
Санжар Керімбай / Qalam
Зерттеуші Санжар Керімбай Qalam-ға берген сұхбатында Қаныш Сәтбаевтың Қазақ Ғылым академиясын қалай құрғаны, оның түркі және Алтын Орда дәуірімен байланысы, Мұхтар Әуезов пен Кенесарының шөбересін аман алып қалғаны және ғалымның өзге де қыры туралы айтып берді.
Ғылым академиясы қалай пайда болды?
Бұл жағдайда ең қиыны, Алматыдан бөлек, дербес Ғылым академиясын саламыз дегенде, оны мақұлдайтын қолды Мәскеудегі СССР Ғылым академиясында отыратын ғалымдар қояды. Онда Комаров (Владимир Комаров — ботаник-ғалым. 1936–1945 жылдар арасында КСРО Ғылым Академиясының президенті болған – ред.) бар. Егер сен академик Комаровты көндіре алмасаң, ол қол қоймаса, саған Сталиннен де, Шаяхметовтан да (Жұмабай Шаяхметов — мемлекеттік қайраткер, Қазақстан КМ ОК Бірінші хатшысы болған – ред.) пайда жоқ. Бәрі сол Академия президентінің аузына қарап отырады. Ең үлкен проблема — соны көндіру, сендіру. Ал Комаров — соғыс кезінде Алматыға эвакуациямен келген ғалымдардың бірі. Сол кезде Қаныш Сәтбаев оны өзі күтіп алған, жағдайын жасаған, көңілін тапқан. Мәскеуге барар алдында Комаровты сендіру үшін алдын ала зерттеу жүргізіп, кәдімгідей жоспар құрған. Бұл ретте түрлі күлкілі әңгіме бар, соның бірі, мысалы, «Комаров ешкімнен қорықпайды, бүкіл академиктің екі аяғын бір етікке тығады, тек әйелінен қорқады, соны көндірсең, Комаровты ұстайсың» дегенге саяды.
Бұл жағдай туралы Шапық Шөкиннің (энергетик, академик, профессор – ред.) Сәтбаевтың қасында болғаны жайлы естелігі бар. «Путь национальной академии» деген мемуарында:
«Біз барған кезде Комаров кәдімгідей шошып кетті. «Айналайын-ау, Қаныш-ау, жақсы адамсың, азаматсың, ғалымсың, бірақ Алматыдан бөлек Ғылым академиясын ашамын дегенің сау адамның ақылына сыймайды. Бір ғимаратың жоқ, заттарды қайда қоясың» деп ұзақ уақыт беріспей отырып алды» делінген.

Академик Қаныш Сәтбаев минерал тас зерттеп отыр/Wikimedia Commons
Мұнысы сылтау емес. Жағдайды дұрыс бағалағаны. Бұл жерде, керісінше, Қаныш Сәтбаев аздап идеалист болып тұр. Дегенмен сонда Сәтбаев Комаровтың әйеліне қарап:
«Жеңгей, айтыңызшы, сіздер мына перде, ыдыс-аяқ, кесе-шәйнек, диваныңызды сатып алған кезде көшеге қоймайсыз ғой, бірінші үй алып, содан кейін барып ішіне кіргізесіз. Айтсаңызшы күйеуіңізге, біз де бірдеңе қылып ғимарат тұрғызып алсақ, соның ішіне апарып заттарды қоямыз ғой», – дейді.
Сол кезде әйелі Комаровқа:
«Айтып отыр ғой саған, бірінші ғимаратты соғып алсын, одан кейін құрал-жабдығын түгендей жатар», – дейді.
«Жарайды, мақұл» деп Комаров академиктерге тән ұзын-ұзын құдіретті қолын құжатқа қойып жібереді.
Сәтбаев оны алып, «Міне, Комаровтың өзі маған Ғылым академиясын ашуға рұқсат берді» деп Ждановқа (Андрей Жданов — КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы – ред.) барады.
Ол кезде бюджет Мәскеуде мақұлданады. Орталықтан рұқсат бермейтін болса, бұл жақта ештеңе істей алмайсың. Әлбетте, Шаяхметов та, Оңдасынов та (Нұртас Оңдасынов — қоғам қайраткері, тілші-ғалым – ред.) Мәскеудің көңілін табуда да, біліммен алуда да шебер дипломатия жүргізіп отыр. Жан-жақты елеп-екшеп тұрмайтын болсаң, сенімен санаспайды.

ҚазКСР Ғылым академиясын ашу мәселесін талқылап отырған ғалымдар. Солдан оңға қарай: КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының төрағасы Қ.И. Сәтбаев, В.А. Белый, ҚазКСР ХКК төрағасы Н.Д. Оңдасынов, КСРО Ғылым академиясының президенті В.Л. Комаров. 1945 ж./e-history.kz
Алтын Ордадан жеткен қыран бейнесі
Ғылым академиясы ғимаратының сәулетіне қатысты Қаныш Сәтбаев талаптарының, идеяларының түп-тамыры қайдан басталатынын дәл білмеймін. Бірақ субъективті болжамым бар. Сәтбаев — әкесі Имантайдан өте көп әңгіме естіген адам. Имантай — шежіреші. Бұлар, өзі, Бұқар жыраудың тікелей тұқымы. 1937 жылы НКВД келіп, Бұқар жырау жайлы үйінде тұрған шежіре, жыр, тарихи деректің бәрін тәркілеп, құртып жіберді деп айтады. Бірақ бұлардың тарихи жады мен санасы Алтын Орда дәуіріне бірден жалғанып, сайрап тұрған. Сондықтан Қаныш — тарихи сана-сезімі 1932 жылғы ашаршылыққа, 1937 жылғы репрессияға, Павлодарға оқуға түскенге дейін, яғни 15 жасқа толғанша қалыптасып қойған жан. Ал оның ұлтшылдығы, түркішілдігі Томскіге барғанда қатты көрінеді. Семейде жүргендегісі түсінікті: ол жақта Мұхтар Әуезов және Жүсіпбек Аймауытов үшеуі бірге пәтер жалдап тұрады, бірге оқиды. Қазақ жастарын мәдениетке үйретеміз деп 19–20 жасар Әуезовтің пьеса жазатыны, бұлардың ойнайтыны сол кез ғой. Қайта-қайта жастарды тартып, көшпенді дәуір мәдениетін насихаттаумен айналысқан. Бірақ, енді, Семейде қазақтың саны көп, өнерлі адамдар, әнші, жыршы, айтыскер бар. Ал Сәтбаев Томскіде де домбырасын бірге ала кетіп, сол жақтағы якут, хакас сияқты түркітілдес халықтардың адамдарын жинап, үйірме ұйымдастырған. Ол домбырасы Томскінің музейінде әлі бар. Бөлек ескерткіш қойған, сосын академик Қаныш Сәтбаев атындағы үлкен бір конференц-зал бар — әлі күнге іші жайнап тұр, студенттер оқып жатыр.
Сонда Қаныш Сәтбаев геологияны оқып жатырмын, сонымды қатырып алайын демейді. Түркі дәуіріне, Алтын Орда кезеңіне қатысты деректердің бәрін ақтарып, жинай берген. «Ер Едіге» жырын тауып алатын себебі сол. Жыр татарша-ноғайша жазылған дейді, ал Сәтбаев оны қазақшаға түсіріп, 1927 жылы болуы керек, Нәзір Төреқұловтың баспасынан 3 мың, әлде 4 мың данамен шығарады. Бұл кейін басына бәле болып жабысатыны бар.
Мари деген француз ғалымның (Мари Фаверо — тарихшы, жазушы, профессор – ред.) «Орда» деген кітабында Алтын Орда кезеңінде ең үлкен сыйлық қыран бүркіт болғаны туралы айтылады. Бұл құс — хандардың символы, еркіндіктің белгісі саналған. Меніңше, сол Алтын Орданың топырағында туып-өсіп, әңгімелерін естіген Қаныш Сәтбаевтың мұны білмеуі мүмкін емес. Содан болса керек, 1946 жылы Алматыдағы Ғылым академиясы ғимаратының проектісін сыздырамыз деп Мәскеуге барғанда, «Құс ұшатын биіктен қарағанда, академиям қанатын жайып құлдилап ұшып келе жатқан қыраннан аумайтын болсыншы» деген.
Алтын Орда дәуірінде еркіндіктің символы болған сол қыран құс ешқайда жоғалған жоқ: 1946 жылы академия формасына айналды, ал 1991 жылы Қазақстан егемендік алғанда, көк тудағы күннің астына барып, қанатын жайып тұра қалды. Тарихи сабақтастық үзілген жоқ. Бір жағынан, Қаныш Сәтбаевтың данышпандығы шығар деп ойлаймын. Бәзбір «мына символдарды тастап кете берейін, мен өлген соң кейінгі ұрпақ керегін шұқыланып іздеп тауып алады, бір жерден бұл дерек шығады» дегендей.

Қаныш Сәтбаев туыстарының ортасында. 1931 / ОМ ФКДЖА
Қаныш Сәтбаев кейінгі ұрпақ үшін қазба байлықты жасырып қалғаны рас па?
Солай болуы да мүмкін. Дәлелденген, құжат ретінде түскен дерек емес. Ауыздан-ауызға тараған әңгіме.
Мысалы, Сәтбаев қаласында мыс іздейтін мамандармен сөйлескенімде, олар «2040 жылға дейін мыс шығатын жердің бәрі белгіленіп қойылған, соған дейін қаза береміз.
Соған қарағанда, қор бар. Сәтбаев негізгі ошағын көрсетіп
«Әзірге осыны қаза беріңдер, қалғанын кейінгі үшінші-төртінші буын ауысқан кезде мамандар тауып алады» деген шығар.
Болжам картасына қатысты шынымен қызық нәрселерге жолығасың. Мен, мысалы, Қазақстанды шарлап жүріп, геология, тау-кен мамандығын бітірген, мұнайдың, алтынның басында, уран қазып жүрген жігіттермен сөйлестім.
Соның бәрі «Сәтбаевтан кейін ешкім карта жасаған жоқ, барлаумен айналысамыз, сонда баяғы 1958 жылғы Сәтбаевтың картасын қолыңа береді, сонымен кетесің» дейді.

Академик Қаныш Сәтбаев. 1945 жыл. Алматы / ЦГА КФДЗ.
Әуезовті неге аман алып қалу керек болды?
Әуезовтің басына күн туған кез жайлы мынадай әңгіме бар. 1950 жылдың аяғында «Правданың» мақаласы шыққан соң («Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген материал – ред.) Бекмахановтың басы бәлеге шатылады, оның артынан қалғаны ілесіп, бірінен кейін бірі кетеді. Бұл ауыр салмақтың бір шеті Ілияс Омаровқа (мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Компартиясы хатшысы болған – ред.) түседі, себебі осыған дейін идеологияға жауап беретін адам ретінде оған Бекмахановты, Сәтбаевты айыптайтын арыздың бәрі айтылған. Омаров мұның бәрін жойып жіберіп отырған немесе сөгіс берген болып өтірік жаза тағайындап келген.
Осы айтыс, дау-дамай, арыздың көбейіп кеткені сонша, Сәтбаев жүрегі ауырып, емханаға түсіп қалады. Бірде оған Ілияс Омаров келіп, «Жағдай қиын болып тұр, өз еркіңізбен академия президенттігінен кетсеңіз, сізді аман сақтап қаламыз. Сонда кейін академияны қалпына келтіруге болады» деп ұсыныс айтады. Оған Сәтбаев:
«Мен ғалымның бәрін иттерге талатып қойсам, ертең оларға қарайтын бет болмайды. Сондықтан соңына дейін күресеміз», – дейді.
Сондағы мына бір мықты сөзін қарасаңшы:
«Сендерге Сәтбаев секілді президент табылады. Бірақ осыдан Әуезов өлсе, сотталса, айтпады демеңдер, бүкіл қазақ халқы беттеріңе түкіреді, қарғыс арқалайсыңдар».
Оны не үшін айтып жатыр? Себебі Сәтбаев геологияны, биологияны, астрофизиканы екінші бір жерден оқып алуға болатынын біледі. Кез келген дамыған орынға бір маман жіберіп, бес жыл оқытып, қайтып алып келсең, академиялық ғылым көктей береді. Ал қазақ тілі, қазақ этнографиясы, көшпенділердің рухы, көшпенділердің дүниетанымы, олардың дау-дамай шешу мәселелері, сот жүйесі — бүкіл тек соған тән рухани-мәдени идентификациясы бұл кезде бір ғана адамның болмысында қалған. Ол — Әуезов. Әуезов қана жаза алады, Әуезов қана насихаттай алады, сондықтан кейінгі қазақ халқына мәдени, әдеби, рухани ерекшелігін сақтап қалу керек болса, оны Әуезов қана жүзеге асырады. Сондықтан Сәтбаев Ілияс Омаровқа:
«Әуезов сотталмайтын болсын, біз өлсек, өліп кетейік, бірақ Әуезов қалсын, себебі тіл, әдебиет, болмыс, халықтың жаны сақталып қалса, ол кез келген уақытта көктеп кетуі мүмкін. Ал Әуезов өлсе, ары қарай ғылымды дамытудың не қажеті бар?» – дейді.
Содан бұлар Әуезовты сақтап қалу үшін жан алысып, жан берісіп, бір пәтерден бір пәтерге апарып, қашып, тығып, ақыры аэропортқа апарып, жасырын жолмен өткізіп, ұшаққа мінгізіп жібереді.

Достардың бас қосуы (солдан оңға қарай): ғалым-геолог, КСРО Ғылым Академиясының академигі Қаныш Сәтбаев, жазушы-классик Мұхтар Әуезов және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов / «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қорынан / ОМ ФКДЖА
Өзбекстанның гидрологиясын көтерген Кенесарының шөбересі
Әуезовті қашырып жібергенен кейін Сәтбаевтың өзі 1952 жылдың күзіне дейін бе отырды. Соған дейін шайқасты. Ең соңында барлық позиция қирап, Шаяхметовтың өзі шегінді және «Иә, мен бетімен жібердім, Сәтбаевтың осылай бүлдіргені рас» деп, көлдей қылып «Социалистік Қазақстанға» мақала жазды. «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын» опералары репертуардан алынып тасталды. Жеңілістен кейін Сәтбаевтың денсаулығы көтермей қалады. Оған дәрігер «Өліп қаласыз, кету керек» дейді. Осыдан соң Сәтбаевты алып кету операциясы ұйымдастырылып, мұны пойызға отырғызып жібереді.
Сондағы адамның жүрегін қозғайтын әңгіменің бірі: Сәтбаев өзі қашып бара жатыр, бірақ Қызылордаға телеграмма салдырып, Кенесарының шөбересі Нәтайды алдырады. Таисияның (Сәтбаевтың жұбайы – ред.)
«Біреу купеге кіріп келген кезде шошып кеттім. Қаныш амандасқанда барып жүрегім орнына түсті» дейтіні бар.
Нәтай Кенесарин гидролог, Мәскеуде оқыған, су бөгетін жасайтын маман. Соны Сәтбаев академияға алдырып, су ғылымын зерттейтін, бөген, су қоймасын салумен айналысатын бөлек институт ашып беремін деп жүргенде, қуғын-сүргін көбейіп кетеді. Сондықтан «Кенесарин деген фамилияң қауіпті, бір күні болмаса, бір күні құртады» деп Қызылордада жасырын ұстап отырған ғой.
Сол Нәтай қашып бара жатқан Сәтбаевтың купесіне келгенде, ол «Қатты қысым болып жатыр. Бәрін соттап болған соң кезек саған да келеді. Ашхабадтағылармен келісіп қойдым, кафедра дайын, университетке кіріп, жұмыс істейсің» дейді.
Матай ойланып, «Ашхабад тым алыс» деп Өзбекстанға қашып кетеді. Өзбекстанның гидрология ғылымын сол Кенесарының шөбересі тұрғызды. Өмір бақи Қазақстанға қайтуды армандады, бірақ сол кездегі бірінші хатшы оны кіргізбеді деп айтады. Қазір Өзбекстанға барсаң, бәрі Нәтай Кенесаринді төбесіне көтереді.

Белгісіз автор. Академик Қаныш Сәтбаевтің жұбайы Таисиямен шипажайда демалып жүрген сәті. 1949 жыл. Ставрополь өлкесі, Ессентуки / ОМ ФКДЖА
Англиядағы музейден Қарсақбайдың мысын танып қойғаны туралы
Сәтбаев 1946 жылы Лондонға барып, Черчилльмен жолығатыны бар емес пе? Сонда бір оқиға болды: минерал-тас қойылған музейге Жезқазғанның, Қарсақбайдың мысын қойып қойған. Бірақ астына Африкадағы бір шахтаның атын жазыпты. Оған Сәтбаев: «Мынау Қарсақбайдың мысы ғой, танып тұрмын», – дейді. Музейдегілер: «Қызықсыз, астында Африкадан шықты деп жазылып тұр ғой», – деп күледі. Сәтбаев «Өмір бойы осымен айналыстым ғой, түзетіңдер, ұят болады», – деп тұрып алады.
Ертесіне Би-би-сидің журналистері сұхбат алайын дегенде, Сәтбаев «Журналистерге Қарсақбайдың мысын қате жазып қойғанын айтамын» дейді. Сөйтіп тұрғанда, музейдің бастығынан хат келеді.
Онда «Мистер Сәтбаев, кешірім сұраймыз, сіз айтқан соң тексеріп қарадым, шынымен мыстың Африкаға қатысы жоқ, Қарсақбайдан әкелінген екен», – деп жазылыпты.
Жезқазғандағы Сәтбаев музейіне барғанымда, сол жердегі Кенжал деген атадан (Кенжал Балкенов — Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің директоры – ред.) «Қарсақбайдың мысын қалай танып қойды?» деп сұрағанмын. Сонда ол:
«Мысты танымайсың — бәрі бірдей, жап-жасыл боп тұра береді. Бірақ мыс таза шықпайды, жергілікті топыраққа, тасқа жабысып шығады. Ал ол әртүрлі. Сол топыраққа қарап таныған», – деді.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің делегациясы BBC радиокорпорациясында. Солдан оңға қарай: О.Н. Подвысоцкая, Н.И. Мусхелишвили, Қ.И. Сәтбаев, И.Ф. Зименков. 1947 жыл. Лондон / Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жеке архиві / ОМ ФКДЖА
Ғылым академиясы ғимараты салынбай қалар еді
Ғылым Академиясының ғимараты болмауы мүмкін еді деп ойлаймын. Ұйымның шаруашылық бөлімін басқаратын Бөпежан Аяпбергенов деген Баянауылдың жігіті болған. Материалды қайдан табу керек, тасты қайда төгу керек дегенмен айналысқан. Сол адам «академия соғамыз дегенді естігенді таңғалдым» дейді. Себебі үкіметтің өзінде санаулы ғана трактор, кран бар. Оның өзі Ескі алаңдағы Үкімет үйін соғып жатыр. Ал Сәтбаев «Академстрой» деген трест ашып алады. Оның құрамында не маман, не дәнекерлеуші, не тракторшы жоқ. Содан кейін Бөпежановты алып, Мәскеуге ұшып кетеді. Ғимараттың жоспарын бекітіп алған соң, СССР Ғылым академиясының шаруашылық бөлімін басқаратын Долгополовқа (Виктор Долгополов — КСРО ҒА Академснаб бастығы – ред.) барады. Ал оның әкесі — Абайдың үйінде қонақта болған, Жидебайда екеуі талай бірге ет жеп, қымыз ішкен адам. Абай «мені сынашы» дегенде сынайтын Долгополов — сол (Нифонт Долгополов — дәрігер, Орыс империясы Мемлекеттік думасының депутаты. Жер айдалып кетіп, 1884 жылы Семейге барған – ред.). Абайға әбден ғашық болған, орта ғасырдан тіріліп келген данышпанды көзбен көргендей әсерге бөленген шығар деп ойлаймын.
Сондықтан баласына «Қазақ халқының ішінде Абай деген данышпанмен дәмдес болғам. Сол халық өсіп-өніп, бір күні өкілдері алдыңа ісі түсіп келсе, Абайдың әруағы ырза болсын, сөзін жерге тастама» деп өсиет айтып кетіпті.
Бөпежан Аяпбергенов «Кабинетке кірген кезімізде Долгополов төрде отыр еді, «қазақтар келді» деп орнынан тұрып, жүгіріп келіп амандасты» дейді. «Қаныш аға осындай еді» деген кітапты оқысаңыз, осы деректің бәрі тұр. Қаныш Сәтбаевқа не көмек керек деген, жауабын алған соң, мына сметаның өзі аз, тағы қоссаңшы деп кеңес беріп, «ешқандай мәселе жоқ, қазір бұйрыққа қол қоямын, барлық жерге телефон соғамын, бір-екі айдың ішінде құрылыс материалың Алматыға барады» дейді. Сөйтіп құрылыс басталады.

Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұлан (оң жақта) Кисловодскідегі демалыста. 1958 / Академик Сәтбаев Қ. И. мұрағаты қорынан / ОМ ФКДЖА
Бірақ 1950 жылы «Правда» газетіне шыққан атақты айыптау мақаладан кейін қуғын-сүргін басталып кетіп, ол 1953–1954 жылдарға дейін жалғасады. Сталин өліп, Хрущев билікті алған соң барып сотталған ғалымдар оралады және 1955 жылдардан кейін акамедия құрылысы қайта жалғасады. Сөйтіп, аман-есен бітіп, міне, жарқырап әлі күнге қазақ халқының бағына жұмыс істеп тұр.
Бұл сұхбат — Санжар Керімбаймен өткен әңгіменің бір бөлігі. Зерттеуші осы мақалада айтылғаннан бөлек, Сәтбаевтың қазақ ғылымын қалыптастырғаны, қуғын-сүргін кезіндегі өмірі, Марсты зерттеуге қызыққаны, Қонаевпен қарым-қатынасы секілді тақырыптарда деректерді бөліскен еді. Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube-арнамыздан қараңыз.