ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

2-дәріс. Дәстүршілік тұзағы

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

Е. А. Ким. Қазақтардың тұрмысы

Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. Екінші дәрісте ол 1917 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болмағанда қазақ жерінің болашағы қандай болар еді деген сұраққа жауап іздейді. 

Шартты түрдегі еуропалық көзқарас тұрғысынан 20 ғасырдың басындағы өлшеммен алғанда, қазақ қоғамы 1917 жылға қарай біршама архаикалық жағдайда болды. Бірақ шарттылығы жағынан кем түспейтін азиялық көзқарас тұрғысынан алғанда оның айтарлықтай дәстүрлі болмағаны да маңызды. Атап айтқанда, азиялық көшпелі қоғам ретінде қарастырғанда, 1917 жылғы төңкеріс қарсаңында қазақтарда Иран, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен тіпті Моңғолиядағы көшпенділер мен ру-тайпалық қоғамдастықтарда болған тиісті діни инфрақұрылым жоқ еді.

Бұл Қазақ даласында тиісті экономикалық базаның болмауымен түсіндіріледі. Мұнда діни қажеттілікке арналған мұсылман меншік жүйесі — вакф болған жоқ. Бұл жерде бұрынғы заманда діни инфрақұрылымды қалыпта ұстауға мүдделі болған хандар мен ірі ақсүйектер тобы жоқ еді. Егер ру-тайпалық қоғам туралы айтатын болсақ, 20 ғасырдың басына қарай қазақта ірі тайпа қалмаған, ал сонау 18 және 19 ғасырдың біраз бөлігінде тайпалар мен тайпа басшылары Шыңғыс ханнан тараған ақсүйектермен қатар Қазақ даласындағы саяси процестердің негізгі субъектілері болды.

Тұрақты қоғам

Хан билігінің бірте-бірте құлдырауымен қатар ірі меншік те жойылды. Бұрынғы заманда көп малдың иелері әдетте Шыңғыс ханнан тараған ақсүйек өкілдері болған. 20 ғасырдың басына таман жеке адамдардың иелігінде ірі отар қалмады. Самсаған мал қазақтың рулық қауымдарының билігінде болды, бұл «ауылдық малшы ақсүйектің» қалыптасуын қатты қиындатты. Бұл үшін қажетті екі маңызды шарт қазақ қоғамында жоқ еді. Біріншіден, жерге жеке меншік болған жоқ, ол ортақ иелікте болды. Екіншіден, жалдамалы еңбекті пайдалану рулық қауым шеңберіндегі туыстық қатынаспен шектелді.

1917 жылғы революцияның қарсаңында далада ірі капитал да болған жоқ. Негізгі экономикалық орталықтар Ресей қалаларында шоғырланды, жергілікті капиталдың, негізінен сауда және ішінара ғана өнеркәсіптік капиталдың өкілдері де сонда орналасты. Негізінен бұл орыс және татар кәсіпкерлері болды. Соңғысы, атап айтқанда, дала аймағындағы бүкіл сауданы бақылап отырды.

Қазақта ірі және орта капиталдың іс жүзінде болмауынан далада өзгеріске қажетті жағдай тумағаны анық. Кәдімгі жағдайда теория жағынан капиталды инфрақұрылым салуға, білім беру, денсаулы сақтау саласына салуға болады. Бұл Британдық Үндістанға тән нәрсе. Бұл тұрғыда орыстың сауда капиталы үшін орыс халқының мүддесі басым болғаны түсінікті. Ал Қазақ даласындағы татардың сауда капиталы негізінен діни мәселені шешуге, соның ішінде біршама шектеулі адамдар тобына ғана білім беруге инвестиция салды.

1 / 5

Жалпы 20 ғасырдың басына қарай қазақтың дәстүрлі элитасының экономикалық мүмкіндігі елеулі түрде қысқарды. Басқасына қоса, қазақ элитасы дербес болған кезде оның табысының маңызды бөлігін құраған Ресей мен Орта Азия арасындағы транзиттік саудадан түсетін табыстан 19 ғасырдың екінші жартысында айырылды. Бірақ 18 ғасырға тән болған соғыс тоқтағаннан қазақ көшпелі халқының саны көбейіп, соған сәйкес ішкі тұтыну ауқымы да артты.

Осы фактордың барлығы 18 ғасырдың ортасы мен 19 ғасырдың жартысынан астам кезеңінде дала экономикасының маңызды бөлігіне айналған Ресей базарында мал сатудың қысқаруына себеп болды. Орыс келімсектерінің тықсыруымен жайылымы қысқарып бара жатқан жағдайда саны өсіп келе жатқан халықтың ішкі тұтынуына бұрынғыдан көп мал кететін болды.

Жалпы 20 ғасырдың басына қарай қазақ қоғамында жергілікті дәстүрлі элитаның саны мен әсері айтарлықтай азайды. Енді қазақ элитасындағы ең маңызды фигура болыс болды. Бірақ кез келген болыстықтың аумағы кішігірім болған соң, болыс оның шегінен тыс жерде қандай да бір елеулі рөл атқармайтын. Сонымен қатар, ішкі руаралық бәсекелестіктің шиеленуінен болыстың ықпалы айтарлықтай әлсіреді.

Қазақ қоғамы үшін 20 ғасырдың басындағы іргелі саяси оқиға болған 1916 жылғы көтерілістің111916 жылғы көтерілісБірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі еңбек жұмылдыруынан туындаған Орталық Азия халықтарының патша үкіметіне және орыс қоныстанушыларына қарсы қарулы көтеріліс. өзгешелігі — оның аса көрнекті жетекшілері қазақ тайпаларының дәстүрлі элитасымен байланысты болмаған. Атап айтқанда, Торғай облысында көтеріліс жетекшілері Амангелді Иманов пен Абдулғафар Жанбосынов қыпшақ тайпасына жатқанымен, оның дәстүрлі элитасына қатысы болмаған.

С. Чуйков. 1916 жылғы Қырғызстандағы көтеріліс. 1936 жыл. Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейі

С. Чуйков. 1916 жылғы Қырғызстандағы көтеріліс. 1936 жыл. Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейі

Осы орайда Торғайдағы көтерілісшілердің өзі ұйымдық жағынан базалық деңгейдегі ру-тайпалық жүйені басшылыққа алды. Сондықтан қыпшақ руларынан құралған болыстықтарға қарасты халық Жанбосыновты өзіне хан етіп сайлады. Ал жергілікті арғыннан шыққан көтерілісшілер дәстүрлі элитаға қатысы жоқ Шолақ Оспановты хан етіп сайлады.

1916 жылғы көтерілістің ауыр жағдайында олар жеке қасиетімен көзге түсті. Шартты түрде оларды өз заманының «дала командирлері» деп атауға болады. Бірақ дәстүрлі элита оларға сыни көзқараспен қарап, тіпті «барымташы» деп атады.

1917 жылы 23-мамырда Уақытша үкіметтің Ішкі істер министріне сол кезде үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары Әлихан Бөкейханов жолдаған хат назар аударарлық. «Жазалаушы экспедицияiГенерал Лаврентьевтің отряды туралы айтылады. көтерілісшілердің ізінше уездің бейбіт бөлігін күйретті. Әлгілерді кәсіпқой барымташылар Абдулғафар мен Амангелді басқарды. Мен Торғай қаласына екі жақтың ақсақалдарын шақырып, оларға азаматтық кінәрат-талапты бейбіт жолмен жоюды ұсындым. Жиынға қатысқысы келмеген Абдулғафар мен Амангелді уезден кетіп қалды. Уез тынышталуы үшін оларды қамауға алу керек».iАманжолова Д.А. Алаш: исторический смысл демократического выбора. Алматы, 2013. С. 159. Бұл тұрғыда Бөкейханов шақырған «ақсақалдар» дәстүрлі ру-тайпалық элитаның өкілдері еді.

Шынын айтқанда, Бөкейхановтың бұл ұстанымы таңғаларлық емес, өйткені білімді қазақтардың көпшілігі шығу тегі жағынан дәстүрлі қоғам мен оның элиталық топтарына жақын болған шығар. Бөкейхановтың Амангелді Иманов пен Абдуғафар Жанбосыновты «барымташы», яғни дәстүрлі қоғамдағы қалыптасқан тәртіпті бұзуға бейім адамдар деп көрсеткеніне қарағанда, жалпы дәстүрлі элитаның оларға оң көзқарас таныта қоймайтыны анық еді.

Шынында да, көтеріліске шыққандардың іс-әрекеті көбінесе жергілікті элита өкілдеріне қарсы бағытталды, себебі оны тыл жұмысына жұмылдырылатын адамдардың тізімін жасау кезінде қиянат жасады деп айыптады. Жалпы, қазақтың ру-тайпалық элитасы бұрыннан Ресейдің жергілікті билігіне бейімделген, өйткені онымен өзара іс-қимыл жасау, басқасына қоса, қазақ қоғамындағы өз орнын қамтамасыз ету үшін де маңызды болды. Ол қазақ қоғамы мен Ресей әкімшілігі арасындағы қарым-қатынаста ықпалды делдал ретінде әрекет етті. Кәдімгі қазақ қоғамының Ресейдің ресми өкілдерімен барлық байланысы дәстүрлі элитаның делдалдығымен жасалды.

Осы тұрғыдан алғанда 1916 жылғы көтеріліс жер-жердегі қазақ билігінің дағдарысқа ұшырағанын айқын көрсетті. Оның алдыңғы он жылдағы ықпалы Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың қоныстанып келуіне және қазақ халқының жерін жаппай тартып алуына қарсы ештеңе істей алмауынан онсыз да айтарлықтай әлсіреді. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ру-тайпалық элитасы қоғамның мүддесі және оған қайшы келген Ресей билігінің жер мәселесінде жүргізген саясаты арасында қиын жағдайда қалды. Марта Олкоттың пікірінше, «отаршылық билік құрылған кезде ру басшыларының билігі, негізінен, олардың бастапқы өкілеттігі — жер бөлу міндетін орындай алмауынан қысқарды».iOlcott M. The Kazakhs. Stanford, 1987. P. 104.

1916 жылғы көтеріліс / белгісіз дереккөз

1916 жылғы көтеріліс / белгісіз дереккөз

Орыс отаршылдығы үлгісі

Қазақ қоғамы дәстүрліліктің тұзағы деуге болатын қиын жағдайға тап болды. Шындығында, көшпенділердің өзгеріссіз қатып қалған дәстүрлі өмір салтына Ресейдің қысымы күшейе түсті, ал оның басты мақсаты орнына ешқандай балама ұсынбай оның басты байлығы — жерді басып алу еді. Егер Ресей дәстүрліліктің баламасын ұсынғанда (және бұл балама британдықтар Британдық Үндістанда жасаған модернизация ғана болуы мүмкін еді), онда қазақтың өмір салты өзгеріске ұшырайтын еді. Сонымен қатар, Ресейдің отарлау саясатына тән нәрсе — Ресейге тәуелді дәстүрлі қоғамдарды жетілдіруден бас тартылуы қазақ халқының өмір салты түбегейлі өзгеріске ұшырамай, иелігіндегі жердің біртіндеп азаюын білдірді.

Мені достарымнан сақта! Ағылшын карикатурасы 1878 жыл / Legion

Мені достарымнан сақта! Ағылшын карикатурасы 1878 жыл / Legion

Отаршылдықтың британ-үнді моделінен басқа оның, мысалы, Солтүстік Америка мен Австралияда іске асқан тағы бір үлгісі болды. Бұл модельге тән сипат — дәстүрлі өмір салтын ұстанатын қоғамның біртіндеп резервацияға ығыстырылуы. Негізінен, мұндай жерде осындай өмір салты өте ұзақ уақыт сақталуы мүмкін еді, ал басып алынған аумақтарда кәдімгі еуропалық қоғамның барлық институты, соның ішінде жерге жеке меншік құқығы бар өзіндік көшірмесі жасалды. Бұл жағдайда еуропалық елдердің отарлауының басты себебі жерге деген сұраныс болды. Әлбетте, бұған дәстүрлі қоғамдағы, нақты жағдайда Солтүстік Америка мен Австралияда жер мәртебесінің анықталмағандығы ықпал етті. Дәстүрлі қоғамдарда басқасына қоса жерге құқықты реттейтін заманауи институттың болмауынан еуропалықтар оларды өзімен-өзі өмір сүріп, дәстүрін сақтай алатын шеткі аймақтарға ығыстыруға мүмкіндік алды.

19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Ресей экономикасының жаңа басымдықтары пайда болды, мұның ең айқын көрінісі — премьер-министр Столыпиннің Ресейдің орталығындағы халық тығыз қоныстанған губернияларды империяның азиялық бөлігіне қоныстандыруға және жерді игеруге негізделген аграрлық саясаты.22Столыпиннің реформасы1906-1911 жылдарында Министірлі Кеңесінің төрағасы болған Петр Столыпиннің (1862-1911) есімімен аталды. Стольпиннің аграрлық реформасында Ресейдің ішкі аудандарындағы жер тапшылығын шешумен қатар, орыс шаруаларын көшіру арқылы шалғайдағы отар аймақтарды игеру көзделді. Бұдан былай Ресей билігі қазақтың көшпелі шаруашылығын архаикалық деп есептей бастады. Өйткені оған тым көп жер қажет, одан да бұл аумақтарды Ресейдің ауыл шаруашылығы өндірісінің мүддесіне пайдалану жөн деп есептелді.

Қазақ қоғамы түйсік негізінде дәстүрлілік пен өзінің дағдылы өмір салтын сақтауға ұмтылды, бірақ 20 ғасырдың басында оның ондай мүмкіндігі болған жоқ. Жерді тартып алу күшейген сайын көшпелі қоғамның иелігінде орыс келімсектерінің ауыл шаруашылық өндірісіне жарамсыз жер ғана қалуы мүмкін болды.

Көшпелі халықтардың тағдырын аграрлық мемлекет билігі шешті, ал оның өзіне тәуелді көшпенділердің дәстүрлі өмір салтын сақтауына қандай да бір себеп болған жоқ. Мысалы, Қытайда 20 ғасырдың басым бөлігінде Солтүстік Шыңжаңда да, Ішкі Моңғолияда да көшпелі өмір салты кең таралған болатын. Мұның себебі — негізінен осы далалық аймақтардың жері Қытайдағы дәстүрлі аграрлық өндіріс үлгісі үшін аса қызығарлық болмаған. Қытай билігі көшпелі қоғамдастықтарды сырттай бақылаумен шектелді. Оның аясында Қытай әкімшілігі басқаратын шағын бөлімшелерге бөлді. Нәтижесінде моңғол көшпенділері негізінен қытай аграрлық мемлекеттілігінің шеткі бөлігінде дәстүрлі өмір салтын сақтап қалды.

Д. В. Несыпова. Столыпин. Өмірінің соңғы минуттары

Д. В. Несыпова. Столыпин. Өмірінің соңғы минуттары

Бірақ Ресей империясы туралы олай айтуға болмайды. Ол жерді басып алуға өте мүдделі болды, сондықтан қазақтың дәстүрлі қоғамдастықтары қатты қысымға ұшырады. Осы орайда Ресей әкімшілігінің бақылауындағы шағын аумақтарға (болыстыққа) бөлінудің салдарында жер бөлу процесінде қандай да бір дербес рөл атқаруға мүмкіндік болған жоқ.

Жалпы 20 ғасырдың басында қазақ көшпенділерінің келешегі нашар болды. Олар Ресей билігі қалдыруға келіскен және егіншілікке қолайсыз аумақтарда ғана дәстүрлі өмір салтын сақтай алатын еді. Айта кететіні, қазіргі кезде де Азияда дәстүрлі өмір салтын ұстанатын жекелеген көшпелі қоғамдастықтар бар. Бірақ олар егіншілікке қолайсыз шеткері жерде: мысалы, таулы немесе шөлді аймақтарда ғана қоныстанған.

Осы тұрғыдан алғанда, 1916 жылғы көтерілістің салдары қазақ қоғамының жерден айырылу үдерісін жеделдете түскені анық. 1916 жылғы 16 қазанда Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Алексей Куропаткиннің басшылығымен жиын өтті. «Генерал-губернатор орыстың қаны төгілген барлық жерді қырғыздан тартып алу қажет деп есептейтінін айтты, ал Ыстықкөлдің маңы мен Текес аңғарының бойында бүліншілік жасаған қырғыздар 1000-нан астам үйді қиратып, өртеп, орыс халқының 2000-ға жуық адамын өлтіргендіктен, әлбетте, бұл жердің бәрін қырғыздың пайдалануынан алып, орыстың қоныстануына беру керек. Бірақ мемлекеттік мүлікті басқарушының міндетін атқарушы ұсынған картада алып қоюға ұсынылған жердің шегарасы онша дұрыс сызылмаған, қырғыздардан этнографиялық тұрғыда ғана емес, географиялық шегара жағынан оқшауланған, орыс халқы тұратын аумақты құруға ұмтылу қажет, сондықтан жоғары мәртебелі (генерал-губернатор, – ауд.) Ыстықкөлдің солтүстік, сондай-ақ оңтүстік жағалауынан да тау жотасының бойымен шегара белгілеуді ұсынды. Сол сияқты Жаркент уезіндегі бүлікшіл қырғыздардың Атбан руыныңiҚазақтың албан руы. Текес пен Шалкөдесу өзендерінің аңғары бойындағы барлық жерін, Қарқара жайлауын және бүліншілік жасаған Пішпек уезіндегі қырғыздардың Кебен алқабы мен Шу алқабының бір бөлігіндегі жерін олардың пайдалануынан шығару қажет деп таныды».iБрайнин С., Шафиро Ш. Очерки по истории Алаш-Орды. М.; Алма-Ата, 1935. 114-б.

Кейінірек, 1917 жылғы қаңтардың өзінде, Ресей монархиясының күйрейтін уақыты жақындап қалғанда билік бұл жоспарды біртіндеп іске асыра бастады. Мысалы, Ақпан революциясынан кейін 1917 жылғы 12 наурызда Пішпек уезінің тұрғындары Ресейдің жаңа үкіметіне хат жолдады. Онда олар 15 болыстықтың қырғыздарын Пішпек уезінен жаңадан құрылған Нарын округіне көшіру туралы әскери губернатордыңiГенерал Куропаткиннің 1917 жылғы 12-қаңтардағы нөмірі 886-бұйрығының күшін жоюды сұраған. «Еркек, әйел аралас 80 мың қырғыз жерінен қуылады. Баратын жері (Нарында, – авт. еск.) мүлдем елсіз әрі егіншілік пен мал шаруашылығына қолайсыз. Онда қырғыздар біртіндеп жойылу қаупіне душар болады... Жерінен қуылған қырғыздың көпшілігі тәртіпсіздіккеi1916 жылғы көтеріліс. ешбір қатысқан жоқ. Біз жаңа үкіметтің адамгершілік жасауын өтінеміз, бұрынғы үкімет белгілеген жазаның күшін жойып, бізді жерімізден қумай, Пішпек уезінде қалдыруды сұраймыз. Ол біздің атам заманнан бергі мекеніміз».iВосстание 1916 года в Туркестане: документальные свидетельства общей трагедии. Сб. док. и мат. М., 2016. С. 401-402.

Семен Чуйков. Көтерілісшілердің Қытайға қашуы, 1936 жыл. Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейі

Семен Чуйков. Көтерілісшілердің Қытайға қашуы, 1936 жыл. Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейі

1916 жылғы көтерілісті басуда орыстың келімсек шаруалары тікелей маңызды рөл атқарды. Оларды Азияға қоныстандыру процесінің өзі жергілікті азиялық халықтың арасында бөлек орыс анклавтарының құрылуына жағдай туғызды. 1920-жылдары кеңестік тарихшы Петр Галузо: «…орыстың қоныс аударушысы… аймақтағы мұсылман халқына қарсы орыс үстемдігінің тірегі болуы тиіс» деп жазған.iГалузо П.Г. Туркестан - колония (Очерк истории Туркестана от завоевания русскими до революции 1917 года). М., 1929. С. 150.

Дәл осы жөнінде атап көрсететіні, шын мәнінде, Ресейдің Азиядағы ықпалының өзіндік тірегі ретінде қоныс аударып келгендердің елді мекендерін құру идеясының Ресейде шаруалар қоғамын ұйымдастыру мәселесіне де қатысы болды. Қоныс аударушылардың әлі де қауымдық нысанда ұйымдасқаны көрнекті құбылыс болды. Бұл 1907 жылдан бастап Ресейде жүргізілген шаруалар қауымдастығының реформасы аясында, керісінше, жеке шаруаларға оның құрамынан шығуға мүмкіндік берілгеніне қарамастан болған жағдай. Сірә, бұл бейтаныс және мүмкін, жауластық ортада өмір сүрген олардың бойындағы үрейге байланысты болған шығар.

Бұл оғаш жағдай еді. Столыпин реформасының бір мақсаты — ауылдық жерде жеке-жеке дербес шаруашылықтан ауылдық ұсақ буржуазия әлеуметтік табын құру болды. Алайда Азияға қоныс аударғандар жеке фермерлік қожалық тәртібімен қоныстануды емес, қауымдық өмір салтын ұстануды жөн көрді. Тиісінше, жаңа аумақтарға қоныс аудару Ресейдегі шаруалар қауымын сақтауға қосымша серпін берді.

Сонымен бірге Ресей билігі шаруаларды қоныстандырудың өзіне тікелей мүдделі болды. Оған орталық Ресейдегі демографиялық қысымды азайту және сонымен бірге жаңа аумақтарға қоныстандыру қажет болды. Соңғы мәселені шешу үшін жеке шаруа қожалықтарына қарағанда, қауым түрінде ұйымдасу қолайлы болғаны анық. Өйткені жеке қожалық көбірек қорғауды қажет ететін еді. Бірақ шешуші сәтте империяның тіпті ең аз қорғанысқа қажетті күші болмай қалды.

Орыс-казактардың 1916 жылы Орталық Азия көтерілісшілері жазалауы. Репродукция  (авторы белгісіз)

Орыс-казактардың 1916 жылы Орталық Азия көтерілісшілері жазалауы. Репродукция (авторы белгісіз)

Ресей Бірінші дүниежүзілік соғысқа киліккен кезде Азияға қоныстанған шаруалар да әскерге шақырылды. Сонымен қатар, соғыстың бірінші жылында ауыр жеңіліске ұшыраудың, сондай-ақ атыс қаруының тапшылығы салдарынан билік оны бүкіл елден, соның ішінде қоныс аударған шаруалардан жинауға кірісті. 1914 жылдың желтоқсанынан бастап 1916 жылдың 1-қаңтарына дейін 7,5 мың мылтық тапсырылды. Шаруа қауымдары Ресей билігінің шет жақтардағы тіректері ретінде қарастырылса да, 1916 жылға қарай олар айтарлықтай әлсіреді.

Яғни, Ресейдегі билік жергілікті азиялық халықтың жағдайынан қандай бір проблема бар деп есептемеген және ол қарсылық көрсетеді деп ойлаған жоқ. Александра Бахтурина былай деп жазды: «Түркістандағы Ресей әкімшілігінің тағы бір олқылығы, іс жүзінде әскери губернатордың ешқайсысы әдетте тыныш жатқан елдің шетінде мұндай көтеріліс болады деп күткен жоқ. Түркістанды басқарудағы кемшіліктер, орыс келімсектерінің көшпелі қырғыздарды жерінен ығыстыруы ешқашан өзекті ішкі саяси мәселе ретінде қарастырылмаған. Көп жыл бойы бұл мәселе талқыланып, түрлі жоба әзірленді, жиын өткізілді, бірақ 1916 жылғы оқиға ғана әкімшіліктің ұйымдаспағандығының, пайымсыз құрылған жер саясатының қайғылы зардабын көрсетті».iБахтурина А.Ю. Окраины Российской империи: государственное управление и национальное управление в годы первой мировой войны. М., 2005. С. 310.

Шындығында, 1916 жылғы көтерілістің бастапқы кезеңінде Жетісу облысындағы орыс халқының айтарлықтай шығынға ұшырауы орыс елді мекендерінде көп еркектің жоқ болғанына, сондай-ақ қару-жарақтың әскерге жинап әкетілгеніне байланысты болды. Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің дерегі бойынша, көтеріліс кезінде барлығы 3 офицер, 52 солдат өлтіріліп, 75-і хабарсыз кеткен, орыстың азаматтық халқының ішінен 1905 адам қаза тауып, 1105-і хабарсыз кеткен. Шығынға ұшырап, бойын үрей билеген келімсек шаруалардың көтерілісті басқан кезде қатыгездік танытуы негізінен соған байланысты болған.

Қазіргі кездегі орыс тарихшысы Владимир Булдаковтың 2010 жылы Ресей тарихы институтында жарыққа шыққан монографиясында бұл жағдайға берген бағасы өте қызық: «Бірақ болған оқиғаның ең маңызды нәтижесі — орыстардың аймақтағы беделі айрандай төгілді. «Өркениетті» халықтардың өзінен «төмен» деп есептейтін халықтармен қақтығысында әрқашан біріншілердің бойындағы жасырын жатқан жабайылықтың тұңғиығы ашылып қалады. Патша өкіметі «әкесінше» әлпештеген орыс халқы да ерекше болған жоқ. Оның үстіне, Орталық Азия мен Қазақстанда болған оқиға империяның маргиналданған таптарынан туындайтын зорлық-зомбылық импульсы шектен шыққан қатыгездігімен ерекше қауіпті екенін көрсетті. Патерналистік-реликтілік үлгідегі «тоқыраған» империяның дағдарысы өркениетті нормада өрбігені күмән туғызады».iБулдаков В.П. Хаос и этнос. Этнические конфликты в России, 1917-1918 гг. Условия возникновения, хроника, комментарий, анализ. М., 2010. С. 134. 1916 жылғы оқиға Азамат соғысында етек жайған зұлымдықтың алғышарты болғаны сөзсіз.

Билік көтерілісті басып-жаншу барысында келімсек шаруа қауымдарына көп қару-жарақ берді. «ОлiКуропаткин губернатор болғаннан бері қоныс аударып келгендерге көп қару-жарақ үлестірілді. Біз білетіндей, оны негізінен Жетісу жеріндегі колонистер алды». Олар бұрын жергілікті қазақ пен қырғыз халқы қоныстанған жердің көп бөлігін де иемденді.

Сәйкесінше, 1917 жылдың басына қарай аталмыш Жетісу облысындағы келімсек шаруалардың позициясы айтарлықтай күшейді. Шын мәнінде бұл өлкеде 1916 жылғы көтерілістен негізгі пайда көрген казактар ​​мен қоныс аударып келген шаруалар еді. Атап айтқанда, Жетісу облысыда көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін олар 2,5 млн десятина жерді басып алды. Бұл жағдайда жергілікті Ресей билігінің аймақта орыс және азиялық халықтар бөлек-бөлек тұратын аймақ құру жөніндегі аталмыш жоспары негізінен нақты жағдаяттан туындады.

Осылайша, 1917 жылғы Ақпан революциясы қарсаңында дәстүрлі қазақ қоғамы біршама қиын жағдайға тап болды. 1916 жылғы көтеріліс ол үшін сыртқы және ішкі жағдайдың өзгеруіне әкеп соқты. Сыртқы жағдайға қатысты алғанда, оның Ресей билігімен өзара қарым-қатынастағы жағдайы айтарлықтай нашарлады. Бұған қоса, мұның салдарында келімсек шаруалар белсеніп, қазақ қауымдарына қатты қысым көрсете бастады.

Андреас Каппелердің бағалауынша, Жетісу облысының өзінде ғана жергілікті қазақ және қырғыз халқының шығыны зор болды — 100 мың адам өлген және 200 мыңы Қытайға қашып кеткен.iКапеллер А. Россия - многонациональная империя: возникновение, история, распад. М., 1997. С. 260. Қазақ КСР тарихында Қытайға босып-қашқан қазақ пен қырғыздың саны 300 мың адам деп көрсетілген. Семей облысында 1914–1917 жылдар аралығында қазақ халқының саны 58 мың адамға қысқарған. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің дерегі бойынша шекарадан өткен кезде ғана 35 мың адам қаза тапқан.

Ә. Қастеев. Амангелді сарбаздары. 1970 жыл / РИА Новости

Ә. Қастеев. Амангелді сарбаздары. 1970 жыл / РИА Новости

Таяу келешекте Қазақ даласын не күтіп тұрды? Бәлкім, қазақтар американдық үндістер сияқты резервацияға ығыстырылатын ба еді. Осы тұрғыдан алғанда 1917 жылы Ресейде болған Ақпан төңкерісі жағдайдың түбегейлі өзгеруіне әкелгені сөзсіз. Оның арқасында 1916 жылғы көтерілістің жағымсыз салдары айтарлықтай әлсіреді. Сонымен қатар, қазақта да тарих тұзағынан құтылуға мүмкіндік туады деген үміт ұялады. Алайда үміттің бәрі бірдей орындала бермейді екен.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ