Белгілі мәдениеттанушы және қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай қандай да бір этнос жаңа дінді қабылдағанда, ежелгі құдайлар демонология шеңберінде төменірек дәрежеге ие болып, «шайтан, пері, жындарға» айналады деген пікірде.
Бұл туралы ол «Қазақ мифологиясындағы әйел бейнесі» атты дәріс барысында айтып берді. Шараны Qalam Global көптұғырлы ғылыми-біліми жобасы Қарағанды қаласында ұйымдастырған болатын.
Зира Наурызбай бір кездері қоғам өмірінде маңызды орын алған ежелгі мифтердің ұзақ эволюциядан өткенін, өзгергенін және исламның келуімен қарапайым бола түсіп, фольклорға айналғанын атап өтті.
Ол мысал ретінде еуразиялық халықтардың бәрінде белгілі бір сипатта кездесетін «албасты» кейіпкерін келтірді: «Ғалым Серікбол Қондыбай албастының өте көне бейне екенін, әу баста әйел құдай міндетін атқарғанын дәлелдеді». Алайда исламның келуімен «албасты» туралы түсінік өзгерген.
Дәріс барысында ол жаңа діннің таралуымен бір мифологиялық кейіпкерді басқа бейне алмастыратынына қатысты мысалды да атап өтті.
«Фатима — Мұхаммед пайғамбардың қызының есімі. Сондай-ақ түркі мұсылман халықтарының көбінде ол Ұмай ананың, яғни балалар мен жүкті әйелдерді желеп-жебеуші әйел құдайдың орнын басқан. Этнографтар әйел босанып жатқан сәтте бір аймақтарда «Менің қолым емес, Ұмай ананың қолы», екінші бір жерлерде «Менің қолым емес, Бибәтима ананың қолы» деп ырым жасайтынын айтады. Бұл жердегі «Бибәтима» — «Бибі Фатиманың» өзгерген түрі», – дейді Qalam Global дәріскері.
Зира Наурызбай мифтердің құндылығы олардың ежелгі дәуір адамдарының әлем туралы түсінігін сипаттайтынымен шектелмейтінін атап өтті.
«Бізде «мифология», «миф» деген сөздер көп жағдайда ойдан шығарылған дүниені білдіреді. Шын мәнінде, миф — бейнелі, символикалық капсула. Ата-бабамыз осы капсулаға әлемнің қалай пайда болғаны туралы түсінігін сыйғызған. Осылайша өзінің жан-дүниесіндегі рухани өзгерістерді жеткізген. Иә, миф, мәселен, дүниенің қалай жаратылғанын қате сипаттауы мүмкін, алайда ол адамның ішкі дүниесі қандай екенін дәл айтып бере алады. Сценаристер мен психологтар үшін мифология туралы кітаптардың ең басты оқулықтардың біріне айналуының себебі осында», – деді ол.
Дәріс барысында Qalam Global авторы қазақ мифологиясындағы Ұмай ана, Мыстан кемпір, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, От Ана, Көклен, Албасты, Пері секілді әйел бейнелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесудің бір бөлігі қазақ эпостарында кездесетін әйел кейіпкерлерге арналды.
Анықтамалық ақпарат:
Зира Наурызбай — белгілі мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандитаты. «Қазақтың мәңгі аспаны», «Төрт бұлт», «Серікбол Қондыбайдың қазақтарға дейінгі мифологиядағы әйел бейнесі», «Субъект(ив)ті қазақ мәдениеті» (Таласбек Әсемқұловпен бірлесіп жазған) кітаптарының, балаларға арналған «Бату және оның достарының бастан кешкендері» атты қазақ мифологиясының негізінде жазылған кітаптар сериясының (Лиля Клауспен бірлесіп жазған), «Бәсекелес» романының авторы.
Qalam Global — әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.
БАҚ-қа арналған байланыс тұлғасы:
Димаш Зиядин, Qalam Global PR-директоры
+7 707 490 17 67 | d.ziyadin@qalam.global | qalam.global