МҰСЫЛМАН ЕУРОПА: СОҒЫС ПЕН БЕЙБІТШІЛІК ТӘЖІРИБЕСІ

3-дәріс. Аса қараңғы емес ғасырлар

МҰСЫЛМАН ЕУРОПА: СОҒЫС ПЕН БЕЙБІТШІЛІК ТӘЖІРИБЕСІ

Дионисио Вердагер. III Абд ар-Рахман елшілерді қабылдауда. 1885 жыл / Wikimedia Commons

Өз дәрістерінде тарихшы-медиевист Ирина Варьяш мұсылмандардың Испанияны шамамен 800 жыл бойы билеп, оны орта ғасырларда Еуропаның ең дамыған және гүлденген аймақтарының біріне айналдырғаны туралы сөз етеді. Үшінші дәріс мұсылмандық білік және оның Батыстың интеллектуалдық мәдениетін қалыптастырудағы рөліне арналады.

Америкалық университеттің студенті Әли Ахмет бір кездері сауық кешке барған, сонда оның американдық достарының бірі: «Әли, қарашы, саған біздің елімізге келудің сәті түсті, мұнда оқып жатырсың, біз еркін араласамыз, доспыз, біздің үйде отырмыз. Ешқандай кедергі мен шектеу жоқ, біз сені теңіміз деп қабылдаймыз. Міне, америкалық бостандық деген осы!» – деді. Әли растап басын изеді: «Бұл рас, сондықтан мен бұл үшін Америкаға да және сендерге — достарыма да ризамын. Бірақ білесіңдер ме, егер сендер бізге келіп, арабша сөйлесеңдер, джинс орнына біздің киімімізді киіп, біздің әдет-ғұрпымызды ұстансаңдар, біз де сендерге қуанып, үйімізде сендерді өз адамдарымыздай қабылдайтын едік»...

Шынында да еуропалықтар, ал олардың соңынан америкалықтар да ислам елдерімен қарым-қатынаста өздерін жарылқаушы тарап ретінде қабылдауға әдеттенген. Жарылқаушы тараптың өзін талап етуге деген ішкі құқығы бар деп сезінетінін, мысалы, өз стандарттарын таңатынын және сол арқылы бақылауға ұмтылатынын байқау қиын емес. Ал бұл — латын әлемінің тамырын Орта ғасырлардан алатын арманы, ислам дінін Жерорта теңізінен ығыстыру, оның теңіздегі және саудадағы үстемдігін тартып алу, осы бір аса құдіретті, ертегідегідей бай әрі өзінің түсініксіздігімен қауіпті мұсылман әлемін басқаруды үйрену болатын.

Алайда шындығы сол, қазіргі заманғы өркениет түбірінен басқаша міндетті шешу үстінде. Дүние жүзін қайта бөлу және ақиқатқа өзінің дара иелігін орнату идеясына негізделген кірескерлік жорықтар мен отаршылдық соғыстарды өткен заманда қалдыратын кез келді. Қазір адамзаттың алдынан жаңа көкжиектер ашылуда, оның нобайы жасанды сананың, жаһандық нарық пен цифрлық кеңістікте тұтынудың дамуынан көрініс табады. Осы «біртұтас әлемде» өмір сүру үшін біз қазір қандай нәсілге, ұлтқа, дінге, жынысқа жататынымызға қарамастан бір-бірімізді қабылдауды үйреніп жатырмыз. Бір-бірімізден адамды, қарапайым адамды және өзінің даралығымен бағалы әрбір адамды көруді үйренудеміз. Қалай болғанда да бүгінгі таңда философия мен этика, антропология мен биология бойынша ең өзекті ғылыми еңбектердің көкжиегі осындай.

Бір-бірімізді қабылдау үшін кем дегенде бір-бірімізден нені үйренгенімізді, нені түйсінгенімізді, неліктен біздің одақтың әрқайсымызды күштірек еткенін әрі жақсартқанын көруіміз керек. Егер еуропалықтар мен америкалықтардың қазіргі заманғы өркениетке қосқан үлесі баршаға азды-көпті айқын болса, ал еуропалықтардың да, америкалықтардың да мұсылман жағына өздерінің не үшін борышкер екені туралы нақты түсінігі жоқ. Оның үстіне бұл туралы ислам елдерінің тұрғындарының да хабардарлығы шамалы. Білім беру ісіндегі, ғылыми жұмыстағы, өмір салтындағы күштеп таңылған стандарттардың әсері бар, олар, әрине, қисынды әрі негізді себептерден қалыптасқан, бірақ қазір дүниежүзілік мәдениеттің қозғаушы күші ретіндегі рөлін атқаруын тоқтатқан. Батыс елдері мұны өздері де жақсы сезінеді: «сан алуандықтың біртұтастығы» — diversity бойынша жаңа әлеуметтік бағдарламалар осыдан пайда болады, олардың түбірінде құндылықтардың бір ғана жүйесінің үстемдігіне немесе әлемді түсіндіретін, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын және біздің дамуымыздың бағытын белгілейтін бірден-бір қайталанбас модельге деген наразылық жатыр.

Міне, сондықтан да бүгінгі таңда Орта ғасыр дәуірінің тәжірибесінің маңызы бұрынғыдан да зор. Бұл сан алуандықты герман менталитетінің өзі және жеке құқықтық қатынастардың үстемдігі қалыптастырған дәуір еді.

Гаспаре Ланди. Өз шатырында отырған Харун ар-Рашид. 1813 жыл / Photo by Electa/Mondadori Portfolio via Getty Images

Гаспаре Ланди. Өз шатырында отырған Харун ар-Рашид. 1813 жыл / Photo by Electa/Mondadori Portfolio via Getty Images

Ислам мәдениетінің гүлденуі

Араб Халифатының 9 ғасырдағы картасын қараңыз. Сонда өркениеттегі жетістіктері қазір белгілі бір эталон ретінде қабылданған Батыс Еуропаның сол кезде Араб Халифатымен салыстырғанда бытырап жатқан саяси құрылымдар орналасқан шағын ғана аумақ болғанын түсінесіз. Ол кезде Еуропа басқарудың дамыған жүйесінің де, ілім-білім мен оқыту жүйесінің тұрақты инфрақұрылымының да не екенін білмейтін.

Орта ғасырлардың бас кезіндегі барлық монархтардың ішінде Ұлы Карлдың11Ұлы КарлiБатыста Рим империясын қалпына келтірген франктардың королі (768–814 ж.). Ол билеген дәуірмен Каролинг ренессансы деп аталатын кезеңді — ортағасырлық Еуропада мезгіл-мезгіл антикалық мұра қайта өрлеген құбылыстар қатарындағы біріншісін байланыстырады. жеке басы бәрінен де ерекше болып көрінеді, оның сауат танығаны белгілі, осының өзі-ақ оны көпшіліктен ерекшелеп тұратын, бірақ дұрыс жазуды ол сол күйі үйрене алмады. Ұлы Карл «мектеп реформасы» деп аталатын науқанды өткізді, оның мақсаты көп жағдайда цензураның, ежелгі дүниенің соңғы дәуірінен ортағасырлық дүниенің бас кезіне ауысу кезінде сабақтастықтың үзілуінің себебінен орын алған латын мәдениетіндегі тапшылықтың орнын толтыру еді. Карлдың «реформасы» діни және әкімшілік мақсаттарды көздеді және өзінің міндеттері жағынан қораштау болатын: клириктерге оқу мен жазуды үйрету, империяның шенеуніктері бола алатын адамдарды даярлау керек болды.

Дәл сол кезде Бағдадта билікке Аббасидтер22АббасидтерiАраб халифаты билеушілерінің әулеті (750–1258). келді де, оқу сабақтарына, дін іліміне және философияға жаңа серпін берді. Ислам әлемі мәдени мұраны игеруге кіріскен 8 ғасырдан бастап оның зияткерлік дамуында кідірістер мен үзілістер болмаған еді. Бұл жерде білімді жаңғырту мен дамыту жүйесі жылдам қалыптасты. Құран мен Хадисті оқу мен түсіндіруге үйрететін «бастауыш мектептер» болды. 9 ғасырдың басында жоғары білім беруге ұқсайтын жүйе пайда болды, ал 11 ғасырдың соңына қарай ірі қалалардың басым бөлігінде университет үлгісіндегі оқу орындарының негізі қаланды. Каирдегі әл-Азхар мешітінде оқыту ісі мың жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз жүргізіліп келеді.

Обсерваториядағы Ұлықбек пен Әли Кушчи / Alamy

Обсерваториядағы Ұлықбек пен Әли Кушчи / Alamy

8 ғасырдың өзінде-ақ сарайларда да, жеке адамдардың меншігінде де араб тіліндегі кітапханалар пайда болды, сондай-ақ қоғамдық кітапханалар да болатын. Сарай жанындағы кітаптардың топтамасы халиф әл-Мансұрдың (754–775) тұсында қалыптаса бастады да, оны әсіресе Харун ар-Рашид (786–809) толықтырды. Ғалымдар мәтіндерді аударып, түсіндіретін, халифтардың тапсырыстарын қабылдап, ғылыми және археографиялықiӨткен дәуірдің, экспедициялардың жазба ескерткіштерін жинау, сипаттау және басып шығару. экспедицияларға аттанатын. Ол кезде басқа ешқандай елде де және басқа ешқандай дәуірде де осынша көлемде мәтіндер аударылмаған шығар. «Даналық үйлері» немесе «ғылым үйлері» деп аталатын және Бағдатта, Басрада, Мосулда, Дамаскіде, Иерусалимде, Триполи мен Каирде және т.б. жерлерде орналасқан мекемелер зияткерлік өмірдің орталықтарына айналды. Олар қазынаның, жеке тұлғалардың немесе мұсылмандар қауымының қаражатының есебінен қамтамасыз етілді. «Даналық үйлерінде» ғалымдарға баспана, ақшалай қаражат, жазу құралдары мен бай кітап топтамалары берілді.

Ортағасырлық ислам өркениеті зияткерлік білім беру ісін өте жоғары бағалайтын. Бұл өзінің мазмұны жағынан да, жасампаздарына деген өзінің қарым-қатынасы жағынан да ашық мәдениет болатын. Аудармашылар мен ғалымдар тек мұсылмандар ғана емес еді. Мысалы, христиандар Хунаин (877 жылы қайтыс болған), Исхак (910 жылы қайтыс болған), Яхья ибн Әди (974 жылы қайтыс болған) халифтардан тапсырыс қабылдап, ежелгі дәуір авторларының ғылыми еңбектерін аударған және түсіндірген.

Халифатта сол кезде белгілі алты дәстүр — еврей, сирия, парсы, үнді, латын және грек дәстүрлерінде жазылған мәтіндер өңделді. Адамдар Иранға, Үндістан мен Константинопольге кітап іздеу үшін аттанатын. Оның үстіне араб тіліне аударылып, меңгерілетін, пайымдалып, өз мәдениетінің қорына енгізілетін әдебиет шығармаларын іріктеуге ешқандай қатаң шектеу қойылған жоқ. Қалаған нәрсенің бәрі: грек ғалымдары мен философтарының, ал олардың ішінде ең әуелі Аристотель мен Платонның ұлы еңбектері, медицина, алхимия, астрология, сиқыршылық бойынша шығармалар аударылатын. Едәуір қысқа уақыт ішінде Гиппократтың, Галеннің, Эвклидтің, Архимедтің, Клавдий Птолемейдің және басқалардың еңбектері араб тіліне аударылды. Бұл — тек грек авторларының ғана қысқаша тізімі. Мәтіндер аударылып, оларға түсініктемелер берілгеннен кейін сол еңбектердің негізінде ғалымдар өз мәтіндерін жазып, «адамзаттың осы бір мұрасын» жаңартып, оның ғұмырын ұзартып, ой-пікірге қозғау салып, жаңа нәрселерді ойлап тапты.

Ислам мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының бастапқы кезеңдеріндегі оның жинақтаушы қабілеті адамның данышпандығының тарихындағы ең әсерлі жұмбақтардың бірі болып қалуда. Шындығына келгенде, тек осы қабілеттің ғана арқасында еуропалықтар ортағасырлық дәуірдің бас кезіндегі христиандардың тіл тазалығын сақтауға қатты ұмтылуының нәтижесінде керексіз болып көрінгендіктен өздері жоғалтып алған және ұмыт болған көптеген ежелгі дүниенің мәтіндерімен танысуға мүмкіндік алды. Мұсылмандық ғалымдар жинақтаған тәжірибенің сөзсіз қызықты екенін түсінетіндей білім деңгейіне жету үшін Батыс Еуропаға бірнеше ғасыр қажет болды.

12 ғасырдың өзінде-ақ Батыстың зияткерлік өмірінде Бернард Клервос пен Петр Абелярдің бір-біріне қарама-қарсы шығуы орын алып, ерекше әрі әйгілі жайтқа айналады, оны философия мен ортағасырлық мәдениет тарихшылары айтарлықтай жетістік деп ой толғаудың жаңа деңгейіне шығу ретінде қарастырады. Әрине, егер бұл дауда Бернардтың дәстүрлі «монастырлық» көзқарасының және діни сенім мәселелері мен Киелі Кітапты түсіндіру кезінде Аристотельдің диалектикасы мен логикасына33Петр Абеляр мен Клерволық Бернардтың пікірталасыДаудың мәні Құдайға сену мен ақыл-ойдың ара қатынасын қалай белгілеу керек деген мәселеге қатысты еді. Абеляр адам ақыл-ойдың көмегімен Құдайды түсіне алады және оған сенімін нығайта алады деп есептеді. Бернард болса Абелярды кінәраттап, «Түсіну үшін сенемін» деген тезисті қорғады, яғни оның пікірінше, Құдайды аян мен сезім арқылы түсінуге болады. сүйенген «логик» Петрдің көзқарасының тоғысқанын ескерсек, оның сөзсіз жетістік болғаны рас. Бүгін біз бұны теологиялық және ғылыми білімнің дауы деп атар едік. Алайда егер осы зияткерлік қарсы тұрудың ауқымын тек Латындық Батыстың ғана емес, әлемдік білімнің, яғни сол дәуір үшін Жерорта теңізі білімінің аясында айқындайтын болсақ, онда Абелярдің сүйенген тұғырының едәуір қораш болғаны байқалады. Ол Аристотельдің еңбектерінен шағын ғана үзіндіні, Порфирийдің әмбебаптар туралы қысқа трактатын және Боэцийдің еңбектерін ғана оқыған болуы мүмкін. Шіркеу тарапынан дінбұзар деп айыпталған Петр Абеляр 1142 жылы қайтыс болды.

Батыстағы ислам ғылымы

Сол заманның ой-пікірінің болашақ билеушісі Ибн Рушд, ал латын тілінде жазу дәстүрі бойынша Аверроэс 16 жаста болатын. Ол алдағы бірнеше ғасыр бойына батыстың философиялық ой толғауының басты ұйытқысына айналуға тиіс болған шығармаларды жазуы керек еді. Алайда Ибн Рушд өзінің солтүстіктегі әріптестері сияқты құр бос жерден шабыт іздеген жоқ және ұмыт болған даналықты қалпына келтірген жоқ. Оның ілгерілеуге, қуатты серпінмен алға өрлеуге мүмкіндік алуының өзі нағыз мықты тіреуі болғандығының арқасында еді.

Оның ұлы ізашарларының үшеуін ғана атайық. 10 ғасырда «Екінші ұстаз (Аристотельден кейін)» деген атаққа ие болған әл-Фараби өзінің толып жатқан еңбектерін жазды, олардың арасында Аристотель мен Платонға түсіндірмелер, логика мен философия бойынша еңбектер болды. 10 ғасырдың соңы 11 ғасырда Ибн Сина (латын әлемінде — Авиценна) философиялық энциклопедия мен екі медициналық шығарма: Емдік кітап пен Медицина ережелерін жазды, онда Аристотельдің логикасы мен неоплатонизмге сүйене отырып, медицина мен философияны ұштастырады. Ибн Сина медицинаны зияткерлік пән ретінде түсінді. Арада жүз жыл өткенде дінтанушы әл-Ғазали еңбек етті, ол басқалардың қатарында мәнісі жағынан философияның энциклопедиялық талдауы болып табылатын екі томдық еңбегін жазды. Әл-Фарабидің, Ибн Сина мен әл-Ғазалидің шығармашылығы адамзат мұрасының бір бөлігі деп танылды және де бұлар ортағасырлық мұсылман ойының аспанындағы қазіргі заманның оқырманына азды-көпті белгілі ең жарқын жұлдыздар ғана.

Ортағасырлық еуропалықтардың жайы осы тұрғыдан қарағанда қиынырақ еді. Кәпірлердің жетістіктерін меңгерудің қисындылығына күмән келтірген діни кедергілерден басқа, латын тілділер ең жаңа ақпаратты тіпті кітаптардан да ала алмайтын, себебі олар Батысқа жетпей жататын және араб тілінде жазылған болатын. Әрине, ол байғұстарда гугл да, уикипедия да болған жоқ. Ақпараттық жағдайды құтқаратын бірден бір нәрсе — басқа тілден аудару болды. Бірақ аудармашыларды қайдан алуға болады? 12 ғасырдың өзінде-ақ араб тілінен аударатын жалпы еуропалық орталық Испания болатын. 13 ғасырға қарай мұндағы ең танымал орталық Толедо еді.

Авиценнаның еңбектері дәл осы Толедода аударылды, оның мәтіні араб философиясының латын тілділердің қолына түскен және еуропалық ой-пікірге айқын ықпал еткен ең алғашқы туындысы болды. Ол кезде аударманы сатылап жасайтын болған: тілге киелі құрал ретінде қарағандықтан, араб тілінен латын тіліне бірден «тура» аударуға болмайтын еді. Сондықтан араб тілін білетін иудей Ибн Дәуіт (бәлкім, бір кезде христиандықты қабылдаған болар) парсы Авиценнаның мәтінін әуелі ескі кастиль тіліне аударды. Содан кейін христиан Доминик Гундисальви мен оның көмекшілері Авиценнаны ескі кастиль тілінен латын тіліне аударды. Түрлі діни нанымдағы ғалымдардың бірлескен күш-жігерін талап еткен осы еңбекті асыра бағалау мүмкін емес.

Аристотельдің де, Платонның да мәтіндерін жақсы білетін Авиценна сол кезде Аристотельдің аудармаларын өзі үшін әлі толық ашып та үлгермеген Батыс үшін сол заманның ең өзекті, ең озық философиялық ой-пікірінің алғашқы қайнар көзі болды. Осыдан кейін мұсылмандық ой-пікірдің Еуропадағы ықпалы даусыз болып, маңызды мәдениет құраушы сипаттарға ие болады: Авиценна Батысты дүниежүзілік ұғымдағы ақыл-ойға, яғни ғылымға баулып, монотеистік дінге алғаш рет қолданылған оңтайлылықты қамтамасыз етті.

13 ғасырдағы мұсылман ғалымдарының тартымдылығы христиандар мен мұсылмандар көрші тұрған Испания мен Оңтүстік Италияда ерекше айқын көрінді. Бұл жерде мұсылман мәдениеті мен білімінің қайнар көздерінен сусындаған, көбінесе Шығыстағы атақты ұстаздардан тәлім алған оқымыстылар өмір сүрді. Бұл тұрғыдан біртұтас ислам әлемі әмбебап болып, Бұхара, Дамаск, Каир мен Кордова ғалымдарының басын біріктірді. II Фридрих пен Манфред Штауфен, X Альфонсо сияқты оқыған христиан монархтары мұсылмандық білімнің артықшылығына кәміл сенді және өздері де ғылыммен көп айналысып, Шығыста немесе әл-Андалуста білім алып үлгерген аудармашыларды Еуропаның түкпір-түкпірінен шақырды. Монархтар оларға астрономия, метеорология, математика, тарих және т.б. ғылымдар бойынша еңбектерді аударуға тапсырыс беретін. Бір жарым ғасыр ішінде білімнің түрлі салаларында арабша жазылған жүздеген еңбек аударылды. Сол кезде оңтүстік Еуропада толымды корольдік кітапханалар жинақтала бастады, оларға арналған кітаптар бүкіл оқымысты дүниеден іздестіріліп, сатып алынатын. Мұсылмандардың кітап топтамаларымен салыстырғанда олар, әрине, жұпыны болды, бірақ латын тілділердің өлшемі бойынша ғажап әрі таңдай қағуға лайықты нәрсе еді. Оңтүстік Еуропадан мұсылмандық зияткерлікке деген «сән» 13 ғасырдың ортасынан бастап Батыстың дін ілімі мен философия саласындағы жетекші университетіне айналған Париж университетіне тез-ақ жетті. Париж университетінің 13–14 ғасырлардағы штудиялары — «араб» моделінің сөзсіз салтанатының көрінісі.

Қазіргі заманның ғалымдары бірде-бір теологиялық трактат немесе философиялық түсіндірме Аристотельдің «арабша» түсіндірмесімен берілген зияткерлік кеңістікте орын алмастан жазылған жоқ деп санайды және де сол кезде кез келген ғылыми білім адам ойының осы екі саласымен байланысты болғандықтан, еуропалық ғалымдар ғылымның жалпы көрінісін елестеткен, объект пен оның қарым-қатынасын айқындаған, физика, алхимия, астрология, оптика және т.б. салаларда таза ғылыми ізденумен айналысқан сайын әр кез әл-Фарабидің немесе Авиценнаның еңбектеріне жүгінген. Таным әдістерін де мұсылмандардан алған. Мысал ретінде оптиканы келтіруге болады. Ортағасырлық авторлар: Витело (шамамен 1250–1275), Роджер Бэкон (шамамен 1214–1292), Дитрих Фрейберг немесе Джон Пеккам (шамамен 1230–1292) өздерінен 200 жыл бұрын өмір сүрген, көне дәуірдің мұрасын (Гален, Платон және Евклид) сыни тұрғыдан қайта өңдеп, өзінің тәжірибедегі білімі мен математикалық есептеріне сүйенген белгілі математик, механик әрі астроном Альгазеннің, яғни Ибн әл-Хайсамның (965–1039) «перспективасын» пайдаланған. Латын оптикасы араб тілінсіз мүмкін болмас еді.

Майоркада туған, Киелі Кітаптың білгірі әрі біртума философ, ақын, сарай адамы, жиһанкез әрі қажымас миссионер, ұлы Раймунд Луллий (1235–1315) араб тілін еркін меңгерген, латын және ескі каталан тілдерінде жазған, әдеттегі пәндермен қатар медицина мен суфизмді зерттеген. Раймунд Парижде болып, дәріс оқыған. Оның пікірінше, сол кездегі университетте Аристотельді үстірт білетін және Аверроэстің өзін де өз бетінше түсіндіретін аверрошылар басым болған, бірақ олардың ойлау тәсілінің негізінде осы екі беделді ғалымның ілімі жататын.

Ибн Рушд (сол жақта) пен гректің неоплатоншы-философы Порфирийдің қиялдағы дебаты. 14 ғасырдағы Испан миниатюрасы / Photo by: Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Ибн Рушд (сол жақта) пен гректің неоплатоншы-философы Порфирийдің қиялдағы дебаты. 14 ғасырдағы Испан миниатюрасы / Photo by: Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

Ибн Рушд

Ибн Рушд Кордовада (1126–1198) заңгерлер отбасында дүниеге келген. Ол тамаша білім алған және оның өмірбаяншыларының айтуынша, тек әдеттегідей құқық пен дін ғылымдарын ғана емес, сонымен қатар медицина мен гректің ежелгі дәуірдегі философиясын да оқып-үйренген. 1153 жылы ол Маракешке сапар шегіп, онда халиф Әбу Йакуб Йусуфтың қабылдауында болған. Аңыз бойынша бастапқыда грек философиясы саласындағы өзінің терең білімін көрсетуге Ибн Рушдтың батылы бара қоймаған, бірақ халифтың өзі Платон мен Аристотель туралы еркін сөйлеп кеткенде, Ибн Рушд пікірін айтуға бел шешеді де, онысы билеушіге өте жағымды әсер еткен.

Философ деген даңқы келешек ұрпақтың көзінде басқа жақтарынан асып түскен Ибн Рушдтың сол кездегі аса көрнекті заңгер де болғанын атап өтудің маңызы зор. 1169 жылы ол Севильяда судья болады, ал екі жылдан кейін Кордоваға қади қызметіне оралады. Ибн Рушдтың басты ерекшелігінің өзі сол — ол философиялық штудиялар мен сюжеттерге құқықтанушы тұрғысынан қарады. Іргелі заңгер ретінде терең білімге ие бола отырып, дінтану мен құқықтану бойынша түрлі мектептерді, олардың негіздері мен ішкі логикасын зерттеген. Ибн Рушд ғылыми эрудициясына және сот ісі мен саясаткерлік жұмыстағы орасан зор тәжірибесіне сүйене отырып, философиялық, сондай-ақ доктриналық құқықтану сюжеттерін өз бетімен әрі тереңнен ой елегінен өткізуге бейім болды.

Ибн Рушд Еуропада Аристотельді түсіндіруші ретінде барлық жағынан да көбірек танымал. Оның өз шығармаларының көп сақталмағаны айта кететін жайт, көбінесе олар иврит пен латын тіліндегі аудармалар арқылы белгілі. Ибн Рушдқа дейін мұсылмандық философиялық ой-пікірде Аристотельді түйсікпен қабылдау неоплатондық дәстүрге негізделген болатын. Ибн Рушдтың сіңірген ең керемет еңбектерінің бірі нағыз Аристотельді ашу және оның идеяларын Еуропаға табыстау болды.

Философия мен теология бойынша трактаттарының бірі «Наным мен философия арасындағы келісімде» Ибн Рушд философиялық білімнің де, сондай-ақ құдай сөзінің де ақиқат екенін нық сеніммен айтты, философтың наным ережелерін түсіндіріп, сол арқылы адамдарға көмектесе алатын белсенді өмірлік ұстанымы болуы қажет екенін баса айтты. Кордованың тумасы Құдай жіберген діннің қоғамда және мемлекеттік құрылым жүйесінде биік рөл атқаратынына сенімді болды және оны таза ақыл-ой дінімен салыстырғанда (философиялық тұрғыдан пайымдағанда) артық санады. Философия мен діни сенімнің үйлесімді тіршілік ету тұжырымдамасы әл-Ғазалидің «Философияны теріске шығару» атты еңбегіне жауап ретінде жазған оның «Теріске шығаруды теріске шығару» атты полемикалық трактатында да дәйекті көрініс тапты.

Сонымен қатар Ибн Рушд медицина, математика, астрономия, этика және саясат саласында шығармалар жазып қалдырды. 13 ғасырда Испанияда иврит пен латын тілінде жасалған аудармалардың арқасында оның идеяларын еуропалық схоластар қабылдады да, олар латын тілділердің барлық схоластикалық дәстүріне44Схоластикаii12–13 ғасырларда қалыптасқан батыстағы ортағасырлық ойдың жетекші бағыты. Схоластар (грекше мектеп) Құдайдың Аян бергеніне және Ақиқатты танудың мистикалық жолына сенімді жоққа шығарған жоқ, бірақ әлем мен Құдайды формалды логика құралдарына сүйеніп түсіндіруге болады деген пікірде болды. Схоластикаға тән рационалды дәлелдеуді дәріптеу Батыста ғылыми ой-пікірдің қалыптасуына ықпал еткені сөзсіз. үлкен ықпалын тигізді. Ұлы Альберт те, Фома Аквинскийi13-ғасырдағы еуропалық философтар мен дін мамандары, схоластиканың негізін қалаушылардың бірі. де Аверроэстің идеяларымен және әдістерімен әйгілі испандық иудей кемеңгер Моисей Маймонидтің еңбегі арқылы танысса да, оның шығармаларынан көп нәрсе үйренді.

Ортағасырлық мұсылман ғалымдар өздерінің қолжазбаларға, аудармашылық жұмысқа және түсіндірме жасауға зейін қоюының, Құдай жаратқан дүниенің барлық сан алуандығын танып-білуге деген ұмтылысының, соның ішінде, мысалы, медицинаны, картографияны немесе химияны іс жүзінде пайдалану мақсатында танып-білуге деген ұмтылысының арқасында Көне дәуірде жинақталған білімді сақтап қана қоймай, сонымен бірге көптеген жаңалықтар ашып, ғылымда жаңа бағыттар құрды және ғылыми таным әдістерін түбірінен жаңа деңгейге көтерді.

Еуропалық ғылым негіздерінің мұсылмандарға қаншалықты борышкер екенін айқын көрсету үшін, араб санағының бар екені белгілі болса да 13 ғасырға дейін Еуропада рим цифрларының пайдаланылып келгенін айтса да жеткілікті. Математика пәнін Солтүстік Африкада үйреніп келген Фибоначидің (1202) «Абак кітабы» жарияланғаннан кейін ғана батыстағылар біртіндеп арабша санау жүйесіне көшті. Бұл жүйе кейде үнді-араб жүйесі деп те аталады, себебі парсылар мен арабтардың өздері оны Үндістаннан алған еді. Цифрлармен бірге еуропалықтардың тілдеріне шыққан тегі арабша жаңа сөздер енді: французша chiffre, немісше Ziffer, ағылшынша cipher, сонымен қатар француз бен ағылшын тілдеріндегі zero арабша «бос» — «сыфр» сөзінен шыққан. «Сыфр» деп разрядтағы белгілі бір орынның (бірліктер, ондықтар, жүздіктер және т.с.с.) толтырылмағанын көрсету үшін пайдаланылатын белгіні атаған. Бастапқыда адамдардың көпшілігі оныншы белгіні қолданбаған, себебі ол артық болып көрінді, сондықтан нөлдің орны бос қалдырылатын. Цифрдың жоқ екенін, бірақ разрядтың берілгенін білдіретін сөз «нөл» — сыфр, жинақтық мағынада қолданыла бастады. Егер Тьюринг римдік санақ жүйесін пайдаланған жағдайда оның табысқа жетуге бірде бір мүмкіндігі болмағанын айтпаса да болатын шығар?5i5Алан Тьюринг (1912–1954)ағылшынның математигі, логикі және криптографы. Өзінің зерттеуімен алғашқы компьютерлерді әзірлеуге зор үлес қосты. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде немістің «Энигма» шифрлегішін бұзу жүйесін жасады. Бенедикт Камбербетч Тьюрингтің рөлін сомдаған «Ұқсату ойыны» атты көркем фильм осы оқиғаға арнап түсірілген.

Ортағасырлық карталар нені мәлімдейді?

15 ғасырға қарай Батыс елдері Орта ғасырдың бас кезіндегі мәдениет пен зияткерліктің арасының үзілуінің салдарын жеңіп шықты. Бұл ең әуелі білім берудің дамыған инфрақұрылымынан — қалалық мектептердің, университеттердің, кітапханалардың, соның ішінде жекеменшік кітапханалардың ашылуынан, сауатты әрі кітап оқитын жұртшылықтың санының артуынан көрініс тапты. Еуропа Ұлы жаңалықтарды ашудың алдында, дүниені өзгертуге дайын тұрды және дүниенің мұқият өлшеп-пішілген көрінісіне аса мұқтаж болды. Нағыз өнер туындылары болып табылатын атақты картография жауһарларының Батыста дәл осы кезеңде жасалуы таңғаларлық жайт емес. Әйтсе де олардың басты мақсаты — дүние жүзінің суреттемесі ғылымның үлесінде. Бұл жерде тағы да мұсылмандардың жинақтаған тәжірибесі баға жетпес мұра болып шығады.

Мұсылмандардан шыққан географтар мен астрономдар, аудармашылар, картографтар, теңізшілер мен лоцмандар Орта ғасырдың соңына қарай ғылыми мәтіндердің, жергілікті және дүниежүзілік карталардың, пайдалану нұсқаулықтарының орасан зор қорын жасады. Олар 9 ғасырда әдеттегідей көне дәуірден қалған мұраны игеруден бастады және де ең бірінші кезекте б.з.д 2 ғасырдағы александриялық астроном әрі географ Клавдий Птолемейдің астрономия мен география саласындағы еңбектерін аударудан бастады. Птолемейдің «Географиялық нұсқаулығы» Еуропадағы грекше тізімдерде сақталған, бірақ оны тек 13 ғасырда византиялық Максим Планудо ашқан. Латындардың ғылыми әлеміне «Географиялық нұсқаулық» тіпті кешірек келді де, онда ұсынылған координаттық қағидаттарды латын картографтары ұзақ уақыт бойы қолданған жоқ, олар александриялықтардың туындыларына, басқалардың қатарында арабтардың арқасында назар аударған болатын. Птолемей еңбектерінің латын тіліндегі алғашқы аудармалары 12 ғасырдың соңында араб тіліндегі мәтіндерден жасалды, бірақ бұл оның латын дәстүрінде «Альмагест» деген атауға ие болған астрономия бойынша әйгілі еңбегі еді. Астрономияның және теңізде жүру өнерінде оған байланысты қолданылған математикалық есептердің, әрине, түбегейлі маңызы болды, бірақ география туралы ұғымдар әлі де көп нәрсені шеше қоймайтын. Птолемей ұсынған координаттық қағидаттардың негізіндегі дүние жүзінің алғашқы карталарын еуропалықтар тек 15 ғасырда ғана жасады.

Бұл жерде мәдениеттің өзі тіршілік ететін кеңістікті сипаттауға және оның шегараларын, бөлшектерін, сол кеңістіктің маңызды нүктелерінің арасындағы арақатынас пен қашықтықты айқындауға деген қабілеті туралы сөз болып отырғанын айта кетейік. Әрине, дүние жүзінің карталары жергілікті карталарға немесе портуландарға, яғни теңізде жүзу ісінде пайдаланылған карталарға мүлдем ұқсамайтын. Оларға кемежайлардың, кеме тұрақтатуға жарамды айлақтардың, өзен сағаларының, мүйістер мен шығанақтардың егжей-тегжейлі сипаттамасы берілген жағалау сызығы салынатын, ал ішкі аумақтар туралы мәлімет портуландарда өте аз болатын. Дүние жүзінің карталары тек теңізде жүру, теңіз саудасы немесе теңіздегі әскери іс үшін ғана керек болмайтын. Оларда ғалам туралы, осы ғаламдағы адамның орны туралы жазықтыққа салынған, кеңістікте және көрнекі пішімде көрсетілген білімнің күйі бейнеленетін. Мұны атап айтудың маңызы зор, себебі көне дәуірдегі көптеген географиялық «карталар» мәтін түрінде жазылған болатын. Дүние жүзінің карталарында дүние жүзі туралы жинақталған біліммен бірге еуропалықтардың ұмтылыстары көрініс тауып, олардың орын алуы мүмкін жайттар туралы ұғымдары қалыптасты.

Теңізшілер мен саяхатшылардың іс-тәжірибесі ескерілген және Птолемейдің бойлық пен ендік өлшемдері пайдаланылған әлемдегі ең танымал ортағасырлық карталардың бірі 15 ғасырдың орта тұсында венециялық фра Мауро құрастырған дүние жүзінің картасы болғаны кездейсоқ емес. Фра Мауро Португалия королі V Афонсудың тапсырысы бойынша жұмыс істеді және замандастарының айтқандарына, еуропалық саяхатшылар Марко Поло6i6Марко Поло (1254–1324)iВенециядан шыққан саудагер және саяхатшы, өзінің бүкіл Азияны аралап Қытайға жасаған сапары туралы әңгімелейтін, мол мағлұмат беретін әйгілі «Әлемнің әртүрлілігі туралы кітаптың» авторы. Кітап саяхатты сәндікке айналуына ықпал етті және Христофор Колумб пен басқа теңізшілерге қатты әсер етті. мен Никколо Контидің77Николо Конти (1469 ж. қайтыс болған)ширек ғасырды Шығыс елдерін аралаумен өткізген венециялық саудагер және саяхатшы. 1444 жылы оның естеліктерін жазып алған Поджо Браччиолини туындыны «Тағдырдың құбылмалылығы туралы төрт кітап» деп атады. жазғандарына сүйенді, бірақ сонымен қатар картограф араб тілінен аударылған географиялық трактаттарды және мұсылман картографы әл-Идриси 12 ғасырда Сицилияның билеушісі II Рожердің тапсырысы бойынша құрастырған картаны жақсы білді. Бұл жерде 15 ғасырда Венецияның Жерорта теңізіндегі қуатты теңіз державасы болғаны, ал Португалияның Жерорта теңізінен тыс жерлерде жаңа аумақтарды ашып жатқаны және Африкадағы орасан зор отар елдерді иеленетін әрі Үндістанның бай нарықтарына ұмтылған аса зор держава рөлінен үміткер болғаны түбірінен маңызды рөл атқарды.

Король X Ақылды Альфонсо. 13 ғасырдағы Испан минатюрасы / Wikimedia Commons

Король X Ақылды Альфонсо. 13 ғасырдағы Испан минатюрасы / Wikimedia Commons

Мұсылмандар сақтап қалған және көбейткен білімді еуропалықтар 12–16 ғасырларда меңгере бастады. Әуелі Толедо, Неаполь, Париж қалаларында парсылар, сириялықтар, арабтар, мұсылман испандар жасаған араб тіліндегі мұра көбірек аударылып, түсіндіріліп жатты. Кейіннен ол шығармашылық тұрғыдан қайта қарастырылып, соның негізінде жаңа дүниелер жасала бастады. Бүкіл Орта ғасырлық дәуірде, яғни батыс еуропалық өркениет жаңадан қалыптаса және өзін-өзі енді түйсіне бастаған кезде, мұсылмандардың даналығы білімнің ертегідегідей қазына-байлығы, латындық ғалымдар үшін шабыт көзі мен айнасы болды.