Күнделікті тұрмысымыздағы бұл аса пайдалы заттың алдында қолданылған нәрселер оған мүлдем ұқсамайтын.
Тіпті ең ежелгі ата-бабаларымыздың өздері жеке тазалыққа, оқулықтардағы түк басқан бейнелеріне қарап ойлап қалатындай немқұрайлы қарамады: алғашқы қауым адамдар тұрақтарының жанындағы қоқыс үйінділерінен тиісті пайдаланудың іздері бар заттар — ұсақ тастар, тасқа айналған бүршіктер мен таяқтар табылып жатады. Дегенмен шимпанзелер мен гориллаларды бірнеше бақылаушылар олардың артқы жағын дұрыс ретке келтіру үшін жапырақтары мен бұтақтарын жиі қолданатынын мәлімдегеннен кейін, алғашқы адамдардың олардан қалыспағанына таңғалмауымыз керек. Шимпанзелердің бірнеше тобының өмірі туралы күнделік жүргізген дала биологы Джейн Гудолл былай деп жазды: «Алты жыл ішінде біз бір шимпанзе екіншісіне нәжіс қалдықтарынан құтылуға көмектескен 19 жағдайдың куәгері болдық, айта кету керек, осы іске тек бір отбасының мүшелері ғана қатысты. Мелисса дәретке шыққан егіздерінің бірін немесе екіншісін жапырақтармен төрт рет сүртті».
Осылайша адамның дәретхана керек-жарақтары қатарында өсімдіктің ыңғайлы кең жапырағының бірінші болуы әбден мүмкін.
Алайда жапырақтар әрқашан қол жетімді емес, сондықтан қыста қала тұрғындары арасында, сондай-ақ шөлді аймақтарда оларды толығымен ығыстырған бәсекелестері пайда болды. Кішкентай, тегіс, шеттері дөңгеленген дәретхана тастары — мысырлықтар мен ежелгі гректерге-ақ таныс еді. Мұндай тастар кейбір мұсылман халықтары арасында әлі де міндетті дәрет алудың алдындағы тазартудың бірінші сатысы үшін ең дәстүрлі зат ретінде қолданылады, тастар пайдаланылғаннан кейін де жақсылап жуылады (кейбір хадистерге сәйкес, суға қол жетімділік болмаған кезде, денені құрғақ және таза құммен тазартуға рұқсат етілді). Оңтүстік-Шығыс Азия тастың орнына таяқшаны таңдады. Айта кететіні, мұндай таяқшалар көп жағдайда бірнеше рет қолданылған, сондықтан гигиена тұрғысынан тастар олардан ұтымдырақ болды, ағаш, сайып келгенде, тастан гөрі нашар жуылады.
Екінші жағынан, Қытайдың көптеген тропикалық аймақтарында бұтаққа қарағанда тасты табу әлдеқайда қиын, сондықтан таяқшалардың бұл аймақта таралу себебі түсінікті. Олар онда ерекше ұзақ уақыт бойы, өткен ғасырдың басына дейін қолданылды. Сонымен қатар Қытай (одан кейін Корея мен Жапония) қағаздың тамаша гигиеналық қасиеттерін әлдеқашан ашып, оны да мейлінше пайдаланды. Шенеунік және жазушы Ян Чжитуйдің (б.д. 531–591 жж.) хаты сақталған, онда ол осы іс үшін кітаптарды қаншалықты мұқият таңдайтынын, мұндай мақсаттар үшін «бес классиктың дәйексөздері не түсініктемелері немесе данышпандардың есімдері» бар қағаздарды өзіне ешқашан пайдалануға рұқсат етпейтінін хабарлайды. Бірақ, төрт жүз жылдан кейін де дзен-буддизм тіректерінің бірі, ұстаз Юнмэнь Вэньянь монахтың Будданың не екенін сұрағанда: «Қолданылған сүрту-таяқшасы — міні осы Будда», – деп жауап берді. (Құрметті ұстаз күпірлік айтқан жоқ, осылайша ол шәкіртке Ғаламдағы барлық нәрсенің бітпестігі мен шексіздігін шынайы түсінумен салыстырғанда сөздер мен мағыналардың маңызды еместігі туралы идеяны жеткізуге тырысты).
Шын мәнінде, Қытай классикалық трактаттар беттерін емес, арнайы дәретхана қағазын ең кеш дегенде Мин дәуірінде-ақ (14 ғ.) даусыз қолданды және шығарды — 1391 жылы императорлық сарайға жұмсалған шығындар туралы жазбалар сақталған: онда екі түрі бар дәретхана қағазы көрсетілген: сарай қызметкерлері үшін нашарырақ түрі және ең жақсы, қалың, оған қоса хош иістендірілген, сары қағаз — император жанұясының мүшелеріне арналған.
Бұл уақытта еуропалықтар нені пайдаланды — айтарлықтай бұлыңғыр мәселе. Сол дәуірдегі христиан мәдениеті мұндай тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауға аса ықылас танытпады. Тек кейінірек, кемелденген Қайта өрлеу дәуірінің келуімен біз Рабленің жұмсақ қаз балапаны туралы біліп аламызi
Әттең, өзінің күнделікті өмірінен ешқандай ақпаратты жазудан қымсынбаған керемет Рим дәуірі өткенге кетті — осы ашықтықтың арқасында біз, мысалы, Римнің қоғамдық дәретханаларында ксилоспонгиялардың болғанын білеміз, бұл таяқшаларға байланған теңіз губкаларының бөліктері, олар оны қолданғаннан кейін келесі келушілер үшін сірке суы немесе тіпті жай суы бар ыдысқа салатын. Сондықтан жаппай дизентерияның Римге жиі келушісі ғана болмай, ол сонда өмір сүргені таңғаларлық емес.
17–18 ғасырларда Еуропада дәретхана қағазы әлі болған жоқ, дегенмен дәл осы материалды белгілі мақсатпен көбірек адам пайдалана бастады. Бірақ қағаз дәретхана үшін арнайы жасалмаған, ол үшін қағаз орамдары мен ескі хаттар жұмсалды. Ал арзан баспа және мерзімді басылымдардың таралуына байланысты әжетханалардағы ең керекті аспаптарға арналған жәшіктер кесілген газеттер мен жарнамалық брошюралармен толтырылды.
Нақты дәретхана қағазын бірінші өндіруші болып американдық Джозеф Гайети саналады, ол 1857 жылы жұмсақ қағаз жасап, оны төртбұрыштап кесіп, буып-түйіп, өте жоғары бағаға сату идеясын ұсынған кәсіпкер. Дегенмен Гайетидің қағазы арзан болуы мүмкін емес еді — ол жарнамаға өте жігерлі инвестиция салып, тұтынушыны газет қағазындағы қорғасынның қауіпті зиянымен қорқытты. Көтеуден бастап ісіктерге, бедеулікке және түсік тастауға дейін бәрі адамдардың баспасөзді дененің оған арналмаған жағын қолданудың қасіретті әдетімен түсіндірілді. Қазір, бұл әдейі өршеленген сұмдықтар, былайша айтқанда, күмәнді болып көрінеді, бірақ Гайети өз мақсатына жетті: көптеген үрейленген ипохондриктер мен уайымдаған аналар нашар сапалы қағаздың жұқа бумасы үшін 50 центті бұдан былай тым қымбат деп санамады. Бизнесмендердің көбі Гайетидің ізін қуды — дәретхана қағазы бума, кітап және сөмкелеп сатылды, ал 19 ғасырдың соңында ең ыңғайлы болып шыққан орамдар да пайда болды. Отыз жылдан кейін, 1928 жылы неміс Ханс Кленк жыртылу оңай болуы үшін тесігі бар орамдарды жасау идеясын ұсынды, содан бері дәретхана қағазы бізге таныс пішінде бар. Алда кішігірім ғана жақсарту: жұмсарту, ағарту, көп қабаттылық және тез бату және еріту мүмкіндігі, бірақ жалпы алғанда, перфорацияланған дәретхана қағазының айнымас және сенімді орамы жүз жылға жуық уақыт бойы өзгеріссіз қалуда.