ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Шəмшіге айтылған сын мен тағылған мін

~ 9 мин оқу

Композитор Шәмші Қалдаяқов тыңдармандарымен кездесіп тұр. Кентау, Түркістан облысы. 1965 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Жас ұрпақ Шəмші Қалдаяқовты ең алдымен əнұранымыздың авторы деп таныса, аға буын бүкіл елді əуенімен тербеткен халық композиторы деп біледі. Қазақстанның халық артисі деген ресми атақты өмірінің ақырында ғана алғанымен, Шəмші қай кезде де қазақ əнінің «шамшырағы» болып келген. Зерттеуші Лиора Айзенбергтің Шəмші Қалдаяқовтың шығармашылығы, халықтың махаббатына бөленер жолдағы көрген құқайы туралы Qalam порталына арнайы жазған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Мазмұны

Идеология, «советтік талғам» жəне Шəмші шығармашылығы

1950 жылдардың аяғы, 1960 жылдардың басында, Шəмші əндері енді шыға бастаған тұста, оның шығармашылығына музыкатанушылар мен композиторлар көп сын айтып, мін таққан. Тіпті оның музыкасы композиция принциптерін бұзған талғамсыз дүние дегендер де табылды.

«Ана туралы жыр» әнінің сөзі мен музыкасы. «Мәдениет және тұрмыс» журналы. Мамыр, 1962 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы

1963 жылы Қазақ КСР Радио жəне телевизия комитетінің кезекті отырысында қазақстандық ірі композитор, «Назугум» операсы мен «Чин-Томур» балетінің музыкасын жазған Құдыс Қожамияров əлдебір жас композитор, Қалдаяқов деген біреу жазған эстрада əндері қаптап барады деп наразы сөйлейді. «Қазақ əндерінің бəрін эстрада жанрына салып айта беруге болады деп ойламаймын» дейді олiҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 245-іс, 31-парақ. Радио жəне телевизия комитетінің 1963 жылғы 25 қаңтардағы хаттамаларының стенограммасы. Қожамияровтың өзі, айтуынша, 1959 жылы ғана құрылған Радио жəне телевизия комитетінің эстрада-симфония оркестрінің орындауында ғана «эстрадаға жарайтын» музыканы өткізбек болатын. Оның айтуынша, Қалдаяқов та, оның ниеттес қатарлары да ондай музыка жазбаған:

«Радиодан Қалдаяқов сияқты... жас композиторлардың əндері жиі-жиі шырқалады. Олар міндетті түрде білім алуға тиіс — комитеттің оркестріндегі бəленің басы да сол. Жастар кəсіби музыканы түсінбей кеткенде сұмдық болады». 

Бір жағынан, Қалдаяқов пен оның əріптестерін «кəсіби емес» музыкасы жəне «сауатсыздығы» үшін көп сынап, музыкалық білімі толық емес, «əуесқой» дегенді тұспалдайтын. Шынында да, Қалдаяқов Ташкенттегі Хамза атындағы музыка училищесінде оқыған. Бірақ 1956 жылы түскен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тамамдай алмай, «гармониясы дұрыс емес» деген желеумен оқудан шығып қалған.

Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен белгілі композиторлары. 1963 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Енді, бір жағынан, Қалдаяқовқа сол «əуесқой», «кəсіби емес» музыканың кең таралуына сеп болды деген де мін тағылатын. Ондай музыка тыңдарманның талғамын бұзады екен. Ол кезде совет мəдениетіндегі идеологиялық ұстанымға сай, Қазақстан композиторлары (жалпы, бүкіл Совет Одағының композиторлары) қоғамның эстетикалық талғамын қалыптастырып, қорғауға міндетті болатын. Бұл талап 1934 жылы өткен Совет жазушыларының Бірінші бүкілодақтық съезінен бастау алған. Сол съезде идеологияға жауапты хатшы Андрей Жданов Сталиннің жазушыларды «адам жанының инженерлері» деп атаған сөзін келтіріп, ұранға айналдырып жіберген. 1960 жылдардың басында Хрущевтің «жылымығы» орнады. Сол композиторлар мен жазушылар қоғамға кері əсер етті деп түрмеге жабылмаса да, коммунизм құрылысын, соған сай мораль мен талғамды қолдап отыруға тиіс деген талап күшейіп тұрған.

КОКП ОК Бас хатшысы Н.С.Хрущевтің «Динамо» стадионында Қазақстан Республикасының 40 жылдығына арнап сөз сөйлеген сәті. 1962 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Осының бəрі талқыланған жиындарда Қалдаяқовтың кəсібилігіне қатысты айтылған сын оның күннен күнге артқан танымалдығымен жарысқа түсті. Мысалы, 1963 жылғы желтоқсанда Қазақстанның жас композиторлары пленумында сөз алғандардың бірі: «Бұқаралық жанрларды қадағалап, бақыламасақ, ертең-ақ халық қарабайыр жəне жеңіл өнерге бойсұнып кетеді де, операларымыз бен симфонияларымызды, ораторияларымызды ешкім тыңдамай қояды. Есесіне Еспаев пен Қалдаяқовтың əндерін классика үлгісі деп біледі» деп қынжылғанiҚР ОМА, 1840-қор, 3-тізбе, 10-іс, 17-парақ. Қазақстанның жас композиторлары пленумының стенограммасы, 1963 жылғы желтоқсан.

Жас композиторлардың пленумы. 1963 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

1965 жылы композитор əрі музыка зерттеушісі Владимир Мессман сол жылғы алғашқы үш айда Қазақ радио-телевизиясынан (КРТ) шыққан бағдарламаларды талқылағанда осыған ұқсас пікір айтқан: «Қазір Қалдаяқов пен басқа да сауатсыз музыканттардың шығармалары эфирге шығып жатыр. Олардың шығармаларының басқа музыкалық туындыларға еш қатысы жоқ... Бұл — ең артта қалған талғамға арнап жазылған музыка. Мұндай музыка тыңдарманның талғамын бұзады»iҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 312-іс, 148-парақ. Апта ішіндегі хабарларды шығармашылық талқылау хаттамасы, 1965 жылғы 8 маусым.

Қазақ радиосының жұлдызы

Алайда мемлекеттік мəдениет мекемелері өкілдері Қалдаяқовты сынаған үстіне əндерінің танымалдылығы артып, радиодан жиі-жиі шырқала берді. Ол кезде КСРО-да үйде отырып əн тыңдау мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі болатын. Жұрт ұнатқан əнін тыңдау үшін Радио жəне телевизия комитетінің музыка редакциясына хат жолдап, əлдебір əнді эфирге қойсын деп өтініп жүретін.

Алматыдағы радио орталықтың жалпы көрінісі. 1967 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Міне, дəл сол 1965 жылғы отырыстаiКРТ бағдарламаларын талқылауда сол баяғы Мессман бір айда Шəмші Қалдаяқовтың əндерін 13 рет естідім дейді. Ал «ірі шеберлердің» музыкасы, сірə, Чайковский, Глинка, Бетховен мен Моцарт сынды композиторларды меңзесе керек, бір-ақ рет орындалыптыiҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 312-іс, 148-парақ. Апта ішіндегі хабарларды шығармашылық талқылау хаттамасы, 1965 жылғы 8 маусым.

Музыкалық редактор əрі композитор Өмірбек Байділдаев Мессманның пікіріне қосылып, бір бағдарламада Қалдаяқовтың əндері төрт рет берілгенін айтады. Жиынға қатысқан тағы бір адам — жолдас Панкратова жас композитордың танымалдығы сөзсіз артып бара жатқанын мойындай тұра, онысын советтік номенклатураға тəн тілмен жеткізеді:

«Оның қарабайыр музыкасы құлақтан кіріп, есіңде қалады. Жақсы музыка аз болса, Қалдаяқовтың əндерін қою туралы өтініш көбейеді. Маған да Қалдаяқовтың əндері ұнайды. Сонда Қалдаяқовты бермесек, кімді бермекпіз?»iҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 312-іс, 159-парақ. Апта ішіндегі хабарларды шығармашылық талқылау хаттамасы, 1965 жылғы 8 маусым

Қалдаяқов жəне Композиторлар одағы

1960 жылдары Қалдаяқовтың музыкасы мен эстрада əндеріне қатысты екіұшты көзқарас қалыптасуын сол кезеңдегі музыканттардың бəрі дерлік классикалық еуропалық бағыттағы музыкалық білім алғанымен байланыстыруға болады. Ондай білімді əн жанры мен эстрададағы орындау мəнерімен ұштастыру қиын болатын.

Қазақстанның жас композиторларының жиыны. Суретте: Ф.Мансұров, А.Бычков, Ғ.Жұбанова және солист Е.Коган. 1961 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Эстрада-симфония оркестрінің бір солисі маған бұл жайында былай дегені бар: «Композитор нық академиялық білім алса, ол, əрине, өзі үйренген симфония жазу, соната жазу дегендей тəсілге салып ойлайды... Ал əн деген — мүлде бөлек ойлау жүйесі». Совет музыка мектебінде ондай нəрсе үйретілмейтін. Бұл пікірді Қалдаяқовтың замандасы, композитор Мыңжасар Маңғытаев та растайды:

«Ол кезде əн жанрына мəн берілмейтін. «Классикалық» білім алған композиторлардың көбі «ірі формалармен» жұмыс істегендіктен, эстрадалық стильде жаза алмайтын». 

1963 жылғы радио-телевизия комитетінің бір отырысында композитор Ғазиза Жұбанова заманауи эстрадалық əндердің сапасы «төмен» екенін былай түсіндіреді: «эстрадалық музыка жазу кез келген композитордың қолынан келе бермейтін»iҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 245-іс, 34-парақ. Радио жəне телевизия комитеті отырыстарының стенограммасы, 1963 жылғы 25 қаңтар.

Сол сұхбатында Маңғытаев совет кезеңінде ресми музыка ұйымдары Шəмші Қалдаяқовты, əн жанрындағы Əбілахат Еспаев пен Əсет Бейсеуов секілді өзге де эстрадалық композиторларды елеп-ескермегенін атап өткен.

Дəл осының өзінде бір парадокс бар еді: бұл композиторлар «ірі формадағы» композиторлық емес, хор дирижерлеу, фортепиано немесе басқа, кейде тіпті жарым-жартылай болса да музыкалық білім алған жандар еді. Тіпті соның арқасында халық сүйіп тыңдайтын эстрадалық əндер жаза алған. Енді, бір жағынан, ондай білім де, жанрдың өзі де олардың Композиторлар одағына кіруіне жол аша алмаған.

Шәмші Қалдаяқовтың Шымкент қаласына келген сәті. 1994 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Ресми тəртіп мынадай болатын: Қазақстанның Совет композиторлары одағына (ҚСКО) мүше болам деген автордың композиторлық білімі жəне «ірі формадағы» шығармасы — опера, симфония, балет т.б. болуға тиіс. Ондай білімі, шығармасы болмаса ҚСКО мүшесі болу мүмкін емес. Ережеден тыс жағдайлар өте сирек кездесетін. Ноқтаға басы сыймағандардың ең танымалы — композиторлық білімі болмаса да, КСРО Композиторлар одағына мүшелікке қабылданған Мүсілім Магомаев болса керек. Алайда Қазақ КСР жағдайында ережелерге нұқсан келмеуін композиторлардың өздері қызғыштай қорғайтын. Осы мəселеге орай 1989 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде тыңдаушы Г.Оразалиева мынадай пікір жазған:

«Бір кезде ақсақалымыз, академик Ахмет Жұбановтың Композиторлар одағына мүше болу үшін міндетті түрде консерваторияның композиторлық факультетін бітіру керек, ал ондай білімің болмаса, əуесқой композиторсың дегені бар еді… Шəмші Қалдаяқов, Ілияс Жақаншев, Кеңес Дүйсекеев — əндерін бүкіл ел білетін сондай композиторлардың өзі… Одаққа мүше емес. Есесіне одақта əнін ешкім айтпайтын, есімін ешкім білмейтіндер бар»i«Орталық Қазақстан», 1989 жылғы 2 сəуір. «Əн терең тебіреністен туады». Дереккөз: Алматы қаласының Мемлекеттік архиві (АҚМА), 409-қор, 1-тізбе, 19-іс, 16-бет.

Шəмшінің ағасы Көшербай Қалдаяқовтың айтуынша, түрлі алып-қашпа əңгімелер композиторға ауыр тиген:

«Сірə, кез келген сезімтал шығармашыл жандай, іштей қатты күйзелген де шығар. Қаншама əн жазып, бірден мойындалмай кетті. Сонда да бізге ештеңе айтпайтын, бəрі ішінде болатын».

Танымал эстрадалық композитор, талай белгілі əн мен романс авторы Əбілахат Еспаев та Қалдаяқовтың Композиторлар одағына мүшелікке өту туралы өтініші тағы қабылданбай қалғанда, оған өлең арнапты:

Біз — қазақ, ежелден еркіндік аңсаған, Худсовет шықты да, тəуелді болдық жан. Союздан мүше болмасаң — ең жалған, Талай сөз естисің, тура-тура, сен білейiАҚМА, 768-қор, 1-тізбе, 64-іс, 1-парақ.

Вальс ырғағына түскен қазақ əні

Композиторлар одағынан көрген құқайына қарамастан, Қалдаяқов халықтың жүрегін тез-ақ жаулап алды. Танымалдығы шырқау шағына жеткен тұста, яғни 1970 жылдары қазақтар республика халқының небəрі 32,6 пайызы ғана болатын. Сол кезде қазақ тыңдармандарға қазақ музыкасын тыңдау, қазіргіше айтсақ, «қазақша контент» табу оңай соқпайтын.

Алматы көшесі. 1969 жыл / Getty Images

Мысалы, 1972 жылы М.И.Калинин атындағы Шымкент қорғасын зауытында Радио-телевизия комитеті ұйымдастырған радио тыңдаушылары конференциясына қатысқандардың көбі радиодан қазақ əндері аз беріледі деп шағым айтқан. Қорғасын балқыту учаскесінің бастығы Мұхаметжан Қарманов былай деген:

«Қазақ концерттеріне берілетін уақыт тым аз. Концертті «қазақша» деп атап, бағдарламаға қояды, ал іс жүзінде бəрі араласып кеткен қойыртпақ, бір-ақ қазақ əні не биі болады»iҚР ОМА, 1489-қор, 5-тізбе, 535-іс, 12-парақ. Телевизия көрермендері мен радио тыңдаушылары конференцияларының қорытындысы бойынша анықтамалар, 1972–1974 жж..

1965 жылы Кавказға есептік сапарға барып қайтқан РТК қызметкері былай деп жазған:

«[Әріптестеріміз] біздің телебағдарламамызды көріп, қазақтың ұлттық музыкасы аз, неге қазақи әуен естілмейді деп атап өтті. Әрі ол сыны орынды да: бізде орыс тілі басым».

Алматы телестудиясының тікелей эфирі. 1960 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Ал тыңдармандар табиғатынан шынайы қазақы болғандықтан, Шəмші əндерін жақсы көрді. Композитор бүкілодақтық даңқ пен атаққа ұмтылған жоқ. Сол кездегі совет музыкасының идеологы В.Мессманның өзі «Қалдаяқовты да, Жамақаевты даiқазақ эстрада композиторы Бекен Жамақаев бүкілодақтық радио іліп əкетпегені тегін емес» деп жазған.

Алайда Қалдаяқов шығармашылығы бүкіл одақтың назарына лайық болмады дей алмаймыз. Ол ерекше əуезі мен сирек кездесетін дарыны бар композитор еді. Керісінше, Қалдаяқов сол жылдары өз елінде азшылық кепке түскен халқының сүйіспеншілігіне ұмтылып, арман-тілегіне құлақ түрді. Соның ішінде жоғарыда аталған қорғасын балқыту учаскесінің бастығы Қарманов айтқан пікірлерге де назар аударды.

Шәмші Қалдаяқов әндері / Ашық дереккөз

Композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқовтың айтуынша, əкесінің шығармашылығының негізі — «мəдени дəстүрімізді, қазақ əнінің табиғатын жақсы білетінінде» жатыр, қазақ аудиториясының жүрегіне жол тапқанына да сол себеп болса керекiМұхтар Қалдаяқовтың «Абай» телеарнасына берген сұхбатынан. Музыкатанушы Үмітжан Жұмақова да Шəмші музыкасы халық əуендеріне де, əлемде танымал музыка үрдістеріне де жақын дейді.

«Қалдаяқовтың əндерінде, — дейді ол, — халық əн шығару дəстүрімен сабақтасып жатқанымен, «өз» мəдениетіне мүлде тəн емес заманауи би — танго, вальс-бостон ырғақтары анық көрініс тапқан. Осындай дəстүрлер тоғысқаны Шəмші Қалдаяқовтың əндеріне тың, жаңашыл сипат дарытып, «өзінікі» деген нəрселер тыңдарман назарына ілінбей қалатын»iҮмітжан Жұмақова, диссертация авторефераты. «Қазақстан композиторларының 1920–80 жылдардағы шығармашылығы. Тарихы, мағынасы жəне құндылық мəселелері». 2003 жыл

Сондықтан Қалдаяқовтың музыкасы вальс ырғағымен «еуропалық», ал əуезі мен мағынасы жағынан қазақы саналды.

«Менің Қазақстаным», музыкасы – Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов (1956) және Нұрсұлтан Назарбаев (2005) / Wikimedia Commons

«Менің Қазақстаным»

Қазақ музыка мəдениетін қастерлей отырып, əлемдік музыка үрдістерін ашық қабылдап, үйлестіре білгенінің арқасында Қалдаяқов бертінде Қазақстанның мемлекеттік əнұранына айналған «Менің Қазақстаным» əнін жазды. Əннің əуені 1956 жылы жазылған. Бір нұсқада, бұл əн Хрущевтің солтүстік Қазақстанның бір бөлігін РСФСР-ға қосуды ұсынған саясатына қарсылық есебінде туған делінедіiОл жөнінде Ш.Қалдаяқовтың өзі мына фильмде айтқан (https://altynqor.com/video/1407), 9:55. Кейінірек Шəмші мұны былай еске алады:

«Жұрт ашуға мінді. Дəл сол кезеңде біз үндеуіміз болсын деп, «Менің Қазақстаным» əнін жаздық. Сөзінің авторы — талантты ақын Жұмекен Нəжімеденов... Жамал апай (Омарова) əнді тез үйреніп алды да, бірден радиоға барып орындап берді. Біз радио қызметкерлерінен бұл əнді күніне бірнеше рет эфирге беріп отырсын деп сұрадық»iСеркебаева Ирина. «Жамал Омарова. Талант, признание, судьба». 2016 ж., 131-бет

Кейінірек əнші Жамал Омароваға бұл əннің жарық көруіне қатысқаны үшін «ұлтшыл» деген атақ таңылады, ал өзі оған «Мен — патриотпын!» деп қасқая жауап бередіiСеркебаева Ирина. «Жамал Омарова. Талант, признание, судьба». 2016 ж., 131-бет. Бұл əн, шын мəнінде, халық арасына тарап кетті. 1986 жылғы желтоқсанда ҚазКСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Геннадий Колбин тағайындалғанда, наразылар алаңға дəл осы əнді айтып шықты. Ал дүниеге келгеніне жарты ғасыр өткен соң, 2006 жылы «Менің Қазақстаным» əні Қазақстан Республикасының ресми мемлекеттік əнұранына айналды.

Жамал Омарова, Қазақ КСР халық әртісі. 1958 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Шəмші Қалдаяқов идеологиялық машинаның қатал сынына ұшырап, қорлық көріп, тауы шағылып өткенімен, əндері сенімді жол тауып, халықтың жүрегіне жетті. Ол іштен булыққандардың үні болардай əндер жазып, əуендері тез арада ортақ жадымыз бен ортақ үмітіміздің бөлшегіне баланды. Бүгін анығы бір нəрсе: халықтың махаббаты кез келген кедергіден кедергісіз өтіп, ал оның əндерімен жаққан жарығы əлі күнге дейін жүрегімізге нұр төгіп келеді.

Лиора Айзенберг

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді