ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ АСТРОЛОГИЯ ТАРИХЫ

Қайдан пайда болды және Қайта өрлеуге қалай жол ашты?

ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ АСТРОЛОГИЯ ТАРИХЫ

Мерген және Тауешкі шоқжұлдыздары, Зәкәрия ибн Мұхаммед әл-Казвинидің «Жаратылыс ғажайыптары және болмыс қызықтары» кітабынан иллюстрация. Шығыстану институты, Санкт-Петербург, Ресей/Getty Images/Art Images

Қызық, бірақ анық жайт: 21-ғасырда астрология өркен жайып келеді. Кей адам бұл құбылысты дүниежүзі бойынша діндарлық деңгейінің төмендеуімен байланыстырады. Дегенмен Құдайға сенуден бас тартқанына қарамастан, көпшілік келешекке қатысты үрейді сейілту үшін метафизикалық қолдауға мұқтаж. Сондықтан онлайн-сервистердегі болашақты болжаудың қолжетімді жүйесі діни тәжірибелерді ығыстырып шығаратын құралға айналуы мүмкін. Астрологияны күнделікті тұрмыста қолданып жүргендер де бұл дүниенің түп бастауы қайда жатқанынан аз да болса хабардар. Олай болса, астрологияның қалай басталғаны және оның Орта ғасырдағы ислам әлемімен байланысты белгісіз тұстары жөнінде әңгіме өрбітейік.

Мазмұны

Ислам ренессансына дейінгі астрология

Қарабайыр астрология ілкі кезеңдерден бастау алған болса керек. Мәселен, неандерталдықтардың когнитивті және әлеуметтік қабілеттеріне жасалған зерттеулер олардың мәдениеті табиғи құбылыстарды бақылап отыруға және оған түрлі мағына таңуға жеткілікті болғанын көрсетіп отыр. Дегенмен астрологияның алғашқы формасы Қос өзен өркениетінде (алдымен шумерлерде, сосын ассириялықтарда) пайда болғаны мәлім. Ол заманда қандай да бір ғарыш оқиғасы нақты бір Құдайдың қалауы ретінде саналған, сәйкесінше, Жер бетіндегі істерге ықпалы бар деген түсінік өрістеген. Заманауи ғылым мұның бәрін белгілер астрологиясы деп атайды.

Қазіргі уақытта бізге мәлім болған зодиактың 12 белгісі б.з.д. 6-ғасырда аспан шеңберін он екіге бөліп, әрқайсысын нақты бір шоқжұлдызбен астастырған жүйені жасаған вавилондықтардан бастау алады. Бұл 12 бөлік зодиак белгілері ретінде мәлім. Осы шоқжұлдыздар шеңберін алдымен ежелгі гректер, сосын римдіктер әрмен қарай тереңдетіп, өзіне бейімдеп алған. Гректер әр шоқжұлдызға нақты атау және грек мифологиясымен байланысты символдарды дарытқан. Айталық, Тоқты шоқжұлдызы — Алтын жабағы жайлы, ал Арыстан шоқжұлдызы — Гераклды жеңген немейлік арыстан туралы мифтен туындаған. Грек жұлдызнамашылары планеталар мен зодиак белгілерінің адам тағдыры мен мінезіне әсері жөніндегі теорияны жасақтап шығарған.

1 / 2

Өз кезегінде римдіктер бұл ілімді гректерден алып, астрологияны төрткүл дүниеге жайған. Осылайша жұлдыз жорамал Рим мәдениетінің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Астрология мен астрономияның алтын дәуірі (антика дәуірінде бұл екеуінің аражігі ажырай қоймаған болатын) б.з.д. 46 жылы Юлий Цезарь жаңа күнтізбені енгізген соң орнады.

Ежелгі Римнің астрологиялық күнтізбесі. Б.з.б. 3-4-ғасырлар. Сурет. Түпнұсқа Рим өркениеті мұражайында (Рим, Италия, inv. M.C.R. n. 2898)/Wikimedia commons

Ежелгі Римнің астрологиялық күнтізбесі. Б.з.б. 3-4-ғасырлар. Сурет. Түпнұсқа Рим өркениеті мұражайында (Рим, Италия, inv. M.C.R. n. 2898)/Wikimedia commons

Жаңа күнтізбе Күн цикліне негізделді, әр 3 жыл 365 күн, ал одан кейінгі төртіншісінде (кібісе жыл) бір күн қосылып, 366 күн болып есептелді. Осыған қарап Рим астрологтары зодиак белгілерінің басталуы мен аяқталу уақытын, планеталардың орналасуы сынды қайталанатын астрономиялық құбылыстар мен циклдарды оңай есептейтін болды. Б.з. 100–170 жылдар аралығында өмір сүрген грек-рим ойшылы Птолемей бұл саланы терең қаузаған ғалымның бірі ретінде белгілі. Ол астрологиялық ілімді зерттеп, жүйелеп, жұлдызнамашылардың кейінгі буыны үшін негізгі еңбекке айналған «Тетрабиблос» (Τετράβιβλος) атты іргелі еңбегін жазып қалдырды.

Исламның Алтын дәуірі

8-ғасырда Ислам ренессансы басталды. Ол уақытта құрамына Азиядағы қазіргі араб мемлекеттері, Орталық Азияның бір бөлігі, Мысыр, Иран, Солтүстік Африка мен Пәкістан аумағы кіретін, адамзат тарихындағы ең алып империялардың бірі саналатын — Аббасилер империясы үстемдік құрып тұрған еді. Бұл аймақтың ішінде халифат құлаған соң да сақталып қалған жалпы мұсылмандық мәдени кеңістік қалыптасқан болатын. 14-ғасырға дейін ислам әлемінде ғылым мен мәдениет өркендеп тұрды. Айталық, мұсылман ғалымдары ғарыштың табиғатына қатысты ойларын ашық талқылап, жұлдыздарды зерттеп, оларға мән үстеуге тырысқан. Жалпы, аптап ыстықта өмір сүріп, күн батқан соң көп іс тындырғысы келген адамдар үшін жұлдыздар аса маңызды болғаны анық.

Түркітекті Артық ұлдары (Артукогуллары, Артукидтер) әулетінен шыққан Артук шахтың зодиактар бейнесі бар айнасы. 1220-1230 жж./David Collection/Getty Images

Түркітекті Артық ұлдары (Артукогуллары, Артукидтер) әулетінен шыққан Артук шахтың зодиактар бейнесі бар айнасы. 1220-1230 жж./David Collection/Getty Images

Дін мен жұлдыздарға қарап жорамал жасау әрекетіне қатысты пікір қақтығысы да дәл осы аймақта пайда болды. Монотеистік ислам астрологиямен айналысуды қатаң айыптайды. Себебі астрология көп Құдайлары бар әлемдегі пұтқа табынушылар дәуірінен тамыр тартады, ал мұсылмандық дәстүр бойынша келешекте не болары тек бір Құдайға ғана аян. Дегенмен болашақта болар оқиғаларды білсем деген қалау басым түсті те, астрология ілімі толық жойылмады және онымен айналысқан ислам ғалымдары қуғын көрмеді. Оның үстіне олар астрономияның дамуына да үлес қосатын, ал бұл жоғары бағаланып, құрметке ие болды.

Аббасилер халифатының астанасы болған Бағдат қаласының іргесі де астрологтардың көмегімен қаланған. 8-ғасырда Әл-Мансұр халиф қаланың құрылысын бастап кетуге ең қолайлы уақыт пен орынды таңдау үшін жұлдызнамашылардың көмегіне жүгінген. Ал 9-ғасырда Бағдатта грек, парсы және үнді өркениетінің ғылыми еңбектері аударылып, зерттеле бастаған «Даналық үйі» (Байт аль-Хикма) бой көтерді. Бұл контекстіде әдетте астрология астрономиямен бірге ортақ ауқымды ғылымының бөлшегі ретінде қатар зерттелетінін айта кету керек.

Ислам зерттеушілері бастапқы кезеңде өз еңбектерінде Птоломей жүйесін негіз етіп алады. Бұл Жер Ғаламның қақ ортасында тұр дейтін геоцентристік үлгіні қолданды деген сөз. Ол шақта өзге аспан денесінің бәрі (Ай, Күн, планеталар, жұлдыздар) күрделі траекториямен Жерді айнала қозғалады деген түсінік өрістеген-ді. Аспан денелері сфера сынды және дөңгелек орбита бойынша қозғалады деген сенім болған, бұл аспан денелері мінсіз деген идеяны қуаттай түскен. Ислам астрологтары грек-рим дәстүріне негізделген 12 шоқжұлдызды пайдаланғанымен, өз түсіндірмелерін жасап, оларға арабша атаулар қойған. Айталық, Тоқты шоқжұлдызын — «Әл-Хамал», Торпақты — «Әл-Таур», Егіздерді — «Әл-Джауз» деп атаған.

Торпақ, Егіздер және Шаян шоқжұлдыздары. Зәкәрия әл-Казвинидің «Жаратылыс ғажайыптары және болмыс қызықтарынан» миниатюра. 13-ғасыр/Шығыстану институты, Санкт-Петербург, Ресей/Photo by Art Images via Getty Images

Торпақ, Егіздер және Шаян шоқжұлдыздары. Зәкәрия әл-Казвинидің «Жаратылыс ғажайыптары және болмыс қызықтарынан» миниатюра. 13-ғасыр/Шығыстану институты, Санкт-Петербург, Ресей/Photo by Art Images via Getty Images

Сондай-ақ ислам ғалымдары ежелгі үнді астрологиясынан тамыр тартатын ай тұрақтары тұжырымын да қолданған. Үнділерде бұл тұжырым «накшатр» ретінде белгілі, ал исламға дейінгі араб дәстүрінде «Маназил әл-камар» деп аталған. Манзилалар Ай жолындағы әрқайсысы нақты бір жұлдызбен байланысты 28 тең бөлшектен тұрады. Мұны қандай да бір шара мен жоралғы өткізуге қолайлы күнді таңдап, жорамал жасауға қолданған. Сондай-ақ ежелгі Мысыр астрологиясынан шыққан декан (ондық) тұжырымы да танымал. Ол бойынша, аспан шоқжұлдыздар шеңберінің (шоқжұлдыз шеңберінде 360 градус бар, әрқайсысы 30 градустан тұратын 12 шоқжұлдызға бөлінеді) 10 градусына сәйкес келетін 36 бөлікке бөлінеді.

Ирандық астрологиялық трактаттан миниатюра. 17-18-ғасырлар/Photo by Sven Hoppe/picture alliance via Getty Images

Ирандық астрологиялық трактаттан миниатюра. 17-18-ғасырлар/Photo by Sven Hoppe/picture alliance via Getty Images

Дегенмен сол шақта ислам әлемінде ең кең тараған Хижра күнтізбесі Юлиан күнтізбесі секілді Күн цикліне емес, Айға негізделген болатын. Исламдық нұсқа да 12 айдан тұрады, бірақ олар Ай туғанда басталады. Осыған байланысты ай ұзақтығы 29 және 30 күн болып алмасып отырады, ал бір жыл 354 я 355 күннен тұрады. Ай жылы Күн жылынан қысқа болғандықтан, Күн күнтізбесімен салыстырғанда жыл сайын 10–12 күнге кері шегеріліп отырады, яғни бізге үйреншікті жылға қатысты алғанда астрологиялық оқиғалар мен зодиак белгілері өзгеріп отырады деген сөз. Бірақ мұсылман қауымы үшін бұл емес, Рамазан, қажылық сынды діни айтулы күндерді анықтау мәселесі маңыздырақ болған. Әуел бастан оларды Айға қарап анықтау қажет делінгендіктен, Ай күнтізбесі қабылданып, қолданысқа еніп кетті.

Әбу Машар әл-Балхидің астрологиялық трактатындағы Күн мен Арыстан белгілері. 850 жыл/Getty Images

Әбу Машар әл-Балхидің астрологиялық трактатындағы Күн мен Арыстан белгілері. 850 жыл/Getty Images

Осы себепті ислам астрономдары өз мақсаттары үшін Айға негізделген Хижра, сонымен қатар Юлиан тәріздес түрлі күнтізбеге қарап, аспан денелерінің орналасуына қатысты деректерден тұратын кестелерді жасаған. Мұндай кестелер ақпаратты синхрондап, күнтізбелерді салыстырып, «ортақ» астрологиялық қорытынды шығаруға мүмкіндік берген.

«Падишаһ альбомындағы» жұмыс істеп жатқан жұлдызнамашының суреті. Ұлы Моғол империясы. 17-ғасыр/Photo by Werner Forman/Universal Images Group/Getty Images

«Падишаһ альбомындағы» жұмыс істеп жатқан жұлдызнамашының суреті. Ұлы Моғол империясы. 17-ғасыр/Photo by Werner Forman/Universal Images Group/Getty Images

Аспан денелерінің арасынан ислам ғалымдарына Күн, Ай, Меркурий, Шолпан, Марс, Юпитер, Сатурн белгілі еді. Сондай-ақ астрономдар мен астрологтар шоқжұлдыздарға да назар аударған. Өйткені олардың әрбірі қандай да бір зодиак белгісіне тиісті болған. Шоқжұлдыздар зодиагы Күн, Ай және бірқатар планеталар қозғалысы үшін фон қызметін атқарған. Бұлардың бір-біріне қатысты тұрған жерін келешекті болжауға қолданған. Мәселен, Торпақ белгісіндегі Шолпан мен Шаян белгісіндегі Шолпанды тәпсірлеу арасында айырмашылық бар, яғни Күн, Ай және планеталардың шоқжұлдыздарға қатысты алғандағы орналасуы келешекті болжауға негіз болған.

Ескендірдің (Әмір Темір немересі ) “Ескендірдің дүниеге келуі кітабындағы” жұлдызнамасы (1384 жылдың 25 сәуірі деп көрсетілген). Авторы – Имад әд-Дин Махмұд әл-Қаши. 14-ғасыр. /Photo by Werner Forman/Universal Images Group/Getty Images

Ескендірдің (Әмір Темір немересі ) “Ескендірдің дүниеге келуі кітабындағы” жұлдызнамасы (1384 жылдың 25 сәуірі деп көрсетілген). Авторы – Имад әд-Дин Махмұд әл-Қаши. 14-ғасыр. /Photo by Werner Forman/Universal Images Group/Getty Images

Ғалымдар аспан денелерін Жер бетіндегі ең көне астрономиялық құрылғы — астроляб арқылы бақылаған. Бұл құрал алғаш Ежелгі Грек жерінде пайда болғанымен, Шығыс ғалымдары оны жетілдіріп, күн мен түннің ұзақтығын анықтау үшін ғана емес, кейбір математикалық есептеу мен астрологиялық жорамал жасауға да қолданған.

Астроляб құрылғысы қозғалмалы және тұрақты екі негізгі бөліктен тұрады. Тұрақты бөлігі — қалған бөліктер толық бекітілген домалақ пластина. Бұл пластинаның бойына айналдыра 0 мен 360 градус аралығындағы белгілер салынған, олар көкжиектен көрінген қандай да бір нақты аспан денесінің биіктігін өлшеуге мүмкіндік береді. Құрылғының қозғалмалы бөлігінде жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың орналасу реті көрсетілген тор қойылған. Жұлдыздардың әрдайым бір орында тұрмайтыны белгілі. Олардың көкжиектегі орналасу реті уақыт, мерзім мен Жер бетіндегі бақылау орнына байланысты аздап өзгеріп отырады.

1 / 2

Астрологиялық болжамдар нақты бір сәтте нақты бір жерде тұрып жұлдыздардың және оларға қатысты планеталардың орнын анықтау арқылы жасалған. Ол кезде жұлдызнамашылар планеталардың Күнді айналып қозғалатынын, ал олардың Жерге қатысты орны оқтын-оқтын қайталанып тұратынын білмейтін еді. Мәселен, Сатурн циклы шамамен 29,5 жылды, ал Юпитер циклы 12 жылды құрайды. Осы тұста зерттеушілер түсіндіруге тырысқан күрделі құбылыстардың бірі — планеталардың ретроград қозғалысы болғанын атап өткен жөн. Бұл сәтте Жер бетінен бақылап отырған жан үшін планеталар аспанда кері қозғалып бара жатқандай көрінеді. Астрология мен астрономияның геоцентристік үлгісі аясында зерттеушілер осы құбылысты «қосымша күрделі циклдар бар» деп түсіндіруге тырысты. Жер шарының тұрғындарына сәтсіздік алып келеді-мыс саналатын атақты «ретроград Меркурий» термині де осыдан келіп шыққан еді.