақытша мәртебесін өзгерткенде қолданылған. Қалай болғанда да, бұл бастапқыда әскери салаға байланысты болды және Шыңғыс хандық саяси дәстүр таралған бүкіл аумақта кеңінен тарады.
Сонымен қатар «қазақ» анықтамасы Керек мен Жәнібек алғашқы Қазақ хандығын құрған кезде де қолданылды. Уақыт өте келе бұл атау оның халқына қатысты орнықты.
Алайда мұнда бір маңызды жайтты атап өту керек: 1470 жылы бұл хандар Шайбани әулетінен шыққан Әбілқайыр билеген мемлекеттің орнына келген кезде, оның құрамында кейіннен Орталық Азиядағы Өзбек хандығы мен Батыс Қазақстан, Еділ бойы және Солтүстік Кавказ далаларындағы Ноғай Ордасының негізін құраған тайпалар да бар еді. 15-ғасырдың соңында Едіге ұрпақтары Еділ бойында дербес Ноғай Ордасын құрды.
Осы уақытта, 16-ғасырдың басында, Шайбани әулетінен шыққан Мұхаммед Шайбани Орталық Азияны жаулап алып, Темір әулетін аймақтан қуып шықты. Мұхаммед Шайбанимен бірге Қазақстан даласындағы көшпелі тайпалардың едәуір бөлігі Орталық Азияға көшті. Өзбек атауымен олар Шағатайлар орнын басып, Шайбанилар құрған жаңа Өзбек хандығының әскери бірлестігіне айналды.

I Исмаил шах пен Әбілқайыр хан арасындағы шайқас. Шах Исмаилдың таңғажайып хикаясынан миниатюра. Суреті Муин Мусаввир. 1688 жыл/Wikimedia Commons
Қазақ хандығы қазіргі Қазақстан аумағында қалған тайпаларды біріктірді. 15-ғасырдың соңында Керейдің ұлы Бұрындық ханның басқаруымен Қазақ хандығы Сырдария бойындағы қалалар үшін Мұхаммед Шайбанимен соғысты. Бірақ бастапқыда Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд қазақтарға қарсы шықты. Кейіннен моғолдар қазақтармен бірігіп, Мұхаммед Шайбанимен шайқасты. Бұл соғыстардың нәтижесінде Сырдария бойындағы қалалар Мұхаммед Шайбани билігіне өтті, ол кейіннен Өзбек хандығының негізін қалады. 1511 жылы Қазақ хандығында саяси дағдарыс болып, Бұрындық хан билігінен айырылды. Оның орнына Жәнібек ханның ұлы Қасым хан таққа отырды. 1520 жылы Қасым хан Еділ бойына жорық жасап, сол жерде тұратын ноғайлардың бір бөлігін өз билігіне қаратты. Осы уақытта Жошы ұлысының бұрынғы сол қанатындағы тайпалар қазақтар, ноғайлар және өзбектер болып түбегейлі бөлінді. 1509 жылы Мұхаммед Шайбани Қазақ даласына жорық жасаған кезде, Шайбани әулетінен шыққан Ғұбайдолла сұлтан парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбехан Исфаханиге қазақтар мен өзбектердің айырмашылығын былай түсіндірді: «Қазақ әскерлері, әрине, құдай заңдарына сәйкес келмейтін әрекеттер жасайды, бірақ олар бізбен сырт келбеті, шығу тегі және қаны жағынан туыстас». Оған Ғұбайдолла сұлтан былай деп жауап береді: «Біздің арамыздағы соғыстар мен жанжалдар бізді осындай деңгейге жеткізді, біз өзара сүйіспеншіліктің шаңын жүрегімізден сілкіп тастадық»i Фазлаллах ибн Рузбехан Исфахани. Мехман-наме-и Бухара. (Записки бухарского гостя) М., 1976. С.68-69..

Қару асынған түркі жауынгері. 1557-1564 жылдар/Wikimedia Commons
Алайда бұл түсіндірме Рузбеханның көңіліне қонбады. Кейінгі мәтінде ол былай деп жазады:
«Қазақтардан шыққан өзбектер өзбек-шайбан әскерлерімен шайқас жүргізді»iТам же™. С. 123. .
Жалпы алғанда, 16-ғасырдың басында Жошы ұлысының көшпелі тайпалары жаңа этникалық кімдігін түпкілікті қалыптастырды, бұл үдеріс жаңа мемлекеттердің құрылуымен қатар жүрді. Нәтижесінде Қазақ, Өзбек және Ноғай халықтары Қазақ және Өзбек хандықтарының, сондай-ақ Ноғай Ордасының аясында дербес этнос ретінде қалыптасты. Кейіннен Өзбек хандығы бұл атаумен өмір сүруін тоқтатты, ал Ноғай Ордасы саяси дербестігін жоғалтты. Қазақ хандығы болса, 19-ғасырдың басына дейін салтанат құрды, бірақ айтарлықтай қажыған еді. Мұның бәрі Жошы ұлысы дағдарысқа ұшыраған тұста пайда болған саяси процестерден бастау алды.

Себастьян Мюнстердың 1600 жылы жарық көрген картасындағы Қазақ Ордасы (Kosaki Orda)/Wikimedia Commons