ЭНДИ УОРХОЛ

Өмір сүру салты

Энди Уорхол өзінің шеберханасында/Brownie Harris/Corbis via Getty Images

Энди Уорхол (1928–1987) — америкалық суретші, өнердің идеологиясын қайта ой елегінен өткізген жиырмасыншы ғасырдағы поп-арттың көрнекті өкілі.

Мазмұны

ӨЗІҢДІ ЖҰРТҚА ҚАЛАЙ КӨРСЕТУ ХАҚЫНДА

Егер көптің көзіне жұлым-жұлымы шыққан жан секілді көрінсеңіз, бірақ қалтаңызда он бес долларыңыз болса, онда жұртқа ақшаңыз бар екенін ұқтырсаңыз болады. Ол үшін бар болғаны шарап сататын дүкенге кіріп, бір шөлмек шампан сатып алсаңыз жеткілікті.

Энди Уорхол шеберханасында газет оқып отыр/Photo by Santi Visalli/Getty Images

БОЛМЫСТЫҢ ОСАЛДЫҒЫ ХАҚЫНДА

Бірде әлдеңені сындырып алдым. Сосын өмірімнің қаншалық сынғыш екенін жадымда тұту үшін жетісіне бір қандай да бір затты сындырып тұру қажет екенін ұқтым.

ӨМІРДІ ҰЗАРТУ ХАҚЫНДА

Өмір сүру жасы ұзарғандықтан, сәби қалпымыздың да ұзарғанын қалар едім. Жұрт секс жөнінде он бес жасында біліп, отыз бесінде қайтыс болған заманда, әлбетте, мәселе көп туындамағаны анық. Алайда секс туралы сегіз жасында құлағдар боп, сексен жасқа дейін өмір сүретін замандастарымның жағдайы мәз емес. Бұл миға қондырып алған бір ғана идеямен өмір сүру үшін тым ұзақ уақыт.

БЕЙІМДІЛІК ХАҚЫНДА

Нағыз туындыгер жұртқа керек емес дүниені тудырады. Бірақ ол осы бір өнерін халыққа паш ету керегін сезеді. Оның маңдайына жазылғаны осы.

Энди Уорхол/Photo by Derek Hudson/Getty Images

ҚАРЫЗ ХАҚЫНДА

Адамға қарызын қайтарып берген соң, ол жанды кездейсоқ кезіктіріп қалмайсың. Бірақ қарызды қайтармай тұрғаныңда қайда қарасаң да сол кісі жүретіні қызық.

ДЕМАЛЫС ХАҚЫНДА

Жексенбіні жек көремін. Өйткені бұл күні кітап және гүл дүкендерінен басқаларының бәрі жабық тұрады.

Энди Уорхол таңғы аста шампан ішіп отыр/Photo by Derek Hudson/Getty Images

РИМ ХАҚЫНДА

Қазір Италияда тамақ пен киім-кешектің көп түрін шығарды. Бірақ аталған екеуден бөлек адамға тағы баспана керек. Италиялықтар баспана соқпайды, өйткені бәрі бұрын салынып қойған. Осыдан келіп Римде — әйелдер тамақ пісіретін ас үйінен және киім тігетін фабрикалардан шықпайды, ал еркектер қол қусырып қарап отырады. Өйткені ғасырлар өтсе де бұзылмайтын қажетті ғимараттардың бәрі соғылып қойған!

Энди Уорхол, Милан, 1987 жыл, қаңтар/Leonardo Cendamo/Getty Images

РИМ ПАПАСЫ ХАҚЫНДА

Атым шықты деп менменсіне бастасам болғаны, міндетті түрде әлдебіреу шығып ешкім емес екенімді бетіме басады. Рим папасы VI Павел — міне ғасырлар бойына аты өшпейтін нағыз танымал тұлға.

МАХАББАТ ПЕН СЕКС ХАҚЫНДА

Махаббат маманы дейтін курс ашып алған жөн болар еді. Өмірде сұлулық, махаббат пен секске үйрететін курстар қажет және махаббат бұл курстағы негізгі пән болуы тиіс. Осыған дейін балаларға үлкендер қалай жыныстық қатынасқа түсетінін көрсетіп, оларға махаббат деген мағынасыз дүние екенін түсіндіру керек деп ойлап келдім. Бірақ ешкім олай жасамайды, өйткені махаббат пен секс — бұл нағыз бизнес. Қалай болмасын экран жақтауының ішіндегі және кітап бетіндегі секс, адамды төсектегі нағыз секске қарағанда қатты қоздырады. Сондықтан балалар секс жөнінде оқып, сосын шынайы өмірде істе асырып көрмекке ұмтылғанда, оларға өміріндегі ең қызықты кезең келмеске кеткенін баян етіңіз. Өйткені секс дегеніңіз бар болғаны оны бар ынтаңмен қалаған уақыттарды аңсау ғана екенін ұмытпағайсыздар.

Энди Уорхол өзінің «Фабрика» шеберханасында. 1968 жыл/Jack Mitchell/Getty Images

ФОТОСУРЕТ ХАҚЫНДА

Сапалы суреттерді тек таңғы төртте ғана түсіруге болады. Бірақ өкініштісі, мен түнгі он екіде жатып қаламын.

Энди Уорхол «Chelsea Girls» фильмінің түсірілімінде, 1966 жылғы 4 мамыр, Нью-Йорк/Santi Visalli/Getty Images

ЖЕЗӨКШЕЛІК ХАҚЫНДА

Егер мен «түнгі көбелекке» барар болсам, оған анекдот айтып беруі үшін ғана ақы төлер едім.

ЗОРЛЫҚ ХАҚЫНДА

Кейбір көзі ашық оқыған адамдардың өзі зорлық көркем болуы мүмкін деп жатады. Бұл сөзді ешқашан түсіне алған емеспін, өйткені сұлулық дегеніміз бұл қандай да бір сәт қана және мен үшін сондай сәттер зорлықпен былғанбауы керек.

ЗАМАНАУИ ҚҰНДЫЛЫҚ ХАҚЫНДА

Қазіргі уақытта тіпті алаяқ болсаң да, жұрт сенімен санасатын болады.

Энди Уорхол, Милан, 1987 жыл, қаңтар/Leonardo Cendamo/Getty Images

ИДЕЯЛАРДЫҢ ТУЫНДАУЫ ХАҚЫНДА

Жұрттан еш қымсынбастан: «Ненің суретін салайын?» деп сұрап келдім. Өйткені поп-артқа идеялар тек сырттан ғана келеді. Сол үшін идеяны әлдебіреуден естіп я журналдан қарай салғанның арасында еш айырма жоқ деп ойлаймын.

ТҮСІНУ ХАҚЫНДА

Бізді көпшілік дұрыс түсінбей келді. Өйткені олар бізді ісімізге берілген, тірлігіне байыпты түрде қарайтын жандар деп ойласа керек. Ал іс жүзінде олай емес. Біз олай істейтін интеллектуал емеспіз ғой!

АНДЕРГРАУНД ХАҚЫНДА

Менің тудырған өнерімді андерграунд деп санауға келмейді, өйткені мен ұдайы жұрт алдында жүргенді құп көремін.

Америкалық суретші Энди Уорхол, шамамен 1970 жыл/David Lefranc/Kipa/Sygma via Getty Images

БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ ХАҚЫНДА

Кейде адамдар бір ғана мәселенің ұзақ жылдар бойына өмірінің тас талқанын шығаруына мүмкіндік беріп жатады. Ал оның орнына жай ғана: «Онда тұрған дәнеңе жоқ» десе де болады. Бұл менің ең сүйікті ұранымның бірі.

Анам мені жақсы көрмейді. Онда тұрған дәнеңе жоқ.

Күйеуім мені сүймейді. Онда тұрған дәнеңе жоқ.

Үлкен жетістікке жеттім, бірақ сонда да жалғыз қалдым. Онда тұрған дәнеңе жоқ.

ХОЛЛИУД ХАҚЫНДА

Холлудтағылардың поп-артты қулық деп санайтыны күлкімді келтіреді. Холлиуд?! Түсінсем бұйырмасын. Сонда олар түсіріп жүрген кино шынайы дүние ме?

Энди Уорхол режиссер Пол Моррисидің «Women in Revolt» фильмінің алғашқы сахнасының түсірілімінде, 1970 жыл/Jack Mitchell/Getty Images

МІНСІЗ ДЕМАЛЫС ХАҚЫНДА

Егер менде он жылға демалысқа шығатын мүмкіндік болса, онда ешқайда барғым келмес еді деп ойлаймын. Ондай жағдайда бар болғаны бөлмеме барып, жастыққа жантайып, теледидарымды қосып, «Ритц» крекерінің және «Рассел Стоверс» конфетінің бір қорабын ашып, көше бұрышында тұрған дүңгіршектен «Тв-гид» сынды журналдың жаңа шыққан бір санын алып, сосын телефон тұтқасын алып, танитын жандардың бәріне қоңырау шалып, «Тв-гид» бойынша телебағдарламаны қарап, теледидардан не көрсетіп жатыр, не көрсетті және нені көрсететінін айтуын сұрайтын едім.

Энди Уорхол шеберханасында телефонмен сөйлесіп тұр. 1968 жылғы 5 мамыр/Santi Visalli/Getty Images

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙ ХАҚЫНДА

Тамақ үстінде сөйлесу менің сүйікті ісім. Меніңше, жоғары деңгейдің белгісі осы болса керек.

Энди Уорхол Нью-Йоркте, 1980/Oscar Abolafia/TPLP/Getty Images

АҚША ХАҚЫНДА

Маған ақшаны бейберекетсіз ұстаған ұнайды. Умаждап-мыжып ұстағанды жөн көремін және ондай ақшаны қағаз қапшыққа сақтаған жөн.

Энди Уорхол өзінің шығармашылығын көрсетуде. 1980 жыл, Нью-Йорк/Platzer/IMAGES/Getty Images

ТӘУЕЛДІЛІК ХАҚЫНДА

Тәуелділіктің белгілері жөнінде газеттен оқыдым және оның бәрі менің бойымда бар болып шықты.

ЖАС ХАҚЫНДА

Егер әлдебіреу менің жасымды сұраса, сексенде деп айтыңдар. Ұдайы: «Ол сексенде» деңдер.

Суретші Эдгар Аскелович өзі жасаған Энди Уорхолдың мүсінімен. 2011 жыл/Photo by Jack Mitchell/Getty Images

АМЕРИКА ХАҚЫНДА

Біздің еліміздің ең бір керемет тұсы — Америка бай адамдар да кедейлер сатып алатын заттарды иемденетін дәстүрді бастап берді. Енді теледидар экранынан кока-коланы көріп қалсаңыз, аталған сусынды президенттің де ішетінін білесіз.

БИЗНЕС ПЕН ӨНЕР ХАҚЫНДА

Бизнес — өнерден кейін орнайтын кезең.

СҰЛУЛЫҚ ХАҚЫНДА

Мына адам ұсқынсыз деп айтатындай жанды бұрын-соңды кезіктірген емеспін. Егер жұрт ұсқынсыз деп санайтын бір адам болса және оның көпшілікті күлдірте алатын бірнеше әзілі болса, онда ол жетістікке жете алады.

Америкалық модель Джейн Форт пен Энди Уорхол. 1970 жыл/Jack Mitchell/Getty Images

МОНРО ЖӘНЕ СҮЙІСУ ХАҚЫНДА

Бетіне опа-далап жақпаған әйелдерді құшырланып сүйіп алғың келеді. Мэрлиннің ернінен сүйгім келген емес, бірақ олар суретте өте әдемі көрінетінін мойындаймын.

САҚТЫҚ ХАҚЫНДА

Керемет күн. Жанымда бөгде ешкім жоқ. Жападан жалғыз жүріп, кеңсеге дейін жетуге батылым жетті. Кеңсе ішіндегі лифтің есігі ашылмай қалар жағдай туындайтын болса, сақтық үшін қолыма үшкір таяқты алып алдым. Бірдеңе боп қалса, сонымен есікті ашып аламын. Ал демалыс күндері кеңседе жалғыз болсам, ұдайы бір танысыма жұмысқа кеткенім жөнінде хабарлап қоямын.

Энди Уорхол, 1971 жыл, 9 тамыз/Pictorial Parade/Archive Photos/Getty Images

ҚАЛАУЛАР ХАҚЫНДА

Бұрын аңсарың ауған дүниеге деген құмарың басылса болғаны, ол қолыңа түседі. Бұл бұлтаруға келмейтін аксиома екеніне көзім жетті.

Энди Уорхол иті Арчимен. 1973 жыл, қараша/Jack Mitchell/Getty Images

АЛПЫСЫНШЫ ЖЫЛДАР ХАҚЫНДА

Алпысыншы жылдары жұрттың бәрі қызылды-жасылды дүниенің бәріне қызықты. Ал жетпісінші жылдары алған заттарын лақтыра бастады. Алпысыншы жылдары бәрі толып қалды. Ал жетпісінші жылдары — бәрі бос қалды;

КӘМПИТТЕР МЕН КОНЬЯК ХАҚЫНДА

Қонақ үйдегі бөлмеме көтерілсем, онда маған арнап «Леди Годива» шоколад қорабын қойып кетіпті және ондағы кәмпит салмасының бәрін жеп тастадым. Тағы бір шөлмек коньяк тұр екен. Оны да ішіп қойдым. Бөлмеде тұрған бір себет жеміс-жидектің ішіндегі кивиден де дым қалдырмадым. Тәттіге тойып, сосын, ұйықтап қалдым. Бірақ бар жоғы бір сағаттан кейін оянып кеттім.

Энди Уорхол, 1981 жыл/Photo by Nancy R. Schiff/Hulton Archive/Getty Images

ЛСД және ӘЗІЛ-ЫСҚАҚТЫ ТҮСІНУ ХАҚЫНДА

Пол11Пол Морриссиi1938 жылы дүниеге келген — Уорхолдың айналысындағы америкалық авангардист-режиссер60-жылдардағы әзіл-оспақтың дағдаруына ЛСД кінәлі деп тапқан. Пол ЛСД қабылдап, әзілдей білу қабілетінен тек Тимоти Лири ғана айрылмады деп мәлімдеген еді.

ДЖИМ МОРРИСОН ХАҚЫНДА

Джим менің алғашқы эротикалық фильмімнің кейіпкері боламын деп айтқан (ол бір қызды ертіп әкеліп, екеуі камера алдында жыныстық қатынасқа түсуі керек болған). Бірақ уақыты келгенде, ол сөзінен тайқып кетті. Дегенмен Джим маған ұдайы жылы қабақ танытып, жақсы сөйлейтін еді. Алайда, байқауымша ол жұрттың бәрімен солай сөйлесіп, уәде бере беретін секілді.

Энди Уорхол өзінің «Ваннадағы қыздар» (1967) және «Жалғыз ковбойлар» (1968) фильміне жасалған постерлерінің қасында/Jack Mitchell/Getty Images

ЕСТЕН ТАНУ ХАҚЫНДА

Есімнен танып, ұйқыға кеткен кезімде санам іске қосылатын тәрізді. Мен армандап күткен ұлы сәт осы.

ӨЛІМ ХАҚЫНДА

Осыдан он шақты жыл бұрын дүние салған болсам, культке айналған тұлға болар едім.

Энди Уорхол, 1960 жыл/Photo by Weegee(Arthur Fellig)/International Center of Photography/Getty Images

Көшірілді