ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

1-дәріс. Төңкеріс қарсаңында

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

Николай Каразин. Орта жүз қазақтарына жасақ салық салуы. Патша жарлығы. 1824 жыл

Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. 

1917 жылы Ресей империясындағы қазақтар ұшы-қиыры жоқ кең даланы мекен еткен. Бұл осы бір алпауыт елдің өлшемімен алып қарағанның өзінде айтарлықтай орасан зор жер болатын. 1914 жылы 4 697 700 адам қазақ тілінде сөйлеген. Саны 4 084 000 адам деп көрсетілген 1897 жылғы санақпен салыстырғанда, қазақтың саны 15%-ға өскен.

Қазақтар империяның бірнеше әкімшілік құрылымына қарайтын. Оның ішіндегі ең ірісі — Ақмола, Семей және Торғай облыстары кірген Дала генерал-губернаторлығы (Дала өлкесі) еді. Сонымен қатар қазақтар әкімшілік жағынан Астрахан губерниясына бағынатын Еділ мен Жайық арасында жатқан Бөкей Ордасын, сондай-ақ Түркістан генерал-губернаторлығының Каспийдің сыртындағы облыстың құрамындағы Маңғышлақ уезін мекендеген. Тура сол губернияға қарасты Самарқан облысында да қазақ халқының жекелеген топтары тұрып жатты. Бірақ Түркістан губернаторлығының қазақ халқы саны жағынан басым болған ең ірі аймақтары — Сырдария мен Жетісу облысы еді.

Орталық Ресейден қоныс аударған шаруалардың қысымымен қазақтардың көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылығының аумағы бірте-бірте қысқарды.

Қазақ халқының осылай бытыраңқы қоныстануы ең әуелі Ресей басқыншылығының әртүрлі кезеңіне байланысты болды. Басқару жүйесі даланың жекелеген аумақтарының империяға қосылуына қарай құрылып жатты. Мысалы, Бөкей Ордасы 1801 жылы Кіші жүз қазақтарының бір бөлігінен ұйымдастырылды және оның бұл құрылымы 1917 жылғы революцияға дейін және одан кейін де біршама уақыт сақталды. Ал Сырдария мен Жетісу облысы Орта Азия жаулап алынғаннан және мұнда 1867 жылында Түркістан генерал-губернаторлығыi1873 жылдан бастап ресми атауы Түркістан өлкесі (Туркестанский край). құрылғаннан кейін ұйымдастырылды.

Дала өлкесі аумағында қазақтар орыс халқымен көрші өмір сүрді және атап өтетіні, кейбір ауданда соңғысының саны өте көп болды. Бірақ олар бір-бірімен аса көп қарым-қатынас жасамайтын. Шаруашылық жүргізудің әртүрлі әлеуметтік-экономикалық үлгілері маңызды рөл атқарды. Орыстар егіншілікпен айналысса, қазақтар көшіп-қонып жүрді. Ресейдің орталық аймақтарынан қоныс аударған шаруалардың тықсыруымен қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылығының аумағы біртіндеп қысқара берді. Осы екі дүниенің арасындағы қарама-қайшылық 1917 жылғы төңкеріске дейін және одан кейін де біршама уақыт Дала өлкесіндегі барлық әлеуметтік-экономикалық және саяси процестің негізгі мәніне айналды.

Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария мен Жетісу облысында қазақтар егіншілікпен айналысатын, сондай-ақ көшпелі жергілікті азиялық халықтың басқа да елеулі топтарымен көршілес тұрды. Сырдария облысында бұл өзбек, сарт, құрамалар және тағы басқасы болды. Жетісу облысының оңтүстік жағын қазіргі қырғыздар мекендеді және қазір бұл Қырғызстан аумағы.

Qalam редакциясы

Qalam редакциясы

Егіншілік империясындағы көшпенділер

Бір қызығы, 1917 жылға дейін Ресей империясында қазақ пен қырғызды әдетте қырғыздар (киргизы) деп бірдей атаған. Бірақ, мысалы, 1897 жылғы ресми халық санағында оларды бір-бірінен ажыратып көрсеткен. Қазіргі қырғыздарды қара қырғыз деп атаса, қазақтарды жай ғана қырғыз деп атаған. Одан ертеректе, 18 ғасырда қазақ халқын қайсақ немесе қырғыз-қайсақ деп атаса, 19-ғасырдың екінші жартысында Ресей империясында бұл атау қолданылмайтын болды. Сірә, бұл қазақтардың қазақ деген өз атауы Ресей империясының әскери табына жатқан казактардың атауына ұқсас болғанына байланысты болу керек. Оның үстіне Қазақ даласының шегарасы мен аумағында казактардың төрт әскері Орынбор, Жетісу, Сібір және Орал қолы орналасқан еді. Сондықтан қазақтардың «казак» немесе тіпті бұрмаланған «кайсак» деген атауы ресейлік казактардың атауымен бәсекеге түсетіндей көрінді.

Патша үкіметінің жоспарында қазақ халқына арнап қандай да бір әкімшілік бірлік құру болған жоқ. Назар аударатыны, 1863–1864 жылғы поляк көтерілісі басып-жаншылғаннан кейін Поляк Патшалығы Висла өзенінің маңындағы тоғыз губернияға бөлінді, ал «Поляк Патшалығы» деген атаудың өзі саяси сөздіктен сызылып тасталды дерлік.11Поляк Патшалығы1772, 1793 және 1795 жылы Польшаның үш рет бөлінуі нәтижесінде поляк жерлері Ресей империясының құрамына қосылды. Наполеон құрған Ұлы Варшава герцогтігін орыс әскері басып алғаннан кейін Поляк Патшалығы құрылды (1815). Сол кезден бастап «Поляк патшасы» Ресей императорында пайда болған атақтың біріне айналды. Жалпы қандай да бір этникалық топтың атауын беріп әкімшілік бірлік құру империялық саясаттың басымдықты мақсатына сәйкес келмеді. 1917 жылға қарай айтарлықтай автономиясы бар Финляндия22ФинляндияiШвеция корольдігінің аумағы 1809 жылғы орыс-швед соғысының нәтижесінде Ресей империясының құрамына кірді. Финляндияның Ұлы князі — Ресей императоры ие болған атақтардың бірі. ғана өзінің атауын сақтады, бірақ 19-ғасырдың аяғында оның ауқымы айтарлықтай қысқарды. Атап өтетіні, қазақ тайпаларының Ресейге қосылуы қарсаңында қазақ даласында саяси билікті орталықтандыру дәрежесі айтарлықтай әлсіреген еді. Шындығында, Қазақ хандығында бұрынғы мемлекеттілік деңгейінің біртіндеп құлдырауы осыған байланысты болды.

Осылайша кез келген көшпелі қоғам үшін дәстүрлі саналатын олардың ұйымдық құрылымының қарқыны толыққанды көрініс тапты. Көшпенділердің үлкен бірлестіктері тәжірибелік ойға қонымдылық болған жағдайда құрылуы мүмкін, яғни бұл өз мүддесін қорғау немесе көршілеріне қысым жасау үшін жасалады. Бірінші жағдайда көшпенділер бәсекелестерінен қорғану үшін бірігеді. Мұның айқын мысалы 18-ғасырдың бірінші жартысында қазақ тайпаларының Сырдария өзенінің аңғарындағы қоныстанған аумақтар мен бақылауындағы отырықшы халықтардың жерінің ресурстарын қорғау мақсатында жоңғарларға қарсы тұру үшін бірігуі. Ал екінші жағдайда рулар, керісінше, көршісіне қысым жасау үшін бірігеді. Айталық, Моңғолия көшпенділері мен Қытайдың қарым-қатынасында мезгіл-мезгіл болғандай, аграрлық мемлекетті сауда жасауға көндіру немесе сол аграрлық мемлекетті көшпенділер бірлестігінің пайдасына тікелей төлем жасауға мәжбүрлеу мақсаты көзделеді. 17-ғасырдағы Қырым хандығы мен Мәскеу мемлекетінің қарым-қатынасы да осындай сипатта болған.

Ал егер шұғыл түрде бірігу қажеттілігі болмаса және саяси тұрғыдан қарағанда даладағы жағдай біршама тұрақтылығымен сипатталса, онда көшпенділер жұмсақтау форматта ұйымдастырылуды жөн көреді. Өйткені экономикалық тұрғыдан алғанда, ірі көшпелі бірлестікпен салыстырғанда біршама шағын ауыл-ауыл болып көшіп-қонып жүру қолайлырақ. Бұл жағдайда көбірек мал ұстауға және көшіп-қонып жүру үшін көбірек аумақты пайдалануға болады.

И. С. Поляков. Семей облысындағы дәстүрлі киім киген отбасы. Қазақстан, Семей облысы, 1879 жыл

И. С. Поляков. Семей облысындағы дәстүрлі киім киген отбасы. Қазақстан, Семей облысы, 1879 жыл

Ресей империясы көшпелі қазақтарға біршама дәрежеде ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Іс жүзінде бүкіл даланы қамтыған орыс қалалары Ресей билігінің бекінісі қызметін атқарды. Соның бір нәтижесі даладағы ішкі қақтығыстың тоқтауы болды. Сонымен қатар алғашқы онжылдықтарда қазақ даласында империяның ықпалы аса байқалмаған және тым ауыр болған жоқ. Ресей далада көшпелі шаруашылық өнімдері сатылып, көшпенділерге қажетті дайын егіншілік және өнеркәсіп тауарлары сатып алынатын базарлардың жұмыс істеуін қамтамасыз етті.

Тура осы кезеңде қазақ тайпалық қоғамының ұйымдастырылу деңгейі құлдырай бастады. Хан билігі бірте-бірте маңызынан айырылды, сондай-ақ ірі тайпа бірлестіктері де ыдырап жатты. Содан кейін аз ғана уақыт дербес өмір сүрген үлкен тайпалар кішігірім рулық қауымдарға бөлініп кетті. 19-ғасырға қарай қазақтардың біртұтас хандығы болмағандықтан, Ресей әкімшілігі үшін бүкіл қазақ халқын біріктіретін ұйымдық құрылымды жаңадан құрудың мән-мағынасы жоқ еді. Оның үстіне 1730-жылдарда қазақтар мен Ресей арасында шарт аясындағы қарым-қатынас басталған кезден бастап бірден бірнеше хан онымен келісім жасасты. Ресей империясы үшін көшпелі қазақтарды басқару ыңғайлы болу үшін бөліп ал да, билей бер ережесін ұстану қисындырақ болды. Соның нәтижесінде 20-ғасырдың басына қарай қазақтар әртүрлі губерния, облыс, уезге қарайтын болды. Атап өтетіні, бұл аграрлық империялардың көшпенділерге қатысты жүргізген саясатына тән ортақ сипат болған.

Атап айтқанда, Қытайдың Цин империясында өзіне тәуелді көшпенділерді, негізінен ойрат (жоңғар) мен моңғолды тиімдірек басқару үшін осылай жасалды. Көшпелі халықты жаулап алған бойда оған бақылау орнату аграрлық империялар жүргізген саясаттың өте маңызды бөлігі болды. Бұл отырықшы мемлекеттер мен көшпенділер арасындағы қарым-қатынас тарихының күрделі сипатына және осыған байланысты қалыптасқан үрейге байланысты еді.

Ресей империясының құрамындағы қазақ халқының жеке топтары қай аумақтың құрамына кірсе, соның әкімшілік орталығына баруға бейім болған. Мысалы, Жетісу облысының қазақтары үшін Верный қаласы, Сырдария қазақтары үшін Ташкент, Бөкей Ордасына қарастылар үшін Астрахан, Ақмола облысындағылар үшін Омбы мен Семей қаласы тартымды болған және т.с.с. Әлбетте, далада және оның маңында орын тепкен қалалардың негізгі аймақтық нарық ретінде маңызы зор болған. Бірақ сонымен бірге бұл империялық билікпен өзара әрекеттестік жасалатын орын да болды.

Рашид Құлбатыров

Рашид Құлбатыров

Бөліп ал да билей бер

Аграрлық империя үшін егіншілікпен айналысатын халық әлдеқайда маңызды болады, өйткені ол салық көзі, сондай-ақ әскерге сарбаз береді. Сондықтан Ресей империясы көшпелі қазақ халқын сырттан басқарумен шектеліп, оның ішкі өмір салты мен негізгі дәстүріне аса араласа қойған жоқ. Атап өтетіні, қарым-қатынастың бастапқы кезеңінде Ресей билігін жекелеген қазақ рулары үшін тартымды еткен дәл осы жағдай еді.

Ресейдің Азияда жаулап алған жерінде ешқашан үлкен бюрократиялық аппарат болған жоқ және де ол оны кеңейтуден аулақ болуға тырысты. Сондықтан 19-ғасырдың екінші жартысындағы реформалар шеңберінде қазақ қоғамында болыстық (орысша волость) ұйымдастыру жүйесі енгізілді. Болысты сайлау іс жүзінде жергілікті ресурстың есебінен және жергілікті дәстүр бойынша жергілікті әкімшілік құруды білдірді. Сайланған болыс Ресей әкімшілігімен өзара іс-қимыл жасауға, өзіне сеніп тапсырылған болыстықтың мемлекет алдындағы міндеттемесін қазақ халқының орындауына жауапты болды. Әлбетте, мұның арқасында ол билікке біршама жақын болды.

Алайда орталық Ресейдегі шаруа қауымдарынан айырмашылығы — қазақ қоғамы ру-тайпалық сипатта болды. Нәтижесінде болыс сайлау болыстың тағына отырудан дәмелі жеке рулық топтар арасындағы бәсекеге айналды. Өйткені болыс болып сайлану — болыстық ішінде (соның ішінде Ресей әкімшілігімен байланыстың есебінен) үстемдік орнатуға жол ашатын. Сайлауда жеңіске жеткен топ жайылым жерді пайдалану ғана емес, мемлекет алдындағы міндеттемені болыстық ішінде бөлуге де әсер етуге мүмкіндік алатын. Осылайша басқару мемлекеттің айтарлықтай қаражат салуын қажет етпейтін. Сонымен бірге Ресей әкімшілігі көбінесе болыс сайлауы кезінде орын алған қазақ ішіндегі руаралық текетірес барысында делдал қызметін атқара алатын. Бұл divide et imperaiЛат. «бөліп ал да билей бер». деген белгілі қағидаға негізделген империяның саяси билігінің бір элементі болды.

Солай болғанымен, болыс сайлау жүйесінің арқасында қазақ қоғамы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынаста делдал институты қалыптасты. Бұл жердегі негізгі әңгіме аудармашы-тілмаштар туралы. Қазақ қоғамының жергілікті Ресей билігімен байланыс жасауы жүйелі сипат алып, жергілікті деңгейде талқыланатын мәселелер шеңбері бірте-бірте кеңейіп, құжат айналымы да арта түсті. Оның үстіне, енді болыстық деңгейіндегі бұл қатынасты жергілікті қазақ билігінің айтарлықтай көп өкілі жасауға тиіс болды. Ал бұрын бұл функцияны Шыңғыс ханнан тараған ақсүйектер немесе ірі тайпа басшылары атқарған. Үлкен тайпалардың іс жүзінде жойылуымен және Шыңғыс ханнан тараған ақсүйектердің әлсіреуімен кішігірім рулық топтардың өкілдері жер-жердегі орыс әкімшілігінің негізгі контрагенті қызметін атқара бастады. Тиісінше, Ресей билігімен арадағы қарым-қатынаста делдал қызметін атқарған тілмаштарға да сұраныс артты.

М. Баймұхамедұлы бастаған қазақ сұлтандар делегациясы Санкт-Петербургте. ҚР КФДЖ ОҚА, 1860 жыл

М. Баймұхамедұлы бастаған қазақ сұлтандар делегациясы Санкт-Петербургте. ҚР КФДЖ ОҚА, 1860 жыл

Оқыған қазақтардың алғашқы буыны

Осыған орай 19-ғасырдың аяғында қазақтың дәстүрлі элитасының бір бөлігі балаларына орысша білім беруге ұмтылды. Ол отбасының мәртебесін жоғарылатудың құралы деп қарастырылды. «Байырғы халықтың саяси және экономикалық мүддесін қорғау өлке әкімшілігімен және орталық үкіметпен диалогта іске асуы керек болғандықтан, орыс тілін білу, бұрынғы Ресей империясының әкімшілік және саяси институтында жұмыс істеу тәжірибесі жаңа саяси элита үшін маңызды ресурсқа айналды».iРоссия в 1917 году. Этнополитические процессы в центральноазиатских окраинах России в период революций 1917 года. Барнаул, 2017. С. 205.

120

1917 жылғы революция қарсаңындағы жоғары білімі бар қазақтардың саны

И. С. Поляков. Білім алушылардың жиынтық портреті. Қазақстан, Семей облысы. 1879 жыл

Дегенмен орысша білім алуға ұмтылу жаппай құбылыс болған жоқ, өйткені ол айтарлықтай күш-жігер салуды қажет етті. Әсіресе бұл жоғары білім алуға қатысты еді, өйткені оны Ресейде ғана алу мүмкін болатын. Мұндай басқару жүйесінде дәстүрлі қазақ қоғамында ешқандай жаңару болмайтыны айдан анық еді. Мысалы, Британ Үндістанында британдықтар іске асырған дәстүрлі үнді қоғамын жаңғырту саясаты тек отырықшы үндістерге ғана емес, сонымен бірге ру-тайпалық қарым-қатынас үлгісін сақтаған Солтүстік-Батыс шегара провинциясындағы (СБШП) көшпелі пуштундардың бір бөлігіне де әсер етті. Британдықтар 1913 жылы СБШП астанасы Пешаварда ашқан колледжiҚазір Исламия колледжі. пуштун халқының арасынан бюрократияны толыққанды даярлайтын орталықтардың бірі болды.

Сондықтан негізінен осы себептен Ресей білімін, әсіресе жоғары білім алған қазақтың саны өте шектеулі болды. Революция қарсаңында небары 120 қазақ қана Ресейден жоғары білім алған. Оның көпшілігі Ресей әкімшілігімен тікелей байланысы бар қоғамдағы топтардан шыққан. Мысалы, Санжар Асфендияров3i3Санжар Асфендияров (1889–1938)iӘскери дәрігер, Түркістан АКСР-інің денсаулық сақтау (1919–1920, 1923–1924), егін шаруашылығы халық комиссары (1920–1921), Қазақ АКСР денсаулық сақтау халық комиссары (1931–1933), профессор. Түркістан генерал-губернаторлығы жанындағы әскери тілмаштың отбасында дүниеге келген. 1912 жылы Санкт-Петербургі әскери-медицина академиясын тәмамдаған, ал оның екі қарындасы империяның астанасында білім алды. Санкт-Петербургтегі қатынас жолдар инженері институтын бітірген Мұхамеджан Тынышпаевтың4i4Мұхамеджан Тынышпаев (1879–1937)iИнженер. Екінші Мемлекеттік Думаның депутаты (1906), Түркістан (Қоқан) автономиясының бірінші премьер-министрі (1917), Түрксіб жобасын әзірлеуге белсене қатысқан (1927–1930). әкесі Жетісу губернаторы Герасим Колпаковскийге бағынышты жер комитетінің мүшесі болған. Томск технологиялық институтында оқыған Әлихан Ермековтің5i5Әлихан Ермеков (1891–1970)iМатематик, Алашорда Халық кеңесінің мүшесі. 1937–1947 жылдары контрреволюциялық әрекет жасады деген айыппен лагерьде қамауда болды. 1948 жылы қайтадан тұтқындалып, 1955 жылы босатылды. әкесі де, атасы да болыс болған.

Ресейдегі университеттен жоғары білім алу үшін студент болудан үміткердің өзі де көп күш-жігер салуы тиіс болған. Айталық, М. Тынышпаев Санкт-Петербургте оқып, шәкіртақы алу үшін Верныйда арнайы ұйымдастырылған емтихан тапсырды. Білім алуға кететін материалдық шығынды көтеруге бірен-саран адамның ғана жағдайы келген. Мысалы, Жаһанша Досмұхамедовтың6i6Жаһанша Досмұхамедов (1887–1938)Заңгер, Алашорданың батыс қанаты көсемдерінің бірі. Орал шынайы әскери училищесінде оқуына жергілікті болыс демеу жасаса, сұлтан Бақытжан Қаратаев77Бақытжан ҚаратаевЗаңгер, Екінші Мемлекеттік Думаның кадеттер партиясынан депутаты. оның Мәскеу университетіне түсуіне көмектесті.

Бұл жағдай шын мәнінде Ресей империясында қазақ қоғамын жетілдіру саясаты мүлде болмаған деген тезисті тағы да растап отыр, ал Британ империясының айырмашылығы ол мұндай саясатты ең алдымен әкімшіліктің қажеттілігі үшін, сондай-ақ өзіне тәуелді отардың экономикасынан түсетін табысты арттыру мақсатында қарқынмен жүргізді. Білім алу толығымен қазақ қоғамының жекелеген өкілдерінің өз бастамасы болды.

Кейде мұның түп астарында элитаның бір бөлігінің қазақтың мүддесін жалпы мемлекеттік деңгейде білдірудің сапасын арттыруға деген ұмтылысы жатты. Жаңа айтылғандай, Шыңғыс ханның ұрпағы сұлтан Бақытжан Қаратаевтың Жаһанша Досмұхамедовке Мәскеу университетіне түсіп жоғары заң білімін алуға көмектескені осының жарқын мысалы. Бұл жағдайда 1906 жылы Мемлекеттік думаның депутаты болған Қаратаев оның құрамында жұмыс істеу, сондай-ақ Ресеймен қарым-қатынаста жалпы қазақтың мүддесіне өкілдік ету үшін жоғары заң білімі аса қажет екенін түсінген болу керек.

Бірақ жекелеген қазақтың Ресейде жоғары білім алуының өзі дәстүрлі қоғамды жетілдіріп жаңғыртуға онша қатты әсерін тигізбей, жүйелі өзгеріске алып келе алмайтын. Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген адамдар негізінен қазақтар мекендеген аумақтан тыс жерде жұмыс істеді. Мысалы, 1917 жылғы Ақпан революциясы қарсаңында Жаһанша Досмұхамедов Томск округтік сотында, Ахмет Бірімжанов8i8Ахмет Бірімжанов (1871–1927)iЗаңгер, Бірінші және Екінші Мемлекеттік Думаның кадеттер партиясынан депутаты. 1918 жылы Азамат соғысы кезеңіндегі большевикке қарсы үкіметтердің бірі — Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің (Комуч) мүшесі болды. Кеңес дәуірінде ҚАКСР Әділет халық комиссариаты мен Жоғарғы сотында қызмет етті. Бузулукта сот тергеушісі, Халел Досмұхамедов9i9Халел Досмұхамедов (1883–1939)Дәрігер, Алашорда үкіметінің мүшесі. 1930 жылы тұтқындалған, түрме ауруханасында қайтыс болған. Орал казак әскерінде әскери дәрігер, Санжар Асфендияров Термездегі, одан кейін Ташкенттегі Ресей әскери бөлімінде әскери дәрігер болып жұмыс істеген. Әрине, бұл жағдай қазақ қоғамының қандай да бір жолмен жаңаруына әсер еткен жоқ.

Бұл адамдардың барлығына қазақ қоғамында мамандығына сәйкес келетін жұмыс орны болмады. Қазақ даласындағы Ресей әкімшілігі оларға, айталық, британдықтар Үндістанда жасағандай, әкімшілік басқару немесе білім беру, денсаулық сақтау институттарын, тіпті жергілікті элитаның аз ғана бөлігіне құруға аса қызығушылық танытпады. 1917 жылға дейін Ресейдің сапалы жоғары білімін алған санаулы қазақтар жай ғана орыстың білімді қоғамы өкілдерінің қатарын толықтырып жатты. Шындығында олар осылайша бұрынырақ Ресейде жоғары білім алған, негізінен Шыңғыс ханның ұрпағына жататын қазақтардың бірінші толқынының жолын қайталаған. Сол толқынның ең көрнекті өкілдері — Шоқан Уәлиханов пен Ғұбайдолла Шыңғысхан (Жәңгіров) болды.

Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің ұлы Ғұбайдолла Жәңгіров Ресейде тамаша мансап жасап, атты әскердің генералы атағын алды. Бірақ қазақ қоғамын жаңғырту үшін оның және Шыңғыс ханның басқа ұрпақтарының Ресейде жоғары білім алуы, тіпті биліктің ең жоғары құрылымында табысты мансапқа жетуінің аса маңызы болған жоқ. Олар, айталық, Ғұбайдолла Шыңғысхан (Жәңгіров) сияқты Қазақ даласын тастап, Ресей элитасының бір бөлігіне айналды немесе Шоқан Уәлиханов сияқты дәстүрлі қоғам мен орыс әкімшілігінің ортасында қалды. Қазақ қоғамын жетілдіру туралы идеяны алға тарпақ болған Уәлихановтың бұл әрекетінің бәрі нәтижесіз қалды.

1 / 6

Әрине, көзі ашық қазақтардың екінші толқыны біріншіге қарағанда саны жағынан көп болды және оның қызметі басқа жағдайда өрбіді. 20-ғасырдың басында Ресей империясында үлкен өзгеріс болды, соның ішінде қоғамдық-саяси белсенділік айтарлықтай өсті. Сондықтан білімді қазақтардың бір бөлігі белсенді публицистикалық қызметпен айналыса алатын. 19051907 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін-ақ болашақ Қазақстан аумағында аз уақыт болса да, «Серке» және «Қазақ газеті» шықты. Ол уақытқа дейін Ресей әкімшілігінің ресми газеттері ғана болған. 18701882 жылдар аралығында Ташкентте «Түркістан уәлаятының» газеті «Түркістан ведомостының» қосымшасы ретінде шықты. Ал Омбыда 1888 жылдан бастап «Дала уәлаятының» газеті «Ақмола ведомостына» қосымша ретінде жарық көрген.

1911 жылдан 1915 жылға дейін 500 дана таралыммен «Айқап» ғылыми-ағартушылық журналы шығып тұрды. 1911 жылдан бастап «Қазақстан» газеті жарық көрді, бірақ 15-саны шыққан соң бұл басылым жабылды. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов негізін қалаған «Қазақ» газеті ең сәтті басылым саналады. Ол қазақ халқының мәдени және саяси деңгейін көтеру жағынан зор рөл атқарды. 1914 жылдың өзінде жәрмеңкеде таралатын даналарын есептемегенде, газетті үш мың адам жаздырып алатын, ал 1917 жылға қарай таралымы 8 мың данаға жетті. 1917 жылы Қоқанда «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұлан», «Үш жүз», «Халық газеті» сияқты бірқатар жаңа басылым шығатын болды.

«Қазақ» газеті. № 50, 1914

«Қазақ» газеті. № 50, 1914

Революция мен азамат соғысы кезінде қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуға әрекет жасалғанда көзі ашық, білімді көптеген қазақтың рөлі зор болды. Шындығында, дәл осы білімді қазақтың шағын тобы — ондаған адам ғана 20-ғасырдағы жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық идеялардың негізінде қазақ қоғамын жетілдіру идеясын насихаттады. Жоғарыда айтылғандай, Петербургке оқуға түсу үшін Верныйда арнайы емтихан тапсырған Мұхамеджан Тынышпаев Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары, содан соң Түркістан (Қоқан) автономиясы басшыларының бірі болады.

Шыңғыс ханның тұқымы Санжар Асфендияров Түркістан Республикасының әкімшілігінде жұмыс істеді, Қазақ университетінің тұңғыш ректоры болды. Адвокат Сералы Лапин 1917 жылы Түркістандағы консервативтік көзқарастағы ғұламалардың басын біріктіріп, исламдық прогресшілдер — жәдидтердің қозғалысымен бәсекеге түскен «Джамиат-и Улема» партиясын басқарды. Шыңғыс ханның тұқымы, Петербург орман шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген Әлихан Бөкейханов — 1917 жылға дейін орыс басылымдарында мақала жазған ең көрнекті қазақ авторларының бірі болды. Кадет партиясы ОК құрамында болды, бірінші Мемлекеттік Думаға Семей облысынан депутат болып сайланды.

Көптеген кадет пен социалист, соның ішінде Ресей Уақытша үкіметінің болашақ басшысы Александр Керенский сияқты, Бөкейханов та «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» деп аталған масон ложасына мүше болды. Бөкейханов Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары, ал 1917 жылдың желтоқсанында астанасы Семей қаласында орналасқан Алаш Орда үкіметінің басшысы болып сайланды.

Қазақбай Әжібекұлы. Алашорда / Ашық дереккөзден

Қазақбай Әжібекұлы. Алашорда / Ашық дереккөзден

Білімді қазақтардың екінші буынының өкілдері большевиктердің жақтастары арасында да кездеседі. Айталық, Тұрар Рысқұлов Түркістан коммунистік партиясының Мұсбюро (Мұсылман бюросы) төрағасы, ал 1920 жылы Түркістан ОАК төрағасы, кейінірек Түркістан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және РКФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1924 жылы Моңғолиядағы Коминтерн өкілі болған кезде елдің астанасын Ұлан Батор деп атауды ұсынған Рысқұлов болатын. Нәзір Төреқұлов Рысқұловтан кейін Түркістан ОАК төрағасы қызметін атқарып, көп ұзамай Мәскеудегі Шығыс халықтарының орталық баспасын басқарды және КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшісі болды.

Бірақ көзі ашық қазақтың екінші ұрпағының тағдыры қайғылы болды. Мен атаған 20-ғасырдың басындағы қайраткерлердің ішінде Сералы Лапин ғана 1919 жылы өз ажалымен, бірақ жұмбақ жағдайда өмірден кетті. Қалғандары 19371938 жылдары атылды.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ