2003 жылдың ақпан айында Тайваньдағы Тайбей хайуанаттар бағында Линь Ван есімді піл қайтыс болды. Линь Ван 86 жаста еді, ол тұтқындағы пілдердің ішінде ең ұзақ өмір сүрді. Бір қызығы, рекордшы піл шытырман фильмдерді еске түсіретін ауыр әрі ауыз толтырып айтуға тұрарлық ғұмыр кешті.
Атақты пілдің балалық шағы туралы ештеңе белгісіз. Оның тұшымды өмірбаянына қатысты алғашқы деректер өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына тиесілі. Жануар ит тұмсығы батпайтын Бирмада жапон әскеріне қызмет етті. Басқа он екі пілмен бірге біз сөз етіп отырған піл жүк таситын тегін жұмыс күшіне айналып, оқ-дәрі, азық-түлік, артиллериялық қару-сайман тасыды. 1943 жылы әйгілі қытай генералы Сунь Ли-Жэннің бұйрығымен Қытай экспедициялық күштері жапон лагерін басып алды. Пілдер әскери олжа саналып, жеңімпаздардың қанжығасына байланды. Сол кезден бастап біздің кейіпкеріміз өзінің атышулы А-Мэй («Әдемі») есімін иеленді.
Өкінішке орай, жаңа есімге ие болса да, А-Мэйдің өмірі өзгерген жоқ. Қытай әскері қолға түскен пілдерді бұрынғы иелері сияқты пайдаға жаратты. Әрине, сарбаздар пілдерді жақсы көретін, әскерилердің тұтқын пілдермен түскен бірнеше фотосуреті бүгінгі күнге жетті. Алайда олар ауыр жұмысқа жегіліп, әскери жүктерді тасымалдауын тоқтатқан жоқ.
Тек 1945 жылы ғана пілдерді Бирманның қалың ормандарынан шығару туралы шешім қабылданды. Бірақ Қытайдағы Гуандунға бастайтын сапар оңайға соқпады, пілдердің жартысы қырылып қалды. Соғыс ресми түрде аяқталса да, олардың жағдайы өзгермеді. Пілдерді қираған ғимараттарды қалпына келтіруге, сондай-ақ соғыстан кейінгі ескерткіштерді тұрғызуға қолданды деген деректер де бар. А-Мэй мен оның тірі қалған «бауырлары» тіпті соғыстан кейінгі Қытайдың кейбір провинцияларындағы аштықтан зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында қаражат жинау іс-шарасында цирк сахнасында өнер көрсеткендері де белгілі.
Кейінірек, 1947 жылы генерал Сунь Ли-Жэнь жаңа бөлімшелерді оқыту және әскери инфрақұрылымды жасақтау үшін Тайваньға жіберілді. Ол аралға өзімен бірге сүйікті үштігін ала кетті, ол қатарда А-Мэй де бар. Тағдыр жануарды тағы да сынаққа салды, пілдердің бірі жолға шыдамай қаза тапты, ал екіншісі ауыр жұмысқа жегілген Тайваньда бірнеше жылдан кейін көз жұмды. Осылайша, 1951 жылы А-Мэй кезінде Бирманың ну орманында тұтқынға алынған он үш пілден көзі тірі қалған соңғы жануарға айналды.
Қуанышқа орай, 1951 жылы піл демобилизацияға ұшырады. Қытай қолбасшылығы жалғыз пілді жұмысқа жегуді пайдасыз санап, А-Мэйді Тайбэйдегі зообаққа қайтаруды ұйғарды. Дәл осы жерде піл жан тыныштығын тапты, тіпті жаңа есімге де ие болды. Зообақ басшысы оның бұрынғы есімін тым нәзік деп санап, «ардагерге» Линь Ван яғни «Орман патшасы» дейтін қуатты айдар тақты. Хайуанаттар бағына жаңадан келген піл өзінің жұбын кездестірді.
Зейнетке шыққаннан кейін пілдің қанық әрі жаңа өмірі басталды. Линь Ван көп ұзамай қалың көпшіліктің көңілінен шығып, Тайбэй зообағының басты кейіпкеріне айналды. Араға отыз жыл салып, 1983 жылы әкімшілік қол астындағы жануардың танымалдығын іске асыруды көздеп, оның алпыс алты жасқа толған мерейтойына қалалықтарды шақырып, ұлан-асыр той ұйымдастырды. Сол сәттен бастап қазан айының әр соңғы жексенбісінде аталып өтетін Линь Ванның туған күні ұлттық мерекедей атап өтілетін болды. Ал пілдің өзі өзінше ұлттық символға айналды.
2003 жылы Линь Ван артритпен ауырды. Ауыр дерттің өлімге бастары анық еді, десе де сырқаты асқына түсті. Көпшіліктің сүйіктісі тәбетін жоғалтты, осылайша ақпан айының соңында көз жұмды. Жоғарыда айтылғандай, пілдің жасы 86-да еді, ол одан алты жыл ерте өлген үндістандық піл Лакшмикуттиден асып түсіп, Гиннес рекордын жаңартты. Тайбэй зообағында жарты ғасырдан астам уақыт өмір сүрген жануарды жерлеуге бүкіл қаланың келгені таңғаларлық емес. Линь Ванды еске алу шарасы бірнеше аптаға созылды, ал шаһар әкімі пілге тіпті қаланың құрметті азаматы атағын берді. Бір жылдан кейін жергілікті мүсінші әйгілі жануардың есімін жаңғыртып, оның дене тұрқымен дәл келетін ескерткіш жасады. Оны бүгінде Тайбэй зообағынан көруге болады.