
КСРО-дан отанына оралған жапон солдаттары кемеден жағаға шығуды күтіп тұр. Киото префектурасы, Майзуру, Жапония, 1946 жыл / Wikimedia Commons
Кеңес Одағы тарихының әлі де белгісіз тұстары көп. Әсіресе шетелдік әскери тұтқындардың тағдырын айналып өте алмаймыз. Олардың ішінде Қазақстандағы лагерьлерге қамалып, біздің мұрағаттарда ғана емес, көзге ыстық қалаларымызда ізін қалдырған жапон сарбаздарының орны ерекше.
Ұмытылған тарих
Қай уақытта да соғыс пен әскери тұтқындарды ажыратып қарау мүмкін емес. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1939–1945 жылдар аралығында шамамен 15 миллион адам тұтқынға түскен. Әрбір үшінші адам неміс, кеңес және одақтас елдердің лагерьлерінде қаза тапқан. Екі миллионнан астам кеңес жауынгері отанына оралды. Ал Кеңестік және одақтас лагерьлерде алты миллионнан астам шетелдік әскери тұтқында болғанiКөкебаева, Г. Қ. (2004). Отношение КСРО к международным конвенциям обращения с военнопленными. Вестник КазНУ. Серия историческая, (4), 144–147.. Өкінішке қарай, олардың бәрі бірдей туған жерін қайтып көре алмады.
КСРО құлаған соң тарихшыларға еңбекпен түзету лагерьлері мен ондағы тұтқындар туралы бұрын беймәлім деректерге, мұрағаттық құпия құжаттарға жол ашылды. Сондай-ақ, олар шетелдік авторлардың көптеген зерттеулеріне қол жеткізді. Осы кезеңде Д.К. Қасымбек пен Қ.С. Алдажұмановтың Қазақстандағы әскери тұтқындар және олардың еңбегін қанау, тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды елге қайтару, Қазақстандағы күштеп еңбекке тартылғандар жайында мақалалары жарық көрді. Ал Сатыбалды Ділманов бұл мәселені алғаш көтерген қазақ зерттеушілерінің бірі ретінде ел аумағындағы еңбекпен түзету лагерьлерінің шынайы келбетін ашып көрсететін құнды мәліметтер ұсынды. Атап айтқанда, автор лагерьлердің тиімсіздігін және мәжбүрлі еңбектің кері кеткен тұстарын дәлелдеп бередіiАлданазаров, А. В. (1994, 16 июля). Книга памяти — судьба японских солдат. Казахстанская правда. .

Халхин-Гол шайқасында талқандалған жапон ұшағы. 1939 жыл / Wikimedia Commons
Спасский лагерь
Кеңес Одағы әскери тұтқындарды ГУЛАГ жүйесінде мәжбүрлі түрде еңбекке жекті. Соның бір айғағы ретінде 1945 жылғы кеңес-жапон соғысында тұтқынға түскендер Сталиндік лагерьлердің тозағынан өтіп, Қазақстан аумағына әкелінді. Олардың дені кейін еліне қайтты, өлгендерінің сүйегі қазақ жерінде қалды, тіпті өмірінің соңына дейін Қазақстанды тұрақтап қалғаны бар. Ол Қарағандыдағы Спасск лагерінде тұтқында болған Ахико Тецуро еді. Оның бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірін, жалпы Спасск лагеріндегі әскери тұтқындардың жұмыс процесі мен күнделікті тіршілігін тақырыпқа орай басты мәселе ретінде қарастыруға боладыiМұхамеджанов М. М. Советские и германские военнопленные в годы Второй мировой войны (сравнительный анализ численности). Знание, понимание, умение, (3), 2012. С. 168–171. .

Nakajima Ki-27 жапон ұшағы. Номонхан, 1939 жыл / Wikimedia Commons
Қарағандыдағы әскери тұтқындарға арналған Спасск лагері 1941 жылдың 24 маусымында, яғни соғыстың екінші күні Қарлаг департаменттері бірінің негізінде құрылды. Тамыз айының өзінде бұл жерге тұтқындар тиелген алғашқы эшелон келіп жетті. Ал соғыстың алғашқы күндерінде жаудың 1400 жауынгері қолға түскен болатынiӘбілханов Д. М. Японский военнопленный в Казахстане (1945–1953). Вестник Семейского государственного педагогического института, (2), 2005. С. 12–18. .
Бұл Қазақстан жерінде тұтқындарға арналған ең үлкен лагерь еді. 1941–1950 жылдар аралығында оған 70 мыңға жуық тұтқын қамалған. Оның 30 мыңы неміс, 22 мыңы жапон, 6 мыңы румын, 1600 австриялық жауынгер. Араларында француз, италия, литва, чех, венгр тұтқындары кезігетін. Жеті мыңнан астам шетелдік жауынгер Қарағанды жерінде мәңгілік дамыл қақса, оның бес мыңы Спасск зиратында жерленген. Бүкіл аумақта таңбаланбаған екі мың бейіт шашылып жатыр. Оларды қалпына келтіру мүмкін емес. Кейбір бейіттерді су басып қалса, енді бірі жаңа құрылыстардың астында қалғанiДілманов С. Д. Қазақстан территориясы бойынша КСРО НКВД-МВД Исправительно-трудовые лагеря (30–50 годы ХХ века). Автореф. дис. ... докт. ист. наук. — Алматы, 2002. .
Қазақстан лагерьлеріндегі жапондар
1980-жылдардың аяғына таман шетел елшіліктері Спасск зиратында жерленген жерлестеріне ескерткіш тақталар қоя бастады. Соның ішінде 1987 жылы Жапония үкіметі Қарлагта жерленген отандастарының сүйегін алып кету мақсатында Қазақстанмен келісімге келді.

Кеңес офицері жапон тұтқындарымен әңгімелесіп тұр. Мәнжүрия. 1945 жылдың тамызы / wwii.space
Лагерь басшылары азиялықтардың ерекше менталитетін тиімді пайдаланып, ең қиын жұмыстарға салатын. Олар негізінен Балқаш өңіріндегі шахталарда жұмыс істеді. Жергілікті халық самурайлардың ауыр да қайғылы халін әлі күнге дейін ұмытпаған. Сап түзеген жапондар күнде таңертең үнсіз шахтаға кіріп, түн ортасында казармаға қайтатын. Тоқтаусыз жұмыс істейтін. Жапон тұтқындары әдеттегі жоспарды 120, тіпті 150 % асыра орындап тастайтын. Өйткені соғыстан кейін ел экономикасы жұмыс күшіне қатты мұқтаж болатын. Сондықтан алғашқы жылдары еңбекке жарамсыз тұтқындар еліне қайтарылды.
Кейін шыққан бұйрықта жоспарды асыра орындаған тұтқындардың тезірек еліне орала алатыны айтылған. Осы арқылы жұмыстың өнімділігі мен тиімділігін арттырып, тұтқындарды ынталандыруға көшкен. Бұл ретте жапондарға ешкім тең келмейтін. Алайда олар бәрібір соңғы болып елдеріне қайтарылды, яғни 1950-жылдары ғана жапондықтарға Спасск лагерімен қош айтысуға мүмкіндік туды.
Қазақстандағы әскери тұтқындар негізінен ірі өнеркәсіп нысандарында — Қарағанды облысындағы Қазақ металлургиялық комбинатында, Жезқазған мыс балқыту зауытында, Өскемен мырыш зауытында, Ащысай полиметалл комбинатында, Лениногор полиметалл комбинатында, Текелі қорғасын зауытында, Қаратау мұнай комбинатында, «Қарағандыуголь» тресі және басқа да көптеген орындарда тынымсыз еңбек етті.

Жапон тұтқындарына күріш тарату. 1945 жылдың тамызы / wwii.space
Лагерьде жапондарды еуропалықтардан бөлек ұстағандықтан олар өзге тұтқындармен, жергілікті халықпен араласпайтын. Тамақтары да сәл өзгеше болған, себебі оларға балық пен күріш берілетін. Алайда түрлі себептерге байланысты лагерьлерде көрсетілген нұсқаулықтар мен талаптар өрескел бұзылатын. Әскери тұтқындарға қолғап пен арнайы киімдер берілмейтін және өндірістік қауіпсіздік сақталмағандықтан жиі жарақат алатын. Бұл өз кезегінде еңбек қарқынын төмендетіп жібергені шындық. Сондай-ақ, әскери тұтқындар орыс тілін түсінбегендіктен қауіпсіздік техникасының қарапайым ережелерін оқи алмайтын, соның кесірінен түрлі қайғылы жағдай көбейіп, лагерьде өлім-жітім артты.

Тұтқынға түскен жапон сарбаздары. Халхин-Гол. 1939 жыл / / wwii.space
Тіпті тұтқындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде түрлі қиындықтар туып, жағдай одан әрі күрделеніп кететін. Тойып тамақ ішпей, құр сүлдері қалған тұтқындар көп ретте психологиялық күйзеліске де ұшыраған. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорында 1945 жылғы 2 қазандағы Ішкі және Сыртқы істер халық комиссариаттары мен Қарағанды облысы бойынша НКВД-ның №99 лагеріндегі әскери тұтқындардың күнделікті өмірін айна-қатесіз көрсететін құпия хат-хабарлар сақталған. Онда лагерь әкімшілігі мен шаруашылық жүргізуге жауапты «Қарағандыуголь» комбинаты арасында жасалған шартқа сәйкес азық-түлік жеткізуге көлік бөлуді талап еткені жазылады. Бірақ бұл бұйрық сол күйі орындалмаған. Көліктің жоқтығынан азық-түлікті жүйелі түрде жеткізілмеген. Енді жұмысқа арналған киім-кешек тұрмақ, күнделікті тамақтан қағылған тұтқындардың жай-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ал лагерьді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 15 мың тоннаға дейін көкөніс қажет болған. Азық-түлік тасымалдайтын жеке көлігі жоқ, ал келісім бойынша оны міндетіне алған комбайн басшылығы немқұрайлы қараған. Осыған байланысты лагерь қыстың көзі қырауда көкөніссіз қалуы мүмкін едіiДілманов С. Д. Лагеря для военнопленных в КСРО (40-е годы ХХ века). Вестник КазНУ. Серия историческая, (1), 2004. С. 92–97. .
Самурайлар мұрасы
Қазақ КСР аумағында әскери тұтқындар Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысында жұмысқа жегілді. Жапон тұтқындар Алматы қаласына да жіберіліп, көптеген нысандарды салуға қатысты. Бірақ олар көбіне асығыс жабдықталған аймақтарға орналастырылатын. Десе де мұндағы жағдай салыстырмалы түрде басқа аймақтарға қарағанда жақсы болғанға ұқсайды. Алайда тұтқынның аты тұтқын, бәрібір олар қатаң режиммен жүріп-тұратын. Қазақ КСР ІІМ әскери тұтқындар және интерн-тұтқындармен жұмыс жөніндегі департаментінің бұрынғы қызметкері Андрей Чернов Алматыда тұтқындар орналасқан аймақтарда қызмет етіп, тұрмысы мен күнделікті тіршілігін бақылаған. Оның айтуынша, қала тұрғындарының оларға деген көзқарасы түзу болған. Әйелдер күзетшілерге көрсетпей тамақ беретін, керек десеңіз ешкімге білдірмей алма ұсынып жататын. Тіпті кейбір жанашыр тұрғындардан түрлі сәлемдемелер түсіп тұратын.

Тұтқынға түскен жапон сарбаздары. Халхин-Гол. 1939 жыл / / wwii.space
Андрей Черновтың естеліктеріне қарағанда, жапондықтар өздерін таза ұстап, ұқыпты киініп жүрген. Казарма ішін тап-тұйнақтай етіп, шаң жуытпайтын. Тәртіпті қатаң сақтайтын. Әр затқа асқан ұқыптылықпен қарайтын олар кімді болса да таңдандырмай қоймайтын. Казарма маңайындағы бос жерлерге гүл өсіретін, қияр, қызанақ, күнбағыс, тіпті қауын егетінiОн, Т. (2009). Последний свидетель и последний самурай. Caravan.kz. .
Жапон тұтқындары Алматы қаласында еңбекқорлығымен көзге түсіп, қысқа мерзімде бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарына қатысты. Олардың қолтаңбасын әлі күнге дейін қала көшелерінен көре аламыз. Мысалы, Жібек жолы көшесінің бойындағы (Пушкин мен Уәлиханов көшесінің аралығы) Ғалымдар үйінің құрылысын Квантун армиясының тұтқынға алынған сарбаздары жүргізген. 1950 жылы Қазақ КСР-нің көрнекті ғалымдарына арнап салынған ғимаратта 30 пәтер бар.

Алматы тауларындағы жапон барақтарының орны. Аюсай шатқалындағы «Жапон жолының» бойында орналасқан / Qalam
1946–1948 жылдары Жібек жолы мен Досмұхамедов көшелерінің қиылысынан бой көтерген тұрғын үйге солардың маңдай тері сіңген. Тіпті бұл үй салынған күні көрсетілген аркамен безендірілген. Сонымен қатар Түрксіб жұмысшылар үйі (Назарбаев пен Қабанбай батыр қиылысы), Трамвай депосының кейбір ғимараттары тұтқындардың күшімен тұрғызылған. Ал Қазақ КСР Ғылым академиясының оңтүстік ғимараты, Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ) мен Киров зауытының әкімшілік ғимараты, Достық даңғылында орналасқан №35 лингвистикалық гимназиясын салуда жапон тұтқындары бір кісідей еңбек етті. Айта кетейік, бұл гимназия ғимараты архитектуралық ерекшелігіне орай халық арасында «шарлары бар мектеп» деп аталып кеткен.
Қазір Алматыдағы ескі жапон жолын білмейтін жан жоқ. Бұл — Іле-Алатау ұлттық паркі аумағындағы Үлкен Алматы шатқалында орналасқан тарихи тау жолы. Осыны да жапон әскери тұтқындары салған. Құрылыс негізінен қаланы сумен қамтамасыз ету мақсатында басталған еді. Сол жолдың бойына Үлкен Алматы көлінен су құбыры тартылып, ГЭС-1 және ГЭС-2 су электр станциялары да қосылды. Бүгінгі таңда ұзындығы 14 шақырымға созылатын ескі жапон жолы туристер арнайы іздеп келетін жерге айналған. Егер бара қалсаңыз, жол бойы тас ғимараттардың қалдықтарын, сол кездегі инженерлік жұмыстардың басқа да іздерін кездестіресіз.

Аюсай шатқалындағы жапон тұтқындары салған темір жол / Qalam
Ахико Тецуро: Оңтүстік Сахалиннен келген қарағандылықтың тағдыры
Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония капитуляциясынан соң Квантун армиясының 600 мыңнан астам әскери қызметкері Кеңес әскерлеріне интернацияланды және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін КСРО аумағына жер аударылды. Олардың арасында ГУЛАГ жүйесіне, атап айтқанда КСРО-дағы ең ірі лагерьлердің бірі — Қарлагқа (Қарағанды түзеу лагеріне) жіберілген қатардағы жауынгер Ахико Тецуро болды.

Воркутлаг лагерь пунктінің тәртіптік изоляторы. КСРО-дағы барлық ГУЛАГ-та осы секілді орындар болған. 1945 жыл / Wikimedia Commons
Ахико Тецуро 1929 жылы Жапонияда балықшылардың отбасында дүниеге келген. Әкесі оны 15 жасында Оңтүстік Сахалин әскери училищесіне оқуға жібереді. 1945 жылы соғыс аяқталып, Оңтүстік Сахалин КСРО-ға қосылғанда Ахико үш жыл аралда қалып, қайықтарын жөндеп, елінен көмек күтеді. Алайда үш жылдан кейін 58-бап бойынша сотталып кете барады. Осылайша 6 жыл өмірін Спасск лагерінде өткізді. Сол кезеңді Ахико Тецуро:
«1949 жылы ауырып жатқан кезімде Спасск лагерінің үшінші бөліміне әкелді. Сосын бірінші және екінші бөлімдерге жұмысқа қабілетті тұтқындар жіберілетінін білдім. Мен өте арық, құр сүйегім қалған қаңқа едім. Маңайымда әлсіреген адамдар жүрді, бригадир келсе, әрең тұрып жұмысқа баратын. Біреу жығылып қалса, таяқпен ұрады, тұра алмаса да таяқпен ұрып-соғып кететін», – деп еске алады.

«Соғыс тұтқыны» фильмінен көрініс. Режиссер: Елдар Қапаров. 2023 жыл. «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен түсірілген / Ашық дереккөздерден
Алайда Жапония өз сарбаздарын әскери тұтқын деп санамайтын, оларды заңсыз ұсталған деп есептейтін. 1945 жылдың 26 шілдедегі Потсдам Декларациясының 9-бабында: «Қарусызданғаннан кейін жапон қарулы күштеріне үйлеріне қайтуға рұқсат етілсін», – делінген. Бірақ Жапониямен соғысқан елдердің ішінде тек КСРО ғана бұл тармақты орындамады. Сөйтіп жапондық әскери тұтқындар Қазақстан аумағындағы еңбекпен түзету лагерьлеріне жөнелтілді. Ал Қазақстан жеріндегі тұтқындар арасынан (58 мың адам) 25 мың адам Қарағанды облысына орналастырылды. Жапондық әскери тұтқындардың көпшілігі отанына оралып, туған жерімен қауышты. 1950 жылы 22 сәуірде КСРО әскери тұтқындарды елге қайтару аяқталғанын ресми түрде жарияладыiМихеева Л. В. Иностранные военнопленные и интернированные в Центральном Казахстане (1941 – начало 50-х гг. ХХ века). Автореф. дис. ... канд. ист. наук. — Қараганда, 2007. .
Ахико Тецуро елге оралған жерлестерінің арасында болған жоқ. Сталин дүниеден өткен соң Министрлер Кеңесінің 1953 жылғы 8 мамырдағы қаулысына сәйкес Қарлаг шаруашылығы қайта құрылып, басқарма таратылды және 226 елді мекеннің орнына тиімділігі жоғары 16 округ ұйымдастырылды. Ахико тұтқындалған кезде кәмелетке толмағандықтан, рақымшылыққа ұшырайды, себебі не бәрі 18 жаста еді. Сол күндерді ол тағы бір естелігінде былай есіне алады:
«Үйге қайт? Қай үйге? Жапония алыс. Ескі киіммен, жыртық шалбармен, жалаң аяқ қақпадан шықтым. Мен қайда барамын? Ақша жоқ, құжат жоқ. Тек босатқаны туралы анықтама. Жылы кезде көшеде ұйықтадым. Мен шахтерлер асханасында тамақтандым. Нанымды өзіммен бірге алып жүрдім. Ас үйдегі тату-тәтті жұмысшылар қуып шықпады».

Жас Ахико Тецуро / NHK world
Бұл Ахиконың басына түскен қиындықтың бір парасы ғана еді. Өміріндегі күрделі кезеңді ол әрі қарай былай суреттейді:
«Қиын болды: жұмыс жоқ, ақша жоқ. Мен кіммін? Мен қайда барамын? Осылай үш ай жүрдім. Кеншілер маған аяушылықпен қарады. Саранск құрылыс басқармасында цемент түсірдім. Содан Саран басқармасының прорабы мені құрылысшы етіп жұмысқа алды. Басқа құрылысшылармен бірге Тентек (Шахан), Ақтас қалаларын салдым. Мәдениет сарайын көрдіңіз бе? Мен оны қайтадан қойдым. Екі жылдан кейін мен жапон тұтқындарының үйлеріне жіберілетінін білдім. Мен лагерьге бардым. Сондағы бастықтан: «Неге менің атым үйге жіберілген жапондардың тізімінде жоқ?» – деп сұрадым. Ол маған: «Сіз КСРО-ға қарсы соғысқан жоқсыз», – деді. Мәскеудегі Жапония елшілігіне хат жаздым. Мен жауап алмадым. Бұл өте қайғылы және қиын кез болды: қазір мен бейтаныс, бөтен елде жалғызбын».
Әскери тұтқындарды қайтару аяқталғанын білген Ахико Мәскеудегі жапон елшілігіне тағы екі жыл хат жолдап, отанына оралуға әрекет етеді. Бірақ жауап келмейді. Ақырында үміті үзілген Ахико Қарағандыда тұрақтайдыiШаймуханова С. Д. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін (30–40 – 50-жылдардың басы). — Қарағанды, 2000. .
Қарағанды облысындағы Ақтас ауылында тіршілік кешкен ол шахтада электрик болып жұмыс істеп, жергілікті әйелге үйленді. Бірте-бірте қазақ қоғамына сіңісіп, аралас-құралас жүріп, жаңа отанға әлеуметтік бейімделу процесі басталадыiАлтаев А. Ш., Жангуттин Б. О. GUPVI: военнопленные и интернированные на территории Казахстана (1939–1951) (Учебное пособие в 3 ч.). — Алматы: КазНПУ им. Абая, 2006. .
Кезіндегі тұтқын, сосын Қазақстанның тұрғыны атанған жапон азаматының әрі қарай тағдыр таразысы өз қолында болатын. Өйткені ол Жапония мен КСРО арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас қалпына келіп, еліне қайту мүмкіндігі туғанымен отанына оралудан саналы түрде бас тартады. Кейінгі посткеңестік кезеңде қазақ жеріндегі соңғы самурай жайында Қазақстан мен Жапонияда жарыса жазылды. Тіпті, оның тағдырына арналған «Ақтастағы Ахико» спектаклі Қазақстан мен Жапонияда қойылды.
Ахико Тецуро 2020 жылы 91 жасында қайтыс болды. Тағдыры теперішке толы тұтқынның өмір жолы билік құрылымдарының озбырлығын, Кеңестік тоталитарлық жүйенің бет-пердесін сыпырып, қаны сорғалаған шындықты жайып салғандай әсер қалдырады. Қарлаг пен басқа лагерьлердегі тұтқындары осындай жолды басынан өткерді. Сондай қиындықтармен тағдыры бетпе-бет келген Ахиконың өмірі тұтқындар тақырыбына ерекше ықпал еткені рас.