Қызық, бірақ анық жайт: 21-ғасырда астрология өркен жайып келеді. Кей адам бұл құбылысты дүниежүзі бойынша діндарлық деңгейінің төмендеуімен байланыстырады. Дегенмен Құдайға сенуден бас тартқанына қарамастан, көпшілік келешекке қатысты үрейді сейілту үшін метафизикалық қолдауға мұқтаж. Сондықтан онлайн-сервистердегі болашақты болжаудың қолжетімді жүйесі діни тәжірибелерді ығыстырып шығаратын құралға айналуы мүмкін. Астрологияны күнделікті тұрмыста қолданып жүргендер де бұл дүниенің түп бастауы қайда жатқанынан аз да болса хабардар. Олай болса, астрологияның қалай басталғаны және оның Орта ғасырдағы ислам әлемімен байланысты белгісіз тұстары жөнінде әңгіме өрбітейік.
Ислам ренессансына дейінгі астрология
Қарабайыр астрология ілкі кезеңдерден бастау алған болса керек. Мәселен, неандерталдықтардың когнитивті және әлеуметтік қабілеттеріне жасалған зерттеулер олардың мәдениеті табиғи құбылыстарды бақылап отыруға және оған түрлі мағына таңуға жеткілікті болғанын көрсетіп отыр. Дегенмен астрологияның алғашқы формасы Қос өзен өркениетінде (алдымен шумерлерде, сосын ассириялықтарда) пайда болғаны мәлім. Ол заманда қандай да бір ғарыш оқиғасы нақты бір Құдайдың қалауы ретінде саналған, сәйкесінше, Жер бетіндегі істерге ықпалы бар деген түсінік өрістеген. Заманауи ғылым мұның бәрін белгілер астрологиясы деп атайды.
Қазіргі уақытта бізге мәлім болған зодиактың 12 белгісі б.з.д. 6-ғасырда аспан шеңберін он екіге бөліп, әрқайсысын нақты бір шоқжұлдызбен астастырған жүйені жасаған вавилондықтардан бастау алады. Бұл 12 бөлік зодиак белгілері ретінде мәлім. Осы шоқжұлдыздар шеңберін алдымен ежелгі гректер, сосын римдіктер әрмен қарай тереңдетіп, өзіне бейімдеп алған. Гректер әр шоқжұлдызға нақты атау және грек мифологиясымен байланысты символдарды дарытқан. Айталық, Тоқты шоқжұлдызы — Алтын жабағы жайлы, ал Арыстан шоқжұлдызы — Гераклды жеңген немейлік арыстан туралы мифтен туындаған. Грек жұлдызнамашылары планеталар мен зодиак белгілерінің адам тағдыры мен мінезіне әсері жөніндегі теорияны жасақтап шығарған.
Өз кезегінде римдіктер бұл ілімді гректерден алып, астрологияны төрткүл дүниеге жайған. Осылайша жұлдыз жорамал Рим мәдениетінің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Астрология мен астрономияның алтын дәуірі (антика дәуірінде бұл екеуінің аражігі ажырай қоймаған болатын) б.з.д. 46 жылы Юлий Цезарь жаңа күнтізбені енгізген соң орнады.
Жаңа күнтізбе Күн цикліне негізделді, әр 3 жыл 365 күн, ал одан кейінгі төртіншісінде (кібісе жыл) бір күн қосылып, 366 күн болып есептелді. Осыған қарап Рим астрологтары зодиак белгілерінің басталуы мен аяқталу уақытын, планеталардың орналасуы сынды қайталанатын астрономиялық құбылыстар мен циклдарды оңай есептейтін болды. Б.з. 100–170 жылдар аралығында өмір сүрген грек-рим ойшылы Птолемей бұл саланы терең қаузаған ғалымның бірі ретінде белгілі. Ол астрологиялық ілімді зерттеп, жүйелеп, жұлдызнамашылардың кейінгі буыны үшін негізгі еңбекке айналған «Тетрабиблос» (Τετράβιβλος) атты іргелі еңбегін жазып қалдырды.
Исламның Алтын дәуірі
8-ғасырда Ислам ренессансы басталды. Ол уақытта құрамына Азиядағы қазіргі араб мемлекеттері, Орталық Азияның бір бөлігі, Мысыр, Иран, Солтүстік Африка мен Пәкістан аумағы кіретін, адамзат тарихындағы ең алып империялардың бірі саналатын — Аббасилер империясы үстемдік құрып тұрған еді. Бұл аймақтың ішінде халифат құлаған соң да сақталып қалған жалпы мұсылмандық мәдени кеңістік қалыптасқан болатын. 14-ғасырға дейін ислам әлемінде ғылым мен мәдениет өркендеп тұрды. Айталық, мұсылман ғалымдары ғарыштың табиғатына қатысты ойларын ашық талқылап, жұлдыздарды зерттеп, оларға мән үстеуге тырысқан. Жалпы, аптап ыстықта өмір сүріп, күн батқан соң көп іс тындырғысы келген адамдар үшін жұлдыздар аса маңызды болғаны анық.
Дін мен жұлдыздарға қарап жорамал жасау әрекетіне қатысты пікір қақтығысы да дәл осы аймақта пайда болды. Монотеистік ислам астрологиямен айналысуды қатаң айыптайды. Себебі астрология көп Құдайлары бар әлемдегі пұтқа табынушылар дәуірінен тамыр тартады, ал мұсылмандық дәстүр бойынша келешекте не болары тек бір Құдайға ғана аян. Дегенмен болашақта болар оқиғаларды білсем деген қалау басым түсті те, астрология ілімі толық жойылмады және онымен айналысқан ислам ғалымдары қуғын көрмеді. Оның үстіне олар астрономияның дамуына да үлес қосатын, ал бұл жоғары бағаланып, құрметке ие болды.
Аббасилер халифатының астанасы болған Бағдат қаласының іргесі де астрологтардың көмегімен қаланған. 8-ғасырда Әл-Мансұр халиф қаланың құрылысын бастап кетуге ең қолайлы уақыт пен орынды таңдау үшін жұлдызнамашылардың көмегіне жүгінген. Ал 9-ғасырда Бағдатта грек, парсы және үнді өркениетінің ғылыми еңбектері аударылып, зерттеле бастаған «Даналық үйі» (Байт аль-Хикма) бой көтерді. Бұл контекстіде әдетте астрология астрономиямен бірге ортақ ауқымды ғылымының бөлшегі ретінде қатар зерттелетінін айта кету керек.
Ислам зерттеушілері бастапқы кезеңде өз еңбектерінде Птоломей жүйесін негіз етіп алады. Бұл Жер Ғаламның қақ ортасында тұр дейтін геоцентристік үлгіні қолданды деген сөз. Ол шақта өзге аспан денесінің бәрі (Ай, Күн, планеталар, жұлдыздар) күрделі траекториямен Жерді айнала қозғалады деген түсінік өрістеген-ді. Аспан денелері сфера сынды және дөңгелек орбита бойынша қозғалады деген сенім болған, бұл аспан денелері мінсіз деген идеяны қуаттай түскен. Ислам астрологтары грек-рим дәстүріне негізделген 12 шоқжұлдызды пайдаланғанымен, өз түсіндірмелерін жасап, оларға арабша атаулар қойған. Айталық, Тоқты шоқжұлдызын — «Әл-Хамал», Торпақты — «Әл-Таур», Егіздерді — «Әл-Джауз» деп атаған.
Сондай-ақ ислам ғалымдары ежелгі үнді астрологиясынан тамыр тартатын ай тұрақтары тұжырымын да қолданған. Үнділерде бұл тұжырым «накшатр» ретінде белгілі, ал исламға дейінгі араб дәстүрінде «Маназил әл-камар» деп аталған. Манзилалар Ай жолындағы әрқайсысы нақты бір жұлдызбен байланысты 28 тең бөлшектен тұрады. Мұны қандай да бір шара мен жоралғы өткізуге қолайлы күнді таңдап, жорамал жасауға қолданған. Сондай-ақ ежелгі Мысыр астрологиясынан шыққан декан (ондық) тұжырымы да танымал. Ол бойынша, аспан шоқжұлдыздар шеңберінің (шоқжұлдыз шеңберінде 360 градус бар, әрқайсысы 30 градустан тұратын 12 шоқжұлдызға бөлінеді) 10 градусына сәйкес келетін 36 бөлікке бөлінеді.
Дегенмен сол шақта ислам әлемінде ең кең тараған Хижра күнтізбесі Юлиан күнтізбесі секілді Күн цикліне емес, Айға негізделген болатын. Исламдық нұсқа да 12 айдан тұрады, бірақ олар Ай туғанда басталады. Осыған байланысты ай ұзақтығы 29 және 30 күн болып алмасып отырады, ал бір жыл 354 я 355 күннен тұрады. Ай жылы Күн жылынан қысқа болғандықтан, Күн күнтізбесімен салыстырғанда жыл сайын 10–12 күнге кері шегеріліп отырады, яғни бізге үйреншікті жылға қатысты алғанда астрологиялық оқиғалар мен зодиак белгілері өзгеріп отырады деген сөз. Бірақ мұсылман қауымы үшін бұл емес, Рамазан, қажылық сынды діни айтулы күндерді анықтау мәселесі маңыздырақ болған. Әуел бастан оларды Айға қарап анықтау қажет делінгендіктен, Ай күнтізбесі қабылданып, қолданысқа еніп кетті.
Осы себепті ислам астрономдары өз мақсаттары үшін Айға негізделген Хижра, сонымен қатар Юлиан тәріздес түрлі күнтізбеге қарап, аспан денелерінің орналасуына қатысты деректерден тұратын кестелерді жасаған. Мұндай кестелер ақпаратты синхрондап, күнтізбелерді салыстырып, «ортақ» астрологиялық қорытынды шығаруға мүмкіндік берген.
Аспан денелерінің арасынан ислам ғалымдарына Күн, Ай, Меркурий, Шолпан, Марс, Юпитер, Сатурн белгілі еді. Сондай-ақ астрономдар мен астрологтар шоқжұлдыздарға да назар аударған. Өйткені олардың әрбірі қандай да бір зодиак белгісіне тиісті болған. Шоқжұлдыздар зодиагы Күн, Ай және бірқатар планеталар қозғалысы үшін фон қызметін атқарған. Бұлардың бір-біріне қатысты тұрған жерін келешекті болжауға қолданған. Мәселен, Торпақ белгісіндегі Шолпан мен Шаян белгісіндегі Шолпанды тәпсірлеу арасында айырмашылық бар, яғни Күн, Ай және планеталардың шоқжұлдыздарға қатысты алғандағы орналасуы келешекті болжауға негіз болған.
Ғалымдар аспан денелерін Жер бетіндегі ең көне астрономиялық құрылғы — астроляб арқылы бақылаған. Бұл құрал алғаш Ежелгі Грек жерінде пайда болғанымен, Шығыс ғалымдары оны жетілдіріп, күн мен түннің ұзақтығын анықтау үшін ғана емес, кейбір математикалық есептеу мен астрологиялық жорамал жасауға да қолданған.
Астроляб құрылғысы қозғалмалы және тұрақты екі негізгі бөліктен тұрады. Тұрақты бөлігі — қалған бөліктер толық бекітілген домалақ пластина. Бұл пластинаның бойына айналдыра 0 мен 360 градус аралығындағы белгілер салынған, олар көкжиектен көрінген қандай да бір нақты аспан денесінің биіктігін өлшеуге мүмкіндік береді. Құрылғының қозғалмалы бөлігінде жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың орналасу реті көрсетілген тор қойылған. Жұлдыздардың әрдайым бір орында тұрмайтыны белгілі. Олардың көкжиектегі орналасу реті уақыт, мерзім мен Жер бетіндегі бақылау орнына байланысты аздап өзгеріп отырады.
Астрологиялық болжамдар нақты бір сәтте нақты бір жерде тұрып жұлдыздардың және оларға қатысты планеталардың орнын анықтау арқылы жасалған. Ол кезде жұлдызнамашылар планеталардың Күнді айналып қозғалатынын, ал олардың Жерге қатысты орны оқтын-оқтын қайталанып тұратынын білмейтін еді. Мәселен, Сатурн циклы шамамен 29,5 жылды, ал Юпитер циклы 12 жылды құрайды. Осы тұста зерттеушілер түсіндіруге тырысқан күрделі құбылыстардың бірі — планеталардың ретроград қозғалысы болғанын атап өткен жөн. Бұл сәтте Жер бетінен бақылап отырған жан үшін планеталар аспанда кері қозғалып бара жатқандай көрінеді. Астрология мен астрономияның геоцентристік үлгісі аясында зерттеушілер осы құбылысты «қосымша күрделі циклдар бар» деп түсіндіруге тырысты. Жер шарының тұрғындарына сәтсіздік алып келеді-мыс саналатын атақты «ретроград Меркурий» термині де осыдан келіп шыққан еді.
Астрологияға теңдесіз үлес қосқан ғалымның бірі — қазіргі Ауғанстан аймағында дүниеге келген Әбу Машар. 9-ғасырдағы оның планеталар, зодиак белгілері мен жұлдызнама үйі суреттелген «Жұлдыздар ғылымына кіріспе» (Китаб әл-мудхал әл-кабир) атты еңбегі бұл саладағы құнды еңбек саналады. Астрологиялық қағидалардың түсіндірмесі мен әдістерін жан-жақты сипаттаған туынды астрологтар үшін басты оқу құралы қызметін атқарып келеді. Әбу Машардың Птоломей еңбектеріне қатысты жазған маңызды әрі толымды ой-пікірлері астрология ілімін жалпыға түсініктірек ете түсті. Бұл ғалымның ықпалы Иоганн Кеплер, Альбрехт Дюрер секілді еуропалық көптеген астрологтың еңбектерінен байқалады.
Заманауи Ирак аймағында 9-ғасырда өмір сүрген Әл-Кинди де астрологияға қызыққан. Ол бұл бағытты ғылым саласы ретінде қорғап, беделін арттырып, мойындалуына барын салған. Әл-Киндидің қызықты идеяларының арасында жұлдызнаманы қолдана отырып, жер астынан қазына табу әдісі де бар. Өз еңбектерінде ол мұны қалай іске асыруға болатынын сипаттап жазады. Сондай-ақ Әл-Кинди 837 жылы Галлей кометасын бақылауға алып, көрген-білгенін саяси оқиғаларды болжау үшін қолданған. Оның ойынша, комета алда болар тұрақсыздықпен, мемлекет ішінде бас көтеруі мүмкін толқулармен байланысты болыпты. Бір қызығы, 860 жылы шынымен көтерілістер орын алады. Дегенмен Әл-Кинди мұндай оқиғалардың нақты мерзімін атамағанын ескеру қажет.
9-ғасырда Отырар қаласында (қазіргі Қазақстан аймағында орналасқан) туған Әл-Фараби де астрологиямен айналысты. Мәселен, ол астрология мен астрономияның, сондай-ақ физика мен метафизиканың өзара байланысын зерттеген. Өз еңбектерінде ол бұл ғылым салаларын біріктіріп, әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға тырысқан. Айталық, белсенді ақыл — Әл-Фараби Аристотель мен неоплатоншылардың іліміне негіздеп дамытқан тұжырым. Ол белсенді ақылды аспан денелері мен адамдар әлемінің арасындағы делдал секілді қызмет ететін бітім немесе күш ретінде ұсынған.
«Құлдырау» кезеңіндегі астрология
Осылайша, антикалық дәуірдің астрология жөніндегі ілімі исламның «Алтын дәуірінде» жинақталды, бір жүйеге түсті және айтарлықтай дамыды. Ал «құлдырау» дәуірі туған соң, латын тіліне аударылған ислам ғалымдарының еңбектерін еуропалықтар меңгерді. Бертін келе ислам әлемінің ғылыми және философиялық жетістіктері Қайта Өрлеу дәуірінің туындауына мұрындық болды.
Еуропалықтар ислам ғалымдарының еңбектерін аударуды ерте бастан қолға алған болатын. Мәселен, ағылшын философы Аделард Батский 12-ғасырда мұсылмандардың ғылымы мен философиясын зерттеп, араб елдерінде біршама уақыт өткізеді. Ол латын тіліне астрономия, математика мен медицинадағы бірқатар еңбекті аударып шыққан. Дегенмен мұсылман ғалымдары жазған еңбектердің Батысқа тарауындағы ең үлкен ықпал арабтар 8-ғасырда жаулап алған Толедо қаласына тиесілі.
771 жылы Умәйялар әулеті бастаған мұсылман жауынгерлері Пиреней түбегінің басым бөлігін жаулап алады. Кейін оларды Аббасилер биліктен ығыстырып шығарған соң, Умәйяларден шыққан I Әбдірахман бас сауғалап Пиреней түбегіне қашып барады. Мұнда ол қазіргі Испания мен Португалияның басым бөлігін қамтыған Кордова халифатының негізін қалайды. Мұсылман ғалымдарының еңбектерін Аббасилер халифаты арқылы алып отырған Толедо қаласы осылайша ислам мәдениеті мен ғылымының маңызды орталығына айналады. Оқытушылықпен, ғылыммен айналысу үшін Кордоваға ислам ғалымдары мен философтары жиі шақыртылып тұрған. 1085 жылы бұл аймақты христиандар жаулап алып, билік алмасқан соң жергілікті кітапханадағы еңбектер латын тіліне аударыла бастаған.
Тарих бетінде еуропалық астрологтар өздеріне бейімдеп, қабылдап алған астрологиялық тұжырымдар жетерлік. Мәселен, үйлер жүйесін (адамның туған жері мен күніне байланысты анықталатын аспан шеңберінің 12 бөлімі) айтсақ болады. Бұл үйлер өмірдің түрлі саласымен байланысты, ал планеталардың осы үйлердің ішіндегі және шоқжұлдыздардағы орны астрологтарға жеке адамның тағдыры мен тұлғасына қатысты жорамал жасауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе ілкі кезеңдерден тамыр тартқанына қарамастан, Еуропа жерінде ислам ғалымдарының еңбектерін игерудің арқасында танымал болды.
Мишель де Нотрдам немесе Нострадамус
Еуропа астрологиясындағы ең дарақы әрі жарқын тұлға — 16-ғасырда өмір сүрген Нострадамус болар. Ол астрологиялық есептеулер негізінде жасалған, бас-аяғы 942 шумақтан тұратын, атағы жер жарған «Центурия» (Les prophéties) еңбегі арқылы танымал. Кейбір зерттеушінің сөзінше, оның көптеген болжамы дәл шыққан. Нострадамус Француз революциясын, түрлі көшбасшының билікке келуі мен Екінші дүниежүзілік соғысты дөп айтқан деседі. Мәселен, ол Наполеонның келетінін төмендегі шумақ арқылы болжапты-мыс:
«Империяның түбіне жететін Император,
Италияға жақын жерде дүниеге келеді.
Оның кіммен байланысқанына қарап,
Ханзада емес, қасапшы санайтын болады».
Дегенмен осы тұста мұндай болжамның іске аспай қалуы мүмкін емес екенін атап өткен жөн. Өйткені ерте ме, кеш пе осы тақілеттес сипаттамаға дәл келетін саяси тұлға міндетті түрде шығатын еді. Сондықтан Нострадамустың болжамын жұрт тым жалпылама болғаны үшін жиі сынап жатады.
Астрологияның ғылымнан бөлінуі
Бір жағынан, жалғыз Құдайға негізделген монотеистік діндер пайда болған соң, болашақты болжау құптарлық іс болмай қалды. Екінші жағынан, астрология ғылыми бағыт болудан да қалды, себебі 17-ғасырдан бастап ғылым дегеннің не екені нақтыланып, критерийлері белгілене бастаған болатын. Ол бойынша қандай да бір гипотеза тәжірибе және бақылау арқылы тексерілуі қажет. Ал астрологиялық болжамдар әдетте тексеруге және эмпирикалық деректер арқылы мақұлдауға келмейді. Жүргізілген түрлі зерттеу планеталар мен жұлдыздардың қозғалысы адам өміріне және тұлғасына шын мәнінде әсер ететінін дәлелдеп бере алған жоқ.
Зодиак белгілері бір жыл ішіндегі Күннің шоқжұлдыздарға қатысты орналасуына негізделеді. Бірақ қазір Күннің орналасуы ұзақ уақыт бойы (мыңдаған жыл) өзгермейтіні белгілі. Өзгеріп отыратын басқа дүние — Жердің тұрған орны, себебі ол Күнді айналады. Бұған қоса, заманауи астрономдар Ғаламдағы ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген адамдар үшін беймәлім болған мыңдаған құбылысты біледі. Бірақ астрология мұның бәрін ескермей, тек ескі дәстүрлерге иек артып келеді.
Жұрттың ұдайы ғылыми әдіске сүйене бермейтіні — талас тудырмайтын факт. Әдетте адам өмірін жақсарту үшін дәл, ал кейде қарапайымдатылған құралдар ұсынатын дүниелерге арқа сүйейді. Астрология, міне, осы міндеттердің бір бөлігін атқарып келеді: белгісіздік пен аласапыранға толы әлемнің болашағы жайында үмітті ойлар сыйлап, бағдар береді. Дегенмен астрологиялық болжамдарды өмірлік маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдау кезінде қолдануға болмайтынын естен шығармаған жөн.