Янычарлар немесе «жаңа әскер» — Осман әскерінің элиталық бөлімшелері, оған тартымды әрі күшті христиан құлдарды іріктеп алатын. Олар тұрмыста сопы-дәруішлерге еліктейтін, ал соғыс алаңында үрей мен қорқыныш тудыратын. Сұлтандарға бұл ерекше әрі қорқынышты жауынгерлер не үшін қажет болды? Янычар болу үшін қандай жолдан өтетін, олар қалай өмір сүрді, жаттықты? Ақыр соңында оларды неге таратып жіберді?
Осы және басқа да сұрақтарға жауап — Qalam материалында. Бұл янычарлар туралы материалымыздың екінші бөлімі, біріншісін мына жерден оқи аласыз.
Сұлтан I Мұрад (1362–1389) тарихта янычарлардың құрушысы ғана емес, сонымен бірге Анадолыда Ахилік (арабш. ахи — бауыр) деген атпен белгілі жауынгерлік рухани бауырластықтың көшбасшысы ретінде де танымал болды. Аңыз бойынша, бұл бауырластықты хорасандық сопы, Ахмет Яссауи ілімінің ізбасары Қажы Бекташ-и Уәли (1209–1271) құрған.i
Янычарлар уақыт өте келе Қажы Бекташ-и Уәли негізін қалаған шиғалыққа жақын Бекташи сопылық орденімен ассоциациялана бастайды, бұл енді белгілі бір дәрежеде янычарлардың Осман империясындағы көпшілік мұсылман халқының негізгі бөлігінен діни тұрғыда оқшаулануына әкеп соққан еді. Сондықтан янычарларды жиі «бекташийа тайпасы»i
Империяның өркендеу кезеңінде янычарлардың, І Мұрад сұлтанның кезіндегі сопылық бауырластықтар секілді Осман сұлтандарын таққа отырғызу сәтінде немесе шехзаделердің бірінің алғашқы әскери жорыққа аттанар шағында немесе қандай да бір провинцияға билеуші ретінде тағайындалған уақытында ұйымдастырылатын салтанатты ант беру рәсімінде маңызды рөл атқарған кездері болды. Шынына келсек, сұлтандардың нақты тәжі болмаған. Сұлтанды таққа отырғызу салтанаты «қылыш ұстау»i
Бауырластық көңіл жібі мен сопылық рух әрдайым янычарлардың құрылымы мен этикасының, иерархиясының ядросы болып қала берді, кейде тіпті сұлтанға қызмет етуден де өткен маңызға ие болатын, қалай десек те олар сұлтанның құлдары саналатын еді ғой?!. Янычарлардың командирі «аға» — барша янычардың үлкен ағасыi
Аш болсаң, сен басқасың
Янычарлар корпусы ошақi
Модерн заман тарихындағы алғашқы тұрақты және кәсіби әскер, яғни өз алдына сословие (тап) болған янычарлардың жалғыз табыс көзі бейбіт уақытта да, соғыс уақытында белгіленген жалақы болды, сондықтан олар бейбіт кезеңде өзін тамақпен қамтамасыз етуге толық жауапты болды: азық-түлікті жалақысына сатып алып, тамақты өздері дайындайтын. Ет, бұршақ, ірімшік пен көгөністерді апта сайын сатып алуға қалтасынан ақша шығарып отырғандықтан, олар инфляцияны, ақшаның құнсыздануын, тапшылықтың қайдан пайда болатынын, логистика мәселелері немесе табиғи апаттардың бағаға қалай әсер ететінін басқалардан жақсы білетін. Кез келген экономикалық дағдарыс кезінде янычарлар жорық пен соғысқа ұмтылатын. Себебі, соғыс уақытында оларды қамтамасыз ету толығымен қазынаға жүктеліп, оған қоса, салмақты жорық сыйақысыi
Сопылық мистикалық исламның цитаделі саналатын бұл батыл да қатал әскердің құрылған сәтінен бастап әлсіз тұсы ақша, сосын әрине, ас-ауқат болды. II Мехмед Жаулаушы (1444–1446, 1451–1481) бастап, II Махмудқа (1808–1839) дейінгі Осман империясының өркендеуі мен экспанциясының барша тарихы — жалақысына, алдындағы асына немесе үстеме ақысына көңілі толмаған янычарлардың тоқтаусыз көтерілісінің тарихы. Кез келген мереке немесе қоғамдық іс-шарада янычарларды сарайда тамақтандыру керек болатын — ондаған мың адам — оларға сұлтанның асханасынан пахлава мен тәттілер жіберілетін. «Қазан төңкерушілер» тіпті мемлекет саясатына наразылықтарын да тамақ арқылы білдіретін — сарайда ұсынылған сорпаны ішуден бас тартатын.
ЯНЫЧАРЛАРДЫҢ ҚҰПИЯ ӨМІРІ
Бәріміз элиталық Осман әскерінің әдепкі рационының өзі Ежелгі Спартадағы жауынгер әріптестерінің асынан әлдеқайда құнарлы болғанын білеміз, бірақ жауынгерлік рухты ұстап тұру үшін спартандықтарға әйелдерімен бірге тамақтануға тыйым салынып, тек жорықтас әскермен тамақтануға рұқсат етілген болса, янычарларда әйел мүлдем болмаған — оларға үйленуге тыйым салынған еді. Сондықтан 16 ғасырдың басына дейін, неке құруға түбегейлі тыйым салынуына байланысты, янычар корпустары тек ерлер бауырластығы болып қала берді: олардың әйелдері де, балалары да, туыстарымен байланысы да болмады.
Мұнда, әрине, жауынгерлік рухты сақтау үшін 30 жасқа дейін әйелдерімен бірге түнеудің өзіне тыйым салынатын спартандар ойға оралады. Адамдар ол уақытта әлдеқайда ерте үйленетін және өмірлері өте қысқа болатын. Бұдан да беріректегі мысал — Батыс Еуропадағы рухани-рыцарлық ордендер.1
Бұл янычарлардың жеке өмірі мен махаббат байланыстары болмады дегенді білдірмейді, керісінше олардың төсектегі өмірі өсек-аяңның өзегіне айналатын, бірақ янычарларға мұны ашық айту қауіпті еді. Мысалы, 1591 жылы император II Рудольфтің дипломатиялық миссиясын Осман астанасына ертіп барған Митровицалық Барон Вацлав Вратислав, кәрі күйеуі бола тұра әйелдер моншасында киім ауыстырып, янычар Мұстафамен қонақ үйде жасырын кездескен жас түрік әйел туралы еске алады.i
Әрине, янычарлардың сексуалдық өмірі үйленуге тыйым салынғандықтан сол күйі шектеліп қалмас еді, сондықтан олардың тән ләззатын қанағаттандыруы коммерциялық формада іске асатынын барлығы білетін. 17 ғасыр османдық саяхатшы Әулие Челеби Стамбұлдың Галата порты ауданында гректер мен еврейлер жүргізетін екі жүздей бордель мен тавернаны санамалайды.i
Янычарлар тек әйелдермен ғана емес, ер адамдармен де араласатын, олардың өмірінің бұл қыры жұртшылықты аз қызықтырды дей алмас ек. Егжей-тегжейге тоқталмай-ақ қоялық, десек те олардың араласатын ортасына жас, сақал-мұртсыз хаммам қызметшілері — моншадағы кір езушілер де, сондай-ақ «жайдары әжами»i
Янычарлардың үйленбеуіне қатысты ресми шешім эмпат әрі айтарлықтай ықпалы бар янычардың бірі бауырын қорғап шыққан жағдайдан кейін өзгерді.
Ол — бейшара христиан бала ретінде мансабын қарапайым жаңа әскер қатарынан бастап «барша янычардың үлкен ағасы» дәрежесіне дейін көтерілген, кейіннен сұлтан империя Диуанына уәзір әрі уәли етіп тағайындаған ұлы уәзір Юнус-паша еді. Юнус-паша тіпті II Баязид сұлтанның немересіне үйленуге де қол жеткізді. Ол I Селим сұлтанның (1512–1520) алдына барып, янычар қатарында қызмет ететін жасы егделеу туған ағасының да үйленуіне рұқсат беруін сұрайды. Бірнеше рет бас тартса да, сұлтан ақыры рақым етіп, янычарларға үйленуге рұқсат береді. Мұнысы ұзақ мерзімді перспективада империяны ең қуатты әскерінен айыратын шешім болуы мүмкін еді. Дегенмен, янычарлар ә дегенде некеге тұруға құлықсыз болды, тек қартайған шағында ғана үйленетін, себебі неке оларға әскердегі жасақ құрамында қызметін өсіруіне кедергі келтіретін. Бірақ жағдай біртіндеп өзгеріп, уақыт өте келе янычарлар балаларын, әсіресе Kuloğlui
Алма алма ағышынан
Қызығы, османдықтар «тексіз» құлдардан үлкен әскер құру барысында ең әуелі текті христиан әулетінің балаларын таңдайтын, мұны, тіпті заңмен бекітіп тастаған еді. Сондықтан девширмеге жетімдерді, моральдық келбеті мен беделі төмен отбасының балаларын, бойы аласа, шашы түсуге бейім бозбалаларды алмайтын. Бір отбасының екі ұлының ішінен дені сауы мен сымбаттысын, әсіресе сарайда қызмет ету үшін ең тартымдысын таңдайтын, сондықтан, бір кездері әдемі келбеті үшін сарай күзетіне алынған шарасыз балқандық бозбалалар үшін Византия императоры І Юстин (518–527) кезінен бастап ештеңе өзгермеген еді. Әсіресе, дін қызметкерлерінің ұлдары мен шіркеу мектептерінің шәкірттеріне ерекше басымдық беретін, солардың бірі болашақ Соколлу Мехмед-паша еді. Ол кейін Стамбұлдағы ең әдемі мешіттердің бірі — Соколлу Мехмед-паша мешітін (Sokollu Mehmet Paşa Camii) салдырады. Мешіт тұрғызған сәулетші ұлы осман сәулетшісі Синан, халық арасында Синан Аға деген атпен де танымал болып еді. Аға деген сөзден оның да янычар болғанын дереу түсіне аласыз, ол енді Анадолы христиандарының арасынан шығып еді.
Жоғарыда аталып өткен Осман тағына мұрагер шахзаданы өлтірді деп айыпталған ұлы уәзір Махмұд-паша әртүрлі тарихшылардың мәліметінше, Византияның Ангел (Angeloi) ақсүйек әулетінен шыққан, дегенмен ол Серб деспотатындаi
Ар-намыстың құлы — ақын опат болды
Таңғаларлығы сол, әлемдегі ең тиімді әрі қатал, 1526 жылғы Мохач шайқасында венгр кавалериясын бірнеше сағат ішінде салқынқанды түрде жойып жіберген әскер романтика мен өнерден кенде емес еді. Янычарлардың Осман әдебиетіне қосқан үлесі ерекше. Қанқұйлы кәсіптерінің жүректі қарайтар зардабын осылай сублимациялағаны ма, әлде қатал иерархия мен қорлыққа толы әлімжеттіктен тартқан азабын бауырластықтың бойдақ мүшелері осындай бейбіт әрі мейірімді дүниемен сыртқа шығарғысы келгені ме, әлде сопылық дәстүр ықпал етті ме екен, бір анығы янычарлар ғажап ақын ретінде танылды. Янычарлардың поэтикалық лақап аттарынан рухани романтика мен осы дүниеде тыныштық тапқан күй есіп тұратын: Aşkî (Ғашық), Nihanî (Сырға тұнған), Sıdkî (Адал, шыншыл). Өлеңдерін тек осман тілінде ғана емес, парсы тілінде де жазатын.
Біз ендігі жақсы білетін Махмұд-паша сол кезеңнің ең ықпалды Осман шайырларының бірі саналды, сондықтан өзіне аспенмен таласқан поэтикалық лақап аты — Adnîi
Сені дүниеге әкелген мен, жаныңды алатын да мен!
Уақыт өте келе асыл тұқымды бойдақ христиандардан құрылған элиталық «жаңа әскер» біртіндеп алып та ескірген қосынға айналып, жауынгерлік рухын, тәртібі мен рухани бауырластығын жоғалтты. Осы уақыт ішінде Осман сұлтанының жеке және адал гвардиясы саналған бұл жасақ, әскерді түбегейлі реформалауды ойлап, янычарларды қорқақ әрі пайдасыз тобыр деп айыптаған жас сұлтан ІІ Османды (1618–1622) дарға асып та үлгерді. Олар сондай-ақ сұлтан Ибраһимге (1640–1648) қарсы қастандық пен өлім жазасына кесуге де қатысты, сұлтан І Мұстафаны (1617–1618), ІІІ Ахмедті (1703–1730) тақтан тайдырды, сондай-ақ көптеген басқа сұлтандарды тақтан түсіруге немесе өлтіруге жанама түрде болсын ықпал етті. Ал өлтірілген немесе тақтан тайдырылған уәзір мен пашада есеп жоқ. Шынымен де олар жүрген жолда талай бас домалады.
ІІ Мехмедтің әкесі, сұлтан ІІ Мұрад (1421–1444, 1446–1451), бір кездері тақтан бас тартып ұлына берген-ді, бірақ бірнеше жылдан кейін янычарлардың қолдауымен өз ұлын тақтан тайдырып, екінші рет сұлтан болуға шешім қабылдайды. Бәлкім, осы санасына түскен жарақат, қаумалаған янычарларға деген сенімсіздік оны «әлемдік тәртіп»i
Бір кездері бірнеше мың сәнді киініп, бастан-аяқ мұздай қаруланған жаяу әскерден құралған элиталық қосын, 19 ғасырдың басында 400 000 адамнан асып жығылатын жағдайға жетті. Көбінің тіпті әскери іске еш қатысы болмаса да, қазынадан жалақы алып, көтеріліс пен тонаушылық ұйымдастырудан тайынбайтын. Христиан балаларын әскерге жинау баяғыда тоқтаған, шехзаделерді өлтіру де доғарылған, янычарлар ендігі отбасын құрып, бала-шағалы болып кеткен әрі сол балалары әскерге де қосылған. Көпшілігі сауда-саттықпен айналысып, базарлар мен саудагерлерді «қорғаумен», нақтырағы қорқытумен айналысып жүретін болған. Ең бастысы — олар соғысуды ұмытып қалған-ды, әйтсе де көтеріліс ұйымдастыру мен бүлік шығаруда алдына жан салмайтын.
Олардың тарихы қалай қайғылы түрде басталған болса, дәл солай қасіретпен аяқталды. 1826 жылдың 16 маусымында сұлтан ІІ Махмұд еуропалық үлгіде реформаланған «Жаңа тәртіп» (Nizâm-ı Cedîd) деп аталған әскердің көмегімен соңғы рет қазан төңкеріп бағынбау белгісін көрсеткен янычарларды казармаларымен қоса зеңбірекпен атқылап, жойып жіберді. Мыңдаған янычар оққа ұшты, тірі қалған он мыңдайы ұсталып, өлтірілді, ал жүздеген мың бұрынғы янычар халық арасына сіңіп, масқараға толы өткенін жасырып өмір сүрді. Осылайша, Осман тарихында Стамбұлдың кофеханалары мен таверналарында топ-тобымен жиналып, есінен танғанша ішіп, көз жасына ерік беріп, қайғылы ән айтқан ер адамдардың кезеңі басталды. Бұлардың арасында мүлдем басқа өмірге бет бұрып, жаңа, құпияға толы тіршілік еткендері де болды, Жаңа құрлықта христиан дінбасыларын жерлеу кезінде олардың денесінен янычарларға тән тату табылған жағдайлар да кезікті.
Қалай болғанда да, Осман империясының басты брендтерінің бірінің тағдыры көпшілікке мағлұм латын афоризмімен аяқталды: «Дүниедегі даңқ осылай өтеді де кетеді».i
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Çamuroğlu, Reha. Yeniçerilerin Bektaşiliği ve Vaka-i Şerriyye. Istanbul: 2006.
Cazacu, Matei. Dracula. Leiden: 2017.
İnalcik, Halil. The Ottoman Empire. The Classical Age, 1300-1600. London: 1973.
Gül, Abdulkasim. Yeniçeriliğin Tarihi. Cilt 1-2. Istanbul: 2022.
Kafadar, Cemal. Kim Var İmiş Biz Burada Yoğ İken. Dört Osmanlı Yeniçeri, Tüccar, Derviş ve Hatun. Istanbul: 2009.
Koçu, Reşad Ekrem. Yeniçeriler. Istanbul: 2004.
Mihailović, Konstantin. Memoirs of a Janissary. Ann Arbor: 2010.
Özdemir, Serdar. Osmanlı Devleti'nde Devşirme Sistemi. Istanbul: 2008.
Stavrides, Theoharis. The Sultan of Vezirs. The Life and Times of the Ottoman Grand Vezir Mahmud Pasha Angelovic (1453–1474). Leiden: 2001.
Toroser, Tayfun. Kavanin-i Yeniçeriyan (Yeniçeri Kanunları). Istanbul: 2011.
Uzunçarşılı, İsmail Hakkı. Osmanlı Devleti Teşkilâtından Kapukulu Ocakları. 1. cilt. Ankara: 1988.
Wheatcroft, Andrew. The Enemy at the Gate. Habsburgs, Ottomans, and the Battle for Europe. New York: 2010.
Мебде-и канун-и йеничери оджагы тарихи (История происхождения законов янычарского корпуса). Москва: 1987.