ЕКІ АВТОНОМИЯНЫҢ ТАРИХЫ

Революция кезіндегі Орталық Азия (1917–1918)

~ 11 мин оқу

Коллаж / Qalam

1917 жылы Орталық Азияда екі автономия жарияланды: Қоқанда қарашада — Түркістан автономиясы, Орынборда желтоқсанда — Алаш Орда құрылды. Бұл екі құрылымның Өзбекстан мен Қазақстанның ұлттық тарихнамасындағы орны айрықша. Белгілі тарихшы Адиб Халид қос автономияның бастауы мен өзара қарым-қатынасы қандай болғанын  түсіндіреді.

Мазмұны

Бүгінде Орталық Азия тарихы көбіне ұлттық нарративтер аясында жазылып жатыр. Бұл тарихтағы шынайы байланыстар мен тоғысуларды көмескілетіп, сол дәуірде түрлі қайраткерлер әрекеттескен ортақ саяси және зияткерлік кеңістікті елеусіз қалдыруы мүмкін. Әсіресе 1917 жылдың аса күрделі де құбылмалы болғанын естен шығармаған абзал: алғашқыда аспандаған үміт әп-сәтте күйреп, оның орнын күйзеліс басқан шақ болатын.

Алаш пен жәдидтер

Екі автономия да патша тұсында қалыптасып үлгерген топтардың бастамасымен жарияланған. Олардың көзқарасы түйіскен тұстары өзге мұсылман қоғамдарындағы қайраткерлердің ғана емес, 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басындағы бүкіл отарланған әлемнің мұратымен астасып жатқан. Бұл топтардың бәрін «біз неге отар болдық?» деген бір-ақ сауал мазалаған еді.

Сол кездегі ең ықпалды топтардың бірі — мұсылман модернистері еді, олар бұл сұрақтың жауабын Еуропаның пәрменін арттырған заманауи білім мен машықтарды меңгеру қажеттігінен іздеді. Дегенмен ұстанымы ортақ бола тұра, модернист топтардың алдынан шыққан мәселелер жергілікті жағдайға қарай әрқилы болатын.

Ресей империясындағы мұсылман модернизмі бастауыш білім беру ісін реформалауға ден қойып, оның басты шарты фонетикалық тәсілмен, — «жаңа әдіспен» (усул-и жадид) сауат аштыру керек дейтін. Осы «жаңа әдісті» ұстанған мектептердің атынан шыққан қозғалыс жәдидшілдік аталып кетті. Жәдидтер прогресс пен өркениетті бүкіл адамзатқа ортақ, әмбебап, қай қоғам да қол жеткізе алатын әрі бәріне қажет құбылыс деп білетін. Ал «надандық пен немқұрайлықтың» кесірінен сол жолға ілесе алмай қалған қауымдар ақыры отарлаушылар езгісіне түсіп, шетқақпай күй кешуге мәжбүр болады дейтін.

«Мұсылман әйелдер! Патшалар, билер және хандар сіздің хақыңызды тартып алды». Әзербайжан газеті, Баку, 1921 жыл / Mardjani Foundation

Ресей империясында саяси ұйым құру мүмкін болмағандықтан, жәдидтердің қызметі мұсылман қоғамына бағытталды. 1906 жылы Мунаууар қари Абдурашидханоғлы «Болмысымыздың барлық саласын өзгертуіміз керек» деп жазады. Сол арқылы діни ғұрыптарды жаңартуды, қайырымдылық қоғамдары арқылы қоғамдық қатынастардың жаңа түрлерін енгізуді, әдебиеттің жаңа жанрларын, театрды дамытуды көздеген. Жәдидтер әйелдің қоғамдағы орнын өзгертуге де күш салып, «оқыған әйел үздік ана, қоғамның толыққанды мүшесіне» айнала алады деп сенді. Олардың сүйікті метафорасы — «оянған қоғам» еді: қоғам надандық пен енжарлық ұйқысынан оянып, әлемдегі өз орнын иеленуге тиіс еді.

Әбдірауф Фитрат (ортада) әріптестерімен. Бұхара, 1908 жыл / Wikimedia Commons

Алайда Түркістанның ірі жәдидтері — Мунаууар қари, Махмұдқожа Бехбуди мен Әбдірауф Фитрат, ислами білім жүйесінен шыққан-ды. Олар Татарстан, Кавказ және Осман мемлекетінің мұсылман зиялыларымен тығыз байланыс орнатты. Жәдидтер заманауилыққа ден қойып, білім мен ғылым арқасында прогреске жеткен елдерді — Ресейді, Еуропа мемлекеттерін, Жапонияны оң бағалады. Мәселен, Фитрат өзінің «Бұхара мударрисі мен еуропалықтың айтысы» (1911) деген трактатында британ ғалымын басты кейіпкер етіп алып, еуропалық оқымысты дәстүршіл діндарға заманауи білімді меңгеру қажеттігін дәлелдейді.

Фитраттың «Давраи ҳукмронии Амир Олимхон» («Әмір Әлім ханның дәуірі») кітабының мұқабасы. Ташкент-Сталинабад, 1930 жыл / mytashkent.uz

«Алаш» қозғалысы жәдидтермен салыстырғанда басқаша жағдайда қалыптасты. Оның өкілдері де халықты рухани серпіліс пен «оянуға» үндеді, сол идеяның көркем символына арналған Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі — 20-ғасыр басындағы жаңа қазақ әдебиетінің аса көрнекті туындыларының бірі. Дегенмен «Алаш» көшбасшыларының көбі орысша білім алған, Ресейдің саяси құрылымын жақсы меңгерген тұлғалар болатын. Оларды алаңдатқан ең өзекті мәселе — қоныстандыру арқылы жүргізілген отарлау, яғни империяның жергілікті халық үшін тым «артық» деп санаған қазақ жерлеріне орыс және украин шаруаларын көшіріп апаруы еді. Сол себепті оларға жәдидтер жасаған «Еуропаның идеал бейнесі» қол емес болатын. Олар көбіне Ресей империясының өз ішінде «бұратана» деп шетқақпай көрген қазақтарға қатысты құқықтық шектеулерді жұмсартудан үмітті еді. Алайда патша тұсында қандай да бір саяси ұйым құрудың өзі мүмкін болмағанын айтып өттік.

1917 жылғы эйфория

1917 жылғы наурызда ІІ Николай тағынан бас тартып, Романовтар әулетінен бақ тайғанда бүкіл Ресей империясында бұрын-соңды болмаған рухани серпіліс тудырды. Орыс еместер үшін бұл — азаттық алатын сәт әрі жаңа Ресейде өз орны мен мәртебесін қайта қарайтын мүмкіндік іспетті көрінген. Бас көтерер дегеннің бәрі білек сыбанып шыға келді. Ташкентте ақын Сирожиддин Махдум Сидқий «Жаңа еркіндікті» дәріптеген көлемді жырын жариялады. Өлеңнің алғы сөзінде ол былай деп жазды:

Азаттық заманы келді, әділет шуағы жер-жаһанды нұрға бөлеп тұр. Алауыздық құрсауы саналардан шайылды. Махаббат пен шындықтың дәуірі келді... Сол қуанышты күндер қашан туар екен деп тағатсыз халдеміз. Енді алдамшы ойдан арылып, ең басты мұрат — бостандық алаңында шат-шадыман өмір сүру жайлы ойлану керек.

Жырдың жалғасы: «Бізге, дәрменсіз бодандарға азаттық әкелген жаңа әділетшіл өкімет жасасын!» – деген қайырмаға ұласатын.

Сол кезде қазақ интеллигенциясы өкілдері:

«Ресей халықтарының бәріне азаттық, теңдік пен бауырластық таңы атты. Қазақтар жаңа тәртіп пен жаңа өкіметке қолдау болардай ұйысса керек. Жаңа тәртіпті қолдайтын ұлттардың бәрімен жұмыла жұмыс істеу керек», – деп жүрді.

Бұл кезеңді жәдидтер де, «Алаш» өкілдері де қоғамды қайта жаңғыртсақ деген арман-мұраты іске асатын тарихи мүмкіндік деп білді. Қол жетпес нәрсе жоқтай көрінетін! Уақытша үкімет сол тұста бірқатар заң шығарып, сословие, дін және ұлт деген шектеулердің бәрін алып тастап, жиырмадан асқан азаматтардың бәріне, тіпті әйелдерге де сайлау құқығын беріп жатқаны да бекер емес. Орталық Азия тұрғындары жаңа Ресейдің толыққанды азаматтарына айналды.

Алаш партиясының мүшелері / ҚРОМКФДЖА

Түркістан қалаларында түрлі мәдени, саяси, діни қоғамдар бой көтеріп, нағыз ұйымдасу ошақтары басталды. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, баспасөз жанданып, жаңа газеттер шыға бастады. Саяси белсенділікті үйлестіру үшін «Шуро-и Исламия» (Мұсылмандар кеңесі) деген ұйым құрылды. Төңкерістен кейін алты апта өтер-өтпесте, сәуірдің ортасында, Ташкентте Түркістан өлкелік мұсылмандар съезі өтті. Империяның әр түкпірінде өткен басқа жиындар сияқты, бұл съезд де делегат сайлау жағынан нақты ережеге сүйенген жоқ: делегаттарды түрлі ұйымдар ұсынды, кейбірі ерікті болып келді. Қызу пікірталастан кейін съезд Түркістанға демократиялық, федерациялық Ресей құрамында кең ауқымды аумақтық автономия беруді қолдап дауыс берді.

Түркі және Кавказ халықтарының Польшадағы саяси эмиграциясының басшылары. Отырғандар (солдан оңға): Магомет-Гирей Сунш, Джафер Сейдамет Кырымер, Ғаяз Исхаки, Мамед Эмин Расулзаде. Тұрғандар (солдан оңға): Мұстафа Шоқай, Мұстафа Векилли, Таусұлтан Шакман / Wikimedia Commons

Айта кетері — съезд Ресей империясының Түркістан өлкесі атынан өткені. Бұл өлке құрамына қазақ жерлерінің едәуір бөлігі енгенімен, Бұхара мен Хиуа кірмейтін. Автономия аумақтық негізде құрылатын болған, ал аймақтың тағдырын Түркістан халқының өзі — демократиялық жолмен шешуге тиіс еді.

Дәл осы кезеңде қазақтар арасында, географиялық орталығы солтүстікке қарай орналасқан тағы бір қозғалыс қалыптасып жатқан. Бірқатар жергілікті жиынның қорытындысы ретінде 1917 жылғы шілдеде Орынборда Бірінші Жалпықазақ съезі өтіп, Орталық Азиядағы қазақ қауымдастықтарының бәрінен, соның ішінде Түркістан өңірінен де делегаттар жиналды. Съезд: «Ресей демократиялық, парламенттік республикаға айналуы керек», ал «қазақ облыстары аумақтық-ұлттық автономия алуға тиіс» деп қарар қабылдады. Бұл ұстаным Түркістан съезінің шешіміне жақын келгенімен, қазақ қарарында «Ресей федерациялық сипатта болсын» деген нақты талап қойылған жоқ. Оның үстіне «қазақ облыстары» ұғымы Дала өлкесіне де, Түркістанға да қатысты болуы мүмкін еді. Съезд төңкерістің басты үміті саналған Құрылтай жиналысына сайлау маңызды екенін де атап өтіп, сайлау тізіміне қосу керек деген кандидаттар тізімін бекітті.

Жолайрықтағы тағдыр

Ақпан төңкерісінің эйфориясынан кейін көп азамат мойнына бірнеше міндетті қатар артуға мәжбүр болды. Қазір қарап отырып, қаладан қалаға жүріп, бір жиыннан басқасына жетіп, бірнеше міндетті қатар атқарған сол жандардың құлшынысы мен қуатына қайран қалмау мүмкін емес.

Мұстафа Шоқай ол кезде Петроградта, IV Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы құрамында қызмет атқарып жүрген. Перовск (қазіргі Қызылорда) маңындағы ауқатты қазақ әулетінде дүниеге келген ол Петербор университетінің заң факультетінде білім алған. Төңкерістен кейін іле-шала алғашқы пойызға қарғып мініп, Ташкентке аттанды. Сол сияқты, түркі бірлігі идеясын қолдайтын жас башқұрт ғалымы Ахмет Заки Уәлиди де Ташкентке жол тартты. Екеуі де Түркістан мұсылмандарының бірінші съезінде маңызды рөл атқарды.

Ахмет Заки Уалиди. 1919–1920 ж.ж. / Wikimedia Commons

Төңкеріс бұрын «бұратана» саналған халықтардың өкілдеріне саяси мінбер бергенімен, биліктің тіл шекарасын кеңейткен жоқ. Даусым бүкіл елге естілсін дегендер амалсыздан орысша сөйлейтін. Ал Түркістан жәдидтерінің көпшілігі орыс тілін еркін меңгермегендіктен, жаңа саяси кеңістікке батыл араласа алмады. Сол себепті өкіметпен қарым-қатынаста негізгі рөл Убайдулла Қожаев пен Тошпулатбек Норбутабеков сынды бірен-саран орысша білім алған түркістандықтардың мойнына түсті. Түркістандық қазақтардың, соның ішінде Мұстафа Шоқайдың да, орны айрықша болды. Сөйтіп, 1917 жылғы Түркістандағы саяси орта — жәдидтер мен бұрын олардай мәдени реформаларға көп араласпағанымен орыс тілін меңгерген өзге мұсылмандардың одағына айналды.

Әрине, Алаш қозғалысының саясатында Түркістан қазақтары да елеулі рөл атқарды. Шілдеде өткен Жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына ұсынылатын кандидаттар тізімі бекітілді. Бұл тізімге Түркістанның саяси өміріне білек сыбана араласқан қазақ қайраткерлері — Мұстафа Шоқай мен Санжар Асфендияров енді. Сондай-ақ бұл қатарда Алаш қозғалысына жақын өзге ұлт өкілдері — Убайдулла Қожаев пен Вадим Чайкин де жүрген.

Отарлаушы төңкеріс

Алайда Түркістан және Жалпықазақ съездерінің автономия боламыз деген үмітке толы шешімі шын мәнінде жүзеге аспай қалды. 1917 жылғы күзге қарай бұрынғы Ресей империясы аумағында заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп күйрей бастады, ал төңкеріс біртіндеп мемлекеттің ыдырауына ұласты.

Алаш партиясының мүшелері / ҚРОМКФДЖА

Түркістанда орталық үкіметтің ықпалы лезде әлсіреп кетті. 31 наурызда Ташкент жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі генерал-губернатор Алексей Куропаткинді тұтқындап, оны Петроградқа жер аударып жіберді. Уақытша үкімет Түркістан комитетін Түркістан өңіріндегі өз өкілі қылып тағайындады. Оның тоғыз мүшесінің төртеуі мұсылман, арасында «Алаш» қозғалысының екі көрнекті қайраткері — Дала өлкесіндегі Семей облысынан шыққан Әлихан Бөкейхан мен Жетісудан шыққан Мұхамеджан Тынышбаев та болған. Алайда бастан-аяқ орыс және басқа еуропалық ұлт өкілдерінен құралған Ташкент кеңесінің бітімге келмес оппозициялық ұстанымының кесірінен комитет нәтижелі жұмыс істей алмады. Соның салдарынан Түркістан 1919–1920 жылғы қыста өлкеде Қызыл армияның билігі толық орнап болғанға дейін екі жарым жылға Петроград пен Мәскеуден ажырап қалды.

Мұхамеджан Тынышбаев (сол жақтағы) / ҚРОМКФДЖА

Ол арада өлкенің өзіндегі оқиғалар өз кезегімен өрбіп жатты. Бүкіл Орталық Азияда орыс халқы кеңестер құрып ұйымдасып, аймақта атымен жоқ пролетариаттың атынан билікті басып алуға кірісіп, отарлаушы сипаттағы төңкеріс жүріп жатқан.

Ташкентте жергілікті Кеңес қыркүйекте-ақ әскери төңкеріс жасауға талпынып көрген, оны орталық өкімет әскер жіберіп жаншып тастайды. Алайда 1 қарашада Уақытша үкіметке адал жасақтарды қиян-кескі ұрыста талқандап, Кеңес билікті толық қолға алды да, іле-шала «жергілікті халық арасында пролетар тап ұйымдары жоқ» болғаны себепті, мұсылмандарды аймақ өкіметінің жоғарғы органдарына араластыру орынсыз деп жариялады. Осы сияқты негізінен орыс және украиндардан құралған кеңестер кейін Дала өлкесінің қалаларында да билігін орната бастады.

Шамамен сол кезеңде Петроградта өткен Екінші Бүкілресейлік Кеңестер съезінде большевиктер кеңестер атынан билікті күшпен басып алды. Оларды өзге социалистік партиялар революцияны ұрлады деп айыптады. Осы тұста есте тұтар бір жағдай: Ресей революциясы мен Кеңес өкіметі — екі бөлек ұғым. Шын мәнінде, өкімет басына большевиктердің келуі — Ақпан төңкерісіндегі уәделерден ашық бас тартумен бірдей болатын.

«Дихан: Бұларды таңдамаңыз, олар сізге жау болды, жау болып қалады». Ташкент, 1920 жылдар / Mardjani Foundation

Сол опасыздықты көрген «Шуро-и Исламия» жаңа мұсылмандар съезін шақырды. Бұл жиынды Ташкенттен алыстау жатқан Қоқанда өткізетін болды. Съезд Ақпан төңкерісінің уәделеріне сүйеніп, Түркістан автономиясын жариялады:

«Түркістанның Уақытша үкіметі Түркістанды Ресей Федеративтік демократиялық республикасы құрамындағы аумақтық автономия деп жариялайды. Ол Түркістан Құрылтай жиналысына автономияның сипатын айқындау құқығын береді және бұл жиналысты барынша тез арада шақыру қажеттігін мәлімдейді. Сонымен қатар Түркістанда тұратын аз ұлттардың құқығын қорғауда аяну болмайтынын салтанатты түрде жариялайды».

Түркістан ресми түрде Ресей мемлекетінің бір бөлігі болып қала берді, тек енді кең көлемді аумақтық автономия болады деді. Автономия жобасында көзделген аймақтық Құрылтай жиналысында орындардың үштен бірі (аймақ халқы арасындағы нақты үлесі айтарлықтай аз бола тұра) мұсылман еместерге берілетін болды. Он екі адамнан құралған Уақытша үкімет құрамына «Шуро-и Исламияға» ашық қарсы шыққан Ташкент діни көсемдерінен өзге түрлі бағыттағы мұсылман қайраткерлері кірді. Түркістан автономиясының тұңғыш премьер-министрі болып Мұхамеджан Тынышбаев тағайындалған, алайда көп ұзамай ол Орынборға аттанып, онда 1917 жылғы желтоқсанда өткен Алаш қозғалысының Екінші Жалпықазақ съезіне қатысты. Оның орнына премьер-министр қызметіне тағы бір қазақ қайраткері — Мұстафа Шоқай тағайындалды.

Екінші Жалпықазақ съезі де қазақтар қоныстанған өңірлерде ұлттық автономия орнайды, ол өңірлер де Ресей федерациясының құрамына өзге ұлттармен тең құқылы болып енуге тиіс деп жариялады. Съезд жаңа үкіметтің атқарушы органы — «Алаш Орда» құрылады деп қарар қабылдап, онда қазақ еместердің де өкілдігі болатынына кепілдік берді: Алаш Орда кеңесіндегі 25 орынның оны өзге ұлт өкілдеріне қалдырылды. Үкімет басы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Съезд жұмысына Мұстафа Шоқай да белсене қатысты.

Алаш партиясының мүшелері / ҚРОМКФДЖА

Екі автономияның да концепциясы Ақпан төңкерісіне және Уақытша үкіметтің либералдық жарлықтарына сүйеніп, сол идеалдарды большевиктердің басып алуына қарсы тұрды. Екеуін құрған қайраткерлердің бәріне ортақ мұрат — большевиктердің опасыздығына қарамастан Ақпан төңкерісінің уәделерін сақтап қалып, іске асыру еді. Дегенмен олардың ешбірі сол күреске толық дайын болмай шықты.

1917 жылы «Шуро-и Исламия» да, Алаш қозғалысы да толық тәуелсіздік туралы ойлаған жоқ, бұл тұрғыдан Ресей империясының құрамындағы (аумағын Германия басып алған) поляктардан өзге бір де бір ұлт тобы ондай қадамға ұмтылмаған. Бұл ұстанымның саяси себебі болды: Орталық Азиядағы қару да, әскер де, демек нақты күш те әлі де орыстардың қолында болатын. Бұған қоса, империя әкімшілігінде жергілікті халық өкілдері жоқтың қасы болғандықтан, болашақ тәуелсіз мемлекеттің бюрократиялық құрылымын жасақтайтын кадр тапшы еді.

Түркістан автономиясы жарияланғанына он жыл толғанда, сол кезде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай Қоқан съезінде Түркістанның не әскері, не мемлекеттік аппараты болмағандықтан, ешкім де толық тәуелсіздік идеясын қолдамағанын жазған. 1917 жылы тәуелсіздік туралы ойдың өзі орындалмас арман болып көрінсе керек.

Эпилог

Ташкент Кеңесі Түркістан автономиясын ұлттық буржуазияның авантюрасы деп атап, оны жергілікті халықты алдарқату, орыстар басқарып отырған революцияға қарсы шығу әрекеті деп бағалаған. Кеңес алғашқы күннен-ақ мазақ пен кемсіту риторикасын таңдады. Қажет ресурс жиналған бойда, Қоқанға әскери жасақ жіберілді. Түркістан автономиясының қолында дербес әскери күш болмады, әрі Қоқан Кеңесі оған бағынбады. Соның салдарынан Ташкенттен келген қызыл гвардияшылар автономия үкіметін жойып, тойтара жеңгені үстіне, ескі қаланың едәуір бөлігін қиратып тастады. Осыдан кейін Ташкент Кеңесі бүкіл Түркістанда билік өз қолына өткенін жариялап, Түркістан автономиясының үкімет мүшелерін заңнан тыс деп танып, жаппай тұтқындау науқанын бастады.

Кеңестік Шығыс үшін: Қызыл Армияның 10 жылдығы. 1928 жыл / Ресейдің қазіргі заман тарихының мемлекеттік орталық мұражайы / Flickr

Алаш Орданың өмірі Түркістан автономиясына қарағанда ұзақтау болды. Бұған негізгі себеп — Ташкенттен бір айырмасы, Қазақ даласында кеңес билігінің орнығып үлгерген тұрақты орталығы болмаған-ды. Еуропалық ұлт өкілдері басым кеңестер қалаларда бақылау орнатқанымен, олардың өкіметіне бірден Ақ гвардияшылар қарсы шықты. Сол ахуал Алаш Ордаға саяси айла жасауға мүмкіндік берсе, Түркістан автономиясында ондай кеңістік болған жоқ.

Алаш Орданың билікке талпынысына ақтардың да, большевиктердің де таласы болған соң, олардың өкімет орнату мүмкіндігі тым шектеулі болып қала берді. 1918–1919 жылдары Алаш Орда өз милициясын құрып, ақтар жағында соғысады да, 1919 жылы большевиктер даланы біртіндеп басып ала бергенде, Алаш қайраткерлері олармен келіссөз бастауға мәжбүр болды. 1920 жылғы қаңтарға қарай Алаш Орда мен большевиктер арасында тактикалық келісім жасалып, Алаш ұйымдары кеңестер мен партия құрылымдарына қосылды, ал көрнекі көшбасшылары кеңес әкімшілігінде лауазымды қызметтерге кірісті. Сол жылғы қазанда Кеңестер РСФСР құрамындағы аумақтық автономия — Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын жариялады.

К.Рамзиннің «Орталық Азиядағы революция» кітабынан ұлттық межелеуге дейінгі және одан кейінгі Орталық Азия республикалары мен облыстарының картасы. 1928 жыл / Wikimedia Commons

Түркістанда да 1918 жылы осыған ұқсас үдеріс басталды. Мәскеудегі орталық үкімет Ташкенттегі орыс коммунистерінің әрекетіне көңілі толмай, Петр Кобозевті өз өкілі қылып сонда аттандырды. Ол Ташкент Кеңесіне жаңа сайлау өткізіп, мұсылмандарды билік құрылымдарына қоса алды. 1918 жылғы сәуірде өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде Қоқанда 1917 жылғы қарашада жарияланған автономияның кеңестік баламасы — Түркістан Кеңестік Республикасы құрылғаны жарияланды.

Осылайша 1920 жылға қарай Алаш Орда да, Түркістан автономиясы да жойылып, олардың орнын кеңестік үлгідегі құрылымдар басты, ал 1917 жылғы төңкерістен туған үміт түбегейлі күйреп тынды.

Көшірілді