ҚАЛТАНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ

Жаман әдеттерге арналған өнертабыс

19 ғасырдағы ағылшын мультфильміндегі қалта ұрылары / Wikimedia commons

Әлдебір заттардың бір кездері болмағаны туралы ойлаудың өзі қиын. Әңгіме ұялы телефон мен микротолқынды пеш немесе ғылым мен техниканың басқа да жетістіктері туралы емес, олардың біздің эрамызға дейінгі үшінші ғасырда, тіпті біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда да бар болуына ештеңе кедергі болмаған әдеттегі өте қарапайым заттар туралы.

Мазмұны

Мысалы, қалтаны алып қарайық. Қиын несі бар? Кәдімгі ішіне қажетті ұсақ заттар мен қолың сиятындай киімге жарасымды етіп тігілген қалта немесе одан да қарапайым киімге үш жағынан қаратып тігілетін әдеткі шүберекті айтуға да болады. Әрі қарапайым, әрі ыңғайлы, соншалықты күрделі материалдар мен өркениеттің ең жоғары сатысына жетудің қажеті жоқ. Дегенмен бізге үйреншікті қалталар тек 17 ғасырдың соңғы үштен бір бөлігінде ғана пайда болды және 19 ғасырға дейін барлық жерде ерлер киіміне арнап тігіле бастады.

Қалтасыз қалай күн кешуге болады?

Адамдар кілтті, ақшаны және өзге де қажетті ұсақ заттарын өздерімен бірге қалай алып жүрді? Өте оңай, мұның бәрін олар әмиянына, сөмкесіне немесе жай ғана шүберекке түйіп, белбеуіне іліп жүрген. 20 ғасырдың соңында Тирольдегі Отцтал Альпі тауынан шамамен 5300 жыл бұрын өмір сүрген белдігінде дорбасы бар Отци атты адамның мұзға қатқан мумиясы табылған екен. Әрине, Отци өзімен бірге кілт немесе шақпақ алып жүрмеген, дегенмен қырғыш, шақпақ тас, сүйек қалдықтары және кептірілген саңырауқұлақ оған жолда да, аң аулау кезінде де пайдалы болуы мүмкін заттарды салып жүрген. Белдіктеріне әмиян таққан адамдардың бейнесі ежелгі Мысыр иероглифтерінде де кездеседі және Евангелияда Яһуда Искариоттың әмияндағы әйгілі отыз күмісті алғаны туралы да айтылады.

Этси/Wikimedia Commons

Ұзын жең

Оңтүстік-Шығыс Азия — Қытай мен Жапонияда қалта орнына жеңдер қолданылған. Тарихтың белгілі бір кезеңдерінде шығыс киімдерінің кең жеңі жерге дейін тиіп тұратын, олар ішіне қуыс қалдырып, өте қажетті жүктерді көтеруге ыңғайлы болатындай етіп, ішінен астарлап тігілген; Мысалы, қағылез қызметші ас үйден өзінің иесі мен ғашығына арналған кешкі асты, қап толы күрішті, тәтті нан мен тостағанын жасырын түрде алып кетуі мүмкін.

Кимононыц кең жендері қалта болып қолдаңылатын/Wikimedia commons

Ақша белбеуі

Керуен, айырбас жасаушылар мен саудагерлердің Отаны саналатын Оңтүстік Орталық Азия ақша белдіктеріне бәс тікті. Бұл ұзын матаның бір тілімі, оның бір ұшы тігілмейтін болған. Ішінде қуыс болған белбеу монеталармен толтырылған, оны ашу ұры үшін әмиянды кескеннен гөрі қиынырақ болды, бірақ төлем жасау үшін белбеуді шешу керек болған.

Шотландиялық спорран

Шотландиялық ортағасырлық қалта әмияны — спорран, бүгінгі күнге дейін ресми шотланд костюмінің өзгеріссіз атрибуты болып қала берді. Спорран — ілулі былғары әмиян, ол алдыңғы жағына, қарынның астына киіледі. Спорран шашақтармен, күміс тоғалармен, үлбірлермен, былғарыдан жасалған өрнектермен және жылқының ұзын қылымен әсем безендірілген. Шын мәнінде классикалық шотланд килті — белдемше емес, жай ғана шебер бүктелген жүн матаның үлкен бөлігі, ол жайылған кезде жадағай немесе көрпеге айналуы мүмкін. Әлбетте онда қалта болған жоқ. Бір кездері тауға шығатындар жаяу серуендеу кезінде жеуге болатын нәрсе болсын деп спорранға кептірілген марал етінің тілімдерімен құрғақ сұлы майын салады, сондай-ақ құрғап қалған тамақты жібітетін вискидің шағын бөтелкесі де сыйып кететін болған. Кейін мұндай әмиянда ақша мен темекі сақтай бастады.

Килт пен спорран киген шотландиялық. Леон Солттың "l' Art du Travestissement" ("Маскарад костюмінің өнері") эскизі бойынша қолмен боялған А.Э. литографиясы, Париж, шамамен 1880 ж/Getty images

Бейәдеп қалталар

Егер сіз шотландтар сияқты әурет жерін жабатын тұста қалта болғанын ұят көрсеңіз, онда бір кездері еуропалық шалбарға арналған сөмке тәрізді гульфик дәл соның баламасы болғанын ұмытпаңыз. Әдетте гульфик тез шешіліп, кіші дәретке отыруды қиындатпайтын. «Бұл кең кеңістікте көйлек пен гульфик арасында түйіншектеліп байланған зығыр қалташалар орналасатын. Бұл әмиян, алма, қара өрік, алмұрт, апельсин және басқа да жемісті сақтайтын жер болды», – деп жазады V Карл (1500–1558) дәуіріндегі киім тарихын зерттеуші ғалым Вечеллио, ал Франсуа Рабленің атақты кітабындағы Панург өз гульфигінен апельсин алып шығады.

VIII Генрихтің портреті/Wikimedia Commons

Ұрылардан қалай құтылуға болады?

Бұрынғы кездері белбеуге тігілген әмиян қалтаны жиі алмастыратын. Белдікте бірнеше әмиян ілулі болды: 13–17 ғасырларда олардың ішінде талай дүние салынатын. Ол қатарда таспиқ (діндар адамдар сағат кітабын да салатын), кәмпит салынған әдемі сауыт, қанжар және т.б. қарулар, үйде қалдыру қауіпті саналатын бағалы заттар, тіпті хош иісті саше бар. Жүрген сайын белдікте бұл заттар сыңғыр-сыңғыр етіп, ұрылардың ашкөз көзқарастарын өзіне бұра бастайтын. Ақырында адамдар өздерінің ең құнды заттарын киімінің астына жасыру әлдеқайда ыңғайлы және қауіпсіз болатынын түсінді.

Шателин, белдемшеге қыстыралатын түрлі құрал саймандар. L'album, giornale letterario e di belle arti (әдебиет және өнер газетінен) гравюра. 1840/Getty Images

Сондықтан олар ілулі әмиянды киім астына жасыра бастады. Тиын қажет болған сайын шалбардың түймесін шеше бермеу үшін қамзол яки шалбарларда тиын-тебен салынатын саңылаулар жасай бастады.

Шателин, 1882/86, Лондон, Англия/Sepia Times/Universal Images/Getty Images

Кринолиннің астында не жасыруға болады?

Кринолиндер мен фижмалары бар кең етек белдемше киген әйелдерге ол кездері еркектерге қарағанда жеңіл болатын. Олардың ілулі қалталарына белдемшенің пошымын бұзбай-ақ талай дүние сыйып кететін. Мәселен Сэмюэль Ричардсонның «Памела, марапатқа ие рақымшы» романының (иә, Пушкиннің Татьянасының анасы тамсанып оқыған жазушы) кейіпкері әйел құмар қожайынынан қашқан кезде қалтасына сыйған дүниесі «көйлек, екі орамал, екі қалпақ және қалған ақшасын» алып кетеді.

Айтпақшы, жапсырма қалталар алғаш рет әйелдер киімінде пайда болды, яғни үстіңгі жағы тігілмеген мата бөліктері әйелдердің алжапқыштарына орта ғасырдың аяғында тігіле бастады.

Темекі шегу қалтаңызды ауырлата түседі!

16 ғасырдың аяғында көпшілікке қажетті тағы бір бұйым — темекі сауыт немесе шақша пайда болды. Француздардың жоғары қоғамында ғалым Жан Нико де Вильменнің насихаттауымен темекі бүкіл аурулардың емі ретінде ғана емес, сонымен бірге рақат көзі ретінде де тез танымал болды. Шақшаны қалтадан іздеп әуре болғанша, қолдың астында ұстау жөн саналды.

Ұсақ-түйек заттарға (ол кездері «омоньер» деп аталатын) арналған қалташаны әбден салмақ басқан белбеуге емес, қазіргі заманауи қалтаны ойлап тауып, сол саңылауға алғаш тіккен тігіншінің есімі өкінішке орай тарих беттерінде жатталмады. Бізге қалталары бар алғашқы гардероб бұйымдарының бірі Людовик XIV киген қамзол болды. Алайда темекіге шыдай алмайтын «күн Королінде» темекі сауыт болмаған. Бірақ ер адамдар қалтасын толтыратын заттар таппайтын кезі болды ма?!

Ирландиялық түтік шегетін шаруа, 1890 жж./Wikimedia Commons

Қалта әшекей ретінде

Сыртынан аса байқалмайтын тік саңылауы бар қалталардан басқа көлденең қалталар да пайда болды, олар көбіне шағын қақпақшамен жабылатын, кейде ұрылардан қорғану үшін түймемен бекітілетін. Түйме тек қызмет етіп қана қоймайды, сонымен қатар костюмнің безендіру құралы болып та саналады. Бір кездері көлденең қалталары бар ұзын қамзолдар сәнге айналғаны сонша, ішіне бірдеңе қою немесе алу үшін артқа еңкейуге тура келеді. Бірақ мұндай сәннің дәурені ұзаққа бармады, ыңғайлы киім бірінші орынға шықты. Бірақ киімге тек безендіру үшін тігілген жалған қалталар біздің дәуірімізде де кездеседі.

Маттеус Верхейден. Герард Корнелис ван Рибик портреті/Wikimedia Commons

Қалта гендерлік теңсіздіктің қаруы ретінде

20 ғасырдың басында әйелдердің кең етек белдемшелерінің орнын тар белдемшелер басты, ал қалтасы бар әйелдер киімі толық жоғалды. Оның орнына әйелдер сөмке ұстай бастады. Айта кету керек, бұл адамды ыңғайлылықтан ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз еркіндікті білдіретін ишарат — қолды қалтаға салып жүруден де айырды. Мұндай «қалталық кемсітушілік» өз заманында әйелдердің сайлау құқығы үшін ғана емес, ыңғайлы киім үшін де күрескен сайлау құқығына күрескер әйелдерді қатты ашуландырды. Ал қалта мәселесінде алғашқы феминистер жеңіліс тапқаны рас, патриархал санаға ие сөмке шығарушылар жеңіс тұғырынан көрінді. Әйелдердің қалтасын жақтайтын Коко Шанель мен әйелдер киімі ыңғайлы болу үшін емес, сұлулық үшін қажет деп есептеген Ив Сен Лоран арасындағы шайқаста Ив Сен-Лоран әзірше жеңіске жетті. Әйелдер киімдерінде еркектерден қарағанда қалта аз, әйелдер киетін шалбар, белдемше, көйлек көбіне қалтасыз тігіледі.

Эйм Дюпон. Суфражист Этель Смит. 1900 жылдан кеш емес/Wikimedia Commons

Барлық жағдайларға арналған қалталар

Қалталар бізді ұрлықтан қорғамаса да («әмиян кесушілер» қалта ұрылары болып тез ес жиып алды), қалта ыңғайлы әрі пайдалы дүние. Қалталар 19 ғасырдың басында барлық жерде киімге тігіле бастады, ал халықтың барлық топтары үшін соның ішінде қарапайым адамдар үшін паңдана басатын мырзалардан қарағанда қолды бос қойып жүру әлдеқайда маңызды болды. Ал енді күнделікті өмірімізде жаңа нәрсе пайда бола қалса, қалтамызға сыя ма, сыймай ма соны бірден анықтаймыз. Мысалы, смартфондардың өлшемі күртелер мен джинсы шалбарлардағы қалталардың стандартты өлшемімен тығыз байланысты.

Лисбет Берх.Бала. 1904-1905/Wikimedia Commons

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді