Моңғол империясы адам таңғаларлық жылдамдықпен аяғынан тік тұрып, дамып, бір-бірінен алшақ жатқан екі түрлі әлемді байланыстырды. Бәрімізге таныс соғыстың астарында мүлде басқа, күрделі тарих жатыр. Ол тәжірибе жасау, үйрену мен бейімделу тарихы еді. Даланың дәстүрлі өмір салтына басқарудың жаңа тәсілдері, билік туралы жаңа түсініктер, әскердегі жаңалықтар дендеп еніп жатты. Көшпенділер әлемі біртіндеп Еуразияның ең қуатты деген отырықшы мемлекеттеріне төтеп бере алатын империяға айналды.
Орталық Еуразия тарихын зерттеуші, Солтүстік Джорджия университетінің профессоры Тимоти Мэй Qalam-ға берген сұхбатында Шыңғыс ханның жаңа билік жүйесін қалай құрғанын, соғыс пен идеологияның неліктен қатар дамығанын, моңғол ықпалының бір аймақтарда неге күшейіп, ал кей өңірлерде неге сәтсіздікке ұшырағанын баяндайды.

Тимоти Мэй / Солтүстік Джорджия университеті
Шыңғыс ханды ұлықтау: идеология ма, әлде әскери әлеует пе?
Менің ойымша, саяси идеология мен әскери машинаны бөліп қарау мүмкін емес. Ол уақта моңғол әскері өз алдына қуатты күш болса да, бұл екі элемент өзара тығыз жымдасып жататын. Әдетте Шыңғыс хан әскерді тиімді ұйымдастыра алды дегенімізбен, оның әдіс-айласы мен стратегиясының мықтылығы туралы сирек айтылады. Моңғолдар соғыстың сақтар мен ғұндар заманынан жалғасқан дала тәсілдеріне сүйенеді, бірақ Шыңғыс хан бұл дәстүрлі тәсілдерге жаңалық енгізді. Бұл, шын мәнінде, оларды бірегей етіп қана қоймай, қарсыластары үшін күтпеген, тосын дүние болуына жеткілікті болды.
Шыңғыс ханды тосылтқан басқа емес, көшпенділер еді. Олар мұның тактикалық логикасын түсінетін, сол себепті ол үнемі жаңа шешімдер қарастырып, айласын асыратын. Сондықтан ондай қарсыластар жеңілгеннен кейін моңғол жүйесіне қосылып отырды. Ал Цзинь мемлекеті сияқты отырықшы империялардың сипаты мүлде басқа еді. Моңғолдар дәстүрлі стратегия мен тактиканы қолданып, оны жетілдіріп, жаңа тәсілдерді қоса дамытты.

Көбе сауыт киген моңғол жауынгерлері. 14-ғасыр миниатюрасы, Diez Album, Берлин, Мемлекеттік кітапхана / Wikimedia Commons
Моңғолдарды жетістікке жеткізген негізгі факторлардың бірі — қолбасшыларды жүйелі түрде дайындау. Олар ондаған жыл бойы әскери басшылықты тұрақты деңгейде ұстап отырды, бұл — ортағасырлық қоғам үшін өте сирек құбылыс. Әдетте мемлекеттердің мақтан тұтатын қолбасшылары санаулы болатын. Ал оның орнын басатын қабілетті қолбасшы саяси аренаға шыққанша тұтас бір ұрпақ алмасуын күтуге тура келетін. Моңғолдар осы жүйені оңтайлы шешіп, тұрақты қалыпқа келтірді. Сүбедей, Жебе, Мұқылай секілді бірегей қолбасшыларды қалай атап өтпейсің?! Бұлар Шыңғыс ханның ең дарынды, адал серіктері болды, империяның құрылуы мен нығаюы жолында шешуші рөл атқарды.
Саяси идеологияның маңызы
Саяси факторларды да шетке ысырып қоя алмаймыз. Шыңғыс ханға бытыраңқы тайпалардың басын біріктіретін идеология қажет еді. «Моңғолдардың маңдайына бүкіл әлемді жаулап алу жазылған» немесе «Көк Тәңірі билікті Шыңғыс хан әулетіне берген» деген түсініктер кейінірек шықты. Меніңше, бұл ұғым Шыңғыс ханның өз сенімі емес, Үгедейдің тұсындағы және одан былайғы ұрпақтардың санаға сіңіргені болатын.
Шыңғыс ханның жорықтарына бажайлап қарасаң, оның басты мақсаты — бүкіл әлемді жаулау емес, Моңғолияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы өзі орнатқан тәртіпті сақтау екені анық көрінеді. Осы мақсатта дала қоғамын қайта құрып, түбегейлі өзгертті. Соның нәтижесінде ескі рулық ақсүйектер жүйесін әлсіретті. Бұл қоғамды ондық жүйе бойынша қайта құрды: ондық, жүздік, мыңдық әскери құрылымның негізі болды.
Онбасы, жүзбасы, мыңбасы атанған қолбасшылардың бәрі бірдей текті жерден шықпағаны да аса мән беретін құбылыс. Яғни қолбасшылыққа шыққан тегіне қарап емес, қабілет-қарымына қарай, көңілінен шыққандарды тағайындады. Тегінен гөрі еңбегі мен дарынын бағалады. Бірақ бұл тектен бас тарту емес еді, дегенмен өсудің жаңа мүмкіндіктері ашылғаны рас. Дәстүрлі нөкерлер жүйесінен — жеке одақтар мен міндеттемелерден де бас тартты. Бұл жүйенің әлсіздігін ол жас шағынан, керейіттердің ханы Тұғырылдың тұсында нөкер болған кезінен-ақ білетін. Сол үлгінің кейбір элементтері сақталғанымен, жалпы алғанда, қоғам әскер ұйымдастыру ісін қолдап отыратындай кейіпте қалыптасты.

Шыңғыс хан қолбасшысының бірі — Желме. «Моңғолдың құпия шежіресі», моңғол басылымынан иллюстрация / Wikimedia Commons
Моңғол әскери машинасын саяси идеологиядан бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені сол саяси идеология әскери машинаның басында тұрды. Шыңғыс хан бұрыннан бар тәжірибеге өзі көрген басқа қоғамдардың тәжірибесін енгізіп, заманына сай лайықтап, қайта жасай білді.
Қамал алу өнері
Империяның әр кезеңінде моңғолдар инженерлер мен мамандардың көмегіне сүйенгенімен, әу баста олардың қамал алу өнеріндегі біліктілігі тым төмен еді. Шын мәнінде, қаланы құрсауға алу ғана қолынан келетін. Техникалық жабдығы да өте қарапайым еді: олар тек баспалдақтарды, әрі кеткенде соққыш құралдардың (тарандардың) қарабайыр түрлерін пайдаланды.
Си Ся мемлекетіне қарсы жорықта моңғолдар оның астанасы — Иньчуань қаласын бөгет салғанның арқасында жаулап алды. Алайда бұл әдістің мығым болуына ол кездегі олардың инженерлік тәжірибесі жетпеді. Бөгет жарылып кетіп, қаламен қоса өздерінің қосын да су алып кетті. Дереккөздерге қарасақ, осы оқиғадан кейін қала халқы моңғолдарға беріледі. Себебі бұл әрекеттен қарсыластарының жеңіске жету жолында жанын аямайтынына, өз әскерін құрбан етсе де, кез келген тәуекелге бара алатынына көзі жеткен еді.
Шамасы, дәл осы кездерде моңғолдар қызметке инженерлерді тарта бастаса керек. Дегенмен шешуші бетбұрыс Цзинь мемлекетімен арадағы шайқаста болды. Моңғол әскері ірі жеңістерге жеткен соң, жау жағындағылар, соның ішінде инженерлік білімі бар мамандар жаппай моңғолдар жағына шыға бастады. Моңғолдар бұған қуанбаса ренжіген жоқ, қайта осы жайтты барынша пайдаланып қалуға ұмтылды.

Моңғол жауынгерлері мен олардың қоршау қаруы. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған миниатюра, Эдинбург университетінің кітапханасы, 14-ғасыр / Wikimedia Commons
1218 жылы Хорезмге басып кіретін уақытқа қарай моңғол әскеріндегі инженерлер тек Қытайдан, Цзинь мемлекетінен немесе қидандар арасынан шыққандармен шектеліп қалмады. Моңғолдардың өзі де инженерлік бөлімшелерді басқарып, қоршау құрылыстарын жобалауға белсене қатысты. Адамның тегіне емес, қабілетіне басымдық берілді. Қажетті дағдысы бар мамандар тез арада әскери құрылымға қосылды немесе моңғол ханзадаларының сарайына бекітілді. Мұндай ашықтық бүкіл империя аумағында сақталды. Мәселен, Құбылай ханның тұсында Таяу Шығыстан Қытайға мұсылман инженерлері шақырылды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде Сянъян мен Фаньчэнь қамалдарын алуда шешуші рөл атқарған требюшелерді (тас лақтырғыш техникаларды) әскери соғыс өнеріне енгізді.
Моңғолдар бұл өнерді өз бетінше меңгеруге барынша күш салғанымен, олардың әскери жорықтарының ауқымдылығы сонша — қолөнершілер мен инженерлерді көп қажет ететін.
Хорезм соғысы тағдырдың жазуы ма?
Мен, жалпы, «жазмыш» дегенге өте сақ қараймын. Тарих басқаша өрбуі де мүмкін еді, бірақ «олай емес, бұлай болса қайтер еді» деген сияқты толғамдар маған қызық емес. Ең маңыздысы, Шыңғыс хан әлемді жаулап алуды мақсат етпеді. Ол ең бастысы Моңғолияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеді.
Хорезмшах мемлекетімен арадағы қақтығыс бірнеше жағдайдың салдарынан туған. Бұл уақта Шыңғыс хан Моңғолиядан қашқан наймандар мен меркіттерді қуалай, қазіргі Қазақстанның аймағына жылжып келе жатқан. Наймандардың бір бөлігі Қарақытай мемлекетін паналап, уақыт өте келе билікті қолына алды.
Басында Шыңғыс хан қарақытаймен соғысуды көздеген жоқ. Бір жағынан, бұл кезек күттірмейтін басқа да мәселелерге байланысты болса, екінші жағынан, гурханның беделі де шешуші рөл ойнады. Ляо империясының мұрагері Қарақытай мемлекеті тіпті құлдыраған кезеңінде де белгілі бір символикалық салмағы мен саяси легитимдігін сақтап қалды. Моңғолдар мен басқа да дала халықтарының жадында ол бұрынғыша ұлы империя ретінде көрінетін.
Моңғолдар меркіттердің соңына түсіп жүргенде, хорезмдіктермен алғаш рет бетпе-бет келді. Бұл кездесу ешқандай шешуші нәтижесіз аяқталды. Шыңғыс хан Жошы мен Сүбедейге қақтығысты өршітпеуді және тек меркіттердің көзін жоюға күш салуды қатаң тапсырған еді. Ханның бұл ниеті Мұхаммед шахқа да жеткізілді. Бәлкім, мол олжаға кенелгісі келді ме, әлде өз беделін арттырғысы келді ме, әйтеуір соғысқа құмартып тұрды. Себебі өзін де, өз қабілетін де тым жоғары бағалайтын. Моңғолдарды пұтқа табынушылар деп санаған шах, Қарақытайдың ресми вассалы бола тұра, моңғолмен соғысуды өзінің мұсылман билеушісі ретіндегі легитимділігін нығайтудың жолы деп қарастырды.
Нағыз бетбұрыс 1216 жылы, Күшлік хан билікті басып алғаннан кейін моңғолдар Қарақытайға басып кіргенде болды. Дәл осы кезде олар тұңғыш рет Хорезмшах мемлекетінің шекарасына тікелей тақап келеді.

Теркен хатун моңғол тұтқынында. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінің иллюстрациясы, Франция ұлттық кітапханасы, шамамен 1430–1434 жылдар / Wikimedia Commons
Шекаралары тоғысқан соң, өзара қарым-қатынасты реттеу қажеттігі туды. Моңғолдар сауда-саттыққа мүдделі еді. Хорезммен алғашқы кездесу хорезм керуенінің Цзинь империясына қарай бет алған кезінде болды. Бұл ресми түрде сауда-саттық жасап бара жатқанымен, шын мәнінде, барлау жұмыстарын мақсат еткен керуен еді. Осы миссия барысында керуен моңғолдарға жолықты.
Жауап ретінде Шыңғыс хан өз керуенін аттандырғанымен, түгелдей ойрандалды. Мұхаммед шахтың бұл қылығы қате есеп қана емес, өркөкіректік болатын. Ол өзін екінші Александр Македонский сезінді, жан-жағы да мұны белсенді түрде қолпаштап отырды.
Әрине, Мұхаммедтің империя құрсам деген ішкі амбициясы жоқ емес-ті. Бұл жағынан алғанда екі державаның қақтығысқа түсуі мүмкін де еді, түсетін де еді. Бірақ бұл соғыс мәжбүрлік тудырды деп айта алмаймыз, сондықтан оны кейінге қалдыруға да болар еді. Шыңғыс хан тездетіп Хорезмге басып кіруді жоспарламаған. Бұл уақта оның назары Солтүстік Қытайдағы соғысқа ауған, әрі жақында ғана Сібірдегі толқуларды басқаны тағы бар.

Хорезмшах ІІ Мұхаммедтің қазасы. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған иллюстрация, шамамен 1430 жыл. Франция ұлттық кітапханасы / Wikimedia Commons
Алайда Мұхаммед жағдайды жақсы түсініп, бірінші болып әрекетке көшті. Қарымта соққыны күтті, шамасы, бұл соққы моңғолдардың осал жерін — бекіністі қалаларға қарсы ұзаққа созылатын соғыс жүргізуге қауқарсыздығын байқатады деп топшылаған. Жеңген жағдайда, Қарақытай жаққа оқ жаудырмақшы еді, мұсылман халық оны құтқарушы деп қабылдайды деп ойлады. Бірақ жоспарының күл-талқаны шықты.
Моңғолдар неге Левантта тұрақтай алмады?
Моңғолдардың өз ойында, сәтсіздікке ұшырағандағы негізгі себептің бірі — Сирияда мініс малын ұзақ уақыт дайындауға лайық жайлы жайылым жерлердің жетіспеуі. Аймақты басып алған күннің өзінде, оны үнемі ұстап тұру логистикалық жағынан кәдімгідей қиындықтар тудырды. Алайда бұл аргумент маған сенімсіздеу көрінеді: басқа аймақтарда моңғолдар осыған ұқсас мәселелерді қиындықсыз шешіп отырған болатын.
Басқа маңызды мәселе бар-тын. Мәмлүк сұлтандығының қуаты мен маңызына қарамастан, Ильхандар үшін ол Жошы мен Шағатай ұлысы сияқты қауіпті дұшпандармен салыстырғанда, екінші кезектегі қарсылас еді. Парсы моңғолдары бұл екі ұлыспен үздіксіз соғысып келді.
Шындығында, моңғолдар Сирия мен Мысырға қатысты шайқаспен одан гөрі маңызды қақтығыстардан босаған кезде айналысты. Әсіресе Орталық Азия мен Кавказдан келетін қауіпті тойтарып отыруға күш салатын. Жағдайды бағамдаған кезде, мәмлүктердің өз әрекеттерін де ескеру керек.

Моңғолдардың Бағдатты қоршауы, 1258 жыл. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінің иллюстрациясы, шамамен 1430–1434 жылдар. Франция ұлттық кітапханасы / Wikimedia Commons
Олар үшін бұл өмір мен өлім мәселесі саналатын. Тіпті ертеңгі күні олар моңғолдарға қосылған күннің өзінде бұл қауіп сейілмейтін. Осы қатерді сезінген Мәмлүк сұлтандығы қорғанысқа орасан зор күш жұмсады.
Бейбарыс билік еткен тұстан бастап Евфрат өзенін бойлай икемді қорғаныс жүйесі құрылды. Сырттан басып кіру қаупі төнген жағдайда, жайылымдарды әдейі өртеп жіберетін. Сонда моңғол әскеріне үйір-үйір жылқыны асырау қиынға түседі. Сонымен қатар әскерді тез шоғырландыруға мүмкіндік беретін тиімді байланыс жүйесі жасақталды. Моңғолдардың қысымы бәсеңдеген сәттерде Бейбарыс аймақтағы моңғол одақтастары мен вассалдарының көзін айлакерлікпен жойып отырды. Олардың қатарында Антиохия мен Триполи билеушісі VI Боэмунд болды, сондай-ақ моңғолдардың ең адал одақтастарының бірі — Киликияға немесе Кіші Арменияға бірнеше рет соққы берілді. Тіпті ықтимал қауіптерді жою мақсатында Орталық Анатолиядағы Селжұқ сұлтандығының иеліктеріне де жорықтар жасады.
Мәмлүктердің өзі де ерен жауынгерлер еді. Оларға моңғол шапқыншылығына ғана емес, сонымен бірге Еуропадан келуі әбден мүмкін, нысанасы Мысыр болатын жаңа крест жорықтарына да дайындалуға тура келді. Ондаған жыл бойы олардың әскери ұйымдасуы мен мемлекеттік саясатын осы қос қатер айқындап берді.

Мәмлүктердің Триполиді алуы, 1289 жыл. 13–14 ғасырлар миниатюрасы. Британ кітапханасы, Лондон / Wikimedia Commons
Мәмлүк сұлтандығының Ильхандар мемлекетінің аумағына ұзақ мерзімге ешқашан басып кірмегені — принципті түрде маңызды жайт. Бұлай сабыр сақтау көрегендік болып шықты. Киликияға жорық жасалғанымен, олар аймақтағы моңғол ықпалын дәйекті түрде бәсеңдеткеннен кейін ғана жүзеге асырылды. Сонымен қатар моңғолдардың өзі де барған сайын назарын басқа бағыттарға аудара бастады.
Тіпті Ғазан хан тұсында Сирияны моңғол әскерлері қайта басып алған кезде де, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін болмады. Соңында, бұл аймақты сенімді бақылауда ұстаудың немесе экономикалық тұрғыдан ақтаудың мүмкін еместігі мойындалды. Жаңа басымдықтар Левантты империялық мүдделердің шетіне тез ысырып тастады.
Моңғолға Жапония не үшін керек болды?
Моңғолдар Жапонияға ең әуелі Сун империясымен экономикалық байланысқа түсу үшін қызықты. 1274 жылы алғашқы экспедиция жасақталған кезде толық жаулап алу қарастырылмаған болатын. Әдетте солай сипатталғанымен, бұл операцияның негізгі сипаты шектеулі еді. Моңғолдар Оңтүстік Қытаймен сауда-саттықтың негізгі орталығы болған Хаката шығанағына соққы беріп, алға қойған мақсатын орындады да, кері шегінді.
Бұл кезеңде моңғолдардың Сун мемлекетіне қарсы жорығы баяу жүріп жатты. Сун Қытайы орасан зор ресурсқа ие болатын, тіпті шайқас алаңында жеңіліске ұшыраса да, олар өз шығындарының орнын қайта-қайта толтырып, бекіністер салып, жаңа әскер жасақтап үлгеретін. Сондықтан Сун империясының экономикалық байланыстарына соққы беру стратегияның маңызды бөлігі ретінде қарастырылды, бұл Жапонияға жасалған алғашқы экспедицияға бастады.
Сун құлағаннан кейін моңғол саясатының бағыты өзгерді. «Бүкіл әлемге билік ету», «Көк Тәңірі, Мәңгі көк аспан моңғолдарға әлемді билеуді жазған» деген идея басым рөл ойнай бастады. Құбылай жаңа жорықтарды жеке басына тиімді фактор ретінде қарастырды: өзін Шыңғыс хан деңгейінде мойындатуға талпынды. Бұл мақсат үшін мықты әскері мен мол ресурсы бар Жапония логикалық жағынан жақсы нысанаға айналды. Әсіресе моңғол елшілерінің көзі жойылып, император лауазымына көз тіккен билеуші тұрғанда оңтайлы сәт еді.

Аранико. Юань әулетінің императоры Құбылай ханның портреті. Юань әулеті императорларының портреттері альбомынан иллюстрация, шамамен 1294 жыл. Тайбэй, Ұлттық сарай мұражайы / Wikimedia Commons
Жорық нәтижесіне ауа райының әсері болды ма? Иә десе де болады, жоқ десе де болады. Дауыл моңғол флотына шынымен де үлкен шығын әкелді, бірақ алғашқы басып кіргеннен кейін жаңа шабуылды күту тұрақты жағдайға айналды. Мәмлүктердің жағдайындағы сияқты, моңғолдардан қорғану ұжымдық бірегейліктің маңызды элементіне айналды. Қарсыластың қайта оралу мүмкіндігіне дайындала отырып, жапон қоғамы қайта құрылды. Әскери іс жекпе-жектен ұжымдық іс-қимылдарға ауыса бастады. Хаката айналасындағы бекіністер күшейтіліп, әскерді мобилизациялау және ұйымдастыру жүйесі өзгерді.
Үшінші жорық жоспарланғанымен, ақыры іске аспады. Құбылайдың кеңесшілері бұл жорық орасан зор шығынға ұшырататынын және флот салуға жасақталған адамдар мен ресурстар шоғырланып отырған Корея мен Қытайдың түрлі аймағында толқу тууы мүмкін екенін ескертті.

Самурай Такэдзаки Суэнаганың Бунъэй шайқасында моңғол жауынгерлерімен майдандасуы. 1274 жыл. «Мōко сюрай экотоба» («Моңғолдардың Жапонияға шапқыншылығы туралы иллюстрацияланған хикая») шиыршығынан иллюстрация, шамамен 1293 жыл / Wikimedia Commons
Жапония үшін моңғол шапқыншылығы ғасырлық маңызы бар оқиға болды. Олар елдің өзін-өзі қорғау туралы сана-түсінігін жүздеген жылға қалыптастырып, нәтижесінде Жаңа заманның саяси нарративінде қайта қарастырылды. Сондықтан моңғолдардың сәтсіздікке ұшырауын «ауа райының қолайсыздығына» таңу қате. Мұнда Таяу Шығыстағы мәмлүктер сияқты, алғашқы қақтығыстан-ақ сабақ ала білген жапондардың өз жігері мен қайраты да үлкен рөл ойнады.
