Сифилис сырқаты 15 ғасырдың соңында пайда болғалы бері аурудың таралуына әлдебіреуді айыптау әдетке айналған. Осман империясында сифилисті «христиандардың сырқаты» десе, азиялықтар аталған ауру «Голландиядан» тараған деп санаған. Ал еуропалықтар, өз кезегінде, Жаңа Әлемнің жергілікті тұрғындарына жала жауып, бұл кесел сол жақтан келген кезекті бір эпидемия деп мәлімдеген. Сонымен әлемдегі ең атақты венерологиялық аурудың түбі қайдан шықты? Жұрт қандай ем-дом жасады? Әлемдік әдебиеттің классиктері сифилис жөнінде не жазды? Осы тақылеттес сұрақтарға медицина тарихшысы Елена Бергер жауап беретін болады.
БҰЛ ЖАҢА ӘЛЕМНІҢ СЫЙЫ МА?
Модерн кезеңі тумай тұрып, Еуропа жұрты орта ғасырларда адамдардың үрейін ұшырған инфекциялық аурулардан көп зардап шекпеген. Айталық алапесті ауыздықтаудың сәті түскен: ауру жұқтырған жандарды оқшаулаудың қатаң шаралары күткен нәтижеге жеткізді. Обаның өршуі тым сиреп, тараса да кең етек алмаған. Алайда 16 ғасырдың басында Еуропа халқы жаңа бір сырқатпен ұшырасты. Аталған ауру тез арада өршіп, үлкен территорияға жайылды. Тарау жылдамдығына байланысты жаңа сырқат обаға ұқсас болғанымен, белгілері жағынан өзгешеленді: бүкіл денеде, әсіресе жыныстық мүшенің айналасында жара қаптайды; дене қызуы көтерілді; ауырған адамдарды кейде жаны қысылғанда шыңғырып, тіптен өзін-өзі өлтіруге дейін барды; аурудың соңғы кезеңдерінде беттің қыртысы бұзылды (мұрын түсіп қалды). Ауру тез тарап, медициналық тұрғыдан ауыздықтауға келмеген, тіптен сырқат жазылғандай көрінгенімен, кез келген сәтте ауруының қайта қозу қаупі болған.
1495 жылы бүкіл Еуропаны шарпыған кикілжің барысында француз королі VIII Карлдың көп ұлтты әскері Неапольді басып алды. Қаланы жаулап алған соң, көп уақыт өтпей негізінен жалдамалы сарбаздар дене қызуына және жыныс мүшесінің айналасына шамадан тыс көп жараның шыққанын айтып шағымдана бастаған. Ауру тез тарағаны соншалық, көп өтпей Карлдың әскері Неапольді, артын ала Италия жерін тастап шығуға мәжбүр болған (дегенмен мұның әскери-саяси себептері де бар). Эпидемия Неапольден тысқарыға да тарап, кейбір тарихшылардың есебі бойынша, бірнеше жылдың ішінде Еуропа жұртының жиырмадан бірін шарпыған. Аталған эпидемия Франция, Италия, Германия, Швейцарияға, сосын Аустрия, Венгрия мен Польшаға тарап, 5 миллионға жуық адамның өмірін жалмады.
Жаңа аурудың шығуы Ұлы географиялық ашылуларi
НЕЛІКТЕН СИФИЛИС ДЕП АТАЛДЫ?
Ұзақ уақыт бойына бұл сырқаттың тұрақтап қалған атауы болмады. Әртүрлі аймақты мекен еткен тұрғындар бұл аурудың тарауына көршілес халықтар мен алыс жатқан елдерді айыптаудан танбады. Дегенмен сырқат алғаш Неаполь жерінде тіркеліп, әскермен бірге солтүстікке қарай тарағандықтан, «неаполь сырқаты» деген атау орнықты.
Бірақ неаполитандықтар сифилисті галль немесе француз сырқаты деп атағанды жөн көрген. Дегенмен аурудың Еуропаның көп еліне тарауына байланысты, атауы да арта берген. Айталық Польшада мерезді неміс сырқаты десе, Ресейде — польшалықтардың ауруы, ал шығыс Азияның мемлекеттері — голландық немесе португалдық ауру деп атаса, Түркияда — бұл кесел көршілес жатқан христиан елдерінен келгендіктен, христиандардың сырқаты деген аталған. Бертін келе Моңғолиядағы жұрт мерезді Қытай сырқаты немесе Қытай жарасы деп атады. Өйткені бұл аймаққа аталмыш зауал Қытай сарбаздары және көпестері арқылы жеткен.
Алайда аурудың ортақ атауы мүлдем күтпеген бір дереккөзден шығып отыр. 1530 жылы Джиролам Фракасторо (1478–1553) есімді верондық дәрігер әрі астрологтың «Syphilis sive morbus Gallicus» («Сифилис немесе Француз сырқаты») деп аталатын поэмасы жарыққа шықты. Аталған шығармада таяуда ғана ашылған Испаньол (Гаити) аралында өмір сүрген Сифилус есімді қойшының өмірі сөз болған. Ол құдайлардың қаһарына ұшырап, жаза ретінде айықпас дертке шалдығады. Бірақ Сифилус Юнонаi
Сонымен поэма авторының ойынша, жаңа сырқаттың өзі де, сондай-ақ одан айықтырар ем-домы да Жаңа Әлем жерлерінен шыққан; бұл сырқат орынсыз мінез-құлық танытқаны үшін берілген Құдайдың қарғысы; жергілікті жұрт аталған ауруды гваяк ағашының қабығын қайнатып, содан алынған сумен емдейді. Жаңа ауру жөніндегі бастапқы түсініктің өзегінде осы бір үш түйін жатыр.
КІМ КІНӘЛІ ЖӘНЕ НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Дәрігерлер мен священниктер, билеушілер мен философтар сифилистің шығу себептері хақында ой жүгіртті. «Аталмыш сырқат жаңа ауру ма әлде ертеден бері келе жатқан дерт пе?» деген сауалға жауап табу маңызды болды. Уағызшылар о баста, бұл сырқат Ескі Інжілдегі Иова оқиғасында баяндалған: «Құр сүлдерім ғана қалып, зорға тірі жүрмін» (Иов. 19:20) деген өсиетінде айтылғандай, Құдайдың күнәларымыз үшін жіберген ауруы деп жар салса, шіркеу, сифилистен айығудың жалғыз жолы дұға етіп, тәубаға келу деп мәлімдеді.
Дәрігерлердің алдында үлкен диллема тұрды: егер аталмыш сырқат жөнінде ежелгі дәуір медицинасының классиктері жазған болса, онда солардың тәжірибелеріне сүйеніп, емдеудің жолын табу керек, ал сифилис бұрын-соңды болмаған сырқат болса, онда прецеденттерге арқа сүйеп, ежелгі дәуір дәстүрі осыған ұқсас жағдайда қалай әрекет етуге кеңес берер еді дегенді анықтау қажет.
Ежелгі дәуірдегі тері ауруларының қайсысы сифилиске ұқсайды? Әлбетте аталған сырқат алапеске ұқсады, бірақ дәрігерлер сенімді түрде: «бұл алапес емес» деп мәлімдеді. Алапес (лепра) жаңа сырқатқа қарағанда баяу тарайды әрі бұл секілді жұқпалы емес. Бәлкім, бұл Галенi
Дәл сол сырқат болып шықса, бұл ауа арқылы, сондай-ақ жыныстық қатынас немесе инфекцияны жұқтырған адаммен тығыз байланыс орнатқан болсаңыз тарайды. Сонымен қатар аталмыш сырқат емшектегі балаға сүт арқылы да жұғуы ықтимал. Сондай-ақ бұл сырқат Ежелгі Рим энциклопедисті Цельс пен араб дәрігері Ибн Сина қара өттің толып кеткеніне байланысты туындайтын ignis sacer (қасиетті от) деп атаған ауру болуы да мүмкін.
Таластар еш толастамады, түрлі жаңа нұсқалар туындап отырды. Бәлкім, галл сырқаты күтпеген климаттық өзгерістердің салдарынан туған да болар? 1455–1456 жылдар аралығында орнаған жылы әрі ылғалды климат, жыныс мүшелеріне жара шығып, іріңдеуіне сеп болуы бек-мүмкін. Астрологтар аталған эпидемия планеталардың констелляциясыi
Бірақ, әлбетте, ең басты сұрақ басы ашық күйінде қалды: бұл сырқатты емдеуге бола ма? Ауру біршама уақыттан кейін қайта ушығып кетіп отырғандықтан, дәрігерлердің тәжірибелері алуан түрлі болды. Айталық сифилис жұқтырғандар жататын итальялық ауруханаларды «сауықпайтындарға арналған» мекен деп те атаған. «Галль сырқатын» жұқтырғандарды жиі алапес ауруымен ауырғандар бас сауғалаған, бос қалған лепрозия ғимараттарына жайғастырды. Бірақ Еуропада сифилиспен ауырғандарды қатаң оқшаулаудың сәті түспеді.
Сифилис негізінен жыныстық жолмен берілетіні тез арада айқын бола түсті. Сондықтан қатерлі аймақтан, бірінші кезекте, жезөкшелер мен маргиналдар табылды. Әдеттегідей жаңа сырқатқа қатысты мифтер туындады: ыдысты ортақ қолданғаннан, бір киім кигеннен, тіптен ауа арқылы да жұқтыруға болады. Еуропалықтар түрлі жұқпалы аурудың, айталық венерологиялық сырқаттың көзі ретінде суға күдікпен қарай бастады. Шомылу азғындық ретінде танылды. Өйткені жуынып жатқанда адам өз денесімен жалғыз қалғандықтан, арбайтын ойдың жетегінде кетуі бек-мүмкін.
Францияда «Бірігіп шомылудың зияны хақындағы өсиет» деп аталатын памфлет танымал болды. Кейбір дәрігерлер жуынуды күнә деп қарамай, қатерлі іс деп санады: жылы суда отырғанда адам терісіндегі ұсақ тесіктердің бәрі ашылып, бұл бірінші кезекте, сифилис сынды аурулардың ішке енуіне мүмкіндік тудырады. Қалаларда қоғамдық жуынатын жерлердің саны күрт қысқарып, ендігі жерде денені әтірмен немесе иіс сумен жұпарландыру қауіпсіз іс саналды. Дегенмен сырқаттың «тұрмыстық» жолмен берілу ықтималдығы төмен екенін тәжірибелер көрсеткенімен, жұрттың күдігі сейілмеді.
«Сырқат бір адамнан екінші адамға контагия (жұқпалықтың басы: сырқаттың жұғу жолын түсіндіру үшін Дж. Фракасторо ойлап тапқан термин) арқылы берілетініне еш күмән жоқ. Дегенмен ешқандай да контагиясыз да ауру жұқтырған адамдар да кездесті. Бірақ бұл контагий қашықтан келмейді, яғни сырқат адам жұтқан ауа арқылы тарамайды; сондай-ақ сырқат ошақ арқылы, яғни ауырған адам қол тигізген киім, іш-киім мен өзге де заттар арқылы да жұқпайды; аталған сырқат тек екі адам жақындасса ғана беріледі, оның өзінде тек қызды-қызбен жалаңаш денелер қосылған жағдайда тарайды. Қысқа қайырар болсақ, тек жыныстық қатынас арқылы жұғады. Айталық басым жағдайда ауру жыныстық қатынасқа түскендер арасында ғана тараған; ал балалар арасында сырқат, емшектегі бала анасының омырауын емгенде ғана жұғады».i
АЛ АЗИЯДА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Азия құрлығының тұрғындары да сифилистен аз жапа шекпеді. Тіптен 20 ғасырдың басында, мәселен, Қазақстан мен Моңғолияда венерологиялық ауруларды жұқтыру көрсеткіші тым жоғары болды. Осының салдарынан халық өсімі қысқарып, бала өлімі көп болған. Соған қарамастан моңғолдар венерологиялық ауруларға «адам өміріндегі табиғи құбылыс ретінде қарап, сабырмен қабылдады». Оның үстіне моңғол тектес халықтар арасында сифилис жұқпалы дерт ретінде саналмады, сондықтан жұқтырған жандарды оқшауламаған. Моңғол халқы венерологиялық ауруларды — зұлым рухтар мен Құдайдың жазасы ретінде қабылдап, жоралғылар мен құрбандықтар арқылы емделетін дерт деп санады. Моңғолдар арасында буддизм тарағанда, дінмен бірге тибеттіктердің кейбір ем-дом тәсілдері қоса келген. Буддизм бойынша сифилис сырқатының туындауына шырыны қанды улап, жара шығаратын «сэ» ағашы ықпал еткен. Айталық сифилисті тибеттіктер «сэ-дук» деп атайды және аталған сөз тіркесі «умен уланған сэ ағашы» деп аударылады.
Тибеттік емші-ламалар, еуропалық дәрігерлер секілді, сифилистің еміне сынап қоспаларын, негізінен киноварьдіi
БҰЛ ҰЯТ ЕМЕС, БҰЛ — КЕСЕЛ
Қанша оғаш болса да, сифилис тез арада жұрттың үрейін ұшыратын аурудан, қалыпты құбылысқа айналды. Сифилистен жұрт, айталық, алапес я оба секілді қатты қорықпады, сасқаннан жаппай қашу арқылы құтылуға тырыспады және ауруды жұқтырған адамдарды басшылық, екі ғасыр бұрынғы алапеспен ауырған жандарды оқшаулағандай, қатаң түрде алаламады. Бәлкім, мұның бәрі сифилистің тез арада трансформациялануына байланысты орнаса керек. Уақыт өте келе аурудың белгілері де алуан түрлі бола түсті. Айталық, ауырған адамның басы таз болып, тісі түсіп және зағип болып қалуы да мүмкін. Сифилистің ең ауыр әрі айықпас формасын көбіне-көп кедей-кепшіктер жұқтырды. Өйткені олар үшін қымбат дәрілер мен ем-дом әдістері қол жетімсіз болды. Бірақ жалпы алғанда, ауру жеңіл өте бастағандықтан, сифилис қалжың мен кекетіп-мұқатып қалудың бір себебіне айналды. Ендігі жерде ауруды күлкіге айналдыру жақсы ишара, тіптен кейде мақтаныш (өйткені бұл қарсы жыныстағы адамға төсек қатынасында жетістікке жеткеніңді аңғартады) ретінде қабылданды. Ақсүйек адам, егер сифилисті жұқтырып, тағдыр тәлкегіне шыдас беріп, Жаратқанның қаһарына күле қарамайтын болса, қолынан дым келмейтін пайдасыз біреу саналды. Мәселен, Шекспирдің «Шараға қарсы шара» деп аталатын комедиясының кейіпкерлері өзін солай ұстайды. Айталық, Франция қалаларының бірінде жергілікті жастарды басқаратын билеуші сайлаудан кейін «Сифиликтердің ұлы патриархы» деген титулды иемденетін болған.
Бірінші дворян
Менің барлық ақшамды қағып алып, тек мұрныммен ғана қалдырды.
Луцио
Мұрныңмен қалғаның қандай жақсы болған, онсыз қалсаң ше!
Бірінші дворян
Мені қандай да бір ауруды жұқтырды деп ымдап тұрмысың, бірақ жаңылыстың — менің денім сау әрі қуатым бойымда!».i
Дегенмен Еуропа жұрты венерологиялық аурулардан қорқудың орнына, жұқтырудан ұялды. Жұрт сифилисті ең алдымен, жұқтырған адамның өзін айыптап, әдепсіз немесе ұятты ауру деп атады. Өсек-аяң зорланып я жазатайым жағдайда ауру жұқтырғандарды да айналып өтпеді.
18–19 ғасырда мемлекеттер сифилистің тарауымен орталықтанған жүйе негізінде күресе бастады. Мәселен, жезөкшелікті заңдастыру ұмтылыстары бірнеше дүркін жасалды, өйткені сифилистің тарауының басты себебі осы болатын. Жезөкшелер үйінін толықтай жауып тастау я баруға тыйым салу әрекеттері сәтті болмады: олар тығылып жұмысын жалғастыра берді. Сондықтан Германияда, Францияда және басқа да мемлекеттерде жезөкшелерді тұрақты медициналық тексерістен өтуге, қажет болса венерологиялық аурулардан емделу үшін ауруханаға жатқызуға мәжбүрледі. Аталған шаралардың ешқандай да әсері болмады, өйткені дәрігерлер тек жезөкшелерді ғана тексеріп, олардың клиенттері қалыс қалды. Оның үстіне әйелдер дәрігердің алдынан өтуден қашып я аурудың белгілерін жасырып қалу үшін барын салды.
Сифилис және әйел құқығы
19 ғасырдың екінші жартысынан бастап медицина қауымдастығының арасында «әлеуметтік аурулар» деген термин кең тарады. Аталған термин негізінен қолайсыз әлеуметтік жағдайлар әсеріне байланысты тарайтын ауруларды таңбалау үшін қолданылды. Әлеуметтік ауруларға бірінші кезекте, маскүнемдік және венерологиялық сырқаттар жатқызылды. Дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері, жезөкшелік тамыры басым жағдайда әйелдердің шарасыздығы мен адал еңбекпен ақша табу мүмкіндігінің жоқтығында жатыр деп санады. Мемлекеттердің әлеуметтік саясатының өзгеруі мен әйелдердің еңбек нарығының қалыптасуы жезөкшеліктің, сонымен қатар венерологиялық аурулардың тамырына балта шабуға тиіс болған.
Еуропаның әр қырын мекен еткен әйелдердің таңғаларлықтай ұқсас тағдыры классикалық романдарда суреттеледі:
«Фантинаның оқиғасынан қандай түйін шығаруға болады? Бұл құлды сатып алған қоғамның оқиғасы.
Кімнен? Кедейден.
Аштықтан, суықтан, жалғыздықтан, тастанды қалғаннан, қақысыз қалғаннан. Азалы келісім. Бір тілім нан үшін жаныңды сатасың. Жоқшылық ұсынады, қоғам сол ұсынысты қабылдайды.
... Айтуларға қарағанда, Еуропа өркениеті құлдықты жойыпты-мыс. Бұл — үлкен өтірік. Ол әлі жоғалып кетпеді, бірақ ендігіге де оның қамыты әйелдердің мойнында, әрі оның аты — жезөкшелік».i
«Ал енді менің сізден өз тарапымнан бірінші ретте сұрайтыным: сіздіңше кедей қыз, бірақ та адал қыз адал еңбегімен көп табыс таба ала ма? Егер марқабатты мырза, өзі адал қыз болса, өзгеше талапты болмаса, ертеңнен қара кешке дейін дамыл таппай жұмыс істесе де, он тиын таба алмайды. Балалар болса аш... Сонан бір күні, сағат алтыға кете бергенде, Сонечканың орнынан тұрып, басына орамалын байлап, бешпетін киіп, пәтерден шығып бара жатқанын көріп қалдым; кешкі сағат тоғызда үйге қайта оралды. Келді де, тура Катерина Ивановнаның алдына, столға отыз сом ақшаны үн-түнсіз тастай берді».i
i
«Мұнда сифилис қорқынышты емес, одан ешкім үрейленбейтіні қорқынышты екеніне көз жеткіздім» деп жазған.
Халықтың санитарлық сауатын ашу мақсатында түрлі әдістер қолданылды. Көптеген жазушылар, ақындар, суретшілер санитарлық үгіт-насихатқа араласуды ар ісі деп қабылдады. Плакаттар, брошюралар, дәрістер, пьессалар, қойылымдар — санитарлық соттар, басқа да көркем тәсілдер венерологиялық сырқаттармен күресте қолданылды.
«Кейде ағартушылыққа байланысты күдік те қоюлана түсті. 1932 жылдың қаңтарында «Известия» газетінде: «Дукат» папиростары сифилис және сапты (инфекциялық ауру) жұқтырған деген жел сөз желдей есіп тарап барады» деп жазылған мақала жарияланды. Жел сөздің кең тарағаны соншалық, «Известияның» өзі сол жөнінде тілге тиек еткенді жөн көріпті. БОАК органдары халықты тыныштандырып, жел сөзді жалған деп хабар таратып, папиростар тазалық шаралары сақталып өндіріледі деп мәлімдеді».
ҒАЖАЙЫП ОҚ НЕМЕСЕ 606-ПРЕПАРАТЫ
16 ғасырда сифилистен айықтырар ең кең тараған әдіс сынап болды. Ем-дом кешеніне сифилис жұқтырған адамды сынап буымен демалдырып, сынаптан жасалған дәрілерді терісіне жағу сынды әрекеттер кірді. Ем-дом процесі ауыр болды әрі ұзаққа жалғасты: ем шипалы болған жағдайдың өзінде сынапқа уланып қалу деген сынды кері әсерлер де шығып тұрды, тіптен кейде бұдан аталған процедураны жасаған дәрігердің өзі де жапа шекті. Осыған байланысты әзіл-шыны аралас: «Бір күн Венерамен өткізетін болсаң, өмір бақи Меркуриймен (сынаппен) қаласың» деген қалжың сөз тарады.
Еуропаға Жаңа Әлемнен жеткізілген гваяк ағашының қабығы да сифилистен емделу үшін қолданылды. Шынтуайтында гваяк ағашының қабығының емдік қасиеті бар (оны ревматизм мен қояншық ауруынан айықтыру үшін пайдаланған). Дегенмен мұндай ем-домдың кемшіл тұсы болды (дәрі тапшы болғандықтан, тиісінше, бағасы да қол жетімсіз). Бірақ 16 ғасырдағы ең атақты дәрігердің бірі — Парацельс, мұндай емді нағыз алаяқтық деп санаған. Оның пікірінше, гваяк сөзін Аугсбургтан шыққан Фуггерлік банкирлер ойлап тапқан. Өйткені дәл осы топ ағаш қабығын Еуропа жеріне жеткізген негізге тасымалдаушы болғандықтан, «ғажайып дәріні» сатып көл-көсір пайдаға кенелді.
Ұзақ уақыт бойына сынап пен гваяк, іс жүзінде сифилистен емдеудің жалғыз жолы ретінде саналып келді. Ілгерілеу 20 ғасырдың басында орнады. 1907 жылы неміс ғалымы Пауль Эрлих, сифилистен емдейтін күшән негізінде жасалған бір дәріні синтездеді. Жаңа дәрі «сальварсан» деп аталды (бұл атау латынның salvum (қауіпсіз) және Arsenicum (күшән) деген екі сөздің бірігуінен шыққан). Сальварсанды басқаша «606-препарат» деп те атайды. Бұл дәрінің 605 сәтсіз эксперименттің нәтижесінен кейін жасалғанын аңғартады.
Сальварсанның шығуы химиотерапия (химиялық дәрі-дәрмектің көмегімен емделу) дәуірінің туғанынан хабар береді. Бұл жаңа буынның ойлап тапқан емі. Эрлих оны ғажайып оқ деп атады (сальварсан бір мақсатқа ғана бағытталған дәрі болатын. Ол жалпы алғанда ағзаға зиян келтірмей, ауруды қоздырғыштарды ғана таңдап жүріп жоюға арналған). Әлбетте, П. Эрлихтің арманы ойлағанындай жүзеге аспады: айталық сальварсан сифилисті тіптен, ушығып кеткенде де емдей алғанымен, толықтай қауіпсіз болды дей алмаймыз. Біршама уақыттан кейін «неосальварсан» деп аталған, оны «914-препарат» синтезделді. Аталған дәрі, 1940 жылдары сифилисті пенициллинмен де емдеуге болатыны анықталғанша, бірнеше жыл бойына қолданылып келді.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Канг Л., Педерсен Н. Нулевой пациент. Нестрашная история самых страшных болезней в мире. — Livebook, 2023.
Булгаков М.А. Звездная сыпь. — Спб., 1993.
Башкуев В.Ю. Российская медицина и монгольский мир. — Иркутск, 2016.
Маяковский В.В. Сифилис.
Фракасторо Дж. О сифилисе. — М.: Медгиз, 1956.
МакНил У. Эпидемии и народы. — М.: Издательство Университета Дмитрия Пожарского, 2021.
Nutton V. Renaissance Medicine: A Short History of European Medicine in the Sixteenth Century. — L.; N. Y.: Routledge, 2022.