ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

6-дәріс. Диктатура диалектикасы

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

Марина Маргарина / Медиазона

Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес — «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. Алтыншы дәріс қазақ даласы мен Түркістандағы жаңа шындықтың сұлбасына арналады. 

Мазмұн

1919 жылдың аяғына қарай жаңа Кеңес мемлекетінің құрамындағы болашақ Қазақ автономиясының шегарасы қай жерден өтетіні мүлде анық емес еді. Қазақтар қоныстанған көп жер Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болды. Ақпан революциясы идеясының әсерімен 1917 жылғы қарашаның аяғында осында Қоқан автономиясы құрылып, оны жәдидшілерге жақын қазақ саясаткерлері Мұхамеджан Тынышпаев, одан кейін Мұстафа Шоқаев басқарды. Оны большевиктер талқандағаннан кейін Түркістан Кеңестік Республикасы жарияланды (1918 жылдың сәуірінде).

Қызыл пантүркизм

Бірақ Түркістанның Ресейдің орталық бөлігінен шалғайда орналасуына байланысты, ал кейіннен Азамат соғысы майданымен мүлдем оқшауланып қалуына байланысты Мәскеудің мұндағы ықпалы шектелді. Іс жүзінде Түркістан билігі өзімен өзі қалды. Алайда большевиктердің орталық басшылығы бұл өлкеге түрлі директива жіберіп, ондағы ахуалға әсер етті.

Бұқарадағы үгіт-насихат плакаты

Бұқарадағы үгіт-насихат плакаты

Мәскеу жіберген директивада большевиктердің ұлттардың өз тағдырын өзі шешу құқығы туралы идеологиясына сәйкес келетін, өлкенің басқару органдарына жергілікті мұсылмандарды тарту талабы да болды. Бірақ Түркістандағы нақты биліктің тізгінін ұстаған орыс қауымының өкілдері үшін бұл мүлдем қолайсыз еді. Атап айтқанда, 1918 жылдың қазан айында өткен Кеңестердің VI съезінде сайланған Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетінің (ОАК) құрамындағы 75 мүшенің 20-сы ғана жергілікті мұсылман халқының өкілі еді. Шынтуайтында орыс көпшілігі мұсылман азшылығын сырттан басқарып отырды. Ұзақ уақыт бойы Мәскеу директиваларына жайдан жай саботаж жасалып жатты.

1919 жылдың қаңтарында қызылдар Орынборды басып алғаннан кейін біраз уақытқа Түркістанмен қатынас ашылды. 1919 жылдың ақпанында Мәскеуде Түркістан бойынша комиссия құрылды. Ал 1919 жылдың наурыз айының өзінде-ақ Ташкентте Кеңестердің кезектен тыс съезі, сондай-ақ коммунистік партияның съезі өтті. Мәскеудің қысымымен коммунистер съезі Өлкелік мұсылмандар бюросын (Мұсбюро) құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына бес мұсылман кірді. Марко Бутино ол туралы: «көптеген орыс коммунистінің қарсылығын және өзгелердің сақтығын жеңе отырып, кейбір мұсылман-коммунистер айтарлықтай билік өкілетін алды. Қысқа ғана мерзімнің ішінде Мұсбюрының табиғаты өзгеріп, ол біртіндеп коммунистік партиядан бөлініп, іс жүзінде жеке партияға айналды».iБутино М. Революция наоборот. Средняя Азия между падением царской империи и образованием СССР. М., 2007. 298 бет.

Мұсылмандар бюросын нығайтуда оның басшысы, Сырдария облысына қарасты Әулиеата қаласынан шыққан қазақ Тұрар Рыскұлов маңызды рөл атқарды. Ол 1918 жылы Әулиеата Кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалғанда большевиктер қатарына қосылып кетеді. Ол кезде Рыскұлов өте жас, небәрі 24 жасқа ғана толған кезі еді. Сонымен бірге сол кездегі білімді қазақтар үшін сирек жағдай, оның «Алаш» қозғалысымен де, Түркістандағы ықпалды жәдидшілермен де, консервативті мұсылман ұйымдарымен де байланысы жоқ еді.

Жоғарыда айтылғандай, жергілікті Кеңестерде мұсылмандар азшылық болып, ықпалды рөл атқара алмады. Іс жүзінде Мәскеудің қолдауымен Мұсбюро Түркістан мұсылмандары үшін қатарлас үкіметке айналды.

1919 жылдың аяғына қарай жазда үзілген байланыс қалпына келген кезде орталық билік өкілдері Қызыл армия бөлімшелерімен бірге Ташкентке жетті. Бұл жергілікті кеңестік иерархияның қарсылығын түпкілікті талқандауға мүмкіндік берді. 1920 жылдың қаңтарында Тұрар Рыскұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің (ТүркОАК) басшысы болып тағайындалды. Негізінде ол бүкіл Түркістан үкіметін басқарып отырды.

Бұл бұрын-соңды болмаған шешім еді. Дәл сол кезде Қырревкомның басшысы поляк Станислав Пестковский болды, ал оның құрамындағы қазақ саясаткерлері көмекші рөл атқарды және бұл 1920 жылдың қаңтарында қазақтың саяси ұйымы әлі де тұрақсыз болғанына қарамастан қабылданған шешім еді. Ал Түркістан республикасының дербес өмір сүру тәжірибесі мол болған, өз әскері мен жер-жерде жақсы дамыған басқару жүйесі де болды.

Тұрар Рыскұлов қызметке тағайындалысымен бірден жаңа Түркі ұлттық республикасын құру идеясын көтерді. 1920 жылы ақпан айының басында ІІІ өлкелік мұсылмандар партиясының конференциясында ол қолданыстағы конституцияның күшін жою керектігін, республика орталықтың қатаң бақылауында екендігін, жергілікті тіршілік жағдайын ескеру қажеттігін айтты. Осы конференцияның қарарында «коммунистік үгіт арқылы түркі халықтарының мәні мен атауы бойынша: татар, қырғыз, башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп шағын республикалар құруға ұмтылысын құрту идеясын іске асыру, оған керісінше РКФСР құрамына кірмейтін басқа түркі халықтарының ынтымақтасуы үшін және оларды Түркі Кеңестік Республикасының айналасына тарту мақсатында біріктіру керектігі» көрсетілген.iТуркестан в начале XX века: К истории истоков национальной независимости. Ташкент, 2000. 154 бет.

Н. Нестерова. Шығыстағы төнкеріс туралы плакат. Самарқан, 1920 жыл

Н. Нестерова. Шығыстағы төнкеріс туралы плакат. Самарқан, 1920 жыл

Былайша айтқанда бұл жоба 1917 жылы Еділ бойы мұсылмандарының қолдауына ие болған мұсылман түркі автономиясының идеяларына қайта оралу болды. РКП (б) ОК Түркбюросының мүшесі, аталған оқиғаларға белсенді араласқан Георгий Сафаров 1921 жылы басылып шыққан «Түркістандағы отаршылық революция» атты кітабында Рыскұловтың идеясын «жаңартылған «коммунистік» пантүркизм басылымы» деп атады.

Бір қызығы, Рыскұлов және оның жақтастары басмашылар деп аталған Ферғана көтерілісшілерінің өкілдерімен, атап айтқанда, орыстары басым болған кеңестерге қарсы әрекет еткен Мадамин бекпен келіссөз жүргізіп отырған. Бұл жөнінде Марко Бутино: «Осылайша басмашылар жаңа мемлекеттің армиясына айналуы мүмкін еді және бұл шын мәнінде Түркістанның Ресей отары ретіндегі ақыры, ал мұсылман-коммунистер үшін Тұран орталығы және басты әрекет етуші тұлғасы болатын Шығыс революциясының басы болар еді» деп жазды.iБутино М. Революция наоборот. Средняя Азия между падением царской империи и образованием СССР. М., 2007. 333 бет. Егер Түркі республикасын құру жоспарланып, оның қарамағына оған адал әскери құрылымдар берілгенде, бұл оның дербестігін айтарлықтай нығайтуы мүмкін еді.

Орта Азиядағы ықпалды жәдидтердің түркі республикасын құру идеясын қолдағаны мәлім. Олардың өз саяси жоспарлары болды. Өзге мәселелермен қатар, ортақ жаңа түркілік кімдік Орталық Азияның отырықшы тұрғындары сөйлейтін тілге негізделуі керек деп есептеді. Бұл таңғаларлық дүние емес еді. Естеріңізге сала кетейік, 1917 жылы Ресей империясының құрамындағы мұсылмандардың ортақ кімдігін жақтаушылар оны мейлінше Еділ бойындағы татарлардың тіліне негізделген түркі тілінің негізінде құруды жоспарлаған болатын.

Еділ бойындағы көптеген татар өз тілінің дамыған жазба мәдениетін алға тартса, ал Орта Азиялық жадидшілер ежелден бастау алған тарихы бар Орталық Азияның бай жазба мәдениетіне сүйенуді қалады. Олардың осы аймақта империялық мемлекеттіліктің гүлденген кезеңі Шағатай ұлысынан (12241242 жж.) бастап өзбек хандықтарына дейін қолданыста болған Орта Азиялық түркі тілін пайдалануға ұмтылуымен осыған байланысты еді.

Шағатайшылдық термині осыдан шыққан. Ол Әмір Темір (13701405 жж.) және оның мұрагерлері билік құрған кезде Орта Азия түркілері осылай атаған шағатай тілімен байланысты болды. Адиб Халид: «Шағатайшылдық түркі Орта Азия үшін ортақ кімдік жасауға ұмтылды. «Шағатай» терминінің 15 ғасырда Орта Азия гүлденген тұстағы шығыс-түркі әдеби тілінің атауына қатысы бар... Осылайша шағатайшылдықтың пантүркі сипатында болғаны анық» деп жазды.iХалид А. Национализация революции в Средней Азии: Трансформация джадидизма, 1917-1920.// Государство наций: Империя и национальное строительство в эпоху Ленина и Сталина. М., 2011. 196 бет. Бірақ қалай болғанда да шағатай тілі (Орта Азия түркі тілі) 20 ғасырдың басында Орталық Азияның отырықшы халқының тілі болды және түркі тілдес көшпелі халықтар қазақ, қырғыз, қарақалпақ пен түркімендердің тілдерінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Қазіргі өзбек тілі көп жағдайда шағатай тілінің негізінде қалыптасты. Шығу тегі бойынша ол оғыз және қарлұқ тіл топтарының қыпшақ тіл тобындағы элементтерін сіңірген синтезі саналады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар  қыпшақ тобына, ал түркімен, әзірбайжан, түрік тілдері оғыз тобына жатады.

Шындығында екі жоба да жалпы мұсылмандық және жалпы түркілік кімдік, саяси мақсатпен байланысты болды. Бірақ сонымен бірге олар нақты мүддені білдірді. Бірінші жағдайда мәселе негізінен Еділ татарлары туралы болса, екінші жағдайда Орта Азия жадидшілері туралы болды, яғни сайып келгенде, аталмыш жобалар нақты зияткерлік этникалық элиталардың мүддесіне негізделген.

Мұндай жағдайда Тұрар Рыскұлов қорғаған шағатай тілін басым болатын Түркі республикасы мен Түркі компартиясының жобасын қазақ зиялыларының қолдамағаны заңды да. Сол сияқты, 1917 жылы Петроградтағы Мұсылман Атқару Кеңесіндегі қазақ өкілдерін, атап айтқанда Жаһанша Досмухамедовті жалпы мұсылмандық кімдік идеясы да қызықтырған жоқ.

Олар үшін қазақ тілі, әрине, түркі тілінің Орта Азиялық және Еділ бойындағы татарлар сөйлеген тілдердің нұсқаларынан өзгешеленетін және қазақ кімдігінің маңызды бөлігі болды. Тиісінше, өте утопиялық жалпы мұсылмандық немесе ортақ түркілік кімдік жобаларынан гөрі ұлттық мемлекет құру қазақтың мүддесіне көбірек сәйкес келді.

Н. Когоут. Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер! 1920 жыл / Wikimedia Commons

Н. Когоут. Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер! 1920 жыл / Wikimedia Commons

Алайда Мәскеудің Орталық Азиядағы жадидшіл ұлтшыл зиялыларымен одақтасуы тактикалық және уақытша ғана шара еді. Мәскеудегі орталық биліктің әрекеті Орталық Азия зиялыларының мүддесіне мүлдем сәйкес келмейтін, дегенмен кейбіреулерде осындай әсер қалуы мүмкін еді. Нәтижесінде Рыскұлов пен жадидшілердің ұсынған жобасы қабыл алынбай, оның орнына ұлттық-мемлекеттік құрылыс идеясы іске асырылды.

Ресейде түркі тілдес халықтар баршылық еді, мысалы, әзірбайжандар (империя оларды кавказ татарлары деп атаған), башқұрттар, қазақтар, қырғыздар болды. Олардың қандай да бір автономиялық құрылым, әсіресе, дербес Түркі коммунистік партиясы басқаратын және өзінің әскери жасағы бар құрылым төңірегінде бірігуінің тіпті болжамды мүмкіндігі Мәскеу өкілдерін қатты алаңдатты. Қазақ немесе башқұрт сияқты ұлттық республикаларды құру идеясы әлдеқайда тиімді болып көрінді. Қалай болғанда да олар бүкіл түркінің немесе бүкіл мұсылманның бірлестігіне қарағанда шағын, сондықтан оларды бір орталықтан басқару оңай болды.

Расында, Рыскұлов жақтаған идеяның жеңіліске ұшырауына таңғаларлық ештеңе жоқ еді. 1920 жылы тіл қағидасы бойынша ұлттан жоғары тұратын бірлестік құру тұжырымдамасының өзі утопиялық болып көрінді. Ресейдегі 1917 жылғы революцияның дүрбелең оқиғалары, сондай-ақ 1918 жылы Еуропа мен Түркияда жаңа ұлттық мемлекеттердің пайда болуына жеткізген Габсбург, Гогенцоллерн мен Османлы монархияларының құлауы11Империяның күйреуіБірінші дүниежүзілік соғыс бірден төрт империяның күйреуіне түрткі болды. Романовтардан басқа өзге де еуропалық әулеттер жойылды. Габсбургтер 1342 жылдан бастап Австрияны басқарды, ал 1438 жылдан бастап Қасиетті Рим империясына иелік етсе, 1806 жылдан бастап Австрияны, кейін Австрия-Венгрияны биледі. Гогенцоллерндер 1701 жылдан бастап Пруссия тәжіне қол жеткізсе, ал 1871 жылы Германия империясының пайда болғанын жариялады. Осман әулеті 1453 жылы Константинопольді жаулап алып, 1924 жылға дейін билік еткен Осман империясының негізін қалады. ұлттық қозғалыстардың өршуіне себеп болды. Ал бұл өрлеу ұлттық-мемлекеттік құрылыстың басталуымен байланысты болды, тіпті 1920 жылы башқұрт пен қазақ автономияларында болғандай, бұл өте формальды сипатта еді.

1 / 2

Қазақ автономиясының құрылуы

1920 жылдың 13 маусымында Владимир Ленин Түркістан жобасының шетіне: «Өзбекия, Қырғызия, Түркімения болып бөлінетін Түркістанның картасын (этнографиялық және т.с.с.) жасау тапсырылсын. Осы үш бөлікті біріктіру немесе бөлу шарттары ежіктеп анықталсын» деп жазып қойған болатын.iЯкубовская С.И. Ликвидация фактического неравенства наций (на примере истории народов Средней Азии и Казахстана) // Исторические записки, № 48. М., 1954. 1920 жылдың 16 шілдесінде Георгий Сафаров РКП (б) Орталық Комитетінің Түркістандағы ұлт саясаты жөніндегі пленумның отырысына құжаттарды дайындап жатқанда, оны ұлттық облыстарға бөліп, қазақ халқын қалған Қазақстанға қосуды ұсынды.

Бұл жерде Мәскеудің бұл жоспары Рыскұловтың позициясын автоматты түрде әлсіретіп жібергенін айта кеткен жөн. Түркістаннан қазақ облыстары бөлініп Қазақ Республикасына қосылған жағдайда оның жергілікті мұсылман элитасы арасындағы ықпалы дереу қысқартылуы керек еді. Халқының көпшілігі қазақтар болып табылатын екі ірі аймағы Сырдария мен Жетісу облыстары кіретін Түркістанның басында қазақ Рыскұлов тұратын болса, ол бір мәселе. Ал, мәселен, халқының басым көпшілігі өзбектен тұратын және орталығы Ташкентте болатын жаңа республиканы қазақ басқарса, бұл мүлде басқаша болар еді.

Рыскұлов Мәскеудің позициясын әбден түсініп, 1920 жылдың 18 шілдесінде ТүркОАК төрағасы қызметінен кетті. Оның артынан Түркістан Коммунистік партиясының Мұсбюросындағы серіктестері де шығып кетті. Сонымен қатар Түрккомиссия қайта құрылды, оның құрамына Сокольников, Суриц, Петерс, Бокий және Сафаров кірді. Соңғысының тағайындалуы мейлінше ерекше болды. Өйткені РКП (б) Орталық Комитетінің пленумында Түркістанды ұлттық аумақтарға бөлуді ұсынған Сафаровтың тура өзі болатын.

1920 жылдың 20 тамызында Владимир Ленин мен Михаил Калинин РКФСР құрамында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын (ол кезде әлі Қырғыз деп аталған) құру туралы декретке қол қойды. 1920 жылдың 4–12 қазанында Орынборда Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезінің жұмысы кезінде оның құрылуы ресми рәсімделді. Сонымен бірге Орынбор жаңа автономиялық республиканың астанасы болды. Бұл туралы шешімнің ең соңғы сәтте ғана қабылдануы да тегіннен-тегін емес. Бұл қала Қазақ АКСР құрамына тек 1920 жылдың қыргүйегінде ғана енген болатын.

П. Д. Покаржевский. Жерді мәңгібақи пайдалану актісін тапсыру. 1936 жыл / Superstock

П. Д. Покаржевский. Жерді мәңгібақи пайдалану актісін тапсыру. 1936 жыл / Superstock

ОРЫНБОР — ЖАҢА АСТАНА

Орынбордың астана болуына Қырревкомның қазақ бөлігінің кейбір өкілдері қарсы шығып, олардың атынан Ахмет Байтұрсынов сөз сөйлеген. Орынбор облысының Қазақ Республикасына қосылуы оның құрамындағы орыс халқының айтарлықтай көбеюін білдірді. Әрине, бұл жағдайда республиканы басқарудағы қазақтардың рөлін арттырудың 1920 жылдардың басында онсыз да өте мардымсыз болған кез келген мүмкіндігі едәуір қысқарды. 1920 жылы «Орынборда 123283 адам тұрды, оның 79,54%-ы орыстар болды, ал бұл қала астанасы болған қазақтар тіпті санақтың жеке қатарында аталмай, «басқалардың» ішінде 5,62%-дың әлдебір бөлігін құрады». Байтұрсынов сынды саясаткердің бұл тұрғыда не болып жатқанынан толық хабардар болғаны анық.

Бірақ Мәскеу үшін Орынборды астана ету сол кезде жаңа республиканы пәрменді басқаруды қамтамасыз ететін айқын тактикалық шешім болды. Қырревкомның басшысы Пестковский: «Барлық мәселе Қырғызияны қайдан басқаруда емес, Қырғызияны қалай басқаруда жатыр» деп ашығын айтты.iКосач Г. "Государственный город" и национальные автономии: Оренбург в первые советские годы. // Вестник Евразии, № 2 (17), 2002. 118 бет. Орынборды таңдау империялық қаладан Қазақ даласын сырттан басқара беру деген сөз. 18 ғасырдың ортасындағыдай Башқұртстан Ресейдің шабуылына ұзақ және өте белсенді түрде қарсы тұрды, бірақ кейін, тез арада ішкі аумақ мәртебесіне өтті. 19191920 жылдары да солай болып, Валиди 1920 жылғы маусымда Бакуге қашуға мәжбүр болды.

Ішкі Башқұртстанға қарағанда Қазақ даласы большевиктерді дүниежүзілік революция сағымы еліктірген Шығыс пен Оңтүстікке ашылатын ашық қақпа іспетті болды. Осыған байланысты кең-байтақ Қазақ даласы Мәскеудің тарапынан үлкен күш-жігер салуын қажет етті. 1920 жылы Орынборды Қазақ автономиясына қосудың соншалықты маңызды болғаны да сондықтан.

Бұл кезеңде Мәскеудегі орталық басшылыққа Қазақ АКСР-ін басқару үшін сенімді кадрлар қажет болды. Станислав Пестковский сияқты орталықтан жіберілген саясаткерлерден гөрі Орынбор коммунистері Мәскеудің бұл мақсаттарын жүзеге асыруға қолайлы болды. Сонымен қатар Орынбор Қазақ даласының шетіндегі ірі өнеркәсіп қаласы болды және мұнда жұмысшылар өте көп еді. Сол кездегі даладағы барлық басқа қалалар әлі де жергілікті ауылшаруашылық жердің жалғасы еді, демек онда шаруа қауымдарының ықпалы күштірек болған.

Сонымен қатар Қазақ АКСР-ін басқару үшін Орынбор коммунистерін пайдалану арқылы Мәскеуде іс жүзінде жергілікті қазақ халқынан жаңа қадрларды жасақтау және дайындау үшін қажетті уақыт пайда болды.

АЗАМАТ СОҒЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

М. В. Мальцев, А. И. Сологуб. Иван Поскребко 1931 жылы басмашылар бандысымен соғысуда. 1950 жыл

М. В. Мальцев, А. И. Сологуб. Иван Поскребко 1931 жылы басмашылар бандысымен соғысуда. 1950 жыл

Жалпы Ресейдегі Азамат соғысы жылдарында қазақ саяси қозғалысы 1917 жылы сәтсіз либерализация кезеңінен әсіре солшылдар (большевиктер), одан кейін әсіре оңшылдар диктатурасы (адмирал Колчак) және тағы да диктатура арқылы әсіре солшылдар жолынан өтті. Қазақ саясаткерлері ұлттық-аумақтық автономия құру жоспарын жүзеге асыра алмаса да, 1920 жылға қарай әйтеуір Қазақ автономиясы пайда болды. Бұл Ресейдегі әсіре солшылдардың саяси қозғалысының идеологиялық тұжырымдамасының жүзеге асуы болды, яғни бұл қазақтардың өз жобасы емес, қазақтар бұл жобада дербес рөл атқарған жоқ. Соған қарамастан, нәтижесінде географиялық тұрғыдан белгіленген аумақ пайда болды, ол Қазақ (Қырғыз) Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасы деп аталды.

Азамат соғысының тағы бір нәтижесі әскери жеңіліс және орыс халқының екі қауымының — казактар мен келімсек шаруалардың біржолата жеңілуі болды. Біріншілері екіншілеріне қарсы қиян-кескі күресте жеңілді. Бұл тек жеңіліс қана емес, сонымен қатар казактар мен шаруа халықтың ауқымды шығынына әкелген өзара текетірестің қаттылығынан болды.

​​Кулактардың мүлкін тәркілеу туралы үгіт-насихат плакаты. Иркутск. 20 ғасыр

​​Кулактардың мүлкін тәркілеу туралы үгіт-насихат плакаты. Иркутск. 20 ғасыр

Азамат соғысының нәтижесінде тарихи казак әскері (олардың бесеуі Қазақ даласының аумағында және оған жақын жерде Астрахан, Орынбор, Жетісу, Сібір және Оралда болды) жойылды. Ресей империясының шетіндегі басқару жүйесінің маңызды бөлігі болған казактар табы бұрынғы артықшылық берілген мәртебесінен айырылды.

Алайда шаруа қауымдары казактарды жеңгеннен кейін, бірден дерлік билік тізгінін өзінің саяси және экономикалық бағдарламасы бар радикал коммунистер ұстаған орталықтандырылған мемлекетпен қақтығысып қалды. 1920 жылдың ақпанында Түркістанда ұйымдастырылған арнайы большевиктер комиссиясы Жетісудағы жағдайға қатысты: «1916 жылдан бастап өзінің бастамасымен, сондай-ақ бұған құқығы болмаған адамдар мен органдардың шешімімен қырғыздардың жері мен ғимараттарын басып алған барлық отаршылдар оларды босатып берулері керек» деген бұйрық шығарды.iБутино М. Революция наоборот. Средняя Азия между падением царской империи и образованием СССР. М., 2007. 340 бет. Бұл өте маңызды шешім болды. Себебі бұл 1916 жылғы көтеріліс басылғаннан кейін қоныстанушы шаруалар мен казактардың қолына өтіп кеткен кем дегенде 2,5 млн гектар жер туралы болатын.

Алайда большевиктер еш қысылмай-ақ келімсек шаруаларды, яғни кешегі казактарға қарсы күрестегі өздерінің одақтастарын «бандылар» және «контреволюциялық кулактар» деп жариялады. Олар қоныс аударып келген шаруалардан жасақталған бөлімшелерді басқа өлкелерге көшіріп жіберуге тырысты. Тіпті «жергілікті отаршыл кулактардан» құрылған Қызыл Армияның барлық бөлімшелерін қарусыздандыру туралы ұсыныс жасауға дейін барды.

Алексей Бортников. Д. Фурманов Верный қаласындағы көтерілісшілер митингісінде сөз сөйлеуде. 1940 жыл / Wikipedia Commons

Алексей Бортников. Д. Фурманов Верный қаласындағы көтерілісшілер митингісінде сөз сөйлеуде. 1940 жыл / Wikipedia Commons

Соның нәтижесінде 1920 жылғы 12 маусымда Верный қаласында көтеріліс басталып кетті. Бұл бүлікшілік бірнеше күннен кейін аяқталғанымен, 1920 жылдың жазында Еділден Алтайға дейінгі шаруалар қауымдастығы аумақтарында көтеріліс жиі-жиі тұтанып жатты. Оған негізінен кеше ғана Азамат соғысы кезінде қызылдар жағында соғысқандар қатысты.

Көтерілістердің негізгі себептерінің ішінде шығыс аудандарының шаруалары Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана бетпе-бет келген шаруалардан азық-түлікті тартып алу (азық-түлік салымы) саясатын ерекше атап өтуге болады.22Әскери коммунизмi1918–1921 жылдардағы большевиктердің саясаты осылай аталған. Ол экономиканың барлық салаларын мемлекеттендіруді, саудаға деген мемлекеттік монополияны, мәжбүрлі еңбек қызметін, азық-түлік салымын, яғни іс жүзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шаруалардан күштеп тартып алуды қамтыды. Кейбір зерттеушілер «әскери коммунизмді» Азамат соғысы дәуірінде болған қиын-қыстау кезеңмен түсіндіреді. Бірақ «әскери коммунизм» орыс марксистерінің көзқарасына сәйкес коммунистік экономика құру әрекеті болғаны туралы мәлімдемелер де баршылық. Бірақ большевиктердің ұлттық саясатының басымдықтары да маңызды рөл атқарды. Владимир Шулдяков 1919 жылы «Азиялық Ресейдің ақ казактардың басшыларының бірі И. Шендриков (Жетісу казактарынан шыққан) шаруалар мен казактар арасындағы қарулы күрес және өзара ойран салу (Азамат соғысы жылдарында, автордың ескертпесі) түрінде айқын көрініс берген жерге қатысты қайшылықтар екі жақ та әскери коммунизм жүйесінің езгісін сезінген кезде басылып қалатынын ескертті» деп жазды.iШулдяков В.А. Гибель Сибирского казачьего войска. 1920-1922. Кн.2. М., 2004. 139 бет.

Жалпы, большевиктер тактикалық одақтасуға оңай бара салатын. Мақсатына қол жеткізген олар жаңадан одақтас табу үшін үшін кешегі одақтастарының сазайын тарқызатын. Алайда уақыт өте келе оларды да сондай жағдайға ұшырады. Мұны Ленин диалектика деп атады. Белгілі бір кезеңде Кеңес мемлекеті 1916 жылғы көтерілістен кейін тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтарып, қазақ автономиясын құрумен, жергілікті азиялық халықтың мүддесін жүзеге асыруды қамтамасыз етті.

Бұл олардың тікелей бәсекелестерінің жеңілгені және аңсаған дербестікке қол жеткізуі сияқты болып көрінді. Бірақ Кеңес мемлекеті үшін қоғамды орталықтандырылған басқару мәселесінде азиялық қауымдар орыс халқының қауымдары сияқты кедергі болды. Сондықтан Мәскеудің ойлап тапқан ескі дүниені жойып, утопия құру саясатын іске асыру кезегі соларға келді.

Билікті орталықтандыру барысында Кеңес мемлекеті шектен тыс дербестікке ұмтылатындардың бәріне соққы беретін болды. Бұл барлық ауыл қауымдарына, шаруаларға, казактарға, башқұрттарға, қазақтарға және басқаларға, сондай-ақ либералдық көзқарастағы қала тұрғындарына да қатысты болды.

Иван Владимиров. Азық-түлік салымы. 1922 жыл / Wikimedia Commons

Иван Владимиров. Азық-түлік салымы. 1922 жыл / Wikimedia Commons

Сонымен бірге әуелі казактардың келімсек шаруалардан, содан кейін шаруалардың өздері большевиктер партиясы басқарған мемлекеттен жеңіліс табуы қазақ қоғамы үшін біршама мүмкіндік ашты. Әрине, бұл 1917 жылдың желтоқсанында өткен Екінші жалпықазақ съезінде өзінің ережесімен өзінің автономиясын құру идеясынан өте алшақ еді. Соған қарамастан, большевиктер партиясының ұлт мәселесіне қатысты саясаты қазақ қоғамының мәртебесін өзгерткені сөзсіз.

Қазақтар қазақтың аты берілген ұлттық-мемлекеттік құрылымның саяси ұйымының дәл ортасындағы орынды иеленді. Мемлекеттің және орыс халқының жергілікті қауымдарын қысым жасайтын тәуелді қоғам болған ол кенеттен мемлекет құрушы халық ретінде біршама басымдығы бар халыққа айналды. Әрине, мұның формалды сипатта болғаны анық.

Автономиялық республика құрылғаннан кейін дәстүрлі қазақ қоғамы орталықтандырылған кеңестік мемлекеттің жіті бақылауында болды. Мәскеудегі коммунистердің басшылығы модернизация туралы өздерінің түсінігіне негізделіп, әлеуметтік инженерия, яғни қоғамды түбегейлі қайта құрумен айналысуды жоспарлады. Осыған орай большевиктер халықтың дәстүрін өзгеріссіз қалдырмайтыны түсінікті еді.

Қазақ автономиясына қатысты нақты жағдайда әңгіме дәстүрлі көшпелі өмір салтын жаңғырту тәсілдері туралы болды. Сондықтан 1920 жылдардың басында қазақ қоғамы революция мен Азамат соғысының нәтижесінде пайда көрген сияқты болғанымен, оның мемлекет ұйымдастырған ауыр, қатал және тіпті кейде мағынасыз болған трансформациядан өтуіне тура келді.

Белгісіз суретші. Шығыс әйелінің азаттықпен қауышуы. 1921 жыл / WIkimedia Commons

Белгісіз суретші. Шығыс әйелінің азаттықпен қауышуы. 1921 жыл / WIkimedia Commons

Қалай болғанда да коммунистер бәрін өзгеріссіз қалдырғылары келмеді. Олар өз түсінігі бойынша прогреске ұмтылды, ал қазақ көшпенділері, сол сияқты Ресейдің өзге де халықтары, оның ішінде орыстар да бар, өзгеруге тиіс болды. Әңгіме жаһандық ауқымдағы орасан зор эксперимент туралы болды, ал қазақтар оның бір бөлігі болды.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ