
Мүсінші Занабазар жасаған Амитхаба Буддасының қола мүсіні. 17 ғасыр/Моңғолия, Ұлан-Батыр, Занабазар бейнелеу өнері мұражайы/Alamy
17-ғасыр Ресей мен Қытай империясы Орталық Еуразияға жасаған экспансиясының куәсі болып, жергілікті саяси ахуалды өзгерте бастады. Бұл мақалада 1675 жылы Енисей өзені бойында мәскеулік елші Николай Милеску-Спафари мен Халха-моңғол басшысы Түшеет ханның елшілері арасындағы басты кездесулер айтылмақ. Бұл келіссөздерде империялық бәсекелестік, сауда және дипломатиялық ықпал жөнінде сөз болды. Мұнда Еуразиядағы билік тек алыс астаналардан ғана емес, шегараны шегендейтін мәмілешілердің келіссөздері арқылы да қалыптасатыны айтылды.
Империя өзендері
Орталық Еуразия құрлығының негізгі су жолдары — Енисей, Обь, Лена, барлығы да жолбарыс терісінің жолақтарындай далалар мен ормандарды кесіп өтіп, аңғарларды бойлай ағады. 17-ғасырда Орталық Еуразияның тұрғындары мен тұрғылықты жерлерінің өзі, империялық құрылымға бағына бастады. Билік пен басқару жүйелері шалғай аумақтарды Бейжің мен Мәскеудің мүддесі мен ықпалына бағынышты етті. Орта Еуразияның халқы да бұл үдерістен қалыс қалған жоқ. Әртүрлі тараптан, тәуелсіз ерік танытып империяларға қарсыласып, тіпті Шыңғыс хан мұрасын қайтарып, Моңғол империясын қайта құруға ұмтылғандар да болды.

Антуа́н Франсуа́ Прево́. Енисей өзені және оның төңірегі, Сібір картасы. 1768/
Мұндағы кең жайылған аймақты бөліп жатқан өзендер экспансионистердің (отарлаушылар) жоспарларына тікелей әсер етті. Мәскеулік Казак отрядтары мен Маньчжур-Қытай экспедицияларының құрлықты шығыстан батысқа қарай кесіп өтуіне тосқауыл болып, олар сол өзендер арасындағы арнайы жолдармен жүріп, ағыны таяз жерлер мен өткелдерді іздеуге мәжбүр болды. Отарлаушы-барлаушылар, көпестер мен жауынгерлер (қазіргінің кәсіби сарбаздары 17-ғасырда бұл аймаққа әлі таңсық болатын) өзендерді арлы-берлі кезіп жүрді, дәл солай саясат пен биліктің де өз арналары қалыптаса бастады. Өзендер Солтүстік пен Оңтүстік бағытта ағып жатқанда, «империя» адамдар мен әскери жабдықтарды өз ауқымында тасымалдап, Шығыс пен Батысты байланыстырып жатты.

Василий Иванович Суриков. Ермактың Сібірді жаулауы.1895/Wikimedia Commons
Енисейдегі дипломатия
Бірде 1675 жылы өзара қарсы бағытта жол жүріп келе жатқан екі дипломатиялық өкілдік Енисей өзенінде кездейсоқ жолығып қалады. Алып өзенде мәскеулік елші-саяхатшы Шығыс Түшеет хандығымен жауласқан, моңғолдық Халха елшілерін қайтар жолында кездестіреді. Моңғол империясы ыдырағаннан кейін пайда болған Шыңғыс әулетінен шыққан Түшеет хандары сол кездегі екі ірі Халха саяси бірлестігінің бірін басқарды.

Абтай Саин-хан және оның әйелі бейнеленген 16 ғасыр кескіндемесі/Занабазар өнер мұражайы, Ұлан Батыр/Wikimedia Commons
Халха 15-ғасырдан бері қазіргі Моңғолиядағы ең үлкен моңғол топтарының бірі. Түшеет ханы Чахундорж (1634–1698) казак шапқыншыларынан пана іздеп, Мәскеудегі патшаға жүгінеді. Сонымен қатар ол Моңғолиядағы басқа қарсыластарына тойтарыс беріп, Ресей мен Қытай империяларының ықпалына түсіп қалудан сақтанады.

Салт атты казак. 16-17 ғасырлар/Alamy
Империя феномені мәдени үдеріс, сауда, дипломатиямен қатар, қоғамның, мемлекеттің және мәдениеттің сан алуан қырларын қамтиды. Бұл орайда, тарихшылар үшін жеке адамдар мен олардың жеке тәжірибесі басым болатын күрделі тарихи үдеріс көрініс табады. Әлбетте, бұл көрініс бұрыннан келе жатқан Ресейлік тарихнамадағы, Сібірді «ассимиляциялауға» жасалған «саяхаттар» жайлы мифтерден өзгеше. Иә, әсілінде, ол заман ғаламдағы ең қатал саяси орталардың бірінде орын алып жатқан, билікке деген талас пен күрделі бәсекелестіктің заманы еді. Бірақ сонымен қатар ол кезең телеологияға және қазіргі этноұлттық бөлінуге қарсы тұратын жағдаяттарды қалыптастырды. Түрлі тұлғалар қалыптасып, алмасып, тауарлар әлемнің өзге бөлігіне тасымалданып, картаның бос жерлері адамның қиялын алуан түрлі дүниеге жетелеген түрлі шытырман оқиғаларға толып жатты.
Патша қызметіндегі молдаван дворяны
1675–77 жылдары Николай Гаврилович Милеску-Спафари (1636–1708) Мәскеуден Бейжіңге сапарлап қайта оралады. Оның саяхаты 17-ғасырдағы Орталық Еуразиядағы империялық экспансия процестерін зерттеуге керемет нұсқаулық бола алады. Спафари Еуразиядағы империялық жүйені бағындырып, бейімделе алған адамның анық мысалы бола алды. Туған жерінен жер аударылған молдаван дворяны, Спафари 1673 жылы Мәскеуге келеді, бұрынғы басшысына жасаған сатқындығы үшін мұрнының біраз бөлігінен айырылып қалған еді. Ол тез арада аудармашы ретінде мансап құрып, өзінің тегіне орысшалап «Спатар» немесе «қылыш ұстаушы (атқосшы)» атағын қосып алады.

Лев Авербух.Классиктер аллеясындағы Николай спафарий бюсті/Alamy
Мәскеудің сыртқы істер министрі Артамон Матвеевпен (1625–1682) және оның патша астанасындағы жақтастарымен тіл табысып Спафари 1674 жылдың аяғында Қытай императорына баратын патша елшілігін басқарады. Бұл «елшілік» іс жүзінде бірнеше мақсатты қамтыды: географиялық экспедиция, әскери барлау миссиясы, этнографиялық саяхат пен дипломатиялық таныстық. Екі жылдан астам уақыт бойы патшаның бұйрығымен Спафари қолбасшы болып, екі жүздей адам орталық Еуразия құрлығының өзені мен орманын және салқар даласын қайықпен, атпен, түйемен және жаяу жүріп өтті.
Жол бойы Спафари көрген-білгенін тоқтаусыз хатқа түсіріп отырды, бұл жазбалар кейіннен оның шығармашылық мұрасының негізігі бөлігіне айналды. Осы сапары үшін тек шағын ғана сыйақы алып, марапатталғанымен, оның жазбалары бір ғасырдан астам уақыт Ресейдің маңызды жинақтарында аталып келді. Онда империяның иелігінде деп саналған халық пен олардың географиясы және шалғайдан ұзақ уақыт көз алмай бақылап келген Қытай империясының жағдайы баяндалады. Оның саяхатының көп бөлігі Қытайда емес, Сібір мен Моңғол өлкелерінде өткендіктен, Спафаридің жазбаларының көп бөлігі оның Сібірдің жергілікті тұрғындарымен және Моңғол басшыларымен кездесуін қамтыды; әрі аталған елдердің өз мақсат, мүдделері болды.

Сономцэрэн. Тушету ханның портреті/Ұланбатыр бейнелеу өнері музейі/Wikimedia Commons
Занабазар және Халха елшілері
Спафари Сібірдің Енисей бекінісінде аздаған уақытқа тұрақтаған кезінде, сол замандағы моңғол әлемімен аз кем танысып, Халха моңғолдарының басшысы Түшеет ханның елшісі Чахундоржбен кездейсоқ жолығып қалады. Бұл кездесу моңғол елшілері жайлы және сол заманның тарихи деректеріне қосымша ақпарат қосып, 17-ғасырдағы Еуразиядағы әскер мен қару-жарақтардың тасымалы әрі күтпеген жағдайлардың орын алуы нәтижесіндегі өзгерістер туралы ақпар береді. Спафари Енисейден ары Қытайға қарай сапарында көрген-білгендерінің бәрін зерттеп, жазып алу үшін аттанса, Чахундорждың екі елшісі Шидишир Батур мен Ондор Геген де (1635–1723) Мәскеуге барып, патшаға өтініш білдіріп, жолында көрген мәскеулік елді мекендердің бәрін бажайлап келуге кеткен еді. Олар дәл Спафари секілді Енисейге патша жерінде болып, жергілікті губернаторға жолыққанын жазбаларына қосуға келген. Моңғолдардың жоғары мәртебесі мен Спафаридің саяси билігін алып қарасақ олар көп жағдайда бір-біріне ұқсас болды.

Занабазардың автопортреті/Ұланбатыр бейнелеу өнері музейі/Wikimedia Commons
Буддалық «Өндор Гэгээн» («терең танымға ие») атағына ие болған моңғол елшілерінің бірі – Түшеет хан Гомбодорждың (1594–1655) ұлы және Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы еді. Ол кейінірек Тибет буддизмінің төрт дәстүрлі тұғырының бірі болған – Гелуг мектебінің жоғарғы басшысы, бірінші Джебцундамба Хутукту болып, Занабазар деген атпен даңқы шықты. Өзінің діни және саяси ықпалынан бөлек, ол Моңғолияның ең ұлы суретшілері мен мүсіншілерінің бірі, сонымен қатар кейін моңғол жазбасының тибет тілі үшін де, санскритте де қолданыла бастаған «Соёмбо» атты түрін ойлап тапқан адам ретінде кеңінен танымал болады. Тіпті 20-ғасырда оның құрметіне кесіртке жамбасты динозавр тұқымдастар тобын және оның бірнеше түрін атаған еді.

Занабазар. Акшобхья мүсіні / Ұланбатырдағы Занабазар өнер музейі, Моңғолия / Wikimedia Commons
Олар Енисей өзенінің бойындағы казак бекінісінде кездесті. Спафари бұл кездесуді «Дунай бойында жолыққандай әсерлі және салтанатты» деп сипаттайды. Ол Орталық Еуропадан Сібірге келіп өз үйін тапқандай болды. Моңғолдың лауазымды тұлғасы және көрнекті Буддизм дінінің қайраткері Ондор Гэгээн — жер аударылған, Православтық Молдова дворянының алдына достық пейілде болмаса да одақтас ретінде келді.

Томскідегі 17-ғасыр қамалының реконструкциясы, Батыс Сібір, Ресей/Alamy
Халхалар шегаралық шабуылдар үшін казактар тұтқындаған ондаған жауынгерлерін патшаның босатуын сұрады, есесіне олар өз аумақтарынан мәскеулік әскери қызметшілер мен көпестерге жол ашып беретін болады. Спафари болса айналасындағы жерлер туралы және ең алдымен Қытай жайлы кез келген ақпаратты жазып алғысы келді. Түшеет хандығының Халха моңғолдары орыс патшасына бағынышты емес еді. Шын мәнінде, хан Чахундорж нақтысында Қытайды қолдайтын саясатты ұстанатын. Сондықтан оларды Енисейде Спафаримен сөйлесуге ешбір күш мәжбүрлей алмас еді. Бірақ олар бір емес, үш рет кездесіп, Спафаридің «оларды өте жақсы қабылдағанын» (алкогольді ішімдіктерді білдіретін сөз тіркесі) және олар орталық Еуразияның аумақтары мен қауымдастықтарындағы істер туралы ашық сөйлескені айтылған.
Түшеет хандығының Халхасы Ойрат Жоңғар хандығымен ұзақ уақыт қақтығысып келеді. Ақырында олар Қытайдың қол астына кіріп, Шығыс Сібірдегі Моңғол жерлеріндегі толқуларға себеп болады. Бір қызығы, Спафаридің жазбасынан біз Шидишир Батур мен Ондор Гегеннің өз істері жайлы ашылып айтпағанын, керісінше, Спафариге негізінен жас Цин Қытай мемлекетінің әлсіз жақтары туралы ақпарат бергенін тұжырымдай аламыз.

Қарақшыларды найзамен түйремекші болған Аюси. 1755 / National Palace Museum / Wikimedia Commons
Халха елшілері Спафариге Қытайдың алауыздығы жайлы, 1644 жылы Пекинді жаулап алған Манчжур Цин мемлекеті мен елдің оңтүстігіндегі этникалық Хань Мин әулеттері арасында екіге бөлінгенін түсіндіреді. Ол кезде циндіктер әлі де қарсыластарын жеңу үшін күресіп жатқандықтан олардың назары солтүстік шегарадан тыс қалып қойған еді.
Спафари бұл кездесуден кейін жеке қорытынды жасауға көп уақыт жоғалтпағаны анық, халхалар оған елдегі жағдай туралы ашылып айтпағанымен, ол көп ұзамай Мәскеуге хат жазып, уақыт дәлелдеп бергендей – дамып келе жатқан Қытай-Ресей шегарасындағы билік вакуумын айтып өтеді.
«Егер осы аумақтарға шынайы күш-жігер жұмсалса, онда Құдай мен патшаның қорқынышы олардың жүрегіне ұялап, олар босқындар сияқты босып кетер еді».
Мұндай империялық агрессияға бағытталған «шынайы күш-жігер» Спафарий хатында елестеткендей іске аспады. Керісінше, оның халхалармен кездесуі орта еуразиялық жерлердегі империяның динамикасына рең берді. Айырбас пен сауда сол кезеңнің негізгі тәртібі болғандықтан, Моңғол бірлестіктері мен саяси құрылымдары Қытайдағы Цин империясымен және Ресейдегі Романовтар әулетімен өз алдына бөлек келісімдер жасасты. Түшеет хандығы тарих сахнасынан қуылған жоқ; олар Цин әулетімен ресми одақ құрып, Спафарийдің кездесуінен бірнеше онжылдық өткен соң өзін-өзі басқару құқығын сақтап қалды.

Ральф Штейн. Қытайдағы орыс елшілері. 19-ғасыр/Wikimedia Commons
Спафарий мен Халха моңғолдары тиімді ынтымақтастық орнатып, өзара ақпарат алмасқаннан кейін әрқайсысы өз жөнімен кетті. Көп ұзамай Енисей губернаторы халхаларды Мәскеуге аттандырады, онда олар салтанатты түрде қабылданып, патшаның ресми жауабын алғаннан кейін, қауіп-қатерсіз кері қайтады. Спафари ол кезде Бейжіңге сапарын жалғастырып, өз жоспарларының орындалу жолында біраз қарсылыққа тап болады. Алайда оның Қытайда өткізген кезеңі Орталық Еуразиядағы империяның моңғол қауымдастықтары арасында жүргізген билігінен бөлек оқиға. Бұл кезеңдегі маңызды ерекшелік — саясат пен қауымдастықтардың жеке қарым-қатынастарға негізделіп, өзгеріске икемделгендігінде болды.
Империяның дамуы
Мәскеу мен Бейжіңдегі мемлекеттердің алыс, абстрактілі мүдделері мен стратегиялары адамдардың жеке кездесуін талап етті — бұл мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастықты қалыптастырды. Спафарийдің Орталық Еуразия географиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік құрылымы жайлы еңбектері оның жеке тәжірибесі мен Түшеет ханның елшілері сынды тұлғалармен жүргізген шынайы әңгімелерінің жазбасын қамтыды. Бұл бір-бірімен үстемдік үшін күрескен, күдікшілдік пен оқшауланған елдердің әлемі емес еді. Күрес, бәсекелестік және қанау өмірдің шындығы болғанымен, олар халықтар арасындағы қарым-қатынас пен сауданың кең ауқымды үдерісінің бір бөлігі ғана болды. Мысалы, елші Өндөр Гегеен Спафариймен кездеспей тұрып-ақ Моңғол буддистерінің арасында маңызды символдық тұлға болып саналған. Десе де ол өз кезегінде Қытай тарихында ең ұзақ билік құрған Цин әулетінің төртінші императоры Кансимен және сан түрлі моңғол жетекшілерімен жеке қарым-қатынас орнатып, 17-ғасырдың соңында шығыс моңғолдарының алдында маңызды діни және мәдени қайраткерге айналды.

Моңғолиядағы ең көне будда ғибадатханаларының бірі — Товхон ғибадатханасы. Өверханғай және Арханғай аймақтарының шекарасында орналасқан/Alamy
Бұл 17-ғасырда Орталық Еуразиядағы адамдардың, материалдық құндылықтардың және идеялардың қос бағытта дамығанын көрсетеді. 17-ғасырдағы адамдардың өмірлік тәжірибесі бөтен аңыздар мен қауесеттерден құралмаған, керісінше олар өз әлемінің салқар даласы, орманы мен өзендері арқылы өткен шын сапарларына негізделді. Осылай олар әртүрлі халықтармен кездесіп, тікелей қарым-қатынас орнатып отырған. Өндөр Гегеен Бейжің мен Мәскеуді өз көзімен көрген. Ақырында, ол және оның әріптесі Шидишир Батур, патша сарайына Сібірдің түпкір-түпкірінен жиналған жібек, атлас және моңғол қолөнер бұйымдары салынған үлкен бағалы сандықты сыйға тартқан еді. Бұл сыйлығының есесіне, олар Селенгинскіде тұтқынға алынған барлық Халха моңғолдарын босату туралы патшаның бұйрығын алып, патша астанасын тамашалап қайтты. Қабылдау барысында олар әсіресе Мәскеу мемлекетінің әскери қуатына мұқият назар аударған еді.

Тангка кескіндемесінде бейнеленген Джебцундамба Хутугту Боғды хан сарайы. 19-ғасыр/Alamy
Ал Спафарий болса өзімен бірге жаңа географиялық мәліметтерді, Сібірдің ну орманы мен Қытайға апаратын төте жолдарды және Мәскеу мемлекеті өз пайдасына асыра алатын дала саясаты туралы ақпаратты алып қайтты. Спафаридің патшаға жазған хатында,
«Егер мен бұл жолдың бәрін бұрын білгенімде, Енисейге бір жарым жылда емес, төрт айда жетер едім... Ал кері қайтар жолда, Құдай қаласа, әуеде ұшқандай тез ораламын».
Мұндай ақпараттың құны жібек пен күмістен кем болған жоқ, өйткені дәл осындай білім — тікелей барлау мен Халха моңғолдары сияқты жергілікті халықтардың білімі арқылы Мәскеу империясының Сібірдегі иелігін күшейіп, жаңа ресурстарын басқару мен бақылауды дамытуына мүмкіндік берді. Жекелеген адамдар сапарға шығып, өмірлерін қатерге тігіп, байланыс орнатпаса, мемлекет әлсіз ғана болып қана қоймай, өмір сүруін тоқтатар ма еді.
Ең бастысы, бұл көп жағдайда адамдардың еркін өмір сүру құқығын бұзып, тіпті олардың өміріне қауіп төндіретін қандай да болсын империяны немесе империализмді дәріптеу емес. Бұл тарихи оқиға Орталық Еуразиядағы империялық ықпалдың қаншалықты күрделі болғанын көрсетеді. Империя бірден күшейген жоқ, мұнда жеке мүдделер мен өзара байланыстардан тұратын күрделі өрнек қалыптасты. Қытай жібектері мен моңғол күміс бұйымдары Мәскеу сарайындағы ақсүйектердің алдына қойылса, сібірлік терілер Қытай мен Моңғол ақсүйектерінің киіміне айналды. Тіпті биология да адамдардың саяхаты жиілеп, олар қоршаған ортаны өз қажеттіліктеріне бейімдей бастағандықтан өзгеріске ұшыраған. Спафарий Енисей жылқыларын жоғары бағалап: олар «өте мықты әрі ірі, жергілікті және Қалмақ тұқымдарының буданынан» деп жазған. Бейжің мен Мәскеудің империялық амбициялары көкжиекте көтеріліп-басылатын алыс ауа ағындары іспетті, жер бетіне ұйытқыған жел болып таралып жатты. Бұл желдер, өзендердің таулар мен солтүстіктегі теңіздерді байланыстыратыны сияқты, адамдарды, идеяларды және заттарды шығыстан батысқа және кері бағытта қозғап жатты.