Қай заманда болмасын амазонкалар жөніндегі аңыздар жұртқа ұнап келген. Қазіргі уақытта оқ өтпейтін төс тартқыш киген жауынгер қыздардың арбайтын ғаламат бейнесі мифологиялық баяндардан компьютерлік ойындар мен киноматографияға көшіп отыр. Бірақ әлі күнге дейін тарихшылардың басым бөлігінің тұжыруы бойынша, амазонкалар айдаһар мен грифондар секілді қиялдан туған бейнелер ғана саналып келеді. Алайда соңғы табылған археологиялық зерттеулер көнеден жеткен мифке жаңаша қарау қажет екенін көрсетіп отыр.
Батыс Еуропа ғылымының тамыры христиандық дәуірден де терең мифологиялардың құндылығына бертінге дейін қырын қарап келді. Мұның бәрі «құдайсыздардың аңыздарын» жоққа шығарған христиан дінінің ықпалына байланысты қалыптасса керек. Тек 20 ғасырдың алғашқы жартысында ғана мифтерді зерттеу нақты ғылыми бағытта өрбіді. Дегенмен қазіргі уақытта ежелгі дәуір адамдарының ой жүлгесі мен өмір салты жөніндегі білімімізді тарылтып, түсінігімізді күңгірттендіре түскен үстіртін жасалған талқыларды жиі ұшырастырып келеміз.
Амазонкалар жөніндегі аңыздар (еркектермен тең тұрып, майданға түскен әйел-жауынгерлер) ертеден бері ең қатаң және сонымен қатар орынсыз сынға ұшырап келген. Осы тұста қазіргі уақытта өмірін әскери іске арнауға шешім қабылдаған қыз баласы табылып жатқанда, ежелгі уақытта мұндай әйелдер қауымының құрылуына нендей жағдай кедергі келтіруі мүмкін деген сұрақ туындайды? Алайда ежелгі әскери қауымдастықтардың бәріне тән деп саналатын қатаң гендерлік рөлге қатысты таптаурындар, ұдайы «ал шынтуайтында солай болса ше?» деген сау желіктен басым түсіп кетеді.
Сондай-ақ гректер варварлық еркек-жауынгерлерді әйел деп ойлап қалған деген де пікір айтылып келеді.iЕң алғашқы скептик ежелгі дәуірдің өзінде пайда болған: аталған мифтерді жоққа шығару үшін тұтастай бір кітап жазған Палефат есімді жазушы болған. Әлбетте аңғал баланың өзі бұлай алданып қалмасы анық: кез келген ұрыстан кейін өлген адамдардың денесі майдан даласында қалады, ал гректердің дәстүрлі әскери мәдениетіне сай олар жеңілгендердің заттарын мақтаныш үшін жинап алады. Сондықтан жер жастанған жауынгердің үстіндегі киімдерді шешіп, қару-жарақты жинастырған мезетте, гректер, әлбетте, жаудың жынысын бірден аңғара қояр еді.
Ал зерттеушілердің бір шоғыры амазонкаларға — кентаврiТүр-әлпеті мен бел тұсына дейін адам, денесі ат жаратылыссекілді символдық бейне ретінде қарап, олардың тарихи прототиптерін іздеу мәнсіз тірлік деп санайды. Бірақ археологиялық деректер кері дүниені көрсетіп отыр: далалық Еуразияның әйелдер жерленген мазарларынан әскери құрал-саймандар жиі шығып отырады және осы бір фактіні мәдени ерекшелік деп жылы жауып қоюды ғылымға жасалған қастандық деп қабылдау қажет.
Қазір, 21 ғасырдың алғашқы ширегінде, ақырын басып төмендегі тарихи фактіні мойындауға жақындап келеміз: Еуразияның иран тектес халықтарында шынтуайтында, әйелдердің әскери қауымдастықтары болған және аталған дәстүрдің сарқыншағы, кемінде Орта ғасырға дейін сақталып келген. Бірақ мойындау — түйсіну деген сөз емес және бұл факті жұмбақ мифтердің сырын ашып бермейді. Айталық, бұл амазонкалар хақындағы мифтердің «қай тұсы тарихи шындықтан алынды, қай тұсы қайта ой елегінен өтіп мистикаға айналды және қай тұсы өзгеріске ұшырады?» деген сауалдарға нақты жауап бермейді.
Амазонкалар тек ертегі ретінде қабылданатын әлем, әйелдің қару ұстау қақын ғана жоққа шығарып қоймайды, сондай-ақ қоғамдық құрылымның формалары мен алуандығын да шектейді. Ал амазонкалар хақында байыпты түрде талқылай алатын әлем, өзінің мәдени алуандығын мойындап, қабылдауға дайын болады.
Болған мен болмаған дүниенің арасы
Амазонкалар жайында сыр шертетін грек дәстүрі — біртоға баяндардың тұтастай жинағы емес. Бұл көбіне-көп түрлі тарихи оқиғалар мен олардың үзіктерінің ала-құла әрі қарама-қайшы баянына ұқсайды. Оларды негізінен екі топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі — бізге дейін поэтикалық шығармалар арқылы жеткен астарлы, символдық баяндар, екіншісі — ежелгі дәуірдің тарихшылары қалдырған шындыққа жанасатын этнографиялық суреттеулер. Бірақ фактілердің аңыздармен біте қайнасып кеткені сонша, оларды бір-бірінен ажыратып қарастыру өте қиын.
Салыстырмалы түрде таяуға дейін Троя зұлматының (Кіші Азиядағы кішігірім Троя патшалығы мен ахейлік Грекияның қалалары арасындағы одақтың майданы) тарихы қиялдан туған оқиға ретінде қарастырылып келді. Бүгінде оның бәрі ойдан шығарылған оқиға емесін білеміз: б.д.д. 13 ғасырда Кіші Азияда өткен шынайы оқиға баяндаушыларды шабыттандырған секілді. Сондай-ақ бізге Гомер (кім болғаны маңызды емес)iөзінің поэмаларындағы оқиғаларды «өзі құрап» жазбағаны да мәлімiiГомер. Көне грек ақыны (б.д.д. 8–7 ғасырда өмір сүрген) «Илиада» мен «Одиссея» туындыларының авторы. Дегенмен Гомер ақын өзіне дейінге баяндаушылардың қат-қабат оқиғаларын, оның ішінде тек гректердің аңыздарын арқау етті: Жер орта теңізінің шығысындағы халықтармен мәдени алмасу өте қарқынды жүрген. «Илиаданың» негізгі сюжеттік желісіне арқау болған қанды қырғында гректер мен амазонкалардың қақтығысы жөнінде айтылмаған, бірақ Троя патшасы Приамның бір монологында амазонкалар мен фригиялықтар арасындағы ұрыс хақында сөз болады. Сондай-ақ Гомер ақын шығармасында амазонканың патшайымы «шапшаң Миринаның» мазары жөнінде тілге тиек еткен. Туындының тағы бір тұсында Беллерофонт батырдың амазонкалардың әскерін талқандағаны жөнінде де қысқа айтылған: бірінші ерлігінде ол арыстан басты, айдаһар құйрықты, ешкі денелі құбыжық Химераны өлтіреді.
Соғыстан кейін мәшһүр халық солимдердің арасына барды...
... Үшінші ерлігінде ол еркектерге ұқсайтын амазонкаларды жеңді.
Жырдың аталған үзіндісі ақылған қонымды бастапқы екі оқиғадан айтарлықтай айрықшаланады: салимдар мен амозонкалар (Кіші Азияның жергілікті халықтары) таңғажайып мақлұқтармен бір қатарға қойылған бұл үзік қаһармандық аңыздарға ұқсайды. Жалпақ тілмен айтқанда, Гомердің тұсында амазонкалар қатысты түсінік гректердің арасында екіұдай болған тәрізді: елді айнала қоршаған халықтар мен тайпалардың олпы-солпы жасалған картасындағы жарқын бір нүкте, шынайы өмір сүретін қандай да бір қауым және өте құдіретті әрі мақлұқ кейпіндегі экзистенциялық қарсылас.
Осы бір екіұдайылық ежелгі дәуір бойына сақталып келген. Амазонкалар хақындағы мифтер мәшһүр болып қала берген және кейінгі дәуірдің авторлары олар жөнінде ақпарды бізге дейін жеткізген. Эллиндер Отрера есімді нимфаға ғашық болып қалған соғыс құдайы Аресті, амазонкалардың арғы атасы деп санаған. Осы бір одақтан бірнеше ержүрек қыз дүниеге келіп, олардан амазонка халқы тараған. Тура немесе жанама түрде болсын амазонкалар грек әлемін қалыптайтын барлық аңыздарда көрініс тапқан: Геракл мен Тесей оларға қарсы соғысқан, Афинаны қоршауға алған және Троя зұлматында Приам патшаның жағында болған. Ескендір Зұлқарнайынныңiб.д.д. 356–323 жылдар аралығында өмір сүрген, алып империяның негізін қалаған Грек патшасы Азияға жасаған жорығынан кейін гректердің пантеонында тағы бір ғаламат тұлғаның бейнесі пайда болды. Бұл ұлы қолбасшыға бала сүюге көмектескен амазонка патшайымы Фалестрида болатын.
Сонымен қатар амазонкалар шынайы оқиғалар баян етілген шығармаларда да көрініс тапты. Олардың арасындағы ең мәшһүрі — «Геродоттың тарихы»ii«Тарихтың атасы», б.д.д. 5 ғасырда өмір сүрген ежелгі грек тарихшысы. Ұлы тарихшы еңбегінде дала тайпасы сарматтардың шығуына қатысты бір әпсананы келтіреді: олар аңыз бойынша сақтардың еркектеріне күйеуге шыққан амазонкалардың ұрпақтары. Геродот еңбегінде: «Содан бері сармат әйелдері өздерінің ескі жоралғыларын сақтап келеді: ерлерімен бірге я жеке-дара атқа мініп аңға шығады, еркектерімен бірдей киім киіп жорыққа аттанады. Ал үйлену жоралғыларына келер болсақ, қыз баласы жауын жастандырмай жатып тұрмысқа шыға алмайды. Сондықтан жоралғыны орындай алмағандықтан, отбасын құра алмай, кемпір болып өмірден өтетін қыздарда болады» деп жазған.iГеродот. История, VI, 110–117.
Әлемдер соғысы
Гректердің дүниетанымында амазонкалардың орны қандай болғанын түсіну үшін, кескіндеме өнеріне назар аударған жөн. Мүсіндер мен қыш құмыра сыртындағы суреттерде олардың бейнесі көп бедерленді, ал грек-парсы соғысынан кейін аталған кейіпкерлердің танымалдығы тіптен арта түсті. Амазономахия (жаужүрек амазонкалар мен грек қаһармандарының арасындағы соғыс) ежелгі Афинаның бас ғибадатханасы Парфеонның өрнектерінде бедерленген. Саркофагтарды мифтік соғыс сахналары арқылы безендіру қалыпты іске айналған: Троя зұлматының эпизодтары, олимп құдайларының алыптармен ұрысы және, әлбетте, варварлардың киімін киген ат үстіндегі қаһарман әйелдермен гректердің соғысы.
Аталған ұрыстардың бәрі — тек қызықты ертегілер ғана емес. Бұл — ең алдымен ежелгі дәуірдің адамдарына дүниетаным мен грек дінінің қалыптасу жолын баян еткен символдар. Алыптар мен алысқан Құдайлар, Троя зұлматы мен амазономахия олар үшін ауқымы әртүрлі болғанымен, бір қатарда тұрған құбылыстар ретінде саналған. Бейбіт процестерді бақылап отырған эллиндіктер, бұдан ұдайы қарсыластықтарды көріп отырған. Космостық күштер, дәуірлер, ұрпақтар, мәдениеттер мен адам табиғатының әртүрлі қасиеттері арасында тынымсыз ұрыстар жүріп жатады. Аталған майданда жеңгендер мен жеңілгендер болады, алайда мұнда сөзсіз жағымсыз және талассыз жағымды кейіпкер жоқ. «Соғыс — бәрінің патшасы, бәрінің атасы» деген философ Гераклит,ii б.д.д. 6–5 ғасырда өмір сүрген ежелгі грек философыхалықтар мен мемлекеттерді тудыратын саяси кикілжіңдерді ғана емес, адамның қоршаған табиғат күштерімен және өзінің ішкі әлемімен қақтығыстарды да меңзесе керек.
Грек мәдениеті негізгі дүниетанымы ретінде санаған осы бір толассыз таластың қызған ортасында, амазонкалар абсолюттік варварлықтың символына айналды. Шынтуайтында: оларға патриархалдық грек қоғамы қабылдай алмайтын жағымсыз қасиеттің бәрі телінді. Ежелгі Афина әйелдерінің саяси қақы болмады, сондықтан олардың қандай да бір майданға қатысуы жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық. Оларға қарағанда Спарта әйелдері әлеуметтік тәуелділіктен арылып, кейде мемлекеттік істерге араласа алғанымен, олардың қақы ерлермен тең болды дей алмаймыз. Әйелдер қауымына маңызды рөл берілген қоғамдық құрылымды, гректер құндылықтар төңкеріліп түскен немесе, ұғынықты етіп айтар болсақ, дүниетанымы үшін күйретуші сипаты бар анти-әлем ретінде қабылдаған.
Эллиндік пен варварлықтың күресі, олимп діні мен маңайындағы халықтардың жоралғылары арасында талас, ер мен әйел арасындағы «жыныстар таласымен» теңестірілді және ол майданға түсу (рухани я физикалық па маңызды емес) қаһармандық сыналар сәт болды. Сондықтан тыстағы сенімнің тағы бір символы саналған қорқынышты Химераны жеңген, гомерлік қаһарман Беллерофонт, артынша амазонкалықтармен шайқасты.
Бірақ политеистікiсөзбе-сөз аударғанда, көп Құдайға сенім дүниетанымда, қарсыласқа үзілді-кесілді жағымсыз көзқараспен қара деген түсінік жоқ. Варварлардың культтерін жеңген гректер, оларды тамырымен жойып жіберуге тырыспаған. Алайда олардың кей элементтерін қайта ой елегінен өткізіп, өзіне сіңіріп алған. Мәселен, Гаргона Медуза (Жер орта теңізінің ежелгі құдай-әйелі) грек аңыздарында қаһарман Персей жеңген құбыжыққа айналды. Бірақ оның бейнесі ғибадатханалар мен алтарьларды, құралдар мен зергерлік бұйымдарды безендірді. Енді оған зұлымдықты қуатын, ібілістерден қорғаушы рөлі берілді. Гректер Троя қаһармандарын да (Приам, Гектор, Сарпедон, тіптен жеңілтек Паристі) құдіретті Ахиллес, данышпан Нестор және қу Одиссей сынды құрмет тұтты. Тіптен, грек қалаларын тас-талқан еткен парсылардың өзін жағымды етіп, құрметпен бейнеледі. Амазонка бейнесі де осындай өзгерістерге түсті: иілгіш әрі төзімді грек дүниетанымында тек жамандыққа ғана емес, сондай-ақ таңданысқа да орын бар болып шықты.
Амазонкалар қай мекенді жайлады және бұл атау қайдан шықты?
Амазонкалардың отанына қатысты ежелгі дәуір авторларының деректері бірізді емес: бірі олар Эгей теңізінің шығыс жағалауында тұрды десе, басқалары — қазіргі Түркия жерінің шығысындағы Фермодонт өзенінің жағасын жайлады деп мәлімдеді, ал үшінші көзқарасты ұсынған авторлар — амазонкалар өзінің ержүректігімен аты шыққан Қара теңіздің Солтүстігіндегі далалық аймақты мекен еткен сақ, сармат және басқа да мал бағатын халықтармен қатар тұрды деп жазды. Тағы бір нұсқада, тіптен ливиялық (ежелгі дәуір адамдары Африканы Ливия деп атаған) амазонкалар жөнінде айтылады. Осы деректердің бәрі, бір қарағанда, тұтас бір түсінік қалыптастыра алмайды. Бірақ ежелгі дәуір жазушылардың басым бөлігі амазонкаларды Қара теңіз жағалауымен байланыстырады. Өз кезегінде, ежелгі Үндістанда орналасқан жері Герадот айтқан азиялық сақтар мекен еткен аймақпен сәйкес келетін «әйелдер патшалығы» жөнінде аңыз болған.iPenrose W. D. Postcolonial Amazons: Female Masculinity and Courage in Ancient Greek and 3 Sanskrit Literature. — Oxford, 2016. P. 190. Егер аталған аңыздардың тарихи карта түріндегі географиясын көз алдымызға елестетер болсақ, бұл сәл-пәл парсы тайпаларының мәдени ықпалы болған аймақтармен сәйкеседі (тек Ливия ғана бұл қатарға енбейді).iБәлкім ливиялық амазонкалар жөніндегі миф, гректер таныс болған матриархалдық құрылымның кейбір сарқыншақтары сақталып қалған берберлік тайпадан көшсе керек.
«Амазонкалар» сөзінің шығу тарихы түбегейлі анықталмаған. Бірақ қазіргі уақытта ең иланымды болған гипотеза ретіндеiha-mazan-, яғни «жауынгерлер» сөзінің ықшамдалған нұсқасын атасақ болады. Геродот амазонка сөзінің — oiorpata, яғни оның ойынша «еркектерді жалмаушы» деген мағына беретін скифтік (сақ) атауын келтіреді. Ұлы тарихшы аталған сөзді дұрыс жазғанымен, алайда заманауи зерттеушілердің жорамалы бойынша, ол мағынасын дәл жеткізбеген. Сақтардың көне тілінде бізге дейін тек бірнеше сөз ғана жеткенімен, туыстас парсы тіліне қарап, ол сөздің күңгірт тартқан мағынасына сәуле түсіруге болатын тәрізді. Егер oior сөзінің түбірі, авеста (көне парсы) тіліндегі vira сөзімен сай келсе, онда pata сөзін pati «мырза» сөзімен байланыстыруға болады. Олай болса, сақ тілінде аталған сөз «Еркектен үстем тұрған ханымдар» деген мағына береді. Патриархалдық гректер мұндай масқараға (олардың ойынша) төзгенше, өлімді құп көрер еді.
АМАЗОНКАЛАРДЫҢ МАЗАРЛАРЫ
Бірақ жазбаша дереккөздердегі үстіртін ғана жасалған ишараттардың, кесіп-пішуге келетін, ақылға салып саралай алатын археологиялық деректерсіз ғылыми салмағы болмайды. Осы тұста мазарлар маңызды дереккөзге айналады: ежелгі қыстақтарды қазу барысында табылған бұйымдардың қожайыны белгісіз, киелі жерлер мен ғибадатханалардан алынған заттарды айрықша, діни тұрғыдан талдауды қажет етеді, ал суреттер қиялдың жемісі болуы бек мүмкін. Ал қабірінде жатқан адамның сыры зерттеушіге биологиялық және әлеуметтік тұрғыдан ешқандай боямасыз ашылады және әйел-жауынгерлердің болып-болмағанын тек жоғарыда аталған аймақтардағы әйелдердің мазарларын зерттеу арқылы ғана анықтауға болады.
Қара теңіздің далалық аймақтарындағы мазарларды зерттеуге кірісе сала, ғалымдар мол мұраға кезікті. Мельгун қорғаны, Чертомлык, Күлоба, Солохи және басқа да сақ патшаларының қорғандарынан табылған мұралар алдымен ғалымдардың, сосын қалың жұрттың назарына ұсынылды. Осылайша далалық Еуразияның төсінде қоныс тепкен парсы тектес жартылай мифке айналған, тек кітап беттерінде ғана өмір сүрген халықтар, ақыр соңында тарихта нақты болған, өзіндік мәдениеті бар, айталық артта қалған жабайы емес, дамыған, өзіндік төл таңбасы қалған ел болғаны анықталды. Археология қорғандардан шыққан байлыққа қана ден қоюын тоқтатып, адамзаттың материалдық мәдениетін зерттейтін толыққанды ғылымға айналғанда, қатардағы мазарларға да назар аудара бастады. Мазарлардан оқтын-оқтын оғаш дүниелер де шығып жатты: мәселен, әйелдердің қабірінен қандай да бір қару табылуы мүмкін. Бірақ мұндай деректерге қарап, үлкен мәлімдеме жасауға әлі ерте болатын.
Қазіргі уақытта сақ, савромат және сармат әйелдерінің мазарларынан табылған қару-жарақтар кездейсоқтық емес, дәстүрлі элемент екенін айғақтайтын статистика жиналды. Мәселен, ежелгі ТанаисаныңiДон сағасында орналасқан ежелгі дәуір қаласымүрделерінде мұндай мазарлардың саны 25–30 пайызға дейін жеттіiГлебов В.П., Толочко И.В. Женские погребения с оружием на Нижнем Дону в эпоху позднего эллинизма: Танаис и сарматы // Античная цивилизация и варварский мир ПонтоКаспийского региона. — Ростов-на-Дону, 44–84.. Еділдің төменгі сағасындағы аймақта жауынгер савроматтардың 20 пайыз мазары әйелдердікі болғанiGuliaev V.I. Amazons in the Scythia: New finds at the Middle Don, Southern Russia // World 6 Archaeology 35, 2002. Pp. 112–125.. Қабір ішіндегі қару-жарақ диапазоны айтарлықтай кең, бірақ негізінен найза, жебе, пышақ, қорамсақ, сауыттың сау қалған кейбір бөліктеріiеркек адамның мазарынан шығатын қару-жарақ жинағы табылған. Бай-бағландардың қабірінен жиі ат әбзелдеріiатты әскерге тән атрибуттаршығып отырған. Үндіеуропалықтардың ежелгі сенімдері бойынша, қайтыс болған сарбаздың жаны арғы әлемге пырақты атқа мініп барады-мыс. Көптеген мазардан аталған әскери қару-жарақтармен қатар, кәдуілгі әйелдердің тұрмыстық заттары да табылған: мәселен, моншақ пен айна. Дегенмен әйел әйел болып қалған және қазадан белі қайысып жоқтаған туыстары оның өмірінің екі қырына да (әскери және тұрмыстық) құрметпен қараған.
1990 жылдары Ресей-америкалық экспедиция Қазақстан шекарасына жақын маңдағы оңтүстік орал даласында орналасқан Покровка-1 және Покровка-2 қорғандарын қазды. Экспедиция барысында шамамен 180-ге жуық савромат және сармат мазарлары қазылған. Әйел мазарларының 75 пайызынан «үй шаруасындағы» әйелдің классикалық атрибуттары (айна, ұршық пен ұршық тасы) табылды. Бұйымдар мол шыққан кейбір мазарларда абыздарға жерленгені анық. Бірақ әйелдер мазарының 15 пайызында әскери қару-жарақтар болған. Соған қарағанда қыздарды әскери өнерге ерте жастан баулыған тәрізді. Мазарлардың бірінен жанында қысқа болат қылыш пен қырық жебе басы көмілген он жасар қыздың мәйіті қазылып алындыiDavis-Kimball J. Warrior Women: An Archaeologist’s Search for History’s Hidden Heroines. — NewYork, 2002. Ал Днепрдің оң жағалауындағы Суық Яр сайынан табылған №20 қорғанды қазу барысында, кез келген грек еркегінің төбе шашын тік тұрғызар бір дүние анықталды: онда ақсүйек әйелдің аяқ жағына жартылай бүгілген күйінде көлденең қойылған еркектің қаңқасы табылды. Әйелдің денесінің жанынан 47 жебенің басы мен қорамсақтың қалдығы шықтыiПокровська Є. Ф. Кургани IV ст. до н.е. біля Холодного Яру поблизу м. Сміли Археологія — 1957 — Х.
Осы бір табылған жәдігерлерге қарамастан, кейбір ресейлік зерттеушілер қыңырлыққа салынып, таптаурын болған пікірден таңбай келеді. Олардың тұжыруы бойынша, аталған заттар әйелдің нақты әскери қызметімен байланысы жоқ, тек таза мәдени дәстүрге сай қойылған. Бірақ жауынгердің мазарынан, қарапайым «бейбіт тұрғынның» қабірін айрықшалап тұратын сенімді бір белгі бар: соғыстан алған жарақаттардың ізі. Айталық жауынгер әйелдердің мазарынан шыққан қаңқадан сынықтар, бас сүйек жарақаттары, сүйекке қысылып қалған жебе ұшы ұшырасты, ал олардың буындары атқа көп мінгеннен деформацияланған (атты әскер құрамындағы ер жауынгерлердің де қаңқасынан осындай белгілер байқалады). Сондықтан аталған деректердің бәрін «көздің жауын алатын ескі жоралғыларға» тели берудің қажеті жоқ.
Теңіз валькириясы
Шамамен б.д.д. 11 ғасырда қазіргі Иранның территориясына парсылар (сақ және сарматтармен туыстас, парсы тілді тайпалар одағы) ауып келді. Ежелгі шығыстың Бабыл, Ассирия, Элам секілді өркениеттерінің мәдениетімен байланысқа түскен көшпелі-парсылар көптеген ғылымды, өнер, кәсіп түрлері мен жазуды игеріп, дамыған мемлекеттің жарқын үлгісімен танысты. Б.д.д. 550–530 жылдары Ахеменид руынан шыққан Ұлы Кир патша ежелгі дәуірдегі ең құдіретті патшалықтың негізін қалады. Аталған патшалық дамуының шырқау шегіне жеткен мезетте шекарасы Эгей теңізінен Үндістанға дейінгі алып атырапқа созылды.
Заманауи поп-мәдениетте парсы патшаларын садистік сипаты бар деспоттық құбыжық ретінде бейнеленеді: «300 спартандық» фильміндегі Ксеркстің бейнесінің айтсақ та жеткілікті болар. Шынтуайтында Ахеменидтер өте білімді әрі көреген саясаткерлер болған. Олар қатаң басқару мен либерализмнің элементтерін сәтті қабыстырып, басып алған халықтарына өз дүниетанымын таңбай, жетістіктерін қуана-қуана игеріп алатын болған. Парсы империясының мәдениеті өзінің көп қабаттылығымен және дәстүрінің алуандығымен айрықшаланады. Жаңашылдықтар мен басқа мәдениеттерден сіңірген дәстүрлер, парсылардың арғы аталарының мекені далалық Еуразияда туындаған көне жоралғылармен ым-жымы білінбей қабысып кетті. Бәлкім, Шығыс әйелдері үшін тосын болмаған еркіндік қақы дәл сол аймақтан бастау алса керек. Парсы әйелдері күштеп тұрмысқа шықпады, жекеменшік жерді иеленуге қақы болды, тәуелсіз экономикалық жұмыстармен айналысты, жеке дара саяхатқа шығып, қызметшілерді жалдады, ал патша тұқымынан шыққан ханшалардың еркектермен бір қатарда ресми жиындарға қатысуға қақы болды және, әлбетте, мемлекеттік істерге тура я жанама түрде болсын араласып отырды.
Бәлкім, ақсүйек әулеттерден шыққан әйелдер ғана бүкіл саналы ғұмырын әскери қызметке арнауға қақылы болған шығар, бірақ егер сондай мүмкіндік туған болса, ол санаулыларға ғана берілген. Дегенмен парсы патшалары варвар әйел жауынгерлердің көмегінен бас тартпаған. I Ксеркс патшаның жақын одақтасының бірі кариялықiiКария — Кіші Азияның оңтүстік-батысындағы аймақбилеуші Артемисия (тарихтағы алғашқы әйел — теңіз әскерінің билеушісі) болған.
Телегей теңіз ақылдың иесі әрі күштің ара-салмағын өте терең білген Артемисия, б.д.д. 480 жылы, қыркүйек айында парсы патшасын гректермен теңіздегі ұрыстан бас тартуға көндірмек болған. Бірақ көзін шел басқан Ксеркс оның кеңесіне құлақ түрмеген. Ақыр соңында ол парсы флоты тас-талқан болып жеңілген Саламин шайқасына қатысуға мәжбүр болған. Теңіздегі ұрыс барысында жеңілгенін түсінген Артемисия, парсы туын төмен түсіріп, жанынан өтіп бара жатқан одақтастарының кемесіне соғуға бұйрық берген. Гректер Артемисия өз тарабына ойысқанын аңдап, оның кемелеріне соққы жасамаған. Осылайша патшайым өзінің және отандастарының өмірін сақтап қалған.
Әрмен қарай Артемисия Ксеркске гректерге қарсы ұрыста өзі қатыспай, орнына Мардониді бас қолбасшы ету қажет деп кеңес берген: «Мардони қандай да бір бәлеге ұшыраса, тіптен элиндіктер оны тізе бүктірсе де маңызды емес, жау жеңістің тәтті дәмін татпайды. Өйткені олар тек сенің бір құлыңды ғана жер жастандырады»iГеродот. История. VIII, 100–103. Мардонидің жорығы шын мәнінде сәтсіз аяқталған: оның әскері тас-талқан болып жеңіліп, қолбасшының өзі Платея түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
Артемисияның стратегиялық ой жүлгесі Ксеркстің таңданысын тудырған; ол тіптен, қолбасшы әйелге өзінің ең құнды саналған бала-шағасын сеніп тапсырған. Дегенмен оның жеке басының қасиеттеріне лайықты баға беру үшін, алдымен әйел-жауынгер мен әйел-саясаткерге есі ауысқан мансапқұмар емес, қалыпты құбылыс ретінде қарай алатын мәдениеттің өкілі болуың керек. Айталық грек әскери кемелерін қандай да бір әйелдің басқарғанын көз алдыңа елестетудің өзі мүмкін емес жәйт. Артемисия феномені Кіші Азия тайпаларындағы әйелдердің дәрежесіне қатысты ой жүгірту үшін жеткілікті.
Грек дереккөздерінде, шынтуайтында хетто-лувийлікiЛувий тілінде сөйлеген хеттер, шамамен, б.д.д. 1800 жылы Кіші Азиядағы ең ежелгі мемлекеттің негізін салғантілдер тобында сөйлейтін халықтар негізін қалаған қалалар, амазонкаларға жиі телінеді. Мәселен, гректер атақты Артемида ғибадатханасымен аты шыққан Эфесті амазонка патшайымы тұрғызды деп санағанымен, бірақ археологиялық деректер аталған қаланың негізін хеттер, кариялықтар және лелегтер қалағанын көрсетіп отыр. Бұл халықтардың дінінде Құдай-әйел бейнесі маңызды рөл ойнағаны белгілі және мұндағы басты діни жоралғыларды әйел абыздар атқарғанын айғақтайтын көл-көсір дерек бар. Сонымен қатар еуразия даласын жайлаған ирандық тайпалар Кіші Азияның халықтарымен байланыс орнатқаны да мәлім дүние. Ежелгі дәуір авторлары бұл жолы қате ақпар бермей, дала көшпелілері Қара теңіздің оңтүстік жағалауында қоныс тепкен көршілерінің қандай да бір дәстүрлерін сіңірген болуы мүмкін бе? Бәлкім аталған халықтарды о бастан бірдей қоғамдық құрылым біріктірген болар?
Жалпы алғанда, Ксеркс билік құрған кезеңде жергілікті әйелдердің қақы мол болған. Ахеменидтердің құрған империясының б.д.д. 331 жылы, Гавгамелах түбіндегі майданда III Даридің әскерін Ескендір Зұлқарнайынның жауынгерлері тас-талқан етіп жеңгенде күні батты. Ескендір патша дүние салған соң, парсы державасының территориясында, македон әскерінің қолбасшылары құрған бірнеше мемлекет бой көтерді. Аймақтың сырт келбеті мен жоралғылары қатты өзгерді: гректердің барлық бұйымдары сәнге айналды және жергілікті ақсүйектер құрлықтағы Элладаның аристократтық мәдениетті ұстануға тырысты. Дегенмен парсы әйелдерінің мінезі әп сәтте өзгере қоймаған тәрізді.
Амазонкалардан кейін
Нағыз ирандық әулеттер билік құрған жаңа алпауыт ел б.д.д. 250 жылы Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында пайда болды. Бұл әскери қолбасшы Аршак құрған Парфия патшалығы болатын. 2004 жылы ирандық БАҚ-та өте маңызды жаңалық жөніндегі хабар тарады: ДНҚ талдауы, парфия дәуіріне тиесілі әскери мазарлардың бірінде әйел адамның жатқанын көрсетті. Өкінішке қарай, аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтау мүмкін емес. Интернеттен осы тақырыпқа қатысты жалған ақпарлар мен спекуляциялар жетерлік; он шақты жылдың айналасында парфия әскерін басқарған «ханшайымдар» жөніндегі әңгімелер еш толастар емес.
Б.д. 3 ғасырда үздіксіз жалғасқан Рим империясымен қияң-кескі ұрыс пен ішкі алауыздықтарға байланысты Парфия патшалығының ақыры таяды. Осы аралықта ежелгі Парс (Парсы атауы осы мекенге байланысты туған) провинциясында, жаңа саяси күш бой көтерді. Ежелден бері келе жатқан абыздар әулетінен тараған Сасанның немересі Ардашир, алдымен Парстағы билікті қолына алып, сосын парфия патшасымен таласқа түскен. 224 жылы сәуір айында Ардашир бүлікші жеңіске жетіп, Сасанилер деп аталатын өз патшалығының негізін салды. Сасанилік Иран өз кезеңінде әскери-экономикалық өрлеудің шығына шыққан империя болды: түрлі кикілжіңдерге байланысты әбден әлсіреп, тарыдай шашылып кеткен мемлекет айналасы бірнеше жылдың ішінде ұлы державаға айналды. Тіптен айбыны асқақ Римдіктердің өзі жаңадан таққа келген парсы патшасына қарсы тұруға жүрексініп, келіссөздерде тым жұмсақтық танытқан. Бірақ үлкен майданнан қашып құтыла алмаған. Сасанилер әулеті билік құрып тұрған уақытта Рим империясымен, сосын оның ізбасары Византиямен соғысып, ара-тұра жеңіске де жетіп отырған. Аталған соғыстардың тарихы жылнамаларда бүге-шүгесіне дейін хатталып қалған және кітап беттерінде әйел жауынгерлер жөніндегі деректер (бұл жолы жартылай аңыз аралас бейнелер ретінде емес, шынайы тарихта болған адамдар кейпінде) тағы да көрініс берген.
Византиялық жылнамашы Иоанн Зонараның дерегі бойынша, римдіктер мен сасани патшасы I Шапур арасындағы 260 жылы болған ұрыстан кейін еркектердің киімін киген әйелдердің денесі табылғанiIoannis Zonarae. Epitome Historiarum. XII, 23, 595–596. Сондай-ақ Либаний шешен, II Шапур патшаның әскерінің қатарында әйел-маркитанттар болғаны жөнінде айтқан. Дегенмен майдан даласында әйелдер қауымы қосымша көмек көрсету сынды жұмыстармен айналысуы да бек-мүмкін. Бірақ осы жорамалмен қатар, баса бір романтикаға толы түсінік те өрістеді: исламға дейінгі парсы поэзиясында батыр-әйелдің бейнесі мәшһүр болды. Құдіретті Гурдафарид пен Гошасп Бану өмірде болмаған кейіпкерлер болуы мүмкін, бірақ халықтың мұндай батыр әйелдерге деген сүйіспеншілігінде шек болмаған. Алайда көнеден бері келе жатқан дәстүрлер әлсіреп, ақырындап солғын тарта бастаған. 7 ғасырда Иран жерін арабтардың жаулап алып, ислам дінін енгізуі ел мәдениеті тарихындағы нағыз бетбұрыс тудырған оқиға болды. Бірақ дәл осындай жаңа жағдай аясында әйел-жауынгерлер жөніндегі естеліктер жоғалып кетпей, бізге дейін жетіп отыр.
Ал «еркек еместерге» қатысты не айтуға болады?
Егер Еуразияның иран тектес халықтары әйелдерге өзін таныту үшін барлық еркіндікті берген болса, еркектерге арналған осыған ұқсас институт болған ба? Егер әйелдерге (әлбетте, кез келгені емес) атқа мініп, қолына қару алуға рұқсат болса, еркектердің үй шаруасымен айналысып, аттан түсуге қақы болды ма? Аталған сұрақ, бір қарағанда кекесін болып естілуі мүмкін, бірақ қолда бар деректер, мұндай тәжірибенің іс жүзінде болғанын көрсетіп отыр. Сақтар тілге тиек еткен Геродот өз еңбегінде: «Сақтардың арасында бақсы-балгерлер көп... Энарейлер (қызтекелер) бал ашу өнері өздеріне Афродитадан жеткенін айтады. Олар жабысқақ жөкейге қарап бал ашады. Жөкені үшке бөліп алып, сосын онымен саусақты орап, артынша шешіп алады да, соған қарап болжамын айтады» деп жазған.
Псевдо-Гиппократi«Жергілікті өлкенің ауасы мен суы хақында» деп аталатын сақтар жөніндегі маңызды еңбектің авторын дәстүр бойынша осылай атайды сақтардың анарии (ἀναριεῖς), сөзінің нақты транслитерациясын келтіреді. Аталған сөзді anarya, яғни «еркек емес» деп реконструкциялауға боладыiPseudo-Hippocrates. Περί Αέρων, Υδάτων, Τόπων. 22. Аты-жөні белгісіз автордың аталған туындысын ұзақ уақыт бойына медицинаның атасы Гиппократтың еңбегі деп саналып келген.. Оның сөзінше, аталған «еркек еместер» өздерін әйел секілді ұстап, әйелдердің жұмысымен айналысқан. Бірақ соған қарамастан, олар руластарының арасында үлкен құрметке ие болған. Бұл деректерге заманауи көзқараспен қарауға желік арта түскеніне қарамастан, «қызтеке еркектер» дегенде, қызылды-жасылды киім киген жасөспірім жігіттерді емес, абыздардың айрықша кастасын, нақтырақ айтар болсақ, этнография ғылымында «піштірілген шамандар» деп атаған адамдарды ұғынған жөн. Шын мәнінде аталған еркектер шаман кейпіне енгенде қарсы жыныстың рөлін қабылдап, өмірінің соңына дейін соған сай өмір сүрген. Мұндай ішкі және сыртқы трансформация, кейде физиологиялық тұрғыдан өзгерістер енгізуді қажет еткенiКейде абыздар шынайы түрде піштіру жоралғысын жасаған; сондай-ақ шөптер мен аңдардың тұтынатын өнімдері секілді гормондық өзгерістер тудыратын халықтық әдістердің де қолданылуы де бек-мүмкін. Бірақ осы екі тәсілдің қайсысын сақ бақсылары қолданғаны белгісіз. Әрі аталған жоралғыны рухтардың «шетін әлеміне» санасын ашқан, екі әлемнің арасындағы аралық күйде жасалған жөн деп саналған.
Бірақ егер бақсы-энарейлер «әйелге айналған» еркектер саналса, амазонкалар «еркекке айналған» әйелдер деген сөз емес пе? Бәлкім, олардың қауымдастығы бақсылық дәрежеге ие болған шығар? Бұл сұраққа «бәлкім солай болар» деп қана екіұдай жауап қатуға болады. Бәлкім, амазонкалар жөніндегі мол мифтердің ғибадатханалар мен киелі мекендерде өріс жаюы олардың бақсылық қызметті атқарғанын меңзеп тұрған болар. Сондай-ақ амазонкалардың омырауын кесіп я күйдіріп тастағаны жөніндегі әпсаналарда, қандай да бір инициациялардың сарқыншағы қалған болуы да бек-мүмкін. Дегенмен бұл ойларды қуаттай түсетін дәлелдер жоқ.
Алайда «жынысын ауыстырған шаманды» еске салатын, кем дегенде бір тарихи тұлға кездеседі. Бірақ ол тұлға парсы әлемінің басқа бөлігінен, атап айтқанда, Қара теңіздің оңтүстік аймағындағы Понти патшалығынан шыққан. 2004 жылы Таман түбегінде: «Митридат Евпатор Дионистің жұбайы Гипсикрат» деген оғаш бір жазу жазылған құлыптас табылдыiMehl A., Makhlayuk A., Gabelko O. A Historical and Epigraphic Commentary on Hypsicrateia’s Epitaph // Ruthenia Classica Aetatis Novae: A Collection of Works by Russian Scholars in Ancient Greek and Roman History. — Stuttgart, 2023. P. 175.. Тегі парсы-гректік, құдіретті VI Евпатор Митридат патша, б.д.д. 120–63 жылдар аралығында Қара теңіз мағында билік құрып, римдіктерге қарсы қиян-кескі ұрыстарымен аты шыққан. Оның жұбайының мазары табылғаны таңғаларлық жаңалық емес, алайда «әйелі» деген жердің жанына еркектің аты-жөні қосылып жазылғаны тым оғаш көрінеді. Мұнда орфографиялық қате кеткен деп те айта алмаймыз: бұл есімнің «Гипсикратия» деген әйелдік формасында айрықшалықтар бар. Бақытымызға қарай, құлпытаста есімі жазылған адам жөнінде дереккөздерде ақпар сақталып қалған. Айталық римдік жазушы Валерий Максим өзінің еңбегінде: «Гипсикратия патшайым өзінің жарын жақсы көргені сонша, қыз баласы үшін қызықты ермектің бәрін ысырып тастап, еркектерге ұқсау үшін көздің жауын алатын сұлулығын тәрк еткен. Ол жорықтар кезінде сүйген жарының жанынан табылу үшін өзінің ұзын бұрымын кесіп тастап, атқа мініп, сондай-ақ қару ұстап үйренген» деп жазғанiValerius Maximus. Factorum et dictorum memorabilium libri. VI, 6..
Өзге мәдениеттің адам ретінде, римдіктер күйеуіне байланып қалған патшайымның «оғаш қылығын» түсіндіріп баққан. Бірақ иран тайпаларының дәстүріне қатысты білгеніміздің қасында, бұл баян тым қарабайыр көрінеді. Соған қарағанда, сармат патшайымының немересі Гипсикрат(ия), «амазонкаға» айналдырар қандай да бір жоралғыдан өтіп, еркектің есімін алған шара қоғам алдындағы дәрежесін арттырған тәрізді. Заманауи зерттеулерде аталған тәжірибелерді гендерлік теориялар арқылы түсіндіріп, оларды «трансгендерлік», «гендерфлюилік» сынды және т.б. терминдер арқылы сипаттау әрекеттері жиі жасалып келеді. Мұның орынды-орынды емесіне қатысты кесіп-пішіп бірдеңе деу қиындау.
Дегенмен ежелгі дәуір адамдары өздерін бұлайша қарастырмағанын естен шығармаған жөн. Олардың сана-сезімі, қазіргі уақытта қолданып жүрген «гендерлік экспрессия» және «өзін-өзі бірегейлендіру» сынды түсініктер аясында қалыптаспаған анық. Олардың құндылықтар жүйесінде дін басты орында тұрды: қара басының қалау емес, дәстүр, символ және жоралғылар маңызды саналды. Ежелгі дәуір адамының бүкіл өмірі таусылмайтын инициация тізбегінен, жоралғылар мен метаморфозадан тұрды. Ұрыс алдында арғы атасының тотемдік кейпіне (мәселен, қасқыр немесе аюға, және әйелдің киімін киген бақсыға) символдық тұрғыдан енген жауынгер, өзін басқа адамдар қалай қабылдайтынына мүлдем мән бермеген. Оның ойында тек жоралғы арқылы қандай мистикалық күшке ие болып, әлемдегі орны қалай өзгеретіні ғана тұрған.
Жаңа тарау
Шын мәнінде барлық бодаудан ада, тәуелсіз ғылым болмайды. Адамзат дамуының әрбір кезеңінде қоғам ғылыми фактілерге қатысты көзқарасымды тарылта түсетін өзіндік факторларды тауып алады: саяси үрдістер, таптаурындар, наным-сенімдер мен жалған үміттер. Сондай-ақ сән қуу да, консервативтік қыңырлық секілді таным процесіне залал келтіреді. Біздің теріс түсінігіміздің кесірінен амазонка мәселесі секілді «әлеуметтік қауіпті» тақырыптар қатты зардап шегіп отыр.
Ғалымдардың бір шоғыры қолда бар барлық фактілерді елеусіз қалдырса, кейбірі — деректердің бәрін өз болжамына сай бұрмалауға тырысып келеді. Сондықтан объективті және жан-жақты сараланған зерттеулерді табу оңай емес. Бірақ тақырыпқа қатысты жинақталған материалдың көлемі артып барады. Техникалық ілгерілеудің арқасында археологиялық қазбаларға қатысты мол мағлұмат алуға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдер пайда болып жатыр. Салыстырмалы түрде таяуда ғана мазардағы қаңқаның жынысын кәдімгі өлшемдер арқылы, әдетте жиі қателіктер жіберіп анықтайтын болған. Қазіргі уақытта жынысты генетикалық анализ арқылы білуге болады және кейде осылай алған нәтижелер таңдандырады. Мәселен, Биркедегі (Швеция) екі ат және мол қару-жарақ қоса жерленген атақты Bj 581-қорымындағы викинг, әйел болып шықтыiHedenstierna-Jonson Ch., Kjellström A., Zachrisson T., Krzewińska M., Sobrado V., Price N., Günther T., Jakobsson M., Götherström A. A female Viking warrior confirmed by genomics // American Journal of Physical Anthropology, 164 (4), 2017. Pp. 853–860.. Осы бір жаңалықтан кейін исландықтардың кейбір аңыздары айтарлықтай қиял-ғажайып оқиға болып көрінбейтін болды.
Қазылған мазарлардан алынған нәтижелер бұл тақырыпқа қатысты түсінігімізді кеңейтіп, ескіріп кеткен гипотезаларды кез келген сыншыға қарағанда жақсы жоққа шығарып келеді. 2019 жылы Донның ортаңғы сағасының бойынан табылған V Бикеш қорғанындағы қабірден түрлі қару-жарақтар мен ат әбзелдері қоса жерленген төрт сақ әйелінің мүрдесі табылдыiГуляев В.И., Володин С.А., Шевченко А.А. Элитный курган скифского времени на Среднем Дону (по материалам раскопок могильника Девица V) // РА. № 4. 2020. С. 21–39.. Қаңқалардың бірінің басынан калаф деп аталатын алтыннан жасалған бас киім табылды. Бұл сонда жерленген әйелдің жоғары, тіптен, бақсылық дәрежесінен хабар береді. Мазардың қақ ортасында қоладан жасалған қазанның ізі айқын сақталып қалған (қазанның өзін ұрлықшылар ертеде тонап кеткен). Мұндай қазан жоралғылық мақсатта пайдаланылып, сақтардың бай-бағландарының мазарына орналастырылған; археологтар ұзақ уақыт қазан еркектердің ғана мазарына қойылатын белгі деп санап келсе, енді кейінгі ашылған жаңалықтарға сай, гендерге қарамай «еркек» сөзін «әскери» деген сөзбен алмастырған жөн болмақ.
Амазонкалардың, әйелге айналған энарея-бақсылардың антиподы жөніндегі аңыздар, жанама түрде болсын дәлелденіп келеді. Айталық сақ-сармат мазарларында әйелдердің тұрмыста қолданатын заттарымен бірге, кейде тіптен, әйелдердің культтік әшекейлерімен жерленген ер адамдар табылып жатыр. Бұл ендігіде ежелгі дәуірдің жазушыларының қалдырған деректерінің бәрін шындық ретінде қабылдай беруге болмайды деген сөз. Бірақ осы іспеттес мазарлардан табылған деректер парсы тектес тайпалардың қоғамдық құрылымы, біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін аңғартады. Ақсүйек адамның шыққан тегі оның жыныстық тұрғыдан қай топқа жататынын таңбаған, ал діни сенімдер бір әлеуметтік топтан басқа топқа ауысуға рұқсат еткен, тіптен солай жасауға итермелеген болуы да бек-мүмкін. Кейбір зерттеушілер мұндай әрекеттерден матриархаттың (әйелдерге көшбасшылық рөл берілген қоғамдық құрылым) сарқыншақтарын көреді. Бірақ бұл пікірді құптай түсетін деректер жеткіліксіз.
Көз жетпес дала кеңістегінде әлі талай сырлардың жасырын жатқаны анық. Қорғандардың көз тартар үйінділерінің және пәс келген мүрделердің астында, еркіндігіне тіптен, өркөкірек гректердің өзі тамсанған көшпелілер жатыр. Тіптен амазонкалар жөніндегі аңыздар, шындыққа мүлдем жанаспайтын ойдан құрастырылған оқиға болып шықса да, бұл көшпелі дала халқының ішкі қуатын, қатаң демократиясы мен ержүректігін мінсіз паш етеді. Бірақ бастан аяқ ойдан шыққан аңыздар болмайды. Алайда олардың астарындағы мағынасын ашу арқылы аңыздың шындығын табуға болады және бұл шындық ең көркем деп саналған мифтің өзінен қызықты көрінеді.