МҰСЫЛМАН ЕУРОПА: СОҒЫС ПЕН БЕЙБІТШІЛІК ТӘЖІРИБЕСІ

4-дәріс. Шығыстың шамадан тыс тартымдылығы

МҰСЫЛМАН ЕУРОПА: СОҒЫС ПЕН БЕЙБІТШІЛІК ТӘЖІРИБЕСІ

Ибн Синаның «Дәрігерлік ғылымның ережелерінің» иврит тіліндегі орта ғасырлық аудармасы. 13 ғасыр / Alamy

Өзінің дәрістерінде ортағасырлық тарихшы Ирина Варьяш мұсылмандардың Испанияны шамамен 800 жыл бойы билеп, оны орта ғасырларда Еуропаның ең дамыған және гүлденген аймақтарының біріне айналдырғаны туралы әңгімелейді. Курстың төртінші дәрісінде мұсылмандардың еуропалықтардың тамағынан бастап үйінің ішкі көрінісіне дейінгі күнделікті тұрмысына қалай әсер еткені туралы айтылады. 

Париж көшелерінде қызу қарбалас: түскі үзіліс басталды. Кафеде жас клерк Menu de jour ішінен таңдау жасауда... Көже, ыстық тағам.

– Десертке не аласыз? – деп сұрайды даяшы. Ал жігіт бүгін жеміс салатын, тәтті пісірме немесе пісте шербетін алсам ба деп ойлайды. Осы сәтте мыңдаған париждіктер де, жүздеген мың еуропалықтар сияқты дәл осымен айналысуда және де асығыс даяшылар да, олардың ашыққан клиенттері де бағдаттық бір музыканттың күш-жігерінің арқасында 9 ғасырда сәнге айналған әсем дәстүрді ұстанып отырмыз деп ойламайды.

Тұрмыстық әдеттер

Ибн Зирьйяб әнші әрі музыкант болған, жас кезінде халиф Харун ар-Рашидтің құлақ құрышын қандырған. Алайда бір кезде, бәлкім, сарайдағы айла-шарғыларға байланысты болар, ол Бағдаттан кету туралы шешім қабылдайды. 822 жылы оған Кордовада ең қонақжай баспана табылып, оны әмір II Абд ар-Рахман арнайы қонаққа шақырады. Ибн Зирьяб әл-Андалуста музыка мен ән мектебін ашпақшы болды да, ол үшін өзімен бірге Шығыстан бозбала шәкірттері мен күңдерді алып келді. Сонымен қатар бағдаттық эстет музыка шығаруды және музыкалық аспаптарды жетілдіруді жалғастырып, 857 жылы қайтыс болғанға дейін сән мен кербез мәнерлердің жасампазы болып қала берді. Басқалардың қатарында ол дастарқан басында тамақты қалай ішу, тағамдарды қандай кезекпен беру туралы ережелердің авторы: ол әуелі көже ішуді, содан соң ет тағамдарын, одан кейін құс етін жеп, асты тәтті қамырдан жасалған пісірмемен, жеміс-жидекпен аяқтауды ұсынды. Болса-болмаса, ол диетологиямен және аспаздық өнермен айналысты. Ибн Зирьябтың пікірінше, үстелге дастарқан жауып, алтын-күміс шаралармен емес, жеңіл шыны ыдыспен әшекейлеу оған жағымды сипат берген.

Осындай әдет, сондай-ақ біз бүгін өмірлік стандарттарға жатқызатын көптеген басқа әрекеттер әл-Андалустан Испанияның солтүстігіне, ал ол жерден Еуропаға ауысты. Еуропалықтар күнделікті өмірдің биік мәдениетімен Кірес жорықтары кезінде Шығыс елдеріне тап болған кезде танысқан деп саналады. Иерусалимде немесе Антиохияда сән-салтанаттың арасында біраз тұрмыс кешкеннен кейін жібек киім киініп, күміс табақтан тамақ ішуді және менестрельдердіңiiОртағасырлық Еуропадағы ақын-музыкант (латынша — қызметші). әндерін тыңдауды қалаған олар өз үйлеріне, Францияға, Германияға немесе Англияға қайта оралды. Алайда Батыс Еуропаның шығыстық өмір салтымен танысуы Бірінші Кірес Жорығына дейін басталып, Византияның, мұсылмандық Сицилия мен Испанияның тәжірибесі арқылы жүзеге асырылды.

Мұсылмандық Шығыстың тартымдылығының күшті болғаны соншалық, оның мәдени әдет-ғұрпы, дүние-мүлкі мен тауарлары еуропалықтардың тұрмысына еніп, байлық пен сұлулықтың белгісі болғанын айта кету керек. Мысалы, егер Қайта өркендеу дәуіріндегі италиялық және фламандық суретшілердің туындыларына зейін салып қарасаңыз, христиандық әулиелер мен Бикеш Мәриямның аяғының астына шығыстық, шыққан тегі «мұсылмандық» кілемдер төселгенін байқау оңай. Джоттоның «Лазардың тіріліп келуі» картинасындағы Иса Мәсіхтің киімдері қуфи жазуына ұқсайтынi8-ғасырдан басталған араб каллиграфиясының ең көне түрлерінің бірі. ғажайып ою-өрнекпен безендірілген. Испаниядағы немесе Византиядағы христиан шіркеулерінің ішкі жайлары да осындай қаріптік ою-өрнекпен әшекейленді. Қабырғадағы фрескалардағы ою-өрнекті белдіктерді оқу мүмкін емес еді, өйткені олар қазіргі заманғы адамдардың көзіне таныс арабтың өрме жазуының элементтерінің жиынтығы болатын. Осылайша 14 ғасырда арабтың өрме жазуы нақты шындықты, яғни еуропалық нарықтарда Шығыстың қымбат маталары мен кілемдерінің болғанын көрсетіп қана қоймай, еуропалық кеңістікте иконографиялық мағынаға ие болды, ол қандай да бір кескіннің немесе кеңістіктің ерекше мәнін, байлығы мен маңызын ашып көрсетті.

Бабыр тойындағы көрініс. «Бабыр нама» қолжазбасынан алынған миниатюра. Солтүстік Үндістан. 16 ғасыр / Шығыс халықтары өнері музейі (ГМВ)

Бабыр тойындағы көрініс. «Бабыр нама» қолжазбасынан алынған миниатюра. Солтүстік Үндістан. 16 ғасыр / Шығыс халықтары өнері музейі (ГМВ)

АГРИМӘДЕНИЕТ

Мұсылмандар Испанияға су жинау мен үлестіру мүмкіндігі жағынан римдік және вестготтық суару жүйесінен айтарлықтай асып түсетін суландыру жүйесін алып келді. Бұл оларға еуропалық көршілеріне қарағанда бау-бақшаны әлдеқайда тиімді отырғызуға және ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік берді, ал еуропалықтар олардан үйренді. Испанияда әлі күнге дейін құрылымы жағынан Таяу Шығыстағы диірмендерге ұқсайтын су дөңгелекті диірмендер бар. Суландырудың арқасында қант құрағы, күріш, апельсин, лимон, баялды, бөрікгүл және мақта сияқты мол ылғалды қажет ететін дақылдарды өсіріп-өндіру мүмкін болды. Мұсылмандардың тіпті латын тілділерге белгілі дақылдарды өсіруде табысты болғаны соншалық, көптеген жеміс-жидектер мен көгөністердің дәл осы араб тіліндегі атаулары еуропалық тілдердің сөздігіне еніп, осы уақытқа дейін қолданылып келеді. Мысалы, еуропалықтарға жақсы таныс сары өрік Рим заманында латын тіліндегі praecox сөзімен аталды, бұл тез пісетін дегенді білдіреді және өрікті кешірек пісетін шабдалыдан ерекшелейді. Жемістің латын тіліндегі осы атауын римдіктерден гректер алған, ал содан кейін грек тіліндегі мәтіндерден мұсылмандар қабылдаған. Олардың айтуында бұл сөз әл-биркукқа айналды да, араб тіліне бейімделген күйінде роман тілдеріне, яғни испан, италия және француз тілдеріне «қайта оралды». Тағы да бірнеше ғасыр өткен соң өрік атауының испандық нұсқасын голландықтар қабылдады да, ол осылайша неміс, скандинав, орыс тілдеріне өтті.

Мұсылмандар Еуропаға осыған дейін беймәлім болып келген жеміс, көгөніс түрлерін, күрішті, сондай-ақ дәмдеуіштер мен қант құрағын әкелді. Бұған дейін еуропалықтар тек балды ғана тәттілеуіш ретінде пайдаланған болатын. Португалдар мен испандықтар ашқан Ұлы Географиялық жаңалықтарға дейін Батыс Еуропа дәмдеуіштерді Таяу Шығыс пен Үндістаннан мұсылмандардың делдалдығы арқылы алатын. Дәмдеуіштерден түсетін пайда орасан зор болатын. Дәмдеуіштер ет пен балықты тұздаудың Еуропада белгілі тәсілін қолданбастан, тамақты ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін, етті жұмсақ әрі иісін бұрқыратып пісіретін, зарарсыздандырғыш сипаты болатын.

Орта ғасырлардағы Еуропа мен мұсылман елдерінің арасындағы қарқынды сауда отаршылдық саудаға ұқсайды: мұсылмандар Еуропаға тұрмыста тұтынылатын және сән-салтанатты заттарды, жібекті, дәмдеуіштерді сататын, ал латын тілділер Шығысты шикізатпен, яғни темірмен, мыспен, ағашпен, кендірмен және құлдармен жабдықтайтын. Еуропалық француз, ағылшын, испан тілдерінде де, араб тілінде де «құл» деген ұғымның «славянин» сөзінің этнонимі slave, сакалиба сөздерінің көмегімен бір мезгілде қалыптасқаны таңғаларлық емес. Мұның себебі, 11 ғасырға дейін еуропалықтар саудаға салған құлдар негізінен пұтқа табынатын халықтардан, ең әуелі славян халықтарынан немесе антропологиялық жағынан славяндарға ұқсас сары шашты, денесі ақ және көзі көгілдір көршілерінен қолға түсірілген тұтқындардан болатын, ал олар мұсылмандық Испанияда және Шығыста өте жоғары бағаланды. Славяндар христиан дінін қабылдағаннан кейін оларды тұтқынға түсіруге болмайтын еді, ал сөз қалып қойды, бірақ енді ол қара түсті черкестерге де, бет сүйегі шығыңқы татарларға да, қоңырқай терілі түркілерге де қолданылатын болды.

Людвиг Дойч. Араб мұғалімі. 19 ғасыр / Alamy

Людвиг Дойч. Араб мұғалімі. 19 ғасыр / Alamy

Тіл

Мұсылмандық өмір сүру стандарттарының еуропалықтарға әсер етуінің басты себебі: ислам діні сауатсыз әрі жабайы бәдеуилердің арасында шөл далада пайда болды деп санайтын хабардарлығы аз адамдардың пікіріне қарамастан, ислам өркениеті өзінің болмысы жағынан о бастан қалалық өркениет болған. Еуропада да мұсылмандардың үлкен әрі бай қалалар Кордованы, Севильяні, Гранаданы өз мәнерінде абаттандырғаны таңғаларлық емес. Мұсылман қалаларының орасан зор базарлармен, әсем безендірілуі жағынан мешіттерден кем түспейтін сарайлармен, бақтармен және субұрқақтармен, жағалаулармен даңқы шықты. Кәсіпқой қолөнершілердің дүкендері, моншалар, мектептер мен оқу бөлмелері, нотариаттық кеңселер мен ауруханалар да дәл осында орналасты.

Ислам діні білім алу саласында биік талаптар қойды, бұл мұсылмандардың өмір салтына тікелей ықпал етті. Сауаттылыққа осыншалықты көңіл бөлген қоғам бұрын-соңды болмаған деп айтуға болады. Мұсылман балалары еркін оқып, жазатын, олардың көбінің бастауыш мектептерді бітіргеннен кейін жеке мұғалімдерге немесе өздеріне баспана да, стипендия да беретін келесі сатыдағы мектептерге оқуға түсіп, әрі қарай оқуға мүмкіндігі болатын. Бұның бәріне тек бозбалалар ғана емес, бойжеткендердің де білім алуға мүмкіндігі болғанын қосайық.

Кордовада 9 ғасырда өмір сүрген атақты христиан Павел Альвардың былайша шағымданғаны таңғаларлық жайт емес: «Менің діндестерімнің көпшілігі арабтардың өлеңдері мен ертегілерін оқиды, мұсылман философтары мен дінтанушыларының шығармаларын теріске шығару үшін емес, керісінше, араб тілінде дұрыс әрі әдемі сөйлеп үйрену үшін зерттейді. Енді киелі кітапқа латын тілінде жазылған түсіндірмелерді оқи алатын тым болмаса бір адам қайдан табылады? Олардың қайсысы Евангелиені, пайғамбарлар мен апостолдарды оқиды? Өкінішті! Өз қабілетімен ерекшеленетін барлық христиан бозбалалары тек арабтардың тілі мен әдебиетін ғана біледі, арабша кітаптарды оқиды және бар ынтасымен зерделейді... Олар тіпті өз тілін де ұмытқан, сондықтан досына латын тілінде сауатты хат жаза алатын бір бозбала мыңның ішінен табыла қояр ма екен. Керісінше, арабша өте жақсы дәрежеде сөйлей білетіндердің және сол тілде арабтардың өздерінен де артық әдемі әрі дарынды өлең шығаратындардың саны есепсіз».

Мұсылман мәдениетінің ықпалы тек поэзияда, әдебиетте немесе музыкада ғана емес, өмірдің анағұрлым қарапайым салаларында да байқалатын. Мысалы, Испанияда Толедо қаласы әмір әл-Қадырдың қолынан Кастилия королі VI Альфонсоның қол астына ауысқаннан кейін екі жүз жыл өткенде де астаналық қаланың тұрғындары сатып алу-сату құжаттарын араб тілінде жасайтын. Христиандар, бәлкім, іс қағаздарын жүргізуде өздеріне үйреншікті тәсілмен, яғни арабша жазылған кесім сенімдірек деп ойлаған болар және де мұсылманша білім әрқашан теориялық жағынан ғана емес, сонымен қатар іс-тәжірибеде де ыңғайлы болатын. Құдай жаратқан әлемді тани отырып, мұсылмандық ғалымдар адамды да, оның жаны мен дене құрылысының ерекшеліктерін де салиқалы түрде зерттеп, оның азабы мен ауруларын жеңілдетуге тырысқан.

Науқастың нәжісін зерттеген дәрігер (бәлкім, Ар-Рази). Орта ғасырлық европалық миниатюра. 13 ғасыр / Wikimedia Commons

Науқастың нәжісін зерттеген дәрігер (бәлкім, Ар-Рази). Орта ғасырлық европалық миниатюра. 13 ғасыр / Wikimedia Commons

Медицина

Медицина саласында мұсылмандар алғашында Шығыста Сасанидтер11СасанилерiҚазіргі Ирак пен Иран аумағында, соның ішінде Мысыр, Таяу Шығыс пен Орталық Азияны және тіпті Үндістан мен Пәкістанның кейбір жерлерін қамтыған аймақта мемлекет құрған парсы әулеті (224–651). заманынан бері Иранда дәрігерлікпен айналысқан несториандық22Несториандықii5 ғасырда өмір сүрген және Иса Мәсіхтің дербес екі табиғаты (Құдайға тән және адами) бар деген ілімді дәріптеген дін маманы Несторийдің атымен аталған ерте христиандықтағы ағымдардың бірі. христиандармен бәсекеге түсетін. Мұнда өте жақсы жолға қойылған медициналық қызмет және орталығы Гондишапурда орналасқан мектеп болды. Оқу негізінен Галеннің теориясы бойынша жүргізілді, ал іс-тәжірибелік сабақтар мектеп жанында ұйымдастырылған ауруханада өтетін. Сонымен қатар «грек ғылымы» мен философиясы бойынша да дәріс берілетін. Иранды жаулап алғаннан кейін мұсылмандар осы үлгіні қабылдап, өз мектептерін ашты да, онда тек медицина мен фармакологияны үйретумен ғана шектелген жоқ. Ол жерден көптеген салаларда өте жақсы білім алған адамдар шықты, бұл — мұсылмандардың ақиқат пен Құдайды алуан түрлі пәндер туралы тұтас білімнің негізінде үйрену керек деген түсінігіне сай келетін.

8 ғасырдың бас кезінде-ақ мұсылмандар медициналық шығармаларды араб тіліне аудара бастады, Гален мен Гиппократтың мұрасын тез меңгеріп, грек дәстүріне үндінің де жетістіктерін қосып, ауруханалар ашуға кірісті де, бұл тұрғыдан сірә, өздерінің христиан ұстаздарынан асып түсті. Бағдаттағы аурухана туралы алғашқы дәйекті мәліметтер 800 жылға жатады. 900, 914, 919 және 925 жылдары мұнда бай және ақсүйек адамдардың қаражатына тағы да емдеу мекемелері ашылды. Ауруханалардан түскен табыс жұмыскерлерге еңбекақы төлеуге жұмсалды. Дәрігерлер түрмелерге барып, тұтқындарды қарап тексеретін, ауыл тұрғындарына арналған жылжымалы емханалар мен дәрі-дәрмектер тізімі ұйымдастырылатын. Астананың бастамаларына провинциялар да қосылатын. 1284 жылы Каирдегі бұрынғы сарайда озық жабдығы бар 8 000 кісілік Мансури ауруханасы ашылды. Мұнда тек әйелдер мен ерлерге арналған бөлімшелер ғана ұйымдастырылып қоймай, аурулардың санаттары да белгіленді: безгек, көз аурулары, асқазан-ішек аурулары, хирургиялық араласуды қажет ететін аурулар... Дәрігерлердің, терапевтер мен хирургтардың мамандығы болатын, ал оларға фармакологтар, әйел-еркегі бар кіші медицина қызметкерлері, әкімшілік аппарат көмектесетін. Мұсылмандық ауруханалардың жанында қоймалар, ғибадатханалар, оқу құралдарын табуға болатын кітапханалар болды. Медицина ісінің деңгейінің жоғары болғаны соншалықты, сол кездегі түрлі іс-тәжірибелік нұсқаулықтардың арасынан аурухана ісін жүргізу бойынша арнайы нұсқаулықтарды, мысалы, жұмыс туралы келісімшарттардың үлгілерін оңай тауып алуға болады.

Орта ғасырлардағы ең әйгілі араб дәрігерлері ар-Рази, бұрын аты аталған Ибн Сина мен Әли ибн әл-Аббас болды. 800 жылдан 1300 жылға дейінгі жарты ғасырда 70-тен астам автордың медицина бойынша араб тіліндегі еңбектері көпшілікке танылды, олардың ішінде мұсылмандардан басқа бірнеше христиан мен иудей болды, бірақ олардың барлығы Құран тілінде жазатын.

Әбу Бакр ар-Рази (Еуропада Разес немесе Абубатер) алхимик, философ әрі Бағдат ауруханасының бірінші басшысы болды. Ол «сырқатнама» жүргізуді іс-тәжірибеге енгізді, екпе жасау әдісін, сүйек сынғанда гипс таңғыштарды қолданды және оның қаламынан медицина жөніндегі 50-ден астам еңбек, соның ішінде латын, грек, француз және ағылшын тілдеріне аударылған «Желшешек пен қызылша туралы трактат» және 10 томдық медициналық білімнің энциклопедиясы — «Жан-жақты кітап» шықты. Сол кездегі ғалымдардың материалмен жұмыс істеудегі іргелі көзқарасы әр-Разидің осы еңбегінен өте жақсы көрінеді: әр ауру бойынша ол грек, сирия, үнді, парсы және араб авторларының пікірін келтіріп, кейін өзінің іс-тәжірибесінен көргендері мен байқағандарын қосып, соңынан қорытынды пайымдамасын жасаған. Осы кең ауқымды шығарманың кейбір бөліктерін 13 ғасырдың соңында Сицилияда иудейлерден шыққан дәрігер латын тіліне аударған.

Жарты ғасырдан кейін Әли ибн әл-Аббас (Хали Аббас) дәл сондай толық, бірақ көлемі жағынан шағындау жаңа энциклопедия жасады. Дәл осы медициналық туынды алғашқылардың бірі болып латын тіліне аударылды да, Батыста кеңінен танымал болды.

12 ғасырда латын тіліне «арабша жүйелеудің жауһары» Авиценнаның «Медицина каноны» аударылды, ол 16 ғасырдың соңына дейін негізінен Еуропада медицинаны оқыту үшін пайдаланылып келді. Канонға латын, иврит және басқа да тілдерде көптеген түсіндірмелер жасалды. Еуропалықтардың бұл еңбектерге салиқалы қарағаны соншалық, баспадан шыққан алғашқы кітаптардың арасында павийлік Феррари да Градоның ар-Разиге және Авиценнаның «Канонына» 1473 жылы басылып шыққан түсіндірмесі болды және ол кейінгі жиырма бес жылда тағы 16 рет баспадан шықты. Жалпы, бұл кітап медицина бойынша бүкіл адамзат тарихындағы ең көп зерттелген еңбек болып саналады және Жаңа заманда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. 15–16 ғ., еуропалық медицина ең әуелі араб тілінен аударылған еңбектерге сүйенетін.

Әлішер Акулов. «Имам әл-Бухаридің өмір жолы мен мұрасы»/Ашық дереккөзден алынған

Әлішер Акулов. «Имам әл-Бухаридің өмір жолы мен мұрасы»/Ашық дереккөзден алынған

Олардың жанында ортағасырлық Еуропаның медициналық қызмет көрсету саласындағы жетістіктері едәуір жұпыны көрінеді. Еуропадағы ең көне жоғары медицина мектебі болып Италияның оңтүстігіндегі Салерно қаласындағы, медицина бойынша ежелгі дәуірге жататын, византиялық және арабша білімді жинақтаған мектеп саналады. 9 ғасырдың басында-ақ мұнда дәрігерлер корпорациясы жұмыс істеген, ол үшін еңбектерді 11 ғасырда араб, грек, сирия және парсы тілдерін меңгерген Африкалық Константин аударған. Тек араб тілінің өзінен ол Гиппократты, Галенді, ар-Разиді, Авиценнаны, Хали Аббасты, әл-Хаззарды, Исаак Иудейді аударған.

Бір қызығы, 17 ғасырдағы еуропалық аңыз бойынша мектептің іргесінің қалануына себеп болған төрт дәрігердің: иудей, грек, араб және латынның кездейсоқ кездесіп қалуы екен. Салернода медицинадан басқа логика, философия және құқық пәндері оқытылған. 12 ғасырдан бастап анатомия әуелі шошқаларды, содан кейін қылмыскерлердің мүрделерін пайдаланып зерттелді. Сол кезде қазіргі Францияның оңтүстігіндегі Монпельедегі медициналық мектептің атағы шықты, шәкірттер оған Еуропаның түкпір-түкпірінен оқуға барған және бұл кездейсоқ емес. Монпелье Таяу Шығыстың, грек пен италиялық ғылымның ықпалына да, сондай-ақ каталон мен мұсылмандық испан ғылымының ықпалына да ашық болатын. Мұнда бағзы заманнан Пиренейдің ар жағынан келген, сондықтан да медицинаның соңғы жетістіктеріне тікелей қол жеткізе алған мұсылмандар, иудейлер және араб тілді христиандар көптеп тұратын. Медициналық білім мен іс-тәжірибені ислам әлемінен латын әлеміне табыстаудағы Монпельенің делдалдығын асыра бағалау қиын.

Шығыстағы әріптестерінен өзгеше, еуропалықтар ұзақ уақыт бойы хирургияға және оташыларға шекесінен қарап, оларды мәртебесі жағынан шаштараздар мен сынықшыларға теңеп келді. Шіркеу хирургияны оқытуға тыйым салуға тырысты. Тек араб тілінен аударма жасаудың арқасында медициналық білім тарала бастағанда және еуропалықтар сарацин емшілерден ем алған Кірес жорықтарының барысында тәжірибе жинақталғанан кейін ғана жағдай өзгере бастады да, хирургия туралы алғашқы Батыс трактаты пайда болды.

Мүмкін, кірескерлердің тәжірибесі 12 ғасырдан бастап еуропалықтардың да ауруларды ұстауға арналған қалалық емханаларды аша бастауына ықпал еткен шығар. Алайда бұл жерде бұрынғысынша әлі де жұқпалы ауруларға арналған палаталар бөлінген жоқ және арнайы дәрігер де болған жоқ. Студенттердің клиникалық тәжірибесі туралы айтпаса да болады. Еуропада ол тағы да мұсылмандардың тәжірибесіне сүйене отырып, тек 16 ғасырдың ортасында ғана пайда болды. Еуропадағы ауруханалар бастапқыда монастырлардың, шіркеулердің жанында болды да Жаңа заманның ертерек кезеңіне дейін кедей адамдарды ұстауға арналды. Көбінесе олар Шығыстағы сияқты емдеу мекемелері емес, рақымшылық пен қамқорлық жасайтын қайырымдылық мекемелері болатын.

Франческо Баллесио. Кілем сатушы. 19 ғасырдың екінші жартысы / Wikimedia Commons

Франческо Баллесио. Кілем сатушы. 19 ғасырдың екінші жартысы / Wikimedia Commons

Үй жабдығы

Мұсылмандық қоғамда қабылданған және көбінесе латын тілділердің әдеттеріне қарама-қайшы келетін өмір сүрудің биік стандарттарына орала отырып, үйдің ішін жайластыру туралы ең болмағанда бір-екі ауыз сөз айтқан жөн. Мұсылмандар мұнда да тазалық пен жайлылыққа көп көңіл бөлді. Мысалы, әл-Андалус пен Испаниядағы мұсылмандардың үйлерінің сыртқы түрі қарапайым, ақталған бітеу қабырғалары және үстіңгі жағында желдетуге арналған кішкентай терезелері болған, бірақ атриумiiiiяғни ішкі аула мен қонақ бөлмесі бар ішкі жасауы Жерорта теңізіне тән сәнмен безендіріліп, жабдықталатын. Үйлердің ішінде әдетте таза суды сақтауға арналған арнайы ішкі сұйыққоймалар және «қара құдық» деп аталған, ақаба суларды ағызуға арналған сұйыққоймалар болған, оған күрделі құбыр жүйесі арқылы сарқынды су, соның ішінде ас үй мен дәрет алатын жерден кететін су ағызылған. Байлардың үйлерінде құбырлар арқылы ағатын судың көмегімен үй-жайлар қыста жылытылатын, ал жазда салқындатылатын.

Мұсылмандар әл-Андалусқа парсылардан алған құйма қыш жасау әдісін әкеліп, Кордова мен Севильяда көп бояулы сырлы тақташа өндірісін жолға қойды. Өзіне ғана тән геометриялық суреті бар күйдірілген саз балшықтан жасалған шаршы тақташалармен сарай залдарының қабырғалары (мысалы, бүгін де оларды СинтрдаiПортугалия корольдерінің әйгілі резиденциясы. көруге болады), мешіттер, моншалар, жекеменшік үй-жайлар мен мекеме жайлары қаланды, ғимараттардың сыртқы қабырғалары қыш тақтамен қапталатын немесе безендірілетін. Мұсылмандардан кейінгі Испания ыңғайлы, тас пен мәрмәрге қарағанда арзан, оның үстіне ұзақ әрі ыстық жазда қатаң гигиеналық талаптарға да сай келетін осы әрлеу материалын қарқынды түрде пайдалануын жалғастыра берді. 16 ғасырда мұнда azulejos (арабша аз-зулайджа, яғни зерленген саз балшық) деп аталатын испандық сырлы тақталар испандық Нидерландта33Испандық НидерландҚасиетті Рим империясының билеушісі Максимилиан Габсбургтың немересі болған Испания королі I Карл (1516–1566) одан Еуропадағы орасан зор аумақты, соның ішінде Нидерландыны мұра етті. Нидерландыны 1609 жылға дейін испандық Габсбург әулеті биледі. сәнге енді. Италиялық өрнек жазу әдісінің көмегімен жетілдірілген осы сырлы тақталар атақты голланд пештерінің сыртын қаптау үшін де көптеп қолданыла бастады. Уақыт өте келе моншаларда, жуынатын бөлмелер мен дәретханаларда, сондай-ақ ас үйлерде, кіреберіс жайларда, ішкі аулаларда, баспалдақ аралықтарында қыш тақташаны пайдалану әдеті бүкіл Еуропаға тарады. Оны қазіргі заманның адамы да пайдаланады.

Сауаттылық пен білім деңгейі, тамақтану, тазалық пен денсаулық мәдениеті — осының бәрін Орта ғасырлардың адамдары жақсы түсінген және олар осы уақытқа дейін БҰҰ Даму бағдарламасында қабылданған интегралдық көрсеткіш дами даму индексінде қандай түрде болса да ескеріліп келе жатыр. Біздің алыс дәуірлердегі ата-бабаларымыз сияқты қазіргі заманғы экономистер мен саясаткерлер де, қандай да бір елдің даму деңгейін бағалаған кезде, адамның ғұмырының ұзақтығына, өмір сүру деңгейі мен сауаттылығына назар аударады.