Империялар ортасындағы қазақ хандығы

Үшінші ойыншының стратегиясы

~ 12 мин оқу
Империялар ортасындағы қазақ хандығы

Түркістандағы Абылай ханның ескерткіші, Қазақстан/Alamy

Курстың төртінші бөлімінде тарихшы Сұлтан Әкімбеков 18-ғасырдың екінші жартысында қазақ хандығы сөз жүзінде бодан екенін мойындап, алайда іс жүзінде маңызды бағыттарда сыртқы саясатты белсенді түрде жүргізуге сеп болған дербестігін сақтай отырып, Цин мен Ресей империясының ортасында қандай айла-шарғыға барғанын сөз етеді.

Мазмұны

Жоңғарлардың құлдырауы және жаңа сынақтар

1750-жылдардың соңына қарай Жоңғар хандығын Цин империясы күйреткен соң, Қазақ хандығының ата жауы саяси сахнадан жоғалды. Бір қарағанда, 18-ғасырдың екінші жартысында дала аймағы және дала халқымен көршілес жатқан сауда нарығына таласқан басты қарсыласы жоғалып, қазақ хандығы үшін сырттан төнетін қатер азайғандай көрінуі мүмкін. Алайда жоңғарларды талқандау барысында Цин империясындағы мәнжүр әскерінің аса қатігездігі мен халықтың басым бөлігін қырып тастауы, құдіретті империямен көрші болу қатерлі екенін көрсетті. Оның үстіне орталығы Қытайда орналасқан империя тарихта алғаш рет батысқа, Еуразия төсіне тереңдей енді. Сондай-ақ қазақтардың бір бөлігі Әмірсана бастаған жоңғарлармен тізе қосып, мәнжүрлерге қарсы ұрыс салған болатын.

Бірақ көп өтпей Цин империясы батыс бағыттағы экспансиясын әрмен қарай жалғастырмайтыны түсінікті болғанда, бұл қауіп тез арада сейілді. Цин империясы Шығыс Түркістанға бақылау орнатумен ғана шектеліп, шекараны қорғау мақсатында Жоңғарияның территориясына мәнжүрлердің сибо және солон деп аталатын салыстырмалы түрде шағын әскери жасағын орналастырды. Дегенмен бұл жасақтың бұрынғы Жоңғар хандығының далалық аймағын басқаруға шамасы жетпейтіні анық еді. Сондықтан қазақ-цин қатынасында Цин шенеуніктері дипломатия маңызды шешім боларын аңдап, осы арқылы бұрынғы Жоңғар жеріне ақырындап қоныстана бастаған қазақтардың қимылын тоқтатты.

Жоңғар әскері/Wikimedia Commons

Жоңғар әскері/Wikimedia Commons

Дипломатия — аман қалу құралы

1756 жылы Орта жүздің қазақтары сөз жүзінде Цин империясының билігін мойындағанына қарамастан, қазақ хандығымен қарым-қатынаста циндіктер бірінші кезекте дипломатияны қолай көрді. Іс жүзінде бұл мемлекетаралық қатынастар болатын. Сондықтан Цин империясы қазақтармен дипломатиялық қатынас орнату арқылы, ең алдымен батыстағы шекарасын қауіпсіз етті.

Осы тұста жоңғарлардың Моңғолия аумағында көшпелі мемлекет құрсақ деген ұмтылысына байланысты Цин империясының оларға қатысты қатаң саясатты ұстанғанын атап өткен жөн. Жоңғарлардың билігі орталықтанған оқшауланған халық және моңғолдармен қандық туыстығы бар. Бұл жағдай Қытай империясына сөзсіз қауіпті еді. Сондай-ақ жоңғарлар Тибетке қатысты экспансионистік саясатты ұстанғанын ұмытпаған жөн.

Ескі географиялық атластағы Жоңғария. 1844 жыл/Wikimedia Commons

Ескі географиялық атластағы Жоңғария. 1844 жыл/Wikimedia Commons

Цин империясына жоңғарлар үлкен қатер төндірді. Оны екі ел арасындағы ұзаққа созылған соғыс дәлелдейді. Ақыр соңында Цин империясы Жоңғар хандығының мәселесін аса қатігездікпен шешкенімен, бірақ оларға батысқа қарай жылжудың стратегиялық тұрғыдан маңызы болмады. Оның үстіне үлкен аймақты бақылауда ұстау қисапсыз шығын мен көп ресурсты қажет еткендіктен дипломатияға жүгіну әлдеқайда тиімді болғаны анық.

Қазақтар Цин империясына жоңғарлар секілді үлкен қауіп тудырмады. Сондықтан олармен түрлі деңгейде, айталық, сөз жүзінде тәуелділікті мойындағанымен сауда-саттық-экономикалық байланыстарды нығайту барысында дипломатиялық қатынастар орнату аса тиімді көрінді. Ол үшін Циндіктер қазақ саудагерлеріне өздері бақылауында ұстаған Шығыс Түркістандағы (уақыт өте келе Шыңжаң деп аталады) сауда нарықтарына кіруге рұқсат берген.

Ауабатжуаңдағы шайқас. Шығыс Түркістандағы көтерілісшілерге қарсы қытай жорығынан көрініс. 1828 жыл/Wikimedia Commons

Ауабатжуаңдағы шайқас. Шығыс Түркістандағы көтерілісшілерге қарсы қытай жорығынан көрініс. 1828 жыл/Wikimedia Commons

Нәтижесінде қазақ хандығының шығыс шекарасында Цин империясымен өзара әрекеттестіктің күрделі жүйесі қалыптасты. Айталық, 1759 жылы Орта жүздің ықпалды сұлтаны Абылай дипломатиялық миссиямен Бейжіңге барып, сөз жүзінде Цин империясына бодан болып, қарымтасына «Ван» титулын иемденген. Дала билеушілері жағдайында аталған титул сөз жүзіндегі болсын, бодан болуды білдіретін. Атап айтқанда, Моңғол империясын құру жолындағы талас кезінде «Ван» титулын Ван хан деген атпен тарихта қалған керейттердің дербес ханы Тоғрұл алған болатын. 1762 жылы Абылай тіпті ұлын аманатқа Цин империясына аттандырған. Осы бір жағдаяттар барысында қазақ саудагерлері Шыңжаңдағы Шәуешек пен Қашқар нарықтарына кіруге рұқсат алды.

Шыңғыс хан және Уаң хан. Рашид ад-Диннің ‭«Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан. 15-ғасыр, Иран/Wikimedia Commons

Шыңғыс хан және Уаң хан. Рашид ад-Диннің ‭«Жамиғ ат-тауарих» қолжазбасынан. 15-ғасыр, Иран/Wikimedia Commons

Қос векторлы сыртқы саясат

Абылай Орта жүздің сұлтаны ретінде Әбілмәмбет ханмен бірге Ресей империясымен келісімге қол қоюға да барған. Бұл сөз жүзінде бодандықты мойындау ретінде саналғанымен, іс жүзінде аталған құжаттардың нақты күші жоқ еді, яғни алдыңғы курста баян еткен Әбілқайыр мен Сәмеке хандардың жағдайына ұқсайды. Қазақ хандары үшін бұл Ресей империясымен де, сондай-ақ Цин империясымен де дипломатиялық теңгерімді сақтаудың бір формасы болған. Мұндай қатынастар қазақ хандығына ықпалды империяларға қатысты стратегиялық маңызды бағыттарда салыстырмалы түрде тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.

Қазақ хандары нақты бодан болудан қаша жүре, Ресей империясы мен Цин империясының мүддесі арасында белсенді түрде түрлі айла-шарғыларға барды. Бұған қоса империялар қазақ хандығының жерін басып алуды көксегемені септігін тигізді. Цин империясы сөз жүзінде әскери күш көрсетеміз деумен шектеліп, негізінен Қытайдың аграрлық аудандарына ден қойды. Ал Ресей империясы 18-ғасыр бойына Қаратеңіз маңы мен Солтүстік Кавказдың даласын бағындыруды көздейтін саясат ұстанды. Бұл жөнінде тарихшы Анатолий Ремнев былай деп жазады:

«Ұзақ уақыт (Ресей мен Қытай империясының арасындағы жағдайдағыдай) империялар арасындағы территория сирек көшпелі халық  жайлаған буферлік аймақ саналып келді. Бұл аймақтар сөз жүзінде қос империяның біріне тиесілі болғанымен, «ешқайсы иелік етпейтін» (terra nullius) жер еді».

Бұл жағдай қазақ хандығы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Хандық сөз жүзінде екі империяға бодан болғанымен, іс жүзінде дербестігін сақтап қала алды. Осы тұста Ресей империясы қазақ хандарымен сыртқы істер министрлігі арқылы байланысып отырғанын тілге тиек еткен жөн.

 Николай Каразин (1842–1908). Орта қырғыз-қайсақ ордасына салық салу. Патша жарлығы (1824). 1870 жылдар /Wikimedia Commons

Николай Каразин (1842–1908). Орта қырғыз-қайсақ ордасына салық салу. Патша жарлығы (1824). 1870 жылдар /Wikimedia Commons

Оңтүстікке жасалған қазақ экспансиясы

Осы уақыттарда қазақ хандығы сыртқы саясатқа қатысты өзге де стратегиялық бағыттарда белсенді түрде әрекет етті. Атап айтқанда, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен оның мирасқоры Нұрәлі ханның Хиуа хандығының ішкі саясатындағы орны елеулі болды. 1740 жылдың қараша айында Әбілқайыр Хиуаның ханы деп жарияланды. Оған дейін Хиуада Иран билеушісі Нәдір шахтың жорығы кезінде қаза тапқан, қазақтан шыққан Шыңғыс тұқымы Елбарыс хан болатын. Алайда Әбілқайыр ханның Хиуадағы билігі бірнеше күнге ғана созылды. Ирандықтар оның орнына Тағирды хан көтергенімен, 1740 жылдың соңында оны Нұралы өлтіріп, билікті басып алды. Дегенмен Нұралы да Хиуа тағында ұзақ уақыт тұрақтай алмады.

Бұл ретте Орталық Азияның оңтүстік шекарасындағы қазақ хандарының саяси ықпалы маңызды рөл атқарды. Оған әскери әлеует пен қазақ ақсүйектерінің шығу тегі де ықпал етті. Қазақ арасынан шыққан Шыңғыс ұрпақтары 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап жергілікті өзбек тайпаларының ақсүйектері (Қоқандағы мыңдар, Хиуадағы қоңыраттар және Бұхарадағы маңғыттар) өз билігін нығайтқанға дейін Орталық Азияның түрлі хандықтарының арасында талапқа сай болды.

 Нәдір шахтың Елбарыс ханға қарсы шайқасы. 1757/Wikimedia Commons

Нәдір шахтың Елбарыс ханға қарсы шайқасы. 1757/Wikimedia Commons

Сондай-ақ, қазақтар Сырдария бойындағы қалаларды және онымен байланысты Орталық Азияның отырықшы аудандарындағы сауда нарықтарын әрмен қарай бақылауында ұстады. Атап айтқанда, беделді Қазақ ханы Абылай қазақ ордасын хандықтың бұрынғы астанасы Түркістан қаласына көшірді.

  Кун Александр Людвигович. Сырдария өлкесі. Түркістан. Қаланың бір бөлігі, Бақы мешіті. Түркістан альбомы. 1865-1872 жылдар аралығы/Library of Congress

Кун Александр Людвигович. Сырдария өлкесі. Түркістан. Қаланың бір бөлігі, Бақы мешіті. Түркістан альбомы. 1865-1872 жылдар аралығы/Library of Congress

Абылай 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болған соң Орта жүздің ханы болып сайланғанда, оны иісі қазақтың ханы ретінде көтеру жөнінде сөз қозғала бастаған. Хан сайлау шарасына үш жүздің өкілдері қатысқанын және Абылайдың беделін, сондай-ақ оның Сырдария қалаларын бақылауға алғанын ескерер болсақ, бұл оқиға қалыптасқан жаңа жағдаяттар негізінде билікті орталықтандырудың кезекті әрекеті ретінде көрінуі мүмкін.

Ресей және Қазақ хандығының орталықсыздануы

18-ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан жағдай бойынша Түркістан қаласы стратегиялық тұрғыдан тиімді орын болғанын атап өткен жөн. Ең алдымен, мұны Түркістанның Ресей империясы мен Цин империясынан шалғайда орналасуымен байланыстырамыз. Сәйкесінше, қос империяның ықпалы шекаралас аудандарға қарағанда осы аймақта елеусіз қалды. Ол шақта Ресей империясының да дала төсіне ішкері енетін мүмкіндігі болмаған.

19-ғасырдағы Ресей тарихшысы Алексей Левшин Абылай хан жөнінде былай жазды:

«Абылай біздің шекара басшыларымен тілдескенде өзін сұлтанмын деп атаған. Бірақ қолында бар билігі мен Цянь Луннан алған Қытай князі дейтін дәрежесіне сүйеніп, ол өз титулын кез келген уақытта Ресейдің рұқсатынсыз я көмегінсіз-ақ бүкіл Орта жүздің билеушісі деп оп-оңай өзгерте алар еді. Әлбетте мұндай әрекет империяның беделіне нұқсан келтіреді. Өйткені Орта жүз Ресей империясының боданы саналатын. Бірақ Абылай солай жасауды жөн көрсе, оған ешкім кедергі келтіре алмас еді».

Осы тұста 1778 жылы II Екатерина патшайым Абылайды Орта жүздің ханы ретінде мойындағанда, ол тиісті құжаттарды алу үшін Ресей империясының шекарасына бармағанына назар аударған жөн. Өйткені Абылай иісі қазақтың ханы атануды көздегендіктен, Ресей билігінің тек Орта жүздің ханы ретінде мойындауы оның мүддесіне сай келмеген. Оның үстіне Абылай хан Орталық Азияның оңтүстік шекарасындағы маңызды сауда нарықтарын бақылауында ұстағандықтан, ол Ресейдің сауда қалаларын қажет етпеген. Дегенмен Ресейдің сауда қалалары сөзсіз, орыс бекіністерін бойлай қоныс тепкен қазақ рулары үшін маңызды болатын.

 Фёдор Рокотов. ІІ Екатеринаның портреті/Эрмитаж музейі

Фёдор Рокотов. ІІ Екатеринаның портреті/Эрмитаж музейі

Әлбетте, Абылай Қазақ хандығын дербес ел қылуға ұмтылды. Дегенмен хандықтың сөз жүзінде болсын, Ресей мен Цин империясына бодан болуы, белгілі бір дәрежеде оның қолын байлағаны анық. Өйткені «ол Ресей мен Қытай империясын алдап соғуға бар күшін салды». Сондықтан Ресей империясы ұсынған құжаттардан бас тартуы, оның саясатта неге басымдық беретінін айқын көрсетті.

Сондай-ақ бұл жағдай Ресей империясының Оңтүстікке қарай ойысқан әрі Абылай хан сияқты әрекеттесуден бас тартқан қазақ хандарына ықпал етудің нақты мүмкіндіктері жоқ екенін паш етті. Дегенмен Санкт-Петербургтің Абылайды иісі қазақтың ханы ретінде мойындамауына, Ресей билігінің Нұралыны Кіші жүздің ханы ретінде сайлағаны көп себептің бірі болды. Алайда негізгі себеп бұл емес еді. Оған Ресейдің сыртқы істер қызметкерінің II Екатеринаға жазған хатында айтылған идея сеп болды:

«Қырғыз-қайсақ көшіп-қонған жергілікті шекараның қауіпсіздігі үшін, олардың басының бірікпеуі аса маңызды».

Бұл ретте Кіші жүзге қатысты ұстанған саясат Ресей империясы үшін жалпы қазақтарға қатысты ұстанған саясатының маңызды элементі болды. Ресей империясы үшін Орталық Азияның оңтүстік шекарасымен шектесіп жатқан қазақ даласының шалғай аудандарына қарағанда, дәл осы Кіші жүз аймағы маңызды болғаны анық. Бұл, әсіресе, Шыңғыс отбасылары мен жекелеген қазақ рулары қатысқан Кіші жүз ішіндегі саяси белсенділіктің артуына байланысты.

Орловский А. Казактар ​​мен қырғыздар арасындағы шайқас (орыстар қазақтарды қырғыз немесе қырғыз-қайсақ деп атаған). Литография. 1826 жыл/Wikimedia Commons

Орловский А. Казактар ​​мен қырғыздар арасындағы шайқас (орыстар қазақтарды қырғыз немесе қырғыз-қайсақ деп атаған). Литография. 1826 жыл/Wikimedia Commons

Жалпы алғанда Ресей империясының шекарасы мен көшпенді қазақтың қысқы қоныстары орналасқан Сырдарияның төменгі ағысы арасын жайлаған Кіші жүзі рулары стратегиялық тұрғыдан тиімді аймаққа жайғасқан. Шын мәнінде, бұл Кіші жүз қазақтарына Ресей империясымен қатынас орнатқанда стратегиялық тұрғыдан иекемді болуға мүмкіндік берді. Өйткені біз сөз етіп отырған тарихи кезеңде Кіші жүз рулары қалаған уақытында Ресей шекарасынан оңтүстікке қарай ойысып кететін мүмкіндікке ие еді.

19-ғасырдың басына дейін Ресей империясының қазақ даласының ішкері аймақтарына жорық жасауға әскери мүмкіндігі жетпегінін атап өткен жөн. Сәйкесінше, олар қазақ руларына және жекелеген Шыңғыс ұрпақтарына қандай да бір кикілжің туындаған жағдайда тікелей әскери қысым көрсете алмаған. Сондықтан 18-ғасырда Ресей билігінің қазақтармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан басқа амалы қалмаған.

Дәл осы шақта Ресей империясына билігін нығайту жолында қазақтардың ішкі алауыздығын пайдаланудың мүмкіндігі туды. Мәселен, 1742 жылы Әбілқайыр хан Орынбор губернаторы Неплюевке жоңғар билеушісі Халдан Цереннің бодан болуды ұсынғаны баяндалған хат жолдаған. Хатта ол аманатты желеу етіп, Әбілмамбет хан мен Барақ, сондай-ақ Батыр сұлтанды жоңғар жағына өтіп кетпеуден сақтауға боларын жеткізген. Қазақ хандары мен сұлтандар арасындағы текетірес Жоңғар хандығы құлап, сырттан төнген қатер жойылғаннан кейін тіптен өршіді. Атап айтқанда, Әбілқайыр хан мен Барақ, Батыр сұлтандар арасындағы қақтығыс өршіп, 1748 жылы Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан өлтіріп тынған.

 Суретті салған Пётр Борель, гравюраны жасаған Лаврентий Серяков. Неплюев Иван Иванович (1693-1773), орыс мемлекет қайраткері/Wikimedia Commons

Суретті салған Пётр Борель, гравюраны жасаған Лаврентий Серяков. Неплюев Иван Иванович (1693-1773), орыс мемлекет қайраткері/Wikimedia Commons

Бұл жағдай қазақ хандығындағы, бірінші кезекте Кіші жүз ішіндегі билік дағдарысын айқын көрсетеді. 1748 жылдың басында Батыр сұлтанның ұлы Хиуа ханы Қайып, Барақ сұлтанға қызының ұзатылуына байланысты тарту-таралғы артылған керуенді жолдаған. Ал Әбілқайыр ханның адамдары керуенге шабуыл жасаған. Бұған жауап ретінде Барақ сұлтан Әбілқайырдың билігін мойындаған қарақалпақтарға шабады. Қақтығыстар өршіп, ақыр соңында Әбілқайыр Барақтың қолынан қаза табады. Осыдан кейін Кіші жүз ішінде екі хан пайда болды. Әбілқайырдан қалған хандықты оның баласы Нұралы мұра етсе, өзінің ұлы Қайып билеген Орталық Азияның оңтүстігіндегі хандықтың қолдауына ие болып, іргелес аудандардың ханы болып Барақ сайланды. Сондай-ақ Барақ сұлтан Түркістанның іргесіндегі Иқан аймағының да ханы атанды.

Нұралы мен Батыр ханның арасындағы кикілжің мен іс жүзінде екі хандықтың пайда болуы, қазақ руларының арасындағы жалпы ахуалға кері әсерін тигізді. Кіші жүз тайпаларының қыс кезінде Сырдарияның төменгі ағысын жайлайтынын ескерсек, ушыға түскен саяси қайшылық экономикалық тұрғыдан оларға тиімсіз болды. Сонымен қатар аталған қақтығыс 19-ғасырдың бел ортасынан бастап орны айқындала бастаған Ресей империясы мен Орталық Азия арасындағы саудаға да әсер етті.

Саяси текетірес және тың мүмкіндіктер

Десе де осы бір саяси қақтығыстың салдарынан айтарлықтай дүрбелең орнаған жоқ. Тек мұның бәрі хандар билігінің әлсірей бастағанын аңғартатын. Ақырындап рулық құрылымдар алдыңғы қатарға шығып, тыстан келер қатер болмағандықтан, хан билігінің маңызы төмендей бастады. Ол уақытта хандар азын-аулақ ықпалын сақтап қала алғанымен, барған сайын билік орталықсызданған сипат иеленді. Сөз жүзінде ғана бодан болып, қос империяның мүддесіне байланысты түрлі айла-шарғыға барған қазақ хандары іс жүзінде дербестігін сақтай білді. Бұған Ресей билігі ресми түрде Кіші жүздің ханы ретінде мойындаған Нұралы тұсында, Батыста қалмақтарға, ал Маңғышлақта түрікмендерге қарсы басқыншылық саясатын ұстанғаны мысал бола алады.

Гийом Делилдің Тартария картасы. 1706 жыл/Wikimedia Commons

Гийом Делилдің Тартария картасы. 1706 жыл/Wikimedia Commons

Жоңғар мен Қазақ хандығы ресми түрде Ресей империясының боданы болып, екі хандықтың өзара қырқысы империяның мүддесіне тікелей қайшы болғанына қарамастан, 1750-жылдардан бастап Кіші жүз әскері белсенді түрде қалмақ хандығына қарсы жорық бастады. Қос хандықтың тәуелділік дәрежесі мен олардың Ресей істеріне әсері әртүрлі болғанымен, қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс империяның Дала саясатына қаншалық ықпалы барын айшықтап берді. Оның үстіне Қалмақ хандығы Ресей империясына Қара теңіз аймағы мен Солтүстік Кавказ даласы үшін Қырым хандығы мен Осман империясына қарсы соғыста, сондай-ақ Пруссиямен жеті жылға созылған майдан үшін қажет жылқымен қамтамасыз ететін маңызды хандық болған.

 Семен Ремезов. Қалмақтың атты әскерінен қашқан Көшім хан. «Ремезов жылнамасынан» алынған суреттің үзіндісі. 1697-1703 жылдар/Сібір тарихы. НМУ мультимедиалық орталығы

Семен Ремезов. Қалмақтың атты әскерінен қашқан Көшім хан. «Ремезов жылнамасынан» алынған суреттің үзіндісі. 1697-1703 жылдар/Сібір тарихы. НМУ мультимедиалық орталығы

Ол шақта Кіші жүзге Қалмақтар жайлап жатқан Жайық пен Еділ өзенінің арасындағы жайылымдарға қол жеткізу маңызды еді. 1620-жылдары қалмақтар бұл аймақты ішінара өз хандығына қосып, ол жерден ноғайларды ығыстырып, 19-ғасырдың орта тұсына дейін 120 жылдан астам уақыт бақылауында ұстап келген. Сол тұста шығыстағы ноғайлардың басым бөлігі қазақтарға келіп қосылды. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, қазақ хандығы жайылым жерлерін қалмақтардан тартып алуға басымдық берді. Ал Ресей билігі қазақтардың Жайықтың жоғарғы аймағына өтуін шектеуге тырысты. Сондықтан, алдымен 1756 жылы қазақтардың қозғалысына тыйым салатын жарлық шықты, ал 1757 жылы Елизавета патшайым Нұралы ханға осы мәселені көтеріп хат жолдады.

Ресей империясы қазақтар мен қалмақтардың арасын Жайық бойымен тізбектеліп салынған бекіністер арқылы бөлуге тырысты. Бірақ аталған шешім қазақтарға бекіністерді кесіп өтуге кедергі жасамады. Бұл жағдай 1771 жылы Ресей империясы мен Қалмақ хандығы арасындағы қатынас бүлініп, қалмақтардың басым бөлігі Жоңғарияға қоныс аударғанша ушығып тұрды. Қазақ даласы арқылы өту әрекеті сәтсіз болып, Жоңғарияға дейін қалмақтардың шағын тобы ғана аман жетті. Ақыр соңында, қалмақтар кеткеннен кейін, Жайық пен Еділ арасындағы дала бос қалды.

Шарл-Мишел Жоффруа. Қалмақтардың 1771 жылы Қытайға күштеп қоныс аударылуы. 1845 ж./Google Books

Шарл-Мишел Жоффруа. Қалмақтардың 1771 жылы Қытайға күштеп қоныс аударылуы. 1845 ж./Google Books

Сондай-ақ, 1756 жылы Батыр ханның ұлы Қайыпты өзбек әмірлері тақтан тайдырып, ол бас сауғалап әкесінің қонысына қашты. Дәл осы шақта Батырдың қарақалпақты билеген Байбөрі есімді баласын жергілікті рулар құлатып, оны хиуалықтардың талауына беріп, өлтірілді. Осыдан соң Батыр хан әлсіреп, Хиуа хандығының ішкі саясатына белсенді араласа бастаған Нұралы ханның ықпалы артты. 1769 жылы Нұралы хан Хиуа өзбектерімен тізе қосып, түркімендерге қарсы сәтті жорық бастады. Ал 1770 жылы оның ұлы Пірәлі Маңғышлақтағы түрікмендердің ханы болып сайланса, тағы бір баласы Бөлекей алдымен Хиуа ханы, сосын қарақалпақ ханы атанды. Оңтүстік бағыттағы жүргізген саясаты Нұралы ханға Ресей империясы мен Орталық Азия арасындағы сауданы бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Осы арқылы хан қосымша табысқа кенелді.

Ақырында қалмақтардың жеңіліс табуы қазақтарға Еділ мен Жайық өзендерінің арасын жайлауға мүмкіндік берді. 1770 жылдан кейін түркімендердің ерсары деп аталатын руы ұзаққа созылған қарулы қақтығыстан соң Маңғышлақтан кетуге мәжбүр болып, аталған аймаққа адайлар келіп қоныстанды. Қазақ хандары Хиуа билігін уысынан шығарып алғанымен, қарақалпақтарды басқара отырып, Хиуа іргесіндегі ықпалын жоғалтпады.

Василий Верещагин. Қалпақ киген қазақ. 1867 жыл/Киев ұлттық өнер галереясы

Василий Верещагин. Қалпақ киген қазақ. 1867 жыл/Киев ұлттық өнер галереясы

Осыдан кейін Қазақ хандығына Қытай, Ресей мен Орталық Азияның оңтүстігіндегі мемлекеттердің сауда нарықтарына жол ашылды. Сонымен қатар қазақтар 18-ғасырдың екінші жартысында жандана бастаған Ресей мен Орталық Азия арасындағы транзиттік саудадан пайда тапты. Дегенмен хандық Цин империясы мен Ресей империясына сөз жүзінде ғана бодан болып қала берді. Әлбетте, қазақ хандығының саяси орталықтарының саны артты. Осы жағдайдың билікті орталықтандыру үдерісін күрделендіргені рас. Бұл Абылай ханның Түркістанды орталық етіп, біртұтас Қазақ хандығын қалпына келтіру әрекеті кезінде анық байқалды. Бірақ оған қажетті шарттар жеткіліксіз еді.

Қалай болмасын, қазақ хандығына сырттан төнген қатер сейілгенімен Шыңғыс ұрпағы мен жекелеген рулар саяси тұтастықты қаламады. Олар көршілес хандықтармен өз бетінше қатынас орнатуға тырысты. Бірақ 19-ғасырдың басында-ақ мұндай стратегияның қазақ мүддесі үшін тиімсіздігі айқын бола бастады.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ