БОЛЛИВУД ТАРИХЫ

7-бөлім. Шахрукх Кхан: Болливудтың күміс ғасыры (1992–2023)

БОЛЛИВУД ТАРИХЫ

Шахрукх Хан/Getty Images

Болливуд — Голливудтың хинди баламасы, әлемдегі ең танымал үнді киносының бір тармағы, алайда жалғыз емес, себебі Үндістанда Толливуд, Колливуд және аймақтық тілдерде кино түсіретін басқа да студиялар бар. Десе де көз тартар ең жарқын түстер, ең танымал актерлар мен кассалық түсімдер әрине Болливудқа тиесілі. Үндістанның алғашқы дыбыстық фильмі «Әлем жарығы» (1931) деп аталды. Дәл осы екі сөз үнді киносының көрерменге беретін әсерін дәл сипаттауға сәйкес келеді. Кинотанушы Алексей Васильев Qalam-ға Болливудтың тарихын сезім тарихы тұрғысынан саралап, әрбір дәуір үшін мейлінше танымал кейіпкер-актерді таңдап жазуға тырысты. 

Болливуд тарихы туралы осы соңғы тараудың маңдайшасындағы жылдарға ең алдымен назар аударыңыз. Бұрынғы киножұлдыздардың танымал болған кезеңі төрт жылдан он жылға дейін ғана созылатын. Сол себепті 31 жыл дегенге таңғалмасқа болмайды. Егер Шахрукх Кханның бомбейлік кинотұғырға қиналмастан қонғанын ескерсек, оның актер үшін бағдарламалық атауға ие болған «Безумная любовь» (Deewana, 1992) атты алғашқы фильмі жылдың кассалық көшбасшыларының тізімінде екінші боп тұрды және біздің кейіпкерімізге ең үздік актерлік дебюті үшін «Филмфэрді» әперді, сондай-ақ рекордтарды, оның ішінде абсолютті рекордтарды жаңартып, ақылға қонымды барлық номинацияларда («Жыл актері», «Үздік жауыз», «Киносыншылардың таңдауы») «Фильмферді» төрт жыл қатарынан алғанын ескерсек, дәл осы замандасымыз кинематография әлемінің бұрын-соңды болмаған құбылысына айналды.

"Deewana". 1992 жыл/ Ашық дереккөзден алынған

"Deewana". 1992 жыл/ Ашық дереккөзден алынған

Әлбетте, 1980-жылдардың басында Дилип Кумар түскен фильмдер де рекордтарды жаңартты. Дәл осы уақытта Раджеш Кханна атақты диско бишісіне ән айту мен билеуді үйреткен ағасы ретінде маңызды рөл ойнады. Осы күнге дейін Болливудтың патриархы болып белсенділік танытып жүрген Баччаннан тақты ешкім тартып ала алмайды. Бірақ осы және басқа да актерлердің барлығы жарқ етіп көрінгеннен кейін түрлі сәтсіздіктерге ұшырап, қысқа реванштар алып жатады, ақыры экраннан өз еркімен көрінбей кетеді. Кейбіреуі қартайғанын мойындайды, енді бірі өз өмірінің мәнін ұғынады, ақыр соңында самай шашы ағарған күйі беделді әкенің не мейірімді атаның рөлдерін ойнауға беріле кіріседі.

Шахрукх Кхан — 31 жылдан бері ғашық жігіттің мәртебесінде келе жатқан жалғыз адам. 57 жастағы актер өзінің ең соңғы түскен «Патхан» (Патхан, 2023) атыс-шабыс фильмінде: «Менің аяғымда металл пластина, мойнымда титан дискі, иығымда биологиялық тұрғыда сіңіп кететін бұранда бар. Бұл оңай емес. Әуежайдан әрбір тексеруден өткен сайын бүкіл денем шырылдап қоя береді» деп шағымданады да, елдегі ең көзге түсер көрікті жігіттің бейнесінде ұзақ уақыт бойы тұрақтап қалғанын мысқылдап түйреп өткендей болады. Алайда өзің қатаң жазғырмауды алдын-ала ескерткен ол артынша екі жарым сағат бойы мәскеулік биік ғимараттардың тіп-тік қабырғаларымен өрмелеп, құрдасы Салман Кханмен бірге өзін Сібірдің қақаған аязына апаратын пойыздың төбесімен жүгіріп, бомбейлік Вера Брежневамен, биылғы жылы ең үздік ән аталымы бойынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алған Дипика Падуконемен жарыса билейді, оған өз сезімін білдіріп, беті қайтып қалудан қорқатын 16 жасар қорғансыз жасөспірімнің сүйіспеншілігін көрсетеді. Ал ол жейдесін шешіп тастаған кезде Тарантиноның киносында Брэд Питттің дәл осылай еткенін көрген көрермендер секілді залда отырғандар ішегін тартады. Шахрукхтың жасанды протездеріне қарамастан, бұл фильм 130 миллион долларлық кассаға қол жеткізіп, шыққан шығынды төрт жарым есе өтеп, Болливудтың бүкіл тарихында екінші болды.

Шахрукх Хан мен Дипика Падуконе "Патхан" фильмінде. 2023 жыл/Legion-Media

Шахрукх Хан мен Дипика Падуконе "Патхан" фильмінде. 2023 жыл/Legion-Media

Бет-әлпетіне қарасақ, Шакрукх төмен қарайтын адам емес. Жас кезінде 1960–1970 жылдардағы сәнқой қыздар киген жүннен жасалған баскиімдерге ұқсайтын қалың шашты баскиіммен жүрген, астыңғы жағында орақ мұрны көрініп тұрушы еді. Оның ерні туралы армансыз суреттеуге болады, актердің өзі әлемдегі ең сүйікті нәрселері туралы сауалнамаға жауап бере отырып, жаңбырдан кейін ең алдымен ернін атаған, бірақ ол тісін жымқырғанда, кейде мультфильмдегі кеміргішке ұқсай қалады. Сонымен қатар, ол кино әлеміне келген кезде сүйкімді Амир мен көбірек дайындығы бар Салман Кхан жас ғашықтар дәуіріне жол салып үлгерген еді, одан кейін өз анасы Шармила Тагордың ханшайымға тән сұлулығы бойына берілген, Болливудта Gucci-дің сфералық сары түсті көзілдірігімен метросексуал бейнесін жасаған және граффитимен жазылған Roberto Cavalliдің жеңсіз кеудешелерін киген Сайф Али Кхан да дайын тұр еді. Мыңжылдықты қарсы алар алдында Шахрукх көздері жап-жасыл, өзінен 10 жас кіші, иығы диск лақтырушының иығындай, қыпшабел Ритика Рошанның шабуылына төтеп беруге мәжбүр болды, оны Дэнни Бойл «Майкл Джексоннан кейінгі ең жақсы биші» деп атаған.

Жоғарыда аталған актерлердің барлығы қазіргі пантеонды құрайды, егер содан бері тағы бір супержұлдыз пайда болса, онда ол 2000-жылдардың ортасында қосылған Джон Абрахам еді. Ол эксгибиционизмді көпшілік алдында ойнаудың әділ принципіне айналдырғаны соншалық, көпшілік оны актерлердің жыныстық қиялында ұятты ештеңе жоқ екенін айтқан адвокат секілді қабылдады. Сонымен, суперқаһармандар саны, оның ішінде алдыңғы тарауда аты аталған жекпе-жек шебері Акшай Кумарды қосқанда жетеу болды. Олар жоғарғы жаққа қарай жыл сайын кезекпен ұмтылып, қайта оралып отырады. Дегенмен Шахрукхтың есімі бәрінен жақын естіледі, өйткені ол Бомбей киносындағы романтикалық қиялдан азық алатын үнді жұртшылығының жүрек түкпірінен ойып тұрып орын алған, сол себепті оны бәрі жақсы көреді.

Шахрукх залдағы жігітті ойнаған бірінші және жалғыз адам болды, өйткені оның кейіпкерлері өзінің алғаш түскен киносының тақырыбындағыдай жергілікті экрандарда көрсететін көзсіз, ымырасыз, ессіз махаббатқа деген ұмтылыспен қалыптасқан. Оның кейіпкерлерінің махаббаты өз объектісі кездескенге дейін көп бұрын дүниеге келген: ол оны бала кезінде кинода көрген. Ол кинода көрген осы махаббатты аңсайтын жігітті ойнады және залдан шыға сала шындық оған алғышарттар бермесе де, махаббатты толығымен сезінді. Оны Болливудтың постмодерндік актері деуге болады, бірақ ол постмодерндік иі жұмсақ актер болды және көпшілікпен өзі түсінетін масала-киноның жауыр болған тілінде сөйлей білетін қарапайым болды. Ол кинокейіпкерлердің түрлі әдеттерін қағып алатын және экрандағы кейіпкерлер жасаған барлық ақымақтықтарды өмірде қайталауға дайын тұратын жігіттерді жылулықпен және жанашырлықпен бейнелей біледі. Әрине, көп жағдайда кинозалды өздерін бақытқа бөлейтін, басқа өмір мен түрлі сезімді басынан кешіретін жер деп қарайтын жастар үшін дәл осындай актер, мұндай кейіпкер ең қымбат және көптен күткен жанға айналды.

Шакрукхтің жеңістері одан да құнды, өйткені ол да, авторлар да алғашқы хиттерінде оның ессіз кейіпкерлерінің мінез-құлқының патологиялық астарын жасырмады. «Каприз» фильміндегі рөлі үшін (Anjaam, 1994) оның ең үздік зұлым адам ретінде марапатталғаны кездейсоқтық емес.

"Anjaam". 1994 жыл/Ашық дереккөзден алынған

"Anjaam". 1994 жыл/Ашық дереккөзден алынған

Алайда «Игра со смертью» (Baazigar, 1993) фильміндегі рөлі оған басты рөлдегі ең үздік орындаушы ретінде «Филмфэр» әкелді. Болливуд үшін болмаған жағдай, бұл картина Айра Левиннің «Поцелуй перед смертью» (1952) триллерінің сюжеттік желісін негізге алған. Осы теңдесі жоқ қылмыстық әдеби шығарманы оқыған адамдардың бәрі оның қаншалықты азғын әрі қатыгез кейіпкер туралы әңгімелейтінін түсінеді. Шахрух рөлді ессіз адам ретінде ойнады, көрермендер оны 1960 жылдардың басында батыс көрермені Ален Делонды теңдессіз Том Рипли ретінде қалай қабылдаса, мұны да сондай батыр ретінде қабылдады.

Бұл ол кезеңде қалай жүзеге асты, бұл жағы «Жизнь под страхом» (Darr, 1993) фильміндегі көріністен өте айқын көрінеді. Яша Чопраның бұл лентасында Шахрух жақында ғана тұрмысқа шыққан аруды аңдитын сталкердің рөлін сомдайды. Ол өз үйіндегі экранға күні бойы қыздың фотосуреттері бар слайдтарды шығарады, анасына үнемі телефон соғып, өзі армандаған қызды кездестіргенін, бата беруін сұрап жүреді. Ұлының телефонмен айтқан осындай әңгімесін естіген әкесі бірден психиатрға барып, Шахрукхтың анасы осыдан 18 жыл бұрын (әкесі рөлде болған кезде) жол апатынан қайтыс болғанын, содан бері оның достары болмағанын, бірақ ол аутистерге тән ойын ойнап, өз қиялындағы әлемде өскенін хабарлайды. Психиатр оған: «Ұлыңыздың басында қиындық бар, бірақ ең сорақысы бұл емес» деп жауап қатады. Дәл осы жерде әңгіменің қызу қарқынын басып тастағандай болып, ешқандай музыкалық кіріспесіз, Шахрухтың керемет дауысы шығады. Ол дауыс біздей адамның әлемді тау шыңынан көргенде немесе теңізді көптен бері көрмеген кезде екі езуі екі құлағына жетіп ыржиған күлкімен «Джаду-у-у тари назар!» — «Көзіңмен сиқырла-а-а-а!» деп серпантинде рөлде келе жатып айғайлағысы келетін латындардай естіледі, бұл кезде актер өзі ізіне түскен арудың проекциялық слайдтағы ерніне ерін далабының қалыңдата жағып жатады. Осы бір жерінде еріксіз қарқылдап күлесің; ересектер мазасызданып жатқанда, Шахрукх бақытты бала секілді «Ал, не болды?» деп ән салып, би билеп жүреді.

Айта кететін жайт, сол жылдары бомбейлік киноларда жас композиторлар шоқжұлдызы пайда болды. Олар бірден есте сақталатын, оңай ойналатын әндер шығара бастады. Бұл ыстық күнге қарамастан ауылды аралай жүріп айғайлап айтатын, шөп тиелген арбада тісіне бір тал шөп тістеп жатып айтатын және зеңгір көктегі әдемі ақшаңқан бұлттарға көз тігіп келе жатып бар даусымен шырқайтын әндер еді. Шахрухтың танымалдылығына көп ықпал еткен, ең бастысы, кейіпкерлерінің жүрегінде нұр жауып тұрғанын, «мүмкін-мүмкін емес», «жақсы-жаман», «шын-өтірік» секілді кез-келген дәйектердің күлкілі екенін бірден түсіндіре алатын оның кәдімгі сүйемелдеуі еді. Өзіңді осылай сезінгенде екі амал ғана бар: оның бірі — ғашық болу не мас болу немесе «Непохищенная невеста» (Dilwale Dulhania Le Jayenge, 1995) және «Наступит завтра или нет» (Kal Ho Naa Ho, 2003) фильмдеріндегі ең танымал кейіпкерлері жасағандай екі амалды бірдей қолдану. Тек «Наступит завтра» деген уақытта, би алаңдарын диско-дива Кайли Миноуг басқарған кезде, Шахрух әндерінің аранжировкасының латын ырғағына ауқымды ішекті пассаждары бар диско-бит қосылады, ол кезде есіңді біржола жоғалтасың.

"Kal Ho Naa Ho" фильмінен көрініс. 2003 жыл/Alamy

"Kal Ho Naa Ho" фильмінен көрініс. 2003 жыл/Alamy

Анну Маликтің немесе Джатин-Лалит тандемінің музыкасы Шахрукхтың бейнесін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарды. Бірақ біз өткен тараудың соңында 1991 жылы кино алаңдарында Болливудтың атағын алысқа жаятын екі адам пайда болды дегенде бұларды айтқан жоқпыз, бірақ олар ол жерде басқа адам ретінде әңгімеленеді. Солардың бірі — Шахрукхтың өзі, ол сол жылдары Бұқаралық коммуникация ғылыми институтында кино түсіру бойынша магистр дәрежесін алуға тырысады және киноға түсуді мақсат тұтпаса да оқуға ақша табу үшін алғашқы үнді телехикаяларында ойнайды. Бірақ ол сабаққа көп қатыспағаны үшін институттан шығып қалады, өйткені телехикаялар көп уақытты қажет ететін еді. Тіпті одан да ертеректе Шакрукх колледжде өзінің ізденімпаз студент емес екенін және сабаққа жүйелі түрде қатыспайтын адам екенін көрсеткен болатын. Ол кино түсіруді кейінірек кино алаңдарында бәрібір игереді: алдымен өзін қалай түсіріп жатқанын көреді, содан кейін білек сыбана кірісіп, өз қалтасынан қаражат шығарып, 1990 жылдардың соңына қарай өзінің жеке кинокомпаниясын ашады. Алайда оның алғашқы фильмдері сәтсіздікке ұшырайды. Шакрукх осы ғасырдың басында ғана өз кинокомпаниясын Red Chillies Entertainment деп атап, кино түсіруден басқа, Үндістандағы компьютерлік графика бойынша қызмет көрсететін алғашқы студия етіп қайта өзгерткен кезде ғана мол табысқа қол жеткізеді. Осыдан кейін ғана «Инопланетянин» («Крриш» / Krrish), «Форсаж» («Байкеры» / Dhoom) және «Миссия: невыполнима» («Жил-был Тигр» / Ek Tha Tiger) негізінде франшиза дәуірі келеді, онда Шахрухтың өзі «Патханға» (дәлірек айтқанда, сайдквелге, немесе «Тигр» шпиондық әлемінің жаңа кеңістігіне) дейін ойнамаған, бірақ өзінің кино патшалығындағы бойларын сезім кернеген, сан атаулыға «ессіз ғашық» кейіпкерлеріне Бомбей киноертегілеріне қанығып өскен, бірақ өзінің армандарына қанат бітіріп, жүректен туындаған қиялына ерік берген Шакрукх бұрын-соңды көрмеген керемет көріністерді сыйлатын болады.

Болливудтың атын алысқа жайған екінші адамға келетін болсақ, ол қыз 1991 жылы кино алаңында қолына хлопушка ұстап, кейіпкерлердің эпизод барысында шаштарының, костюмдері мен макияждарының өзгермеуін қадағалап тұратын скрипт-герл ретінде жұмыс істеген. Аты-жөні — Фара Кхан. Бірде бір жағдай болады. Ол хлопушка ұстап жұмыс істеген келесі фильмнің — Амир Кхан түскен «Соперники» (Joh Jeeta Wohi Sikandar, 1992) фильмінің түсірілімі барысында хореограф, әйгілі «Джитендра жасаушы» Сародж Кхан біреумен жанжалдасып, есікті тарс жауып кетіп қалады, жаңасын іздеуге уақыт болмайды.

1 / 3

Ал Фара Бомбей колледжінде би сыныбының ұйымдастырушысы болған, сонымен қатар «Соперники» фильмінің режиссерінің әкесі Назир Хуссейннің фильмдерін ессіз жақсы көретін, тіпті оның фильмдеріндегі каскадты музыкалық нөмірлерді жатқа білетін.

Оған жетіспей тұрған биді қою сеніп тапсырылады. Барлығы көз тойғысыз Ути алқабындағы түсірілімге дайын болады, ол жерде Амир таулар мен көлдер арасында «Первый дурман» (Pehla Nasha) әнін шырқай жүріп, қыздың соңынан жүгіріп жүруі керек болатын. Бірақ Фараға басқа ой келеді, ол: «Бұл әннің сөзі немене? Алғашқы еліту, алғаш рет мас болу… Кейіпкерлер онсыз да уландыруға бейім алдамшы сезімнің тұтқында болғанын мойындайды. Біз ғашық болған кезде айналамыздағы әлем өзгере ме? Ол өзгеріссіз қалады, тек біздің қабылдауымыз өзгереді, бірақ ол да басқаларға көрінбейді» деп ойлайды. Нәтижесінде Фара бұл биді қоюдан бас тартады, есесіне басқа эпизодты қояды: онда Амир әнін айта жүріп, бақылау жұмысын жазып отырған сынып оқушыларының арасында билейді. Оның ән айтып жүргенін сыныптағы оқушылар естімейді, мұғалім де көңіл бөлмейді. Амирді елеп отырған олар жоқ: ол әнді ішінен айтады, ал бүкіл әлем колледжге түсуге дайындалу үстінде. Амир үстелдердегі парақтарды алып, ауаға лақтырса да, оқушылар бар зейінімен жаза береді. Соңында Амир өзі армандаған қыз отыратын басқа сыныптағы үстел келіп отырады. Режиссер Фараның фильм түсіруге қосқан бұл үлесін бағалағаны соншалық, оның аты-жөнін титрде «қоюшы-хореограф» деп жазады (бұрын оны жай ғана «би үйретуші» деп жазатын) және ол осы уақытқа дейін Бомбей киносында солай жазылып келеді.

Бұрын ғашық кейіпкерлер ән айтып жүріп, шын жүректен билейтін. Фара музыкалық нөмірді өзі жиі болатын қиял әлеміне апаруды ойлайды. Ол сонымен бірге махаббаттың да, бомбейлік киноның да қиял әлемі. Бұл нағыз төңкеріс еді, нәтижесінде бомбейлік кино басты назарға ілінеді. Ол қиял әлеміне қайта оралып, бәрін ойдан шығаруды тоқтатады.

Фара мен Шахрукхтың кездесуі көп күттірмейді: келесі жылы Фара оған «Сезон любви» (Kabhi Haan Kabhi naa, 2004) фильміне музыкалық нөмірлер ойлап табады. Оның кейіпкері Шахрукхқа қатты ұқсайтын еді — партада отырып сабақ оқығаннан гөрі мектеп оркестріне барып жаттыққанды ұнататын және оның өздеріне тиесілі емес адамдарды да жібермей ұстайтын кейіпкерлерінен түбегейлі ерекшеленеді: Шакрукх финалда өзінің махаббатынан айырылса да күлімсіреп тұрады (киносыншылар оған «Филмфэрді» осындай бейқамдығы үшін ұсынған сияқты).

«Kabhi Haan Kabhi naa» фильмінен көрініс. 2004 жыл/Ашық дереккөзден алынған

«Kabhi Haan Kabhi naa» фильмінен көрініс. 2004 жыл/Ашық дереккөзден алынған

Фара Шахрукхқа өзіне ғана тән іс-қимылды ойлап табады, ол әнді орындап тұрғанда камераға арқасын беріп тұрып, көрермендерге қарай сәл бұрылып, оларға қолын созады. Ең маңыздысы, бұл жерде кино әлемінің қиял әлеміне қатысы барын түсінетін, олардың әлеуетті аудиториясында бұл әлемнің кинобейнелер арқылы қалыптасқан тұйық шеңбер екенін бірдей ұғынатын екі адам кездесті! Шахрукх мектепте оқып жүргенде-ақ киножұлдыздарды пародиялау арқылы танымал болған-ды. Әсіресе Радж Капур мен «Месть и закон» фильміндегі жауыз Габбар Сингхті айнытпай салатын. Өзінің естеліктерінде ол Мумтаз биін айна алдында бірнеше сағат бойы қайталағанын айтады. Фара кино түсіруде жолы болмай, оны қарғаған продюсердің қызы еді. Ол тыйым салынса да кинозалдарда жиі барып, өзіне қуаныш сыйлайтын әлемнен бас тартпайды. Сөйтіп, екеуі бірге киноның арқасында дәл осындай мықты актер болып қалыптасқан жандар жайында кино түсіре бастайды.

Бұл жайында алдағы уақытта айтамыз. Әзірге біздің бар міндетіміз — музыкалық нөмірді, махаббат әнін қиял әлеміне көшіру. Болливудтағы серпіліске жол ашқан, постмодернизмнің, күміс дәуірдің басталғанын білдіретін туынды «Непохищенная невеста» фильмі еді. Бұл лондондық екі студент туралы оқиға, олар Швейцарияға экскурсия кезінде кезек-кезек мас болып қалып, бір-бірін арқалап алып жүреді, кейін елге қайтып оралғанда бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындықтарын түсінеді. Қыздың рөлін көздері мың каратқа татитын Каджол ойнайды. Ол бірігіп өсіп кеткен қастарын жұлудан да, арықтаудан да үзілді-кесілді бас тартады (бодипозитивке дейін). Бар коллекциясын 7 жылдан кейін Майкл Джексон мен Наоми Кэмпбелл сатып алған костюмер Маниш Малхотра Каджолды кішкентай қызыл көйлекке сыйғыза алмай әбден қиналады. Бірақ сайып келгенде, қыздың диетаға отырғысы келмегендігі фильмнің керемет бейнелерінің бірін тудырады: шөп қорасында бір түнде бір бөтелке Hennessy ішкен Каджолдың кейіпкері ертеңгісін «Зараза джуми луми», «А если покружиться» әнін орындап, өзі сыймайтын көйлекті қинап кием деп жүріп, швейцариялық қалашықтағы витринаны таспен сындырып қояды, осыдан соң қорқып кеткен ол таудың баурайында Шахрукхтың алдына осы қызыл қысқа көйлекпен піл секілді секіреді (бұл көріністен Шахрукх өзінің үстіне бір бөтелке вискиді төгіп алады).

Бұған дейін бір жыл бұрын Салман түскен «Кто я для тебя?» (Hum Aapke Hain Koun?, 1994) фильмі 19 жылдың ішінде «Месть и закон» фильмін кассалық қаражат жағынан басып озған алғашқы фильм болды.«Невеста» фильміне деген қызығушылық одан да керемет еді.

«Hum Aapke Hain Koun?». 1994 жыл / Ашық дереккөзден алынған

«Hum Aapke Hain Koun?». 1994 жыл / Ашық дереккөзден алынған

Ондағы саундтрек тарихта пайданы ең көп түсірген әуен болды, ол шынында да ғажап еді: менің өзімді түннің бір уағында оятып жіберсе, фильмде айтылған жеті әннің кез-келгенін айтып бере аламын. Шахрукх пен Каджолдың вокзалдағы қоштасу сәтінде орындалған ән фильмнің өзегіне айналды, ол жерде жігіт Лондонға көлікпен, ал қыз поезбен бару үшін қоштасады. «Жүрегіме не болғанын білмеймін, бір қарасам бар, бір қарасам орнында жоқ» деген сөздері бар әнді кез-келген адам жатқа біледі. Жол бойы олар қарсы кездескен адамдардың, шопандардың, көше музыканттарынын бәрінен «Саған не болды, жаным, махаббатым» деген сөздерді естіп, олардың бейнесінен бір-бірін көргендей болады. Шахрукхтың бейнесі Каджолды Лондондағы үйінің алдына дейін жеткізеді, үйдің терезесінен қызды электр жылуымен жылынып күтіп отырған отбасы көрінеді, жігіт қақпа алдында қалып, қызға қолын бұлғайды: өйткені ол таң атқанда жүре алмайтын әруақтай әрі қарай бара алмайды.

Көріп отырғанымыздай, бұл культтік фильмнің жас кейіпкерлері Еуропада туып-өскен. Олар үшін ішімдік Дилип Кумар сияқты ұмытылып кеткені үшін ішетін ішімдік емес, Баччан сияқты мегаполисте орнығу үшін агрессивті әрекетінің жанама әсері емес, тіпті Шамми Капур сияқты сәнқойлық аксессуары емес — тек достасуға мүмкіндік беретін тамызғы және «алғашқы еліту» үшін күштірек әрекет жасау, онсыз махаббат қиялына қол жеткізу мүмкін емес.

1991 жылдан бастап Үндістанда импортты ұлғайту, шетелдік инвестицияларды тарту және т.б. секілді экономиканы ырықтандыру жүргізіле бастайды. Болливуд кейіпкерлері біртіндеп шетелге көшеді: Шахрукхтың кейіпкерлері Лондонда («Непохищенная невеста»), Нью-Йоркте, («Наступит завтра или нет?», «Никогда не говори «Прощай» / Kabhi Alvida na Kehna, 2007), Сан-Францискода («Меня зовут Кхан» / My Name Is Khan, 2010) тұрады. «Салам Намасте» (Salaam Namaste, 2005) фильмінде Саиф Али Кханның орындауындағы саусағын кесіп алған кезде есінен танып қалатын метросексуалды бас аспаз жігіт пен одан жүкті болып қалып, баланы жалғыз өсіруге бел буған, жалындаған Прити Зинтаның орындауындағы радиода DJ болып істейтін қыздың қарым-қатынасы жайлы оқиға Сиднейде түсірілген.

Ер адамдар үшін өзгергісі келмейтін, өзін сол күйінде қабылдағанды ұнататын, қасы қалың, етжеңді Каджолдан кейін Зинта — Болливудқа шынайы, жаңа, тың тақырып әкелген жалғыз актриса. Ол — өз бетінше жұмыс істеп ақша табатын, ер адамдарға тәуелді емес, жігіттермен жігітше уақыт өткізгенді ұнататын қыз. Осыған байланысты «Наступит завтра или нет?» фильміндегі оның Шахрукхпен және Сайфпен көңіл көтеруге баратын эпизодын міндетті түрде тамашалау керек, оның соңы Іt' s a time to Disco дәуірлік биімен аяқталады (бұл бірінші фильмде Шахрукх — Болливудтағы ашық-шашық киініп, жыныстық амбиваленттіліктің үлгісі болғандықтан, екеуін де үйге арқалап апаруға мәжбүр болуы таңғаларлық жағдай емес).

"Salaam Namaste" фильмінен көрініс. 2005 жыл / Ашық дереккөзден алынған

"Salaam Namaste" фильмінен көрініс. 2005 жыл / Ашық дереккөзден алынған

Басқа актрисаларға келетін болсақ, 1980-жылдардағыдай сұлулар да, көздің жауын алатын сылқымдар да жеткілікті болды. Кейбіреулері алдыңғы буын сұлулардан асып түсті. Олардың бір бөлігі Голливудқа рөл ойнауға шақырылды (Айшвария Рай, Приянка Чопра). Бірақ олардың бәрі бұрынғы бейнелерді ойнады. Кейбірі өте сәтті ойнады. Мәселен, Бипаша Басу өзі ойнаған рөлдерде Зинат Аман және Парвин Баби сияқты жарқыраған актрисалардың типаждарын біріктірді де, олардың бейнесіне жоғары технологияларды қосты. Басқалары киім ілгіш ретінде қызмет етті деуге болады, дегенмен бұл жолда да шынайы жетістікке қол жеткізген пысықтар болды. Мәселен, Сушмита Сен Шахрукхтың өзі туралы сөзін: «Бірге турға шыққан кезімізде ол маған ылғи күле қарайтын, мені шын жұлдызға қатты ұқсататын. Маған таңертең де макияжбен, манто терімен және бетімнің жартысын жауып тұратындай қара көзілдірікпен ұйқыдан тұрғандай көрінесің» деп өте дәл айтқан еді.

Алайда бұл шетелдік істер, foreign affairs, Болливуд мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен оның әндерін, билерін, бейнелерін, ілтипат білдіру тәсілдерін, көпжылдық кино тәжірибесінің нәтижесінде пайда болған барлық қиялдағы мәдени багажды жақсы білу арқылы көрінетін ұлттық бірегейлікке (Үндістанда қазір дәл осындай партия басқарады) өте қатысты болды. Бірақ дәл осы жағдайдың арқасында және дәл 21 ғасырдың басында батыста голливудтық бум өте оңай әрі тез өтті. Егер сіз ол кезді білмесеңіз не есіңізде жоқ болса еске сала кетейін, жаңа мыңжылдыққа көшу жаппай ретро белгісімен өткен болатын. Британдық дыбыс жазу индустриясы соғыстан кейінгі гитара музыкасының жинақталған музыкалық-поэтикалық багажының белгілі бір сомасы — брит-попты ұсына отырып, «Битлз» дәуірінің рекордтарын жаңартты. Эстрада әртістері жаппай ABBA-ның каверлерін жасады. Кинода басты хит 1970-жылдардың аяғында әлемді және бейнелерді егжей-тегжейлі қайта жасаған «Ночи в стиле буги» болды, ал авторлық стилі ностальгияға қатысы бар Тарантино мен Альмодовар режиссураның корольдері болды. Дәл осы сәтте Үндістан Венеция фестиваліне Мира Наирдің «Свадьба в сезон дождей» (Monsoon Wedding, 2001) фильмін алып келеді, онда келісім бойынша (бұл кезде рәсімге дейін қалыңдық пен күйеу жігіт бір-бірін көрмейді) дәстүрлі үйлену тойы болатын жігіт пен қыздың туыстары Делиге әлемнің түкпір-түкпірінен қалай ағылатыны баяндалады. Алайда мереке алдындағы қарбалас бомбейлік ескі фильмдерінің әндеріне толы болғаны соншалық, олар алдымен наразы жігіт пен қыздың жүрегін өз елінің заңдары бойынша сүюге, үйленуге және өмір сүруге деген құштарлыққа толтырады. Мұнда дәстүрлі түсіндірудің орнына Салман мен Каришма Капур түскен «Жена №1» (Biwi No.1, 1999) фильміндегі әнге би бар: балалық шақтың әндеріне еліткен күйеу жігіт маңдайына жазылған дәл осы қалыңдығын қалайды және Салман Кханның қимылдарын шебер қайталай отырып, оның жүрегін жаулап алады! Бұл нөмірді фильмге қойған Фара Кхан еді. Лента «Золотой лев» жүлдесіне ие болады. Болливуд батысқа бару үшін 20-ғасырдағы бұқаралық культтің бүкіл әлемде түзу жол ретінде ашылған ностальгиялық есіктен кіреді.

1 / 2

Бұл 2001 жылдың қыргүйегі еді. Ал 2002 жылдың қаңтарында Роттердам фестивалінде Болливуд ретроспективасы ең көп адам қатысқан іс-шара болды. Ақпан айында Амир Кхан түскен «Лагаан: Однажды в Индии» (Lagaan, 2001) фильмі «Оскар» финалистерінің бестігіне енді. Мамыр айында Круазетт жағалауында Шахрукх түскен «Девдас» ремейкінің премьерасына орай төбелес болды, содан кейін Айшвария Рай жаңа нұсқада Девдастың балалық шақтағы досын ойнаған ағылшындық және голливуддық ленталар жарыққа шықты. Бұрынғы идолдарды мазақтаған Шакрукхтың өзі, оның актерлік шеберлік жөніндегі ұстазы Барри Джон оның актерлік шеберлігін «гимнастикалық» деп нақты айқындаған, Батыс үшін тым desi болды, бұл сөздің мағынасы естеріңізде болар. Алайда Шахрукх түскен бомбейлік фильмдер шетелдік кинокестеде ең көп сұранысқа ие үнді ленталарына айналды. Негізінде Америкадағы үнді диаспорасының өкілдері туралы әңгімелейтін олардың көпшілігі шетелде негізгі кассаға қол жеткізді. Болли-дэнс Голливудқа сіңіп кетті, Баз Лурман Мулен Ружда «Месть и закон» фильміндегі әнді қолданды, Лондондағы Selfridges-те Абу Джани мен Сандипа Хосланың бутигі ашылды, ал бомбейлік киноәуендердің жинақтары бар музыкалық компакт-дискілердің миллиондаған тираждары туралы ештеңе айтудың қажеті жоқ.

Бұл процесстің ең маңыздысы — британдық Дэнни Бойл қолға алған, әйгілі «На игле» фильмін және Мумбайда «Миллионер из трущоб» фильмін түсіру үшін жұлдыз Юэн МакГрегорды әлемге сыйлаған киноэкспедиция болды. Бомбей киножұлдыздары түсірілген картинада масала-фильмдердің жасанды сюжеттік элементтері қолданылды, ал баяндау оқиғасына ән мен би эпизодтары енгізілді. Фильм 2008 жылғы киномаусымның басты сенсациясы болды, 8 рет «Оскарды» жеңіп алды, соның ішінде «Жылдың үздік фильмі» аталды. Жетім жігіттің жолында кездескен қиын жағдайларды әңгімелейтін сюжетке арқау болған жайт «Кто хочет стать миллионером?» бағдарламасы еді, онда кейіпкер (фильмді түсіру және шығару кезінде «Миллионер» хабарының үнділік нұсқасын Амитабх Баччан мен Шахрух Кхан жүргізген болатын) сұрақтардың бірінен соң біріне жауап береді, ол өмірінде басынан өткен түрлі оқиғаларды есіне түсіре отырып, сұрақтың жауабын үнемі табады. Естеріңізде болса, фильмде ең бірінші сұрақ ретінде: «Затянувшаяся расплата» фильмінде басты рөлді кім ойнады?» деген сұрақ болады. Кейіпкер жігіт ойланбастан: «Амитабх Баччан» деп жауап береді. Фильмнің желісіне Баччан жарақат алған «Носильщик» лентасының кадрлары енгізілген. Онда 1978 жылғы фильмнің ремейкі «Дон. Главарь мафии» (Don, 2006) картинасындағы ән орындалады, онда Шахрукх «Девдаста» Дилип Кумардың өзіне тән рөлін қайталағаны сияқты Баччанға «Филмфэр» әкелген рөлін қайталайды.

Алайда бұрынғы кумирлердің картон кескіндеріне өзінің бет-әлпетін қоя салу Шахрукхтың бар арманы емес еді. Фара Кхан екеуі Болливудтың бүкіл тәжірибесі шоғырланған фильм түсіруді ойластырады, онда Шахрукх барлық бұрынғы кейіпкерлердің керемет қасиеттерін бойына сіңірген кейіпкердің құрама портретін ойнауы тиіс болатын. Фараның өзі режиссер ретінде қойылымды басқаруы керек еді, ал Шахрукх оған өзінің Red Chillies компаниясының бар билігін беріп, өзі продюсер ретінде әрекет етуі керек болатын. Олар Бомбей киносына деген сүйіспеншіліктің толық түсіндіріп, кинематографияның мөрлері мен әдістерін синтездейтін және дөңес етіп көрсететін кинофильм жасау арқылы кинотану тәжірибесін бастамақ болады. Мұндай киноны Годар жасаған болатын. Олар оның әдісін қабылдады, тек айырмашылығы олардың картинасында Фара қолданатын таспалар, мотивтер мен бейнелер көрермендердің үлкен сұранысына ие болуы керек еді. Олар қарқын алу үшін қарапайым және жауыр болған тәсілдердің орнына алдыңғы қатарлы компьютерлік графиканы қолданады. Кейбір стильдерді басқалармен араластыру арқылы оларды бұрын-соңды болмаған визуалды коктейльге айналдыруға мүмкіндік беретін картина жасауға тырысады. Сынақ өте сәтті болады, бәрі өздері ойлағаннан да жақсы іске асады. «Я рядом с тобой» (Main Hoon Na, 2004) картинасында Фара Кхан Назир Хуссейннің өзіне ұнайтын масалаларына көп ән қосты — бұл таспаның саундтрегі де Чакраборти кейінірек түскен милитаризацияланған атыс-шабыс жанрындағы «Непохищенная невеста» саундтрегі секілді ұмытылмас әуен болатын, ондағы оқиғаларды Дарджилинг колледжіндегі жас Риши Капур түскен «Трагическое совпадение» (Khel Khel Mein, 1975) сияқты жеңіл-желпі, тартысты детективтерінің әрекеті қайғысыз-қамсыз студенттік ортада өрбиді.

Фильмді жарыққа шығару Пәкістан президентінің Үндістанға тарихи сапары қарсаңында басталады және мұндай достықты бұзуға тырысқан жауларымен біртұтас елдің бөлініп алып соғысып жатқан жерлері арасындағы қарым-қатынасты орнатуға тырысқан бұл шиеленіс те сюжеттен көрініс табады. Мұндай қоспа біртұтас пішін таба алмайтын сияқты көрінеді. Алайда Болливудтың мақсаты мен ауырлық орталығы осы қоспа болып табылғандықтан, Фараның фильмі оның барлық сәйкес келмейтін ингредиенттері басқатырғыштың түсінікті және айқын картинкасына айналуына мүмкіндік беретін пазлға кірігіп, Бомбей киносындағы тепе-теңдіктің мысалы болды деуге болады.

Түсірілім кезінде Шахрукх 38 жаста еді және ол бар фильмде ғашық студенттерді ойнайды. Таспаның сюжеті мұны иронизациялауға, сонымен бірге оның кезекті, ең жақсы студенттік рөлін ақтауға мүмкіндік береді. Шаштары дред, рэперлерге тән киінген жастар арасында 1970-жылдардағы үздік студенттердің жолақ жейдесінің үтіктелген жағасын ескі бешпентінің сыртына шығарып киген киімі және қолына алабажақ сөмке ұстаған оның кейіпкері басқалардан алабөтен болып көрінеді.

Бірақ ол шынында да алабөтен еді: оның ойнаған Рам Прасад Саксена (атышулы есім Риши түскен «Мститель» / Barood, 1976) керемет романтикалық триллерінен алынған) есімді кейіпкері генералдың қызын күзету (әрі өзінің бір әкеден туған бауырын табу) үшін колледжде сабағын шала оқитын студенттің кейпіне енген арнайы қызмет майоры болатын. Фара жас актерлерді 1970-жылдардағы зұлым ханшайым Биндумен (ол мұнда мұғалім Какер ханымның рөлін сомдайды) керемет үйлестіреді. Бұл Шимми Капур мен Хеленнің барлық билері секілді біртұтас естен тандырар трюк еді, ал машиналардың ең жаңа модельдері қуғын-сүргін көрінісіне қатысады, оның монтажы мен ракурстары Хема Малинидің «Месть и закон» фильміндегі ат арбамен қашқан сәтін қайталайды. Годар фильмдерінен айырмашылығы — үнді жұртшылығы аталған фильмдерді жатқа біледі. Лента Болливудтың барлық сүйікті фильмдері бірден жаңа, бұрынғыдан да жарқыраған қаптамада көрсетілгендей бақытты сезімді тудырады!

Шахрукх мектептің алдындағы көгалда химия пәнінің мұғалімін (Сушмита Сен) алғаш рет көрген кездегі көріністе оның жүрегі бүлк етіп, тұңғиыққа құлап кеткендей болады. Ол тізерлеп тұра қалған кезде аузынан әсем әуен төгіледі, «Чанд мера диль…» — «Ай — менің жүрегім, ал сен Ай сәулесісің, сәуле неге Айдан алысқа түседі?» деп анасы сәбиін жұбатқанда айтатын әнді естіген кез-келген адам көзіне жас алады және оның артында екі гитарашы жоқ жерден пайда болып, әлемдегі онсыз да ең әдемі әуенді сүйемелдеп: «Иә, махаббат жүрек қылын шертеді» деп тұрғандай болады.

Хуссейннің 1977 жылғы «Мы не хуже других» фильмінде аз орындалған ән екінші рет дүниеге келді, ал жаңа фильмнің сюжетінде мұғалімдер бөлмесінде бәрі: «Бұл қай ән? Бұл менің сүйікті әнім ғой!» деп айғайлайтындай дүрбелең тудырады. Шахрух оны қайта-қайта орындаған сайын гитарашылар ойламаған жерден қайта-қайта пайда болады. Бұл шындық: Фараның фильмі шыққан кезде ән де, оның қайда айтылғаны да ұмытылып кеткен еді. Ол ән орындалмағаны үшін ұмытылды: бәрі балалық шақта осындай әдемі ән болғанын біледі, олар «Чанд мера диль» сөзін естігенде, бала кездегі әуенді қайтадан естігендерін бірден түсінеді. Бұл фильм де осылай әсер етеді. «Я рядом с тобой» фильмінде ойлаған стильдерінің жұмыс істейтінін, оларға бағынатындығын, өздері көздеген эмоционалды реакцияны тудыратынына көз жеткізгеннен кейін (айтпақшы, Main Hoon Na атауы — «Чанд мера диль» қайырмасының тек Na сөзі қосылған, «Мэн хун, мэн хун, мэн хун…», яғни «Мен осындамын, мен осындамын» деп қайталанатын ақтық сөздері), Фара мен Шахрукх өздерінің magnum opus’а-ны құруға кіріседі, бұл олардың мансабының биігі ғана емес, сонымен қатар Болливудтың көпжылдық ізденістерінің нәтижесі болды. Егер сізді осы мақалалар қызықтырса, бірақ ескі Бомбей фильмдерін қарауға уақытыңыз да, мүмкіндігіңіз де болмаса, «Ом Шанти Ом» (Om Shanti Om, 2007) фильмін қараңыз, сонда сіз Болливуд туралы барлық нәрсені біліп қана қоймай, үш сағаттың ішінде одан алуға болатын барлық тәжірибені абсолютті түрде ала аласыз.

"Om Shanti Om" фильмінен көрініс. 2007 жыл / Alamy

"Om Shanti Om" фильмінен көрініс. 2007 жыл / Alamy

Жанр жағынан бұл лента реинкарнация туралы детектив болып табылады және негізгі сюжеттік сәттерде 1980 жылы Риши Капур түскен, бұл жанр алғаш рет сыналған «Долг чести» (Karz) фильмінің ізін басады. Картина сюжеті Бомбей киноиндустриясының орталығында орын алады. Бірінші бөлімінде 1977 жыл көрсетіледі: онда Шахрукх өзі сырттай ғашық алдыңғы қатарлы киножұлдыздың (Дипика Падуконенің дебюті) өлтірілуіне куә болған статисттің рөлін сомдайды. Ол кездегі кинематографияның стилі жай ғана көшірілмеген: Дипика түскен жаңа фильмнің премьерасы болатын көріністе аты аңызға айналған картинаның үзінділері желімделген; атап айтқанда, біз оны төртінші тарауда егжей-тегжейлі қарастырған Манмохан Десайдың «Опасное сходство» (1970) фильмінің эпизодында Мумтаз Раджеш Кханнаның алдында, ол барабанды ұрып жатқанда оның орнына билейді. Сол кездегі кинотрюктер қиялдың туындысы ретінде махаббаттың символына айналады: Шахрукх пен Фараның магистральдық тақырыбы бойынша, статист жігіт түнде киножұлдызды киностудияға ертіп әкеліп, оған Main Agar Kahoon («Если б я сказал…») сиқырға толы жаңа әнін орындап береді, рир-проекцияны, көтергіш крандағы қағаздан жасалған Айды және павильондағы түсірілімде кейіпкер қыздың шашын желбірету үшін жел үрлеуге арналған фенді қолданады. Өзі кейіпкер қыздың шарап ішетін бокалына жез шәйнектен боялған суды құйып береді.

Екінші бөлімінде қазіргі заман көрсетіледі. Шахрукх — продюсердің ұлы әрі жаңа шымыр денелі, айтқанынан қайтпайтын, тым еркін киножұлдыз. Монтажы да, әндері мен билері де көңілді Dard-E-Disco («Муки в стиле диско») стилінде. Шын мәнінде Фара мен Шахрукх ондағы пародия алаңына өздері ойлап тапқан ең шулы және «жоқ» деген сөзді білмейтін стильді өздері енгізеді. Оған өздерін өздері ойнау үшін осы мақалалар циклінде кездескен әртістердің тең жартысы: Рекхадан Каджолға дейін, Митхун Чакрабортиден Прити Зинтаға дейін, Джитендра мен Говиндадан Салманға және Саиф Али Кханға дейін түскен.

Сонымен, кейіпкер жігіт қала сыртына саяхаттап жүріп, қараусыз қалған бір киностудияға тап болады. Оның есіне көп жайттар түсе бастайды. Бірте-бірте біз 1977 жылы кісі өлтіру дәлелдерін жоқ қылып жіберу үшін ұйымдастырылған өртте қаза тапқан статистке фильмге деген шексіз сүйіспеншілігі үшін продюсердің ұлы болып қайта туылуға, өзі армандаған киножұлдыз болуға мүмкіндік берілгенін түсінеміз. Бірақ кейіпкер кезінде кісі өлтірілгенін еске алғанымен, дәлелдердің жоқтығынан ештеңе дәлелдей алмайды, сондықтан оның мақсаты — кісі өлтірушіні қылмыс жасағанын мойындауға итермелеу еді. Ол киностудияны қайтадан қалпына келтіріп, сол кезде Дипика түскен, аяқталмаған фильмінің сценарий бойынша фильм түсіруді бастайды. Тіпті бұл үшін сағыздан шар үрлеу ғана қолынан келетін, арсыз, заманауи қыз Дипикаға қатты ұқсайтын актрисаны іздеп табады, оған 1970-жылдардағы жұлдыздың жүріс-тұрысын үйретеді.

"Karz". 1980 жыл/Ашық дереккөзден алынған

"Karz". 1980 жыл/Ашық дереккөзден алынған

Әрі қарай Фара «Долг чести» фильмінің сюжеті мен Дилип Кумар мен Виджаянтимала ойнайтын, елес әйел туралы Бимал Ройдың «Мадхумати» (1958) фильмінің сюжетін тамаша үйлестіреді және ең таңғаларлығы, мұның бәрі біртұтас дүние болғанда ғана айқындала түседі: біз үнемі жаңа жұлдыздардың бойынан бізді бала кезімізде әнмен әлдилеген адамдардың елесін іздейміз, ол бізге анамыздың шаш үлгісін есімізге түсірсе ғана ол актрисаны жақсы деп санаймыз. Бұл интеллектуалды, постмодерндік және мәңгілік өмірді іздеуге сеп болатындай әмбебап кино.

Мақсатқа жеткен соң әрі қарай не болады? Әлбетте, бәрі кері кетеді. Фара тағы түрлі түсті, айғай-шулы бірнеше фильм түсіреді, бірақ олар ешкімнің жүрегін селт еткізе алмайды. Осыдан соң Фара кино әлемін тастап кетеді. Ал Шахрукх ұқсас адамдарды ойнауды жалғастырып, киноиндустрияда қала береді: бірақ «Фанат» лентасында (Fan, 2016) ол өзінің кейіпкеріне еліктеген киножұлдыз бен сталкер жігітті ойнағанда тіпті оның көшірмесіне айналады (өзінің алғашқы кинорөлдерінің жаңғырығы болар), бұдан соң жанкүйерлер оған қауіптене қарап, ақыр соңында одан бас тартады. Мұндай эксперименттері оның қадірін кетіреді, тіпті «Ноль» (Zero, 2018) деп аталатын лентада әйгілі Мумтаз әндері мен билерінің попурриін орындай отырып, сал ауруына шалдыққан қызды айналдыратын ергежейлінің рөлін ойнайды. Ақыр соңында ергежейлі ғарышқа ұшырып жіберіледі, ал көрермендер ұялғанынан бетін басады. Осыдан соң Шахрукх төрт жыл бойы кинодан көрінбей кетеді. Артынша оған қазірдің өзінде бар супершпиондар әлеміне оралу соншалықты зор мүмкіндік болып көрінеді, дегенмен, ол түскен «Патхан» фильмі көрермендер көптен күткен дүние болып шығады. Сөйтсе, көрермен Шахрукхтан әлі шаршамаған екен.

"Fan". 2016 жыл / Ашық дереккөзден алынған

"Fan". 2016 жыл / Ашық дереккөзден алынған

Басқа кумирлері сол бәз-баяғы: Салман, Ритик, Амир. Фильмдер голливудтық өнімдерге көбірек ұқсай бастады: трюктерді ажырату мүмкін емес, тек екі ән орындалады, оның біреуінің ортасына титр жазылады, құдды Ариана Гранденің клипі сияқты. Әзірге бұл тәсілді тек зұлымдардың қулықтары мен тағдырдың соққылары көрермендердің білімінің өсуіне сәйкес басты кейіпкерлердің ой-өрісіне ауыстырылатын лирикалық комедия саласындағылар ғана қанағаттанарлық деп мойындайтын шығар. Бұған жеті рет «Филлмфэрді» алған Ритик Рошан түскен, Испанияда керемет етіп түсірілген, каникулға кеш шығып, бала күнінен бірге өскен үш достың ақылға келуі туралы «Жизнь не может быть скучной» (Zindagi Na Milegi Dobara, 2011) лентасы сәтті мысал бола алады. Көптеген ремейктер, оның ішінде кешегі күні Болливуд үшін ойға келмеген ремейктер де жасалуда: «Помни» («Гаджини» /Ghajini, 2008, Амир Кхан түскен) ремейкі сияқты кейбіреуі тамаша жетістікке қол жеткізсе, басқаларының кейіпкерлерін әлеуметтік ортада танып жатады, ондайдан «Соучастник» («Киллер» / The Killer, 2006) ремейкінің түпнұсқасы құр қалған. Акшай Кумар «Проект «Чистая Индия». История любви» (Toilet – Ek Prem Katha, 2017), «Пэдмен» (Padman, 2018) секілді ауыл тұрғындары арасында гигиена негіздерін насихаттайтын біртүрлі фильмдер топтамасына түсе бастайды, финалында ол Капраның фильмдеріндегі Джеймс Стюарт кейіпкерлеріне ұқсап төсеменің пайдасы жайында жалындата сөз сөйлейді. Сонымен қатар, кейіпкері 1980-жылдардағы Раджникант секілді оқтарды алақанымен тоқтатып, жолбарысты жалаң қолымен жайратып тастайтын «RRR: Рядом ревет революция» (RRR, 2022) секілді айғай-шуға толы, адам сенгісіз, бей-берекет түсірілген оңтүстік үнді киносында 1970-жылдардағы «Король джунглей» сияқты осыған ұқсас мадрастық кинопрокаттан алынған көрініс «Ом Шанти Омның» бірінші бөлімінде пародия үшін алынып, қазіргі күні кез-келген жабайылыққа жаны құмар батыстық көрермендерді баурап алып жатыр. Олар тіпті «Оскарды» тартып алудан да тайынбайды. Қазірдің өзінде олар шетелдіктер арасында олардың санасынан Болливудты ығыстырып, үнді киносы туралы түсінік қалыптастыра бастады. Бүйте берсе, үнді киносына тән колорит жоғалып, американдық стандарттарға ғана жол беріледі.

1 / 4

Алайда бұл 1986–1987 жылдардағы дағдарысқа ұқсамайды, бұл жолда аздап сүрінсе де ара-арасында кіріс кіргізіп, шабыт шақыратындай кино түсіріліп тұрды. Дегенмен, дәуірдің басты кейіпкерлерінің жасы келіп қалды, алдағы уақытта жаңа есімдер пайда болып, олардың да жаңа сөз айту керектігін меңзеп тұрғандай. Олардың кім екендігін, көпшілік қуана қабылдайтындай қандай ерекшеліктері болатынын дөп басып айту қиын. Бірақ бомбейлік кинода бір нәрсеге сенімді болуға болады: ертеңгі түсірілімдер жаңа фильм де махаббат жайындағы фильм болмақ.

Алексей Васильев

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ