Шыңғыс ханның ет шелпегі

Парсы тарихшысының жылнамасынан

~ 1 мин оқу

Ет шелпек/Tasting History

Моңғол хандары көпті көрген қонақтың өзі таңғалатын аста-төк жиын-той ұйымдастырады екен. Газан ханның сарайында дәрігер болып қызмет еткен парсы тарихшысы Рашид ад-Дин «Жылнамалар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) атты еңбегінде осындай бір ғаламат басқосуды былай суреттейді.

«1251 жылы Мөңке хан билік басына келгенде, ауқымы таңдай қақтыратын той бір аптаға жалғасты: күн сайын шарап пен қымыз құйылған екі мың арба келіп тұрды, үш жүз бас жылқы мен сиыр, үш мың бас қой сойылды».

Жамиғ ат-Тауарих, Рашид ад-Дин. 1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің бастауында өткен Еке Құрылтайда Шыңғыс хан таққа отырды. Герат. Ауғанстан. 1430/Wikimedia Commons

Тамақты тайқазандарда пісірген, ал алыс елдерден жеткізілген етке дәмдеуіштерді аямай қосып, отқа қақтап жеген. Жалпы, етті түрлі жолмен әзірлеген, мәселен, Ròubǐngr секілді ет шелпектер ұсынылған. Қарын тойдыратын, жылдам дайындалатын мұндай тамақ артық ештеңесі жоқ, дәмді асқа толы дастарқанның сәнін кіргізген екен.

Ху Сыхуейдің 1330 жылы жарияланған дұрыс тамақтану қағидаттары/Wikimedia Commons

Құрамы:

  • Тартылған қой еті – 450 г

  • Асафетида – 1/4 шәй қасық (пияз бен сарымсақ қоспасына ауыстыруға болады)

  • Қара бұрыш – 2 шәй қасық

  • Ащы қызыл бұрыш – 1 шәй қасық

  • Кориандр – 1 шәй қасық

  • Тұз – 1 шәй қасық

  • Қуыруға керек өсімдік майы

Әзірлеу тәсілі:

  1. Ыдысқа тартылған етті, асафетиданы, қара және қызыл бұрышты, кориандр мен тұзды салыңыз. Біртекті күйге жеткенше қолмен жақсылап араластырыңыз.

  2. Диаметрі шамамен 4 см, қалыңдығы 1 см болатын шағын шелпектер жайыңыз.

  3. Шұңғыл табаға немесе қазанға май құйып, 175°C температураға дейін қыздырыңыз.

  4. Шелпектің бір бетін 2 минут ұстаңыз, содан соң аударып, екінші бетін 1,5 минуттай қызартып пісіріңіз.

  5. Қағаз сүлгі жайып, піскен шелпекті үстіне тастаңыз, сонда қағаз артық майды сіңіріп алады.

  6. Дастарқанға ыстықтай қойыңыз.

Бұл тағамды әзірлеуге керек азық-түлікті Arbuz онлайн-дүкенінде QALAM промокоды арқылы жеңілдікпен сатып алуға болады.

Көшірілді