ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА АТТАНҒАН МИССИЯ

Джон Каслдың Әбілқайыр ханға барғаны

~ 12 мин оқу
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА АТТАНҒАН МИССИЯ

Джон Касл. Қазақ көші. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабындағы сурет

18-ғасырдың басында эксцентрик ағылшын-неміс суретшісі, өзін дипломат деп жариялап алған Джон Касл Орталық Азия далаларын аралап, жанкешті саяхатқа аттанады. Ресми деректе Ресейдің Орынбор экспедициясының мүшесі саналғанымен, өз сөзіне сенсек, бұл сапарға оны жеке миссиясы мен шытырман іздеп аласұрған құштарлығы жетелеген көрінеді. Бәлкім, оның көрген-білгенін объектив қабылдауына да осы құштарлығы әсер еткен болар. Сөйте тұра, оның әңгімесі ерте кезде қазақ өмірін, саясаты мен дипломатиясын сипаттаған еуропалық жазбалардың ең жарқыны болып қала бермек.

Мазмұны

Төніп келе жатқан нәубет: Жоңғар шапқыншылығы мен қазақтардың ауа көшуі

Осыдан үш ғасыр бұрын, 1723 жылы, шығыстан қазақ жеріне біз жоңғарлар деп танитын ойраттар шапқанда, қазақ халқының басына зұлмат заман орнап, кейінгі қазақ тарихнамасында сол қасіретті кезең «Ақтабан шұбырынды» аталып кетті.

Ойраттар Іле өзенінің аңғарынан өтіп, қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығысына еніп, Түркістан мен Сайрам сынды маңызды қазақ қалаларын басып алып, Ташкентке дейін жетеді. Тіпті оны 1758 жылы мәнжүр Цин империясы Жоңғар хандығын тас-талқан етіп күйретіп тастағанға дейін уысында ұстап отырады. Жоңғар шапқыншылығының зардабын үш жүз де тартты: Кіші жүз халқы жаппай солтүстік-батысқа, Ресей шекарасына қарай шегінсе, Ұлы жүз бен Орта жүздің бір бөлігі оңтүстікке, — Самарқан мен Бұхараға қарай көшті.

Джон Касл. Әбілқайыр ханның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Джон Касл. Әбілқайыр ханның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Сол кезеңде, шамамен 1726 және 1730 жылдары, тағдырдың тәлкегімен өз жұртымен бірге даланың батыс бөлігінде қалған Кіші жүз ханы Әбілқайырiшамамен 1680–1748 төніп келе жатқан ойрат басқыншылардан қорғау ақысына Ресейге бодан болып мойынсұнам деп, Ресей империясымен келіссөз жүргізе бастайды.

Дала мен империя тоғысында: Әбілқайырдың таңдау азабы

Жоңғарлар далаға басып кіргеннен кейін өрбіген оқиғалардың мән-жайы мен кей тұстары әлі күнге дейін тарихшылар арасында қызу талқыланып келеді. Соның ішінде Әбілқайыр 1727 жылғы Бұланты және 1729 жылғы Аңырақай шайқасында ойраттарды ойсырата жеңе тұра, Кіші жүз неге атамекенінен ауа көшті деген мәселе бар. Бәлкім, хан өзі Түркістаннан Сырдария бойымен Тобыл мен Жайық маңындағы жаңа жайылымдарға ерте көшкен 400 мыңдай адамның тағдырына алаң болды ма екен…

Қайткен күнде де, 1731 жылғы қазанға қарай Әбілқайыр хан ұлдары Нұралы мен Ералыны, көрнекі кеңесшілерін алып, әйел патша Анна Иоанновнаға адалдық антын беріп, есесіне ойраттардан қорғаймыз деген уәдесін алады. Ханның бұл қылығы ел арасында алауыздық тууына сеп болғанымен, көп ұзамай (1732) Орта жүз ханы Сәмеке және артынша (1733) Ұлы жүз өкілдері де Ресейге бодан болдық деп ант берді.

Джон Касл. Ералы сұлтанның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Джон Касл. Ералы сұлтанның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Бүгінгі күні зерттеушілер сол бодандық анттарының мазмұны екі тарапқа да түсініксіз, бұлдыр болғанын мойындап отыр. Бұл күрделі әрі жақсы зерттелген тарихи тақырыпқа терең үңілмей-ақ, бір нәрсені айта кетсек жетер — осы оқиғаларды нақтырақ түсінуге ағылшын суретші әрі саяхатшы Джон Каслдың кітабы көмектесе алады. Алғаш рет 1784 жылы Ригада немісше жарық көргенімен, екі ғасыр бойы елеусіз қалған кітап 1998 жылы ғана орыс тіліне, ал 2014 жылы ағылшын тіліне аударылып шықты.

Жұмбаққа толы Джон Касл кім болған?

Жұмсартып айтсақ, Касл қалыпқа сыймайтын, біртүрлі кісі болған. Ағылшын шеше мен неміс әкеден туып, Гамбургте өскенімен, іскерлер ортасында қадірін арттырғысы келді ме, әйтеуір өзін ағылшынмын дейді екен. Оның ғұмырбаянынан бізге жеткен дерек аз, анық белгілі факт: 1734 жылы Орынбор экспедициясына қосылып, 1735 жылдың біраз бөлігін Еділ бойындағы башқұрт жерінде жүргені.

Анна Иоанновнаның бұйрығымен құрылған сол әскери экспедицияның мақсаты — бекініс пен сауда бекетін салу болса, ол бекініс империяның оңтүстік шекарасын шегендеуге, ара-тұра шауып тұратын қазақтар мен башқұрттардан қорғануға, сондай-ақ Бұхара, Бадахшан, тіпті Үндістанмен арада сауда-саттықты дамытуға керек еді.

Касл күнделігіндегі жарияланбай қалған кіріспе сөзінде өзін Орынбор экспедициясы құрамындағы суретші атап, Әбілқайыр ханның ордасына өзім қалап, тіпті жол шығынын өзім көтеріп бардым дейді. Жазғанына сенсек, 1736 жылы Орынборда 1732 жылғы Кіші жүз делегациясының Петербор сапарынан кейін сол жақта аманатқа қалған ханның үлкен ұлы Ералы сұлтанмен танысқан.

Джон Касл. Ералы сұлтан, Бұқара ақыны және толық қаруланған бас қызметші Күдері батыр. Иллюстрация «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан

Джон Касл. Ералы сұлтан, Бұқара ақыны және толық қаруланған бас қызметші Күдері батыр. Иллюстрация «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан

Бәлкім, Касл 1734 жылғы Ресей мен Британия арасындағы сауда келісіміне тәнті болды ма екен? Бұрынырақта Парсымен арада Каспий теңізінен өтетін сауда жолын ашу идеясын ұсынып жүрген Джон Элтон да Орынбор экспедициясына қосылып, 1743 жылы Касл екеуі Парсы сапарына аттанады. Бізге жеткен бір деректе Нәдір шах суретімді тым баяу салдың деп Каслды буындырып өлтіруге бұйырғанда, Элтон оны құтқарып қалғаны да айтыладыiJohn Cook, Voyages and Travels through the Russian Empire, Tartary and Part of the Kingdom of Persia, Edinburgh, 1770, vol II, pp. 515-518 .

Көтеріліс сыбысы және Осман империясының құпия жоспары

1736 жылы Орынборға Кіші жүзден елшілер тобы жетіп, әскер басы, подполковник Яков Чемодуровқа хат апарады. Сондай-ақ елшілер Орынбор орыстарға әлі де маңызды ма, әлде қаланы тастап кету жоспары бар ма деп те сұрайды.

Каслдың айтуынша, ол Ералы сұлтан мен молданы қосып, елшілерді үйіне шақырады. Сонда қонақтар Ыстанбұлда осман билігі қазақтар мен қалмақтардың (17-ғасырда Батыс Моңғолиядан ауып келіп, Еділдің төменгі сағасына қоныс тепкен қалмақтар тегі жағынан ойраттарға жақын екенін біле тұра) басын қосып, сол одақты Орынбор экспедициясын шабуға жұмсамақ жоспар құрып жатыр деген әңгіме айтқан.

Джон Касл. Атқа байланған Каслдың көлден жүзіп өтуі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Джон Касл. Атқа байланған Каслдың көлден жүзіп өтуі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Каслдың сөзіне сенсек, сол одақтың құрылуының алдын алуды көздеген Әбілқайыр далаға Ресейден ресми өкілдік келсе, Петербордың сол бір бұрқ ете қалуы ықтимал көтерілісті жаншып тастау ниеті барын көрсетсе деп сұрапты. Бәлкім, хан олардың ниет-пиғылының беріктігін сынап көрмек те болған шығар.

Сонда Чемодуров өкілдік жібермеймін деп үзілді-кесілді айтқанда, Касл өз есебімнен барамын деп суырылып шыққан екен. Кемі өз ойында бұл ниетін «дипломатиялық миссия» деп ұғып алып, хан мен әйел патша арасында жүрген елші болғысы келсе керек. Бұған дейін сый-сыяпатын аямай, әкесінің портретін салып беремін деп уәде етіп, Ералы сұлтанды баурап алған. Жас сұлтаннан қолдау тауып, Чемодуровтың келісімін алған соң, 1736 жылғы 14 маусымда Касл жас неміс көмекшісін, татар малайын, жоғарыда аталған делегацияның екі өкілін және Орта Жүз ханы Жәнібектен елші болып келген Асан Абуйыс деген кісіні ертіп бекіністен шығып, Әбілқайыр ханның ордасына аттанады.

Джон Касл. Каслдың келуіне орай өткен түнгі жора. Суретте киіз үй иелері, автор мен оның екі аудармашысы бейнеленген. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан

Джон Касл. Каслдың келуіне орай өткен түнгі жора. Суретте киіз үй иелері, автор мен оның екі аудармашысы бейнеленген. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан

Оңтүстік-шығысқа қарай бес күн жүріп, ауылға жетсе, хан жол жүріп кетіпті. Алайда Каслдың сөзіне сенсек, жергілікті қазақтар мұны қызыға, таңдана қарсы алып, заттарына, біртүрлі киіміне (әсіресе түймесіне) таң-тамаша қалыпты. Ауыл жұрты қонақтың сағатына да, жаңа шақпақ мылтығына да (оған дейін тек білтелі мушкет көрген) көп қызығыпты.

Кешке жергілікті ақсүйектер жиналып, Каслды асқа шақырып, ол сонда алғаш рет қымыздың дәмін татады. Салтанатты рәсім өткізіп, бақсыға жауырыннан бал аштырып, тағдырын болжатады. Бақсының балы оңынан шығып, Касл күнделігіне сол сәттің суретін нобайлап салып қояды. Ел адамдары мұны маңызды дипломат, елші деп танығаны күмәнсіз.

Джон Касл. Саяхатшылардың дұрыс бағытта кетіп бара жатқанын анықтау үшін бал ашу. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Джон Касл. Саяхатшылардың дұрыс бағытта кетіп бара жатқанын анықтау үшін бал ашу. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Ертеңіне Касл атқа мініп жер шолып шығады. Әуелде бұған немқұрай қарағанымен, жанына әйел патшаға берген антына адалмыз деген ханның үш ұлын ертеді. 21 маусымда Әбілқайыр хан ордасына оралып, Каслға немісше киініп, атқа мініп алдыма келсін деп хабаршы жібереді.

Хан мен әуесқой ағылшын

Ордаға кіргенде, Касл салтанаты келіскен, ала шапан киген ханды көреді, жанында бауыры Нияз сұлтан, екі ұлы мен рубасылары отырады. Әбілқайыр да елшілері сияқты Ресейдің Орынборды ұстап тұру ниеті қаншалық берік екенін білмек болады. Егер Ресей шынымен де бұл өңірден кетпейтін болса, Осман империясының қолдауымен тұтануы мүмкін қалмақ көтерілісіне өз жұртының қатысуына жол бермеймін деді. «Сондай көтеріліс болуы мүмкін еді» деген әңгіме бұған дейін белгілі тарихи деректерде кездеспеген, әйтсе де Ресей мен дала көшпенділері арасындағы қарым-қатынас тарихындағы бір қызық дерек көрінеді.

Джон Касл. Әбілқайыр ханның Каслды қабылдауы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Джон Касл. Әбілқайыр ханның Каслды қабылдауы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан сурет

Айта кетерлік бір жайт — негізінен буддаға табынатын қалмақтар ақырында көтеріліс жасаған жоқ. Бұған қазақтармен және өзге түркі халықтарымен арадағы ежелгі араздық та әсер етсе керек. Алайда бірнеше онжылдық өткен соң, 1771 жылы Еділдің шығыс жағалауынан 200 мыңнан астам қалмақ қайтадан Жоңғарияға ауа көшті. Бұл оқиға Томас де Куинсидің «Татарлардың көтерілуі» деген эссесінде хатқа түсіп қалған.

Османлылардың қалмақ, қазақ, қарақалпақ пен башқұртты біртұтас майдан қылып, Ресей империясының оңтүстік шекарасына қарсы шығару ниеті шынымен болған-болмағанын дөп басып айту қиын. Бұл халықтар жайылымға таласып, бір-бірін кезек шапқыншылыққа ұшыратқан ежелгі жау екенін ескерсек, ондай одақ құрылуы ықтималдығы тым аз болатын. Ал Ресей шекара маңындағы ықтимал қауіпті ерте ме, кеш пе жаншып тастау керегін түсінетін еді.

Дипломатиялық миссия мен портрет

Хан мен әйел патша арасында елшілікке жүрмін деген Касл Әбілқайырға Ресей Қырымнан, Кубаньнан не Азаудан кетпейді дейді. Хан оның бұл айтқанына иланып, тіпті, Каслдың айтуынша, қазақ дәстүріне сай үлкен құрмет белгісі деп, өз қолымен ет асатқан екен.

Джон Касл. Әбілқайыр ханның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Джон Касл. Әбілқайыр ханның портреті болуы мүмкін / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons

Каслдың хан ордасындағы дипломатия мен тұрмыс салтын сипаттаған жазбалары айрықша дерек көзі саналады. Кейінгі зерттеушілер атап өткендей:

«Каслдың Әбілқайыр ханның бейнесі мен мінез-құлқын мұқият бейнелегені ханның ағылшынға деген көзқарасын ғана емес, ол өкілі есепті келіп отырған Ресей империясына деген қатынасын да бағамдауға мүмкіндік береді»iВасильев Д. В., Мазаев Н. А. Придворный церемониал казахских ханов глазами европейца: двор Абулхаира в дневнике Джона Кэстля. Кунсткамера. 2021. 4(14): 19–27.

Касл хан ордасында үш сағаттай қонақ болып шығады. Кейін өзі мақтана жазғандай, ере шыққан 20 адам қонаққа ырымдап қол тигізіп қалмақ боп анталаған көпшілікті әрең тежеп ұстапты.

Ертеңіне ханға ілесіп, оның бір әйелінің үйінде қонақ болады. Ән айтылып, күй тартылған дастарқан басында хан тағы да қонағына өз қолынан ет асатады. Жолай Әбілқайыр келешекте орыс бекіністерін салуға қолайлы жерлерді көрсеткен.

Джон Касл. Каслдың ханшамен кездесуі және оған сый беруі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Каслдың ханшамен кездесуі және оған сый беруі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Оған қоса хан қонағын бүркіт салуға ерте кеткен:

«Жол бойында хан менің көңілімді көтермек болып, жолдан қиыс кетіп, саятқа апарды. Олар аңға қыраннан да күшті, өздері «пикурт»iбүркіт деп атайтын құсты салады екен. Ол үшін ердің алдыңғы қасына тұғыр орнатып, әлгі құсты қондырып алып жүреді де, киік не құлан көріне қалса, оны дереу ұшырып жібереді. Бүркіт аңына түскенде, оның көзін шеңгелдей ағызып жібереді де, аңшылар оны оңай алады».

Бұдан бөлек, ол хан ордасының жасауын, әсіресе хан бәйбішесінің киген киімін егжей-тегжей сипаттайды. Бәйбіше қызыл жібектен тігілген, алтыннан кестелеп гүл салынған көйлек, алтын зер төгілген шошақ төбелі бөрік киген екен. Өзге екі әйел бұхар пүлішінен киім және кимешек киген. Касл бәйбішеге түрлі сый-сыяпат береді, соның ішінде қылқаламсыз, саусағын пастельге малып отырып салған ұлының суретін де сыйлайды. Бәйбіше елжіреп, қонағына өз қолынан қымыз ұсынады.

Джон Касл. Хан жұбайы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Хан жұбайы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Үлкен той және шағын кикілжіңдер

Әбілқайыр хан ордасына келгеніне екі апта өткенде, Каслдың айтуынша, хан оның құрметіне үш жүздің өкілдерін шақырып үлкен той берген. Ай толған шақ болса керек, алайда қонақтың өзі тойға қатыспаған. Алдымен оны жеке бір үйге отырғызып, жұрттың бәрі ас ішіп, көбі әбден масайып қалғанда ғана басты ордаға шақырған. Касл ас сұрағанда, «тамақ таусылды» деген жауап алады.

«Маған деп жасалған тойда өзім аш жаттым», – деп жазады ол күнделігінде. Соның өзінде, жатар алдында тойға келген құрметті қонақтарды тізіп жазып үлгеріпті.

Каслдың естеліктерінде шындыққа жанаса бермейтін, күмәнді көрінетін тұстар да бар. Мәселен, бір-екі күннен кейін бұл тұрған үйге екі жас әйел кіріп, шешініп, жуынып, мұның қойнына кіреді. «Мен олардан ғафу сұрап, дінімде ондайға рұқсат жоқ екенін түсіндірдім», – деп жазады өзі.

Ертеңінде, қазақ арасында бір ай жүріп, ат мініп, шапан жамылып, сыйлыққа қасқыр, түлкі терілерін алып, ханға қош айтысып, жолға шығады. Каслдың айтуынша, Әбілқайыр хан бұған Орынбордан үй сатып алмақ, үш ұлын өкімет қызметіне бермек ойы барын айтыпты. Каслдың жазбаларынан хан ауылының ауқымы қандай болғанын анық көре аламыз: «қатар-қатар тізілген үйлердің шетіне шығам дегенше төрт-бес сағат өткен» екенiBeatrice Teissier, Into the Kazakh Steppe: John Castle’s Mission to Khan Abulkhayir (1736), tr. Sarah Tolley (Oxford: 2014), pp. 43-44..

Джон Касл. Жабайы ешкі (ақбөкен болуы мүмкін). «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Жабайы ешкі (ақбөкен болуы мүмкін). «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Бұл кезеңдегі қазақтар мен башқұрттардың саяси бағытын анықтау қиын екенін мына бір оқиға көрсетсе керек: жолда Касл Ресейге қарсы соғысып жүрген бірнеше атты жасаққа жолығады, кейбірі таяуда ғана Орынбор маңынан ығысып шыққан екен. Өзінің айтуынша, Касл сол жолы араласып, жергілікті бүліктің жалпыұлттық көтеріліске айналып кетуінен сақтап қалған-мыс. Сонда да бүлікшілер мұны орыс екен деп қалып, басына қауіп төнбесін деп, Касл шашын тақырлап алдырып, татарша киініп алыпты.

Қорлыққа ұласқан құрмет. Үйге апаратын ұзақ жол

Тамыз айының басында, қазіргі Уфа қаласының оңтүстігінде Касл қайтадан Орынбор экспедициясының басшысы Иван Кириловпен кездеседі. Ол кезде Кирилов башқұрт көтерілісін қатыгездікпен жаншып, Жайық пен Самара бойына шеп бекіністерін салып жатқан. Касл оған өз күнделіктері мен рапортын тапсырып, осы миссиясында көтерілістің алдын алдым деп, сондай-ақ Орта жүз де Ресей билігін мойындауға дайын екенін жеткізеді. Каслдың қызметін білетін Кирилов оның еңбегіне риза болып, қазақ серіктерін ертіп, Орынбор жаққа қарай далаға алып жүрсін депті.

Джон Касл. Ор өзенінің бойындағы Орынбор (Орск) қаласының көрінісі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Ор өзенінің бойындағы Орынбор (Орск) қаласының көрінісі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Орынбордан Касл солдаттармен бірге баржаға мініп, Жайық өзенін бойлай түсіп, казак қаласы Яикке (қазіргі Орал), содан Еділ бойындағы Самараға барады. Одан әрі солтүстікке бет алып, Еділден өтіп, Симбирскіге (қазіргі Ульяновск) жетіп, Кириловпен қайта жолығады. Стат кеңесші Каслға әкесіне хабарласқанын, ол баласын өлдіге балап жүргенін айтады. Сөйте тұра Кирилов Каслды Петербургке әйел патшаға ақпар беруге жөнелте қоймай, бөгей береді әрі жалақысын төлеуге де ықылас білдірмейді. Керісінше, бірнеше ай күттіріп барып, оған Самараға қайтсын деп бұйырады. Сондағы сылтауы — мұны кейін Үндістан миссиясына аттандырмақ екен. Шын мәнінде, Кирилов оны қасақана астанаға жолатпай ұстауға тырысқан секілді.

Джон Касл. Самара көрінісі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Самара көрінісі. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

1737 жылғы наурыздың ортасында Самараға бара жатқан жолда Касл мінген шана мұзға түсіп, бүкіл дерлік мүлік-мүкамалы суға кетеді. Әупірімдеп Самараға жете бергенде, артынан Симбирскіге қайтсын деген жаңа бұйрық жетеді. Онда бара салғанда жергілікті полиция басшысының бұйрығымен бір топ солдат Каслды сабап, көгала қойдай қылып көше аралатып шығады да, қаладағы түрмеге қамап тастайды. Бірнеше сағат дегенде әрең босап шыққан Касл бүкіл күнделіктері, башқұрттар туралы жазбалары мен суреттері қолды болғанын, өзі болса тұрып жатқан үйінен қуылып, далада қалғанын бір-ақ біледі. Самараға қайтқан соң ғана құпия кеңесші Василий Татищевке жолығып, ол мейірімі түсіп, бұған жалақысын төлетеді де, 1739 жылғы маусымда Каслға экспедициядан «құрметпен шығарылғаны» туралы ресми құжат табыстайды.

Каслдың өтірік-шыны аралас жазбалары мен этнографиялық мұрасы

Касл күнделіктерінің өзге бөлігінде қазақ даласы, қазақтардың тұрмысы, қоғам құрылымы мен саяси ниет-пиғылы сипатталады. Ал оның одан әрі жеке тағдыры не болғанын күнделіктерден біле алмаймыз. Джон Каслдың Оңтүстік Ресей мен Қазақ даласындағы сапары осылайша аяқталады.

Енді сол жазбаларға көзқарас қалай болса керек? Каслдың Әбілқайыр ханға барған сапарынан нақты нәтиже болды ма? Каслдың өзіне сенсек, Османлылардың қазақ, қалмақ пен башқұрттың басын қосып, Ресейге қарсы көтермек болған пиғылының алдын алдым дейді. Тек оны растайтын тікелей дерек жоқ. Сол тұста Ресей мен башқұрттар арасында қантөгіс соғыс жүргізіп жатқан, ол соғыста башқұрт әскері күйрей жеңіліп тынған. Сөйте тұра, Касл көшпенді қазақтардың өмірі мен дүниетанымы туралы бай және бірегей дерек жиғаны сөзсіз.

Джон Касл. Қазақтардың амандасуы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Джон Касл. Қазақтардың амандасуы. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі»

Әйтсе де, сол сапардан орала сала Касл шетқақпай көріп кетті. Стат кеңесші Кириловтың қылығы, мұны Үндістанға аттандырмақ болғаны да, шынтуайтында, оның Оңтүстік шекарадағы әскери кампанияның жеткен жетістігіне ешкімді ортақ қылғысы келмеген пиғылынан хабар беретіндей.

Сонда да Каслдың қазақтармен тіл табысып, олардың сеніміне ие бола білгенінің арқасында оның жазбалары дала тірлігінің ең ерте әрі сенімді этнографиялық дереккөзіне айналған. Ол салт-жоралғы, дәстүр мен тұрмысты егжей-тегжей сипаттап, қайталанбас бірегей мәлімет қалдырған. Әсіресе оның салған суреттері мен кескіндемелері ерекше құнды, қызықты детальдарға бай. Тек, әттең, олардың көбі сол күйі жоқ болып кетті. Мысалы, 1735 жылы Әбілқайырмен кездесер алдындағы жылы — Касл башқұрт даласының көріністерін салып, бір альбом қылып жинаған. Тек кейін, 1737 жылы көктемде шанасы мұзға түсіп кеткенде сол туындылардың бәрі жоғалып кеткен.

Джон Касл. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабының негізгі беті

Джон Касл. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабының негізгі беті

Соған қарамастан, оның кітабында қалған 13 офорт пен екі сурет, соның ішінде Әбілқайыр ханның портреті — айрықша шеберлікпен салынған. Еуропалық суретші салған Орталық Азия билеушісінің алғашқы портреті саналатын сол туынды қазір Мәскеудегі Третьяков галереясында сақтаулы тұр әрі Қазақстан пошта маркаларына да салынып жүр. Ал Каслдың ханмен, оның үй-іші, жақын-жуығымен сұхбат құрғаны туралы жазбаларына еш балама табылмас.

Касл қанша жерден өркөкірек, даңққұмар адам болса да, Ресейге бодан болып бет бұра қойсам ба, жоқ па деп кезек ауып жүрген дала билеушісімен кездесуге құлшынып, тәуекел еткен батыл адам болғаны тағы да күмәнсіз. Орыс шенеуніктерінен көрген қорлығы мен құқайына қарамастан, ол «далаға аттанар миссиясынан» баз кешкен жоқ. Тіпті ғасырлар өтсе де, оның жазбаларында ішкі ар-намыс пен парыз сезімі анық байқалады. Өз мүддесі қандай болса да, еңбектері аударылып басылғанша қанша уақыт өтсе де, Каслдың сапары да, артында қалған жазбалары да сол жол мен сол еңбектің өтеміне татиды.