Христофор Колумб пен Алтын Орданы арасында не байланыс бар?

Тарихшы Мари Фаверомен сұхбат Дәурен

~ 7 мин оқу
Христофор Колумб пен Алтын Орданы арасында не байланыс бар?

Хан сарайындағы думан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегіне қатысты Диец альбомындағы миниатюра. 14-ғасыр / Wikimedia Commons

Батыс жұрты «орда» дегенді шеті мен шегі көрінбейтін, соғысқұмар қалың қол деп ұғады. Алайда бұл сөз әуелде хан ордасы, яғни билеушінің көшіп-қонып жүретін сарайы дегенді білдіретін. Батыстағы Алтын Орда туралы көзқарасты әлі күнге осындай жаңсақ түсінік билеп келеді. Француз тарихшысы Мари Фаверомен екінші сұхбатымызда осы орныққан мифтерді, Алтын Ордадағы саяси биліктің құрылымы мен оның әлем тарихындағы орнын сөз етеміз.




Алтын Ордада билік құрылымы қандай болатын және сол замандағы өзге империялардағыдан несімен ерекшеленетін?



Алтын Орда қоғамының өзегі Шыңғыс ханнан тараған әулеттің өкілдерінен құралғанымен, қоғамның өзі едәуір ашық еді. Онда империяның түкпір-түкпірінен келген славяндар да, соның ішінде орыстар мен украиндар, сондай-ақ көп түркі халықтары бар еді. Түркі халықтарының өкілдері көшпенділердің саяси жүйесінде маңызды орын алатын.

Онда латындар да, ең алдымен италиялықтар тұратын. Дереккөздерде «латындар» деген кең ұғым көп ұшырасады: ол француздар не, жалпы алғанда, Батыстан барған кез келген адам болуы мүмкін. Қазіргі Германия аумағынан да адамдар барған шығар, өйткені Алтын Орда Моңғол империясының солтүстік бөлігімен кең көлемде сауда жасайтын.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

«ТАТАРЛАРДЫҢ» ҚЫМЫЗ БЕН ҚҰРТ ДАЙЫНДАУЫ

13-ғасырдағы еуропалық монахтың алған әсері

Бұл түрлі тілде сөйлеген, түрлі дінге сенген, түрлі әдет-ғұрыпты ұстанған адамдардың басы қосылған аса күрделі қоғам еді. Билікті осы түрлі қауымның мүддесін, тілін, нанымын және тұрмыс салтын ескеріп құруға тура келді. Алтын Орданың өзіндік сипаты да соған қарай қалыптасқан.

Сіз «Алтын Орда деспот мемлекет болмаған» деген қызық тұжырым жасайсыз. Сонда империядағы саяси билік қалай қызмет еткен?

Алтын Ордада билік жалғыз билеуші —ханның қолында болмайтын. Саяси өмірге көшпенділердің көсемдері, соның ішінде әйелдер де араласатын. Мен өз еңбегімде саяси жиындар қалай өткенін зерттедім.

Ол жиындардың кейбірі жабық өткендіктен, бізге толық мәлімет жетпеген. Алайда кейбір сақталған деректердің өзінен-ақ хан жалғыз өзі шешім қабылдай алмағанын түсінеміз. Ол өзгелерді сендіруге, шешімін түсіндіруге, келісімін алуға мәжбүр болатын. Ықпалды адамдар ханмен келіспесе, оны тақтан тайдыруы мүмкін еді. Алтын Орданың саяси тарихында билеушінің жағдайы қаншалық оңай болмағанын көрсететін мысал аз емес.

Мұндай жүйеде келіссөз бен талқылау көп болатын, сондықтан саяси мәселелер көп уақытты қажет ететін. Көшпенділердің көсемдері пікір айтуға қақылы болды. Алтын Орданың табиғатын түсіну үшін, әсіресе Батыс тарихнамасы тұрғысынан қарағанда, бұл — түбегейлі маңызды жайт. Францияда оқып жүргенімде Орталық Азияны және жалпы Азия империяларын әдетте деспотизм тұрғысынан сипаттағанды ғана көретінмін. Көп жағынан 18–19-ғасырлардан мұра болып қалған бұл идея тұрғысынан қарасақ, Шығыста нағыз саяси пікірталас та, ортақ шешім қабылдау да болмаған дейтін.

Моңғол қосынындағы киіз үй ішіндегі әйелдер. Ортағасырлық миниатюра / Getty Images

Моңғол қосынындағы киіз үй ішіндегі әйелдер. Ортағасырлық миниатюра / Getty Images

Мен сол түсінікке дау айтқым келді, өйткені дереккөздерде оған дәлел жоқ. Алтын Орда — кеңес, жиын, талқылау болған саяси құрылымның жалғыз болмаса да ең маңызды үлгілерінің бірі.

Моңғол империясы мен Алтын Орданың тағы бір маңызды ерекшелігі — тақ тұңғыш ұлға өтеді деген қатаң қағида жоқ. Билеушінің үлкен ұлы міндетті түрде тақ мұрагері бола бермейтін. Мұрагер мәселесі келіссөз арқылы шешілетін: тақ өзге ұлға не ханның аға-бауырына бұйыруы мүмкін еді. Әйелдердің де ықпалы зор болған, өйткені үміткердің жағдайы анасына және оның шыққан тегіне қарайтын.

Хан кеңесшілерін тыңдамай, өзіне кесірі тиген кездер болушы ма еді?

Иә. Туда-Мөңкенің қолындағы билік кейбір өзге хандарға қарағанда аз болғанын білеміз. Кейінгі дереккөздерде де ханның төңірегіндегі кеңесшілер мен аға-інілері туралы айтылады: олар ханмен келіспеуі мүмкін еді, ал оның саясаты бүкіл қауымды теріс жолға бастап бара жатыр деп санаса, ақыры билеушіні тайдыра алатын.

Жұрттың ортақ игілігі деген түсінік болған. Саясат елге қызмет етуге тиіс еді. Бір билеуші ғана байып қойса, одан жұртқа не пайда?

Шатыр жанында ас әзірлеп отырған моңғол көшпенділері. 16-ғасырдағы араб миниатюрасы / De Agostini via Getty Images

Шатыр жанында ас әзірлеп отырған моңғол көшпенділері. 16-ғасырдағы араб миниатюрасы / De Agostini via Getty Images

Ханның қасындағы кеңес мүшелері мен көшпенділердің көсемдері, әрине, өз мүддесін де қорғаған. Сол мүдделер тоғысқанда тепе-теңдік орнайтын. Мемлекетте мүдде алуан түрлі болады. Солардың арасында тепе-теңдік сақталса, саяси жүйе де орнықты бола алады. Бұл Алтын Ордаға қатысты деректерден де көрінеді.

Алтын Орданың жері ұлан-ғайыр болған ғой. Қарапайым жұрт хан туралы не білген?

Бұл — өте маңызды, бірақ жауабы қиын сұрақ. Қарапайым жұрттың ханмен және хан ордасымен байланысы бірнеше деңгейде болған.

Хан да өзгелер секілді көшіп-қонып өмір сүрген. Ордасы да онымен бірге көшіп отырған. «Орда» сөзінің мағынасы да осыған байланысты. Хан мен оның ең жақын адамдары әдетте қалаға кірмеген. Қалалар ханның дәргейіне қарап, тұрғындары оған салық төлеп тұрғанымен, ханға қала жұртының өзі келетін.

Батыста корольдер сарайындағы жұртын ертіп, бір қаладан басқа қалаға көшіп жүретін. Билеушіні күтіп алатын қала тұрғындары қатты шығынға бататын. Ал Алтын Ордада хан дәргейіндегі жұртты өз ордасында қабылдаған.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ, МЕГАПОЛИСТЕР, ДІНИ ЕРКІНДІК:

Қазақ даласы шетелдіктерді несімен таңғалдырды?

Жергілікті билеушілерді, соның ішінде славян князьдерін де хан ордасында қабылдаған. Кейде олар да ордамен бірге көшіп-қонып жүрген. Бірнеше орыс князі Жошы әулетінен қыз алған. Сөйтіп, билеуші әулетпен жақын араласқан. Әйтсе де ордаға князьдердің өздері келуге тиіс еді.

Қарапайым жұрттың кейбірі орданың ішінде не маңында тұра беретін. Ал тақ тұрған қасиетті тұс күзетіліп, оған жұрттың бәрі бірдей кіре алмаған. Орда маңындағы жұрт ханды да, оның атты жасағын да көріп жүретін. Үлкен ордада отбасылар, әйелдер мен балалар тұрған. Алтын Ордаға келген шетелдік көпес те хан ордасына жете алатын.

Кей тарихшылар Алтын Орда Ұлы географиялық ашылулар дәуіріне жол ашты деп санайды. Осы пікірге қосыласыз ба? Мұның «Моңғол алмасуына» қатысы бар ма?

Кейінгі жылдары ғалымдар ерте Жаңа заманға басқаша қарай бастады. Бұған Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдеріндегі зерттеушілер, Батыстағы және дүниенің басқа бөліктеріндегі әріптестеріміз де атсалысты. Менің еңбегім де осы ортақ жұмыстың бір бөлігі.

Біз Колумб алмасуы деп жүрген құбылысты, яғни Христофор Колумбтың теңіз сапарларына байланысты өзгерістерді қайта пайымдап жүрміз. Америка «ашылды» деген дұрыс болмас, өйткені ол бұрыннан бар еді. Өзгергені — дүниенің әр бөлігінің бір-бірімен байланысу ауқымы. Осы кездесулер жаңа мүмкіндіктер туғызды. Ауыр салдары да болды. Ауру тарады, қақтығыстар туды, табиғи орта өзгерді.

Мен өз еңбегімде Колумб алмасуы деген ұғымды сәл өзгертіп, «Моңғол алмасуы» деген атау ұсындым. Орталық Азия мен Батыс арасында орнаған жаңа байланыстар жұрттың саудаға да, өзге халықтарға да көзқарасын түбегейлі өзгертті. Мысалы, 14-ғасырдың басында италиялық кескіндеме өнерінде азиялық бет-әлпеті бар адамдардың бейнесі алғаш ұшыраса бастады. Бұл мүлде жаңа құбылыс еді.

Амброджо Лоренцетти. «Франциск ордені өкілдерінің азап шегуі». Ерекше баскиім киген азиялықтар бейнеленген қабырға суретінен көрініс. 1320 жыл / Сан-Франческо базиликасы, Сиена, Италия / Getty Images

Амброджо Лоренцетти. «Франциск ордені өкілдерінің азап шегуі». Ерекше баскиім киген азиялықтар бейнеленген қабырға суретінен көрініс. 1320 жыл / Сан-Франческо базиликасы, Сиена, Италия / Getty Images

Алтын Орда құрылғанға дейін Батыстың Шығыспен қарым-қатынасын көбіне Крест жорықтары айқындап келген. Бұл байланыстар күрделі еді. Жұрт сол кезде де өзге мәдениеттермен танысты, бірақ бәрінен қасиетті соғыс идеясы басым тұрды. Алтын Ордамен қарым-қатынас басқаша өрбіді. Мұнда «алмасу» сөзі дәл келеді. Соғыс үнемі басты мақсат бола бермейтін. Көбіне сауданың жаңа жолын тауып, саяси ықпалды кеңейтуді көздейтін. Империялар соғыс даласындағы жеңіспен де, экономикалық қуатына сүйеніп те өрісін кеңейте алатын.

Маған салса, Алтын Орда болмаса, Христофор Колумб та болмас еді. Колумб Марко Поло туралы білген, оның кітабының бір данасы қолында жүрген, тек оны оқыған-оқымағанын білмейміз. Марко Поло жиырма жылдай Моңғол империясын, негізінен оның шығыс өңірлерін аралаған. Алтын Ордаға қатысы бар жерлерді де басып өтіп, сол дүниенің бір бөлігін кітабында сипаттап кеткен.

Алайда мәселе Марко Поломен бітпейді. Алтын Орда тәжірибесі еуропалықтардың дүние туралы түсінігін өзгертіп жіберді. Көпестер мен теңізшілер жаңа жолдар мен мүмкіндіктер барын біліп, ары қарай ізденгісі келді. Осы тұрғыдан Моңғол алмасуы туралы айтуға толық негіз бар. Ол болмаса, Колумб алмасуы біз білетін қалпында жүрмес еді, сірә.

Тақырыпқа орай

Орталық Азия

ИТАЛИЯЛЫҚТАРДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ХИКАЯЛАРЫ

Ортағасырлық кәсіпкерлердің тарихы

Алтын Орданың ең басты мұрасы не деп білесіз?

Бүгін Алтын Орда туралы әңгімелесіп отырғанымыздың өзі — оның мұрасының бір парасы. Ол — тарихымыздың да, бүгінгі өміріміздің де бір бөлігі. Бұл — бүкіл дүниеге ортақ мұра.

Мен французбын. Алтын Орданы, оның саяси жүйесін, саудасын, дін алуан түрлілігін және түрлі қауыммен қалай қатынас құрғанын зерттеп, көп нәрсе үйрендім. Бүгінде тарихшылар мен археологтар сол өткенді тереңірек зерттеп, дәуір тарихын жаңғырта алады. Бұрын көбіне 16-ғасырмен байланыстырып келген дүниежүзілік өзгерістерге Алтын Орданың да қатысы болғанын көрсете алады. Дүниені өзгерткен сол үдерістерден бұрын Орталық Азия тарихында аса маңызды бір кезең болғанын енді түсініп отырмыз.

Алтын Орда және Жәнібек хан. Авраам Крескестің Каталан атласынан алынған көрініс. 1375 жыл / Wikimedia Commons

Алтын Орда және Жәнібек хан. Авраам Крескестің Каталан атласынан алынған көрініс. 1375 жыл / Wikimedia Commons

Алтын Орда болмаса, бытыраңқылық әлдеқайда күштірек болар еді. Оның тұсында алмасу өріс алып, соның игілігі әлі күнге сезіледі. Алтын Орда өткен дәуірде қалды, оны қайта тірілте алмаймыз. Бірақ оның тарихынан бүгінгі қоғамды қалай дамытуға, тарихты қалай оқып-үйренуге болатыны жөнінде біраз ой түюге болады.

Мен Францияда оқытушымын ғой. Алтын Орда мен дала империяларының тарихын дәрістеріме қуана қосамын. Олардың тарихынан дала жұрты Еуропада қандай із қалдырғанын, дүниенің әр өңірі сол кездің өзінде қаншалық тығыз байланыста болғанын көреміз. Бұл тарихты айтып, талқылап отырған маңызды, өйткені зерттеу әлі жалғасып жатыр. Жаңа қабірлер не ескерткіштер табылып, Алтын Орда туралы түсінігіміз өзгеруі мүмкін. Дала тарихына жаңа студенттер де, қалың жұрт та қызыға түседі деп үміттенемін.

Мені бір компания қызметкерлерінің алдында басқару туралы сөз сөйлеуге де шақырған. Басқаруға, бәлкім, экономикаға да басқаша қарағысы келетіндер Алтын Орда тарихынан қызық мысалдар таба алады.

Бұл — Мари Фаверо берген сұхбаттың бір бөлігі ғана. Сұхбаттың толық нұсқасын Qalam Global YouTube арнасынан ағылшын тілінде көре аласыз.

Дәурен Исағұлов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ