КӨКПАР – БІЛЕКТІ, ЕРІК ПЕН АҚЫЛДЫ ШЫНЫҚТЫРАТЫН ЖАТТЫҒУ

Түркілердің ежелгі сүйікті ойыны

КӨКПАР – БІЛЕКТІ, ЕРІК ПЕН АҚЫЛДЫ ШЫНЫҚТЫРАТЫН ЖАТТЫҒУ

Франц Рубо. Көкпар/Alamy

«Көшпенділер ойыны» кезінде көрермен көкпарға айрықша ден қояды. Ол қызығушылықтың себебі де түсінікті. Өйткені көкпар делебеңді қоздырып қана қоймай, ішіңде бұйығып жатқан өткен хақындағы естелікті, шынайы еркіндікті, нағыз ерге тән мінезіңді оятады.

Бұл ойынның ережелері қарапайым — басы кесілген серкені атқа қонған 8-12 адамнан тұратын екі команда бір-бірінен тартып алу үшін барын салады. Ойынның заманауи спорттық нұсқасында серкенің денесін қарсыластың қақпасы есебіндегі «қазандықтарға» дөп түсіру қажет. Ал ескі кезеңдерде көкпаршылар серкенің денесін межелі жерге жеткізуге тырысқан.

1 / 2

Қазақ тілінде «ойын» деген сөз, «ойды ынталандыру», яғни «ойды шынықтыру» деген екі сөздің қосындысынан құралған. Өйткені көкпардың, жеңіс пен сайысқа құралған еуропалықтар я америкалықтардың түсінігіндегі «ойыннан» айырмашылығы — мұнда процестің өзіне мән беріледі. Мұнда есептен гөрі, жаттығудың (ат үстінде ойнақ салған шабандоздың ылдым-жылдым әрекеті мен жинақы қозғалысы) өзі маңызды. Ойын кезінде командалар сызықты кесіп өтіп, «қазандыққа» салу үшін бір-бірінен серкені тартып алуға тырысады. Бірақ таңданыстан шулаған көрермен, қазандыққа серкені салып, ұпай алған көкпаршының әрекетіне емес, көбіне-көп оның әбжіл қимылына, шеберлігіне тамсанып жатады. (20 ғасырдың 90-жылдарына дейін көкпар шапқан қазақтар «қазандық» дегенді білмеген. Аталған өзгеріс қырғыздардан енген жаңалық. Бұл жағынан қазақтардың көкпары негізінен жеңу үшін допты сызықтар асыру қажет болған регбиге я америкалық футболға ұқсайды).

Қырғыз батырының 400 жылдығына орай Чолпон-Атада (Кыргызстан) өткен көкпар. 2024 жылғы 1 маусым/VYACHESLAV OSELEDKO/AFP via Getty Images

Қырғыз батырының 400 жылдығына орай Чолпон-Атада (Кыргызстан) өткен көкпар. 2024 жылғы 1 маусым/VYACHESLAV OSELEDKO/AFP via Getty Images

Осы тұста көшпелі халықтардың майданы, екі тараптың сауыт киген жаяу әскері бетпе-бет келіп ұрыс салған еуропалықтардың соғысынан қатты айрықшаланатынын атап өткен жөн. Ал көшпелілердің ежелгі уақыттардағы майдан даласындағы ұрыс аймағы он шақты шақырымға дейін созылып, қақтығыстар апталарға ұласып, ұрыстардың бәрі тек ат үстінде өткен. Кішігірім топтардың арасындағы не қосымша көмек келгенше я өлім құшқанша жалғасқан қиян-кескі ұрыстар, сарбаздан ептілік пен жауынгерге тән шеберлікті қажет еткен. Сондықтан көшпелі жауынгер үшін аттың құлағында ойнап, онымен біте қайнасып, жауды, сай-саланы, кез келген қозғалысты аңдау аса маңызды. Өз кезегінде көкпар осындай ұрыстарға әзір, шыңдалған жауынгерлерді дайындайтын мінсіз жаттығу саналған.

2018 жылы Шолпан-Атада (Қырғызстан) өткен Көшпелілер ойыны/Getty Images

2018 жылы Шолпан-Атада (Қырғызстан) өткен Көшпелілер ойыны/Getty Images

Ілкі кезеңде жауынгерлер көкпарды тек үлкен той үстінде ғана тартқан. Айталық, абыройлы кісінің мұрагері дүниеге келген шілдехана тойында, наурызда және өзге де маусымдық мерекелер кезінде ұйымдастырылған. Бірақ мерекелердің шектеулі болғанына қарамастан кез келген жас жігіт пен жігіт ағасы жылына бірнеше мәрте өз күшін істе сынап көріп, жаугершілік рухын шыңдап, кемшіл тұстары мен артықшылықтарын (әлбетте, жауынгерлердің күйін әскербасы бағалап отырған) аңғаратын мүмкіндікке ие болған. Ойын кезінде көрші жатқан рулардың шабуылын ұрысқа әзір әрі жеңіске жету үшін барын салған қолы қарулы малшылар тойтарып тастап отырған. Егер көкпар кезінде қамшыны қарсыласқа сілтеуге бұрындары тыйым болмағанын ескерер болсақ, көкпар ежелде тек рухты ғана емес, сондай-ақ денені де сынға салар қатаң сынақ болғаны анық.

Ешкінің еті үшін қырқысқан екі үйір қасқыр — көкпар ойынына арқау болған бастапқы сурет осы. Қасқыр (түркілер үшін қасиетті жануар) — тек жыртқыштар арасында ғана емес, сондай-ақ топтасып өмір сүретін барлық жануардан әрқилы әрекетімен, ұжымдасып жасайтын күрделі қимылдарымен айрықшаланады. Аңшылық кезіндегі қасқыр үйірінің жасаған алуан түрлі тәсілдері мен айла-шарғысын, тіпті адамдардан құралған кейбір әскери топтар қайталай алмайды. Халық ішінде кең тараған аңыз бойынша, көкпар ойынын көшпелілер қасқырлар мен олардың іс-қимылын бағып отырып ойлап тапқан деседі. Айталық, қырғыздар аталған ойынды «көк-бөрү» (көк қасқыр) деп атауы тегін емес.

Ыстық көл, Қырғызстан/Alamy

Ыстық көл, Қырғызстан/Alamy

Ертеде көкпар тартқан халықтар көп болған. Айталық, мажарлар, моңғол және түркі халықтары тегіс тартқан, тіпті көкпарға ұқсас ойынды Солтүстік Американың байырғы халықтары да ат саны артқан тұста ойнаған деседі. Қазірде көкпарды халықаралық деңгейдегі ойын деуге болады (сайысқа он шақты елден келген шабандоздар қатысады). Дегенмен ойынды ұйымдастырушылардың арасына қағылған сына мен таусылмайтын дау-дамайлар көкпардың кәсіби спорт ретінде дамуына кедергі келтіріп отыр. Жалпы алғанда бұл да табиғи процесс. Айталық мұндай кезеңдерді футболдан бастап, шахматқа дейінгі ойындардың бәрі өткерген. Өйткені түрлі ұлттық дәстүрлі ережелерді бір жүйеге түсіру — оңай іс емес. Мәселен, бір кездері қырғыздардың көкпарға қосқан қазандығы, ойынның қызығын кетіріп, шеберлікті көрсетуге мүмкіндік бермейді деп санайтын ойыншылардың наразылығын тудырып отыр (оның үстіне — қазандықтар аттар үшін де, жылқы үстіндегі көкпаршы үшін де қауіпсіз емес. Өйткені қазандыққа келіп аттар жиі ұрынып, өзінің де, үстіндегі адамның да өміріне қатер төндіреді).

Қытайдағы Тасқорған-Тәжік автономиясындағы көкпар тартысы. 2024 жылғы 20 маусым/ Ding Xiaochun/VCG via Getty Images

Қытайдағы Тасқорған-Тәжік автономиясындағы көкпар тартысы. 2024 жылғы 20 маусым/ Ding Xiaochun/VCG via Getty Images

Бәлкім, тәртібі, нормалары мен халықаралық ережелері бекітілген кәсіби көкпарға тек он шақты жылдан кейін ғана қол жеткізетін болармыз. Әзірге бұл ойынның халықтық сипаты басым болып тұр. Мәселен, көкпарға ынты-шынтысымен берілген, көп уақыты мен күшін сарқып жүрген, елеулі жетістікке жеткен көкпаршылар, тура мағынасында ойынға әсіре әуестенген әуесқойлар ғана. Олар жайшылықта тіс дәрігері, такси жүргізушісі, кеңсе қызметкерлері сынды әртүрлі жұмыстарды атқарады. Әрі көкпарға әуестенген балалар мен жасөспірімдер арнаулы мектептерде, кәсіби жаттықтырушылардың қол астында емес, мереке кезінде ұйымдастырылып тұратын туған ауылындағы ойындарда жүріп шеберлік шыңдайды.

Дегенмен, Қазақстанда көкпарға үйрететін мектептер мен клубтар бар. Бірақ олардың саны тым мардымсыз. Сондай-ақ өзге ұлттық ойындар секілді, көкпар да ұзақ уақыт, әуелден табиғатында жоқ діни статус беруді көздеген діни топтардың орасан ықпалына ұшырап келді. Әйел мен еркекті тең көрген көшпелі халықтар қыз баласының да көкпарға қатыстыруына рұқсат еткен. Өйткені дала халықтарының қыздары қажет кезде қолына қару алып, атқа қонуға дайын болған. Сондықтан қыздардың әскери жаттығуларға араласуын ата-бабамыз құп көрген (әлбетте, егер қыздың қалауы сол болса). Дегенмен қазіргі уақытта тек қыздардан құралған көкпар командасы жоқ (қыздар ерлермен қатар жүріп көкпар тартады).

Бішкек маңындағы көкпар тартысы. 2017 жылғы 17 маусым/VYACHESLAV OSELEDKO/AFP via Getty Images

Бішкек маңындағы көкпар тартысы. 2017 жылғы 17 маусым/VYACHESLAV OSELEDKO/AFP via Getty Images

Батыржан Сейдомар

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ