Сақ алтыны

Ұшып бара жатқан бұғылар мен ала аюдың құпиясы

~ 4 мин оқу
Сақ алтыны

Алматыдан табылған сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі алтын мүсін / GOV.KZ

Жақында Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында сақ дәуіріне жататын обаны қазу кезінде археологтар аю бейнесінде жасалған бірегей алтын әшекей тапты. Әшекейдегі тесіктерге қарап, ғалымдар оны баскиімді безендіруге арналған деп топшылайды. Бұл бұйым б.з.б. 4–3-ғасырларға тиесілі. Қазақстан аумағында сақ дәуіріне жататын мұндай аю бейнелі алтын әшекей алғаш рет табылып отыр. Дегенмен болашақта алтын аюлар да сақтардың аң стиліндегі «ұшып бара жатқан бұғылары» сияқты кеңінен танылған бейнелердің біріне айналуы бек мүмкін.

Ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланың осыдан 2500 жылдан астам уақыт бұрынғы кейпін елестетіп көріңізші. Көз жетер жерге дейін мыңғырған жылқы үйірлері жайылып жүр, анадайдан ежелгі көшпенділердің қоныстары көрінеді. Бұл — Орталық Азия тарихында өшпес ізі қалған сақтардың мекені.

Сақтар мал өсіріп, егін салған, металл өңдеп, таңғаларлықтай нақышты әшекейлер жасаған. Ежелгі шеберлер алтынды жұп-жұқа көбеге айналдырып, оны небір ғажайып пошымға салып, аң бейнелерін ерекше мәнерлеп кейіптей білген. Ал кей бұйымдар тіпті аңыздар әлемінен келгендей көрінеді.

Сақ дәуіріндегі алтын бұғы мүсіні /  Fitzwilliam Museum, Cambridge

Сақ дәуіріндегі алтын бұғы мүсіні / Fitzwilliam Museum, Cambridge

Сондай әшекейдің бірін археологтар Шығыс Қазақстандағы Шілікті аңғарынан тапты. Бұл — сирақтарын бауырына жиған, тарам-тарам мүйізі бар бұғының шағын мүсіні. Бұғы жер бетінде шауып бара жатқан жоқ, әуеде қалықтап жүргендей әсер береді. Сондықтан мұндай бейнелер «ұшып бара жатқан бұғы» аталып кеткен. Олжа ерте сақ кезеңінен, шамамен б.з.б. 7–6-ғасырлардан қалған.

Арада бірнеше ғасыр өткен соң осыған ұқсас бейне Алматы маңындағы Есік обасынан табылған тағы бір алтын әшекейден — ені шамамен 4,4 см, ұзындығы 8,6 см белдік тоғасынан шықты. Ол б.з.б. 5–4-ғасырлардан қалған. Онда да сирақтары бүгіліп, дене тұрқы ширатыла серпілген бұғы бейнеленген. Алайда бір ерекшелігі, басы түрлі аңдардың бітімін бойына жиған қиял-ғажайып мақұлық — грифонның басына көбірек ұқсайды.

Шілікті обасынан табылған ұшып бара жатқан алтын бұғы мүсіні. Қазақстан, б.з.б. 7–6-ғасыр / Wikimedia Commons

Шілікті обасынан табылған ұшып бара жатқан алтын бұғы мүсіні. Қазақстан, б.з.б. 7–6-ғасыр / Wikimedia Commons

Қазір Шілікті обаларынан табылған алтын әшекейлер бірнеше музейдің қорында сақтаулы: бір бөлігі Қазақстанда, оның ішінде Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі мен Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ал Есік обасынан табылған, «жатқан бұғы» бейнеленген алтын белдік тоғасы Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сақтаулы.

Ендеше Ұлы даланың әр өңірінде, әр кезеңде өмір сүрген ежелгі шеберлер бір бейнеге неге қайта-қайта оралып отырған? Неге бұғыны ұшып бара жатқандай етіп бейнелеген? Оның тарам-тарам мүйізінің мәні неде?

Бұғы неге ұшады?

«Ұшып бара жатқан бұғы» — сақ өнеріндегі ең танымал бейнелердің бірі. Мүсіннің өзі қозғалмаса да, аңның ерекше қалпы оны зымырап бара жатқандай етіп көрсетеді. Ежелгі көшпенділер өнерінде бұғыны тік тұрған, жатқан, сирағы бүгілген, дене тұрқы керілген — түрлі қалыпта бейнелеген. Кей мүсіндер қарғып бара жатқан сәтінде қатып қалғандай: аңның төрт тұяғы да жерге тимей, әуеде қалықтап тұрғандай көрінеді.

Яғни мұндағы әңгіме тура мағынасындағы ұшу жайлы болмауы да мүмкін. Сақ шеберлерінің өзіндік көркемдік тілі болған: онда жануарлардың шынайы бітімі шартты, кейде қиял-ғажайып белгілермен ұштасқан.

Алтын бұғы мүсіні — қалқанның сәнді бөлшегі. Скиф мәдениеті, б.з.б.  7–6-ғасыр. / Эрмитаж музейі, Санкт-Петербург / De Agostini via Getty Images

Алтын бұғы мүсіні — қалқанның сәнді бөлшегі. Скиф мәдениеті, б.з.б. 7–6-ғасыр. / Эрмитаж музейі, Санкт-Петербург / De Agostini via Getty Images

Мұндай бейнелердің бір ерекшелігі — аңның дене тұрқына қарағанда мүйізінің шамадан тыс үлкен келетіні. Мүйіздер композицияның едәуір бөлігін алып, иіліп, күрделі өрнек түзеді. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай бейнелердің сәндік қана емес, символдық мәні де болуы ықтимал. Ежелгі мифология дәстүрлерінде бұғы күнге, тіршілік қуатына және ғаламның құрылысы туралы түсінікке байланыстырылған. Ғылыми болжамдардың біріне сенсек, оның тарам-тарам мүйізі көктегі, жердегі және жер астындағы әлемдерді жалғайтын дүние дарағын бейнелеген.

Шілікті аңғары — Шығыс Қазақстандағы ең маңызды археология аймақтарының бірі. Мұнда көп олжа, соның ішінде сақ ақсүйектерінің ірі қабірлері қалған. Археолог Сергей Черников зерттеген №5 обадан 524 алтын бұйым шыққан. Ертеде-ақ тоналғанына қарамастан, онда сақталып қалған заттар өз дәуірінде зергерлік өнердің аса дамығанын көрсетеді. Әсіресе сирақтарын бүгіп жатқан бұғылар бейнеленген 14 алтын көбе назар аудартады. Олар қорамсаққа қадалған деп топшыланады: археологтар қорамсақ қалдықтарын да тапқан.

Шілікті қорғанынан табылған алтын грифон мүсіні. Қазақстан, б.з.б. 7–6-ғасыр / Wikimedia Commons

Шілікті қорғанынан табылған алтын грифон мүсіні. Қазақстан, б.з.б. 7–6-ғасыр / Wikimedia Commons

Осы олжаларға қарап, аң бейнелері әшекей ретінде ғана емес, символдық мәнде де қолданылған деп түюге болады. Бұғы, барыс, арқар, жыртқыш құстар мен қиял-ғажайып мақұлықтар «аң стилі» деп аталатын өнердің төл бейнелеріне айналған. Бұл стиль Еуразияның ежелгі көшпелі халықтарының арасында кең тараған. Шеберлер күрделі композициялар түзген: онда жануарлар иіліп, шиыршық атып, қарғыған сәтінде қатып қалған не бір-бірімен тарпысып, тістескен күйде бейнеленген.

Ежелгі суретшілер табиғатты әрдайым дәлме-дәл қайталауға ұмтылмаған. Олар жануарлардың ең мәнерлі бітімін: жыртқыштардың ірі тұяғын, құстардың тұмсығын, арқарлардың иілген мүйізін бөліп көрсеткен. Осылай мәнерлеген шағын алтын көбенің өзінен де бірден есте қалып, танылатын бейне шыққан.

Есіктен табылған кішкентай бұғы

Тағы бір ерекше алтын бұғы археолог Кемел Ақышев бастап Есік обасын аршыған кезде табылған. Музей сипаттамасында бұл жануар «жатқан бұғы» деп аталған. Оның сирақтары бүгулі, дене тұрқы иілген, жалпақ, үлпілдек құйрығы үш тармаққа бөлініп, сирағына қарай төгіледі де, кенет күрт жоғары қайырылып, мүйіз ұшына жалғасады. Аңның грифонның басына ұқсайтын басы көзге ерекше түседі. Сөйтіп, бір бейнеде шынайы жануар мен мифтік мақұлықтың бітімі тоғысады.

Грифон басты жатқан бұғы бейнеленген алтын қаптырма. Сақ дәуірі, Есік қорғаны, Қазақстан / Wikimedia Commons

Грифон басты жатқан бұғы бейнеленген алтын қаптырма. Сақ дәуірі, Есік қорғаны, Қазақстан / Wikimedia Commons

Шытыра-тоға құйып жасалған, беті қосымша бедерленіп, шекімеленген әшекей белдікке артқы жағындағы төрт күміс ілгек арқылы бекітілген.

Шіліктідегі «ұшып бара жатқан бұғыдан» өзгеше болғанымен, екі бейнеден де аң стиліне тән тәсіл — жануар денесінің ерекше бедерленуі және жекелеген мүшелерінің айрықша мәнерлілігі аңғарылады.

Мыңдаған алтын шытыра

Есік обасынан табылған ең әйгілі олжа — Алтын адам. Оның мыңдаған алтын шытыра қадап әшекейленген киімі Қазақстан символдарының біріне айналды.

Алайда Есік — сақ дәуірінен қалған көп ескерткіштің бірі ғана. Археологтар алтын әшекейлерді Жетісудан, Шығыс және Орталық Қазақстаннан, Арал маңынан тауып келеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі жәдігер.  Астана, 2021 жылғы 14 ақпан / Мейрамгүл Құсайынова / Anadolu Agency via Getty Images

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі жәдігер. Астана, 2021 жылғы 14 ақпан / Мейрамгүл Құсайынова / Anadolu Agency via Getty Images

Бұл бұйымдар арқылы зерттеушілер сақ дәуіріндегі металл өңдеу технологиясын зерттеп қана қоймай, ежелгі көшпенділердің дүние туралы түсінігін де жаңғыртып отыр. Дегенмен бұйымдардағы мотивтердің көбінің мағынасы зерттеушілер арасында әлі де талас тудырады.

Мысалы, ұшып бара жатқан бұғы күннің символы ма, дүниелер арасындағы делдал ма, әлде тіршілік қуатының бейнесі ме? Әзірге біржақты жауап жоқ. Алайда мұндай бейнелер сан алуан болғанының өзі бұғы бейнесі ежелгі сақ өнерінде қаншалық елеулі орын алғанын көрсетеді. Араға 2500 жылдан астам уақыт салып, бүгінде осы шағын алтын әшекейлерге қарап, Ұлы даланы мекендеген жұрттың көркемдік жайлы түсінігі мен зергерлерінің шеберлігі қалай ұштасқанын көре аламыз.