ҚЫРҒЫЗ САРТТАН НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

Саяхатшы Аннет Микиннің жолжазбаларынан

ҚЫРҒЫЗ САРТТАН НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

Поль Лаббе (1867–1943). Пішпектегі соттың басталуын күтіп тұрған адамдар (Жетісу), 1897 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Бағзы замандардан келе жатқан дәстүрлер бесігі саналатын, алуан түрлі идеология, мәдениет һәм сенім тоғысып, мидай араласып кеткен Орталық Азия — ежелден бері алыс-жақын елдегі саяхатшылардың арман-қиялына айналған аймақ. Біздің өңірді аралаған бұл жандар жолжазбаларында әр кезде бейтарап деуге келмейтін, бірақ өзіне тән айрықша ой-қорытындысын бөліседі, думанды базарлар мен көшпенділердің салт-дәстүрі, мәңгілік мәдени мұрасы туралы көрген-білгенін келтіреді. Qalam арнайы мақалалар топтамасын жариялауды бастады: осындай саяхатшылардың аймақтың түрлі дәуірін қамтитын және көпқырлы келбетін айшықтайтын әңгімелері мен естеліктерінен үзінділер ұсынып отырамыз.

 

Топтаманың бүгінгі санында танымал ағылшын саяхатшысы Аннет Микиннің жазғандары берілді.

Атақты ағылшын саяхатшысы және әйел құқығы үшін күреске белсене қатысушы Аннет Микин (1867–1959) Транссібір магистралі, ал сол кездегі атауымен берсек, Ұлы Сібір жолы бойымен Жапонияға аттанған алғашқы ағылшын әйелі болды. Саяхаттың біраз бөлігі Орталық Азияның түрлі аймағын басып өткен еді. 1903 жылы Аннет Микин сапар барысында жазғандарын «Орыс Түркістанында: Азия бағы және оның адамдары» атты кітап етіп шығарады. Өз еңбегінде ол қырғыздар туралы да көп айтып, оларды өңірдің басқа халықтарымен жиі салыстырады.

Поль Лаббе (1867–1943). Сот шешімін күтіп отырғандар (Пішпек), 1897 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Поль Лаббе (1867–1943). Сот шешімін күтіп отырғандар (Пішпек), 1897 / gallica.bnf.fr / Bibliothèque nationale de France

Орталық Азияға тап болған еуропалық басқа саяхатшылар секілді Аннет те қырғыздардың «шыққан тегі» жайлы ой қозғайды:

Қырғыз бен өзбектің шығу тегі бір. Нақтысы, бұлар — көшпенді өмір салтын сақтап қалған өзбектер. Орыс этнографтары қырғыздарды тауда өмір сүретіндер және дала тұрғындары деп екіге бөледі. Алғашқысын қара қырғыз, кейінгісі қырғыз-қайсақ деп атайды. Таулы аймақты мекендеген, өзге халықтармен сирек жақындасқан қара қырғыздар түр тазалығын туысы қырғыз-қайсаққа қарағанда көбірек сақтап қала алған, ал қырғыз-қайсақтардың даланы жайлауы оларды отырықшы ұлттармен байланыс орнатып, қарым-қатынаста болуға мәжбүрлеген.

Аннет Микин, әрине, әйелдер өміріне де тоқталады:

Қырғыздар кәрілерге үлкен құрмет көрсетеді. Ал көп жұмыс істейтініне қарамастан, әйелдері үй шаруашылығында сарт әйелдеріне қарағанда әлдеқайда маңызды орынға ие. Көп әйел алу дәстүрінің таралу себептерінің бірі ретінде жалғыз әйелге киіз үй тігудің қиынға соғатыны айтылады. Сартта да, қырғызда да құл жоқ. Ал қырғыз еркегі үй шаруасына келгенде әйеліне көмектесуді ойламайды, бұл — ол үшін ақылға мүлдем сыймайтын дүние. Өзін сыйлайтын бір де бір қырғыз еркегі үй тірлігіне араласпайды. Әйелдер тек киіз үй тігіп қана қоймай, оның сыртын жабатын киізді де басады. Сондай-ақ олар тамаша кілем жасайды.

Саяхатшы қырғыздардың діни сенімі туралы да жазады:

Қырғыздар ислам дінін ұстанады. Бірақ кей зерттеушілер орыстар келгенге дейін бұлардың өз діні болмағанын және Мұхамедтің дінін ең қолайлы сенім ретінде орыстардың таратқанын жазады. Енді біреулер қырғыздардың бұрын да мұсылман болғанын, орыстардың бұған тек қолдау білдіргенін айтады. Дегенмен бір нәрсе анық: Пайғамбар ізінен ергендердің ішінде дінге ең аз берілгені — осы қырғыздар. Бұл олардың жөндеп оқи да, жаза да алмайтынымен, ал мешіттегі ғибадатты тек қалаға барғанда ғана жасайтынымен байланысты болуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайға қарамастан қырғыздардың жеке өмірі дінге берілген сарттарға қарағанда әлдеқайда өнегелірек. Әлемнің басқа кез келген аймағы секілді, қала өмірі Орталық Азияда да адамдарды аздыруда. Қырғыздар — адал халық.