
Юзеф Рышкевич. Түрік әскерінің авангардындағы «татарлар». 1909. Варшава ұлттық мұражайы/Wikimedia Commons
Курстың екінші бөлімінде тарихшы Сұлтан Әкімбеков Еуразия төсінде Жошы Ұлысының мұрагерлері құрған мемлекеттер өзара қалай қырқысып, соның негізінде Қазақ хандығының құрылуы және ұлғайуы жөнінде баяндайды.
Сырдария мен Жетісуға талас
15-ғасырдың соңы мен 16-ғасырдың басындағы қилы кезеңге толы оқиғалар барысында Еуразия мен Орталық Азия даласын кең жайлаған Моңғол империясының мұрагерлері — Жошы Ұлысы мен Темір әулеті құрған мемлекеттер ыдырап тынды. Орнында жаңа мемлекеттер бой көтерді. Олар 13-ғасырда Моңғол империясы құлаған кезде ел басқарған Шыңғыс ұрпақтарының есімімен емес, жергілікті халықтардың атымен аталды. Осылайша шығу тегінің ортақ болғанына қарамастан, 16-ғасырдың басында жаңа мемлекеттерді (Қазақ және Өзбек хандығы, сондай-ақ Ноғай Ордасы) жайлаған халықтардың өзіндік бірегейлігі қалыптасты. Бұл үдеріс 16-ғасырда жаңа мемлекеттер арасындағы бәсекеге толы күрес барысында тіпті үдей түсті.
Айталық, Қазақ хандығы іргесін қалаған кезден бастап Өзбек хандығымен қияң-кескі ұрыс жүргізді. Бұл майдан негізінен Сырдария бойындағы қалалар үшін жүрді. Ілгеріде үлкен сауда орталығы болған бұл қалалар Жошы ұлысының сол қанаты үшін аса маңызды саналатын. Атап айтқанда, Сығанақ қаласы Жошы ұлысының сол қанаты хандарының ордасы болған. Алайда 16-ғасырдың басында Қазақ хандығы Сырдария бойындағы қалалардың басым бөлігінен (Сайрамнан басқасы) айырылып қалды.

Сығанақ қаласының орны/UNESCO IICAS
Бұл, бір жағынан, қала мен егін салатын халықтан түсетін салықтың азайғанын аңғартса, екінші жағынан, көшпелілер үшін ауыл шаруашылығы мен қолөнер бұйымдарын алу мақсатында отырықшы халықтармен шекараларда сауда нүктелеріне жақын болу аса маңызды еді. Өз кезегінде, отырықшы халықтар көшпелі мемлекеттерге қарсы қолданатын саяси айла-шарғы ретінде, оларды өз базарларына кіргізіп отырған. Дегенмен Шайбанилермен соғыс жүріп жатқандықтан, олардың базарларына қазақтардың кіруі қиындық туғызды.
16-ғасыр басындағы қыз-қыз қайнаған саяси оқиғалардың ортасында Моғолстан да бар еді. Моғолдар Темір мұрасы жолындағы таласқа белсене араласты. Ақыр соңында олардың басым бөлігі Орталық Азияны тастап қашып, Бабырмен бірге алдымен Ауғанстанға, сосын Үндістанға кетуге мәжбүр болды. Сонымен қатар моғолдар қазақтардың бақылауына өткен Жетісу өлкесінен толықтай қол үзді.

Сұңқармен аңға шыққан моғол жауынгерлері/Wikimedia Commons
1514 жылы Өзбек хандығы құрылған соң, Шағатай тұқымы Саид хан Орталық Азияның оңтүстігінен Моғолстанның Шығыс Түркістан деп аталатын аймағына бет түзеді. Бүгінде бұл аймақ ҚХР-дің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесі ретінде белгілі. Мұнда Саид хан дулат руынан шыққан жергілікті моғол билеушісін жеңген. Осы бір оқиғадан кейін Моғол хандығының жаңа тарихы басталадыiАкимушкин О. Средневековый Иран. Культура, история, филология. — СПб., 2004. С. 258. .
1510 жылы Шайбанилер Мерв түбіндегі ирандық қызылбастарға қарсы ұрыста жан тапсырған Мұхаммед Шайбанидің қазасынан кейінгі дағдарыстан оңай есін жиды. Олар Бабыр мен қызылбастардың тізе қосқан жорығына төтеп берді. Сондықтан оңтүстіктен келетін қатерден құтылған Шайбанилер бар назарын Қазақ хандығына шоғырландырды.

Мерв түбіндегі шайқас. Чехел-сотун сарайындағы фреска. Исфаһан, Иран. 17-ғасыр/Wikimedia Commons
Шайбанилер Орталық Азия өңірінде үлкен күшке айналған соң және оларға қарсы күрестегі сәтсіз талпыныстарынан кейін Қазақ хандығы қиын жағдайда қалды. Шайбанилерге қарсы соғысып опа таппасын білген қазақ хандары әскери-саяси әрекеттерін түгелдей дерлік солтүстік-батысқа қарай бағыттауға мәжбүр болды.
Ұлы бетбұрыс алдында
Сонымен, 1515 жылы қазақ ханы Қасым Ноғай ордасына жорық бастап, 1519 жылы оларды Еділ өзеніне қарай ығыстырды. Ноғайлардың бір бөлігі қазақтардың құрамына келіп қосылды. Қасым хан өз отауын Жайық (Орал) өзенінің жағасындағы Сарайшық қаласына тікті. Бұл қала ертеректе оның атасы Барақ ханның ордасы болған. Осылайша, Қазақ хандығының саяси орталығы Сырдарияның жағасынан Жайыққа ойысты. Дәл осы шақтағы Еділдің төменгі сағасы үшін болған күресті Шыңғыс ұрпағының (оның ішінде Қасым хан да бар) Жошы ұлысының бұрынғы маңызды экономикалық және саяси орталығы үшін жүрген талас ретінде қарастыруға болады.

Жайық жағасындағы көне қала Сарайшықтың әуеден түсіріліген фотосы. Атырау, Қазақстан/Alamy
Дегенмен Еділдің төменгі сағасымен 13–14 ғасырдағыдай сауда жолдары өтпегенімен, дәл осы аймақ арқылы Еділдің жоғарғы сағасындағы егін егетін және сауда аудандары саналатын Қазан хандығына, сондай-ақ Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауына (Осман империясымен байланыс орнатуға үшін де) шығуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар Еділ өзенімен Мәскеу мемлекеті арқылы Солтүстік Еуропа Иранмен сауда-саттық орнатқан. Сондықтан 16-ғасырдың бас кезінде Еділдің төменгі сағасы стратегиялық тұрғыдан маңызды өлке саналғаны анық.
Сол себепті Қасым ханның бұл аймаққа неліктен қызығушылық танытқаны түсінікті. Оның үстіне, Қасым хан өзі билік құрған уақытта Еділден Жетісуға дейінгі аймақты бақылауында ұстаған Қазақ хандығының әскери әлеуетіне иек арта алар еді. Осы арқылы оған аймақтық саясатта елеулі ойыншыға айналатын сәт туған. Алайда 1520–1521 жылдың қысында Қасым хан дүние салдыiИсин А.И. Казахское ханство и Ногайская Орда во второй половине XV–XVI в. — Алматы, 2004. С. 62. . Осыдан кейін Қазақ хандығында таққа талас басталып, соның салдарынан Қасымның баласы Маман хан қайтыс болды. Ақырында Қазақ хандығының тағына Жәдік сұлтанның баласы Тахир келді. Әлбетте, аталған жағдай Қазақ хандығындағы орталық билікке әсер еткені анық. Ішкі саяси кикілжіңдерге байланысты әлсірей бастаған хандықтың әскери әлеуеті де кеміген. Өйткені әлсіреген хандық билік ел ішіндегі рулардың әскери күштерін ұйыстырып, қатарға тарта алмаған.

16-ғасырдың басындағы (1518 ж.) Қасым басқарған Қазақ хандығы/Wikimedia Commons
1521 жылы Қырым хандығы мен ноғайлар арасында текетірес басталды. Қырым әскерінің Мәскеуге жасаған әскери жорығы кезінде, ноғайлар Астрахан хандығымен бірлесіп тыл жағынан соққы берген. 1522 жылы қырым әскері Астраханға жауап ретінде қарымта жорыққа шықты. Дегенмен 1523 жылы ноғайлар мен астрахандықтар Қырымға басып кіріп, Ноғай ордасы айтарлықтай күшейіп кетті. Бұл оқиға, әлбетте, Еділ бойындағы (Поволжье) Қазақ хандығының жағдайына жағымсыз әсер етті. 1523–1525 жылдары ноғайлар қазақтарды ұрыс майданында жеңіп, шығысқа қарай ығыстырып шығарды.

Карло Боссоли. Хан сарайы (Бақшасарай). 1857/Wikimedia Commons
Дәл осы уақытта Қазақ хандығының орталығы шығысқа, Жетісу өлкесіне қарай ойысты. Ал Тахир хан мен оның маңайына топтасқан жұрт Сарайшықты тастап шығып, Орталық Азияның оңтүстігіне қарай бет алды. Алайда қазақ руларының бір бөлігі Батыс Қазақстан өлкесінде қалып, тіпті, Ноғай Ордасының билігін мойындаған. Бұл жағдай Қазақ хандығының батыс бағыттағы басқыншылық саясатынан айнығанын аңғартады. Бірақ оңтүстікке қарай ойысудың да шектеулері жоқ емес еді. Өйткені бұл аймақта Шайбан хандығы үстемдік құрып тұрған.
Тахир хан 1514–1525 жылдары аралығында Моғолстанның ежелгі айбынын қайта қалпына келтіруге тырысып, 15-ғасырдың соңында аталған аймақты бақылауында ұстаған қазақтарды қуып шықпақ болған моғолдарды Жетісу өлкесінен ығыстырды. Соған қарамастан Тахир ханға Шайбанилермен араздықты алға тарту арқылы моғол ханы Саидпен ортақ тіл табудың орайы келді. Алайда қазақтардың ішінде Тахир ханның беделі болмағанға ұқсайды. Дәл осы уақыттарды сипаттаған тарихшы Дулати: «Бәрі аяқ асты Тахир ханнан теріс айналды» деп жазғанiМухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. — Алматы, 1999. С. 440..
Кикілжіңдер, дағдарыс пен орталықсыздандыру
Соған қарағанда орталық биліктің Жетісу өлкесіне ауысуы басты мәселені (егін егетін және сауда жолдары өтетін аймақтарға бақылау орнату) шешпеген секілді. Сондықтан хандықтың кірісі өспей, бұл жағдай өз кезегінде орталық биліктің күш алуына септігін тигізбеді. Дәл осы аралықта Қазақ хандығында ішкі саяси бәсекелестік артып, биліктің орталықсыздану үдерісі басталды. 1530-жылдардың басында мұнда бірнеше хан пайда болды. Тахир ханды бауыры Тоғым алмастырады. Онымен қатар Бұйдаш пен Хақназар да хан атандыi Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. — М., 2001. С. 202. . Хақназар хан Қазақ хандығының батыс бөлігінде билік құрды. Әлбетте, биліктің орталықсыздануы мемлекеттің мүмкіндігін шектегені анық.
Осы бір оқиғалардың аясында, 1533 жылы Моғолстанда Саид ханның орнына баласы Абд-ар Рәшид таққа отырып, мемлекеттің сыртқы саяси бағдарын өзгертті. Ол Шайбанилермен бірлесіп қазақтарға қарсы одақ құрды. Осылайша Өзбек хандығы мен Моғолстанның біріккен әскері қазақтарды тығырыққа тіреді. Жиырма жыл бойы, 1550 жылдарға дейін Жетісу мен оған іргелес аумақтарда кескілескен күрес жүрді. Қазақтар моғолдар мен өзбектерге қарсы шайқаста дүркін-дүркін жеңілгеніне қармастан, ақыр соңында өз аймағын сақтап қала алды.

Тұрфаннан (Моғолстан) барған елшілер Бейжіңде. 1656 жыл/Wikimedia Commons
1550-жылдары геосаяси жағдай Еділ бойында (Поволжье) да өзгерді. 1552 жылы Мәскеу княздігінің әскері Қазанды, ал 1556 жылы Астраханды жаулап алды. Бұдан кейін дала саясаты айтарлықтай өзгерді. Үлкен өзгерістің бірі — Еділ өзені бойындағы орыс қамалдарының тізбегі іс жүзінде Еуразия даласын шығыс және батыс бөлікке бөліп, бір-бірінен оқшаулап тастады. Бірінші кезекте бұл Еділдің төменгі ағысының екі жағалауында да қоныс тепкен Ноғай Ордасына қатты әсер етті. Дәл осы хандықта ішінара Мәскеу княздігіне тәуелділіктің аясында орталықсыздану үрдісі қатар жүрді. Ноғай Ордасының Мәскеуге немесе Қырымға бағдарланған сыртқы саясаты ішкі алауыздықты тудырып, хандықтың ыдырауына әкелді. Оның үстіне ноғайлардың бір бөлігі шығыстағы қазақтарға қосылып кеткен еді.

Алексей Данилович Кивше́нко. 1552 жылы Қазанды алу. 2011/Wikimedia Commons
Ноғай Ордасының әлсіреуі Қазақ хандығының күшеюіне қажет алғышарттарды қалыптастырды. 1568 жылы Хақназар қазақтың өзге сұлтандарымен (Шығай мен Жалым) бірге Астрахан мен ноғайларға жорық жасады. Ал 1577 жылы ноғай мен қазақ арасында Жайықта үлкен майдан өтті. Жалпы алғанда Ноғай Ордасы әлсіреген соң Хақназар күшейіп, Қазақ хандығының толыққанды ханы атануға жақын қалды. 1580 жылы ол Орталық Азияның оңтүстігіне қарай ойысып, Шайбани Баба сұлтанмен кикілжіңге келіп қалды. Баба сұлтан өз кезегінде Өзбекстанның солтүстік шекарасында, Сырдария маңындағы қалалар орналасқан аймақта дербес саясатын жүргізуге тырысқан билеуші болған. Ойлағанын жүзеге асыру үшін ол қазақ билеушілерінің көмегіне жүгінген. 1580 жыл дәл осы майдан кезінде Хақназар қайтыс болды.
Иісі қазақтың ханы атануға бірден бір үміткер болған Хақназардың шеткерідегі Шайбан тұқымы Баба сұлтанға қарсы ұрыста қаза табуы биліктің орталықсыздануының салдарынан болған жағдай еді. Жайшылықта Қазақ хандығының біріккен қолы, Өзбек хандығының билеушісі Абдолламен (Абдуллахон) араз болған шайбан сұлтанының шағын қосынын талқандауға шамасы жететін еді. Бірақ Хақназардың қол астында қазақ руларының бір бөлігі ғана ұйысқанын ескерсек, бұл әскер Баба сұлтанның қосынын талқандауға жеткіліксіз еді.
Хақназар қайтыс болған соң Қазақ хандығында ішкі саяси қақтығыстың болғанын, 1581 жылы Шығай ханның мәжбүрлі түрде оңтүстіктегі Абдолла ханға қарай қоныс аударуы айғақтайды. Хақназардың қазасынан кейін дәл осы Шығай дүйім қазақтың ханы ретінде мойындалған. Егер таққа үміткердің өзі Қазақ хандығын тастап кетуге мәжбүр болса, онда бұл жағдай Шығайдың ел ішінде өзін хан ретінде мойындату ісінде үлкен мәселе барын аңғартады. Қазақ хандығының ішінде кикілжің орнай қалса, жеңілген тарап дәстүрге сай Орталық Азияның оңтүстік аймақтарына қарай ығысады. Бұған Бұрындық ханды мысал етуге болады.

Мәуереннаһрлық Шайбанилер қызметіндегі қазақ сұлтаны және ту көтерген қазақ жауынгері. 16-ғасырдың екінші жартысы. Л.А. Боброваның реконструкциясы/Wikimedia Commons
Бірақ бірнеше жылдан кейін саяси ахуал өзгергенге ұқсайды. Өйткені 1583 жылы Шығайдың баласы Тәуекел Абдолланың сарайын тастап шығып, Қазақ хандығына қарай бағыт алған. Мұнда ол өзге Шыңғыс ұрпақтарымен таққа талас жүргізіп, ақыры 1598 жылы иісі қазақтың ханы ретінде Өзбек хандығына қарсы майдан ашты. Осы бір соғыс барысында Абдолла хан көз жұмып, ал оның мұрагері Абд әл-Мұмин болса, өзбек әмірлерінің қастандығынан қаза табады.
Өзбек хандығында басталған саяси бейберекетсіздіктен кейін орталық билік ыдырап, Тәуекел хан елеулі жетістіктерге жетті. Қазақ қолы Орталық Азияның оңтүстігінің негізгі бөлігін (оның ішінде Самарқан да бар) басып алды. Алайда Бұқараға жасалған шабуыл сәтсіз өрбіп, жақсы ұйымдасқан өзбек рулары Тәуекелдің әскерін тойтарып тастады. Ал қазақ ханы ұрыс кезінде қаза тапты.
Өзбек рулары жеңіліс тапқан жағдайда, Мұхаммед Шайбани басқаруымен 1580 жылы Темір әулетін талқандағанда орнаған жағдайға ұқсас оқиға қайталанатын еді. Сол бір оқиғадан кейін Темір мемлекетінде әскери таптың қызметін атқарып жүрген шағатай рулары жаппай қоныс аударған. Егер қазақ әскері Өзбек хандығының жерін жаулап алғанда, онда қазақ рулары өзбек қалаларының маңайындағы көшпелі рулар жайлаған далалы алқапты, ондағы әскери таптыi Акимбеков С.М. История степей. — Алматы, 4-е издание, 2021. С. 552. өз қатарына қарататын еді.

Аштарханидтер әулетінен шыққан Бұқара ханы. Патша анықтамалығынан. 1672/Wikimedia Commons
Өзбек рулары Жошы ұрпағы Жан Мұхаммедті (Joni Muhammad) хан көтерді. Одан соң билікке баласы Бақи Мұхаммед (Boqi Muhammad) келді. Олар «Жанидтер» немесе «Аштарханидтер» деп аталып кеткен Жошы ұрпақтарының бір бұтағы саналады. «Аштарханидтер» деген ат, Жанидтер әулетін Мәскеу княздігі келіп басып алғанша ұлыстың сарайы болған Астрахан атауымен байланысты болды. Өзбек руларының бұл таңдауынан кейін, басында Шыңғыс тұқымы тұрған Қазақ хандығымен арадағы жауластық әрі қарай жалғасатыны анық болды. Ол шақта Еділ бойынан (Поволжье) шыққан Аштарханидтер өзбек руларына тәуелді болатын. Сондықтан бұл жағдай жаңа құрылған Өзбек хандығының орталық билігінің осал тұстарын алдын ала айқындап берді.
16-ғасырдың аяғында Орталық Азияның оңтүстігіндегі жерлер үшін таластың нәтижесінде стратегиялық тұрғыдан маңызды Сырдария бойындағы қалалар (бұл санатта Ташкент те бар) Қазақ хандығының бақылауына өтті. Сонымен қатар қазақ сұлтандары Өзбекстанның бірқатар ішкері аудандарына да иелік ете бастады. Мәселен, Абылай сұлтан Ферғананы биледі. Орыс тілді дереккөздерде оны, қазақ Ордаларының патшасы «Аблахан» деп атайдыi Юдин В.П. Орды. Белая, Синяя, Серая, Золотая. // Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. — Алма-Ата, 1992. С. 43. . Осы тұста Өзбек хандығының әлсіреуі мен Қазақ хандығымен шектесетін аймақтарынан айрылуының салдарынан, мұнда да биліктің орталықтан шығу үдерісі жүргенін атап өткен жөн.
Тәуекел дүние салған соң, иісі қазақтың ханы болып оның бауыры Есім сайланды. Ол шақта онымен қатар Бахадүр хан да билік құрған. Парсы тіліндегі «Тарих-и-Шейбани» еңбегінде, 1603 жылдың күзінде Есім хан Бахадүр ханмен бірге Түркістандағы қарақалпақтардың қолшоқпары жалған-шайбанид Абд-әл Ғаффар сұлтанмен соғысып, жеңіліс тапқаны жөнінде дерек келтірілген. Нәтижесінде Абд-әл Ғаффар Түркістан, Сайрам, Ташкент, Ахсикент, Андуганды (Әндіжан) басып алды. Алайда 1605 жылдың көктемінде Бахадүр мен Есім Ташкент түбіндегі Қарақамыс дейтін жерде оған тұтқиылдан шабуылдап: «Есім Абд-әл Ғаффарды өлтіріп, қазақтар қайтадан Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкент, Ферғананы басып алды»i Там же. С. 42–43. .

Есім хан кесенесі. Түркістан, Қазақстан/Alamy
Сондай-ақ Есім ханмен қатар Тұрсын-Мұхаммед те қазақ ханы саналған. 1613 жылы ол аштарханид Имамқұл ханға Есім хан мен өзге де қазақ билеушілерін жеңуге көмектескен. Ақырында қазақтар Ферғана, сондай-ақ Ташкент пен Сырдария бойындағы қалалардан айырылып қалғанi Там же. С. 44. . Есім хан Шығыс Түркістанға моғолдардың арасына барып бас сауғалады. Бұл жөнінде Тарих-и шаһ Махмуд ибн Мырза Фазыл Чорастың жылнамасында айтылған. Онда: «Ташкенттен Абр ар-Рахим ханға Шығайдың баласы Есім хан келіп, мулазим атанды»i
Шах Махмуд ибн мирза Фазил Чурас. Хроника. — М., 1976. С. 202. деп жазылған. Бұдан өзге, Сухайла «Имамқұл хан-нама» еңбегінде 17-ғасырдың алғашқы жиырма жылында Әли, Назар мен Күшікті хандардың қатарында атап өткенi
Юдин В.П. Орды. Белая, Синяя, Серая, Золотая. // Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. — Алма-Ата, 1992. С. 44. . 1624 жылы Тұрсын-Мұхаммед Есім ханмен одақ құрып Әндіжанға жорық жасаған. Ал шамамен, 1626–1627 жылдары Есім хан Тұрсын-Мұхаммедтің өзін тас талқан еткенi
Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячелетий. — Алма-Ата, 1992. С. 297–301. .

Ташкенттегі 16-ғасырда салынған ескі медресе/Alamy
Бұл уақыттарда қазақ хандығының ішіндегі жағдай тұрақты болмағаны анық. Ара-тұра Жанидтер бастаған өзбек рулары да қатысқан Шыңғыс ұрпақтарының арасында таққа талас жүрді. Қазақ хандығының құрамында қалған стратегиялық тұрғыдан маңызды Сырдария бойындағы қалалар мен Ташкентке талас еш толастамаған. Соған қарамастан Есім бүкіл қазақтың ханы болып қала берген. 1628 жылы Есім хан дүние салған соң, таққа оның ұлы Жәңгір келді.
Ойрат пен қалмақ шапқыншылығы
Дәл осы шақтарда Еуразия төсінде Қазақ хандығының стратегиялық жағдайына орасан өзгеріс әкелген оқиғалар болды. Бірінші кезекте моңғол тілді ойрат тайпасы жаппай шабуылға шыққанын атап өткен жөн. 1613–1619 жылдары ойраттың торғауыт руы қазіргі Қазақстанның батыс аймағындағы Ноғай Ордасына басып кірді. 1628 жылы торғауыттар Жайықты кешіп өтіп, Еділге қарай бет алған. Ноғайлардың бір бөлігі ойрат билігін мойындаса, қалған бөлігі Еділдің оң жағалауына қарай үдере көшті. Ноғай Ордасының тас талқан жеңілуі көбіне-көп хандық ішінде ертеректе жүрген орталықтан шығу үдерісіне байланысты болды. Ақырында Ойрат рулары Еділдің төменгі сағасында Қалмақ хандығын құрды.

Хуаң Чиң Жигоң Ту. Торғауыт қалмақтар/Wikimedia Commons
1635 жылы қазіргі Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ойраттың Чорос руының өкілдері бастаған топ Жоңғар хандығының негізін қалады. Ойрат руларының күшеюі негізінен Цин династиясынан шыққан мәнжүрлердің Гоби шөлінің арғы бетіндегі Оңтүстік Моңғолия мен 17-ғасырдың басында Солтүстік Қытайды жаулап алуымен байланысты. Аталған жағдайдан кейін ойраттың бір бөлігі (торғауыттар) көшіп-қонатын және егіншілік өнімдерін алатын жер іздеп, батысқа қарай қоныс аударды. Ал қалған бөлігі (Чоростар) Моңғол жері үшін күресіп, Қытайда үстемдік ете бастаған Циннің жаңа императорымен қарым-қатынас құра бастаған.

1754 жылы қытай императорының қабылдауындағы дүрбіт (чорос) елшілері/Wikimedia Commons
Тағы бір елеулі өзгерістің бірі 17-ғасырдың басында Азия мен Еуропаны жалғаған негізгі сауда жолдарының, еуропалық империялардың бақылауында болған теңіз жолдарына ойысқаны болды. Осының салдарынан Орталық Азияның экономикалық және транзиттік маңызы төмендеп кетті. Бұл жағдай орны елеулі болған сауда жолы өткен хандықтар мен көрші халықтарға кері әсер еттіi Акимбеков С.М. История степей. — Алматы, 4-е издание, 2021. С. 556. . Әлбетте, мұның жағымсыз салдары Қазақ хандығына да тигені анық.
Жалпы алғанда ойрат рулары күшейіп, басқыншылық әрекеттерге көшкенде Қазақ хандығындағы билік орталықсыздандырылған болатын. Сондықтан да үздіксіз соғыс жүргізіп, билігі бір орталықтанған жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы соғысуға Қазақ хандығы дәрменсіз болды. Соған қарамастан Қазақ хандығы Орталық Азиямен сауда-саттық орнатып, Сырдария бойындағы қалаларды сенімді түрде бақылауында ұстады. Жәңгір ханның тұсында, әсіресе, оның ұлы Тәукенің кезінде сауда-саттықтан түскен пайда, сондай-ақ отырықшы халықтардан жиналған салық хандықтың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Мұның бәрі шығыстағы жоңғар мен батыстағы қалмаққа қарсы күресте маңызды рөл атқарды.

Ойрат керуенінің фотосы/Wikimedia Commons
17-ғасырда осы соғыс Қазақ хандығының айналасындағы аймақтардың сыртқы саяси жүйесінің қалай өрбитінін анықтап берді. Еділ бойындағы (Поволжье) қалмақтардың қысымына төтеп бере алмаған Ноғай Ордасы құлдырады. Дәл осы уақытта Шығыс Түркістанда ойраттың қысымынан Моғолстан жойылып тынды. Бұл оқиғалар, әсіресе, моңғол тілінде сөйлейтін ойрат руларының ламаистік бағыттағы будда дінін ұстануы күллі өлкенің жағдайына әсер етті. Қалмақ пен жоңғардың билікке келуі түркі тілдес ноғай және моғол сынды мұсылман хандықтарға айтарлықтай сынақ болғаны түсінікті. Дегенмен олар ұзақ уақыт (моғолдар 14-ғасырдың соңында, ал ноғайлар 15-ғасырдың соңында құрылды) сақтап келген мемлекеттігінен айырылып қалғандықтан, қарымтасын қайтаруға қауқары жетпеді.

Ноғай жауынгері. 1830 жылдар/Wikimedia Commons
«Үш жүздің» пайда болуы
Еуразия даласының ортасындағы осы бір жағдайда түркі тілдес көшпелі және мұсылман халықтардың ішінде мейлінше ықпалдысы — Қазақ хандығы болды. 1620-жылдардан кейін ноғай және моғол рулары Қазақ хандығына қарай дүркін-дүркін қоныс аударып отырды. Бірақ Моғолстан мен Ноғай ордасының Қазақ хандығымен саяси байланысының ұзақ тарихын және жергілікті халықтың бірегейлігі қалыптасып үлгергенін ескерсек, ноғай мен моғол руларының Қазақ хандығына сіңісіп кетуі үшін өзгеше ұйыстыру жүйесіне деген қажеттілік туды.
Қазақтардың жүздік бөлінісі соған қажет жүйе болғаны анық. Михаил Вяткин мәселен, «Кіші орда (жүз) Ноғай Одағының ыдырау үдерісі мен Ноғай Ордасының құрамында болған халықтардан құрылды» деп жорамалдағанi Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. Т.1, с древнейших времен до 1870 г. — Л., 1941. С.100–101. . Би-Арслан Кочекаевi
Кочекаев Б.-А. Ногайско-русские отношения в XV–XVIII вв. — Алма-Ата, 1988. С. 103. , Виктор Жирмунскийi
Жирмунский В. Тюркский героический эпос. — Л., 1974. С. 489–490. , Вадим Трепавловтардыңi
Трепавлов В. История Ногайской Орды. — М., 2001. С. 466. да пікірі соған саяды. Ал Вениамин Юдин болса, «қазақтың Ұлы жүзі моғол руларының негізінде құрылған» деп жорамалдап отырi
Юдин В. Могулы//Центральная Азия в XIV–XVIII веках глазами востоковеда. — Алматы, 2001. 131. . Клавдия Пищулина болса, «Этносаяси ортақтық арқылы оқшауланып, автохтонды қалыптасқан Моғолстан құрамындағы халықтың түркі текті және түркіленген рулары қазақтың Ұлы жүзінің қатарына келіп қосылды» деп жазғанi
Пищулина К. Юго-Восточный Казахстан в середине XIV— начале XVI веков. (Вопросы политической и социально-экономической истории). — Алма-Ата, 1977. С. 244. .
Қазақ жүздері шамамен, 17-ғасырда қалыптасты. Тәуке (1680-1715 жж.) ханның тұсында жүздер Қазақ хандығының негізін құрады. Бірақ Есім хан билік құрған уақытта жүздер болмаған. Ол кезде саяси ұйымдасудың өзегінде Шыңғыс ұрпақтарының ұлыстары жатты. Сондықтан Қазақ хандығында тақтан дәмелі ханзадалардың санында есеп болмаған, яғни жүздер, шамамен, 1630–1670 жылдар аралығында қалыптасқан. Дегенмен қазақ қоғамының жүзге бөлінісін ажырау ретінде қарастыруға келмейді. Көбіне-көп бұл туыстас рулардың өзара бірігуіне ұқсайды. Әрі бұл үдеріс аймақтағы хандықтың (Қазақ хандығы) іргесінде саяси мәмілеге келу арқылы жүзеге асқанын тілге тиек еткен жөнi Акимбеков С.М. История степей. — Алматы, 4-е издание, 2021. С. 600. .
Осылайша, Қазақ хандығының тарихы 16-ғасырдың басы мен 17-ғасырдың соңындағы аралықта өте күрделі оқиғаларға толы болды. Қазақ хандығы Еділ мен Жайық өзені арасындағы аймаққа билік ету және ықпалын күшейту мақсатында Ноғай ордасымен бәсекелессе, Жетісу өлкесі үшін Моғолстанмен, ал Сырдария бойындағы қалалар үшін Өзбек хандығымен күресті. Ұйымдасу жағына келгенде биліктің орталықтануынан бастап, орталықсыздандыруға дейінгі жолды жүріп өтіп, қайтадан бір орталыққа ұйысты. Дегенмен ең бастысы, Қазақ хандығы жоғарыда аталған қиындықтардың бәрінен мемлекеттігі мен халықтың бірегейлігін сақтай отырып аман өткерді. Жоңғар мен қалмақ шапқыншылығына қарамастан, қазақ хандығы туыстас моғол мен ноғай руларын қатарына қосып, жаңа қиындықтар тосып тұрған соны кезеңге аяқ басты.