ӨТКЕН ҒАСЫРДАҒЫ АЙРАН-АСЫР ҚОШТАСУ ТОЙЫ

Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің империяны ысырап қылғаны туралы

ӨТКЕН ҒАСЫРДАҒЫ АЙРАН-АСЫР ҚОШТАСУ ТОЙЫ

Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлеви (1941-1979) үшінші әйелі Фарах Диба және олардың ұлы Резамен / Getty Image

Қазіргі заман тарихында мұндай нәрсе болған емес және ешқашан болмайтын да сияқты. Персеполистегі «Парсы монархиясының» 2500 жылдығын тойлау ауқымы мен сән-салтанаты жағынан Версаль сарайындағы XIV Людовиктің мерекелерін, Патша Селосындағы Елизавета дәуірінің мейрамдарын және Лукулдың ежелгі тойларын басып озғаны сөзсіз.

1971 жылы Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлеви өзіне дейін болған басшылар мен болашақ бәсекелестерінен асып түсуді ұйғарады. Осы уақытқа дейін тарихшылар бұл сонда не болған деп әлі күнге дейін дауласып жүр. Иран қазынасына 22 миллион долларiБұл ресми көрсеткіш қана, ал сарапшылардың пікірінше, ол екі-үш есе төмендетілген. шығын әкелген пиар науқан ба? Өз билігі мен құдіретінің шексіздігіне сенген шахтың ессіздігі ме? Әлде шах режимін сынаушыларға және барлық дұшпандарына көрсетілген ашық және қасақана қарсылық па? Маған бәріңнің не ойлап, не айтқандарың бәрібір, әулет пен оның билігін дәріптеу үшін ешқандай ақша аяудың қажеті жоқ, айналадағылардың бәрі бас иіп, біржола үнін шығармауы керек дегендей.

Үш баласымен отырған шах Реза Пехлеви шах, 1925 жыл / Roger Viollet Collection/Getty Images

Үш баласымен отырған шах Реза Пехлеви шах, 1925 жыл / Roger Viollet Collection/Getty Images

ӘКЕСІ МЕН ҰЛЫ

Әлбетте, шах Реза Пехлеви ессіз емес еді. Ол Иран оппозициясы көрсеткісі келгендей шығыс деспоты да болмаған. Керісінше, ол шығыстың ағартушы монархы болған. Барынша сақ, қажетінше арам, өзіне шексіз ғашық — нарцис. Өте сыпайы. Кішкентай кезінен жағымды сөздер мен сүйсінген көзқарастарға үйреніп қалған адам. Балалық және жастық шағындағы суреттерінде ол секемшіл, жел соққан еркек жүзді әкесінің тасында байқалмайтын.

Ал шын мәнінде, Иран шахтарының жеке гвардиясы, парсы казактары бригадасында өскен әкесі Реза-хан кім болды? Мұжық десе мұжық. Өте қарапайым ортадан шыққан. Ол өзінің ақыл-ойы, айлакерлігі мен қатыгездігінің арқасында билік биігіне шықты.

1921 жылы Реза-хан казактардың Тегеранға қарсы жорығын басқарды және түркілердің Қаджар әулетіне жататын заңды билеушісі Насер Эд Дин шахты биліктен алып, 1925 жылы өзін Иранның жаңа шахы деп жариялады.

Осылайша Реза-хан жаңа Пехлеви әулетін құрды. Жаңа атау кездейсоқ таңдалған жоқ — парсылар 7 ғасырда араб шапқыншылығына дейін пехлеви тілінде сөйлеген. Ақылды да айлакер саясаткер Реза қазіргі әулет аты аңызға айналған Дарий мен Ксеркстің мұрагері болады деп шешті. Деңгейі еш төмен болмауы керек! Кейін бұл мәлімдеме де ұлының әулет стратегиясына енеді. Билеуші ​​монархтың және оның туыстарының шыққан тегінің жоғары екенін дәлелдеу үшін үздік тарихшылар, археологтар, зерттеушілер бұрынғы парсы патшаларымен пехлевилердің туысқандығы туралы көбірек дәлелдемелер табу үшін ашық сайысқа түседі. Осы тақырып бойынша айтылған кез келген фейк, жалған мәлімет құпталып, тіпті, мүмкін, жақсы ақысы төленген сияқты. Тарихшыларды одан әрі шатастыру үшін Реза елдің атауын да Иран деген жаңа атауға өзгертті. 1935 жылы Реза-хан Ұлттар Лигасына өз елінің атауын өзгертіп, «Парсы елі» дегеннің орнына Иран (Eran) сөзін қолдануды өтінген хат жолдады. Монарх өзінің жаңашылдығын ел ішінде әлемде Парсы елі деп аталатын елге қатысты «ирани» сөзінің қолданылуымен түсіндірді (яғни, тамыры «арийлер» тайпасы немесе «арийлер елі» атауына ұласатын термин).

Негізі бұл бастамасы еді. Иран тұрғындарына фамилия алуға (бұған дейін бәрі бір есімімен жүретін), еуропалық киім киюге бұйрық берілді. Әйелдерге азаматтық құқықтар берілді. Шахтың жұбайы Тадж ол-Молуктың үлгісіне шабыттанған көптеген иран әйелдері жамылғыларын, яғни паранжаларын шешуге асықты. Мұның бәрі, бәріміз аңғарып отырғанымыздай, аграрлық артта қалған елге үлкен ықпал ететін шиит дінбасыларын қуанта қойған жоқ. Дәл сол кезде шахтың Тегераны мен Құм (дәстүрге сай рухани тәлімгерлер мен билік өкілдері өмір сүретін, ирандық шииттер үшін қасиетті қала) арасындағы қақтығыстың негізі қаланып, тұтана бастады.

Иранның болашақ трагедиясын туындататын мәселелердің негізі сол кезде, отызыншы жылдары бастау алды.

Реза-ханның өзі табиғатынан айналасындағының әрін жұдырығында ұстайтын кәдімгі шығыс автократы болды. Бірақ ол сондай-ақ технологиялық прогресс болмаса, картаға қандай атаумен енсеңіз де, ел жартылай отаршыл, артта қалған тірлігінен шығуға дайын болмайтынын түсінді. Сондықтан ол мұрагер ұлын Швейцарияның дәрежесі жоғары Institut Le Rosey колледжіне оқуға жібереді. Онымен бірге әртүрлі тап өкілдерінің жүздеген жастары білім алу үшін Еуропаға аттанады. Негізгі шығындарды Иран үкіметі төлейді.

Реза-шах Пехлеви ұлы болашақ шах Мұхаммедпен, 1930-жылдар / Roger Viollet Collection/Getty Images

Реза-шах Пехлеви ұлы болашақ шах Мұхаммедпен, 1930-жылдар / Roger Viollet Collection/Getty Images

ТАҚ ҮШІН СОҒЫС

Бірақ шахтың қалауын Екінші дүниежүзілік соғыс шатастырды. Реза-хан өзінің басты одақтасы ретінде Гитлер Германиясын таңдады, бұл оған логикалық тұрғыдан ағылшын мен Кеңес Одағына қарсы тұрарлықтай күш болып көрінді. Бірақ Германия алыс және Еуропаны жаулап алумен айналысып жатты. Гитлердің Иранмен айналысатын уақыты да болмады. Ақырында елге ағылшын және Кеңес әскерлері кірді. Ал 1941 жылы 16 қыркүйекте Реза өзінің 22 жастағы ұлы Мұхаммед Резаның пайдасына тақтан бас тартуға мәжбүр болды. Бұрынғы шахты азғантай қызметшілерімен бірге британ кемесіне асығыс отырғызып, оның Жапония жағалауына тоқтау туралы талаптарын елемей, Маврикийге жол тартты. Бір жылдан кейін Оңтүстік Африкаға, Йоханнесбургке көшіп, 1944 жылы 66 жасында қайтыс болды.

Кейінірек мәжіліс (Иран парламенті) Реза-ханға «Ұлы» атағын береді, ал сүйегі құрметпен алып келініп, Иранға жерленеді.

Жалпы, әкесі, оның тақтан таюы және өлімімен байланысты нәрсенің бәрі жас шах үшін өте ауыр тақырып болды. Сұхбаттарында ол бұл тақырыпты ешқашан көтермеуге тырысты. Оның үстіне өзін әуел бастан-ақ сыртқы саяси жағдайдың тұтқыны ретінде сезінді. Шын мәнінде, ол өзгелердің қолындағы пешка, яғни сарбаз ғана болды, алдымен Сталин мен Черчиллдің, содан кейін АҚШ президенті Трумэннің. Ол үлкен саясаттың құбыжықтарымен бетпе-бет келіп, өз ойын ойнауға әлі тым жас еді. Бала кезінен бұлтарып, жалтаруға дағдыланған болатын. Барлығымен тіл табысуға тырысты. Ол жасына қарамастан аса сақ, парасатты, есепшіл болды. Жалпы, соғыстан кейінгі жылдары Иран парламенті алдыңғы қатарға шықты. Шах негізінен ресми, протоколға сәйкес функцияларға қанағаттанды.

1949 жылы ақпан айында шахқа қастандық жасалғанда бәрі өзгерді.iТуде халық партиясының мүшесі Фахр-Араи бірнеше қадам қашықтықтан Реза Пехлевиге бес рет оқ атқан, бірақ бір ғана оғы оң жақ бетіне тиіп, тура тесіп өткен. Осы әрекеттің өзі де кеңесшіл Туде партиясына тыйым салып, шахтың конституциялық өкілеттіктерін кеңейту үшін жеткілікті болды.

Бірақ бұған Реза Пехлеви қанағаттанғысы келмеді. Біраз уақытқа елдің премьер-министрі Мұхаммед Мосадық (1951–1953) оның қас жауына айналады. Онымен қақтығыс жас шах үшін әкесі тақтан түскеннен кейінгі ең ауыр сынақ болады. Иранның қандай жолмен дамуы керек екені туралы екі саяси ерік-жігердің, екі идеяның қақтығысы басталады. Оған қоса бұдан былай мінсіз күлкі мен жұмсақ мінез-құлық астында жасыруға болмайтын жеке дұшпандық пен жеккөрушілік.

Моссадық баса-көктеп, ешнәрсеге қарамай әрекет етті: шах сарайын бағып-қағуға арналған бюджетті қысқартты, оған тиесілі жерлерді кәмпескіледі, шетелдік дипломаттармен кездесуге тыйым салды, интрига және шетелдік елшіліктермен сөз байласуға күдікті жеген желеумен шахтың қарындасын елден қуып жіберді. Ақырында ол мәжілісті таратып, билікті толық өз қолына алу үшін референдум өткізді. Оның басты мақсаты шахты орнынан алу емес, қазіргі кезде BP деп аталатын ағылшын-иран мұнай компаниясына тиесілі мұнай кен орындарын мемлекет меншігіне алу болды.

Бұған жауап ретінде британдықтар ФЗБ-мен бірге қыңыр премьер-министрді құлату үшін «Якс жобасын» әзірледі. Олар өз дегендеріне жетті. Моссадықты тақтан тайдырды. Оны үш жыл түрмеде ұстады, содан кейін Тегеран маңындағы үйіне үйқамаққа жіберді. Ол 1967 жылы қайтыс болды. Иранның мұнай кен орындары қайтадан британдық және америкалық компаниялардың меншігіне өтті және осы сәттен бастап ресми түрде Иран конституциялық монархия болып қалғанына қарамастан шах іс жүзінде барлық билікті қолына алды.

ШӨЛДЕГІ МЕРЕКЕ

Шын мәнінде, содан бері жаңа режимнің негізгі идеяларының бірі — шах билігін заңдастырудың барлық түрлерін жүзеге асыру болады. Сол кезде және аяқ астынан қайдан шыққаны белгісіз мерейтой бұрынғы парсы қалалары Персеполис пен Пасаргада аумағындағы шөлде — жүргізілген соңғы археологиялық қазбалар негізінде сот тарихшылары есептеп шыққан патша билігінің 2500 жылдығы. Шындығында, бастапқыда бәрі қарапайым өтеді деп ойластырылған болатын. Шығыстанушылар конгресі аясындағы мұражай мерекелері, онда бірнеше көрме, соның ішінде Император кітапханасының көркемсурет көрмесі және император КирiАхеменидтер мемлекеттің негізін салушы (б.з.д. 559-530). ескерткішінің ашылуы жоспарланған. Мерекелік іс-шаралар тұжырымдамасы, соңында Шах шет мемлекеттер басшыларын мерекеге шақыру қажет деп жеке өзі шешкенге дейін, бірнеше рет түбегейлі өзгерді.

Осылайша жоба таза ғылыми-мәдени жобадан саяси жобаға айналды. Әрине, мәртебелі қонақтарды қайда орналастыру керек деген сұрақ бірден туындады. Персеполистің айналасы «жоғары деңгейдегі ресми сапарларға» мүлдем бейімделмеген еді. Аяқ астындағы жер жыландар мен сары шаяндарға толы болатын. Бұған да бірдеңе жасау керек еді. Қонақтар келгенге дейін серпентологтардың бүкіл әскері 30 шаршы шақырым аумақты жыландар мен буынаяқтылардан тазартты. Ал Карадждан келген Вакцина институтының мамандары аумақты дезинфекциялап шықты.

Қымбат тұрғын үйлер салуға уақыт тапшы болатын. Осылайша шатыр астындағы қала идеясы пайда болады. Сот министрі Алам бұл идеяны былай тұжырымдайды: «Біз патшаларымыз қолайсыз жерлерге саяхаттаған кездегі әрекеттеріне еліктеп, қайталаймыз, ал қалғандарының бәрі де көшпелі ата-бабаларымыздың дәстүріне сәйкес келеді».

Шахқа Плутарх жазбаларынан алынған үзінді ұнап қалады, онда ол III Дарий тастап кеткен патша шатырын сипаттайды. Ол жерде алтын тақ, сәнді жуынатын бөлмелер, қымбат кілем төселген еден, алтын ыдыстар болатын.11III Дарийдің шатыры1-2 ғасырлардағы грек тарихшысы Плутарх Дарийдің өмір салты Александр Македонскийге қатты әсер еткені туралы былай деген: «Осы шатырды басып алған Александр таза алтыннан асқан шеберлікпен жасалған неше түрлі ыдыс, құмыра, табақ, ысқылауға арналған құтыны көріп, түрлі хош иісті шөп мен басқа да хош иісті заттардың ғажайып иісін сезгенде, ақыры үлкендігімен, биіктігімен, ішіндегі төсек пен үстелдердің сән-салтанатымен таң қалдыратын шатырға кіргенде, Александр патша достарына қарап: «Билік ету – осы екен» деген екен. Шах Персеполис баурайындағы 64 гектарға жайылған шатыр қаласында сипаттамаға ұқсас нәрсені қайталап жасап көруді ұсынады.

Лагерьдің өзі патша шатырынан, сонымен қатар француздық Jansen фирмасы22Maison Jansen1880 жылы ашылған Француз интерьер үйі. Ол сарайдың сән-салтанатына тарихи стилизация жасалуымен әйгілі болды және XX ғасырда қазіргі заманғы патшалардан бастап президент Кеннедиге дейін билік басындағы адамдар жиі баратын орын болды. жобалаған қонақтарға арналған елу шатырдан тұрды. Сондай-ақ арнайы клуб шатыры мен жоғары лауазымды ханымдарға арналған «шаштараз шатыры» деп аталатын орын болды. Сонымен қатар «Патша ауылында» гольф алаңдары, бильярд залдары, футбол алаңдары, бірінші ханымдарға арналған шай ішуге арналған самалжайлар болды. Әрбір жеке шатырда кең қонақ бөлмесі, ханым мен мырзаға арналған жатын бөлмесі мен жеке жуынатын бөлмесі, киім-кешек бөлмелері болды. Сондай-ақ қызметшілерге арналған арнайы тұрғын үй бөлігі де бар еді. Мұның бәрі француз мәнерінде жаңа технология жетістіктерімен жабдықталуы керек еді.

Алты ай бойы Иранның әскери авиациясы өз ұшақтарын алғашқы талап бойынша Шираздан Парижге жіберіп отыратын. Пехлави елтаңбасы бар Limoges эксклюзивті фарфоры, Porthault компаниясының ең нәзік төсек-орындары, Baccarat хрусталы…

Шах еуропалықтар жасағанның бәрін жақсы көретін. Ол Парижді, француз тағамдарын, француз сәнін шексіз қадірлеп, құрметтейтін. Тіпті 1967 жылы өзінің тәж кию салтанатына арналған тәжі мен басқа зергерлік бұйымдары туралы айтылғанда, ол еш күмәнданбай — тек Париждегі Van Cleef & Arpels зергерлік үйін таңдады. Ол тіпті ирандық ұлтшылдардың көңілінен шығу үшін де Персеполиске қатысты талғамын өзгертпеді.

Еуропадан 15 мыңнан астам ірі ағаш әкелінді, олардан тұтас орман пайда болды. Бұл жұмақта арнайы әкелінген 50 000 құс сайрап, 20 000 торғай шырылдап тұрды, бірақ олар көп ұзамай аптап ыстық пен құрғақшылықтан өліп қалды. Қонақтарға арналған ас мәзірі мен тәтті тағамдарды Париждегі Maxim’s мейрамханасының үздік аспаздары әзірледі. Зайырлы шежірешілер бір-бірімен таласа отырып, оқырмандарына қуырылған павлин, шаян муссы, трюфель қосылған қуырылған қозы еті, иран уылдырығы қосылған бөдене жұмыртқалары туралы ақпарат таратып отырды... Шарап та, әрине, тек француздық: 1945 жылғы Chateau Lafite-Rotchild коллекциясынан 5000 бөтелке және бірінші сортты шампан (1911 Moet) — 2500 бөтелке. Оркестр Моцарт пен Шуберттің музыкасын орындап жатқанда тамақ ұсынылады деп жоспарланды. Кофеге Cognac Prince Eugene коньягі ұсынылды.

Осынау шамадан тыс шығындар мен сән-салтанат туралы егжей-тегжейлі есепті оқығанда, өзіңізге еріксіз мынадай сұрақ қоясыз: шах пен оның кеңесшілері нені басшылыққа алды? Әлемді ысырапшылдығымен таңғалдырғысы келді ме? Еліне батыс өмір салты мен әлемдік капиталистік жүйені кіріктіру жолындағы «Ақ революция» деп аталатын реформалар тізбегін табысты енгізіп жатқанын көрсеткісі келді ме?

Немесе бұл жастық шағынан шахты мазалап келген мәселелерден арылудың кезекті әрекеті ме, оның жасқаншақ, тәуелді, әлсіз мінезі мен өктем билеуші, патша, Дарий мен Ұлы Кирдің мұрагері рөлі арасындағы қандай да бір ішкі сәйкессіздіктің көрінісі ме?

ҮШ НЕКЕ АЯСЫНДАҒЫ МОНАРХТЫҢ ПОРТРЕТІ

Бұл жерде нақты жалғыз жауап жоқ және болуы да мүмкін емес. Соған қарамастан, Реза Пехлевидің психологиялық портреті әдетте ойлағаннан гөрі әлдеқайда күрделірек болып шығады. Мұнда көп нәрсе жинақталған: өктем анасына тәуелді болуы, әкесінен қорқуы және егіз әпкесі ханшайым Ашрафқа ғашық болуы. Оған қоса Реза Пехлевидің Швейцарияда бірге оқып, кейін Мәрмәр сарайына қоныстанған Эрнест Перронмен күдікті қарым-қатынасы да әсер етпей қоймады. Екі достың махаббат қарым-қатынасының тікелей дәлелі ешқашан табылмаса да, режимнің дұшпандары олардың достығын шахты күмәнді, екіжүзді, адамгершілігі төмен, жауыз адам ретінде көрсету үшін барынша пайдалануға тырысты.

Реза Пехлевидің алғашқы екі некесі де сәтті болмады. Оның Мысыр ханшайымы Фавзиямен (1921–2013) әулеттік одағы Иранның Мысырмен және Бірінші король Фарукпен саяси серіктестігінің пайдасы тұрғысынан жасалды. Бұл некеде екеуі де өздерін бақытсыз сезінді. Ханшайымға шах әулетінің қатал тәртіптері мен келінінен ұлын қызғанған сезімін жасыруды жөн көрмеген енесінің жеккөрінішті қарым-қатынасы ұнамады. Реза кез келген мүмкіндікті пайдаланып, ең жақын әйелі мен анасы жауласатын сарайдан кетуге тырысты. Уақыт өте келе ол әйеліне ашық түрде опасыздық жасай бастады.

Реза Пехлеви өзінің «Еліме арнаған миссиям» кітабында Фавзиямен некедегі «жалғыз бақытты және жарқын сәт» қызының дүниеге келген сәті екенін мойындайды. Олар жеті жылдан кейін ажырасып кетеді.

Резаның өзі әйелдер ерлердің қыңырлығы мен эгосын қанағаттандыру үшін ғана өмір сүретініне шын жүректен сенімді болды. Сондықтан ол соңына дейін гарем иесі дәстүрлі падишах лауазымында қалды.

Әр жылдары оның атақты актрисалар Джин Тирни,33Джин Тирни (1920-1991)Голливуд актрисасы, 20 ғасырдың ең әдемі кино жұлдыздарының бірі. Оның өмірінің қайғылы сәті (жүктілік кезінде актриса жанкүйерінен қызамық жұқтырып, соның салдарынан дүниеге мүгедек қызды алып келген) Агата Кристидің «Айна жарылды» романына, сондай-ақ, Джин Тирниге негізделген рөлді Элизабет Тейлор сомдаған аттас фильмге негіз болды. Ивонн де Карло, Сильвана Манганомен байланысы болды деген әңгімелер айтылды.

Оның екінші әйелі жартылай неміс, жартылай ирандық, Батыс Германиядағы Иран елшісінің қызы сұлу Сорая Эсфанадиар-Бахтиари (1932–2001) болады. Бұл махаббатқа құрылған неке болды. Алайда ол да ажырасумен аяқталды, өйткені шахтың жұбайы бедеу болды. Оған қоса Франция мен Швейцарияның үздік дәрігерлерінің үкімі де ерлі-зайыптыларға үміт қалдырған жоқ. Шах тіпті інісін таққа мұрагер ету үшін Конституцияға өзгертулер енгізу жолдарын да қарастырды. Бірақ Сорайяның өзі бұл түзетулерге үзілді-кесілді қарсы болды. Сонымен қатар көп ұзамай шахтың інісі ұшақ апатынан қайтыс болды. Ал тақ мұрагері мәселесі ерекше өткір болды.

Халықаралық БАҚ таратқан Сорайяның қоштасу хатын оқығанда әлемнің үй шаруасындағы әйелдерінің бәрі көзіне жас алды: «Мұхаммед Реза Пехлеви үшін тікелей ұл бала мұрагердің болуы маңызды болғандықтан, мен өз бақытымды бүкіл елдің амандығы үшін өкінішпен құрбан етемін. Осылайша мен Мәртебелі хан екеуіміз қоштасқанымызды жариялаймын».

Фарах Мұхаммед Резаның үшінші және соңғы әйелі Иран армиясы капитанының қызы — Диба болды. Олар 1959 жылы үйленді. Жас жағынан үлкен айырмашылыққа қарамастан, Фарахпен бірге шах бұрынғы некелерде жетіспеген нәрселер: тыныштық, тұрақтылық және сенім тапты.

Көп ұзамай, барлығы қуанышқа бөленіп, олар ата-ана атанды: 1960 жылы 31 қазанында Реза тәжінің мұрагері дүниеге келді. Үш жылдан кейін Фарахназ ханшайым дүниеге келді (1963 жылы 12 наурыз). Тағы біраз уақыттан кейін Иран шахының отбасы ханзада Әли-Реза (1966–2011) және Ләйлә ханшайыммен (1970–2001) толықты.

Үйде Шах пен жұбайы французша сөйлегенді жөн көрді. Фарах заманауи өнерді ұнататын, ал күйеуі жеңіл, қарапайым француз комедиялары мен Голливудтың экшн фильмдерін ұнататын. Бірақ жалпы алғанда, ерлі-зайыптылардың талғамы мен ұмтылысы сәйкес келді. Прогрессивті және белсенді шах жұбайы күйеуіне ыждағаттылықпен көмектесті. Оны, әсіресе, әйелдер теңдігі мәселелері қызықтырды. Ол Иран әйелдерінің жүздерін ашып, еуропалық стильде киінуін, көлік айдауын, балаларын шетелге оқуға жіберуін қамтамасыз етті. Фарах елдің мәдени өміріне белсене араласты. Ол жас суретшілерді насихаттады, ирандық туындыларды Отанына қайтарды және Ирандағы заманауи өнерге қамқорлық жасады.

Шах жұбайының бастамасымен бірнеше мұражайлар мен көркем галереялар ашылып, Шираз өнер фестивалі құрылды, кейіннен оны дүние жүзі де мойындады. Фестивальге әр жылдары ирандық өнер қайраткерлерінен басқа Батыстың көрнекті мәдениет қайраткерлері — Питер Брук, Джон Кейдж, Гордон Мумма, Дэвид Тюдор, Мерс Каннингем және тағы басқалар қатысты.

Фарахты денсаулық мәселелері, әсіресе алапеспен ауыратын науқастарға арналған арнайы қоныстар мен медициналық орталықтар ұйымдастыру мәселесі қатты алаңдатты. Шах жұбайының жеке қолдауымен және қамқорлығымен 10 000-ға жуық жетім балаға арналған бірнеше ондаған балалар үйі салынды.

Осы еңбегінің бәрі үшін Иранның Құрылтай жиналысы Конституцияға маңызды түзету енгізіп, мақұлдады, оған сәйкес Фарах шах мезгілсіз қайтыс болған жағдайда тақ мұрагері кәмелет жасына жеткенше билеуші-регент болды. Бұл маңызды жаңалық болды, өйткені Иран тарихында алғаш рет таққа отыру құқығы әйелге берілді.

1967 жылы Фарахқа ресми тәж кигізу рәсімі өтті және ол Найеб-әл-Салтане (Вице хан) мәртебесін алды. Салтанатты рәсімнен кейін Мұхаммед Реза шах Пехлеви былай деп мәлімдеді: «Мен әлемдегі ең көне монархияның тәжін киіп, Иранның Шахбануына тәж кигізгеннен бері өзімді сүйікті және лайықты халқыма бұрынғыдан да жақын сезінемін. Алла Тағала бұл жерді бұрынғыдан да көбірек қорғасын деп тілеймін және дұға етемін».

Бұл әрекетімен Мұхаммед Реза Пехлеви бүкіл әлемге әйелінің өзінікімен тең дәрежеде мәртебе алғанын көрсеткісі келді. Фарахтың тәж киюі Иран қоғамына әйелдер мен ер адамдардың бәрі бірдей құрметке лайық деген белгі болды. Әйелдердің ұстанымын ешбір жағдайда бұзуға немесе қандай да бір түрде кемсітуге болмайды.

Марапаттар мен салтанатты киім нысаны киген Шах / Getty

Марапаттар мен салтанатты киім нысаны киген Шах / Getty

«ШАХ ОСЫЛАЙ БАСҚАРАДЫ»

Иран Реза Пехлевидің жоспарына сәйкес, экономикалық дамуы бойынша әлемдегі бесінші ірі мемлекетке айналуы тиіс еді. Оның үстіне, сол кездегі сыртқы саяси жағдай бұған қолайлы болды. 1973 жылғы араб-израиль соғысынан кейін Батыстың бойкотының нәтижесінде мұнай бағасы шарықтап кеткенде, Иранның мұнай өнеркәсібі елге жылына 25 миллиард доллар таза пайда бере бастады. Бұл кезде шах елдің мұнай-газ байлығын сақтап қалу үшін атом электр станцияларын салу туралы тереңнен ойлана бастайды.

Реза Пехлеви — саяси айла-шарғы жасаудың шебері, қарсы жақтардың тепе-теңдігін сақтаудың білгірі және шебері. Бірақ шах сарайының барлық сыртқы сән-салтанатына қарамастан, елдегі жағдай барған сайын шиеленісіп, күрделене түсті.

Бір жағынан шахтың батысшыл реформаларына қарсылық танытқан шиит дінбасылары болды. Оның Кир мен Дарий патшалығы кезеңіндегі Парсы империясының исламға дейінгі тарихына сүйенуге ұмтылуы Иран дін басыларының көзқарасы тұрғысынан ислам дәстүрін қорлап, молдалардың ықпалына нұқсан келтірді.

Екінші жағынан, солшылдар, оның ішінде коммунистер де шахтан кеңестік үлгі бойынша реформалар жүргізуді талап етті. Ақырында, бүкіл халықтың кемінде 20 пайызын құрайтын орта тап еңбек адамдарының бірлестігін емес, жаңа пәтер сатып алуды және Парижге сапар шегуді армандады.

Шах үнемі бұлтаруға, ымыраға келуге, айналма жолдарды табуға мәжбүр болды. Ол КСРО-мен қарым-қатынасты бұзбай отырып, АҚШ-пен одақтасуға қол жеткізді. Ол қол қоюға әкелінген барлық қағаздарды мұқият тексеріп, мемлекет қайраткерлерін, елшілерді, журналистерді жалықпай қабылдады, ел ішін көп аралады. Былайша айтқанда, ол бәрін қырағы бақылауда ұстайтын, тікелей қақтығыстардан аулақ болуға тырысып, тек ерекше жағдайларда ғана зорлық-зомбылыққа жүгінетін идеал әкімші болды. Әрине, Мысырдағы, Ирактағы және Ливиядағы төңкерістен кейін ол сақтық шараларын жасады. 1950 жылдары ЦРУ және MOSSAD мамандарының көмегімен құрылған САВАКiҰлттық барлау және қауіпсіздік ұйымы. құпия полициясы «күдіктілерді» тұтқындау, ұстау және жауап алу бойынша шексіз өкілеттіктерге ие болды.

Билік үшін аз да болса қауіп төндіретін барлық нәрсе құпия полицияның мұқият бақылауына өтті. Мұндай жұмыс Иранда ғана емес, мысалы, шетелдегі ирандық студенттерге де бақылау белсенді жүргізілді. Парсы империясының 2500 жылдығына және Иранның хижри күнтізбесінің империя (шахиншах) күнтізбесіне өзгертуіне қарсы шыққан шах режимінің басты оппозиционері және жауы Аятолла Хомейни билікті, әсіресе, қатты алаңдатты. Бірақ бұл кезде Хомейни Иранмен достық қатынасы жоқ Иракта салыстырмалы түрде қауіпсіздікте болды, сондықтан ол шахты ашық сынап, өзіне жаңа жақтастарды жинап, Персеполисте өткізгелі жатқан мерекені «шайтанның мейрамы» деп атады.

Алдағы мерекелер мен шах билігіне қатысты сын Батыстан да естілді. «ГФР-ның үздік қаламгері», жарқын да дарынды публицист Ульрика Майнхофтың (1934–1976) дауысы бәрінен де қатты естілді. Кейінірек ол солшыл террорға беріліп, қамауға алынып, түрмеде қайтыс болды.iРесми нұсқа бойынша ол асылып өлді. 1971 жылы ол шахтың жұбайы Фарахқа ашық хат жолдады, осы хатты көптеген неміс газеттері басып шығарды. Онда ол шах жұбайының «Нойе ревю» газетіне жазған мақаласын сынап, Иранның қарапайым халқының шынайы өмір сүру жағдайын еске салды. Мейнхофтың айтуынша, мысалы, Белуджистан мен Мекранда ирандықтардың көпшілігі — 80%-ы туа біткен мерезбен ауырады. Ирандық әйелдердің көпшілігінің әрбір екінші баласы аштықтан, кедейшіліктен және аурудан өлетіндігін жазды. «Мехдиабд шаруалары үшін «нағыз парсы тағамы» суға малынған сабан... Сондай-ақ өсімдік тамырлары мен құрма сүйектерін жеп өмір сүреді, әрине, аз уақыт және онша жақсы өмір сүрмейді, бірақ аш иран шаруалары тырысып жатыр. Олар 30 жасында қайтыс болады (бұл ирандықтардың орташа өмір сүру жасы). «Сіз «төменгі миллиондардың» баспаналарын әдейі байқамадыңыз, мысалы, Тегеранның оңтүстігіндегі «жерде қазылған үңгірлерде және саманнан соғылған, қояндарға арналған үйшіктерде, адамдар лық толы лашықтарда тұратын 200 000 адамды байқамадыңыз» деп жазды New York Times». Әрине, шах полицейлері де мұндай көріністер көзіңізді ренжітпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. 1963 жылы мыңдаған баспанасыз адам құрылыс карьерінде баспана іздеп жүргенде, жазда Каспий теңізіне демалуға баратындардың эстетикалық сезімін қорламау үшін жүздеген полицейлер оларды қуып жүреді. Шах өз қол астындағылардың осындай айуандық жағдайда өмір сүруін әбден қолайлы деп санайды. Ол бұл адамдардың өзінің де, сіздің де көзіңізге түсуіне жол беруге болмайды деп санайды. Бірақ қалалардағы жағдай дегенмен де төзімді. «Мен құрттар сияқты көңді қазып, арамшөп пен шіріген балықтармен қоректеніп жүрген балаларды көрдім, – деп Оңтүстік Иран туралы саяхат жазбаларынан оқыдық. Әрине, бұл өз балаларыңыз емес екеніне қуана аласыз. Бірақ бәрібір олар — балалар. Шах осылай билік құрып отыр».

Империяның 2500-жылдығына орай ұйымдастырылған тойға қатысқан әлемдік көшбасшылар / Rolls Press/Popperfoto via Getty Images/Getty Images

Империяның 2500-жылдығына орай ұйымдастырылған тойға қатысқан әлемдік көшбасшылар / Rolls Press/Popperfoto via Getty Images/Getty Images

ҚОНАҚТАР ТІЗІМІ

Персеполистегі салтанатты мерекелер, басқалармен қатар, Батыстың назарын ішкі мәселелерден бұру мақсатында жасалды. Сондықтан салтанатты рәсімге басқа елдердің басшылары қатысуы өте маңызды болды. Олардың келуі үшін тіпті жаңа әуежай салынды және соңғы үлгідегі бірнеше ондаған ашық қызыл түсті мерседес мәшинесі берілді. Қонақтардың әрбір қадамын САВАК қызметі бақылап отырды. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында Ұлыбритания патшайымы Елизавета II шақырудан бас тартуға мәжбүр болды. Оның орнына күйеуі Эдинбург герцогы мен қызы Анна ханшайым қатысты. Әртүрлі себептерге байланысты, шах соңғы сәтке дейін қатысуына үміттенген, АҚШ президенті Ричард Никсон мен Франция президенті Джордж Помпиду мерекеге келуден бас тартты. КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, КСРО басшысы Леонид Брежнев те келмеді. Өзінің орнына КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Николай Подгорныйды жіберді.

Сол кезде билік басындағы монархтардың арасынан Эфиопияның қарт императоры Хайле Сейласси, Норвегия королі Олав У, Бельгия королі Бодуэн, Дания королі Фредерик IX болды. Төңкеріс нәтижесінде тағынан айырылған билеушілер де ұмыт қалған жоқ. Осылайша 1967 жылы елінен қуылған бұрынғы Грекия королі Константин мен Королева Марияның шақыруы бір кездері өзара соғысқан «эллиндер мен парсылардың татуласуының» символы ретінде бағаланды. Дарий мен Кирдің мұрагері Александр Македонскийдің мұрагеріне көмек қолын созып, қолдау көрсетті. Грек король жұбының Персеполиске келуін Иран баспасөзі тап осылай сипаттады.

Қонақтар тізімінде өте маңызды өкілдерден тұрып, оған 30 елдің президенті мен премьер-министрлері кірді. Кездесуге келген әрбір қонаққа өз елінің әнұраны шырқалды. Гвардия күзетшілері сәлем берді. Барлығы өте салтанатты көрінді. Бұл ретте бақылаушылар шахтың Парсы шығанағын бақылау жоспарына алаңдаған жақын көршілері — Сирия, Ирак және Сауд Арабиясы өкілдерінің жоқтығын атап өтті. Қонақтардың салтанатты шеру кезінде отырғызу реті де назардан тыс қалмады: шах өзінің қасына Эфиопия императоры Хайле Сейласиді отырғызды. Бұл әлемдегі ең кәрі монархтың жасы мен ағарған шашына құрмет көрсету болды. Алайда Николай Подгорный шах жұбайының қасындағы құрметті орынға отырды, бұл мамандарды бірден Кеңес Одағымен жақындасудың жаңа үрдісі бар деген қорытынды жасауға әкелді.

Мерекелік шаралардың басты оқиғасы — Кир патша заманынан 1971 жылға дейінгі Иран армиясының тарихына арналған салтанатты шеру болды. Шеруге бір ай қалғанда барлық солдаттар мен офицерлер «Қырынбаңдар!» деген бұйрық алды. Әйтпесе жалған сақал қоюға тура келетін еді. Костюмдер, аксессуарлар, қару-жарақ — бәрі ежелгі фрескалар мен барельефтерден көшіріліп алынды. Бекіністерге шабуылда пайдаланылған Бірінші әулет дәуіріндегі мұнара қайта жасалды. Тіпті біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда Ксеркс Грецияны жаулап алуға аттанған үш әскери кеме де шеруге қатысты. Жылдар бойы жүргізілген дайындықтар, тарихи зерттеулер, апталық жаттығулар үш сағаттан аспайтын мерекеге ұласты. Бірақ осы уақыттың өзі аптап ыстықтан әлсіреген мәртебелі қонақтар үшін мәңгілік сияқты көрінді.

Шын мәнінде, бұл салтанаттың бәрі тек соларға ғана арналған еді. Өйткені ирандықтардың ешқайсысы дерлік Персеполиске кіргізілмеді. Трансляцияның үш күні де теледидардан көрсетіліп, рекордтық көрермен санын жинады. Тарихи шындық үшін Персеполистегі мерекелер Шах ойлаған даму бағдарламасының бір бөлігі ғана болғанын атап өту керек. Мерекеге дайындық барысында елдің инфрақұрылымына көптеген ұзақ мерзімді инвестиция салынды: мектептер, жолдар, байланыс желілері, әуежайлар, телестанциялар, қонақүйлер — барлығы 1971 жылдың қазан айының үш күніне орайластырылып салынды. Бірақ шах сыншылары бұл туралы айтпауды жөн көрді.

2008 жылы шахтың жұбайы Фарах мерекенің халықаралық әсері ойлағандай болмағанын мойындауға мәжбүр болды: «... Барлығы ойдағыдай өтті, бірақ шетелдік баспасөз бізді үнемі сынға алды. Ең бастысы, бұл мереке не үшін ұйымдастырылғаны мүлдем еленбей, ұмытылып кетті. Ираннан тыс жерде құрылған барлық ұйымдар, тарих туралы басып шығарылған кітаптар, құрылыс, 2500-ден астам мектеп, жолдар, қонақ үйлер ...Бұл туралы ешкім айтпады, бәрін, айталық, ол жерде не жегеніміз ғана қызықтырды... Шыққан шығындар туралы көп әңгіме болды, кейін шығын сомасын да аса көтеріп айтқандары белгілі болды. Әттең, өкінішті».

Фарах Пехлеви. 1970 жылдар

Фарах Пехлеви. 1970 жылдар

P.S.

1978 жылға дейін Персеполистегі шатыр қалашығы өзгеріссіз қалды. Ағаштардың көпшілігі тамыр жаймай, қурап кетті. Құстар өліп қалды. Біраз уақыт бойы шахтың жоспары қалашықты бес жұлдызды сәнді қонақ үйге айналдыру болды. Бірақ ең ірі халықаралық қонақ үйлер желісі су мен электр қуатының тым қымбат болуына байланысты қажетті шығындарды өз мойнына алуға дайын болмады.

Шах режимінің күйреуімен Персеполистегі қала толығымен құлдырады. Көптеген шатырлар тоналды немесе өртеніп кетті. 1982 жылы қосалқы құрылыстар әскери қалашыққа айналдырылды. Біраз уақыт олар Иран-Ирак соғысы қызған кезде сарбаздар үшін казарма ретінде қызмет етті, ал оқ өткізбейтін терезелер оқ ату сабақтарында нысана ретінде пайдаланылды.

Соғыс аяқталғаннан кейін шатыр қала тез арада көлеңке мен жалаңаш металл жақтаулардың өлі қаласына айналды — бір кездері ең заманауи сән-салтанат пен шығыс салтанатының жоғарғы сатысы деп саналған шах шатырларынан қалғаны осы ғана.

Мұхаммед Реза Пехлеви тағдырына Отанына қайтып оралу жазылмады. Ол 1980 жылдың жазында елден кетуге мәжбүр болғаннан кейін, бір жарым жылдан кейін қайтыс болды. Оның жесірі, Иранның бұрынғы императрицасы Фарах қырық жылдан астам уақыт қуғында өмір сүріп, уақытын үлкен ұлы мұрагер ханзада Реза Пехлеви тұратын Париж бен Вашингтон арасында өткізуде.

2001 жылы оның 33 жастағы кенже қызы Ләйла ханшайым есірткіні шамадан тыс қолданып, қайтыс болды. Он бір жылдан кейін кенже ұлы Али Реза 44 жасында ұзақ жылдар бойы депрессиямен күресіп, өз-өзіне қол жұмсады.

Сұхбаттарының бірінде Фарах «Иранға бостандық» деген арманы бар екенін мойындады. Бұрынғы шах жұбайы Ирандағы оқиғаларды жіті қадағалап отырады және ержүрек отандастарының әйелдер теңдігі үшін күрестегі табыстарын мақтан етеді. «Мен үмітімді үзбеймін, жүрегіме мұң кіргізгім келмейді. Мен жарық әрқашан кез келген қараңғылықты жеңе алатыны туралы айтып жүремін. Мен ол жерде болмасам да, балаларым мен немерелерім бұл талпыныстың жемісін бір күні көре алатынына сенемін».

P.P.S

Сергей Николаевич шахбану Фарахпен жеке кездескен сәттерін есіне алады

Шахбану Фарах көптен бері Парижде тұрады. Франция астанасын таңдауы кездейсоқ болған жоқ. Парижде оның жастық шағы өтті. Мұнда ол өзінің ең алаңсыз жылдарын өткізді. Осы қаладағы Сәулет колледжінде оқыды, болашақ күйеуі шах Реза Пехлеви оны алғаш рет осында көрді. Бірақ ол кезде шах Тегеран халқы «көзі мұңды патшайым» деп атап кеткен Сорайи Бахтиар ханшайымға үйленген болатын. Ол өте көп ауырды және бедеу болып шықты. Шах онымен ажырасуға мәжбүр болды. Кейін оның таңдауы Парижде танысқан бай және құрметті отбасынан шыққан жас сұлу қыз Фарах Дибаға түсті.

Оның Париждің зиялы қоғамына кіруіне жол ашқан атағы ғана емес, француз тілін мінсіз білуі болды. Бұл жерде Фарах көптен бері өз адамы болып есептеледі. Ол Люксембург бағында немесе Булон орманында серуендеп жүргенде немесе Costes мейрамханасында түскі ас ішкен немесе Ritz-те сағат бестің шайын ішкен кезде кездестіруге болатын соңғы гранд-ханымдар қатарына жатады. Кейде олар сәнді дефиле-көрсетілімде, бірақ көбіне-көп Сан-Сюльпис, Әулие Маделен немесе Әулие Рох соборларында өтетін жерлеу жиындарында алдыңғы қатарда отырады. Жерлеу рәсімі мен зираттар олардың көпшілік алдына шығатын айтарлықтай сирек және режиссер әсем сахналаған көріністердің әлдебір міндетті фонына айналды.

Оны алғаш рет ұлы модельер Ив Сен-Лоранды жерлеу рәсімінде көрдім. Ол Әулие Рох шіркеуінің орталық кіреберісіне апаратын баспалдақта мұңды әрі салтанатты кейіппен тұрды, бұл тек жылдар бойы ақсүйектер қоғамында жүріп жаттығу және көпшілік алдында қайғысын білдіруге үйрену арқылы ғана дағдыға айналатын қасиет.

Ол қалың қауымның арасынан ұзын бойымен ғана емес, талай адамның сәлемдескеніне және иілгеніне жауап берген кезде байқалған айрықша асыл келбетімен, асқақ кербездігімен ерекшеленді. Жоғары мәртебелі қонақтардың, соның ішінде Франция президенті Николя Саркозидің оған ерекше құрмет білдіріп жарылып жол ашқанынан да шахбану Фарахтың аты аңызға айналған атақты адам ғана емес, белгілі бір мағынада дәуірдің символы, 20 ғасырдың аласапыран және үрейлі оқиғасына тікелей қатысы бар басты кейіпкерлердің соңғысы екені көрініп тұрды.

1978 жылдың желтоқсанында шахтың отбасы Ираннан кетуге мәжбүр болды. «Мен үмітімді үзбеуге және шынымен де ақырымыз осы деп ойламауға тырыстым, – деп есіне алды Фарах. – Дегенмен біздің ұшақ аспанға көтерілген кезде шахтың көзіне жас алғанын ешқашан ұмытпаймын».

Күні кеше ғана мәңгілік адалдыққа ант берген шахтың бұрынғы достары мен одақтастары айықпас дертке шалдыққан тақтан тайған монарх пен оның отбасына ешқайсысы баспана бергісі келмей, олардан теріс айналды. Ашуға булыққан фанатиктер олардың уақытша баспаналарының терезесі астында жиналып алып қарғыс айтып, ұрандаумен болды. Батыс елдерінің басшылары жалтармалы, жалған сөз сөйледі, ал шындығында мұның мағынасы бір нәрсеге келіп сайды және өте айқын болды: бұрынғы шах пен шахбанудың олардың елінде болмағаны жөн, өйткені қабылдаушы тарап үшін олармен кез келген байланыс қауіпті және бәлеге әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан олар ешкімге білдірмей тайып тұрса жақсы болар еді.

Бірақ ешкімге білдірмей кетіп қалу еш мүмкін болмады.

Көп жағдайда денесінің қызуы 40 градусқа жақындаған, өлімсіреген шах тұс-тұстан қаумалаған блиц-сұхбат алғыштардан әбден азап көрді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген репортерлар ол емделіп жатқан госпитальдің немесе ол отбасымен бірге қайтадан бір жаққа ұшуы керек болған әуежайлардың кіреберісінде күні-түні топырлап күтіп тұрды.

Фарах шахтың ауруы қатерлі екенін әу бастан білген. Оның күш-қуаты таусылып, күні санаулы екенін анық түсінді. Бірақ ол соңына дейін күресіп, бүкіл әлемге асқан батылдық, адалдық пен ержүректіліктің үлгісін көрсетті. 1980 жылы шахты жерлегеннен кейін Фарах біраз уақыт АҚШ-та тұрды, онда үлкен ұлы мұрагер шахзада Реза Кира Пехлеви оқитын. Бір күні оның әлдебір ресми құжаттарды толтыруына тура келді. Эмиграциялық кеңседе оны танымады. Құжаттарды тексеріп тұрған қызметкер әйел: «Сіз тұрмыстасыз ба?» деп сұрады. Күйеуінің қайтыс болғанын білген ол тиісті бағанға «Жесір» деп жазып қойды. Содан кейін Фарахтың тұрақты жұмысы бар ма деп сұрады. Жұмысы жоқ екенін мойындауына тура келді. Содан кейін ол: «Жұмыссыз» деп жазып қойды.

Бірде Тегераннан алыс емес жерде шахбану Фарах Пехлеви Дибаның мүсіні тұрған. Қоладан жасалған, айбынды, биіктігі үш метрге жуық мүсін. Революция оқиғасы кезінде ашуға булыққан тобыр оны бөлшектеп қиратуға тырысты. Бірақ мүсін таңғаларлықтай берік болып шықты. Ақырында оны көлге лақтыра салуына тура келді.

Бұл оқиғаның өзі Фарахты тіпті көңілдендіріп жіберді. «Көзіңіздің тірісінде аңызға айналуда жақсы нәрсе аз. Бірақ, білесіздер ме, қалай болғанда да бір күні мені көлдің түбінен көтеріп шығарады, сөйтіп барлық отандастарым менің қандай болғанымды көреді деген ой маған ұнайды».

Сергей Николаевич

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ