ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Дәрігер, ағартушы және репрессия құрбаны

~ 10 мин оқу
ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Коллаж / Qalam

«Алаш» қозғалысының өзге де мүшелерімен бірге Халел Досмұхамедұлына да «қазақ ұлты өкілдерінен құралған астыртын контрреволюциялық ұйым» деген айып тағылып, қамауға алынды. Тергеу ісі екі жылға созылып, тергеудің бір парасы — қазақ тілінде алғаш жарық көрген ғылыми-әдеби басылым, 1923 жылы өзі редактор болып, екі санын шығарған «Сана» журналына қатысты жүрді. Тергеушілердің пайымынша, Халел өзінің «контрреволюциялық әрекеттерін» дәл сол жылдары іске асырған екен.

Мазмұны

Ашаршылық пен «Алаш»

1930 жыл. Қазақ АКСР-інде ұжымдастыру мен «кәмпеске» науқаны қызып тұрған шақ. Көп ұзамай соның салдарынан ашаршылық басталды. Түрлі деректерге сүйенсек, 1931–1933 жылдары аштықтан екі миллионға жуық адам — қазақ халқының жартысына жуығы қырылды.

Өкімет жұрттың малын күштеп тартып ала бастағанда, дала тұрғындары қарсы шығып, малын жасырып, көрші елдерге үдере көшті. Ұлттық интеллигенция өкілдерінің дені бұл науқанды құптамай, бірі ашық пікірін айтса, енді бірі наразылығын сырткөз жоқ жерде білдіріп жүрді.

Қазақстан атынан Х кеңестер съезіне қатысушылар. 1-қатар: Х.Досмұхамедұлы (сол жақта), А.Оразбаева (сол жақтан 4-ші), 2-қатар: А.Досов (сол жақта), С.Меңдешев (сол жақтан 5-ші).

Қазақстан атынан Х кеңестер съезіне қатысушылар. 1-қатар: Х.Досмұхамедұлы (сол жақта), А.Оразбаева (сол жақтан 4-ші), 2-қатар: А.Досов (сол жақта), С.Меңдешев (сол жақтан 5-ші).

Сол жылдары «қазақ ұлты өкілдерінен құралған астыртын контрреволюциялық ұйым» деген айып тағылған №2370 іс бойынша 30 адам қамауға алынды. Олардың қатарында Түрксіб құрылысын басқарған Мұхамеджан Тынышбаев, тұңғыш қазақ математик-профессоры Әлімхан Ермеков, жазушы Мұхтар Әуезов және қамауға алынған сәтте Қазақ педагогика институтында (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) проректор болған Халел Досмұхамедұлы да бар еді.

Олар әйгілі 58-баптың бірнеше тармағы бойынша айыпталды. Солардың қатарында зиянкестік (58-7) және контрреволюциялық ұйым құру әрекеті (58-11) де болған. Совет тергеу органдары революциядан кейінгі алғашқы жылдары Алаш партиясы мен Алаш Орда аясында атқарылған істердің бәрін қайта қазбалап, айып қылып тізіп шықты.

Бір жылға жуық тергелгеннен кейін Халел Досмұхамедұлы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) алқасына қарата жазған өтінішінде былай дейді:

«1922–1924 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы әрекет еткенімді мойындаймын, алайда 1924 жылдан 1930 жылға дейінгі кезеңге байланысты жоқ күнәні мойныма алғым келмейді. Осы мәлімдемеме қоса, Кеңес өкіметіне қарсы қылмыстық іс-әрекетіме бұрыннан бері қатты өкініп жүргенімді де атап өткім келеді. Тағы қоса кетерім, ол өкінішім түрмеге түскен соң ғана емес, одан әлдеқайда бұрын басталған, мен оның бәрін іштей терең сезініп, қатты қиналып, тәубама келгенмін. Тағы да атап айтамын: мен еш жерде ұйымдасып үгіт-насихат жүргізген емеспін, әсіресе астық пен мал дайындау науқанын бұзуды көздейтін ешбір әрекет жасаған жоқпын. Қазақ шаруашылықтарын ұжымдастыруға кезінде қарсы болғаным рас, алайда қазір бұл шараны қазақ халқының ашқұрсақ тіршілігін түбегейлі өзгерте алатын жол деп білемін. Бұрынғы теріс ұстанымдарымды қате деп санаймын».

Күреспен өткен жастық шақ

Халелдің жас кезі 20-ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптасқан көп қазақ зиялысының өмір жолына ұқсас. Ол 1883 жылдың аяғында, сол кезде Ресей империясының құрамына кіретін Орал облысындағы Тайсойған деген жерде дүниеге келген (қазіргі Атырау облысы). Алдымен ауыл молдасынан хат танып, кейін жергілікті орыс-қазақ мектебінде білім алған.

Ол кезеңде өңірдегі мұнай әлеуеті зерттеле бастаған еді. Тайсойған жеріне империяның орталық өңірлерінен мұнай іздеп орыстар келгенде, жергілікті жұрт жасөспірім Халелді тілмаштыққа көп шақыратын.

9 қаңтар таңы (Нарва қақпасы маңында). Гравюра. 1925 жыл / Wikimedia Commons

9 қаңтар таңы (Нарва қақпасы маңында). Гравюра. 1925 жыл / Wikimedia Commons

1894 жылы, он бір-ақ жасында Орал қаласындағы әскери училищенің даярлық курсына қабылданды. Сегіз жылдан кейін оқу орнын үздік тамамдап, тағы бір жыл Оралда қалып, латын тілін меңгеріп, Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медицина академиясына түсуге дайындалды. 1903 жылы ол латын тілінен емтиханды ойдағыдай тапсырып, астана төріндегі айтулы академияға қабылданады.

Халелдің студент кезі Ресей империясының қилы кезеңіне тұспа-тұс келді. 1905 жылғы қаңтарда Санкт-Петербургте бейбіт шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атылады. Бұл оқиға тарихқа «Қанды жексенбі» деген атпен еніп, 1905–1907 жылдардағы революциялық толқудың бастамасына айналды.

Жас Халелдің саяси дүмпулердің қақ ортасында жүруі көзқарасының қалыптасуына ықпал етпей қоймасы анық. Сол жылдары ол «Уральский листок» пен «Фикр» газеттеріне үндеуші, ұлттық-ағартушылық сарындағы мақалалар жаза бастайды. Осы әрекетіне бола 1906 жылы алғаш рет қамалып, патша жандармериясынан «заңсыз әрекет істедің» деген ресми ескерту алады.

 Санкт-Петербург Императорлық әскери-медицина академиясының студенті  Х.Досмұхамедұлы (3-қатар, сол жақтан 3-ші) және  І Александр атындағы теміржол транспорты институтының студенті М.Тынышбаев (2-қатар, оң жақтан 2-ші) жерлестерімен бірге.

Санкт-Петербург Императорлық әскери-медицина академиясының студенті Х.Досмұхамедұлы (3-қатар, сол жақтан 3-ші) және І Александр атындағы теміржол транспорты институтының студенті М.Тынышбаев (2-қатар, оң жақтан 2-ші) жерлестерімен бірге.

Мұрағатта 21 жастағы Халелдің хаты сақталған. Бұл хатты 1904 жылы, яғни Халел қамауға алынарынан екі жыл бұрын, Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі қолға түсіріп алғанына қарап-ақ оның сол кездің өзінде аңдулы болғанын аңғарамыз. Хат оның досы әрі кейін Алаш Орда мүшесі болған, сол кезде Қазандағы мал дәрігерлік институтында оқып жүрген бозбала Ғұбайдолла Бердиевкеiқазақ арасынан шыққан тұңғыш ветеринарлардың бірі арналған.

Халел сол хатында ауылына барғандағы «керемет әсерін» айтып, қазақ жастары жоғары білім алуға ден қоя бастады деген қуанышын жеткізеді: «Бұл халық та еңбек ете алатынын, өркендей алатынын көрдім, бәлкім, күндердің күні әлем өркениетінің төрінен лайық орнын иеленер, мүмкін, біз де екінші Жапонияға айналармыз».

Артынша қазақ халқы қысым көріп отырғанын айтып, мұны өзгерту жолында не істеуге болады деп ой қозғайды.

Дәрігерден ағартушыға айналғаны

20-ғасырдың басында оба, сүзек және өзге де бактериядан тарайтын індеттер өршіп тұрған. Алғашқы антибиотик — пенициллин 1928 жылы ғана табылса, оны жаппай қолдану 1940 жылдары басталды. Қазақ даласында ауық-ауық індет жүріп, ахуал ушығып тұрды. Сондықтан әскери-медицина академиясында оқып жүрген кезінен-ақ Халел дәрігер практикасын бастайды.

«... атасы Тайсойғанда төрт бөлмелі үй салған екен, демалыс күндері, мерекелерде ауылға барған Халел сол үйде үлкен-кіші демей келгендердің бәрін қарап, тексеретін»iЕгемен Қазақстан. 1991, 2 қараша.

1909 жылы академияны «үздік дәрігер» атағын алып тамамдаған соң, Халел алдымен екінші Түркістан батальонына, артынша екінші Орал батальонына офицер-дәрігер болып барады. Төрт жылдан кейін әскери қызметтен босатылып, Темір уезіне учаскелік дәрігер болып тағайындалды.

20-ғасырдың басындағы Қазақстанда медицина деңгейі сын көтермейтін. Білікті дәрігерлер жоқтың қасы, халық санитария-гигиена талаптары мен індеттің таралу жолдарын біле бермейтін. Соның кесірінен 1912–1913 және 1915 жылдары қазақ арасында қайта-қайта оба індеті бұрқ ете қалатын. Халел Досмұхамедұлы дәрігер ретінде сол бұрқ ете қалған індеттің бетін қайтару жолындағы күрестің ортасында жүреді. Сондықтан 1916 жылы ол «Қырғыз (қазақ) халқы арасындағы обаға қарсы күрес жолы» деген шағын кітапша (брошюра) жазып, індеттің алдын алу жолдарын, санитария-эпидемиология талаптарын егжей-тегжей баяндап шыққан.

Х.Досмұхамедұлының оба індетіне қарсы күрес туралы еңбегі. 1924 жыл / Ашық дереккөздерден

Х.Досмұхамедұлының оба індетіне қарсы күрес туралы еңбегі. 1924 жыл / Ашық дереккөздерден

Дәрігер қызметіне қоса жазуын да алып жүрді. Бұрынғы «Фикр», «Уральский листок» басылымдарында енді медицина тақырыбында — жұқпалы аурулар мен олардан сақтану жолдары туралы мақалалар жариялай бастады. Кейін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетін қолға алғанда, Халел де сол басылымның авторына айналып, кейін Алаш қозғалысының серкелері болған тұлғалармен жақын араласты. Әйтсе де, ол жақындық шын мәнінде 1917 жылғы төңкерістен кейін жалғасып, нығая түсті.

«Алаш» қозғалысына мүше болғаны

Медицина тақырыбында ғылыми-көпшілік мақала жазғаны Халел Досмұхамедұлының азаматтық ұстанымының жалғыз көрінісі болған жоқ. Ол сонымен қатар қазақ елінің келешегі сөз болған түрлі жиындар мен пікірталастарға қатысып, ел тағдырын айтқандарға үн қосып жүрді. 1905 жылғы революциядан кейін-ақ қалыптасқан ниеттестер қатарына қосылып, «Алаш» партиясының мүшесі атанды.

1917 жылғы желтоқсанда Алаш автономиясы жарияланған тарихи жиын — Орынборда өткен Екінші жалпықазақ құрылтайында Досмұхамедұлы құрылтай төрағасы болып сайланды. Сөйтіп, Алаш Орда идеясын да, автономия құрылғанын да қолдап дауыс бергендер қатарында болды. Кеңес өкіметі кәсіби маман қажеті өтелгенше жорта кешіре салғанымен, кейін бәрібір сол шешімді жиынға қатысқандардың алдына кесе-көлденең тартты.

Халел Досмұхамедұлы, Алаш Орда үкіметінің мүшесі. 1917–1919 жылдар / Алматы қаласы тарихи музейі

Халел Досмұхамедұлы, Алаш Орда үкіметінің мүшесі. 1917–1919 жылдар / Алматы қаласы тарихи музейі

1918 жылғы көктемде Халел Досмұхамедұлы өзімен тегі бір, тек қан туыстығы жоқ Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге Мәскеуге, Ленин және Сталинмен келіссөзге барады. Сол сапардан кейін екеуі де Алаш Орданың «Ойыл облысындағы қазақ (қырғыз) уақытша үкіметінің» тең төрағасы болып қызметке кіріседі.

Сол жылы Халел Алаш Орданың Батыс бөлімшесіндегі төрт жетекшінің бірі болып тағайындалды. Алайда шынайы автономия құрыла ма деген үміт көп ұзамай үзілді. 1920 жылға қарай автономиялық құрылымдар жойылып, маңызды қызмет атқара алатын кадрлар жаңа кеңес құрылымдарына таратылғанда, Халел Досмұхамедұлы Ташкентке жолдама алып, бірден бірнеше дәрігерлік қызмет атқарды.

Бір жылдан соң ол Түркістан республикасы Халық ағарту комиссариатына қарасты Мемлекеттік Ғылыми кеңес құрамындағы Қазақ (қырғыз) ғылыми комиссиясының төрағасы болды. Бұл кезең оның өміріндегі жаңа бетбұрыс саналғанымен, кейін тергеу барысында өкімет сол қызметін де бетіне басады.

Қазақ тіліндегі тұңғыш әдеби-ғылыми журнал

Ғылыми комиссия төрағасы болып тағайындалған Халел Досмұхамедұлы Мемлекеттік Ғылыми кеңесті білім саласында орыс тілінде ғана емесiол кезде «Наука и просвещение» шығып жатқан, қазақша да мерзімді басылым шығару керек деп көндіруге кіріседі. Ашаршылық жайлап, ел басына күн туып тұрған шақта сол бастамасын іске асыра алды.

1923 жылы Түркістан Республикасы халықтарына арналған алғашқы суретті, ағартушылық бағыттағы қазақ тілінде «Сана» және өзбек тілінде «Билим очагы» деген журналдар жарық көре бастайды.

«Сана» журналы — қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми-көпшілік басылым әрі Халел Досмұхамедұлының жиырма жылдық ағартушылық қызметінің шоқтығы биік жемісі. Сондықтан журналдың алғашқы редакторы өзі болғаны да заңды құбылыс.

1923 жылғы қаңтарда жарық көрген журналдың беташар санында Халел былай деп жазады:

«Біздің заман — мәдениет заманы, мәдениетке жетелер жол — білім. Ал білім алу оңай емес. Ол үшін көп еңбектену керек, төзімді болу қажет... «Сананы» шығарғандағы мақсатымыз — қолдан келгенше кем-кетік тұстарды толтыру, мұғалімдер мен оқушы жастарға ұғынықты, түсінікті түрде бағыт-бағдар ұсыну. Бұл — оңай шаруа емес, алайда іске кірісу керек».

Журналдың сол санында ғылыми-көпшілік мақалалар, көркем әдебиет жаңалықтары, зерттеу еңбектері, жырлар, өлеңдер және дала халықтарының ihttps://qalam.global/kk/microrubrics/eski-gazet-qiyndylary-kz/qazaq-balalary-100-jyl-buryn-ne-oinady-kz ойындары туралы тарихи-этнографиялық жазбалар жарияланды.

«Сана» журналының әуелдегі жоспарында таралымы — 2000 дана, әр саны 8 баспа табақ болады, жылына 4 саны шығады делінген. Алайда бұл жоспар толық орындалмай, журналдың екі-ақ саны шығып үлгерді.

«Сана» журналының алғашқы санының мұқабасы / Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы

«Сана» журналының алғашқы санының мұқабасы / Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы

Халел Досмұхамедұлы журналдың бас редакторы ғана емес, негізгі авторларының бірі еді. Журналда мақалалары жарияланған жиырмадан астам автордың арасында есімі елге танымал тұлғалар аз емес: сол кезде Түркістан АКСР денсаулық сақтау халық комиссары қызметін атқарған Санжар Асфендияров; болашақ жазушы әрі драматург Мұхтар Әуезов; сол кезде Ташкенттегі Түркістан өлкесі Жер халық комиссариатының Су шаруашылығы басқармасының бастығы Мұхамеджан Тынышбаев; ол кезде әлі студент Ораз Жандосов; ақын, публицист, ұстаз Мағжан Жұмабаев; қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Аққағаз Досжанова; сол кезде Түркістан АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып отырған Тұрар Рысқұлов; заңгер Жаһанша Досмұхамедұлы.

Авторлардың көбі мақалаларын бүркеншік атпен жазған. Соның арқасында сегіз жылдан кейін, тергеу жүріп жатқанда Халел әріптестері кім екенін жасырып қала алды.

«Кімнің мақаласы екені есімде жоқ»

1930 жылы қамауға алынған соң, тергеуге түскендердің әрқайсы алдыңғы жылдары істеген әрекеттеріне қайта-қайта түсінік беріп, ақталуға мәжбүр болды. «Сана» журналын шығарғаны турасында Халел Досмұхамедұлы 1931 жылғы 4 мамырда арнайы тергеуге түсіп, ОГПУ тергеушісіне берген түсінігінде былай дейді:

«Халық ағарту халық комиссариаты мені «Сана» журналының редакторы етіп тағайындаған. Ол кезде жазуға икемі бар адамдар тапшы. Соның кесірінен журналды тұрақты шығарып тұру қиын соғып, екінші санынан кейін шықпай қалды. Журналдың сол екі санында Диваев, Жұмабайұлы үшеуіміздің мақалаларымыз болғаны есімде. Өзге кімдердің мақалалары басылғанын нақты айта алмаймын. Искаковтың мақаласы болған-болмағанын да білмеймін. Ол кезеңде коммунистер арасында жазу-сызуға бейімі барлар тым аз еді, болса да, жоғары лауазымда отырған соң, журналға уақыт бөле алмайтын. Мен білсем, журналда олардың мақалалары жарияланған жоқ.

Журналда жарияланған мақалаларды Қазақ-қырғыз білім комиссиясы қарап, сараптап отыратын. Әсіресе педагогика бағытындағы жазбаларды Архангельский төрағалық еткен ғылыми-педагогикалық комиссия іріктейтін. Журналдағы жазбаларда ұлтшылдықты насихаттайтын ештеңе болған жоқ».

1922–1924 жылдары Халел Досмұхамедұлы қазақ зиялыларының көбімен және бұрынғы Алашорда мүшелерімен қатар Ташкентте тұрып, сол жерде жұмыс істеген.

Халел Досмұхамедұлы. 1929 жыл / Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Халел Досмұхамедұлы. 1929 жыл / Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

№2370i«қазақ ұлтынан шыққан азаматтардың астыртын контрреволюциялық ұйымы туралы» іс бойынша тергеуге түскендердің кейбірі дәл осы кезеңде Халел оларды өз үйінде жинап отырған депті. Жиындарда сөз болған басты тақырыптың бірі — «Алаш» қозғалысын қайта жандандыру мәселесі екен.

Кейінгі тергеулерде Халел кей айыптарды мойындаған, ал бірқатарынан бас тартқан. 1931 жылғы 25 қазанда берген жауабында былай дейді:

«Маған осы жылғы 25 қазанда 58-баптың 7, 10 және 11-тармақтары, сондай-ақ 59-баптың 3-тармағы бойынша Кеңес өкіметіне қарсы түрлі қылмыс жасады деген айып тағылды. Солардың ішінде мына әрекеттеріме айыпты екенімді мойындаймын:

  1. 1922 жылы бағдарламасы мен қызметінде Кеңес өкіметіне қарсы бағыттағы элементтер болған астыртын үйірме ұйымдастыруға қатыстым.

  2. Сол жылы Ташкентке амнистиямен келген Зәки Уәлидимен кездесіп, әңгімелестім.

  3. 1924 жылдың ортасына дейін шәкірттерім арасында ұлттық буржуазиялық-демократиялық идеологияны дәріптедім.

Ал тағылған өзге айыптардың ешқайсын мойындамаймын. 1924 жылдан кейін қандай да бір Кеңес өкіметіне қарсы ұйымға, үйірмеге мүше болған емеспін, сондай бағыттағы қызметпен айналысқан жоқпын».

Воронежге жер аудару, құрт ауруы және қайта қамалу

1932 жылғы сәуірде ОГПУ жанындағы Ерекше кеңестің №111-К хаттамасына сәйкес, Халел Досмұхамедұлы өзге алашордашылармен бірге бес жылға лагерьге қамалсын деген үкім шығады. Алайда кейінірек бұл жазаның орнына ПЧО — ішінара шектеу пунктінде өтейтін, бірақ мерзімі ұзағырақ жаза беріледі.

Халел Досмұхамедұлының жер аударылған кезі. Воронеж, 1932 жыл / ҚР КФҚД ОМА

Халел Досмұхамедұлының жер аударылған кезі. Воронеж, 1932 жыл / ҚР КФҚД ОМА

Үкімнен кейін Досмұхамедұлы отбасымен бірге Воронежге жер ауып барады. Сол жерде 1933 жылы туберкулездің ауыр түріне шалдықты. Өзі — отбасының жалғыз асыраушысы, оған қоса, екі баласы да туберкулез бен тубинтоксикация диагнозына шалдығады. Осыған байланысты Халел ОГПУ алқасына мерзімін қысқартсын немесе босатып жіберсін деп өтініш жолдаған:

«Менің сырқатыма байланысты үйімдегілердің бәріне өкпе туберкулезі жұғып кетуі ықтимал. Өйткені қазіргі күйімде мен олардың денсаулығын қорғайтындай жағдай жасай алмай отырмын. Ауруым асқынып, тез өршіп барады. Ал шектеу пунктінде өкпеге ем жасау мүмкін емес, қол жетпес мақсат қана болып отыр...»

Алайда үкімді жеңілдету жөнінде шешім болған жоқ. Керісінше, ауыр диагнозын ескерместен, оны Воронеждегі денсаулық сақтау саласында жұмыс істей берсін деп қалдырады.

Халел Досмұхамедов отбасымен. 1930 жыл / Алматы қаласы тарихи музейі

Халел Досмұхамедов отбасымен. 1930 жыл / Алматы қаласы тарихи музейі

1938 жылы репрессияның жаңа толқыны басталғанда, Халел Досмұхамедұлы тағы да қамауға алынып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша айыпталып, 1939 жылы ату жазасына кесілді. Тек бұл үкім сол күйі орындалмай қалды — «Сана» журналының редакторы, ағартушы, ғалым Халел Досмұхамедұлы Алматы түрмесінің ауруханасында туберкулезден қайтыс болды.

Содан жиырма жыл өткенде, 1958 жылғы ақпанда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы 1939 жылғы НКВД әскери трибуналының үкімін жоққа шығарып, қылмыс құрамы болмаған деп, Халелдің ісін тоқтатады да, оның есімі ақталғаны туралы анықтаманы жары — Сағира Досмұхамедоваға жолдайды.

Халел Досмұхамедұлы. Воронеж, 1932–1938 жылдар / Алматы қаласы тарихи музейі

Халел Досмұхамедұлы. Воронеж, 1932–1938 жылдар / Алматы қаласы тарихи музейі

Халел Досмұхамедұлы 56 жыл ғұмырында нағыз ұлт жанашыры ретінде халқына қызмет етті. Дәрігер, оқытушы, ағартушы ғана емес, Исатай Тайманұлы қозғалысының тарихын зерттеген тарихшы, халық ауыз әдебиетін тарихи және этнографиялық деректермен салыстыра отырып талдап, 1928 жылы «Қазақ халқының әдебиеті» деген очеркін жариялаған әдебиеттанушы әрі этнограф болатын.

1 / 3

Сондай-ақ ол жаратылыстану пәндерінен ана тілінде алғашқы оқулық жазып, қазақ тілінде алғаш 466 анатомия терминіне балама ұсынғанiХабижанов Б. Лечебное дело… // Ағартушы Халел. Алматы, 2004. 82-б.

Өткеннің елесіндей хат

1904 жылы Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі қолға түсіріп алған, Ғұбайдолла Бердиевке жолданған хатында Халел мынадай жан тебірентер жолдар жазыпты:

«Осының бәрін көріп тұрып, қолыңнан ештеңе келмейтіні жаныңа батады екен. Үнемі халыққа көмектессек деп арман етеміз, тек сол күн қашан туар екен? Иә, бауырым, мұның бәрі жүректі толқытады. Мені түсінер, жанашыр болар сен ғана…»

Халел Досмұхамедұлы — Орал реалдық әскери училищесінің студенті. Орал, 1895–1902 жылдар / ҚР КФҚД ОМА

Халел Досмұхамедұлы — Орал реалдық әскери училищесінің студенті. Орал, 1895–1902 жылдар / ҚР КФҚД ОМА

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

Движение Алаш: сборник материалов судебных процессов над алашевцами. 3 тома. Алматы, 2016.

Инесса Цой-Шлапак

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ