
Әмірсананың салт атты сарбаздары Қорғас маңындағы Цин әскеріне қарсы шайқаста. Жан-Дени Аттиренің суреті, 1758 жыл. Император сарайы музейі, Бейжің / Wikimedia Commons
Тарихшы Сұлтан Әкімбеков курсының үшінші бөлімінде Қазақ хандығын қыспаққа алған геосаяси сынақтар, соның ішінде Жоңғар шапқыншылығы мен саяси алауыздық, сондай-ақ Ресей және Цин империяларымен арадағы дипломатиялық айлалар туралы айтады.
Тұрақтылық және жоңғардан төнген қауіп
18-ғасырдың басына қарай Қазақ хандығы әжептәуір орнығып, нығайып алды деуге болады. Оңтүстікте Қазақ хандығы әлі де Орталық Азияның өзге елдеріне қарағанда үстем күш болып тұрған. Ал батыс бөлігіндегі саясат Қалмақ хандығымен, башқұр тайпаларымен, сондай-ақ Ресей империясымен арадағы қатынасына қарай қалыптасатын.
Шығыс бағытта негізгі қарсылас – 17-ғасырдың аяғында Шығыс Түркістанды дәргейіне қаратқан Жоңғар хандығы еді. Ферғана мен қазіргі Шығыс Қазақстан арасындағы үлкен аумақта қазақтар мен жоңғарлар қақтығысы үнемі болып тұратын. Айталық, 1718 жылы Аягөз өзенінің бойында ірі шайқас жүріп, оған Кіші жүз ханы — жас Әбілқайыр қатысқан.

Джон Кэстл. Жас ханның портреті. Әбілқайыр болуы мүмкін. Тағы бір атауы - «Башқұрт». Пастель. 1740 жылға дейінгі сурет. Мемлекеттік Третьяков Галереясы, Мәскеу/Wikimedia Commons
Қазақ мемлекетіне Жоңғар хандығы едәуір қауіпті бақталас болғаны анық. Оның үстіне батыс жақта жоңғарлармен қандас Қалмақ хандығы да отырғанын қосу керек. Шындап келгенде, қазақтар батысынан да, шығысынан да жалаңдап отырған ойрат тайпаларының қыспағында қалған. Соның өзінде 17-ғасырдың екінші жартысы мен 18-ғасырдың басында Қазақ хандығы негізінен жоңғар тарапынан төніп тұрған экспансияны тежеп отырды. Оған қоса Шығыс Түркістанды басып алғаны есепті жоңғарлар Қашғар аумағынан Орталық Азияға шығатын жол ашып алған.
Соған қарамастан, Қазақ хандығы әжептәуір орнықты мемлекет болып келгеніне бір есептен бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда едәуір тиімді орталық билікті сақтап отырғаны да сеп болса керек. 1680–1718 жылдары ел билеген Тәуке хан тайпа билері мен ықпалды төре әулетіне кезек қарайлап, тепе-теңдікті ауытқытпай ұстады. 16-ғасырдың аяғы мен 17- ғасырдың басындағы Қазақ хандығының ішкі саясаты сол екі топ арасындағы тартысқа қарайтын және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» да билікті әлдебір институтқа айналдыру талпынысы іспетті еді.

Карингтон Боулздың әлем картасындағы Қазақ хандығы. 1780 (?). Фрагмент/Library of Congress
Оның үстіне Қазақ хандығы Сырдария маңындағы қалаларды да (арасында Ташкент те бар) тырп еткізбей уысында ұстап отырғандықтан, елге отырықшы халықтан салық келіп тұрған әрі көшпелі шаруашылыққа аса қажет тауар нарықтары да болған. Оған қоса Тәуке хан тұсында ол жақтарда Есім хан тұсындағыдай өз бетімен билік құрған хандар аз болып, Тәуке негізгі отырықшы қалалар мен шұраттарды уысында ұстаған орталық өкімет есепті болғаны да маңызды.
Моңғолия жеріне талас және жоңғарлардың батысқа бет бұруы
Қазақ хандығының тұрақтылығын нығайтқан маңызды факторлардың бірі — оның шығыстағы негізгі қарсыласы Жоңғар хандығының бар күші сол кезеңде Моңғолияның өзінде жүріп жатқан соғысқа жұмсалған еді. Жоңғарлар моңғол тайпаларының бәрін өз қолына алып, олардың басын қосып, Цин империясына қарсы аттандыруға тырысты. Олардың басты мүддесі шығыс болған: орталығы Моңғолияда отырған көшпенді мемлекет Қытайдағы Цин империясының аграрлық ресурстарын сауда-саттықпен де, сый-сыяпат және алым-салық есебінде де алуға болатын маңызды ресурс көретін.
Алайда 1721 жылы Цин империясымен арадағы соғыста күйрей жеңілген жоңғарлар Моңғолиядан тұтас айырылып қалды. Іле-шала Жоңғар хандығы әскерін Қазақ хандығы мен Орталық Азияның өзге өңірлерін бақылауға жіберді. Жоңғарларға аймақтағы сауда орталықтары мен отырықшы халық мекендеген жерлерден алым-салық жинау маңызды еді. Оған қоса, Қазақ даласынан жайылым жер іздеген. Шығыстан беті қайтқан соң, олардың батысқа қарай етек жаймасқа басқа амалы қалмаған.

Канси император Керулен өзені бойында. Цин әскерінің жоңғарларға қарсы соғысы кезі. Цин дәуіріндегі белгісіз көркем сурет, 17-18-ғасырлар. Ұлттық сарай музейі, Тайбей / Wikimedia Commons
1723 жылы жоңғар әскері Қазақ хандығына шапты. Бұл соғыста Жоңғар хандығының күші басым еді. Жоңғарияда халық үлкен-кішісі қалмай, соғысқа жаппай жұмылуға міндетті деген қатал заң болатын әрі ірі әскери жасақтарды ұйыстыру жүйесі де қалыптасқан. Оның үстіне жоңғар әскерінің от қаруы толық әрі сарбаздары да Цин империясымен арадағы ұзақ жылға жалғасқан соғыстан шынығып шыққан ардагерлер болатын.
Хан билігінің әлсіреуі және бірлікке ұмтылыс
Сол арада Тәуке хан қайтыс болып, Қазақ хандығында тағы да орталық билік дағдарысы туды. 1716 жылы Қайып хан көтерілгенімен, ұзақ билік құра алмай, 1718 жылы қайтыс болады. Қайып хан мен Тәуке ханның қарым-қатынасы анау айтқандай дөп басып айтарлық болмаса да, Қайып өлгеннен кейін ұлы хан атанатындай тұлға шыға қоймады. Заң жүзінде хан Тәукенің ұлы Болат саналғанымен, онымен жағаласып Ташкент жақтағылар Жолбарысты хан көтереді. Оған қоса үш жүздің өз ханы да бар еді: Кіші жүзде — Әбілқайыр, Орта жүзде — Сәмеке, Ұлы жүзде — Болаттың өзі хандық құрды.
Сондықтан қазақ жасағының саны артық болғанымен, темірдей тәртіпке бағынған жоңғар әскеріне қарсы бөлек-бөлек шауып, жеңіліп қайтып жүрді. Әрине, бұған орталық билік ыдырап, бас-басына бұра тартқан хандардың алауыздығы да себеп болғаны анық.

Қазақ елшілері Бейжіңде, 1761 жыл. Уан Гуо Лай Чао Тудың суретінен фрагмент (түрлі елден келген дипломатиялық елшіліктердің иллюстрациясы). Цин дәуіріндегі көркем сурет, 18-ғасыр. Қытай ұлттық музейі, Бейжің / Wikimedia Commons
Әр жеңілістің зардабы ауыр тиіп, үлкен-үлкен аумақтар, соның ішінде Қазақ хандығының орталық бөлігінен де талай жер жау қолына өтіп жатты. Оған қоса, қазақ тайпаларының бір парасы, атап айтқанда, Ташкент ханы Жолбарыс Жоңғар хандығының дәргейіне бас ұрды. Сөйтіп, жоңғарлар Сырдария бойындағы негізгі қалаларды басып алып, жергілікті билеушілерге тиіспей, бодан етті.
Соғыста күйрей жеңілгеннің салдарынан саяси дағдарыс ушығып тұрған шақта Ордабасы тауында үш жүздің құрылтайы өтіп, Қазақ хандығы күш біріктіруге ұмтылыс жасады. Оған бір жағынан себеп болғаны — Сырдария маңындағы қалалардан айырылу, диқандар мен қолкәсіпшілер өнімдерін сататын басты нарықтардан айырылу деген сөз еді. Одан да қиыны — Қазақстанның оңтүстігі мен орталығындағы жайылым жерлерді жоңғарлар басып алғаны салдарынан қазақ рулары ауа көшуге мәжбүр болғаны. Жағдайды одан бетер қиындата түскені — батысқа қарай көшетін жолдардың бәрін Қалмақ хандығы жауып отырған.

Жан-Батист Ле Пренс. Қалмақ. 1771. Мемлекеттік Эрмитаж, Санкт-Петербург / Wikimedia Commons
Ордабасы тауындағы құрылтайдан кейін қазақ жасақтары бірнеше шайқаста жеңіске жетті, ең ірісі — 1729 жылғы Аңырақай шайқасы болды. Оның үстіне Жоңғар хандығының Цин империясымен және Қалмақ хандығымен арасындағы қарым-қатынасы өзгеріп, олар Сырдария бойындағы қалаларды тастай, шығысқа қарай шегінді.
1727 жылы жоңғарлар Халдан Церенді хан көтерді. Оның Аюка тайшымен кикілжіңі ойрат мемлекеттерінің бірлігін әлсіретіп, қазақтардың ес жиып алуына орай туды. Ал 1729 жылы Жоңғар хандығы Цин империясымен соғысқа түскенде, бар күшін шығысқа жұмсап, батыс тарапы осал болып қалды.

Қалдан Церен болуы мүмкін адамның портреті. Фрир өнер галереясы, Смитсон институты / Wikimedia Commons
Жоңғарлар мен Цин империясы арасындағы соғыс 1739 жылға дейін жалғасты. Соған қарамастан, Аңырақай шайқасынан кейін, жоңғарлар мен Цин империясының соғысы аяқталғанға дейін Шығыс Қазақстан далаларында жоңғар және қазақ әскерлерінің шайқасы жиі болатын. Қазақ тайпалары кезінде айырылып қалған жайылым жерлерін қайтарып алмақ болса, жоңғарлар бар күшін шығысқа, Цин империясының қоластындағы Моңғолияға қарата жұмсап жібергеніне қарамастан, айналып келіп, қазақ ауылдарына шауып жүрді.
Ресей империясымен қарым-қатынас
Сол кезеңде Қазақ хандығында билік орталықтың уысынан шығып, ыдырау қарқын ала береді. Жоңғарларды Сырдария маңындағы қалалардан ығыстырып шығарғаннан хан билігінің бұрынғы қуаты бірден күш ала қоймады, ал жоңғардан төнген қауіп азайған соң хандардың алауыздығы ендігі кезекте мүдделер қақтығысына ұласты. Сол қақтығыстың бір парасы — кіші жүз ханы Әбілқайыр мен орта жүз ханы Сәмеке солтүстікке, Ресей шекарасына қарайлай бастағаны еді.
Оған бір себеп — Жоңғар хандығымен ұзаққа созылып кеткен қанды соғыс бар, енді бір жағынан Орталық Азиядағы саяси дағдарыс бар, сол аймақтың экономикалық маңызы азайып кеткені еді. Біраз жер соғыстан зардап шекті, тоналды, күйіп кетті, қаңырап қалды, соның бәрінің кесірінен отырықшы өңірлер мен көшпенді тайпалардың алыс-берісі әлсіреп, тұрақсыз болып кетті.

Николай Каразин. Сібір желісін салып жатқан казактар. 1716 жыл. 1891/Library of Congress
Ол арада, 1730-жылдардың басынан Ресей империясы Орынбор экспедициясын ұйымдастырып, башқұрлар мен қазақтардың арасын бөлген Орынбор бекіністер желісі салынды. Содан кейін башқұрлар Ресей империясы аумағында қалып, басыбүтін боданға айналды. Сол экспансияның бір нәтижесі — Қазақ хандығымен арадағы шекара бойында жаңа сауда-саттық орталықтары пайда болды. Оған дейін қазақтар қалмақтардан асып, Еділ (Волга) бойындағы сауда орталықтарына жете алмайтын, ал Ертіс бойындағы орталықтарға, мысалы, Семей бекінісіне жоңғарлар өткізбейтін.
Орынбор және оған жалғасқан бекіністер бой көтергеннен кейін қазақ хандары Ресей империясымен тікелей қатынас жасай бастады. Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан өз еркімен барып Ресейге бодан болғаны да сол кезең. Совет тарихнамасында бұл кезең Қазақ хандығының Ресейге өз еркімен қосылуы деп аталған. Ал шын мәнінде, Ресей және Цин империялары сынды аграр мемлекеттерге көшпенді халықтардан бодандық құжатын алу қалыпты іс болатын. Ол құжатты алғанымен, даланы түгел өз қарауына алды деген сөз емес еді, даланың ортасына апарып тірек бекіністерін салмайынша, нағыз билігін жүргізе алмайтын.

Әбілқайырдың Ресей империясының патшасы Анна Иоановнаға жазған хаты. Факсимиле. 1730 жыл/XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынасы. Алматы. Ғылым. 1961
Тиісінше, кез келген көшпенді мемлекет бодандық құжатын бергенін шынымен басыбайлы болғанның белгісі демей, тек ресми сипатта көретін. Әбілқайыр ханға келсек, ол үш рет ант бергені және әдетте міндетін орындаудан бас тартқанын Ресей тарапы өз міндетінен бас тартқаны кесірінен болды деп бұлтарып кететіні белгілі. Атап айтқанда, Әбілқайыр Ресеймен арадағы шекара бойынан қала салып бер деп талап етіп, сол қаланы даланың өзіне билік жүргізетін, Орталық Азияның отырықшы аудандарының шекарасында тұрған Ташкент пен Түркістан сынды тірек бекінісі іспетті көрген. Ресей қала салуын салды, тек ол Әбілқайырға берілмесін деген бұйрығын қоса шығарды.

Цин империясы сарайындағы ақсүйек қазақтар. Император Чианлуң 1761 жылы тапсырыс беріп бастатқан және 1769 жылы аяқталған, Цин династиясына бағынышты халықтардың портреттері жинағынан иллюстрация. Қытай ұлттық кітапханасы, Бейжің/Wikimedia Commons
Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет пен Абылай сынды қазақ хандары Ресей империясымен арадағы келісімнен Ресейдің ресурстарына қол жеткізу амалын байқастап көрген. Ең алдымен керегі — сауда-саттық нарықтары еді. 18-ғасырдың басында Ресей бекіністері бойындағы нарықтар арқылы сауда-саттық жүргізу қазақ тайпаларына аса маңызды бола түскен. Оның үстіне қазақ хандары көшпенді мемлекетке тән аграрлық империялармен қарым-қатынас жүйесіне жүгініп, содан қолдау таппақ еді. Бұл ретте Ресейдің Орталық Азиямен арадағы транзит саудасынан түсетін кіріс аса маңызды экономикалық құрамдас болған.
Алайда 1739 жылы Жоңғар хандығы мен Цин империясы бейбіт келісімге қол қойып, екі елдің шекарасын Алтай тауын асыра сызып бекітті, яғни енді жоңғарлар Моңғолия аумағындағы саяси ықпалынан біржола айырылды деген сөз, ал жоңғарлардың Қытай ресурстарына сауда-саттық арқылы да, саяси қарым-қатынас арқылы да қол жеткізуі тіпті мүмкін емес нәрсеге айналды. Сөйтіп, Жоңғар хандығы саясатының бетін батысқа қарай бұрды.
Халдан Церен және жаңа жоңғар шапқыншылығы
1741 жылы Халдан Церен Қазақ хандығы мен Орталық Азияның оңтүстігіне қарай жаңа жорық бастайды. Ол кезге қарай Қазақ хандығы биліктің алауыздығынан әжептәуір әлсіреп қалған. Оның үстіне, Әбілқайыр мен Сәмеке 1730 жылдардан бастап бетін солтүстікке — Ресеймен арадағы шекараға бұрып кеткен. Ал 1740 жылы Ташкентте сол жердің сопылар тариқатының өкілдері Жолбарыс ханды өлтіріп кетеді.
Қазақ тайпалары жоңғар шапқыншылығына бөлек-бөлек қарсыласып жүргенімен, олардың қақтығыс шегіндегі мүмкіндіктері Жоңғар хандығының жақсы ұйысқан әскерінен кем түсіп жататын. Оның үстіне, 1726 жылғы құрылтай сынды қайта күш біріктіруге талпынбады. Сол заманның көшбасшыларының бірі Әбілқайыр хан жоңғар шапқыншылығы тұсында Хиуа хандығының қамын күйттеп кеткені тағы бар. Соның бәрінің салдарынан Ұлы жүз жоңғар билігіне мойынсұнып, түтін басынан бір қарсақ тері есебінде алым төлеп тұруға көнеді.

Жоңғарларға қарсы шайқастағы ежелгі қазақ батырларын бейнелейтін бедерлі ескерткіш. Отан қорғаушылар монументінің фрагменті, Астана, Қазақстан / Alamy
Ол алымның аса құны жоқ, тек символикалық мәні болғанын да атап өту керек шығар. Өйткені Шыңғысханның Ясасынан бергі заманда дала заңында әр үйге жүз бас малдан бір бас салық салынатын. Алайда жоңғарлар Оңтүстік Қазақстан жерінде — бұларға аса маңызды Орталық Азияның оңтүстігіне барар жолда отырған қазақтардың қарсылығын басуды маңызды көрсе керек. Оларға шығыста уысынан шығып кеткен нарықтардың есесіне Орталық Азияның егінші аудандары мен сауда орталықтарына жету маңыздырақ болған сияқты. Онда Ферғана мен Самарқан жоңғар тайшысының дәргейіне бас ұрған.
Жоңғарлар күшейіп, Орталық Азияның нарықтарын басып алған соң, Қазақ хандығының тәуелсіз күн кешкен бөлігінің жағдайы қиындай берді. Халдан Церен орта және кіші жүз қазақтары да дәргейіме бас ұрсын деп талап етті. Осы тұста Жоңғарлардың алдынан Ресей империясы шығады. Мұндағы мәселе қазақтар құжат жүзінде Ресейдің боданы саналатынында да емес еді.
Шындап келгенде, патша өкіметі тіпті қазақ халқынан бодандықтың басты сипаты — жасақ салығын да ала алмай отырған. Оның үстіне Ресей империясының төменгі Еділ бойынан Моңғолияға дейінгі даламен арадағы шекарасында әскері тым аз болатын. Сол аз әскердің өзі не тұрақты казак жасақтары не «федерат» есебінде жүрген жергілікті көшпенді тайпалар еді.

Мәскеу воеводалары іргесі енді қалаған Түмен қаласында. Жасақ жинау. Ремезов жылжазбасынан, 1703 жылға дейін / Wikimedia Commons
Мұндай жағдайда Жоңғар хандығының күшеюі Ресей олармен ірге бөлу жағына алаңдауға тиіс деген белгі болды. Қазақтың орта жүзі мен кіші жүзі Жоңғар хандығының дәргейіне бас ұрып, Ұлы жүз көнген талаптарға көнсе, одан Жоңғар хандығының әскери мүмкіндігі күшейе түсер еді. Соғыс қимылдарын жүргізуге өзіне тәуелді көшпенді тайпаларды тарту — дала мемлекеттеріне тән әдіс. Қалмақтар өзіне кіріптар ноғайларды, ал жоңғарлар — сібір қырғыздары мен кей моңғол тайпаларын жұмсап отырған.
Дала шекарасына тұрақты әскерін жіберетін қауқары болмаған соң, Ресей жақсы ұйысқан, шапшаң, от қаруы мен зеңбіректері бар жоңғар әскеріне қарсы тұруы қиын соғар еді. Шекара маңындағы казактар мен көшпенділерден құралған федераттар ұзыннан-ұзақ шекара маңының кез келген тұсынан шаба жөнелуі мүмкін жоңғар әскеріне тойтарыс бере алмасы айдан анық.

Александр Орловский. Қырғыздар. XIX ғасырдың басы. Варшавадағы ұлттық музей / Wikimedia Commons
Соны ойлаған Ресей империясы Жоңғар хандығының қазақ даласын шетінен басып алуын тежеу жолында дипломатиялық әрекетке кіріседі. Тек олардың көздегені жоңғарларды ғана емес, кезінде, 1740-жылдары Ресей әскерінің қуатты бір күші болған, жоңғарлармен туыс қалмақтарды да тежеу еді. Ресей елшілігінің жоңғарларға барған дипломатия әрекеті әжептәуір жемісті шықты. Оған көп жағынан сеп болғаны — Цин империясынан күйрей жеңіліп беті қайтқаннан кейін тағы бір қуатты аграрлық империямен қақтығысқа түсуге құлқы жоқ Жоңғар хандығы да келіссөзге дайын отырған.
Алайда 1742 жылы, Орталық Азияда өзбектің Минг тайпасы күшейіп, жоңғарларды аймақтан ығыстыра бастаған тұста жағдай өзгерді. Айта кетері, Қоқан хандығын билеп отырған әулет осы тайпадан шыққан. 1745 жылы Халдан Церен өлген соң Жоңғар хандығында тақталас басталады. Сол талас-тартыс барысында қатарынан бірнеше төңкеріс жүріп, жоңғарлар аймақтағы саяси ықпалын жоғалта береді. 1749 жылы Сыбан Доржы ханды тақтан тайдырып, билік басына Лама Доржы келеді. 1751 жылы Әмірсана мен Дабашы оған қарсы көтеріліп, беті қайтқан соң қазақ арасына қашып кетеді де, 1753 жылы қайтып келіп, қазақтардың көмегімен Лама Доржыны тақтан тайдырады.
Абылай хан және дипломатия ойыны
Бізге ең маңызды болғаны — қазақтар сол кезде-ақ жоңғардың ішкі саясатына ықпал ете бастағаны. Соның арқасында жоңғарларды бұрын басып алған жерінен шығысқа қарай біртіндеп тықсыра қууға орай туды. Қазақ хандығының осы тарихи кезеңінде жоңғар бағытында көп әрекет еткен жарқын тұлға — Абылай сұлтан ерекше көзге түседі. 1754 жылы Әмірсана Дабашыға қарсы шығып, одан жеңіліп, Цин империясына қарай қашады да, олардан қолдау алып қайта оралады. Алайда Цин империясы билікті оның қолына беріп қоймай, Жоңғар хандығын жер бетінен құртып жібереді. 1755 жылы Әмірсана Цин империясына қарсы көтерілгенде, Абылай оған бассауға беріп, 1756 жылы Цин империясына қарсы екеуі қатар шығады. Сол соғыста жеңілген соң, Абылай Цин империясымен дипломатиялық қатынас құруға көшеді.

Орой-Жалату түбіндегі Цин династиясы мен жоңғарлар арасындағы шайқас (1756). Цин дәуіріндегі көркем сурет, XVIII ғасыр. Император сарайы музейі (Palace Museum), Бейжің / Wikimedia Commons
Сол бір тарихи сәтте Қазақ хандығы өз орны мен жөні бар дербес мемлекет болудан кетіп, жеке-жеке хан-сұлтандардың көрші мемлекеттерге кезек ауа қайырылуы басталады. Әмірсананың көтерілісі жаншылғанда Жоңғар хандығының күл-талқаны шығып, халқының көп бөлігі қырылып қалған соң Еуразия даласының орталық бөлігіндегі тәуелсіз мемлекет саясаты тіпті де қиындап кетті. Енді дипломатияның күні туды.
Сол кезде Қазақ хандығында орталық билікті қайта нығайтуға ұмтылғандардың бірі — Абылай хан еді. Ол талпыныс оңай соққан жоқ. Кезінде біртұтас ел болған қазақ хандығының орнында басы бірікпей, ыдырай жайылып, жеке-жеке руын ерткен хан-сұлтандар көбейді. Олар көрші елдермен дипломатиялық қатынас құрып жатқанымен, ең әуелі өз аумағының мүддесін көздейтін.
Сөйте тұра, мемлекеттілік те, нағыз дербестік те әлі бар еді. Сондықтан ол уақытты Қазақ хандығы кезеңі десе болар.

Түркістандағы Абылай ханның ескерткіші, Қазақстан/Alamy